Ақ жол емі. Қазақтың ескі салтында ер жігітке оқ тисе, денеде тұрып қалған оқты түсіру үшін жаралы кісі үстінен әйелдерді үш мәртебе аттататын әдет болған. Егер ол әйел күнәсіз (өзге еркекке көзі түспеген) болса, денедегі оқ кері шығады деген ұғым болған. Ешбір дәрісіз, құралсыз, тек адалдығымен шипагер болғандықтан, әйелдердің бұл емін «ақ жол емі» деп атаған. Ақ жол емі төре тұқымының әйел жыныстысын бозбалашылықтан, ерлерінің көзіне шөп салушылықтан сақтау үшін Абылайдың өзі шығарған ем болатын (І.Есенберлин).
Ақ көбік қылды. Терлеп-тепшітті.
Ақты [шелді] көз.Кей ретте соқыр, көр мағынасында жұмсалады.
Ақыры ұшықсыз болсын! тілек. Аурудың арты жеңіл болсын деген ұғымда.
Алпыс екі тамыры босады [иіді, қаңсыды]. Елжіреп, мейірі түсті, емірене сүйсінді; жүйе-жүйесі босады.
Ашаң тартты. Аурудан я дерттен жүдеп, қатты ысылды. Келгендер арасында абай бұрыннан білетін Дәндібай, Еренай сияқты қарттар бар және түстері жүдеу, ашаң тартып сұрланған, киімдері жыртық, екі-үш орта жасты адам бар (М.Әуезов).
Ашқарын•ашқарында. 1. Тамақ ішпей тұрған таңертеңгі шақ туралы айтылады.
Аяғы ауыр [ауырлады] •қатыны [әйелі] күмәнді. Екіқабат, жүкті болды.
Әжім [ажым] басты [түсті]. Беті қыртыс-тыртыс болды, қатпар-қатпар сызық түсті. Батыр-ау, бәріңнің де маңдайларыңды әжім басып кеткен бе, қалай? (Х.Есенжанов).
Әз болды. Суқараңғы соқыр болып қалды. Барлық денем сау, тек көзім әз боп қапты, - деді Балғын (С.Бақбергенов).
Әл [хал] үстінде. Өлім алдында.
Бас айналды. Ауырғандықтан пайда болған әлсіздік.
Басы ауырып, балтыры сыздады. Ауырып, сырқаттанып қалды; жаны қысылды.