Жарнама, реклама (франц.reclame, лат. reclamо - жар салу) – тауарлардың, қызмет көрсетудің тұтынушылық қасиеті туралы ақпарат беру және оған деген сұранысты көбейту мақсатында таратылатын хабарлама; белгілі бір адамдар, ұйымдар, әдебиет пен өнер шығармалары туралы хабар таратып, оларды әйгілеу. Жарнама көпшілік ақпарат құралдары (теледидар, радио, газет, ғаламтор, проспектілер, плакаттар т.б) арқылы жүзеге асырылатын коммуникацияның ақылы түрі болып табылады.кез келген жарнама хабарламалық, болмаса назар аудартушылық сипатымен ерекшеленеді. Жарнаманың түрлері көп: сату орнындағы Жарнама, институционалдық (жақсы пікір қалыптасу мақсатында) Жарнама, хабарламалық Жарнама, сауда және көлік жүйесіндегі Жарнама, көше Жарнамасы (плакат, афиша), ауызша Жарнама, баспалық Жарнама т.б.
Жалпы, жарнамаға берген ғалым-зерттеушілердің анықтамасы екі мыңға жуық пікірі бар. В.В. Маяковский «Үгіт және жарнама» мақаласында жарнама туралы өз ойын былай түйіндейді: «Жарнама – бұл зат атауы. Жарнама кез келген, тіпті, таңғажайып нәрсе туралы үнемі еске салуы керек».
Жарнама саласындағы атақты маман Фэрфакс Коун жарнаманы әр тұтынушымен жеке талқылауға шама келмегенде қолданылатын тәсіл деп анықтайды. Жарнама зерттеушісі Бил Бернбах: «Жарнама – бұл ғылым емес. Бұл сендіру. Ал сендіре білудің өзі үлкен өнер», – деген екен.
Егер Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған «Жарнама туралы» Заңына жүгінетін болсақ, онда жарнамаға мынадай анықтама берілген: «Жарнама — адамдардың беймәлiм тобына арналған және жеке немесе заңды тұлғаларға, тауарларға, тауар белгiлерiне, жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға немесе қолдауға арналған және оларды өткiзуге жәрдемдесетiн кез келген нысанда, кез келген құралдардың көмегiмен таратылатын және орналастырылатын ақпарат.
Шындығында адам жарнамадағы хабарландыруды оқымайды, одан олар өзіне керек нәрсені іздейді, осы жағдайға жеткізген жарнама – нағыз жарнама болып табылады. Говард Госиди жарнама жөніндегі маман АҚШ
Телевизия мен радионың пайда болуы жарнама ісін одан әрі кеңейте түсті. Ең алғашқы радиожарнамалар 1920 жылы Питтсбургте радиотаратудың пайда болуымен байланысты эфирде берілді. Алғаш тележарнамалар Америкада 1941 жылы экранға шықты.
Имидж – ағылшынның image деген сөзінен шыққан, белгілі бір тұлғаның оның бар болмысын көрсететін бейнесі, яғни жұрттың сіз туралы жинақталған ойы. Бұған орыстың «киіміңе қарап, қарсы алып, ақылыңа қарап, шығарып салады» деген мақалы да, мінез-құлқыңыз да, іс-әрекет, қимылыңыз, дүние-мүлкіңіз де – бәрі-бәрі кіреді.
Имидж жарнаманың негізгі мақсаты – адамдар санасында тауардың немесе фирманың жағымды бейнесін жасау, ал ынталандырушы жарнаманың мақсаты- тауарлар мен қызметтердің өткізілуін ынталандыру.
Баспа жарнамасы – ол тек көріп, қабылдауға арналған жарнамалық-каталогтық басылымдар (каталог, проспект, буклет, плакат, листовкалар) және жарнамалық-сыйлықтық басылымдар (үстелге қоятын және қабырғаға ілінетін фирмалық күнтізбелер, іс күнделіктері, жазу кітапшалары, қалта күнтізбелері, т.б. жатады). Баспа жарнамасының мақсаты-болашақ сатып алушыларды жарнамаланған фирма тауарларымен толық таныстыру.
Баспасөздегі жарнама. Бұл – хабарландыру және шолу-жарнама жарияланымдары сипатында баспасөзде жарияланған әр түрлі жарнамалық материалдар (мақалалар, репортаж, шолу т.б.). Басылымның маңыздылығы оның кезеңділігіне, жарнаманың осы басылымдағы орнына және көлеміне байланысты болады.
Радиожарнама. Негізгі түрлері – радио хабарландырулар, радио журналдар, радио роликтер.
Тележарнама. Ең танымал түрлері: телеролик, телехабарландыру, жарнамалық бағдарламалар, бағдарлама арасындағы телезаставкалар.
Аудиовизуалды жарнама. Бұл – жарнамалық роликтер, жарнамалық-техникалық фильмдер, жарнамалық-беделді фильмдер, бейне фильмдер және слайдтар.
Сыртқы жарнама. Бұл – көру сезімі арқылы қабылданатын жарнама. Негізінен бұл жарнама тұтыну тауарлары үшін қолданылады. Қалың көпшілікке арналған. Оның түрлері: жарнамалық тақталар, афишалар, транспаранттар, түрлі-түсті жазбалар, билбордтар, экрандар, дүкендер сөресі, фирмалық жазулар.
Көліктегі жарнама. Бұл – автобус, троллейбус және тағы басқа көлік түріне орналастырылатын жарнамалық мәліметтер, хабарландырулар.
Тікелей пошталық жарнама – жарнамалық хабарларды тұтынушы мекен-жайына жарнама хаттар немесе хабарландыру-ақпараттық материалдардың басылымдары ретінде жіберу.
Жарнама сувенирлері – фирма қызметін таныту үшін қолданылатын фирмалық сувенирлер, сериялық сувенирлік заттар, сыйлықтар, фирмалық орамалар.
Компьютерлендірілген жарнама. Жарнаманың бұл түрі шетелде жақсы дамыған. Ол компьютерлендірілген ақпарат және кабельді теледидар арқылы жүргізілетін жарнама.
Интернет арқылы жарнама. Өзінің жеделдігіне, қайталануына және таратылуының ауқымдылығына байланысты баспасөздегі жарнаманың ең тиімді құралы болып табылады.
Тележарнама – жарнаманың ең қымбат түрі және оның бағасы әр кезде өсіп отырады.
Жарнама тәсілінің ең қарапайым түрі – жарнама хабарларын поштамен тарату. Газет пен журналдағы жарнаманың құны оның беттеріндегі қолданылған ауданының әрбір шаршы сантиметрінің бағасымен есептелінеді. Зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, газеттер мен журналдардың беттеріндегі оң жақтағы жоғарғы бөлігіне көбірек көңіл аударылады.