Қызанақ. Мәні. Биологиясы.Өсіру технологиясы. (ҚР бір облысы мысалында).
Қызанақ[1], томат, помидор (лат. Solanum lycopersicum) – алқалар тұқымдасына жататын бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер (кейде жартылай бұта). Оңтүстік Америкадан таралған. Оның 3 түрі бар (кейбір деректерде 7). Қазақстанда 1 түрі: кәдімгі (ас) Қызанақ (T. esculentum) барлық жерде өсіріледі. Сабағының биіктігі 30 — 40 см-ден жоғары. Жапырағы қауырсын тәрізді. Гүлінің түсі сары, жемісі — екі не көп ұялы жидек, пішіні әртүрлі. Салм. 25 — 500 г, кейде 800 — 900 г-ға дейін жетеді. Қызыл, сарғыш жемісінің құрамында 4,5 — 8,1% құрғақ зат, 3,5 — 8,5% органикалық қышқыл, минералдық тұздар, С витамині, В, РР тобының витаминдері, каротин бар. Жемісін тамаққа пайдаланады, тұздайды, шырын алады. Қызанақ жылу сүйгіш және құрғақшылыққа төзімді. Өсуіне қолайлы температура 20 — 25С, температура 15С-қа дейін төмендегенде гүлдеуін, ал 10С-та өсуін тоқтатады. 1 — 2С-та үсікке шалдығады. Жартылай түйіршікті, қарашірігі мол топырақта жақсы өседі. Әр га-нан ашық жерде өсіргенде 150 — 200 ц, ал жылыжайларда 1 м2-нен 12 — 15 кг өнім алуға болады. Қазақстанның әр аймақтарында Қызанақтың әр мезгілде пісетін бірнеше сұрыптары бар.
Қазіргі уақытта қызанақ ең кең таралған және өсіретін көкөністердің бірі болып саналады. Түрінің көптігімен, дәмімен және диеталық қасиеттерімен танымал. Қызанақтың тамыр жүйесі қатты және жақсы дамыған болып келеді. Кейбір түрлерінің тамыры 1 метр тереңдікке дейін барады. Өсімдікке дұрыс күтім жасалса, тамыр сабағының бойына да өсіп шығады. Осыдан қызанақты тек тұқымы арқылы емес, тамыр сабақтары арқылы да көбейтуге болатынын көреміз. Сабағының биіктігі түріне қарай 30 см-ден 2 метрге дейін барады. Ұсақ, сарғыш түсті болып келетін гүлдері бір түпке жиналып өседі. Бір сабағында аталықтары да, аналықтары да кездеседі. Жемісі өте шырынды, түріне қарай домалақ, сопақ, майда, ірі болады.
Қызанақтан ертерек өнім алу үшін жылыжайда немесе үй жағдайында наурыздың соңы, сәуір айларында көшетін дайындайды. Мамырдың 10-нан кейін немесе үсік жүріп өткеннен кейін бақшаға егеді. Өнім алу мерзімі – шілде, қыркүйек айлары аралығы.
Достарыңызбен бөлісу: |