Дене-мүше, ағза атаулары. Кәлла бас. Әр кәллада бір қиял (Түркістан тұрғындарының тілінде). Ағза. Адамның тәні (Түркістан). Асқа мейілім шаппайды, бірақ ағзам сау.
Айырт – шат, адамның шаты. Қызылорда өңірінде айрыт деп атайды. Бидайлық (ҚХР) ер адамның тамағында болатын арлы-берлі қозғалып тұратын шеміршек, жұтқыншақ. Бөтеке (Қ.Орда, Орал, Ақт.) бүйрек. Бөтекесі ауырып ауруханаға түскен еді, жазылып шықты. Жеті мүше (Түрікм, Таш, Орал) он екі мүше. Жеті мүшем сау болса барып қайтам.
Дәрі-дәрмек, шөп атаулары: Момия – мертік дәрі. Момияны мал сүйегінің сынып, шор болып біткен жерін үгітіп, ұнтақтап жасайды. Мұндай ұнтақты Маңғыстау тұрғындары ерте кездерде мертілген адамға, малға ішкізетін дәрі есебінде тұтынған. Ал қытайдағы қазақтар бұл дәріні момая деген. Арала (Қ.орда, Жезқ, Алм, Жамб) дәрінің бір түрі. Суық тиіп ауырғанда арала береді. Бозбұға (Сем) 1. Шөптен жасалған дәрі. Ол бозбұғаны емге ішті. 2. Тамырынан дәрі жасайтын таулы жерге шығатын өсімдік. Бұлқайыр (Орал) сабағы жапырақтап шығатын дәрі өсімдік. Ісік шыққан балаға бұлқайыр тарт. Бір салар (Семей) дәрілік өсімдік. Дару (Жезқ, Ақт) 1. Дәрі, дәрі-дәрмек. 2. Шипа, дауа. Емпір (Көкш) тұмауратқанда, суық тигенде ішетін шөптен жасалған дәрі. Алақаным, төбем, табаным бәрі қызады. Күшалаң, емпірің болса бер (Ғ.Мұс., Дау. кейін, 347). Жер бәрігі (Алм) дәрі жасайтын шөп түрі. Жертамыр (Сем, Үрж) дәрі жасайтын шөп түрі. Жертамырды жұрт шай ғып ішеді. Кеп-кеп (Қост) кебекке тұз қосып қайнатып, жылыдай бала ішіне тартатын халық емі. Іші желденген жас балаға кеп-кеп тарту керек. Кепіреш (Сем, Үрж) іш жүргізетін уытты дәрі. Кепірешті аздап ішсе, оның ауруын бұзар еді. Шай қурай (Алм) аласа шөп, дәрі-дәрмекке пайдаланады. Чашыратқы (Жамб, Шу) далалы жерде өсетін дәрі үшін пайдаланылатын өсімдік. Тосап (Сем) бұрынғы кезде тәуіптердің ауру кісіге беретін дәрісі. Сана (Алм) дәрі жасалатын шөп түрі. Санаймек (Қост) дәрі. Ыстық желмен ауырсаң, санаймек іш. Сарбұға (Көкш) суық тигенде ішетін дәрі. Қарсақ дәрі (Атырау) жерден қазып алынған өсімдік тамыры. Қарсақ дәріні құстыру үшін ішеді. Қой қаранжы (Жамб) далалы жерде өсетін дәрі шөп. Адам жөтелсе, қой қаранжының түбін не өзін қайнатып ішеді. Қоспалы су (МХР) дәрі-дәрмек қосқан су. Можы (Алм) дәрі аты. Жылма 1.(Орал, Ақт, Маңғ) түйе сүтіне пияз, бұрыш, май салып қайнатып ауру адамға беретін тағамның бір түрі, тосап. Жылманы туберкулез ауруымен ауырған адамға береді.