1.4 Иммунология туралы түсінік
Иммунология жұқпалы аурулардың алдын алу, оларды балау мақсатында жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижелерінің негізінде қалыптасқан [6]. Кейіннен ағзаның тек зардапты микробтарға ғана емес, сонымен қатар генетикалық болмысы бөгде кез-келген заттарға да жауап бере алатындығы анықталды. Оның иммунохимия, иммуногенетика, аллергология, трансплантациялық иммунитет, клиникалық иммунология, серология және тағы да басқа салалары бар. Ғылымның осы салаларының негізінде ветеринарлық иммунология қалыптасты. Оның басты мақсаты - жануарлардың жұқпалы ауруларының иммунологиялық механизмдерін зерттеу арқылы оларды балау, дауалау және емдеу тәсілдерін жетілдіру.
Иммунология көптеген ғылымдармен тығыз байланыс тауып отыр. Оған дәлел кейінгі кезде иммунохимияның, иммунопатологияның, ісік иммунологиясының, трансплантация-лық иммунологияның және басқа ғылыми бағыттардың пайда болуы. Қазіргі кезде иммунитет жасушаларының өнімі - антиденелер молекулалық биология, биохимия, микробиология, вирусология, фармакология ғылызмдарында бағалы реагент ретінде қолданылып жүр [7].
Иммунитет латынның immunitas (міндеттен босану, тазару) деген сөзінен шыққан. Ол – ағзаның генетикалық тұрғыдан алғанда бөгде заттарды жұқтырмаушылығы. Иммунитеттің қалыптасуына ағзаның біртұтас жүйе ретінде қатысады.
Иммунитет организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын (гомеостазын) және оның қызметінің біртұтастығын қамтамасыз ететін барлық тіршілік иелеріне тән қасиет [8].
Ол - тірі табиғаттың эволюциялық дамуының, табиғи сұрыптаудың, паразит пен оның иесінің қарым-қатынасының нәтижесінде қалыптасқан. Эволюциялық тұрғыда иммунитет конституциялық, фагоциттік және лимфоидтық жүйелерге жіктелген.
Конституциялық жүйе туа біткен иммунитет деп атайды. Ол барлық тірі ағзаға қатысты. Омыртқасыз жануарларда фагоциттік жүйе, ал омыртқалыларда бұған қоса иммунитеттің ең жетілген түрі - лимфоидтық жүйе пайда, болды. Конституциялық иммунитет әрбір жеке жан иелерінен бастап ең жоғарғы таксономиялық топтардың өкілдеріне тән болып келеді. Айталық, буынаяқталар көптеген вирустар мен риккстсияларға, ал құстар класының өкілдері аусылдың қоздырғышына төзімді болып келеді. Сонымен қатар, конституциялық иммунитет бір түрге жататын кейбір мал тұқымдарында, тіпті жеке жануарларда, адамда байқалады. Мысалы, қойдың алжир тұқымы топаланға шалдықпайды, ал иттің оба ауруына боксер, бульдог, терьер тұқымдары төзімді келеді.
Белгілі бір түрге тән иммунитет табиғатта жиі кездеседі. Айталық, сиырға, итке, шошқаға зардапты болып келетін оба вирустарына жылқы сезімталдық көрсетпейді. Сиырлар маңкамен, жұқпалы анемиямен, ал жануарлар соз ауруымен, мерезбен, қызылшамен ауырмайды. Ал, бір түрге жататын жеке жануарлардың иммунитетін індет барысында байқауға болады. Қандай бір жұғымтал аурулар жаппай білінген кезінде де барлық мал түгелдей ауруға ұшырамайды. Қорыта айтқанда, конституциялық имунитет ағзада табиғи қалыптасып, бүкіл өмір бойы оны белгілі бір инфекциялық агенттерден қорғай алады және тұқым қуалайды.
Конституциялық иммунитеттің тұрақтылығы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларының әсерінен бұзылуы мүмкін. Мысалы, тауық балапаны әдетте топалаңға төзімді болады, ал егер оның дене қызуын суық суға батыру арқылы жасанды түрде төмендетсек, ол осы инфекцияны жұқтырып алады. Қоршаған орта температурасының жоғарлауы бақалардың сіреспе ауруына төзімділігін әлсіретеді. Демек, иммунитеттің бұл түрін абсолютті деп айтуға болса да, кей жағдайда оның әлсірейтіндігі байқалды.
Иммунитеттің фагоциттік жүйесі ағзаға енген бөгде заттарды, соның ішінде микробтарға қарсы фагоциттер деп аталатын жасушалардың қызметіне негізделген. Ал, лимфоидтік жүйе иммунитетті белгілі бір келімсек затқа үйлесімділігі бар жасушалар мен олардың өнімдері арқылы қалыптастырады. Бұл жүйе омыртқалы жануарларда, әсіресе сүт қоректілерде жетілген.
Ағзаның фагоциттік және лимфоидтік жүйелері оның тіршілігі кезінде туынды иммунитетті қалыптастыра алады.
Табиғи туынды иммунитет адамның іс-әрекетісіз, ал жасанды түрі әртүрлі биопрепараттардың көмегімен қалыптасады.
Табиғи иммунитет ағзада оның жұқпалы аурулардың ауруға төзімділігін арттырады немесе мүлдем ауруға ұшыратпайды. Қоздырғыштан толық арылып, сауыққан ағзада қалыптасатын жұқтырмаушылықты зарарсызды иммунитет деп атайды. Кейбір жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет тек қана денеде қоздырғыштың бары кезінде ғана сақталады (мысалы, туберкулез және т.б.). Қорғаныстың мұндай түрін зарарсызды емес иммунитет деп белгілейді. Табиғи белсенді иммунитеттің иммундеуші субинфекция деп аталатын түрі де табиғатта жиі кездеседі. Бұл жағдайда иммунитеттің қалыптасуы үшін жануарлардың ауруға шалдығуы шарт емес. Иммундеуші субинфекция ағзаның микробтармен күнделікті тіршілігінде кездесуі негізінде бірте-бірте пайда болады. Жергілікті малдар осы аймақта таралған инфекцияларға төзімділік көрсетеді, ал басқа жақтан әкелінген жануарлар бұл ауруларға тез шалдығады.
Жасанды жолмен пайда болатын иммунитеттің белсенді және енжарлы түрлері бар. Оның бірінші түрі жануарды уыттылығы әлсіретілген тірі микробтармен, өлтірілген қоздырғыштармен немесе олардың зиянсыздандырылған тіршілік әрекетінің өнімдерімен егу нәтижесінде пайда болады. Ағзаның тікелей қатысуымен қалыптасатын мұндай жасанды иммунитет бір-екі жұмадан соң пайда болады да бірнеше айлар, ал кейде бір жылдан астам уақыт аралығында сақталады. Енжарлы иммунитет ағзада оған құрамында антиденелері бар иммунды қан сарысуын енгізгеннен соң пайда болады. Иммунды сарысуды иммунделінген малдардың немесе жұқпалы аурудан сауыққан адамдардың қанынан бөліп алады. Бұл иммунитеттің енжарлы деп аталатын себебі, ағзаны қорғаныс факторларын дайын күйінде қабылдайды. Жасанды енжарлы иммунитет қан сарысуын ағзаға енгізгеннен соң бірер сағаттан соң пайда болып, екі-үш жұма аралығында өз күшін жоғалтады.
Жануарлар мен адамның жұқпалы ауруларға төзімділігі тек қана оның иммунитетінің күйіне ғана емес, сонымен қатар табиғи төзімділігіне де бағынышты болады. Микробтармен ең бірінші «күреске» шығатын осы табиғи төзімділіктің факторлары. Тек бұл қорғаныс шебі бұзылса ғана келімсектерге имуунды жүйе тойтарыс бере бастайды. Табиғи төзімділіктің факторлары универсалды болады да, кез келген бөгде заттарға (антигендерге) қарсы тұрады, ал иммунитеттің қорғаныс өнімдері жануарларды тек қана белгілі бір микроорганизмнің немесе басқа да антигендердің зиянды әрекеттерінен қорғайды.
Табиғи қорғаныс факторларының қатарына терінің, кілегейлі қабықтардың, сөл бездерінің тосқауылдық қызметін, сілекейдің, қан сарсыуының және басқа да биологиялық сұйықтықтардың бактерицидті заттарын, дене қызуының көтерілуін, асқазан сөлінің қышқылдық қасиетін, ұлпаның қабынуын және т.б. жатқызуға болады. Бұл факторлар ағзаның генетикалық тұрақтылығын сақтауға жауапты туа біткен қорғаныс механизмдері болып табылады.
Микробтардың денеге ену жолында кездесетін бірінші тосқауыл - тері және кілегейлі қабықтар. Қалыпты жағдайда зақымдалмаған тері тек қана механикалық тосқауыл емес, ол сонымен қатар бактерицидті қасиетті де иемденген. Мысалы, сау адамның таза терісінде көптеген микробтар көп ұзамай тіршілігін жояды. Құрамында сірке, сүт және май қышқыддары бар тердің де бактерицидтік қасиеті белгілі болып отыр. Көздің, мұрын мен ауыз қуыстарының, асқазанның және басқа ақзалардың кілегейлі қабықтары да тері тосқауылдары сияқты қорғаныс қызметін орындайды. Ал, егер микроб тері мен кілегейлі қабықтың тосқауылдарьшан өтіп кетсе, дененің қорғаныс қызметін сөл бездері орывдай бастайды. Сөл бездері микробтарды "сүзіп" алып, олардың тіршілігіне қолайсыз жағдай туғызу мақсатында өз ұлпасында қабыну процесін өрбіте бастайды. Қабыну кезінде ұлпалардан лейкоциттердің белсенділігін артыратын заттар (лейкотоксин, гистамин, ссротонин және т.б.) бөлініп шығады. Лейкоциттер қабыну аймағына шоғырланып, микробтардың денеге жайылуына кедергі жасайды. Қабыну дене қызуын немесе ұлпаның жергілікті қызуын көтеріп, ацидоз және гипоксия құбылыстарын жаппай жойылуына жағдай туғызады.
Табиғи төзімділіктің сонымен қатар жасушалық гуморальдік факторлары бар. Жасушалық факторлар ағзаны микробтардан немесе басқа бөгде заттардан фагоцитоз жүйесі арқылы қорғайды. Болмысы бөлек мұндай заттарды фагоциттер жұтып, ыдыратып отырады.
Фагоцитоз процессі микро- және макрофагтардың көмегі арқылы іске асады. Олардың ортақ қасиеті – жасауша цитоплазмасында лизосома деп аталатын түйіршіктердің болуы. Лизосомада көптеген ферменттер: қышқыл фосфатаза, миелопероксидаза, бета-глюкуринидаза, коллагеназа, лизоцим, катепсин, РНК-аза, ДНК-аза және т.б. болады. Осы ферменттердің әсерінен микробтар мен бөгде заттар фагоцитоз кезінде өзгеріске ұшырап, кейіннен жойылып кетеді. Микрофагтарға немесе көп ядролы фагоциттерге қанның түйіршікті лейкоциттері, атап айтсақ нейтрофильдер, базофильдер және эозинофильдер жатады. Олардың ядролары бунақ-бунақ болып, сегменттерге бөлінген, ал цитоплазмасы түйіршіктеніп тұрады. Нейтрофильдер ең күшті фагоцитгер болып саналады, ал эозинофильдер паразит инвазиялары мен аллергиялық реакциялар кезінде белсенділік көрсетеді. Базофильдер әлсіз фагоцитгер қатарына жатқанымен гистамин және гепарин сияқты медиаторларды көп мөлшерде бөліп шығарып, қабынудың жіті түрінде өрбуіне жол ашады.
Макрофагтардың немесе бір ядролы фагоциттердің жасушаларының басым бөлігін сегменттелмеген біртұтас ядро алып жатады. Олардың қатарына промоноциттер, моноцитгер мен ұлпа макрофагтары жатады. Промоноцит сүйек майында жасалынып, моноцит түрінде қан айналымына енеді. Біраздан соң олар қылтамырлардың қабырғасынан өтеді де, ұлпаларда іркіліп, макрофагқа айналады. Бұл өзгеріс әдетте ұлпаларда моноцитгің әсерінен тұтылған бөгде заттардың немесе өлі жасушалардьщ пайда болған кезінде байқалады. Ұлпаларға енген моноциттер мононуклеарлы жасушалар жүйесіне жататын бекітілген немесе көшпелі макрофагтарға айналады. Айталық, мұндай макрофагтар дәнекер ұлпасында гистиоциттер деп белгіленсе, бауырда - Купфер жасушалары, өкпеде - альвеола макрофагтары, сүйекте - остеокластар, жүйке ұлпасында - микроглия, құрсақ қуысында - перитонеальдік макрофагтар, теріде - Лангерганс жасушалары деген атауға ие болады. Макрофаггар көп мөлшерде сөл бездері мен көкбауыр ұлпаларында да кездеседі. Әртүрлі мүшелерде іркілген макрофагтардың өздерінің атқаратын қызметтері бойынша айырмашылықтары болады. Айталық, бауырдың Купфер жасушалары негізінен өлі эритроциттерді жояды, ал көкбауыр макрофагтарының белсенділігі микроорганизмдерге бағытталған.
Иммунды ағзада фагоцитоз қарқынды өтеді. Бактериялардың улары, капсулалары, лейкоцидин кортикостероидтар, серотонин холестерин, хинин және алколоидтар фагоцитозды біршама тежейді. Фагоциттер тек қана ағзаны бөгде заттардан тазартып қоймай, сонымен қатар антигендерді өңдеуден өткізіп, иммунды жауаптың өрістеуіне жол ашып береді.
Табиғи төзімділіктің гуморальдік факторларына табиғи иммуноглобулиндер, лизоцим, бета-лизин, комплемент, пропердин, интерферон және басқа антимикробты қасиеттері бар заттар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |