Ысқырып келе ме деп биылғы қыс,
Мырзадан сұрап едім тымақтан тыс.
(Көтеш)
Кедейлік, жабыстың ғой бала жаста,
Мені ұятты қылдың ғой қарындасқа.
Аш белімнен құшақтап айрылмайсың,
Көз танысың жоқ па еді менен басқа?!
(Шал ақын)
Жетпіс келді төтелеп,
Кәрілікті жетелеп.
Сексен келді бүйірден,
Қалдырып кетті үйірден.
(Шал ақын)
Кәрілік асыңды іш те тұр демейді,
Лағып бетіңменен жүр демейді,
Кәріліктің тағы да бір мінезі,
Жастардың мәжілісіне кір демейді.
(Шал ақын)
Бұл төрт мысалдың алғашқысында жыл мезгілі – қыс, екіншісінде әлеуметтік хал-кедейлік, соңғы екеуінде адамның өмір кезеңі – жетпіс, сексен жас және кәрілік бәрі де жанды кейіптегі әрекет иелері. Қыс ысқырады, кедейлік жабысып аш беліңнен құшақтап айрылмайды, жетпіс кәрілікті жетелеп, сексен бүйірден келіп бұрынғы күйде айырады. Кәрілік ет әрқилы мінез көрсетіп қалжыратып кетеді.
Ақын, жыраулар мұрасындағы бұл тәсіл өзіндік бірқатар міндет атқарып тұр. Кейіптек Көтеште мырзадан тымақ тыс сұрауының себебін білдіреді, сайып келгенде мырзаның сараңдығын әшкерелейді. Ал, Шал ақын өзі өмірде көп сынаған кедейлік пен кәрілік хақында ащы шындықты айқын да ажарлы айта біледі. Демек, табиғат пен өмір құбылыстарын жандандырып кейіптеу Көтеш,Шал шығармаларының жыраулар мұоасына қарағанда жазба әдебиетке бір табан жақындай түскендігін аңғартады.
г) Айшықтаулар
XV-XVІІІ ғасырлардағы жыраулар мен ақындарда ажарлау мен құбылту ғана емес, айшықтау (фигура) тәсілдерінің де тамаша үлгілерін кездестіреміз. Өз дәуірінің өресі биік, ойы озық ділмар-дүлдүлдері саналған ақын, жыраулар бағзы әдеби дәстүр мен табиғи талант арқасында ақтарып ағындата айтса да, шығарма мазмұны мен көркемдігіне зор мән берген. Олар әр оқиғаның, әр кездің орайына қарай жыр жолдарын шеберлікпен иіп, айрықша айшықпен келісті тіркестер құраған, мазмұнға лайық түр де таба білген. Бұл орамдар дағдылы синтаксистік тіркестерден құрылыс, бітім жөнінен ерекше ойнақы, һәм әсерлі келеді.
Ақын, жыраулар айшықтаулары ішінде арнау түрлері көбірек көзге түседі.
Жағаға жақын қонбаңыз,
Жағаға жақын қонсаңыз.
Жайылып сулар алмас па?!
Жаманменен дос болсаң,
Жазымда басың қалмас па?
Жат туғанды өз етсең.
Жақсыларды дос етсең,
Ғұмырың ұзақ болмса па?!
(Шілгез)
Қазаққа пайда мынау малын бақсын,
Отқа жайып, суарып бағып қақсын,
Ұлда бір көз, жалшыда екі көз жоқ,
Соқыр кісі мал жайып, қайдан тапсын?!
(Шал ақын)
Жақындап ажал тұрса да,
Жаныңа қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін қоймас адамзат.
(Бұқар)
Біздіңше, бұл үш мысалдың үшеуі де жарлай арнау үлгілері. Себебі, ақын, жыраулар бір адамға ғана емес, көпшілікке қайрыла сөйлеп, көңіліндегі ақыл,нақылын, өмірден түйген өрелі ойларын айтып сырласып отырғандай. Шәлгездің дидактикалық ақыл-өсиетінен де, Шал мен Бұқардың өмірдің өзекті сырларын шерткен үзінділерінен де айқын аңғарар сыр “елім”, “жұртым”, “халқым” деген сөздер болмағанмен “қонбаңыз”, “қонсаңыз”, “болсаң”, ‘етсең’, ‘бақсын”,”қақсын’, ‘тапсын’, не “жаныңа”, сияқты сөздерге қарап бұл өлеңдердің көпшілікке арналған жарлай арнау үлгілері екендігі. Асан Қайғының “Тақырлауға қонған таз тырна”, “Еділ бол да, Жайық бол”, “Алаң да алаң, алаң жұрт”, “Шәлгездің Шағырмақ бұлт жай тастар”(бұл толғаулардың көптеген шумақтары), Доспамбеттің “Тоғай, тоғай, тоғай су”, Ақтамбердінің “Жағалбай деген ел болар”, Бұқардің “Бірінші тілек тілеңіз”, “Ай не болар күннен соң”, “Жар басына қонбаңыз”, “Ақсаңнан биік тау болмас, Айналасын жер тұтқан” , т.б. Көтештің “Қара таудың басынан көш келеді”, Шалдың өмірдің кезеңін сипаттай суреттейтін өлеңдері, бәрі де – жарлай арнаулар. Себебі қай ақын болмасын тақырыпсыз дидактикалық ақыл, нақыл толғауларын, өмір туралы тебіреністерін жұртшылыққа арнайды, көпшілікке көкейдегі сырын ақтарып, сырласа кеңесе келе, негізгі айтар идеясына үндеп отырады.
Ақын, жыраулардың қолданған көркемдік тәсілдерінің, айшықтау түрлерінің бірі – сұрай арнау.
Айналайын, Ақ Жайық,
Атсалмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік бөз орда,
Еліне кірер күн қайда?
(Доспамбет)
Қалаға қабылан жаулар тигей ме?
Қабырғадан дұшпан жалдап жүргей ме?
Қатарланып, қаһарланып,
Қайдан ер қарт күреңге мінгей ме?
Қабырғадан қараған,
Достым менен дұшпаным.
“Апырым,ер Доспамбет!” дегей ме?
(Доспамбет)
Табаны жалпақ тарлан боз,
Таңдап мінер ме екенбіз?
“Ақтамберді қолы” деп,
“Жанайдың салған жолы” деп,
Жақсы атанар ма екенбіз?
(Ақтамберді)
“Айналайын,Ақ Жайық”, “Табаны жалпақ тарлан боз екеуі де толғау үзінділері”. “Қалаға қабылан жаулар тигей ме?” – жыраулар жырланрындағы көнелік белгісін танытар толғаулардың бірі. “Тигей ме?”, “жүргей ме?”, “мінгей ме?”, “дегей ме?”, дәл бүгінгі сөз орманы аудармасақ “тиер ме?”, “жүрер ме?”, “мінер ме?”, “дер ме?”, мағынасында. Сондықтан “қалаға қабылан жаулар тигей ме”? сұрай арнау үлгісі екендігіне күмән болмасқа керек. “Табаны жалпақ тарлан бөз”, “Қалаға қабылан жаулар тигей ме?” – сырттай қараған да жырау екеуінде де жұртшылықпен сан-сапат сұрақ қоя сырласып, асқақ армандарын ақтарып отырғандай. Бірақ, мұнда көпшілікке арнайы қайырыла сөйлеп, сұрақтар қойып, сол сұрақтарына жауап күту аңғарылмайды. Бұл жыраудың өзгемен кеңескен күйде өзімен сырласуы, өмірде нысана еткен арман-мүддесінен туындаған терең тебіренісін шебер берудің тәсілі ретінде танылды.
Енді, Үмбетейдің “Бөкеге” аталатын толғауының үшінші шумағына назар аударайық:
Тоқымы кеппей топтанып,
Ел тонауға аттанып,
Жылқышысын дайырлап,
Жылқыларын сойылдап,
Жаудай шапқан не сұмдық?
Бұл торлғаудың екінші, төртінші шумақтары да осындай сұрай арнау сипатында. Демек, “Табаны жалпақ тарлан бөз”, “Қалаға қабылан жаулар тигей ме?”, - жыраудың өзімен, “Айналайын, Ақ Жайық” – туған мекенімен сырласу ретіндегі “Бөкеге” шумақтары – жеке адамға арналған сұрай арнаулар.
Доспамбет пен Ақтамбердіден келтірілген сұрай арнау үлгілерінде арман, үміт лебі, жауынгерлік өр оптимистік рух, мол да, Үмбетей үзінділерінде тілдеу, зеку,сес басымырақ. Алайда, бәрінде де ерлік, бірлік идеясы. Сол идеяны жыраулар ерекше сұрау – сырласу түрінде ерекше леппен шынайы да шебер жеткізе білген.
Ақын, жыраулардағы сұрай арнаудың бір түрі – риторикалық сұрау күйінде келеді. Жарлай сұрай, зарлай арнауларға қарағанда ақын, жыраулар мұрасында риторикалық сұрай арнау көбірек кездеседі. Ол XV-XVІІІ ғасырлардағы жыраулар мен ақындар мұрасының негізгі шешендік, билік, ақыл, нақылдық өсиеттен – дидактикалық тебіреністерден тұратындығынан болса керек.
ІІІ. Қорытынды
Көркемдікпен көмкерілген асыл поэзия
Қазақ хандығы дәуірінде жасалған мол мұраның шағын бөлігі ғана біздің заманымызға жетті. Алайда,қолда бар үлгілердің өзі халқымыздың сөз өнері биік деңгейде болғандығын көрсетеді. Хандық дәуірдегі әдебиет төрт ғасыр бойы сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңіріп, өзіндік үн, өзгеше бояу-ақыш, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Қашанда ел өміріндегі күрделі оқиғаларға үн қосып, өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырды, өткен күн, озған дәурен, көне тіршілік шежіресі болды. Үнемі халық жағынан табылып, елдің бүгінгі ғана емес, болашағы үшін де аса мәнді идеялардың ұраншысы қызметін атқарды.
Еркіндік, егемендік кезеңдеріндегі қазақ әдебиетінің дәрісі үлкен тағылымы да осында.
Жыраулар поэзиясын оқыту әдісі
Әдебиеттің үлкен бір бөлігі – жыраулар поэзиясын игерту жолында жобалау технологиясын басшылыққа алуға болады. Бұл модельдің тиімділігі – жыраулар поэзиясы туралы берілетін көлемді түсініктерді, ұғымдарды тұдырымды түрде, көрнекті түрде ғана жып-жинақы етіп бере білуінде, мақсатқа жүйеленуінде. Ғылыми еңбектермен жұмыс істеуге баулиды. Ең бастысы, терең, тиянақты білім алуға өнімді, нәтижелі көмек тигізеді. Тақырыпты түсіндіру барысында бірнеше бағыттарда жұмыс жасалады. Онда толғаулардың тарихы, шығармашылық ерекшеліктері, қазақ жыраулары жөнінде түсінік, олардың шығармаларына шолу, романтикалық шарықтауға көңіл бөлу, дидактикалық толғаулар авторларымен танысу қамтылуы тиіс. Сызбалардың әр түрін қолдана отырып, тақырып ашудың аясын кеңейтеміз. Жыраулар шығармашылықтарындағы үндестік пен басты ерекшеліктерді тауып, сараптама-талдау жасау, барлық ақпарат құралдарынан жаңа мәліметтер жинау, папкаға салып жинау, «Жыраулар сөзі – тарихы шежіресі» тақырыбына ғылыми баяндама жасау, не болмаса сабақ көлемінде студенттер арасында «Жыраулар, Егемен Қазақстан және мен» тақырыбына пікір-талас ұйымдастыруға, өмірдегі өз мақсаттары, оған жету жолдары туралы сырласу, конференция, диспут түрінде өткізуге болады. Сонымен қатар, өнер сайысын өткізу қарастырылуы мүмкін. Бірнеше сатыларды қамтылуы шарт:
«Сөйле жырау». Жыраулар жайлы аңыздар мен толғауларды мәнерлі түрде айту:
аспаптар көмегімен мақамдап айту;
инсценировка;
жырауларға арнап арнау өлеңдер жазу;
жыраулар тілінің түсіндірмелі сөздігін жасау;
«Болмасаң да ұқсап бақ...» Осы тақырыпта поэзияға икемі бар студенттер толғау жазуға талпыну;
«Кім шешен?». Іскерлік айтыс өткізу. Шешендік өнер айтысы. Жыраулар толғауларындағы даналық, шешендік сөздерді пайдалана отырып ауызша әңгіме-толғауға дайындалу. Соның негізінде ой толғау жазу.
Жыраулар толғауларындағы афоризмдермен жеке жұмыс жасауға болады. Студент өзі қалаған бір жырау шығармашылығын қарастыруына әбден мүмкін.
Мынадай тапсырмалар ұсынуға болады:
«Жыраулар мен тарих» тақырыбына ғылыми сипаттағы мақала әзірлеу;
халқымыздың ұлы ұландары – жыраулар шығармашылығында. Толғау-эссе жазуға болады.
Жыраулар поэзиясы және бағыттар жыры. Азаттық, теңдік мәселелері жөнінде реферат жазу;
Ал, толғаулардың бір-бірінен ерекшеліетерін айырып көрсету мақсатында әдеби талдау, яғни екі толғауды қатар алып ондағы сөздердің қолдану тәсіліне мән беру, сөйлеу тілі кездесіп отыратын даналық, шешендік, басқа тілден енген сөздерге, тұрақты сөз тіркестеріне, поэтикалық тіліне, жиі пайдаланатын сөздеріне, эпитет, метафора, ирония, сарказмның орынды қолданыс мәнеріне кеңінен көңіл бөлу қажет. Бұл жыраулар поэзиясын қарастырғанда қамтылатын мәселелер. Осы орайда студенттердің сөйлеу тілін дамытып, тіл мәдениетін жетілдіруге тексті мәнерлеп оқи білу дағдысын арттыруда, оқыған шығарманың идеялық-тақырыптық мазмұнын, көркемдік өзгешеліктерін ұғынуда, эстетикалық талабы мен талғамын өркендетіп, әдемілік, сұлулық, әсемдік туралы сезімдерін оятып қаыптастыруда шығарманы жаттау аса маңызды жұмыстардың бірі болып есептеледі.Жалпы алғанда жаттауға ұсынылған шығарма үш топқа бөлінеді:
а) көлемі шағын өлең түріндегі шығармалар, жаттау үшін қиындық келтірмейтіндіктен, тұтас түрінде жатауға беріледі.
ә) әрі көлемді, әрі мәтіннің жаттауға қиындық келтіретін жерлері бар шығармалар ықшамдалып, қысқартылған түрде берілуі.
Жатталған мәтінді студентке айттырғанда, ұстаз оның мәнерлеп оқудың барлық шарттарын (дауыс сазы, қарқын, кідіріс түрлері т.б.) толық сақтап отыруын үнемі талап етіп отыруға міндетті. Бұл шарттар орындалмаса, автордың ой- сезімі, көңіл- күйі көрінбей қалады, білімдік, тәрбиелік, эсетикалық маңызын жоғалтуы сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қ.Сыдықов: “Дала жыршылары”
“Көркем сөз өрнектер”
М.Мағауин: “Қазақ хандық дәуір әдебиеті”
Ай заманай заман-ай
М.Мағауин “Оқулық христаматия”
М.Әуезов “Әдебиет тарихы”
С.Мұқанов “Зерттеулер”
Сүйіншалиев “Қазақ әдебиетінің хандық дәуірі XVІІ-XVІІІ ғ”.
І Кіріспе
XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы
ІІ Негізгі бөлім
Жыраулық поэзиядағы көркемдік өрнектер
а) Батырлар келбеті, сәйгүлік сипаттары
ә) Образдарға тән нышандар
б) Суреттеу тәсілдері
в) Құбылыстар
г) Айшықтаулар
ІІІ Қорытынды
Достарыңызбен бөлісу: |