1.2 Абай Құнанбаевтың мұрасындағы таным үрдісіне қатысты ойлар
Дидактика туралы сөз қозғағанда оның “атасы” Я.А.Коменскийдің “Ұлы дидактикасын” және басқа да классик педагогтардың еңбектерін айналып өте алмаймыз. Қаншама ғасырлар өтіп, қаншалықты жаңалықтар ашылғанымен оқыту[17], білім берудің негізі әлі күнге осы ғұлама ғалымның айтқанын, жазып қалдырғанын негізге алып келеді. Осы еңбекте ол дидактиканы “бәрін барлығына үйрету туралы өнер” деген. Ол “үйрету” сөзіне білдіру, оқыту, жаттықтыру деген секілді іс-әрекет түрлерін жатқызып ерекше кең мағына береді. Я.А.Коменскийдің педагогикалық көзқарастарына қатысты сөз қозғағанда алдымен оның жалпы дүниетанымына тоқталып, “Коменский дидактикасында реалистік те, материалистік те көзқарастарда болды, дидактиканың принциптерін материалистік сенсуализм тұрғысынан түсіндірді” дей келе, оның оқу мен тәрбие жүйесін құруда таным мәселесінің негізгі жақтарын ескергендігіне мән береді[17] . Әйтсе де мұнда “Коменский ақиқаттың бір саласы – логика, оның көзі – діни сапа.., ал екінші саласы – табиғатты танудан шығады” деп белгілеген. Оның жалпы педагогикалық көзқарасының негізі – мектеп адамгершіліктің шеберханасы болуы керек деген тұжырымға негізделеді де барлық ой-пікірлерін: оқу мен жазуға үйрету, ойды жүйелі баяндауға дағдыландыру секілді күнделікті өмірге қажетті іс-әрекет түрлерін дамытудың жолдарын іздестіреді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Абай Құнанбаев та өз шығармаларында өсіп келе жатқан жас буындарды оқыту, оларға өнер үйрету немесе олардың белгілі бір өнерді меңгеруіне мән бергендігі өткен 1.2-пәреде айтылды.
Көріп отырғанымыздай, бүкіл әлемдегі оқу, оқыту жүйесіне ықпал еткен және осы уақытқа дейін басқадай тиімді жолдары, әдістері, тәсілдері, ұстанымдары табылмай, егер табылса тек осы және басқа да классик педагогтардың ой-пікірлеріне негізделген, оны дамытып не өзгертіп қана отырған дүниетанымы мен білім беруге көзқарасы алшақ кетпегендігін байқаймыз. Мұны айтып отырғандағы себеп ұлы Абайдың да осы іспеттес оқыту мен білім беруге болған көзқарасы жалпы дүниеге болған түбегейлі ой-пікірімен үндесіп, сабақтасып кетеді. Оның білім, ғылымға, өнер үйренуге болған көзқарасы жалпы дүниетанымына, философиялық ойларына негізделеді, білім, ғылым ақын пікірі бойынша дүние, мал табудың көзі болуымен пайдалы. Абай “дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл берсеңіз” немесе “түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып білім алған” деген. Осы арқылы ол адамдарды, әсіресе, жастарды оқу, ғылымға қызықтырғысы келеді. Ол ғылым, өнердің мал тауып жақсы өмірге тұғыр болатынын “ниетің түзу болса сенің аппақ, ғылым, өнер, мал таппақ жұртқа жақпақ” дей келе, өнер туралы “әуелі өнер үйренелік қолдан келсе”, немесе “ұқпасын ба сөзді тез өз өнері тұр таяу” деп өнер мен ғылымды адамның қабілетімен байланыстырады.
Ғалымдар және басқа да ақын мұрасын зерттеушілер көріп отырғанымыздай, ақынның жалпы дүниеге көзқарасын, оқу, білім туралы пікірлерін зерделегенімен олардың адамның оқу, білім алу іс-әрекетіне, даму үрдісіне болған ықпалы, таным теориясына қатысы терең қарастырылмайды.
Бұл ретте, әрине, абайтанушы, белгілі ғалым академик, жазушы М.О.Әуезовтің ой-пікірімен санаспауға болмас[15]. Ақын мұрасын зерттей келе оның дүниетанымына қатысты айтқан пікірлерін жинақтасақ, ол ақынның жалпы көзқарасын белгілі бір бағытқа байлап қою не болмаса ат қойып айдар тағудың орынсыз деп санайтынын көреміз, сол себепті болса керек ол өзі оны нақты атап көрсетпеген. Шығармаларын талдай келе әрқайсысының мәнін ашып көрсету кезеңі сол мәселеге болған пікірін білдіріп отырады. Мысалы, дінге қатысты өлеңдері мен қара сөздерін талдағанда оны толық идеалист деп атауға, ал дүниені танып-білу жолдарына қатысты шығармаларын талдағанда материалист не болмаса дуалист, сенсуалист, т.б. деуден бойын аулақ салады. Бұны оның С.Мұқановтың “Абай Құнанбаев” [55] монографиясына жазған пікірінен байқауға болады. Ол “адам мен адамгершілік, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз” деген. Жалпы ақын көзқарасына байланысты пікірін ол “Абай діні - өзінің заманы мен ортасына бір жағынан, сырттай баж бере отырса да, негізінде және де ақылдың, адамгершіліктің діні болады” деп түйіндейді.
Әрине, Абай секілді кесек тұлғаның ауқымды ой өрісін, кең пікірін кейбір жекелеген ұғымдарға сыйғызу оның мәнін таяздатып, маңыздылығын төмендетер еді. Дейтұрғанмен, кейбір философ ғалымдар оның көзқарасын нақтылап айқындап, атап көрсетуге тырысқан. Абай дүниетанымының үш арнасын зерделей келе “...діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі”, М.Әуезов [15] “Абай рационализм мен демократизм бағытын ұстанды” десе, Қ.Бейсембиев “Абай дуализмге жол берді” деген пікірлер айтқан[56]. Ақын шығармашылығының бастауын, қайнар көзін шығыс, батыс, қазақтың ұлттық әдеби мұрасы дей келе М.Әуезов “өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай школалардың оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды” [15]. Оның шығармаларындағы барлық ой-пікірлердің түп негізі философияға барып тіреледі. Сондықтан қай тұрғыдан талдап, іс жүзінде қолданудың қандай жолдарын іздестірсек те алдымен, оған осы тұсынан таянудың өзі ақын шығармаларының табиғатын дұрыс түсіну арқылы оған жуықтау болар еді. Абайдың білім, ғылымға қатысты ой-толғаулары философиялық сипатта болғандықтан оны гносеологиямен тығыз байланыста десек жаңыла қоймаспыз. Гносеология – грек сөзінен аударғанда таным, ұғым, үйрену деген мағынаны бідіреді. Ол – таным үрдісінің маңызы мен заңдылықтары туралы ілім. Гносеология зерттейтін басты мәселе: танымның пәні мен оның келіп шығу тегі қандай; оның негізін қалайтын нәрселер мен қозғаушы күштері нелер; таным үрдісі қандай сатылардан тұрады; оның әдістері мен формалары; шындық деген не; таным мен практикалық іс-қимыл арасындағы қатынас сипаты, т.б. Философияда адам материалдық орта құбылыстарын, олардың өзара байланыстарын, мәмілелерін, өзара алмасуларын, қарама-қайшылықтарын түсінуі үшін оның санасында туындайтын ұғымдар соншалықты икемді, жүйрік, қарама-қайшылықты болуы тиіс делінген. Абай мұрасындағы дидактикалық ойларды зерделеуде, оларға сипаттама беруде және ішкі қайшылықтарын ашу мен мүмкіндіктерін қарастыруда біз осы заңдарды негізге алдық. Таным үрдісінің бастамасы қоршаған ортаны қабылдау, бұл туралы психолог ғалым Л.А.Венгер оны қабылдау іс-қимылы (перцептивные действия) дей келе, ол туа бітпейді оның пайда болуына дейін сырттан хабар алатын саңылаулар (анализаторлар) әрқайсысы өз алдына, бір-біріне тәуелсіз қызмет етеді[57]. Ол “первые перцептивные действия формируется в результате включения этих сенсорных процессов в осуществление элементарных практических действии ребенка. Они представляют собой отоброжение свойств предметов в единицах двигательных возможностей самого ребенка.
Осы тұрғыдан жуықтайтын болсақ, дүниеге келген тірі жанның танымының бастауын ғұлама ақын 7-қара сөзінде “жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады” олардың бірін тән құмары, екіншісін жан құмары дей келе, соның танымдық тұсын “біреуі білсем екен демеклік” дейді де, оның дамуының алғашқы кезеңін не көрсе соған ұмтылып, жалтыр-жұлтырға қызығып, дәмін татып, бетіне басып, дауысқа ұмтылып; одан кейінгі кезеңін - одан ержетіңкірегенде, психология тілімен айтсақ, өмірден алған тәжірибенің кейбір элементін жинаған соң “ол немене?”, “бұл немене?” деп “ол неге үйтеді?”, “бұл неге бүйтеді?” деп көзі көрген, құлағы естігенннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді, “бұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген” ой қорытады. Бұлар тірі жанның адам болып, әлеуметтік ортаға қосылуының бастамасы, танымының біртіндеп үнемі жаңа сатыға көтерілуінің алғашқы кезеңдері. Ұстаз Абай адам болып қалыптасудың басты белгісі осы танымының өмір өтіп тірі жан өсіп жетілген сайын тереңдеп, ауқымының кеңейе түсетінін пайымдаған, егер олай болмағанда мұндай тірі жанды адам қатарына қосуға болмайды. “Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады” дейді және адамның жаны хайуан жанынан ірі, әсерлі болатынын белгілеген. Танымның ары қарай қалыптасу кезеңін “жан тамағы” немесе жан азығын толықтырумен болатынын айта келіп, “көз көрген нәрсенің сырын қалай білуге болады деп көңілге” ой салу арқылы толатынын айтады[54].
Таным үрдісінің негізін талдай келе оны дұрыс ұйымдастырудың басты шартын “алтын ережесін” Я.А.Коменский “мүмкіндігінше барлығын сезім арқылы қабылдауға шарт түзу: көрінетінді көру арқылы қабылдауға; естілетінді тыңдауға; иісті искеуге; дәмді татуға; түйсінетінді түйсіну арқылы, егер белгілі бір затты мүмкін болса барлық сезім мүшелерімен қабылдауға шарт түзуді” талап етті[15].
Таным тұрғысынан алып қарасақ, ақын 38 қара сөзінде алдымен ғылым, білім жайлы сөз қозғайды да, одан соң таным үрдісінің кезеңдеріне тоқталады. Ақынның білім, ғылым жайлы пікірінің тақырыпқа сай тұстарын екшеп алып қарастырып, одан соң оның таным үрдісі жайлы ойларына қарай ойысамыз[54].
Махаббат туралы ой толғау – Абай ілімінің бір тұтқасы. Ол осы ұғымның мән-мағынасын құмарлық, ғашықтық, сыйластық, достық секілді ұғымдарымен шатыстырмай өзінше жеке бөліп алып, оны адамның ішкі жан-дүниеннің басты қажеттенуі, мәңгі ізденіс, шындыққа сүйіспеншілік ретінде айтып отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ, ақын мынадай үш сүюді “имани гүл” деп сипаттайды. Олар: “сиддық, кәрәм, ғақыл” – шындық, ізгілік, даналық болса, осы үш сүюдің тағы бір сипаты – адамзатын, Алланы әділетті сүю. Ақынның осы діни көзқарастарының да кейбір тұстары Я.А.Коменскийдің пікірлеріне сәйкес келеді. Мысалы, Я.А.Коменский, әлемді құдай жаратқан, ал танып, білу бұл құдайға жол іздеу дейді. Оның бұл пікірі кезінде діни бағыттағы көзқарас ретінде бағаланған еді[15]. Бұл әуелі Алла тағаланың басты қасиеттерінің бірі болып адамға берілген мүмкіндік ретінде қарастырылады. Ғылым, философияда – зат, табиғат, қоғам құбылыстарымен ой жүргізу және олардың арасындағы қарым-қатынасты зерттейді. Қазақтың ұлттық энциклопедиясында “Адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы” дей келе ғылым заңдарының ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп, мазмұндап беруге септігін тигізетіні көрсетілген. Ақын осы жерде ғылымның мынандай екі түрлі саласын атап өткенін айтпасқа болмас: біріншісі, “Алланың ғылымы”, қазіргі күні біз оны дінтану дейміз де ізгілікті ғылымдар қатарына жатқызамыз; екіншісі, “һәммәні білетұғын ғылым” – біз оны жаратылыстану бағытындағы ғылымдар жүйесіне жатқызамыз[54].
Ақын ғылым іздеу үшін оның өзіне махаббат құмарлық болуы керек екенін дәріптей келе, малға, мансапқа құштарлық пен ғылым екеуінің қабыспайтын тұсын “мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-хұрмет таппақ” секілді нәрселердің махаббаты бірлән ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды” бұл жерде ақынның дидактикалық ойларын талдауды мақсат еткендіктен оның ғылым, таным туралы осы қара сөзіндегі пікірлерін басқа бір еңбектің үлесіне қалдырамыз.
Ақын енді осы ғылымды меңгеруді білім арқылы келетінін “ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басынды зорлықпенен, яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша”, - дейді. Байқап қарасақ, осы жерде үш дидактикалық ой жатыр. Олардың біріншісі, баланың, оқушының бойындағы ерік күшін жұмылдыру, оқу білім алу барысында кездесетін сәтсіздіктерге төтеп беруге баулу, басқаша айтқанда, әрқандай пәнді меңгеру барысында кездесетін тапсырмаларды орындау, мәселелер шығаруда мойымай іздену арқылы жол табуға болатынын оқушылардың санасына сіңіру; ең бастысы оқу еңбегіне дағдыландыру; екіншісі, алдау мен ғылым, білімге, оқуға үйір қылу; бұл қазіргі кезде дәстүрлі емес әдістермен ұштасатын секілді. Солардың бірі сабақ үстінде ойын тәсілдерін қолдану, мысалы, рольді ойындар, конкурс сабақтары, бәсеке, пікірсайыс, т.б. белсенді әдістерді қолдану арқылы оқушыны білімге еліктетуді көздеп ұйымдастырған сабақтар. Бұл оқушылардың белсенділігін арттырып, білімді меңгеруін жеңілдетеді. Үшіншісі, оқушының қызығуын ояту арқылы өзінің ізденуіне түрткі беру. Ақынның осы жердегі “үйрене келе өзі іздегендей болғанша деген пікірін дидактиканың “үйрету-үйрену” деген басты тұжырымымен тектес деуге болады. Ол баланың (оқушының, студенттің) ғылым, білімге ынтасын арттырудың негізгі жолы оған сүйіспеншілігін “қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады” демекке Абай ғылым, білімге құштарлықты адамдық қасиеттің бір мәні ретінде ой түйіндейді. Осы қара сөзінде ол ғылым деген ұғымға “адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хиқметін білмекке ынтық” болуы мен болатынын белгілеген. Бұдан “ғылым” дегеніміз хақиқатты, растықты не болмаса шындықты іздеу және әр нәрсенің хикметін-қасиетін, сипатын, мүмкіндігін іздеп табу үрдісі деп ой түйіндеуге болады. Осы қара сөзіндегі ақын пікірлерін зерделей келіп ғылымды тәрбиенің бір құралы ретінде қарастыруға болатынына көз жеткіземіз, “білмекке ынтық бірлән табылады” дегені міне осыған меңзейді. Өйткені, ғылым арқылы зат, дүние, қоғам, адам құбылыстарының хиқметін-кереметін, қасиетін, шынайы сипатын танып білу арқылы оған қызығушылық туындайтыны белгілі. Бұған “һәммәні білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді” дегенін дәлел ретінде келтіруге болады.
Оқытудағы басты мақсат білім беру болса, бүгінгі күні бұған қоса баланың, оқушының өз белсенділігі мен ізденімпаздығы ерекше мәнге ие болып отыр. Ақынның осыған орай “ғылым іздеп ой тап” деген тұжырымы қазіргі кезде аса маңызды.
Іздену – жалпы оқу іс-әрекетінің арқауы десек те болады. Оқытудың алғашқы күнінен-ақ оқушыны біртіндеп ізденуге үйрету бүгінгі күн талабы болып мұндағы мақсат олардың барлығын бірдей ғылым іздеуге ғана емес, жалпы ізденуге баулу, соның жолдарын үйрету. Ғұлама ақын Абай Құнанбаев айтып отырған іздену тұжырымы көп қырлы, сан алуан мағынаға ие. Ол “кітап бетінен оқып іздену” “көңіл ізденуі” (44 қ.с), [54], “ісмерлер іздеп...көріп”, “өнер іздеп”(33 қ.с) [54], т.б. іздеулерден тұрады. Оқу үрдісінде бұлардың барлығы дерліктей оқушының ізденуін қалыптастыруда қолдануға болатын дидактикалық пікірлер. Мектеп және басқа да оқу орындарында бұлардың барлығы үйрету арқылы жүзеге асады:
- кітаптан оқу арқылы ізденуге үйрету;
- оқыту барысында шын ниетпен табу үшін іздеуге тәрбиелеу;
- қызығып, білсем екен, көрсем екен деген ынтамен ізденуін дамыту;
- іздегенін нағыз білгірлерден сұрап білу, шеберлерден көріп үйренуіне шарт түзу;
- ғылым, білім, өнер, жақсы тұрмыс, мазмұнды өмір іздену арқылы тапқанын іске жарату арқылы жүзеге асатынынына оқушыларды иландыру.
Ғылыми педагогикалық пікірлерге сүйенсек, дидактиканың мақсаты оқыту мен оқу, басқаша айтқанда, білім беру мен білім алу үрдісінің заңдылықтарын зерделей отырып, оны тиімді ұйымдастырудың жолдарын қарастыру деуге болады.
Қазіргі кезде оқу үрдісінің заңдылықтары туралы әр түрлі пікірлер бар десек те, ол философияның гносеология саласының заңдылықтарымен ұштастыра қарастырғанда ғана дұрыс болмақ. Осы желімен пайымдасақ ақынның “...өз ижтиһадің бірлән, ниет халис бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ”, атап айтқанда, шын көңілден, таза ниетпен ізденсең ғана ғылым-білімді меңгере алуға болады, әйтпесе жоқ- міне бұл танып-білудің басты заңдылығы деуге болады. Ақын сөзінен тапқан одан кейінгі заңдылық “пікірленбектің соңы ғибратланбақ болса керек”, сөздің мәніне үңілсек танып білу, ой жүргізу арқылы әсерлену туындап, одан барып білім қалыптасады және әсерлену жолымен табылған білім берік, мәңгі есте сақталып қалатыны психологтар тарапынан айтылған. Оқу үрдісінде бұл оқуға, білім алуға белсенді араласу үшін оған дайын болу, ой-санасы мен сезімін соған аударып, зейін қою. Одан соң оқу барысында сезім мүшелерінің барлығын тыңдау, көру, бір істі орындау, иіске, түйсіну мүмкіндіктерін қабылдауға жұмылдыру. Қабылданған мәліметтерді талдау, топтау, жіктеу, салыстырмалау, т.б. үрдістер арқылы пайдалысын және қажетсізін іріктеу одан соң, қорытындылау. Мұнда іріктеп алынған мәліметтердің қажеттілігін, мүмкіндіктерін пайымдап ең соңында іс жүзінде қолдану. Оқытудың мәні де осы алған білімін адамзатының пайдасына жарату емес пе? Ғұлама ақынның 38-қара сөзінде [54] дін философиясы жайлы көп айтылғанымен оның арасында таным үрдісіне – гносеологияға қатысты пікірлер көптеп кездеседі, мәселен, “ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғна ғашықтық шығар” немесе әсер мен әсерленудің шексіздігі, шеберліктің себебін білуге құмарлық, жарату немесе жасампаздыққа ғашықтық – барлығы да зерттеу, іздену мен танымның басты талаптары. Іздену үрдісі, іздегенін тапқаннан кейінгі рахат, ләззаттың өзі де адамды таным іс-әрекетіне жетелейтін, қозғаушы күш десек болады, ойды тереңдете түссек, іздеуші “әрбір нәрсенің себебін таппақ бірлән ләззаттанады”. Ғұлама ғалым Абайдың таным туралы пікірінің бірі “әгәрше фатлубни тәжидуни - талап қылсаң табасың” дегені хакімдердің ізденістеріне қатысты айтылғанымен ғылым, білім іздеуде де талаптың орны бөлек. Қаншалықты ақылды болса да талабы болмаса құр ақылдың ғылым, білімге пайдасы аз.
Өйткені, 38-қара сөздегі таным жайлы пікірлер енді осы үрдістің дамып, қалыптасу сатылары тұрғысында жалғасын тапқан. Негізінен бұны таным үрдісінің психологиясы деуге де болады.
Ғалым Абай бұл жерде таным үрдісіндегі сезім мүшелерінің қызметі мен мотив-тілек, ырықты-ырықсыз рефлекстер туралы “..білсем екен, көрсем екен арзу, бұлардың да басшысы жибили” немесе ырықсыз қызығудан туындайтынына меңзеген[54].
Оқыту, үйрету таным үрдісінен басталады. Ал таным үрдісінің ең тиімді анықтамасын кезінде В.И.Лениннің түбегейлі айтқаны белгілі, ”нақты пайымдаудан дерексіз ойлауға және онан практикаға көшу - ақиқатты танудың, объективті шындықты танудың диалектикалық жолы, міне осындай” деп жазған, бұны таным үрдісінің сатылары немесе кезеңдері деуге де болады[58].
Диалектиканың таным туралы қағидаларына сүйенсек, ол мынадай үш сатыдан тұрады:
1-сатысы, қоршаған ортаны: зат, дүние, адам, т.б. жанды қабылдау. Бұл тек қана бас миында көргенін, естігенін, түйсінгенін шағылдыру емес, сол қабылдап отырған нәрсенің сипатын, қасиеттерін саралау, сол негізде ары қарай ой жүргізу. Бұнда сезім мүшелері арқылы қабылданған қасиеттер негізінде жауап іздеу басталады. Халқымызда “қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті, жүйрікте не жүйрік” деген жұмбақ бар. Бұл балаларды ой жүргізуге тәрбиелеу үшін тапқан жұмбақ және ол осы таным үрдісінің алғашқы кезеңіндегі ой ұшқырлығын сипаттайды. Осы сәттен бастап дереу ойлау басталады. Әлгі жанды қабылдау дегеніміз – міне осы. Себебі, қабылдап отырған зат не құбылыстың қасиеттері ой туындатады, дереу бас миын қызметке қосады. Бұл кезеңде қабылданған қасиеттерді түсіну, сараптау, іріктеу жүргізіледі. Абай 43-қара сөзінде “ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен көңілге түседі” дегенін зат не құбылыс туралы сыртқы сезім мүшелері мен ішкі түйсік арқылы мәліметтер жинау және оны ой елегінен өткізіп, талдау, саралау кезеңі десек те болады, бұны ол “көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілге суреттемек” деп келтіреді. Іріктеп алу барысында қажеттілерін көңілге түйіп, еске сақтап, керек еместерін ұмытады[54].
Осы кезден танымның 2-сатысы – дерексіз ойлау басталады. Белгілі болғандай бұл кезеңде әлгі қабылданған қасиеттер негізінде салыстыру, топтау, жіктеу, екшеп бөліп алу, талдау, жалпылау, жекеден жалпыға, жалпыдан жалқыға, белгіліден белгісізге деген секілді қиялдану, сұрыптау арқылы ой қызметі немесе дерексіз ойлау жүргізіледі, ақын мұны “кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол көп жиғаны бар адам: сынап орынды-орынсызын бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады” деп ой өрбітеді.
Әлгіндей ой елегінен өтіп сараптау жүргеннен соң ғана осы ми қызметінің нәтижесі ретінде зат не құбылыстың қасиеті, сапалары анықталады, бірақ не үшін қажет екені белгісіз. Бұл таным үрдісінің 3-сатысының басталуы. Сол кезде әлгі белгілі болған қасиет, сапалар тексеріліп, тәжірибеден өтеді, “...жақсы нәрседен көңілде жақсы әсер хасил болу секілді нәрселер” дегені осыған сай келеді. Осы кезеңде көмескілер нақтыланып, ұғымдар, түсініктер туындайды, “тыстан тауып алып, ішке салғанын” бекіту іске асады. Абай осы үрдісті “жан қуатыменен адам хасил қылған өнерлерді күнде тексерсең күнде асады” осы кезден бастап, айқындалған нәрсені іске қосудың басталатына меңзейді.
Ғұлама ұстаз Абайдың таным үрдісіне қатысты пікірлерінің шыңы осы 43-қара сөзінде [54] мынандай үш түрлі ұғым төңірегінде даму тапқан: “подвижный элемент” – біз бұны қозғаушы қуат-энергия деп ұғындық; одан кейінгісі “сила притягательная однородного” – сараптау деп, ал “впечатлительность сердца” – әсерлену немесе сыртқы ықпалдан туындайтын көңілде қалатын із, тап деп ұғындық. Осыларды талдаудан бұрын “қуат” сөзіне ақын берген мәнділікті ұғыну керек секілді. Қазіргі күні қуат дегенді энергия деп пайдаланып жүрміз. Адам психологиясына қатысты орыс тілінде энергия, мысалы, энергичный деп қам-қарекетшіл адам туралы айтады. Қазақ тіліндегі Ж.Аймауытовтың “Жалпы психология” [12] оқулығында “Танымдық жан қуаттары” деген тақырып астында түйсіктер, қабылдау, ес, ойлау, сөйлеу, қиял ұғымдары талданады. Оқулықта “қуат”, “жан қуаты” ұғымына талдау не анықтама берілмеген. Бұдан Абайдың қуат дегені осы психикалық үрдістерді айтып отырғанын, оның 43-қара сөзіндегі пайымдауларынан байқаймыз[54].
Психолог ғалымдардың және Абайдың “қуаттың ішінде үш артық қуат бар, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты” деген пайымдауларын зерделей келе, қуат деп – адамның психикасы немесе ішкі жан дүниесін қимылға келтіретін, түрткі беретін тұлғаның өз бойындағы күштерін айтуға болады деп түйіндедік. Жобада айқын айтқан үш қуат таным тұрғысынан қарастырылды.
Біріншісі “подвижный элемент”, бұны ақын өзі “не көрдің, не есіттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді” дегені жалпы таным үрдісінің алғашқы кезеңіне тән десек, бұл біз әдетте қолданатын ақылды, ақылы күшті, ақылы терең, ақылы көп, не болмаса ақылсыз, ақылы жоқ, ақылы жетпейді дегендермен салыстырсақ, ақыл күшінің өлшемі, мөлшерінің көрсеткіші болса керек. Өйткені, ол ары қарай “керекті уақытында ойламай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып” деп жалғастырады. Уақыт қашанда көрсеткіш екенін ескерсек, әлгі қозғаушы күштің жылдам не баяулығы, оның бір көрсеткіші болып табылады. Демек, әркімнің танымдық мүмкіндігін оның ой қызметі көрсетеді.
Екіншісі, “сила притягательная однородного” – таным үрдісінің екінші кезеңіне сәйкес келеді, “бір нәрсені естіп, көріп, білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің” – салыстыру, сараптау немесе Абай айтқандай “түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап...” дегені таным үрдісінің екінші сатысы, дерексіз ойлауға саяды. Одан соңғы кезең практикада тексеру болатынын ол “білгенін тексеріп” деп келтіреді. Таным үрдісінің іздену, талаптану, білуге құмарлық секілді ішкі қозғаушы күштер арқылы іске асатынын пайымдаған ғұлама Абай осы жерде “білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды” деген ой желісімен дәріптейді.
Үшінші, “впечатлительность сердца” сырттан келетін мәліметтердің психикада таза, жақсы айнада шағылғандай, дұрыс шағылуы “жүректе анық, рәушан” болып түсуі. Ақынның осы пікірінің аса тереңде жатқан бір мәселені қозғайтынын айтпасқа болмас. Ол Абай өзі айтатын жүрек тазалығы, “яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсе бірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық, рәушан болып түседі”, - дегені. Осыған орай ақынның 31-қара сөзіндегі [54] тағы бір пікірін келтірсек, ол мынандай ой кеселдері: ”уайымсыз, салғырттық, ойыншы - күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу” дейді де, осы төрт нәрсені күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын ңәрселер деп ескертеді.
Сократ пен оның шәкірті Аристотель арасындағы Жаратушы иеміздің құдіреті жайлы сөз болатын әңгімені келтіруде Абай Құнанбаев сыртқы дүниені танып білудегі дененің әр мүшесінің қызметін айта келіп “әуелі көзді көрсін деп беріпті, құлақ болмаса жақсы үн, күй, ән ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік, бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?” деп ой қорытады. Мұнда дененің әр мүшесінің дүниені танып-білудегі мәнін ашып көрсетеді. Дүниені танудағы ағзалардың қызметін дәріптей келе, олардың барлығының ақылмен байланысын “өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бірі-біріне себеппен байланыстырылып” ой қорытуға, таным мүмкіндігін анықтауға, жалпы өмір сүруді көркем және пайдалы етуге ең бастысы білім, ғылымды меңгеруге шарт түзеді.
Таным үрдісі ақыл-ой қызметімен сезім мүшелері арқылы ғана іске асады десек жаңсақ болары анық. Сол себепті, мұнда адамның ішкі жан-дүниесінің алатын орны бар. Жан-дүние деген поэзияға жақын сөзді ғылым тіліне аударсақ, ол психиканың қызметі болып табылады. Олар өз кезегінде әртүрлі атауларға ие болып ойлау, сезіну, түйсінуден бастап қызығу, қажеттену, талаптану, аңсау, құмарлану, т.с.с. қамтиды. Ақыл, ой-қызметінің сапасы мен мүмкіндіктерін көрсетеді, мысалы біз әдетте ақылды, ақылсыз деп жатамыз. Бұның дидактикалық мәні тереңде жатқанымен адамның көзкөрінеу іс-қимылы, мінезі, жүріс-тұрысы тағы басқаларына қарата берілетін баға
Сол себепті ол ақылды кісі мен ақылсыз кісінің айырмашылығын осы тұрғыда бағалайды. Алайда, 15-қара сөзінде [54] қызығуды адамның танымдық іс-әрекетінің басты қозғаушы күші ретінде пайымдағанын көруге болады. “әуел- пенде адам болып жаратылған соң, ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсені іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалып” - дегені бұған дәлел. Қызығу – бұл психиканың қызметі үрдісі болып, ол адамның белгілі бір нысананы таңдауы болып, сол нысананың өмірлік мәні, тартымдылығын білдіреді. Ол қажеттену негізінде туындайды, бірақ онымен қабысып кетпейді. Қызығу әртүрлі затқа не іс-әрекетке қарай бағытталады да, егер ол тұрақтанып қалса қажеттенуге айналады.
Абайдың “есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен..” дегені осы қызығудың тұрақтанып қажеттенуге айналуына мысал. Осындай тұрақтанған қызығудан туындаған қажеттену адамның таным ауқымын кеңейтуге және тереңдетуге себеп бола алады. Бұны ұстаз “...әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен... әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде бір түрлі мастық пайда болады екен” деп қызығу мен қажеттенуден туындайтын құмарлықты таным үрдісін жүзеге асырудағы қозғаушы күш ретінде қарастырады. Одан кейінгі іс-әрекетті осы үрдістердің тереңдеуі ретінде талдай келіп “бір түрлі мастық пайда болады екен” деп одан соң оның пайдалы зиянды тұстарын зерделейді. Мастықты ол мынадай екі түрде пайымдайды: біреуі оғаттыққа жетелеп ақылдың көзін байлайды; екіншісі бойды сынататыны. Осы кезден бастап есті мен есердің танымы екіге айырылады: есті кісілер “ақылды қолдан жібермей...ізденеді, есер... екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі, соны көрдім” дейді. Осыдан барып ол мынадай ғылыми-педагогикалық маңызы терең, оқу теориясында ескермесе болмайтын кеңес береді, “есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал” деп ары қарай мұнда не нәрсені ескеріп есеп алу керек екенін “сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей өткізіпсің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?” [54].
Білім алу, білім беруді ұйымдастыру ғылыми білім арқылы дүниені тану үрдісі десек жаңылмаспыз. Өз кезегінде есеп алу осы үрдістің дұрыс, бұрысын, мақсат, міндеттерін айқындап алуға көмектеседі.
Таным үрдісіндегі ақыл қызметі, ондағы ерік, күш, қайраттың орны, сезіммен осы алғашқы екеуінің байланысы Абайдың 17-қара сөзінде [54] қарастырылады. Біз ақын, философ деп жүрген Абайды ұстаз ретінде танытатын бір тұсын осы қара сөздері екені айтпаса да белгілі. Өйткені, осы 17-қара сөзін жазу тәсілі мен стилінің өзі дидактикалық талаптардың түсінікті, анық, айқын, бірізді, қысқа да нұсқа дегендеріне сәйкес келеді. Мұнда алдымен ғұлама ұстаздың осы сөзді жазудағы мақсатын, адам болмысының аса маңызды сипаты болып табылатын ақыл, біз психологияда ерік күші, ырық деп жүрген қайрат және сезім үшеуінің өмірдегі мәнін айқындап алуға мүмкіндік туғызатыны анық.
Ұстаздың 17-қара сөзінің басталуында-ақ ол “ақыл, қайрат, жүрек үшеуі өнерлерін айтып, ғылымға жүгініпті” деп олардың өзара тығыз байланысына жаңсайды. Біз психологияда ерік күші деп адамның бір істі үйренуі, белгілі бір мақсатқа жету үшін талмай ізденуі мен жан құмарынан бас тартуы, қиыншылықтарды жеңудегі табандылығы, мұқалмайтын жігері, сезімін басқарудағы күш салуы, т.с.с. барлығы қайтпас қайраттың ісі деп білеміз. Мұны қайраттың өзі былай түсіндіреді, “ей ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын” дейді де, қайрат немесе ерік күшінің адамның өзін танудағы қызметін “әуел өзіңді білуге ерінбей, жалықпай үйрену керек” деп тиянақтайды. Ерік күші туралы Ж.Аймауытов “ырық тек қимылды ғана басқаратын иесіз агент емес, бұл тіпті кейде сақтануды да ұмытып кететін белгілі бір нәрсе үшін қимылды басқаратын сана мен ізгілікті сезімнің іс-әрекеті” дейді[12]. Демек, қайрат немесе ырық, сана, сезіммен тығыз байланыста болып, кейде оларды өзіне бағындыра алады, осы қара сөзінде Абай қайраттың бұл қасиетін бір істі “ерінбей, жалықпай орнына келтірмек... орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай” көрсеқызар, нәпсі азғыруынан құтқаратынын, бойды адасудан жиғызып алатынын көрсеткен. Осыларды ескерсек, ол адамның бойындағы осындай ерік күші мүмкіндігін “қайрат” деп дұрыс атаған. Қайрат психиканың таным үрдісіндегі қызметімен тығыз байланыста. Белгілі болғандай таным қоршаған ортадан алған ақпарларды талдау, жіктеу, дерексіз ой жүргізуге одан жинақталған білімді есте сақтау, т.б. ерік күші-қайраттың қызметі болып осыдан барып ұғымдар, түсініктер пайда болады. Бұлармен қатар қайрат адамның бойындағы барлық күш-қуатын іске қосатын және тежейтін тетік. Іс-қимылды қайрат арқылы реттеу дене күшін және ақыл-ойды мақсатқа жетуге саналы бағыттайды не болмаса тежейді. Абай қайраттың осындай мүмкіндіктерін дәріптейді. Қайрат адам психикасының басқа да қызметімен тығыз байланысты, 17-қара сөзінде пайда мен зиянды ажыратып білетін ақыл өз қызметінің орнын жоғары бағалап, сөзді ұғатын мен “менсіз ғылымды ұғып үйрене алмайды” дейді. Сонда “мен – адам денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ” дейді ет жүрек. Осы жерде жүректің физиологиялық қызметімен қатар психикалық маңызын басқаша айтқанда сезімдік қызметін “...жанын ашытып, ұйқысын ашып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен” ұят сақтап, рақым қылатын мен “бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады”, мен таза болсам адам алаламаймын, жақсылыққа елжіреп, жамандықтан жиреніп, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық – барлығы менен деп көрсетеді. Абай осы үшеуінің қызметін айта келіп, барлығын реттейтұғын ғылым “сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім” деген қорытынды шығарады[54].
Таным үрдісіндегі осы үшеуі – ақыл қызметі, ерік күші және сезімнің өзара байланысын қызығу, қажеттену, іздену нәтижесіндегі туындаған эмоциямен қуаттауға болады. Қайрат, мақсатқа жетуге, ізденуге күш жұмсаса, ақыл оны талдап, бағалап, қажетті, қажетсізін айқындап пайда, зиянын көрсетеді, ал сезім – қызығу, қажеттенумен бірге алынған нәтиже, табылған ілім, білім не өнер, ғылым туындысынан қанағат тауып, ләззат алады және тағы ізденуге түрткі береді.
Таным үрдісі жайлы тақырыпты оқытуда оның негізі танып білу философиясы немесе гносеология екенін айта келіп, оның кезеңдеріне тоқталу арқылы оқу үрдісіндегі көрінісі зерделенеді. Бұл ретте оның кезеңдері қарастырылады:
Нақты пайымдау – сезім мүшелері арқылы сыртқы дүниемен қарым-қатынасқа ену, олардың әртүрлі қасиеттерін бір мезетте түйсіну, сезінуден басталады. Осыған байланысты ұстаз Абайдың 43-қара сөзінде “көзбен көріп, құлақпен есітіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады” деген[54].
Бұл психологияда танымдық жан қуаттарының қызметі ретінде қарастырылады, түйсік туралы айта келіп, Қ.Жарықбаев “сыртқы дүниені танып-білу түйсіктен басталады. Ол білім атаулының алғашқы көзі” деп келтіреді [2]. Ал И.П.Павлов мұны анализаторлардың қызметі дей келе, жүйке жүйелерінің анатомиялық-физиологиялық қызметімен байланыстыра түсіндіреді. Осы сыртқы саңылаулардың қызметінен кейін ол хабарлар “әрнешік өз суреті менен көңілге түседі... көңілде суреттеледі”, сөйтіп ол дерексіз ой жүргізуге керекті зат және дүниенің не құбылыстың сапасы, қасиеттері, пішіні мен суреттері туралы дәлелдер мен бейнелерді әзірлеп береді. Сыртқы дүниеден алған осы деректердің көмегімен оның толық бейнесі түзіледі. Нәтижеде ұғым не түсінік қалыптасады[59].
Таным процесінің екінші кезеңі – дерексіз ойлау. Түйсіну және қабылдау арқылы алған деректерді “сынап, орынды орынсызын бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады” делінген 43-қара сөзінде, бұл заңдар мен заңдылықтардың қалыптасу барысын көрсетеді [54].
Ал, үшінші кезеңде әлгі табылған заңдар мен заңдылықтар немесе шығарылған қорытындыны іс жүзінде практикада қолдану Абайдың 38-қара сөзінде былайша берілген: “адамның ғылыми білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады” деген. Бұл жерде осыны таным үрдісін оқыту барысында қолдану жолдарына тоқталамыз.
Абай көрсеткен үш элемент дүниені танып білудің әр қырын қарастырады, мысалы, “впечатлительность сердца” – дегеніміз – дүниені эмоция арқылы немесе әсерлену арқылы танып білу. Бұл қабылданған зат не құбылыстың мәңгі есте сақталуына шарт түзетін аса қуатты тәсіл десек те болады. Осы жерде мынандай сұрақ туындайды: Білген артық па? Не болмаса сезген артық па? Білім күшті ме? Не сезім күшті ме? Білім ақиқат па? Сезім ақиқат па? - міне осыларды талдауға тура келеді, мәселен, “подвижный элемент” не көрдің, не білдің – соны шапшаң ұғып, “арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді” – бұл ішкі қозғаушы күш (мотив) ол сезіммен ұштасып жатады. Айталық, қажеттену (потребность) бір нәрсенің жетіспеуін не жоқтығын сезіну, түйсіну. Абай “егер бұл болмаса, көп білуге, көп оқу оңды пайда бермейді”, - дейді[54]. Кез келген білім мекемесінің оқу үрдісін бақыласақ, көбінесе білім берудің рационалды жағы ескеріліп, эмоционалды жағына мән берілмей қалатындығын байқаймыз. Тағы қырынан қарасақ, оқушылардың эмоциясын қозғау жағы жеткілікті болмайтын секілді. Сол себепті берілген білім көбінесе, іске жарамай ұмытылып қалатын күйге жетеді. Бұның себебін пәндер бойынша түзілген бағдарламалар мен оларды жүзеге асыруда белсенді әдістердің жеткіліксіздігінен деуге болады. Демек, танып-білу эмоцияға негізделсе ғана ұзақ уақыт есте сақталып, көпке азық бола алады. Білуге эмоция арқылы жол ашу тәсілдерін қолдану жолдарын қарастыру керек.
Ұстаз Абай айтқан “сила притягательная однородного” біртектестердің тартылуы – ақыл күші, сыртқы дүниеден алған деректерді салыстыру “түгел ұқсаған ба?”, яки бір ғана жерден ұқсаған ба? Бұл педагогикадағы дерексіз ойлау тәсілдерінің топтау, жіктеу, талдау, сараптау секілді ой қызметін көрсетеді, “соған ұқсағандарын тексересің” немесе жіктеу “әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап талдау, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей тыншытпайды”. Қазіргідей ақпарланған замандағы таным үрдісінің мәнін осыдан көруге болады. Бұл ақыл-ойдың қызметі. Осы тыншытпайтын күш эмоцияға, қызығу сезіміне қатысты. Себебі, қызыққанын тапса қанағаттанады, қуанады, таппаса тағы іздейді, таппайынша тыншымайды. Не нәрсе күшті әсерлену сезімін тудырса, сол ұмытылмайды яғни, ол “впечатлительность сердца” – жүректің әсерленгіштігін, басқаша айтқанда, қоршаған ортаны сезімталдықпен қабылдауды білдіреді. Абай мұны 43-қара сөзінде “әр нәрсенің суреті жүректің айнасына раушан болып” түсуіне, зат, дүние, құбылыстары туралы ұғымның дұрыс қалыптасуына тосқауыл болатын нәрселер – салғырттық, тиянақсыздық деп көрсетсе жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгүрт көрсетеді“ деген. Сондықтан бұлардан сақтанып “бойды ерте тиып алуға” ақыл мен қайрат керек. Демек, дүниені дұрыс танып білу үшін сезім мен сананың таза, дертсіз, кінәратсыз болуы керек.
Оқыту үрдісіндегі ұстаз бен шәкірті арасындағы байланыс анық көрініс тапқан. Кесте бойынша тапсырманы орындау барысында студенттер, ақын шығармаларындағы таным теориясын меңгере отырып оқушы мен оқытушы іс-әрекетінің байланысын зерделейді.
Осы пәредегі зерделенген Абай Құнанбаев шығармаларының танымдық мәні мен ондағы таным үрдісіне байланысты пікірлердің дидактикадағы орнын оқыту теориясының отандық тың пікірмен байытуының өзін ерекше жаңалық деп айтуға болады. Осыған орай ақынның дүниетанымын философиялық тұрғыда қарастырған ғалымдар және басқа да ақын мұрасын зерттеушілер оның жалпы дүниеге көзқарасын, оқу, білім туралы пікірлерін зерделегенімен олардың адамның оқу, білім алу іс-әрекетіне, даму үрдісіне болған ықпалы, таным теориясына қатысы тереңдеп талдамайтыны белгілі болды. Қалай десек те ақын шығармаларының дидактикалық мәнін зерттеуде алдымен ақынның өзінің дүниетанымына қатысты пікірлерді талдау арқылы ғана оның ғылыми негізді әрі нанымды болатынына көз жеткіздік. Сөйтіп гносеология – таным туралы ілімнің негізгі қағидалары мен таным үрдісінің сатыларын талдау және оның оқыту мен білім алудағы мәнін зерделей келе ақын шығармаларына жуықтауға мүмкіндік алдық. Нәтижеде ғұлама ақынның 7-қара сөзінде [54] таным үрдісінің алғашқы кезеңдерін талдай келе, жалпы адамның қажеттенулерінің тән құмары мен жан құмарына бөлінетінін, сөйтіп, тірі жанның – индивидтің адам болып әлеуметтік ортаға қосылуындағы танымның мәнін ашып көрсеткені белгілі болды.
Ақынның 38-қара сөзінде жалпы дүниетанымының екі бағытын: ғылыми жолмен жаратылысты тану және діни жолмен рухани әлемді тану жолын көрсетеді. Одан соң дидактика үшін аса маңызды мәселе баланың, оқушының дүние туралы әуелгі алғашқы танымын дамытып, байытудың жолын мәжбүрлеу арқылы қызықтыру, одан соң өзі ізденуіне шарт түзу екендігін дәріптейді. Осы қара сөзіндегі таным үрдісінің үш сатысы ғылыми педагогикадағы оқытуды ұйымдастыру және ондағы таным үрдісінің мәнін ашып көрсетуге арналған тақырыпты меңгеруге ұтымды ықпал етеді[54]. Ал, 17-қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек және осылардың қызметін дұрыс танып білуге жол ашатын ғылым туралы пайымдаулары оқыту теориясын байытумен күнделікті оқыту мен оқу үрдісінде үнемі ескеріп отыратын пікірлер[54]. Ғұламаның 43-қара сөзіндегі жан қуатының үш элементі жалпы оқушы психикасын, оқыту психологиясын танып-білуге, оны ұйымдастыруға ұрымтал әсер ететін пікірлерге толы[54].
Қорыта келгенде, бұл пәреде ғұлама ақынның таным үрдісін жүйелі түрде зерделемесе де оның адамның қатарға қосылуындағы маңызын жете пайымдай келе, бұны тұлға ретінде қалыптасудың басты шарттарының бірі екендігін және оның адам баласы есейген сайын ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түсетінін пайымдаған. Сонымен бірге таным адамның рухани әлемінің қалыптасуындағы жан азығы болып, көз көрген ғана нәрселерді емес көрмегенді де оймен пайымдаудың орнын ерекше бағалайды. Ақынның 7, 15, 17, 38, 43, т.б қара сөздеріндегі таным туралы пайымдауларын білім қалыптастыру барысында пайдалану дидактиканың негізгі ұғымдарын жете меңгеруге, оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға септігін тигізбек.
Зерттеу жұмысымыздың Абай Құнанбаев шығармаларындағы дидактикалық ойлардың маңызын зерделеуге арналған 1-тарауында мынадай мәселелердің беті ашылды:
1. Теориялық ілім ретінде тарихи даму және қалыптасу жолында одан кейінгі жетілу кезеңінде де дидактикаға байланысты сан алуан пікірлер туындаған. Олар оқыту мазмұны, оқыту қағидалары, оқыту әдістері, оқыту формалары, оқыту құралдары, оқытудың мақсаты секілді дидактикалық санаттарға қатысты әртүрлі ой-пікірлер болатын. Дидактикалық ой-пікірлерді іріктеп алуда оның жалпы және жекелеген тұстарын ескеру керек болса ақын, жазушы, ойшыл не зерттеуші ғалымдардың мұрасынан оларды іздегенде өсіп келе жатқан жас буындардың санасында оқу, ғылымға ұмтылыс пен қажеттенулерін, қызығуларын туындатып, білім алу, іздену жолына бағыттауға тигізетін септігі ескеріліп келеді. Сонымен бірге ақын шығармаларындағы дидактикалық пікірлердің толық ашылмағаны, ғылыми-педагогикалық тұрғыда талданбағанына қарамастан оқыту практикасында оны пайдалануға ұмтылыстар болғаны белгілі болды.
2. Дидактика туралы әдебиеттерді (негізінен қазақ және орыс тіліндегі педагогика оқулықтарын) зерттеу барысында оларда көбінесе оқыту іс-әрекетіне байланысты ғылыми-педагогикалық талдаулар, ұғымдар мен түсініктердің жеткілікті берілгені анықталды. Алайда, педагогикалық психология мен жалпы оқу іс-әрекетіне байланысты әдебиеттерде оқу; оқыту; оқу мен оқытуды туындататын жағдайлар; оқу мен оқытуды ұйымдастырып, жүзеге асыратын шарттар; оқыту мен оқудан шығатын нәтижелер; үйрету, үйрену; үйрену мен үйретуге шарт түзетін ахуалдар; үйрету нәтижелері; іздену; ізденуге жетелейтін немесе итермелейтін ішкі мотивтер мен сыртқы факторлар; білім және білу; олардың арасындағы байланыс; білімге қажеттенуін туындататын ахуалдар; білуге құмарлықты туындататын жағдайлар; ұғыну; ұғым мен ұғыну арасындағы байланыстар; ұғыну мен түсінудің мәні; ғылым мен білім және олардың арақатынасы жеке дара қарастырылмай үнемі оқыту іс-әрекетіне байланысты талданып келе жатқаны айқындалды. Оқулықтарда бұл ұғымдарға жеке-жеке түсініктер мен анықтамалар берілмейді және мағынасы да ашып көрсетілмейді. Әрине, олар өзара тығыз байланыстағы ұғымдар. Оқу үрдісінде бірінсіз екіншісі жүзеге аспайтыны да белгілі. Болашақ педагог мамандар осы ұғымдардың мән-мағынасын жете түсінбей олардың арасындағы логикалық байланысты да толық меңгермейді. Біздің пікіріміз бойынша оларды алдымен жеке-дара талдап алып одан соң арақатынасын педагогикалық, психологиялық тұрғыда ашып көрсету қажет секілді. Өз ойымызды дәлелдеу мақсатында студенттер арасында алдын-ала зерттеу жұмысын ұйымдастырғанымызда осы пікіріміз дәлелденді.
3. Өлең, поэзия арқылы тәрбиелеу мен білім беру халқымыздың дәстүрге айналған жолы екені анықталды. Ақын, жыраулардың ел аралап көпшілік алдында жыр, дастандар орындауының өзі тәрбие мен білімді уағыздаудың ұрымтал түрлерінің бірі болғаны белгілі. Бұл үрдіс ертеден келе жатқан, әсіресе, көшпенділер арасында кең тараған тәсіл. Себебі, олардың күн көрісі мен шаруашылығы көбінесе мал өсірумен байланысты болғандықтан отырықтасып балаларын мектеп, медреселерде жаппай оқытуға мүмкіндік болмаған. Алайда, ежелгі дәуірлерде қазақ даласында білім ордаларының болғаны белгілі, дей тұрғанмен, жауынгершілік заман, көшпелі өмір оның ары қарай дамуына мүмкіндік бермеген. Бұған түрік дәуірінен келіп жеткен, қазақ даласында кең тараған жыр, дастандар, өлеңдер, т.б. поэзия туындылары мысал. Абай мұрасындағы дидактикалық пікірлер осылардың заңды жалғасы.
4. Бүкіл әлемдегі оқу, оқыту жүйесіне ықпал еткен және осы уақытқа дейін басқадай тиімді жолдары, әдістері, тәсілдері, ұстанымдары табылмай егер табылса тек Я.А.Коменскийдің ой-пікірлеріне негізделген, оны дамытып не өзгертіп қана отырған дүниетанымы мен білім беруге көзқарасы алшақ кетпегендігін байқаймыз[54]. Мұны айтып отырғандағы себеп ұлы Абайдың да осы іспеттес оқыту мен білім беруге болған көзқарасы жалпы дүниеге болған түбегейлі ой-пікірімен үндесіп, сабақтасып кетеді. Оның білім, ғылымға, өнер үйренуге болған көзқарасы жалпы дүниетанымына, философиялық ойларына негізделеді, білім, ғылым ақын пікірі бойынша дүние, мал табудың көзі болуымен пайдалы. Ол “дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл берсеңіз немесе, түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып білім алған” деген. Осы арқылы ол адамдарды, әсіресе, жастарды оқу, ғылымға қызықтырғысы келеді. Ол ғылым, өнердің мал тауып жақсы өмірге тұғыр болатынын “ниетің түзу болса сенің аппақ...ғылым, өнер, мал таппақ жұртқа жақпақ” дей келе, өнер туралы “әуелі өнер үйренелік қолдан келсе” немесе “ұқпасын ба сөзді тез, өз өнері тұр таяу” деп өнер мен ғылымды адамның қабілетімен байланыстырады.
5. Ғұлама ақынның 7, 12, 13, 15, 17, 25, 32, 33, 38, 44, 45 қара сөздерін таным теориясы тұрғысынан талдай келе, оның дидактикалық пікірлерінің оқытуды ұйымдастырудағы оқушы мен оқытушының танымдық іс-әрекетінің кезеңдерінің мәнін ашып көрсету мүмкіндігіне ие болдық. Атап айтсақ, таным үрдісінің әр кезеңінің белгілі бір сатылардан тұратыны және оның жүзеге асыру тәртібін Абайдың көрсетілген қара сөздеріндегі дидактикалық пікірлеріне сүйене отырып, ашып көрсетуге болады[54].
Достарыңызбен бөлісу: |