Бидай түрлерін анықтау қатты және жұмсақ бидайдың масағы мен дәні бойынша айырмашылығы
Бидай – дәнді-дақылдар тобына жататын, көбінесе біржылдық шөптесін өсімдік. Дәнді-дақылдардың ішіндегі ең басты және ең көп өндірілетін дақыл. Бидайдың 20-ға жуық жабайы және мәдени түрі белгілі. Бір гектардан 30-40 центнер өнім береді. Бидай сұрыптары құрамындағы эндосперманың (80-84%) мөлшеріне байланысты бағаланады.
Жұмсақ бидайдың (triticum aestіvum) масағы да жұмсақ, дәні жұмыр әрі жылтыр, сабағы қуыс. Оның ұнынан көбіне нан пісіріледі, ол нәрлі және жоғары сапалы болып саналады, құрамында 16%-тей ақуыз болады, жылтырлығы 70%, дән уызы серпімді әрі созылмалы келеді. Жұмсақ бидай Қазақстанда егіс көлемінің негізгі бөлігін алып жатыр. Табиғаттың әр түрлі жағдайына ыңғайлы, өсу қабілеті жоғары болуына байланысты оны көптеген аймақтарда өсіреді. Бидайдың дәнінен жарма, ұнынан нан, макарон, кеспе жасайды, кондитер өнеркәсібінде кең пайдаланады. Әсіресе, Қазақстанның Батыс, Орталық, Шығыс аудандарында өсетін жұмсақ бидай өте құнды болып есептеледі.
Қатты бидайдың (triticum durum) дәні ірі, сопақша, жылтыр. Оның дәнінде 24% ақуыз бар, ұнының сапасы жақсы, одан кеспе және макарон жасайды, бірақ жұмсақ бидайға қарағанда наны онша көтерілмейді. Қазақстанның климаты қуаң жерлерде өсетін қатты бидай ұнының сапасы өте жоғары болады.
Жұмсақ және қатты бидайлардың жаздық және күздік сорттары бар. Жаздық бидай көктемде, күздік бидай күзде егіледі. Күздік бидайдың тұқымы 1 — 20С жылылықта, 7 — 9 күнде көктеп шығады. Сол қалпымен қар астында қыстап, көктемде өсіп, дән салып, жазда піскен соң орылып жиналады. Күздік бидай дәнінің толыға бастаған кезінде ылғалды көп керек етеді. Көктемгі қуаңшылық оның өнімінің азаюына әсер етеді, дәні солыңқы болады. Сондықтан қыста қар тоқтату жұмыстарын жүргізу керек. Күздік бидай, көбінесе, оңтүстік облыстарда өсіріледі. Күздік бидайдың белгілі сорттары: “Жетісу”, “Қарлығаш”, “Комсомолдық — 1”, “Мироновтық — 808”, “Прогресс”, “Шыны тәріздес-24”. Егіс көлемі, түсімі, дәнінің сапасы жағынан жаздық бидай бірінші орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |