Кіріспе Зерттеу тақырыбының өзектілігі


Кейіпкер тағдыры және көркемдік шешім



бет2/4
Дата23.10.2016
өлшемі1,22 Mb.
#38
1   2   3   4

1.2 Кейіпкер тағдыры және көркемдік шешім
Қазіргі уақытта мемуар авторлары хат жазбаларын, ескерткіштік, күнделік, күн жазбаларын, автобиографиялық бланктерді «Мен» атынан беріп келеді; ал ғұмырнамалық роман, повесть, очерк, әңгімелер мен естеліктердің жазылуында автор кейде баяндаушы, бірде әрі автор-кейіпкер, әрі баяндаушы-жазушы болып, әр түрлі жақ пен шақтық ұғымдарды да білдіреді.

Ал ендігі негізгі зерттеу объектіміздің пәні болып табылатын авторлардың шынайы өз ғұмырларынан жазылған төл туындымаларында бүгінгі қазақ мемуары мынадай түрлерден тұрады: ғұмырнамалық, естелік, автобиографиялық бланк т.б. («өзіндік» және басқалар туралы естеліктер, ғылым әдебиетпен араласа келер естеліктер (күнделіктер) күнделік және күн жазбалары («Өзіндік» және басқа объектілер жайынан да, саяхаттық та), хат, хат жазбалары, ескерткіштер. Бұлар бізде прозамен де, ұсақтау түрлері – поэзиямен де жазылуда.

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет ретінде бостандыққа қол жеткеннен кейінгі жылдары жазылған ғұмырнамаларға Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым», Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамсасы мен Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романдары жаңа сапасымен ерекшеленеді. Мазмұны ұлттық қазақ ұлттық мемуаристикасы туып өсті. Ғұмырнамалық шығармалардың суреттер объектісі өзгеріске келуімен байланысты, мемуарлық түрде де жаңару пайда болды [23, 14].

Балалық шақтан баяндай келетін шығармалар адам биографиясын өрбітіп жатады. Сондықтан да ол ғұмырнамалық (автобиографиялық) болады. Енді туу кезі жоқ автобиографиялықта да детальдарсыз тұратын және өмірдің есейген мезетін (мейлі, көп жылдарды болсын) қамтитын ғұмырнамалық-ғұмырнама естеліктер боп қарастырылуы жөн. Айтылар әрі суреттелінер ойдың негізгі барынша терең жазылған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» мемуарларын да біз автобиографиялық деп табамыз. Өмірдің барлық сәттері, әрбір сағат, минут, күні, айы түгел қамтылмаса да, керісінше автордың өмірінің аса бір қажетті де қымбат сәттері таңдап алынып жазылған, ғұмырнамалық (автобиографиялық) деу – мемуарлардағы сәбилік, болмаса кісі қатарына келуге дейінгі балалық өмір суреттерінің, адам өмірі тарихының жасалуының, жүйелі берілуінде жатқандай.

Жалпы аталған шығармалардың баяндалуы, суреттелуі, композициялық формалық, сюжеттік формалық жақтарынан қарайтын болсақ, әр шығарманың өзіне тән ерекшеліктері бар екенін көреміз. Қазақ мемуарының бүгінгі беті мемуарлық түрлердің алуандарын көрсетумен қатар, соларды өз тұлғаларында топтай да келері бар. Ол әрі өмірбаяндық, әрі естелік мемуар – «Мен және менің замандастарым», ғұмырнамалық әрі сериялар «Мен», «Таңғажайып дүние» тұр.

«Мен және менің замандастарым» – әлеуметтік, қоғамдық, тарихи-өмірбаяндық мәнді мемуарлық роман. «Мен және менің замандастарымда» суреттелетін әлеуметтік жайдың өзі – саяси, саясиының өзі – тарихи, сол саясиы да әлеуметтік өмірді кешкен автордың жазғаны – ғұмыры да публицистикалы – бөлек-бөлек очерк тақылеттес келген «Мен және менің замандастарым» жалпы оқиға қоюлығы, суретті, тартысты беруінен роман болады. Онда тарихи жайда, хронологиялық, газет- хаттық формада кездеседі. Бұл – оның суреттер обьектісі мен жазылу дәуірінен шығатын өзгешелік. Бұл – біздің әдебиетіміздегі бірінші мемуар, социалистік реализммен жазылған, соңғыға үлгі салған көркем шығарма.

Ал ғұмырнамалық серияға кіргізілген, «Мен», «Таңғажайып дүние» романдарындағы оқиға мен адамдарды жазушы автор-кейіпкерді «мен» атынан сөйлете отырып жеткізген. Яғни логикалық сюжеттің түзілуі мен сол сюжетке тең түскен композиция құрылымы жайы – осы негізден шығады.

Ғұмырбаяндық «Мен», «Таңғажайып дүние» романдары ол сол сәттерді әрі бүкіл романмен топшыланатын дәрежеге өседі. Жазушы автор – кейіпкерді оқиғалар өзегіне көтергенде, оны обьективті шындықтан өмірде көргені мен кездестіргені тұрғысындағыдай жайда жазады. Бұл – кейіпкерді де, тарихты да, мезгілді де бұзбай әкеледі. Осы жай – ғұмырнаманың шынайылығы мен тәрбиелік мәнін жоғарылата түседі. Автор мемуарында публицист-философ, тарихшы, әдебиетші ретінде көрінеді. Ол өз заманының өзекті, қайнаған ортасында жүреді.

Екі романдағы автор – кейіпкерлер өзінің ортаға қатысы мен бүкіл бойынан (қоғамдық-саяси, эстетикалық-моральдық жақтарынан), өз халқының асылын жинақтай келген – ұлттық менталитетімен берілген. Бұл жай М. Әуезов айтатын: «ұлттық пішінде жазушы сомдаған образдардан ғана емес, сондай-ақ ең алдымен оның қай тілде жазғанына қарамай осы пішінді білдіруші әрі тасымалдаушы жазушының өзінен іздестірген абзал» [32, 17].

Автор – кейіпкердің өсу жайы – жалпы қоғамдық сананың прогресті бет бейнесінен келеді. Осы бағытында автор мен автор – кейіпкер өте жақын табысты болғанымен, ғұмырнамалық романдағы кейіпкер Мұхтар Мағауин немесе Қабдеш Жұмаділовтер мен жазушы М. Мағауин, яғни Қ. Жұмаділовтер бір емес. Қанша ерікті болса да кейіпкер – автор, автор – жазушыға ерік беруі әбден мүмкін. Мемуарда кейіпкерлерге деген сыншылдық автор – кейіпкерден сол адамдарды көрген, кездескен жаймен жетілдіре беріп отырғанда, ол бейнелер мен автор – қаһарман жөніндегі жазушы ойы – алдын орай азаттап, мемуардағы авторлық «мен»-оқырманға жүзбе-жүз әңгімелегендей келеді. Бұл көп жайда шығарманың шынайылығын арттыра, соған жұртты сендіре түсерлік мәнде тұрады.

Жазушылық әдістің осылай қолданылысы оқырманға автор – кейіпкерді алыстан бағдарлаттырмай, қасынан тапқызады. Басқа бейнелер де автордың «Менінен» болғандықтан да, кейіпкер жазушылық баяндаулардан келтіріледі.

Жазушының автор – кейіпкеріне төңіректегі болып жатқан өзгерістерді топшылату, соған көзқарас ұсындыру мақсаттылығынан сюжеттің өзін кеңейтіп жібертіп те, жеке мәселелерді, бірер келтірінді новеллаларды да орналастыра отыру жайы да бар. Бұдан әдіс мемуар логикасын бұзбай, жалпы шеңберден «автор кейіпкердің ой-дүниесін, болмаса сол кездік жайды толықтыра, топшылай қарастырады». Қ. Жұмаділов және М. Мағауин шығармаларына жекелеп қарастырсақ, осы жайларға көзіміз жете түседі. Мысалы, Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романындағы «Ұшқан ұя», «Қырау қия», «Алматы аспанында», «Жайылған тор», «Қанат толды», «Түлеу», «Самғау», «Таят» тақырыптарының кей тұстары осындай, Мұхтар Мағауиннің «Мен» романындағы «Шытырман», «Қия жолдар» деген тарауларда ғұмырнамадағы арнайы өмірлік жайларды белгілі негіздеген. Мұндай жағдайлар әдеби негізсіз емес, бұлайша тақырыптар беру Аксаковтың «Семейная хроникасында» да бой көрсетеді.

Қабдеш Жұмаділов өз ғұмырнамасын жазғанда өткенді елестету ретінде келтіреді, көз алдында жүріп жатқан істерге, не өткен жайға жазушының сол шақтық тұрғысынан қарай да жазады. Жазушы елестету әдісін тек өз тарапынан ғана қолданып қоймай, кейде оны кейіпкерлеріне де тән етіп келтіреді.

Мысалы: «Мен есікке таянғанда, Мұқаметқали жұртқа қарап сөйлеп отыр екен. Кейбір дыбыстарды таңдайынан қайырып, ыңыранып, сөйлей ме, қалай? Бірақ әр сөзді мәнеріне келтіріп, қоңыр үнмен келістіріп айтады:

– өздеріңіздің қайыр-дұғаларыңызбен аман-есен орталарыңызға келіп отырмын. Бұл да болса ел-жұрттың, осында отырған сіздердің арқаларыңыз. Басыма қатерлі қиын күндер туғанда да, арқа сүйер елім барын, ағайын-жұртым барын бір сәт естен шығарған жоқ. Сіздерді үнемі есте тұттым. Егер айрандай ұйыған ел бірлігі болмаса, арт жақтан бүлік шығып, күдік туып жатса, маған бұл жолы ел – жұртты қайта көру жоқ еді! – деген мазмұнда біраз сөздер айтты»... [24, 89]

Тап осындай әдістер Мұхтар Мағауиннің шығармасында былайша беріледі: «Дұрыс» – деді жұмыс тұтасымен оқылып біткен соң. «Дұрыс, болды енді». Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет қалпына келді. «Үнсіз толқып, аз отырды». «Енді Мырзатай...Мырзатай көне түркі дәуіріне шықсақ, әдебиетінің мың жарым жылдық тарихы орнына түсер еді».

Бұл мәселені кең қамту, белгілі бір ойға жұрт көзқарасын абайлату, жазушының өзіндік философиясын да талқыда көрсету үшін алады. Сондай-ақ, авторлар кей кездерде өз ойланысын, топшылау жүйесін де ұсынады. Әсіресе, жазушылық өнерді мақсат тұтқан таза прозаның көрнекті өкілдері болып табылатын шығармагеріміздің өзіміз зейіндеп отырған шығармаларында жазушылық өнердің қыр-сырын оңғартудағы терең толғаныстарынан көреміз.

Журналист-жазушы Ә. Нұршайықов өмірбаяндық романының көптеген тұстарында осы ойларды былайша аңғартады:

«...Мен Одақ маңына өте кеш келдім. Соғыстан кейін 18 жылдан соң жазушылар одағының бір қызметкері болып, оның табалдырығын аттадым. Оған дейін университетте оқып, оны тауыстым. «Социалистік Қазақстан» және Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде журналист боп қызмет істедім. Тек 1963 жылдың басында ғана Қазақстан Жазушылар одағы шаңырағының астына келіп, одақ органы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болдым» [2, 49].

Жиырмадан жаңа асқан шағында-ақ, классикалық үлгідегі туынды жазып, алпысқа жақындаған шағында ғұмырнамалық шығарма жазған М. Мағауин «Мен» романында жеке тұлғаның өмірінен гөрі, өзі әбден басынан өткеріп, қыр-сырын ұғу нәтижесінде жазушылық өнердің тәжірибесі мен табиғатынан мол дәріс бетін көркем шығармасында да шығармашылық өнердің қилы-қилы тағдырын былайша зерделейді.

«Әдебиет – осы үлкен өнердің бір бұтағы, сөз өнері. Жазушы дегеніміз – әдебиет, әдебиетті жазушы, сөз өнерінің ұстасы. Басқа өнер иелерінен, басқа мамандық, кәсіп өкілдерінен астам емес, кем де емес, өзіндік сыр-сипат, тұр-тұлғасы бар, өзгеше бір кейіпті жан. Артықшылық демейік, ерекшелік десек, ғылымы жоқ, ел-мақрұм. Ғылымсыз, техникасыз ел болған, әдебиетсіз ел болған емес. Яғни, жазушысын сыйламаған жұртта болашақ жоқ. Қаламгер атаулының асқақ жүретінің бір себебі осында. Өзін дүниенің тетігі санайтын. Әсте олай емес. Дүниенің тетігі басқада. Жалпақ дүние емес, халықтың жан дүниесінің тетігі-жазушы десек, бұл – шындыққа жуық».

Екі бірдей дүниенің қиын-қыстауын басынан кешірген Қабдеш Жұмаділов «Таңғажайып дүние» романында ғұмырнамасының ең бір елеулі шағы жазушылық өнер екеніне жан- жақты тоқталады.

«...Мақсатымыз айқын, арымыз таза еді. Ар-ұяттың тазалығы – жазушы үшін басты шарт. Алдында жатқан ақ қағаз қандай таза болса, жазушының жан дүниесі де сондай кіршіксіз пәк болуы керек. Әлдебір бақай есепті, қулықты ойлап отырып, ақ қағазбен қалай бетпе – бет келуге болатынын өз басым түсінбеймін. Абырой – атақ алу үшін үкіметке жағыну, жоғарыда отырған біреулерге ұнағысы келу де ар тазалығын білдірмесе керек. Мәселен, мен күні кеше Ленин туралы ағынан жарылып шығарма жазған, тәуелсіздік таңы атысымен Президентті де мақтап үлгерген, енді Абылай хан жайында ашкөздене қалам тартып жүрген жазушыны білемін.

...Шын суреткер әдебиетке өз өмірбаянын, мол тақырыбын ала келетіні белгілі. Жазушының концепциясы, стилі, қолтаңбасы дегендер осы тақырып ерекшелігінен туындайды. Алайда, сол тақырыпты игерудің өзі біркелкі болмайды. Кейде болашақ шығарманың материалын тынымсыз ізденіс үстінде, құм арасынан кебек алтын сүзгендей, тарих қойнауын ақтарып жүріп табатын болсаң, енді бірде тағдырдың асау толқыны сені өзімен бірге дөңгелетіп алып кетеді де, сол өзің куәсі болған сан алуан оқиғалар қолыңа еріксіз қалам ұстатады. Менің шығармашылық тәжірибемде осы жағдайдың екеуі де ұшырасады» [24, 102].

Бұл келтірілген романдардан алынған мысал жолдар автор – кейіпкерлердің ғана көргені мен ортақтас түйіскенімен шектелмейді, жазушылардың да оқырманға деген айтар ойлары сияқты.

Қ. Жұмаділов суреттеген адам басындағы күйініш не сүйініштік сәттер, жеке басындағы монологтық ойлану да (бала күндеріндегі кезең, туған елге оралуы, жаңа-дүние, жаңа қоғамдағы өмір, өткен өмірге есеп беруі, тағы да тіршіліктегі жайлар туралы айтылар ойларында кездеседі) шығарма бойында үзік-үзік көп кездеседі. Жазушының адамдық тебіренісі – қаламгерлік толғанысқа ұласып отырады. Тарихи дәуірге куә болған, автор-кейіпкердің бұл жолдық сапары – оның өмірге келуі, туған ұясы күйреп, жетімдікке кезігуі ғұмырнамалық романдарда әр түрлі болып келеді.

Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романының «Өткелдер» атты бірінші кітабының «Сәбит, Ғабит, Ғабиден... және мен» атты бөлімінде жазушылармен сырттай сыйластық, «Есею жылдары» романын талқылау мәселелері сөз болады». Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты ұлы жазушылардың қилы-қилы мінездері суреттеледі. Мұнда Ә. Нұршайықовтың әрбір болған оқиғаны қойын дәптеріне белгілеп отырғандығы және естелік жазу үстінде осы нөмірленген қойын дәптеріне сеніп отырғандығы байқалады. Әрине, бұл арада олардың бәрін тегіс келтіріп жатпайды. Естелік Ғ. Мүсірепов туралы болғандықтан, оның сөздерін тұтас келтіріп отырады [2, 55].

Екінші кітабы «Асулар» деп аталып, мұнда ол естеліктерін Ғ. Мүсіреповтің өзіне байланысты күнделікке кірген оқиғалар арқылы жеке баяндайды.

М. Мағауин ғұмырнамалық хамсасы өткенді елестету ретінде келтіргенде, оның көз алдында жүріп жатқан істерге, не өткен жайға жазушының сол шақтық тұрғысынан ғана емес, бүгінгі күн тұрғысынан да қарап жазғандай.

Әдебиет әлеміне із салған жанның табиғатын тану өте қиын, әрі нәзік проблемалардын бірі. Кейде қаламгердің өмірбаянын, қайда оқып, қайда жұмыс істегенін, тіпті кімді сүйгенін білу аз. Оның үстіне кейбір авторлар өзі туралы егжей-тегжейлі өмірбаяндық роман жазу үстінде. Авторды білу үшін былайша өзін-өзі жазу да кемшілдік көрсетеді, өйткені қаламгер образы бүкіл шындықтың бәсіресі бола алмайды. Сірә, біз авторды тану үшін қаламгер концепциясын, яғни автор шолуын, әлем танымын, жан-жүрекке үңілуін, сосын қандай саяси-әлеуметтік, әлеуметтік философиялық көзқарастарға келуімен жинақтауға тиіспіз.

Көркем әдебиеттің әртүрлі саласында ұзақ сапар шегіп, еңбегі еліне танылып, қайраткерлік қызметі танылған шағында Мұхтар Мағауиннің азаматтық болмысын және бір жаңа қырынан танытқан, бұрын-соңды қалам тартпаған тың жанрдағы «Мен» ғұмырнамалық хамсасы 1998 жылы жарық дүние есігін ашты. Бұрын соңды қазақ әдебиетінде кездеспеген «Мен» деген атауды алғашында оқырман қауым таңданыспен қабылдағаны жасырын емес.

Кітаптың анотациясы: «Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Мұхтар Мағауиннің «Мен» атты мемуарлы хамсасының алғашқы екі кітабында автордың қаламгерлік жолы және ғылымдағы ізденіс машақаттары туралы әңгімеленеді, бұл-жеке бір адамның ғұмырбаяны емес, тұтас бір дәуірдің суреті. Романның тілі шұрайлы, оқиғасы ширыққан тартысты, заман шындығы барынша шынайы әрі әсерлі бейнеленген: кітаптың тағылымы мол» деп берілген [27, 5]. Бұл аннотациялық анықтама жазушы хамсасының ішкі әлемін айқын аңғартып тұр. Дегенмен, оқырманға бұл да аздық етеді. Ең бастысы, хамсаның атауындағы сырлы «Мен» сөзінің мәнісін философиялық тұрғыдан бағамдап көрелік «Мен» (философияда) – адамның дүниеге және өзіне-өзі өзімсіне қарайтын жекелігінің, даралығының рухани орталығы. Өзінің іс-әрекетін дербес меңгере білетін және жан-жақты бастамаға қабілетті адамның өз «Мені» болады. Философия тарихында көптеген концепциялар «Менді» идеялық негіз ретінде түсіндіреді, адам «Менінің» нақты тарихи негізін көре біледі. Оларда бұл проблема көбінесе философиялық жүйелер құрылысының түпкі проблемасы ретінде қойылды. Декарт бойынша, «Мен» өзін ойлаушы субстанцияға жататын сияқты, рационалды танымның интуициялық негізі ретінде көрсетеді және осы арқылы өзінің дербестігін қуаттайды.

Мен-концепция-индивидтің өзі жайлы түсініктерінің біршама тұрақты, азды-көпті мәні бар, қайталанбас деп саналатын жүйесі индивид өзінің өзге адамдармен ара байланысын сол негізде құрып, өзіне сол тұрғыдан қарайды.

Суреткер Мұхтар Мағауин ғұмырнама хамсасының алғашқы жолдарынан-ақ «мен» ұғымының жазушының жеке көзқарасы тұрғысынан қандай мағыналық мәні бар екенін былайша жазады:

«Шытырман, яғни менің еншілі өмірім, таңбалы жазуым. Бастан өткен ғұмырдың көңілдегі суреті. Қаламға ілінген жазудың жүректегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бердерлі белестер ғана. Дәл жазу емес, дертті толғаныстар ғана өмір-арқау, жазу өрнек. Екеуінің тұрмысы бір – менің өзім. Мен... кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр, Анық ақиқат: тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түркі, ұлтым – қазақ, ұраным – алаш, есімім – Мұхтар, сойым Мағауин, туған жылым-миләди 1940, бүгінгі жасым-елу алтының үстінде...».

«Саған сол тап күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек. Өзіңді өте жақсы көретін ел-ді. Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмтылады, атаның аруағын арқалап жүрген-жалғыз өзім, алаштың келер ұрпаққа жеткізетін – мен, Мен ғана болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды, мен, мен деп ойладың. Аз ба, көп пе бар жасағаның еңбегің-осы сенімнің көрінісі» [27, 28].

Міне, жазушының жан сырынан ұққанымыз «мен» тек жекелік ұғымда ғана көрініп қоймайды, жас, албырт, өмірге енді қадам жасаған жасты талпындыратын қуаттаушы ұлы ұғым. «Мен» жекелік ұғымның астарынан ұлы түсінік, ұлы ұғым-сенім пайда болады екен. Жалпы, бұл шығарма тек ғұмырнама дүние ғана емес, осыған қатысты түлі түсінік, ұғымдарды жинақтаған үлкен пәлсапа екен.

Қабдеш Жұмаділов – өмірбаяны аса бай жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Басынан өткізген ұлан-ғайыр мол материал оның шығармашылығының сарқылмас азығына айналып отыр.

Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы баспасөз бетінде бірқатар әдеби-сын мақалалар жарық көрді. Ол еңбектерде қаламгер шығармаларының біраз қырлары сөз болған.

Академик Рахманқұл Бердібаев «Қабдеш Жұмаділов – әдебиетіміздің классигі, Мұхтар Әуезовтің шеберлік мектебінен тиісті тәлім алғаны, ағынын кең көлемде көрсетуде, адамдар мінезін даралауға, сөз асылын теруге талаптанатын және бұл үйренудің таза творчестволық дәрежеге жеткенінен көрінеді» [11, 101], – деп жазушы шығармашылығының әділ бағасын береді.

Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының жаңа бір жанрлық қырын айқындайтын туынды – «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы. Бұл роман «Жұлдыз» журналының 1998-1999 жылдардағы сандарында жарық көрді. Ғұмырнамалық роман туралы сөз еткенде, оның жанрлық табиғатын ескереміз. Бұл жанрда қалам тербеген жазушылар аз емес. Басқа халықтардың әдебиетін айтпағанның өзінде, С. Сейфуллиннің, С. Мұқановтың,
Ғ. Мұстафиннің, М. Мағауиннің, Ә. Нұршайықовтың мемуарлық дүниелері осының айғағы.

Роман желісі жазушының балалық шағынан бастап бүкіл ғұмырына негізделген. Өз өмірінде көзі көрген оқиғаларды қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайлар мен сабақтастыра қарастырған.

Мемуарлық туындыда суреткер роман, повестердегідей шығарма сюжетін әр тараптан өрбітіп, үлкен арнаға құйып отыруға мүмкіндігі келе бермейді. Суреттелетін оқиға жазушының өз басы тікелей я жанама түрде қатысатын болғандықтан, шығарманың сюжеттік желісі автордың дүниетанымы мен көрген-түйгендеріне негізделеді. Осыған орай мемуарлық шығармаларда құжатты фактіге сүйену, дәлелдеу жиі орын алады да, суреттеулерден гөрі баяндау тәсілі басым болып келеді.

«Таңғажайып дүние» романының өзіндік сипаты – жазушы екі түрлі қоғамдық (Шығыс Түркістан және Қазақстан) жағдайды салыстыра келіп, өз замандастарымен қарым-қатынасын, қоғам, адам, уақытқа деген көзқарасын, күйініш-сүйінішін танытып, өзіндік дүниетанымын ұсынып отырады [24, 109].

Әдеби процесс қай жанрда болса да өз дәуірінің өмір шындығына негізделеді. Ал өмір шындығы әр жанрда әр түрлі тереңдікте ашылады. Роман жайлы сөз еткенде, онда көрінетін тарихтағы, өмірдегі адамдар туралы жазушының ой-пікірінің субьективті сипатта екендігін ескерген жөн. Қаламгердің дәуір туралы, өзінің өмір жолы туралы толғануының ішкі динамикасы – роман ерекшеліктерінің бірі. Өткен өмірден қазіргі және болашақ дәуірдің ішкі байланыстарын іздеп табуға тырысып отырады.

Ғұмырнамалық романның маңыздылығын танытатын келелі бір мәселе- өзінің шығармашылық өмірбаянын жан-жақты қамтуы. Әдебиет – ардың ісі екені аян. Жазушы не жайлы, кім жайлы жазса да, алдымен, осы өлшемге сүйенсе, оны шығармасы көпке ортақ дүниеге айналады.

Жазушының 60 жасқа қадам басқан шағында жазған көркем туындысына «Таңғажайып дүние» деп тақырып қоюының әдеби-тарихи, философиялық мәнінің неде екендігін жауапты романның соңғы беттеріндегі мына жолдардан оқимыз: «Бастан кешкен жайларды сараптай келгенде, көзім жеткен бір нәрсе: бұл өмірді жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір-сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы жоқ, шексіз-шетсіз таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың. Сөйте тұра бар ғұмырың күреспен, талас-тартыспен өтетіні ғажап! Демек, тіршілік дегенің- сыры толық ашылмаған ғажайыптар әлемі, жазушылық өнер де сол- ғажайыптардың бірі... Осының бәрін ой таразысына салып келдім де, бұл кітаптың атын «Таңғажайып дүние» деп атадым [24, 623-624].

Роман жазушының тек өмірінің дерегінен ғана емес жазушылық өнердің қыр-сыры, суреткер зертханасы, қоғам, саясат, тарих т.б. әлеуметтік мәселелерді «жеке тұлғаның» ғұмырлық кезеңдерімен бірлікте беруімен де ерекшеленеді. Дегенмен, автор өзінің ғұмырнамалық романының жанрлық формасы туралы былайша толғанады:

«Әсілі, бұл кітапты өмірбаян дегеннен гөрі, адам мен қоғам туралы, замана туралы толғау деген дұрыс болар. Мемуар – біздің әдебиетте кенже қалған жанр. Мемуарда болған нәрсені бүкпей айту-басты шарт десек, оған кеңестік дәуірде екінің бірі тәуекел ете алған жоқ. Күнделік жазу, жазысқан хаттардың түбіртегін сақтау да еңбек. Негізінен, зердеге сүйенуге тура келді. Адам жадынан артық сүзгі жоқ. Қажеттісі есте қалады, қажетсіз ұсақ-түйегі ұмтылады. Демек, бұл шығарманы естен кетпес сәттердің жиынтығы десе де болады. Өмір жолында қайырымды, жақсы адамдарды көп ұшыратыппыз. Жақсылайдың шарапаты тиіпті. Кесір-кесепаты тиген кісілерде аз болмапты. Солардың бәрі қаз-қалпында қағазға түсті» [24, 623-624].

Ұлы ақын Гете мемуарлық шығармадағы идея-адам өмірінен кеп шығады, адам, оның ойы мен оқиға романды тудырады дейді. Осында жалпылау, топтау арқылы образ, идея тудыру емес, жекеден көпке тәндену бары да келтірілмеген. Өмір сүрген қоғамдары, дәуір, замандары жалпы жазушылыққа әсер ететін факторлардың барлығы бірдей болғанымен, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин,


Қ. Жұмаділовтердің әрқайсысы өзіндік тағдыр жолымен келеді. Олардың тақырыптары бір мотивтен талап ету-өмірдің сан жолын, даму заңдылығындағы алуан тіршілігі бекерленгендік қана болар еді.

Ғұмырнамалық мемуарлардағы жазушының жеке басқа тән ерекше жайларының да ұмытылмай отыруы заңды. Олай болар, авторлық «жеке өзім» де-көптіктен. Өйткені, Ж. Сайн айтқандай, «жазушы мен ақын өз әкесінің ғана емес, өзі өскен ортасының перзенті». Осы себептерден де Ә. Нұршайықов,


М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің мемуарлары әлеуметтік-тарихи сипатқа бейімді. Өмірде сәби, үйренуші жағдайда жүргенде автор-кейіпкерлер көптің бірінен топшаланады, болашақта қиыр көшуде жолдағының куәсіндей ғана болып сөйлеуші еді. Өмірдің өткендерінен өтіп, күрескен тұлғаларға айналып, ұлтының қайраткерлері болған олар миллиондар атынан дауыстап, солай қимылдай келеді. Осы барыста олардың мемуарларында әлеуметтік ортаның көрінісі құдіреттене түседі, ал романның «Барша көпшілік оқырманға шындықты жайып салысы да...» (Хосе-Мануэль Кабальеро-Вонильд) авторлардың соны қалай таңданысынан шығады.

Мемуарлардың автобиографиялық- әлеуметтік, тарихи табиғатынан оның сюжет, композиция бітісі де, идея-тақырыбы да белгіленеді.

Авторлардың романдағы материалы, ойлау тәсілі мен суреттеу құралы, типтеу принципі, сюжет, композициясы да өзіндік ерекшеліктерге ие.

Романдар сериясына ұласқан жазушы мемуарының сюжеті ұзақ өрісті. Бұлай өрлей жазу, Э. Добин айтқандай: «автор ойын берудің амалы, шындықтың пікір-тұжырымын алыс-алысқа апару болады».

Ә. Нұршайықов естелік жанрына ерекше мән беріп қарайды. Естелік өзінен-өзі салбырап аспаннан түспейді, ойдан және жүректен шығады деп тұжырымдайды. Ол естелік жанрын мынадай формуламен белгілейді:

«Мен + Ол + Орта = Естелік».

Сонда Мен-автор, Ол-естелік объектісі. Ал орта дегеніміз Мен + Ол ғана емес, осы екеуі қақтығысып арасында жүретін толып жатқан әр алуан адам, олардың оңаша немесе өзара әрекеті ғой. Ендеше, өзгелерге соқпай, өзіңді қатыстырмай, қалай естелік жазуға болады?

Ал Ғабит туралы жазу азды-көпті болса да, қазақ әдебиеті туралы айту. Соның өсу, өрлеу жолындағы кейбір процестеріне көз сала кету. Биік бәйтерек туралы сөз қозғаған кісі оның бұтақ, жапырақ, діңгегіне ғана емес, топырақ астында тарам-тарам боп жатқан тамырларына да, сол тамырлар арқылы алыптың бойына тарайтын қорекке де көңіл бөлмей ме? Оның қасында тұрған басқа бәйтеректерге де көз салмай ма? Бәйтерек арасын жайлаған солқылдаған жас шыбықтарға және назар аудармай ма? Мен Ғабең туралы айтқанда оның айналасындағы толып жүрген тобыр ішінде өзім туралы да айтармын деп ойлағанмын. Солай деп іске кіріскенмін. Жазушының жеке өмірінен мәлімет іздеген адам, ең алдымен, оның күнделіктерін қарауы керек. Күнделік жазбаған қаламгердің естеліктерін оқуы парыз. Оқырман өзі іздеген штрихтарды осы екеуінен табуға тиіс. Ендеше, Ғабең қайда қалды деп алабұртпа, бауырым. Осының бәрі Ғабең өмір сүрген ортаға байланысты оқиғалар, тікелей болмаса да ол кісіге жанама қатысы бар жайлар» [25, 40].

Қ. Жұмаділов романдарының мемуарлығы өте басым келеді. Мұндағы автобиография нақтылы шындықпен әлеуметтік-тарихылықпен келеді.

«Мен» ұғымын қолдануда және үшінші жақта баяндау арасында аз ғана айырма бар... «Мен»-нен сөйлеушіден кейіпкері мен жазушы еркінірек тәрізді. Ол өз идеясына көп нәрселерді икемдеп алады. Сондықтан да ол өз автобиографиясынан «таза биография» жазудан гөрі, әдеби автобиографияға бой ұрады. Мысалы, М. Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамсасы да осы жайды ағартады. М. Мағауиннің, Қ. Жұмаділовтің мемуарларының автобиографиялық дәлдігін автордың ауызекі өз айтысы да, кешілген оқиғаларының шындығының деректілігі, автор-кейіпкерді білетін адамдар сөйлесі (Р. Нұрғалиев, Б. Кенжебаев, Н. Ғабдуллин). Иә, мемуарды жазушының биография беруге саналы ойжар шақтары да (үйленісі, бала сүю, тума-туысы, өміріне ескерткіш болар кей жайларды) сипаттасып тұрысады.

Қ. Жұмаділовтің «тіріге сәлем беруге», «өлгенге бата оқуға» аттанысып жатқанын көреміз. Мұнда Шығыс Түркістандағы қазақтар арасында ұлттық салттың қаймағы бұзылмаған тыныс-тіршілігін көреміз. Жұрттың салт ұстанысы олардың әлеуметтік өміріне тікелей байланысты. «Ұшқан ұя», «Қыран қия» деген бөлімдердегі жастардың ойын-сауығы, ауыл адамдарының тұрмысы жайы, жерлеу рәсімдері, ағайынның араласуы, салттар, әдет жайлар бастапқыдан соңғылық өзгерісті сұрыптай мәдениетке әкеледі. Бұл – дәуірдің ілгерілеуінен, автор-кейіпкердің өсуі мен қабылдауынан көрінеді.

Ғұрып романда бастан-аяқ көріне бермейді. Халықтың әдет, салт-ғұрыпсыз ұлттық характері жоқтығын ескерсек, Қ. Жұмаділов романдарында бұл еленген де, елінің дамуымен бірге өскен. Халықтың ас жеу, көшу-қону, қысқы-жазғы отырысы, киінісі мен сөйлесі, еңбек барысы да осыны аңғартады. Бұл жайлар шоғырлана суреттелінеді, бара-бара бір елдің этикасы мен этимологиясына да логикалы астар да болады. Романда халықтағы ырым-сенім де ескеріледі. Ол бірде халықтың сонау бала кезінен келе жатқандай хал жайы жүректен беріледі. Бұл – баланың атын қою, өнерліден өнерлету сияқты жайлары [24, 143].

Өмірлік көзқарастар дәуірмен, қоғамдық жұмыспен, ортамен байланысты алынады. Шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен сөйлеген сөздері табиғи күйінде, шынайы болмысымен беріледі. Суреттелген жағдайлардағы қоғамдық ортаға танымал жандардың мінез-құлық ерекшеліктері сол күйінде беріліп отырады. Жазушылар осы жағдайларды жақсы ескеріп, болған оқиғаларға кейіпкерлерінің араласуындағы сәттерді, өмірлік мәселелерді солар арқылы бағамдайды.

Мұнысы оқырмандарды өткен өмірдің кейбір кезеңдерінің бүгінгі күндегі нәтижесімен ұштастыру болады. Біз қарастырған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдарын да жазушылар өз баяндарын, жұртқа аса мәлім емес бір өлең, арыз, хат, құжаттар түрлерінде келтіре жазады. Шығарманың бұлайша жазылуы-өмір алуандығынан шығуымен бірге, ғұмырнамалық форманы сақтау болмақ. Ә. Нұршайықов,


М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер кейде жалпы оқырманымен жүзбе-жүз сөйлескендей әңгімелесіп те кетеді. Мұнда авторлар айтарына оқырманды ұйытып отыруды ойласа керек.

Қаламгерлер суреттеулерінде мотивировка мен комментарийді қолданады, арнауды ғана емес, прологты да мемуарларында алға ұстайды. Адамдардың есімі және әкесінің атынан изофеттік құрылыста келтіре жазатын жазушылар, оны мемуарлық дәлдігімен, сол шақтық айтылуды сақтау, сол дәуірлік ерекшелікті байқата отыру үшін де және үндестік үшін де пайдаланады.

Қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, бүтін ұлтының мақтанышына айналған, халық жазушысы-деген ең жоғары дәрежелі атақты иемденген, ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер жазушылар- Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің автобиография-ғұмырнамалық жанрда роман жазуға шығыс-батыс, әлем, қазақ әдебиеттеріндегі не бір асыл сөздің түп қайнарларынан мейлінше қана сусындап, алдындағы үлкен көркем мемуарлық дүниелерден оқып-үйреніп, өмірлік тәжірибені сұрыптап жетті. Автобиографияға келу, автор-кейіпкерді проблемалардан биіктету, образдарды таңдау т.с. жайларында суреткерлер
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер өздеріне дейінгі қалыптасқан дәстүрді ілгерілете түсті. Бірақ, бұл шығармалар өмірдің тікелей көшірмелері емес, өзіндік ізденісі бар, ғұмырлық жолдың шығармашылыққа арналған кезеңдеріндегі қиындық пен қуанышты, әділдік пен ғаділетті, өткен мен бүгінді барынша айшықты әрі ашық, әсерлі жазумен ерекшеленеді. Диалектикадағы өмір атты өткелдің қым-қиғаш, қияпаты мен ойпатын, сүрлеу-соқпағы мен даңғылын өздері көрген, бастан өткерген жағдайлармен көмкереді. Шығармагерлердің жетістігі дегенде айтатын ең бірінші мәселе-қаламгерлер
Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтердің адам өмірінің өткелдерін жан-жақты көрсетуге ең тиімді жанр ретінде ғұмырнамалық роман жазуды қалап алуларын айтуға болады. Жазулары өмірдің тікелей көшірмесі емес, өзіндігі, ұлттық ерекшелігі бар, өмірдегі шындықты тану, көрегендікпен оны игеру, мәдениетті, өзі жүріп өткен ғұмырлық жолдың қорытындысынан ұғыну, ұрпаққа, болашаққа үлгі-өнеге, тағылым қалдыру мақсатынан туындаса керек.

Жазушылардың алпыс жастан асқанда бұлайша жаңа жанрға бас қоюлары Ұлы Абайдың ХІХ ғасырда алпыс жасқа келер тұсында қолына қалам алып, ғақылия – қара сөздерін жазып, соңында пәлсафалық, рухани құндылығы мәңгілік болып табылатын қырық бес қара сөзді жазып қалдырудағы мақсатымен ұштасатындай. Заңғар ақын-Абай өзінің қара сөзді жазудағы басты тенденциясы туралы былай дейді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» [26, 5].

«...Ақыры ойладым: Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара қағаз, сияны ермек қылайын, я оқысын, керегі жоқ өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» [26, 5]. Мінекей, Ұлы Абайдың қилы-қилы тағдырының тағылымы тудырған, бұл күнде бүкіл ұлттық рухани қажеттілігіне азық болып отырған «Қарасөз» аталған еңбек осындай ұлы мүддеден туындаған еді. Ал, біз зерттеп отырған авторлардың ақсақал жасында жазған ғұмырнамалық роман жазудағы басты идеялары да ұлы ақынның идеясымен үндесіп, романдар жанрлық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ көздеген мүдделері тұрғысынан да сай келеді.

Жазушы Ә. Нұршайықов өмірбаяндық роман жазудағы, яғни жаңа жанрға көшудегі себепті былай түсіндіреді:

«Халық өлеңдерінің бірінде: «Өлеңді айт!» дегенде бастау қиын, одан соң оны айтпай тастау қиын» дейтін жолдар бар.

«Өнер» баспаханасының директоры Сұлтан Оразалиновтың қазақ халқының ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов туралы естелік жазып беру жайындағы өтініш хатын оқығаннан кейін осы жолдар ойыма оралып, көп толғануыма тура келді. Ғабең жайында не білетінімізді сарапқа салдым. Ол кісіден өз өмірімде, жүрегімде қалған қандай із барын іздедім. Маған жолдаған кейбір хаттарын қарадым. Бірге түскен суретіне үңілдім. Ол туралы өз дәптеріме жазған жазуларыма көз жүгірттім. Айтатын азын-аулақ әнгімем бар екенін байқағаннан кейін, соны қағазға түсірейін деп үстелге отырдым» [25, 6].

Әр жазушының шығармашылық жолы әр қилы десек, ғұмырнамалық романға қалам тартудағы түпкі ойын Қабдеш Жұмаділов былайша баян етеді: «Кешкен жайларды жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір-сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы жоқ, шетсіз-шексіз, таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың.

Сөйте тұра, бар ғұмырың күреспен, талас-тартыспен өтетіні ғажап! Демек, тіршілік дегенің – сыры толық ашылмаған ғажайыптар әлемі. Жазушылық өнер де сол ғажайыптардың бірі...Осынау бәрін ой таразысына салып келдім де, бұл кітаптың атын «Таңғажайып дүние» деп атадым» [24, 623-624].

Саналы ғұмырында әр түрлі қызметтер атқарып, талай жауапты істерді тыңғылықты тындырған, жазушылықты редакторлықпен ұштастыра білген Мұхтар Мағауин «Мен» романының алғашқы жолдарынан-ақ көздеген түпкі ойды:

...Яғни мұрат-жуанмен белдесу, ұзынмен бойласу емес, өз жұртыңның қажетін өтеу, мүмкін болғанша, ең соңғы сәтіңе дейін әуелгі құбыла бағдарыңнан тайқымау. Бір сөзбен айтқанда, жазу. Ал соңғы жылдары дәл осы жазу бізде шамалы болғанын осымен нешінші мәрте қайталап айтамыз? Бала жылады, балтыр сыздады, анау болды, мынау болды – уақыт оздырып алдық. Енді, өткеннің орны толмаса да, келешектің есесі кетпес үшін, табандап отырып жазу керек. Жазу? – деп нақтылап айтып көрсетеді [27, 8].

Міне, біз қарастырған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдарын жазушы авторлардың көздеген мақсат мүддесі мен негізгі идеяларының халықшылдығы мен ұлтшылдығы Ұлы Абайдың арман, парызымен үндесіп жатады. Ғұмырнамалық романдардың табиғатының құрылымдары осындай. Онда нақтылы ғылым да, гуманитарлық- тарих, әдебиет, философия, психология мен педагогика да тұр. Сондықтан да ғұмырнамалық жанрды қарастырғанда, оның тек «әдеби туынды ретінде саф болуын» талғау-бір рет те шындыққа орайласпайтын да сияқты. Мәселе қай кәсіптен, қай жанрдан болуы тиіс.

«Әлемдік әдебиетте орны ерекше саналатын Еуропалық шығармалардың арасында роман жанрының толып жатқан түрлері бар, мәселен: әлеуметтік роман, серілік роман, бұзақылық роман, этнографиялық роман, саясаттық, қылмыстық, әдет, фантазиялық, философиялық, өндірістік, психологиялық, махаббаттық, өмірбаяндық романдар т.б.» болып келеді [28, 184].

Осылардың ішінде қазақ әдебиетінде еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ерекше қарқынмен жазылғаны ғұмырнамалық романдар екені дау туғызбаса керек.

Романды жанр ретінде қарастырған еңбектердің барлығында дерлік романның сөз өнерінің биік шыңы ретінде дамуы сонау көне дәуірлерден бастау алатындығы жетесіне жеткізіле айтылған.

Француздың «roman» – деген сөзінен шыққан, бұл күнде тұтас бір көркемдік категорияға айналған романның жанр ретінде қалыптасуын немесе оның алғы шартын көбіне ежелгі дәуірге немесе орта ғасырларға жатқызады. Антикалы романдар («Дафнис и Хлоя», Метаморфозы, немесе Апулейдің «Алтын есегі» Петронийдің «Сатириконы» және т.б.) және «Серілер романы» туралы Фон Эшенбахтың («Лоэнгрині», «Пристан мен Изольда»), Мэлоридің «Артурдың өлімі» т.б. бастау – бұлағын көне дәуірден алған роман жанрына жатқызады.

«Роман – күрделі және дамыған сюжетті, көбінесе қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылған кесек тұлғалы эпикалық әдеби шығарманың бір түрі. Роман басқа эпостық жанрларға қарағанда өмірді, оның әр алуан құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды кең қамтып, терең суреттейді. Романның құрамы, құрылысы күрделі, онда лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады. Роман қаһармандардың жеке өмірін, олардың арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастар тарихын суреттеу арқылы дәуір мен қоғамның, салт пен сананың кең суретін жасайды», – деп анықтама береді ғалым М. Атымов [28, 312].

Қазақ әдебиетінде өркен жайған роман жанрының қазіргі заман әдебиетінде түрлі типтері қалыптасқан.

Жалпы, ХХ ғасырдың екінші ширегінде жазылған қазақ романдарына тән қасиеттерді даралап айтар болсақ, әдебиетіміздің жетекші, кемел жанрына айналуы, жанр байлығы, философиялығы, философиялық тереңдікке ұмтылу талпынысы, психологизм тәсілінің жаңа да сапалы деңгейден көрінуі, қаһарман деңгейден көрінуі, қаһармандардың сезім күйінің, ішкі және сыртқы бейнелерінің жан-жақты кескінделуі т.б.

Ұлттық романның басым бөлшегін, негізінен, тарихи романдар құрап келді, бұл заңды да, себебі 60-80-жылдарда тарихи романның көптеп тууын
Н. Добролюбовтың мына сөзімен түсіндіргеніміз абзал: «Тарихи роман халық өзінің өткен өміріне көз салғанда туады» [29, 523].

Біздің ұлттық әдебиетіміздегі тарихи тақырыпқа жазылған романдар ішінде ең шоқтығы биігі М. Әуезовтің «Абай жолы» дәуірнамасы саналып келді. Дегенмен М. Әуезовтың «Абай жолы» романына дейін және одан кейін туған көркем сөз өнеріне қосқан зор үлесін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.

Жазушы өмірдің қатпар-қатпар күрделі құбылыстарын романдағы кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, таным-түйсігі, пиғыл-мінезі, дүниетанымы арқылы береді. 60-80 жылдар прозасының ерекшелігі сол әдебиетіміздің тарихи романдармен, оның ішінде басым бөлшегін құрайтын өнер иелері жазылған туындылармен толықты. Қазақ қаламгерлерінің революцияға дейін өмір сүрген қазақтың өнерпаз жандарына осындай өз туындыларын арнау себебі-сол өнер иелерінің өз шығармашылығына демократтық, халықтық сарынды арқау етуі, өздері өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздікті, үстемдікті, озбырлықты сынауы, әділетсіздікке отты тілін қару етіп, қарсы шығуы болса керек.

Былайша қарағанда, пәлендей қиын емес болып көрінгенімен, шын мәнінде әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық. «Адам. Ол кім? Оның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы неде?», «Адам өмірінің мән-маңызы неде?», «Адам – дүиедегі ең құдіретті тіршілік иесі болса, екінші жағынан, ол-әрі әлсіз, әрі қорғансыз да емес пе?», «Неліктен адам – символикалық хайуан деген пікірлер бар?» деген сұрақтарға жауап іздеуімен де бұл қаламгерлер ерекшелене түседі. Жалпы алғанда, әдебиеттегі басты тұлға адам образына жоғарыдағы көрсетілген сұрақтар тұрғысынан келсек, 60-80-жылдардағы қазақ романының әлеуметтік жүгін, эстетикалық қуатын, философиялық сипатын жан-тәнімізбен сезіне аламыз. Біз қарастырып отырған кезеңдегі үлкенді-кішілі шығармаларымен көзге түскен қазақ қаламгерлері, бәрінен бұрын, жоғарыда айтқанымыздай, тіршіліктің аса құдіретті иесі – адамды зерттеп, оған жаңаша тұрғыдан зерттеуге тырысып, өмір шындығын терең зерделеуімен ерекшеленеді. Бұл өмірдегі өнердің негізгі заңы, бұлтартпайтын шындығы.

«Көркем шығарма өмір шындығынан туады. Бірақ тіршілік бетінде шашырап жатқан құбылыс өздігінен тізіліп, бас құрамайды. Әдебиеттің қадірлі мүлкі саналатын туындылар өмір байланыстарын жан-жақты зерттеудің, жеке адамдар тағдырын үлкен қоғамдық даму заңдылықтарымен ұштастырудың нәтижесінде ғана пайда болады.

Бұл мәселенің сыртқы, объективтік жағы болса, болмыстың факторларын біріктіріп, оларға қан жүргізетін, ерекше қуаттандыратын нәрсе – суреткердің өз басын қатты толқытқан аңсар, идея. Көркем туынды суреткер белгілі бір идеяларымен жалындап, көкірегінде ұялаған сырын айтпауға болмайтындай хәлге жеткенде ғана жазылуға тиіс», – деп жазған еді М. Горький [30, 15].

Өнер өмірден туады. Ал, өмір күрделі, өмір құбылыстары әр алуан. Қоғам, адам алдында тұтқиылдан мың сауал қойылған бүгінгі күн күллі жұрттың, соның ішінде шығармашылықты кәсіп еткен қалам иелерінің өткен жолына, өзінің азаматтық суреткерлік бағыт-бағдарына терең ой жіберуін қажет етеді. Бұл өңірге теріс пиғылда келіп қалған бейсәубет біреулерді кім білген, ал сөз өнеріне тағдырын түбегейлі теліген шынайы қаламгер үшін бұл аса бір шетін, толғақты кезең. Өзінің ақыл – парасаты жетсе, не түгелдей мансұқ ететін, не құбылысының дұрыстығына тағы бір көз жеткізіп алып, жаңа тыныспен құлшына еңбекке кірісетін сәт. Нақ сондықтан да мүмкіндік қарымы мол жазушылардың шығармашылық қоржынына үңіле зер салып, жақсы мен жасықты айыра танып, басқалардың да тануына септік жасағанымыз жөн нәрсе.

Өмір сүрген қоғамда болып жатқан оқиғалардың баршасы жазушы жүрегі арқылы өтеді десек, көркем сөздегі алғашқы қадамын осы кезеңмен, яғни 60-80- жылдармен бірге бастап, толысуы да осы уақытқа сәйкес келген қаламгерлердің қандай қиямет ой кешуінен өткенін түсінген абзал.

Біз талдап, көркемдік жүйенің ерекшелігі мен құрылымына зерделеу жасамақ болып отырған үш романда қамтылатын оқиғалардың көлемі үлкен, дәуірі де кең.

Мәселен, Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» өмірбаяндық романы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы оқиғаларды бейнелейді. Естеліктері, негізінен, өзінің жеке қойын дәптеріне түртіліп отырып, еліміз тәуелсіздік алған шақта толық мазмұнға ие болған.

Ал, еліміз егемендік алғаннан кейінгі уақытта жазылған М. Мағауиннің «Мен» романы қазақ халқының екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарындағы тыныс тіршіліктен бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтыса,
Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романының эпикалық кеңістігі Қытай жерінен бастау алған өмірлік жағдаяттардың қазақ жеріндегі тыныс-тіршілігімен қоса өріліп, кестеленеді. Үш романдағы басты кейіпкерлер бейнесі – өткен өмірдің, кешкен ғұмырдың өз иелері, яғни автор – қаламгерлер.

Ғұмырнамалық роман, аты айтып тұрғандай өмірдегі болған тарихи кезеңнің негізін қамтиды. Яғни, ғұмырнамалық шығармалардың да тарихи сипаты айқын.

Кезінде В.Г. Белинский – «тарихи романның авторы жақсы тарихшы бола білуі керек» екенін айтқан болатын [31, 420].

Ә. Нұршайықов та, М. Мағауин да, Қ.Жұмаділов та өз ғұмырын халықтың өмірімен қатар бейнелеп, шындыққа лайық тарихи процеспен, ел өмірімен тығыз байланыста алып, қаламгерлік өмірдің шындығын суреттеуге тырысқан. Реализмнің ежелден келе жатқан дәстүрі де осыны талап етеді.

Академик Мұхтар Әуезов: «Шынайы күрделі, қиын қақтығыстар тұсында ғана адам сезімінің, талайының, талабының, мінездерінің, тағдырдың, барының түгел ашылып, тартыс қатал айқасқа айналады. Осындай ғана қақтығыстар барлық повесть, роман, драма атаулының ең сенімді қаңқасын, арқа сүйер тұлғасын тұрғызады» – деп жазады [32, 39].

Ендеше, ең үздік, шебер жасалған адам образын, алдымен, қою тартысқа құрылған қалың оқиғадан іздеуіміз абзал. Осыдан келіп сюжет пен характердің өзара байланысы туады.

Әсіресе, қалың оқиға, шиеленіскен үлкен тартыс, тағдыр жайы – эпикалық көлемді романға тән сипат. Роман ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар сол оқиғаның негізінде туып, өрбіп отырса, әрбір үлкен қалың оқиғаға байланысты кейіпкердің іс-әрекет, характері де қалыптасып, толыса түседі.

Тарихи роман авторы әрбір кейіпкердің сипатына, мінез-құлқына, психологиясына тән типтік оқиғаларды оңтайлы талдап ала білуі шарт, яғни сол өзің ойлап (жатқан) тапқан шытырман оқиғаның миллионнан бірін екшелеп алудың өзі өзінше ауыр жұмыс екенін ескерсек, Ә. Нұршайықов, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов кейіпкерлерінің көтерер жүгі де ауқымды болуы қажет.

Көркем ғұмырнамалық романның басты нысанасы авторлардың өз өмірінен бейнеленетін ғұмырнамалық оқиғалар тізбегі болатындықтан, оның жеке тұлғасы, кейіпкер мәселесі – зерттелетін прозалық шығармалардағы басты нысана.

Шығармалардың жанры айқын – проза, түрі анық – ғұмырнамалық роман, тақырыбы әркелкі қойылғанымен, айтылатын идеялары ортақ – жазушылық өнердің құдірет құпиясы, ұзақ сонар ғұмыры. Прозаның бұл жанрына көпті көрген, көп жасаған зиялы қауымның ден қоюында және бір ерекшелік орыстың ұлы жазушысы Л. Толстойдың «ХХІ ғасыр әдебиет әлемінде ғұмырнамалық шығармалардың көптігімен ерекшеленеді. Бұған таң қалатындай ештеңе де жоқ. Себебі «ХХІ ғасыр адамын ойдан шығарылған шындық емес, өмірде болған, негізгі бар ақиқат шындық қана қызықтыра алады» [33, 427], – деген төрелі ойы аңғартса керек.

Ал, ғұмырнамалық романның жазылу формасының тұрпатына қарай бөліп қарауға болады: белгілі тарихи тұлғалардың пәлсапалық ғұмырынан құжаттық деректер негізінде жазылған шығармасы, ұлттық әдебиетке еңбегі сіңген, жеке жазушылардың өз өмірінен жазған туындылары.

Біз талдап отырған Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» романы, М. Мағауиннің «Мені», Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүниесі» осы екінші топтағы романдар тізбегіне қосылады. Жалпы, жазушылар үшін өзге жанның ғұмырынан жазылған шығармаларды жазудан гөрі өз өмірлерінен шығарма жазудың айтарлықтай қиындығы мен күрделелігі болатынын төл шағырмаларында айтқан сөздерінен көру қиын емес. Қазіргі Италия әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Наталия Гинзбург өз өмірінің таза шындығын бейнелейтін «Семейные беседы» атты романында ғұмырнамалық шығарма жазудың өзіндік қиындықтарын:

«Осы кітаптағы оқиғалар, оқиға болған жерлер мен кейіпкерлер ойдан шығарылмаған. Мен өзімнің бәз-баяғы романтикалық әдетімше, ешнәрсені де ойдан қосқан жоқпын. Бір нәрсені ойдан қоса салсам, сол мезетте-ақ оны құрту қажеттілігі пайда болатын. Мұндағы адам аттары да шынайы қалпында. Мен есімде не қалса, соны жаздым. Меніңше, кітап өмірден алып жазылғанымен, оны романға қарағанда көп талап қоймай-ақ, роман ретінде оқу керек сияқты», – деп ұғындырады [34, 7]. Бір қараған адамға өз өмірінен шығарма жазудың еш қиындығы жоқтай болып көрінері сөзсіз. Егер жазып отырғаныңыз өмірбаян емес өмірбаяндық роман болса, әрине, мұнда көп нәрсені тереңнен толғап, ой толғамына, күй толғамына салып тебіренуге тура келетінін жазушылар шығармаларында аңғартады.

«Тай атқа, ат мұратқа жеткізеді» дегендей, жақсы журналист болсаң, жаман жазушы болу қиын емес екен. Сол «жаман жазушылық» менің қыр соңымнан қалмады. Журналистікпен тапқан-таянған өмір оқиғаларынан повесть, әңгіме жазуға әдеттендім. Жазбасыма шарам болмады. Оқиғаның өзін зорлайтын, «Жаз, жаз!» деп қыстап, қинайтын дәрежеге жеттім. Содан кейін кейбір түндері, тіпті жылына бір рет тиетін бір айлық демалысымды ешқайда шықпай үйде жатып, шығарма жазуға арнадым.

Жазушы М. Мағауин тек көркем әдебиет әлемінде ғана емес, ғалымдық дүниетанымы тұрғысынан да замандастарынан өн бойы озық болған жан. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған шақта ғұмырнамалық баянға бел шеше кірісуін романның алғашқы беттерінен-ақ танытады:

«Өте ұзақ ғұмыр кешіппін. Өмірдің көбі өткен, азы емес, әлденедей бір бөлшегі ғана қалған. Абай атам айтқандай, келер заманың – көк тұман. Сәуле-көмескі, үміт-буалдыр. Сен... сенің кесімің әуел бастан белгілі. Тозаңнан жаратылдың, топыраққа айналасың. Ештеңе өзгермейді... Бірақ, ұрпағың бар емес пе! Бүкіл ұлысың, ұлттың алдындағы тар кешу немен тынбақ? Азаматыңды қажытып, жеткізетіннің жігерін құм қылып, бәсіре байлығыңды талапайға салып, жұртыңды біржола тоздырып бара жатқан заманға қарсы тұрар қайла барма? Сен білмейсің. Білсең де жүзеге асыра алмайсың. Сенің білгенің, қолыңнан келер жазу ғана еді. Сонымен қанағат таптың. Сонымен өміріңді ұзарттың. Кеудеңді басқан кер заманда қасірет, зардың өзі күш беріпті. «Мен сияқты ерлерді – Жаратты ма екен құдайым – Қайғыдан шіріп өлерге, –Кейінгі туған бала үшін!...». Бұл – Қазтуған – Мұрат. Сен малдандың, бірақ осы деңге жеткенше, яғни, қайғыдан шіріп өлмес бұрын бар запыраныңды ақтарып кетпек едің» [27, 61].

Тағдыры қилы, талабы зор, арманы асқақ Қ. Жұмаділовтің сыр-сипатын төмендегі жолдардан көреміз:

«Өмір бойы өзгелер туралы да кітап жаздық қой. Өзіміз жөніндегі әңгіме жеңіл болар деп ойлағанбыз. Онымыз күпіршілік екен. Сонау бір заманда, қаймағы бұзылмаған көшпенділер арасында дүниеге келіп, әлденеше өкіметті бастан өткермек, бір емес, екі бірдей империяның тепкісін көрген, содан көненің көзіндей болып бүгінгі күнге жеткен адамның өмір жолын баяндау оңай шаруа болмай шықты. Әсілі, бұл кітапты өмірбаян дегеннен гөрі, адам мен қоғам туралы, замана туралы толғау деген дұрыс болар» [24, 623-624].

Шығармагерлердің қайсысының өмірлік шығарма жазудағы мақсат – мүдделері, авторлық ұстанымдары, жанрға баса назар аударулары ортақ екендігі атап айту ләзім.

Өткен өмірдің болашақ ұрпақтың қажетіне жарар, рухани сананы серпілтуге қажет, кез келген адам танып біле бермейтін, тек бір ортаға ғана тән оқиғалардың бүкіл бір ұлттың болмысын таныту үшін, қаншалықты қымбат екенін де осы жолдардан сезінеміз. Ә. Нұршайықов түпкі мақсат, ұстанымын шығармасының бастапқы тарауында берсе, М. Мағауин ғұмырнаманың ең әуелгі бетінде, яғни алғашқы жолдарында айтса, Қ. Жұмаділовтің ізгілікті мүддесі туралы негізгі ой романның соңғы беттерінде айтылған. Бұлайша қаламгерлік ұстанымның берілуі әр жазушының өзіне тән баяндау ерекшелігі десек, оған қоса суреткерлердің шығармаларында толғанысқа түсірген өмірлік жолдардың әр қилылығына тән болып келсе керек. Әр автордың әр түрлі бағытпен бір жанрда қалам түзулері әлемдік әдебиетте бар тәжірибе. Солай бола тұрғанның өзінде, үш жазушының тақырыптарындағы қалам алыс қадамдарында мол сәйкестіктер кездеседі. Мәселен, Ә. Нұршайықов өмірбаяндық роман жазуға әбден мау тартып, ақсақал болған тұста келсе,


Қ. Жұмаділов пен М. Мағауин алпыс жастың табалдырығын аттаған тұста жетті. Шығармашылықтың сан тарау соқпақтарын бастарынан кешірген кез келген жазушы үшін ғұмырнамалық проза оңай игеріле салатын өнер емес. Егер аталған жазушылар өзге тұлғаның өмірінен ғұмырнамалық шығармалар жазбақ болса, ол үшін қарттық шаққа жету міндетті емес болса керек. Ал өз жеке ғұмырдан үлкен бір туындыны өмірге әкелу үшін әрине, жазушы көп жасаған, көпті көрген, тәжірибелі, салиқалы, кемеңгер жан болуы тиіс екені өзінен-өзі түсінікті болса керек.

Жалпы, зерттей келе зерделегеніміз, қазақ әдебиетінде кенжелеу дамыған ғұмырнамалық шығармалар, «Өмір мектебі», «Тар жол, тайғақ кешу», «Көз көрген», «Ұщқан ұя» т.б. кейінгі кезде дүниеге келге ғұмырнамалық шығармалар үшін дәстүрлі үйрену мектебі болды.

Уақыттың талабы жаңарып, қоғамдағы талап-тілектер ұлғайған тұста жазылған Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» романындағы баяндалатын оқиғалар желісі ашық айтылған. Яғни, мұнда жазушы азаматтық арына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы туралы ол былай деп еске алады:

«Бұл оқиғаны-өзімнің «Қазақ әдебиетінде» редактор болған кезімде басымнан кешкенімді кітап етіп жазамын деп бұрын ойлаған жоқ едім. Жазғанменен ол ешқашан жарияланбасы және кәміл болатын. Басылып шықса бұл партия қаулысына қарсы шығу деп танылып, өзіме жаңа пәле болып жабысар еді. Бұл кітаптың жазылуына қадірлі Ғабең 90 жылдығының және Қайта Құру заманының шарапаты себеп болды» [25, 189].

М. Мағауиннің «Мен», Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романдарының жазылуына ешқандай кедергі болмай, қаламгерлер өздері көздеген түпкі концепцияларын шығарманың алғашқы жолдарынан-ақ ашық, айқын танытты.


Каталог: materialy -> gylymi%20ghumys
materialy -> Сабақтың тақырыбы: Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады»
materialy -> Сабақ Түлкібас ауданы, Састөбе ауылы А. С. Макаренко атындағы жалпы орта мектебі Бастауыш сынып мұғалімі Кыдыралиева Урила Мырзакаримовна Сыныбы-3 Пәні: Ана тілі
gylymi%20ghumys -> Ғылыми жоба Жоба тақырыбы: Мырқы Исаевтың шығармашылық мұрасы
materialy -> Сабақтың тақырыбы: Қ. Жұмағалиев «Туған өлкем»
materialy -> Сабақтың тақырыбы : Нысанбай жыраудың «Кенесары Наурызбай» дастаны Сабақтың мақсаты
materialy -> Тақырыбы: “Халыққа жеткіз күйімді” Бастауыш сынып мұғалімі: Сүлейменова Зухра Білімділігі: Ә. Сәрсенбаевтың «Халыққа жеткіз күйімді»
gylymi%20ghumys -> ОҢТҮстік қазақстан республикасы бәйдібек ауданы мыңбұлақ жалпы орта мектебі
gylymi%20ghumys -> Алматы облысы Ақсу ауданы Сағабүйен ауылы 4-сынып оқушысы Мұқан Дулат
gylymi%20ghumys -> Қазақстан Республикалық Білім және ғылым министрлігі Қордай ауданы әкімиятының білім бөлімі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет