Байланысты: Оқу құралы Кәсіби лидерлік негіздері 2018
Осы аталғандар тұлғаның қажеттілік деңгейлерін анықтауға мүмкіндік береді. Пайдалы әрекетті. Тұлғаның оқудан тыс әрекеттерін жоспарлау дағдысын меңгергендігін көрсетеді; қандайда бір іс -әрекет түрін жүзеге асыруды бастамас бұрын алдына мақсат қояды. Олар үшін оқудан тыс ұжымның жұмыстарға қатысу ғана емес, меңгерген рухани құндылықтарын тәжірибеде жүзеге асырып көруге талпыныс болып табылады. Бұл типтегі қатысушылар мәдени қажеттіліктерді дамытудың жоғары деңгейіне ие, сондай-ақ оқудан тыс және жалпы іс-шаралардың (мектептік, университеттік, институт т.с.с.) ұйымдастырушылары немесе жетекшілері бола алады.
Танымдық қажеттілік. Бос уақытты пайдаланудың бұл деңгейі көп жағдайда тұлғаның жекелік қызығушылықтары және қабілеттіліктері негізінде анықталады. Оқудан тыс ұжымдық жұмыстарға қатысу олар үшін қажеттілік болып табылмайды. Мұндай тұлғалар ұйымдастырушылық қабілетке ие емес, көбіне уақытша тікелей берілген тапсырмаларды ғана орындайды. Олардың әртүрлі оқудан тыс тәрбиелік іс-шараларға қатысуға ынталандыру, педагогтардың оларды қажетті және қызықты жұмыстарға қызықтыруы мен қандайда бір әрекеттерді орындауға талпындыруға байланысты.
Енжар-пайымдаушы. Бос уақытты пайдалану мәдениетінің бұл деңгейіндегі тұлға өз тынығу уақытын тиімді ұйымдастыру жайлы еш ойланбайды, оны жоспарлаудың қарапайым дағдыларында меңгермеген. Олар телебағдарламалар көру, қыдыру, көңіл-көтеру, би кешіне бару сияқты ойын-сауықтық сипаттағы әрекет түрлеріне баруды жөн санайды. Оларда мәдени игіліктерді пайдалану өте төмен, мұндай оқушылар сыныптық ұжымда енжарлық танытады. Оқудан тыс және жалпы мектеп ішілік іс-шараларға аз қатысады.
Тиімсіз. Мұндай деңгейде оқушыларда рекреациалық қызмет тіпті деструктивті мінез басым болады, әлеуметтік маңызы бар бағыттағы бос уақытты тиімді пайдаланудың барлық формаларына жағымсыз қарым-қатынас білдіреді. Өзіндік талпынысы ұйымдастырылмаған, жоспарланбаған қарым-қатынас немесе ауладағы топтарды іздеуінен байқалады. Бос уақыттық жұмыстары ретсіз, қауіпті және әлеуметтенуге қарама-қарсы сипатта болады.
XXғ. 60-ші жылдары Американдық психолог X. Данфорд лидерлікті «топты ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ынталандыру және топқа көмектесу үдерісі немесе сол мақсаттарға жетуге ынталандыратын құралдарды тиімді пайдалану» ретінде анықтады. Топ әдетте нақты жағдаятта қажет болатын мінез-құлқы мен дағдысы бар адамдарды лидер етіп таңдайды. Бұл дағдылар даму деңгейі бойынша топтың басқа мүшелерімен салыстырғанда, анағұрлым жоғары деңгейде болуы керек.
Әлеуметтік психологияда берілген анықтамалардың барлығына ортақтық лидердің топтық міндеттерге қол жеткізу кезінде топ мүшелерінің қызметін ынталандыруын маңызды фактор деп мойындау болды. Бұл жағдайда Г.С. Хоуманстың ойынша, «топтың нормалары мен құндылықтарын жүзеге асырумен айналысатын адам» лидер бола алады.
Ғалымдар X.Келли, Дж. Тибауттың пікірінше, топ әлеуметтік ұйымдастырудағы билік қатынастарының иерархиясы болып табылады.
Американдық әлеуметтанушы әрі әлеуметтік психолог Гринвуд лидерлікке «топты ортақ мәселелерді шешуге немесе шешімдер қабылдауға және белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуге апаратын құралдар жайлы ойлануға ынталандыру және көздеу үдерісі» – деп анықтама берді.
Д. Кректің анықтамасына сүйенетін болсақ, топтың барлық мүшелері лидер болып саналады, өйткені олардың барлығы топтық қызметтің нәтижелеріне ықпалын тигізеді. Лидер бұл нормаларды қадағалайды, оның бойында топ мүшелерінің өзара қарым-қатынасының сұлбасы жинақталады, мәртебесі топты бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен шетел ғалымдарының лидерлік идеяларына жасалған талдау нәтижесі лидерлік түсінігін ресми жетекшілікпен ұқсас екендігін көрсетеді. Осыдан лидер – бұл топтың нормалары мен маңызды құндылықтарын ұстанатын, аса беделі бар топ мүшесі болса, лидерлік - өзін-өзі ұйымдастыру, топты өзіндік басқару үдерісі ретінде анықталады.
XXғ. 70-ші жылдары Б.Карлоф, С.Седерберг лидерлікті адамзаттық қасиеттер ассоциациясы, жетекшілік үдерісі, адам әрекетінің нәтижесі секілді құрауыштардан тұратын кешенді ұғым деп санайды.
Білім беру жүйесінде тұлғаның лидерлік сапаларын қалыптастыруға байланысты Ресей ғалымдарының идеяларына тоқталсақ:
Т.Н.Мальковская топ мүшелерінің қандай да бір адамды лидер ретінде таңдауы қажет дей отырып, топта лидерлік позицияны сақтап қалуға қажетті тұлғалық сапаларды бөліп көрсетеді. Оның пікірінше, лидер топты жетектейді, топтық мақсаттарға жетуге ынталандырады, топтың қызметін ұйымдастырады, жоспарлайды және басқарады, басқа топ мүшелеріне қарағанда, оның іске қатысу және өзгеге әсер ету деңгейі, яғни белсенділік деңгейі анағұрлым жоғары. Топтағы тұлғааралық қарым-қатынасты талдау нәтижесінде тұлғаның рөлі және оның серіктестеріне ықпалы топтағы ұжымдық қатынастар дамуының деңгейіне байланысты сараланады деп тұжырымдайды.
В.И.Зацепин лидердің қалыптасу үдерісінің оның топ мүшелерімен қарым-қатынасына тәуелді болатындығын ерекше атап көрсетті. Ол өз зерттеуінде адамның лидер болуы оның топпен қарым-қатынасынан, топтың сипатынан, топты құрайтын адамдар сапасынан және топтағы басым құндылықтар жүйесінен туындайтынын анықтаған. Оның пікірінше, топта лидерлік позицияны иеленгісі келетін адамдар үшін олардың нормалар мен құндылықтар туралы түсінігі топтағы көпшіліктің көзқарасымен сай келуі маңызды және жолдастары олардың қөзқарастары мен құндылық бағдарларын бөлісетіндей әрекеттерге ұмтылуы керек. Олай болмаған жағдайда, топ оны лидер ретінде ұсынбайды.
XXғ. 80-ші жылдары американдық психолог Дж.П.Кенджеми лидерлікті биліктің беделі ретінде қарастырып, адамдарды ояту, дәлелдеу, сендіру, қолдау қасиеттер жиынтығынан тұрады деп тұжырымдайды. Оның пікірінше, биліктің беделі субъектіге топ арқылы беріледі және бірлескен мақсатқа жету үшін қолданылады.
Лидерлік – топтық іс-әрекетті ықпалдастыру механизмдерінің бірі, онда тұлға лидер рөлін атқара отырып, топтың әрекеттерін біріктіреді, бағыттайды және оларға қолдау көрсетеді. Сондықтан «лидерлік» ұғымы «жетекші», «басшы» ұғымдарымен тығыз байланыста қарастырылады. Бұл ұғымдардың әрқайсысының өзіне тән әлеуметтік және психологиялық маңыздылығы зерттеу барысында ашып көрсетіледі.
Ал кейбір шетел психологтары «жетекші» мен «лидерлік» түсініктерінің айырмашылығын табу қажет деп санайды. Олар үшін басқару алдын-ала игерілген техника мен құралдарға негізделген әрекеттер жиынтығы болса, лидерлік, бірінші кезекте, тұлғаға негізделетін және ықпал ету мен билік ету үрдістерінен өздігінен пайда болатын жұмбақ құбылыс болып табылады.
Т.Т. Джамгаров пен В.И. Румянцева лидерлікке «ортақ мақсатқа қол жеткізуге, топтық құбылыстарды координациялық және субординациялық тәуелділік қағидасы бойынша дифференциациялауға, интеграциялауға бағытталған топтық ұйымдасу мен өздігінен ұйымдасудың табиғи әлеуметтік үдерісі» деген анықтама береді. Психологтардың ойынша, лидерлік «интратоптық құбылыстарды дамытатын, жинақтайтын үрдіс», «... бұл топтық қызметтегі барлық қатысушылардың вербалды және вербалды емес әрекеттерінің нәтижесі» болып табылады.
Ресей психолог ғалымдары Ю. Адлер мен В. Липкиннің ойынша, «жетекші» және «лидер» түсініктерінің ортақ жақтарының көптігі соншалық, олар синоним болып табылады». Сонымен қатар, «лидерлік – жалпы топтық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған топ мүшелері арасындағы топішілік қарым-қатынастың оңтайлы жүйесін жүзеге асыру. Ал жетекшілік – бұл белгілі дәрежеде топтағы басқару және бағыну рөлдерін бөлу тұрғысынан қарағанда қарым-қатынастың әлеуметтік сипаттамасы. Ол құқықтық қарым-қатынастың, әлеуметтік бақылау және әкімшілік тәжірибенің қағидаларына негізделеді» дейді .
А.Л. Уманский «лидерлікті қандай да бір уақыт аралығында шағын топ мүшелерінің өзара қарым-қатынасының нәтижесі ретінде анықтап, лидерлік топ мүшелерінде қандай да бір сапаның немесе олардың жиынтығының болуы, нақты жағдаятта көрінуі әрі нақты жағдаятта қолда бар сапалардың өзара әсерлесуі» – деген тұжырым жасайды.
XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында лидер және лидерлік мәселесіне жан-жақты қызығушылық арта түскені байқалады.
Американдық ғалым, профессор Т. Шибутани - әлеуметтік жағдаяттар типологиясын құруда топты қалыптастыру және топ мүшелерінің автономдығының дәрежесі секілді психологиялық өлшемдерді бөліп көрсетеді. Ғалымның пікірінше, лидерлік сапалардың көрінуі әлеуметтік жағдаяттың бес типіне байланысты пайда болады: