Сортаң топырақ, қоңыржай орманды дала, дала, құрғақ дала және шөлді дала белдемдерінде кездеседі. Сортаң топырақтың құрамында хлоридтер, сульфаттар, натрий, кальций, магний карбонаттары көп болады. Сор топырақтар мен Сортаң топырақты шатастыруға болмайды, олардың айырмашылығы Сортаң топырақтың беткі қабатында суға тез еритін тұздар жоқ, ондай тұздар кезінде бұл топырақтарда болған. Табиғи жағдайлардың өзгеруімен топырақ бетіндегі суға тез ерігіш тұздар топырақ бетінен жуылып-шайылып, топырақтың төменгі қабаттарына кеткен. Осы шайылу кезінде тұздар құрамындағы натрий катионы топырақтың сіңіру кешеніне қаныққанша сіңіп қалған. Құрғақ кезде бұл топырақтар қатты қатып, өңдеуге мүмкіндік бермесе, ылғал тиген кезде нағыз балшықты қабатқа айналып, су өткізбейді. Осы жайсыз физикалық қасиеттерінің нәтижесінде мұнда өсімдіктер өсіп, өнім бермейді. Сортаң топырақ сорлардың (күшті тұзданған), сортаңдардың (неғұрлым аз тұзданған) негізін құрайды. Сортаң топырқты қолдан жақсартпайынша оларды ауыл шаруашылығына пайдалану тиімсіз.
Қазақстанда сортаң топырақ өте кең тараған, негізінен терістік және орталық белдемдерде белдемдік топырақтармен араласып, кешенді түрде орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |