3.Ыдыраудан кейінгі қазақ жыраулары
ІX ғасырда бұл жанрды шырқау биікке көтерген Қорқыт жырау. Оның сөздері бізде сақталмағанмен, түріктерде сақталған. Осы шамада “Қобыланды батырға” енген “Қараман батыр”, “Ақ Көбек” жырлары, “Манастың” алғашқы нұсқалары, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай” жырлана бастаса керек. Осы желі Дешті Қыпшақта үзілмеді. Моңғол дәуірі – XІІІ-XІV ғасырларда да бұл дәстүр жалғасын тапты. Осы кезеңде Шез-Баян Балашықұлы, Кете-Бұға Найманлы, Қотан Арғынлы, Сыпыра Шөпбаслы, Парыздық Шабанұлы, Құба Қыпшақ, Қара-Байыс Қаңлы, Ұзын-Айдар
Қоңырат, Сұлу-Мәмбет Шырын, Маңқы Маңғыт сияқты жыраулардың есімдері кезігеді. Аттары сақталғанмен, көбісінің мұрасы белгісіз.
Мұны Сыпыраның шығармашылық қолтаңбасы десе де болады. Жалғыз “Едіге” емес, “Айса”, “Айса ұлы Ахмет”,
Тоқтамыс, Едіге қандай тарихи тұлға болса, Сыпыра да – сондай тарихи
тұлға. Оны болды-болмады деп бұлдыратуға негіз жоқ.Оны ұзақ жасатып, бірде 120, екіншіде 180 жасқа жеткізіп, жырау бейнесін шындықтан гөрі елеске айналдырып жіберушілер бар. Түз жұрты қалаулыларын өлдіге қимай, сырлас сұқбаттасына айналдырып, ұзақ жасатуға тырысқан. Оған қоса Дешті Қыпшақ жылды күнтізбе қағидасына орай есептегенмен, адам жасын 9 ай, 9 күннен қайырған. Яки, биологиялық жасты есептеген. Ендеше, Сыпыраның 120-ға келуі мүлде таңғалдырмайды.
Едіге Тоқтамыстан 1387 жылы қашып еді. Міне, осы жай Мұрын жырлауындағы “Едіге” жырына өзек болады. Жырдың әлқиссасында “Тоқтамыстың Сыпыра жырау деген жыршысы” бары айтылады. Кейінгі қосынды, жамау, ауытқушылықтарды ескермегенде, ол Едігеге оппозициялық бағытта болады. Оның елді бүлдіретінін айтып, басын алуға кеңес береді.
Сопбаслы, Шөпбаслы сөздерін Сопыбаслы деп оқуға негіз бар. Ендеше, Сыпыра орта ғасырда Маңғыстауда сопылық мектептің негізін қалаған адам боп табылады. Осы реттен келгенде 1334 жылы ибн Баттута Сарайшықта болғанда: “Осы қалада түрік нәсілінен шыққан егдерген, сыйлы адамның ғибадатханасы бар. Оны Ата деп атайды. Ол бізге дастархан жайып, батасын берді” деуінде мән бар.Сыпыра жұрты Жемді жайлап, Сарайшықты қыстап отырған әсер қалдырады. Әлкей Марғұлан: “Тоқтамыс пен Едіге айтысып жүргенде жүзге келген Сыпыра жырауды Тоқтамыс күймелі арба жіберіп, Маңғыстаудан Сарайға алдырып, оның кеңесін тыңдайды”, деп қорытады.
Сыпыра жырау шығармашылығына алғаш назар аударған ғалым Ш.Уәлиханов. Оның аманқарағайлық қыпшақ Жұмағазыдан жазып алған шумақтарын Мелиоранский “Тоқтамыс жыры” жинағына енгізді. Ал Қ. Сәтбаев 1927 жылы баянауылдық қаржас елінің ақыны Қопабайдан екінші рет жазып алып, Орынбордан бастырып шығарады.
Сап-сап жүре, сап жүре,
Сай азамат қосылып,
Жауды жайпай ала алмас,
Қара қыпшақ Қобыландым,
Сен секілді ерден соң.
Есім Байболов Сыпыраның Кавказ жұрты арасында сақталған біраз өлеңін жиып-теріп жария етті. Сыпыра Қобыландыны біліп қана қоймай, өлгенін де көрген. Ел бүлініп, ат тұяғынан шаң бораған жаугершілікте Қобыландының жоғынан “жауды жайпай алмайтынына” өкініш білдіреді. Ал бұл толғау 1391 жылы Дешті Қыпшақ арқылы Ақсақ Темір жорыққа шыққанда, Тоқтамыс Сарайды тастап, Дон даласына қашпақ болған, сонда ел жақсылары Сыпыраны алып келіп, тоқтау айтқызып, Тоқтамысты сабасына түсіріп, Ақсақ Темірге қарсы шығуға көндірген.
Енді “Қырық батыр” немесе “Ноғайлы жырларының” сақталып, бүгінге жету сырларына тоқталық. Ғажабы сол – “Қырық батыр” топтамасына енген Ноғайлы жырларын сақтаған негізінен адай жыршылары. Мұрын “Алатайлы Аңшыбай ұрпақтары”, “Қарадөң ұрпақтары” және “Құлыншақ”, “Ақжонасұлы Ер Кеңес”, “Жаңбыршы”, “Телағыс”, “Оғыз батырларды” Нұрым Шыршықұлынан, “Қыдырбай ұрпағы Қобыланды”, “Шынтасұлы Төрехан”, “Әмет батыр”, “Алау батыр”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай”, “Асан Қайғы”, “Абат батыр”, “Тоған батыр”, “Манашы батыр”, “Тұяқбай батыр”, “Айсаұлы Ахмет”, “Қарғабойлы Қазтуған”, “Көрұғлыны” Қашағаннан үйрендім деген. Бұлар Сыпыра жырау мектебін жалғастырушылар еді.
Біз әңгіме етіп отырған батырлар адай емес, байұлы руының өкілдері болып саналған. Ал ежелгі байауыт, кейінгі байұылының әу бастан ұйытқысы
құнанорыстар болды. Сыпыраны да осы тайпаның түлегі деп санауға болатын сияқты.
Асан Қайғы, Ер Тоған, Абат,Мұрын жыраудың мұрасына көз салсақ, батырлықтың әкеден балаға ауысып отыратын жалғастығын байқаймыз. Аңшыбай, Қарадөң батыр ұрпақтары туралы жырлар – осы жалғастық дәстүрі
нің айқын айғағы. Бәлкім, аталмыш қаһармандар дұшпанның аз-көптігін есепке алмай, мыңға жалғыз аттанған, жекпе-жектерде күш сынасып, қан төгіскен батырлар емес, ел басын ұйыстырып, іргені жауға бермеген кемел көсемдер, қолбасы серкелер болуы мүмкін. Эпосқа арқау болған Ноғайлы билері майдан кешкен батырлар емес, ел ұстап, ләшкер жүргізген көсемдер болғаны ақиқат. Ер Тоған Ноғайлының қырық батыры санатына еніп, ел қорғаған ардақты ер, әртүрлі жырларда жауға сес кие ретінде аты аталып отырғанмен, кеңейтіле жырлағаны “Асан Қайғы, Ер Тоған, Абат” дастаны. Ол Ноғайлы жырларының бұлақ бастауы “Едіге” эпосында Жемдегі Бөкенбайды мекен еткен. Ер Тоған жортуылда жүргенде елін қалмақ шауып, Мақпал сұлуды тұтқындап кеткені туралы хабар жеткенде Едіге іле-шала атқа қонып, жесірді айырып алады. Асылы, Ноғайлы тақырыбын толғаған Дешті Қыпшақ жыраулары батырлардың өмір сүрген уақытына онша мән бермей, өзі баяғыда өлгенмен, ел жебеген рухы бүгінгідей тірі даңқты батырлардың есімін әртүрлі жырларға сыналап енгізіп отырған. Бұл кейінгі жырау-жыршыларының қоспасы болуы да мүмкін. Атақты батырлардың дабыралы даңқы қалып, істері мен өмір сүрген кезеңі көмескіленген соң, хронология дегенге онша мән бермеген сыңайлы.
Мұрын аталмыш үш есімді бір эпосқа енгізіп, біріктіре жырлаған. Тоғанның Асан Қайғы, Абатқа қайдан туыс екені туралы ештеңе айтпайды, бірақ ауылдары бөлек-бөлек болғанмен, қоныстары бір –Асан Қайғы, Абат
жұрты Жемде болса, Тоғанның ата қонысы Жемдегі Бөкембайда. Тоған жасы жөнінен Асан Қайғыдан кіші де, Абаттан үлкен. Жырда батырлар “қалмаққа” бірінші жорығын Әділ Жәні-бек ханның тапсыруымен жасаса, екінші жорықты бір кезде ел шапқан қалмақтан кек қайыру үшін Тоғанның өзі бастайды. Тоған көмекке Абатты сұрап, Асан Қайғыға келеді. Оған “Әй, ағамыз, ағамыз, болдың бізге панамыз” деп, жақын тұтып сөйлейді. Осы жайлар олардың бірге ту-мағанмен, рулас ағайын екенін аңғартады.
Аңыздар қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан мен Асан Қайғыны бірде ащы, бірде тәтті қарым-қатынаста болған тұстас, тұрғылас ретінде суреттейді. Ал Асан Қайғының өлеңдеріне қарағанда, ол біршама уақыт Жәнібекке ілесіп, Қазақ хандығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сыңайлы.
Қазақ хандығында Керей ұлы хан, Жәнібек кіші хан болды. Ал дәстүр бойынша кіші хан оң қанатқа иелік ететін. Демек, Жәнібекке хандықтың батыс тарапы ғана қарады. “Сарайшық Жәнібектің Ордасының бірі болды” деп жазады В.В.Трепавлов.Иә, Жәнібектің де, Бұрындық ханның да, Ноғайлы тарапынан ешбір қарсылықсыз, Сарайшықты қыстап кетіп отырғаны тарихи әдебиеттерде хатталған. Мұның сырын В.В.Трепавлов: Мұса би Жәнібекке беклербек болды сынды болжаммен түсіндіруге тырысады. Ол болжам рас болса, Жәнібектің Сарайшықты Орда қылуы таңғалдырмайды. Алайда, Мұсаның Жәнібекке беклербек болуы шайбани тарихнамасында аталмайды. Ондай маңызды мәселе көзден қағыс қалмаса керек-ті.
Дереккөздердің мардымсыздығынан Алтын Орданың соңғы жылдарына қатысты Дешті Қыпшақ өміріндегі аса маңызды бұл оқиғаның басы ашылмай жұмбақ күйінде қалып келеді. Асан Қайғы Жәнібектің Ноғайлы, Алтын Орда топырағына келгенін анық-қанық жырлайды:
Оймауыттай тоғай егінінің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен елді көшірдің.
Ойыл деген ойың-ды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің…
Еділ деген қиянға
Еңкейіп келдің тар жерге.
Алтын Орда тағы Сарайға беттеген Жәнібектің жылыстап көшіп-қонған жерлері тайға таңба басқандай аталған.Тарих жадынан түсіп қалған бұл оқиға 1470-1471 жылдары орын алды. Қынаптан қылыш суырысқан майдан болған жоқ. Жәнібек хан мен Ноғайлының біріккен күшінен жүрегі шайлыққан Алтын Орда ханы Ахмет Сарай тағын тастап, Дон даласына шығандады.
Ауызекі аңыз-әңгімелерде Жәнібектің Әзітархан қаласын салдырғаны айтылады. Шындығында 1395 жылы Ақсақ Темір тып-типыл ғып өртеп жіберген Еділдің оң жағалауындағы байырғы Хажытархан әлде де түтін түтетіп отырды. Ол Алтын Орданың Еділдегі басты қаласының бірі боп қала берді. Аңыздар қазіргі Астраханның “алтыбасын” (кремлін) салдырған Жәнібек деп әңгімеленгенмен, Хажытарханның Еділді орыс алғанға дейін жаңа орынға көшіп-қонғаны құжаттармен мақұлданбайды. Хажытархан күлдігі Еділдің Қырым бет жағалауында еді. Машақатты жалпақ Еділден өтіп, оны қалпына келтірем деп Жәнібектің әуре болуы ақылға қонбайды. Ел-жұрты азайып, қирап-бүліне бастаған Алтын Орда астанасы Сарай қаласын жамап-жасқаған шамасы.
Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің,
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып, терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп,
Оны неге білмейсің.
Асан Қайғының Ноғайлыға жайлы қоныс іздеп, желмаямен жер шолып, өз көзімен көрген қоныс-мекендерге маңызы әлі күнге дейін өшпеген баға бергені, сол сөздері арқылы дала философы атанғаны көпшілікке мәлім.
Мұрын жыраудың хикаялауынша: Асан Қайғы балықшылардың ауына ілінген сандықша ішінен шыққан перінің қызына үйленеді. Ол үш талап қояды: “жатқанда етімді сипама”, “жолға шығып тұрып, қайтып келіп үйдің жабығынан сығалама”, “үш жылға дейін сөйлемеймін, сөйлемейтінімді ешкімге тісіңнен шығарма”. Асан Қайғы ол талаптарды орындамайды, перінің қызы “ішімде бес айлық балаң бар, Мысырға туып кетермін” дейді де ұшып жөнеледі. Бұл әңгімелер Едігенің түпкі атасы Баба түкті Шашты Әзиздің бастан кешкен ғажайыбына айна қатесіз ұқсас.
Әлгі қатынының күйігінен Асан Қайғы желмаяға мініп, жеті жыл жер шолады. Асан Қайғының Ноғайлыға жайлы қоныс іздеуін Мұрын жырау осылай түсіндіреді. Ғалым М.Жармұхамедов Асан Қайғының әкесі Сәбит саятшы туралы деректер келтіреді. Сәбит құстың сұңқарын, иттің сырттанын, аттың жүйрігін, мылтықтың түзуін ұстап, өмірін Бұлғар тауында аңшылықпен
өткізген сері адам екен. Өлерінде: “Балам Бұлғар тауының басына шықпасын, шықса – өмірі азаппен өтеді. Сол тауда бұлғын деген аң бар, соны қумасын, қуса – аты да, өзі де зорығып өледі”, деп өсиет етеді. Ол сөзді тыңдамай бұлғын қуған Асан жерден-жер кезіп кетіпті. Оның жер шолуына осы жай мұрындық болыпты-мыс. Енді бірде қоныстан тарыққан ауылдастары “Жерұйық” деген жер барын айтып, соны біліп қайту-ға Сәбит саятшыны жұмсайды. Арыстанға таланған жарақаттан айықпай жеті жыл жүріп, сол жақта өледі, әкесі жол бойы тасқа салған қыран құс пен аңшы иттің суреті бойынша он төртке толған Асан Жерұйықты іздеп табады. Сәбит саятшының ақтық демі алдында басын сүйеген Мағзом деген қария екен. Соның Гүлжазира деген қызына үйленіп, елге оралса, шешесі Салиханның қабірінің топырағы әлі құрғамаған екен.
Достарыңызбен бөлісу: |