1.1 Медицина лексикасы мен терминдерінің зерттелуіне шолу
Халқымыздың даналығында « Тарихты елемей тұрып, қазіргінің қадіріне жету және болашақты болжау қиын » делінген. Бұл тұрғыдан алсақ, жалпы халықтар медицинасы тәрізді, қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы тарихи тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық мұрасы. Шынтуайтында, халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмас еді. Қазіргі медицинаның негізі мен іргетасын қалаған да сол халық емі, яғни халықтық медицина екенін кім жоққа шығара алар.
Демек, қазақтың халық емі де сол үлкен арнаның ықылым дәуірден бері жалғасып келе жатқан өзекті бір саласы. Зерделей үңілсек, халықтардың игілікті істері, дәстүрлері мен өнері тәрізді, шипалы емдік қасиеттері де бір-бірімен тығыз ұштасып, бірін-бірі толықтырып отырған. Айталық, Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Орта Азия жерінен шыққан, есімдері әлемге әйгілі ғұлама ғалымдар Әл-Бируни, Әл-Ризани, Әл-Фараби, Әбу Әли ибн-Сина сияқты бабаларымызды бүгінгі ұрпақтары айрықша мақтаныш тұтады. Соның ішінде қазақ топырағынан шыққан алғашқы орта ғасырлық дәуірдің ұлы ойшылы, Шығыстың Аристотелі атанған энциклопедист ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби бір ғана медицина саласында «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары жайлы» т.б. көптеген еңбектер жазған. Ал тек мұсылман жұрттың ғана емес, дүние жүзі халықтарының мақтанышына айналған ғұлама ғалым әрі дәрігер Әбу Әли ибн-Синаның медицина ғылымының тарихына қосқан үлесін тамсанбай айта алмаймыз.
Біздің кең байтақ елімізде әр ғасырда дарынды ақындарымыз өлең жолдарын денсаулыққа арнағандары белгілі. Мысалы, Шал ақын адамдардың денсаулығы психологиялық көңіл-күйге байланысты екенін былай сипаттаған:
«Ашу – дұшпан болғанда, нәпсі жауың
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп, толған шақта,
Дененің біле алмассың ауру-сауын» - деген.
Тарихқа үңілсек, Орта Азия ғылымға және мәдени өмірге өз үлесін қосқан. Соның бірі медицина саласы. Қазақ медицинасына өз әсерін тигізген, өз заманында емші, дәрігер, оташы (хирург) болған Әбу Насыр Әл-Фараби оташылдықпен айналысқан. Оның еңбектері шығыстың атақты дәрігері Әбу Әли ибн Синаға үлкен әсер берді. Ибн Синаның 274 еңбегінің 50 шақтысы медицина бойынша зерттеліп жазылған [5;1140-1143с.]. Оның «Медицина ережелері», « Медицина ғылымының заңдары », « Медициналық терминдердің сөздігі » атты бес томнан тұратын еңбегі, «Медицина канондары» деген бес кітаптан тұратын медициналық энциклопедиясының алатын орны ерекше.
Медицина саласында мол мұра қалдырған екінші бір дәрігер – Исмаил әл-Жүргини. Оның «Медицина жайында ескертпелер», «Патша медицинасы», «Адам ағзалары» сияқты еңбектері бар. Ғалым адам денесінде құрттан болатын (туберкулез) аурудың өте жұқпалы екенін ғылыми түрде дәлелдеген.
Иран ғалымы Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегінде таза медициналық тақырыпқа арналған трактат жазған. Шешек ауруының болу себептерін, жоғарғы температураның болу себептерін көрсеткен.
Ал қазақ медицина терминдік лексикасының қалыптасу тарихы өте ертеден басталады. Бұған дәлел бұдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өз тәжірибесінен 1467 жылы медицина туралы жазған «Шипагерлік баян» [6] атты еңбегі. Бұл еңбек 1994 жылы араб графикасымен Үрімші қаласында , кейін 1996 жылы белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің бастамасымен Алматыда «Жалын» баспасынан қайта шығарылған.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында қалыптасқан халық медицинасының негізі деуге тұрарлық бұл «Шипагерлік баянның» мазмұндық құрылымы «Тұрлаулар» деген кіріспеден, «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» деген үш тараудан тұрады. Оның ішінде Түптеме, Жіктеме, Аңғарымдама, Нақтама, Дарым зәруаты, Айықтырым дарымдылығы деп аталынған алты бөлімде халық медицинасының негізгі функцияларын атап көрсетеді. Оның «Қанықталғы» тарауында ауру түрлеріне анықтама береді, ал келесі тарау «Нарықталғыда» адам ауруларын анықтаудың нақтылы ілімдік әдістеріне тоқталады, үшінші тарау «Дарымдалғыда» сырқаттардың ауруын емдеп жазудың әдіс-тәсілдеріне тоқталады. «Шипагерлік баянда» аурулардың жекелеген атауларының этимологиясы келтірілген.
«Шипагерлік баян» еңбегі Жәнібек ханның жарлығымен Ақордада жазылған. Еңбектің «Сарапшыдан» деген бөлімінде өсімдіктен алынған жеті жүз жиырма сегіз түрлі, жан-жануардан алынған үш жүз он сегіз түрлі, метал-металлоидтардан алынған алпыс түрлі, яғни жиыны бір мың бір жүз сегіз түрлі шипалық қасиеті бар өсімдік дәрілер берілгендігі көрсетілген. Шипагер науқас адамдарға арнап 1050 түрлі шипа, ем аты және 4577 шипалық дәрілік рецепт ұсынып, 430-дан аса адамның сыртқы және ішкі денесінің анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдыруы мен тұжырымдары ғұлама шипагердің өзіне дейінгі және бүгінгі шипагерлік ғылымнан алшақтығы жоқтығын айқындауда.
Ө.Тілеуқабылұлы шипагерлер тобын: теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қара емші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие деп 24 түрге бөліп, оларға жеке-жеке анықтама беріп талдайды.
Таза қазақ тіліндегі медициналық ғылыми атаулардың өзі халқымыздың ауру-науқастарды танып-біліп емдеу , дәрі-дәрмектердің қасиетін танып істетуінің өзі де өте ертеден басталғандығын әңгімелейді.Осында кейбір науқас-ауруды қалай атарымызды білмей, қытайша немесе халықаралық атауымен атап, біздің тілімізде осы атауларды дәл атайтын атау неге жоқ деп қынжылатынбыз. Мысалы, лыпыма тамыр (артерия), жылпыма тамыр (вена), алқым ұрысы (боғақ), сор буын, қор буын, шор буын (ревматизм), кекжиме (минингит), шалқалатпа (сіреспе), қатпа қадақ (өкпедегі туберкулез беріштері), мерез, құлғана, т.б; қазақша қарғыс болып кеткен ауру аттары: көктүйнек, қарақұрт, ұйықтама, қарашешек, шелей, қағынды, шемен сияқтылар.
«Шипагерлік баян» еңбегінде бас, төбе, шекелік төбе, маңдайлық төбе, шүйделік төбе, құлақшеке, құлақ, көз, қарашық, мұрын, ұрт, езу, үстіңгі ерін, астыңғы ерін, ауыз, тіс, қызылиек, таңдай, көмекей, тамақ, алқым, жұтқыншақ, асқазан, қарын, аш ішек, тоқ ішек, қуық, ұйқы безі, шажырқай, бүйрекмай, несеп, т.б. осы сияқты қазақы төл атаулар кеңінен пайдаланылған және бүгінгі күні сол мағынада пайдаланылып келеді. Бас деген атау қақбас деп аталынған. Бет томпағындағы қызаратын орынды ұят деген. Адамның сыртқы құлағын қалқанқұлақ деп берген. Ақыл тісті өккім тіс деп атаған. Бронх атауының ұлттық баламасы ретінде ашакеңірдек сөзін алған. Ақтарманы қарын орнына алған [7;85.]
«Шипагерлік баян» кітабы арқылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тек қана ғұлама шипагер емес, сонымен бірге халықтың өмір салтына, дүниетанымына, рухани мәдениетіне мейлінше қанық болғаны, өз заманының терең ойлы, ұлтжанды тұлғасы болғаны айқын аңғарылады.
Медицина саласында арнайы зерттеу ісі нашар болғандықтан, орыс тілінен қазақ тіліне аудару арқылы болса да септігін тигізуге тырысты. Аударылып, басылған әдебиеттердің қатарынан мына кітаптар табылды: « Қышыма турасында», Орынбор, 1900; «Мерез ауруы жайында», Орынбор, 1903; «Оба жайында қазақша әңгіме», Қазан, 1905; «Құрт ауруы турасында», Орынбор, 1906; «Арақ у яки арақтың захары», Қазан, 1907; «Адам обасы турасында», Орынбор, 1911.
Қазақ терминологиясының дамуының басталғаны 1920-1930 жылдар болса, салалық медицина терминологиясы да осы кездерде дамыды. Медициналық кітаптар мен кітапшалардың авторлары көптеп таралған аурулардың себебін айқындап көрсетіп, емдеу тәсілдері мен сол ауруларға қарсы дәрі-дәрмектердің қолданылуын түсіндіру үшін мәні әлі де айқындалмаған халықтық лексикаға сүйенуге мәжбүр болды. Тап осы еңбектер қазақтың ғылыми медициналық терминологиясының қалыптасуына қызмет етті.
Ал этнолингвистикалық тұрғыдан халықтық медицина терминдері қазақ тіл білімінде толық зерттелді деп айтуға болмайды. Бұл зерттеулердің қатарында Г.Танабаеваның «Қазақ тіліндегі адамға қатысты ауру атауларының уәжділігі» атты кандидаттық диссертациясы [8], К. Аяпбергенованың «Қазақ тілі сабағында медицина лексикасын мамандыққа сәйкес оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты докторлық зерттеуін [9], Д.Мурзанованың «Адам анатомиясындағы ішкі ағза атауларының ұлттық сипаты» атты кандидаттық еңбегін [10] атап кетуімізге болады. Халықтық медицина терминдері этнолингвистикалық тұрғыдан басқа шет ел ғалымдарының еңбектерінде толық тұрғыда зерттелген деп айта аламыз. Бұл еңбектердің қатарында П. Абдулхамидованың «Лексика народной медицины шунганского языка» атты зерттеуін [11], В.С.Терехованың «Лексика народной медицины (по материалам лечебников XVII-XVIIIвв)» кандидаттық диссертациясын [12] көрсетуімізге болады. Автор халықтық медицина терминдерін зерттеудің маңызын былайша көрсетеді: «Термин народная медицина широко употребителен как в научном языке (история медицины, этнографии), так и в языке художественной литературы.
Анализ народно-медицинских названий имеет большое научное значение. Во-первых, он позволит говорить о богатстве и семантическом разнообразии народно-медицинской лексики, о ее глубокой древности, различных источниках, из которых она формируется. Во-вторых, анализ народно-медицинской лексики даст возможность отметить ряд основных характерных особенностей медицинской народной терминологии: употребление в качестве терминов слов общеразговорного языка, использование в роли специальных терминов метафорически переосмысленных словосочетаний, наличие многозначных терминов, обилие синонимов в составе народно-медицинской лексики, заимствование иноязычных слов, вошедших в состав народной медицинской терминологии. В-третьих, анализ лексики народной медицины позволит определить место и значение этой лексики в процессе развития и становления научной медицинской терминологии». Біз де өз зерттеуімізде ғалымның осы айтылған пікірлерін басшылыққа аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |