Тұқым жалғады • тұқым қуалады. Атадан балаға дарыды, ұрпақтан-ұрпаққа кетті.
Тыныс алды. Дем алды. Жай басып, ауыр тыныс алып, демігіп келе жатқан өзінің шешесі Ұлжан екен (М.Әуезов).
Алқымы ісу. қарлығып, тамағы ісу.
Арқасы ұстау. 1. Денесі құрыстап, кәрі жыны қозу. 2. Арқасына жел тию, жел ауруы ұстап қалу.
Зәр. 1. О баста зәр – у, улы зат. 2. Адамның бойынан бөлініп, жыныс мүшелері арқылы сыртқа шығатын сарғыш түсті, өзіндік иісі бар сұйық зат. 3. Зәр – о бастағы (парсы тілінен енген) зәр < зәһәр («у» мағынасындағы) сөзінен туындап, тіліміздегі «сідік», «несеп» сөздерінің эвфемистік баламасы ретінде қалыптасқан сөз. Зәр шашу. Ашуланып, ауыр сөздер айту; қарғыс айту. Зәрі бетіне шығу. Кейбір ашуланшақ, әсіресе әйел адамдардың ренжігенде, ашуланғанда беті қызарып, қанталап кетуі.
Кірпік. Адамның екі көзінің астыңғы және үстіңгі жиектеріне қаз-қатар болып өсіп шығатын, ұзындығы кейде бір еліге дейін жететін қыл тізбектері. Кірпік көзді ашып-жұмып отыруға байланысты ылғи ашылып, жабылып отыратын, сол арқылы олар көзді сыртқы заттардың әсерінен, шаң-тозаң, ащы иіс-қоқыстан, жарық сәуледен сақтайтын қызмет атқарады. Алтын кірпік. Аса көркем, сәнді кірпік. Боз кірпік. Қартайған адамның, әдетте, сақал-мұрты ғана емес, сонымен қатар қасын да қырау шалып, түсі ағарып, бозарып кетуіне байланысты кірпік те бозарып көрінеді. «Боз кірпік» қарт адам деген мағына береді. Кірпігі айқаспау. Көз ілмеу, ұйықтамау. Кірпігі кіжің тарту. Адамның қиналудан, зорығудан кіртиіп кетуі. Кірпігін бағу. Ауырып жатқан адамның халін бақылау. Кірпігіне тіреу. Кірпік жұмып, түнімен-күнімен ұйықтамау; көзін жұмбай таң атқызу. Кірпігін кірбің шалу. Көңіліне қаяу түсу, бір нәрсеге мұңаю, қайғыру. Кірпігін қадау. Қадала қарау, тесілу. Кірпік қаққанша. Тез, жылдам, лезде. Кірпік санау. Ертеден келе жатқан наным-сенім бойынша адамдардың жаңа туған айға ұзақ қарауына болмайды. Себебі айда отырған кемпір бар, ол жердегі өзіне ұзақ қараған адамдардың кірпігін санап үлгерсе, ол адам кемпірдің сиқырынан өлуге тиіс.
Түк. Адамның сондай-ақ жан-жануарлардың денесінде болатын өте майда жүн. Бетінің түгі шығу. Ашуға булығып, терісіне сыймай тұрған адамға байланысты айтылады. Жүрегінің түгі бар. Ешнәрседен қорықпайтын батыл адам. Түгі жығылу. Беті қайту, сағы сыну. Түгі сыртына шығу. Ашулану, зәрін төгу.
Тырнақ.Адамның аяқ-қолдарының, саусақтарының ұшынан өсіп шығатын мүйіз қабыршық түріндегі өткір өсінді. Бір тырнағы ішінде. Жасырған бүкпесі бар, арам. Жаны тырнақтың ұшына келу. Адам денесінен жан шығудың алдында тұрған қалпы, көз жұмудың соңғы сәті. Бұл өлетін адамның шыбын жаны көзіне көрініп ұшып жүріп, бірден ғайып болмай, біресе тырнағының басына қонады деген түсінікке байланысты қалыптасқан ұғым. Жау тырнағынан құтылу. Жау қолынан босау. Қара тырнақ. Жұмысшының, қолмен еңбек ететін адамның тырнағы. Қара тырнағына да тұрмау. Қадірсіз болу, көк тиынға да тұрмау. Тырнағына алмау. Менсінбеу, бағаламау. Тырнағына тұрмау. Түкке тұрмау, бір тиындық бағасы болмау. Тырнағына ілігу. Азулы біреудің озбырлығына жолығу. Тырнағын батыру. Біреуге үстемдігін, билігін жүргізу. Тырнағын салу. Біреуге күш көрсету. Тырнағын іліктіру. Бір нәрсеге қолын жеткізу. Тырнақалды. Ең алғашқы, ең бастапқы. Тырнақ асты. Адамның ең жанды жерлерінің бірі. Тырнақ астынан кір іздеу. Жоқты-барды сылтау етіп, кінә тағу үшін біреуге бәле салу. Тырнақты уысқа түсу. Мықты біреудің ырқында кету.
Қара шешектей жайылды. Барынша бойды билеп алған деген ұғымда. Жекеменшіктік пиғыл қалай қара шешектей жайлап алған оны (Б.Қыдырбекұлы).
Кесел сөзімен келетін мынадай тіркестер бар: Кесел жасау, кесел келтіру, кесел тигізу – зиян жасау. Кесел болу – кедергі болу деген мағынада жұмсалады.