1. Ойын "Интервью". Алдымен балаларды жаңа сөздермен таныстыру керек.
Интервью –газет, теледидар немесе радиодан берілетін сұхбат әңгіме.
Тілші – сұрақ қойып отыратын кісі.
Респондент – сұраққа жауап беретін адам.
Балаларды микрофонға нық сөйлеуге үйрету керек. Ол үшін балаларды 10 дейін өсу, кему ретімен санауды ұсыныңыз. Сосын балаларға рөлдерді бөліп беріңіз. Мүмкін болатын тақырыпты талқылаңыз. Тілшілер сұрақ бастайды. Сосын әңгімені ұжым боп тыңдап, талқылайды.
Мүмкін болар тақырыптар: театрға барғанын, көрген қойылымды талқылау; мерекені талқылау; суреттер көрмесін, қызықты кітапты, аптада болған ең қызықты оқиғаларды.
Ойын нұсқалары: 1) мұғалім балалардан интервью алады, 2) балалар мұғалімнен интервью алады, 3) ата-аналар интервью алады, 4) балалар ата-аналардан интервью алады.
2. Ойын "Суретті жұмбақтар".
Балалардың арасынан бір бастаушы таңдалады, қалғандары отырады. Мұғалім үлкен қораптан кішкентай неше түрлі суреттері бар карточкаларды бір-бірден алып шығып, суреттегі бейнені сөзбен сипаттап жасыруды ұсынады.
Бастаушы суретті карточканы алып, балаларға көрсетпей, ондағы бейнені, затты сипаттап, суреттейді. Балалар түрлі жауаптар айтып, не бейнеленгенін тауып алу керек.
Дұрыс жауапты айтқан бала ойынды жалғастырады.
3. Ойын "Ойыншықты ата".
Әр бала өзімен бір ойыншық ала келеді. Бір бастаушы тағайындалады. Ол 3-5 минутқа сыртқа шыға тұрады. Ол жоқта мұғалім балалармен бір оқиға құрастырады. Ол оқиғада негізгі кейіпкер балалардың әкелген бір ойыншығы болады.
Барлық ойыншықтарды орындыққа тізіп қояды. Бастаушы баланы шақырады. Балалар оған ойдан шығарған оқиғаны ретімен айта бастайды. Бірақ кейіпкердің атын атамай. Оны тек есімдіктермен ғана атайды. Оқиға 3-5 минутқа ғана болуы керек. Бастаушы оқиғаның негізгі кейіпкерін ойланып, тауып алу керек.
Егер бастауыш дұрыс тапса, ойын жалғасады. Егер бала кейіпкерді таба алмай жатса, онда балалар оқиғаны толықтыра түседі, бастаушы көмек ретінде.
4. Ойын "Сөйлем құрастыр". Мұғалім лотодан суретті 2 карточканы топқа ұсынады. Балалар жарты шеңберге отырады. Кезекпен әрбіреуі суретке қатысты сөйлем құрастырады. Сосын басқа 2 сурет көрсетіледі. Оларға да балалар сөйлем құрастырады.
Ескерту:
1. Балаларды ерекше, өзгеше сөйлемдерді құрауға жетелеңіз.
2. Егер балалар берілген екі сөзбен сөйлемдерді шапшаң құрап жатса, онда суреттердің санын асырыңыз. Мысалы, үш, төрт карточка алыңыз.
Бұл ойынды ата-аналар да баламен жеке жұмыс жасау есебінде алуларына болады.Баламен жарыс ұйымдастыруға да болады. Әрине, баланы жеңіске шығаруды көздеу керек.
5. Ойын "Қарамақайшылық".
Мұғалім балаларға бір сурет көрсетеді. Суреттегі бейнеленген затқа қарама-қарсы мағынада сөз айту керек. Мысалы, суретте «доп», балалар « тақта» дейді. (доп дөңгелек, тақта жазық) «күн» (допты адам жасайды, күн табиғаттың бір бөлігі) т.с.с.
Әр бала өзінің жауабын айтады, міндетті түрде неге ол жауапты таңдағанын түсіндіру керек.
Ескерту:бұл ойын баламен жеке жұмыс жасауға да тиімді.
6. Ойын "Көпір".
Мұғалім заттар бейнеленген суретті карточкаларды кезекпен көрсетеді. Балалар екі суреттің арасындағы байланысты орнататын бір сөз ойлау керек. Ол сөз екі затты «байланыстыратын көпір» секілді . Әр бала кезекпен жауап береді. Баланың жауабы негізделген болуы керек.
Мысалы, екі сөз беріледі: «қаз» және «ағаш». «Байланыстыратын көпір» қызметін мына сөздер болуы мүмкін: «ұшты» (қаз ағаштан ұшты). «ойды, кесті» (ағаштан қаз ойды). «тығылды» (қаз ағаштың артына тығылды) т.б.
Ескерту: бұл ойынды баламен жеке жұмыс жасауға да қолдануға болады.
7. Ойын "Қадамдар. (Кім тез жетеді...)»
Бұл ойын арқылы баланы жарыстыра отырып оның тіл байлығын, сөйлеу тілін жетілдіруге болады.
Ойыншылар қатар тұрып, мәренің қашықтығын белгілейді. (арақашықтық 8-10 қадам) Әр қадамға тақырып таңдалады. Мысалы, "Әдепті сөздер". Әр бала әдепті сөз айтса ғана қадам жасай алады. Ойлануға бір минут қана беріледі.
Басқа тақырыптар: "Барлығы дөңгелек", " Барлығы ыстық", "Барлығы дымқыл". "Анаға арналған жылы сөздер", "Мейірімді сөздер" және т.б.
Келесі нұсқа : Балалар бір-біріне қарама-қарсы жұппен тұрып қадам жасайды. Ойын шарты солай, тек сөзд айтқаннан кейін ғана қадам жасайды.
7. Іздеу!
Байланыстыра сөйлеуін, зейінін , байқағыштығын дамытамыз. Бұл ойынға 5 адам қатысады. Әйтпесе қызық болмайды. Мұғалім былай дейді: Мен (құрбымды) досымды іздеп жүрмін. Оның көзі көгілдір, шашы ұзын, қою қара, ол мысықтарды жақсы көреді, ал сүтті мүлдем ұнатпайды. Кім бірінші қай бала туралы сөз болғанын тауып алады,
Кішкентай балалар ойнағанда, киімдерін де сипаттауға болады.
8. Ойын"Екі шеңбер".
Балалар екі шеңберге тұрады. Сыртқы үлкен шеңбер және ішкі (3-4 адам). Үлкен шеңбердегі балалар тұрады ал кіші шеңбердегі балалар жүре сөйлейді. «Біз шеңбермен жүреміз, өзімізбен .... аламыз» .
Ал үлкен шеңбердегі балалар тезірек тәттіні білдіретін сөз айта қою керек, мәселен, қант. Қай бала сөзді бірінші айтады, сол бала ішкі шеңбергүе тұрады.
Ойын жалғаса береді. (... өзімізбен бірге жұмсақ, ащы, тұщы, қатты, қышқыл, т.б.) Үлкен шеңбердегі қалған соңғы бала бір тапсырма орындау керек.
9. Әңгіме ойлаймыз.
Үлкен адам сөйлемдерді оқып тұрады. Балалар, сөйлемнің арасына керекті сөздерді қойып отырады. Ол сөздер зат есім, етістік, сын, сан есімдер болады)
Мысалы,:
".... (Не?) босағада отырып мияулайды. Мысық алдында тұрған тәрелкедегі сүтті . . . . (не істеді?). Бақта жүрген мысық . . .(нені?) ұстап алды. Мысықтың жүні . . . (қандай?), тырнағы . . . (Қандай?). Мысық марғауларымен . . . (Қайда?) жатты. Марғаулар допты .. . . (қалай?) ойнады.
10. Сөйлемді тарату.
Мұғалім: "Бағбан ... суғарып жатыр ... (нені? Қайда? Қашан? Неге?). Балалар. . . бара жатыр ... ( қайда? Не үшін? Неге?) т.с.с.
11. Сөйлемді толықтыр.
Балалардан сөйлемді аяқтауды өтіну: «Балалар гүлзардағы гүлдерге су құйып жатыр, себебі . . .». "Ағаштарда бір жапырақ қалмады, өйткені . . . " , "Аю қыста ұйықтайды, себебі . . . " және т.б.
12. "Мен циркте болдым... "
Ойын үшін сізге әріпті және буындық карточкалар керек болады. Екі немесе одан көп адам ойнауға болады. Барлық ойыншылар кезекпен карточкаларды алады.
Бастаушы карточканы алып, «Мен циркте болдым онда ..... көрдім». Ол карточкадағы әріптен басталатын бірдеңені атау керек. Атайтын сөз тек зат есім болуы керек. Мысалы, "К" әрпіне клоунды, керікті.
Егер буын карточкаларын қолдансаңыз, ол буын сөздің басында да, ортасында да, сөздің соңында да кездесе берсін. Мысалы, "Мен теңізде бол-дым» т.с.с.
13. Қызықты әліпби.
Алдымен бір қалың дәптер бастаңыз. Әліпби әріптерін қатырма қағазға жазып, қиып алыңыз. Ескі журналдардан суреттер қиып алыңыздар, әртүрлі суреттер, жапсырмалар да жарап жатыр. Енді әріпке сай суретті балаңызбен әріп тұрған бетке жапсырыңыз. Бірнеше сурет жапсыруға болады. Әр суреттің астына баспа әріппен сол сөзді жазыңыз. Кейінірек, бала әріптерді меңгергеннен кейін, тапсырманы қиындатыңыз. Журналдардан, газеттерден енді сөздерді қиып алыңыздар. Белгілі әріппен және белгілі буынмен.
14. Шынжыр.
Бұл ойын сөздермен. Бірнеше бала қатыса береді. Бірнеше дауыссыз әріптерді алыңыз, қағазға жазып қойыңыз. Осы үш әріп кездесетін сөздер ойлап табу керек. Кім көп сөз айтады, сол жеңеді. "а", "н", "т". Құрамында осы үш әріп кездесетінсөздер: атан, отан, қотан, қант, Қанат, Жанат, қиянат, жарғанат. самолет, масло, салями, мысль.
15. Кім қай әріппен дос.
Бұл ойын баланың тілін ғана дамытпай, оның есте сақтауын, танымдылығын дамытады. Әр балаға жануардың суреті болу керек. Мысалы әркімде әртүрлі: бір балада-піл, екіншісінде-қолтырауын, үшіншісінде- кірпі. Мысалы, бірінші бала айтады: «Менің пілім «Т» әрпімен дос, өйткені оның тұмсығы ұзын». Екінші бала, « Ал менің қолтырауыным «Ө» әрпімен дос, өйткені ол өзенде мекендейді». Келесі бала, «Менің кірпім « И» әрпімен жолдас өйткені, оның инелері бар».т.с.с.
Сөздік қорды дамытуға арналған ойындар
Баланың сөз мәнерін дамыта отырып, оның сөздік қорына үлкен мән беру керек. Өйткені сөздік қор тіл байлығының іргетасы. Сөздік қоры көп болса, оның тілі де бай болады. Ол өз ойын еш қиналмай –ақ жеткізе алады. Сөздік қорды молайту үшін, үнемі баламен әңгімелескен жөн, әрине ең маңыздысы оған кітап оқу керек! Сонымен қатар, мынадай ойындар ойнатқан дұрыс болар.
«Дұрыс па, бұрыс па»
Бұл ойын сөздік қорды, зейінді дамытады. Сіз бірнеше затты атау керексіз, ал бала сіз шын айттыңызба , әлде жоқ па екенін анықтау керек. Мысалы, сіз:
- саптаяқ және қасық – ыдыстар.
- Бала: иә, дұрыс олар ыдыстар.
Басқаша нұсқасы: Сіз:
-Ит пен мысық – олар құстар.
-Жоқ, сіздікі бұрыс, ит пен мысық олар үй жануарлары.
Сіздің міндетіңіз баланы толық, ашық жауап беруге үйрету. Сөйтіп баланың сөздік қоры молаяды. Сонымен қатар, көп заттардың атауларын біліп алады. Бұл ойынды ағылшынша да өткізуге болады. Өте қызықты болады.
Мен бүгін… барамын.
Бұл ойынның мазмұны кез-келген бір жағдаят ойластыру болып табылады. Мысалы, балаға « Елестетші, сен бүгін ойыншықтар дүкеніне барасың, онда сен не істейсің?» Баланың міндеті 2-3 сөйлемнен тұратын әңгіме құрау. (кейін сөйлем санын көбеюйту керек) Оның баяндауы мына сөзден басталу керек: «Мен бүгін ... барамын». Жағдаяттар түрлі болады: саябаққа, орманға, мектепке, қонаққа, көлге, мұражайға, т.с.с.
Әңгіме жазамыз.
Бұл қызықты ойын сөздік қорын байытады, сөз таптарын, заттарды, құбылыстарды жаттауға да көмектеседі.
Мұғалім алдын-ала сөздері қалып қойған әңгіме жазып, дайындап қояды. Қалып қойған сөздің орнына жақшада қай сөз табы екенін жазып қояды. (зат, құбылыс) Сосын мұғалім баладан кезекпен қалып қойған сөздерді дауыстап айтуын сұрайды, тек әңгімені дауыстап оқымауы керек. Мысалы: «Маған сын есімді ата». Бос орындар толықтырылғаннан кейін, әңгімені толық дауыстап оқиды.
Мысалы:
Сәлем ! Бүгін … (сан есім) … (ай). Далада таңатқаннан өте . . . (сын есім). Сондықтан мен қыдыруға баратын болдым. Менің ең сүйікті жерім … (қаладағы орын ) барамын. Өзіммен бірге ... (көпше зат есім) және … (жануарды) алдым, себебі біз уақытты өте (сын есім) өткіземіз.
Біз сүйікті орнымызға тез жеттік, себебі . . . (көлік түрі) отырдық. . . (қаладағы орын) өтеәдемі болды.Аспан ... (қандай?) түсті болды, күннің көзі (етістік). Өкінішке орай, ауа-райы бұзылып, (табиғат құбылысы) жауды. Біз (қайда?) қайттық. Менің күнім (сын есім) өтті.
Суреттеп айт.
Бұл ойынды топта ойнау керек. Бастаушының құлағына не болмаса карточкамен бір сөз айтылады не болмаса сурет көрсетіледі.бала ол сөзді атамай оны басқа сөздермен суреттеуі тиіс.
Мысалы, «доп» . Оны « дөңгелек, резенкеден жасалған, түрлі-түсті» деуге болады. Сөзді тапқан бала ойынды жалғастырады.
Тіл дамытуға арналған тапсырмалар
1.Кез келген газеттен дауысты дыбыс бар 10 сөзді тап. Оларды дөңгелектеп қарындашпен сызып қой. Орнын анықта. / басында, ортасында, соңында /
2.Открыткаға , суретке қарап отырып, қызықты әңгіме ертегі құра. / суреттің мазмұнына сәйкес өлең , ән, мақал-мәтел тап /
3.Бүгінгі күнді суретте. / аспан, күн, ауа райының температурасы , өзінің көңіл-куйі қандай? / Толық сөйлеммен жаз. Сөздер қайталанбасын./
4.Өзің ең жақсы көретін гүл, не ағаш, не жыл мезгілі, ойыншық, жануар, құс т.б. Бейнеленген сурет тап. Оларға сәйкес өлең, тақпақ, мақал ойластыр.
5.Затты түріне қарап зертте.
6.Сағатты суретте. Ол адамға не үшін қажет? Қандай түрлері бар?
7. "Мектепке келер жолда" деген тақырыпқа әңгіме жаз. Онда қоршаған ортадағы сұлулықты , жолда болған оқиғаны, тағы басқа көрген жағдайларды жаз.
2 БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ АРҚЫЛЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
2.1 Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу тілін дамытудың жолдары
Қазіргі заманда өз ойын анық айта алатын, шешен сөйлей білетін ұрпақ тәрбиелеп өсіру-бүгінгі күн ұстаздарының алдында тұрған зор міндеттердің бірі. Заманымыздың заңғар жазушысы, ғасыр ғұламасы атанған атанған М. Әуезовтің «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе-білім», – деген сөзінің маңызы ешқашан жойылмақ емес, себебі кез-келген мемлекет мәдениетінің даму деңгейін, рухани мазмұнын, интелектуалдық қуатын айқындайтын бірден бір көрсеткіш-білім берудегі жүйелілік және сапалылық.
Оқушының ой-өрісінің, сана-сезімінің жан-жақты дамуы бастауыш сыныптан басталады. Бастауыш сыныпта оқушылардың тіл орамдылығын арттырып, өмірге көз қарасын қалыптастырса, ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытады. Балаларды жақсыға үйретіп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді.Біздің жарқын болашағымыз – өскелең жас ұрпақтың біліктілігімен байланысты. Жас ұрпақ-өркениетті тәрбие шуағына шомылса ғана, білім нәрімен сусындаса ғана мемлекетіміздің көсегесі көгереді, егеменді ел баянды болады. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ екені ақиқат. Қазіргі таңда оқыту мен білім беру саласы оқушылардың жеке басын дамыту мен сапалы білім беру мақсатында оқытудың жаңа мазмұнын , тиімді әдістерін үнемі іздестіруді талап етіп отыр.
Осыған орай оқушының бойындағы барлық сапаны, дағдыны, қабілетті, білім мен біліктілікті тұтас сәйкестікте дамытуға бағытталған білім жүйесін қалыптастыру қолға алынуда. Жан-жақты білімді, өз ойын ашық айтатын, сөйлеу мәдениеті жоғары «жеке тұлғаны» бастауыш сыныптан бастап дайындауға ерекше көңіл бөлінуде.
Бастауыш сынып жасындағы балалардың сөздік қорын байытып, тілін дамыту әдістемесі оқушының тұлғалық ерекшелігін дамытуда ерекше орын алады. Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын дамытып, сөз мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйесіз, негізсіз, бағытсыз кездейсоқ іске асырылмайды. Бастауыш сынып кезеңі – баланың қалыптасатын кезеңі. Олай болса, тіл тазалығы, ой дәлдігінің атадан балаға мирас болып келетінінің бірі. Сөздік қор әдетте 5 жастан бастап барынша молаяды. Бала тілінде синоним, антоним, бейнелеуіш сөздер пайда болады да еш қиындықсыз зат есімдерге жұрнақтар қосып, сөздерді түрлендіре айта алады. Кішкентайынан сөздік қорын байыту үшін сұраққа толық жауап беріп, қате айтса, жіберген қателерін қайтып қайталамайтындай етіп түзетіп отыру. Ертегі, әңгіме, өтірік өлеңдер шығаруларын қолдау.Өтірік өлең, жаңылтпаш баланың тілін сындыруға, дыбыстарды дұрыс айтуға мәжбүрлейді, кейіннен 2,3 сыныпта баланың тілі , сөздік қоры жақсы дамиды.
Тіл- тәрбиенің басты тірегі. Қазіргі заман талабына сай ұл мен қыз өсіру, оларға білім беру- әр ұстаздың басты мақсаты. Ана тілі арқылы жас жеткіншектерді халқымыздың озық ойымен, әдебиетімен, мәдениетімен, тіршілігімен таныстырамыз. Осының бәрін біліп қана қоймай, бала оны жеткізе де білуі керек. Сондықтан әр сабағымда бала тілін дамытып, сөздік қорын байытуға әр түрлі тәсілдерді қолданамын.
Оқулықтарында берілген тапсырмаларынан басқа қосымша тапсырмалар қолданылады. Мысалы бейнесөз шешу, мәтінді аяқтау, «Мақалды тауып оқы», «Керекті сөзді тап», «Қандай әріпті жоғалттым» және тағы басқалары. Заттың атын білдіретін сөздерді өткенде «Кім тез табады?» ойыны сабақ соңында ойналады. Берілген шашыранды әріптерден атақты адамдардың есімдерін құрастыру.
Тіл байлығын дамытуда қиял, ұшқыр ой қалыптастыру қажет. Мұнда оқушыға ертегі,әңгімені жалғастырып айту және аяқтау тапсырылады. Оқушы қиялға ерік бере отырып оқиғаны жалғастыра отырып шығармашылық жұмыс істейді. Өз бетінше іздену-шығармашылық және өз ойын жеткізе алудың көзі. Берілген тапсырманы түрлендіру бойынша жұмыс түрлерін, мысалы мәтінді өңдеу, диалог құрастыру, өз ойынан өлең, ертегі, әңгіме құрастыру да оқушының ойы арқылы тілін дамыта түседі.
Мақал –мәтелдер мен тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру-мұғалімнің күнделікті жұмысының бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмау үшін оны сөздік дәптеріне жаздырып, әр тоқсанда соларды көбейту кестесі тәрізді жатқа жаздырып, бақылау жұмыстарын алуға болады.
Оқушының оқыған әңгіме ертегісіне сараптаудың жолдары:
-түсінгенін әңгімелеу
-сұрақтарға жауап беру
-кейбір үзінділерді жатқа айтқызу
-оқыған шығармасы бойнша таныс емес сөздерді сөздік дәптерге жазып отыру
-кейіпкерлер іс-әрекетіне баға беру
–әңгімелердің ұқсастығын салыстыру
–ең соңында сол шығармаға ұқсас әңгіме жаздыру.
Бала – біздің болашағымыз. Болашақ ұрпаққа заман талабына сай білім беру талап етіледі. Бұл мақсат орындалу үшін бағдарламадан тыс қосымша тапсырмалар беру абзал. Алғашқы күннен бастап тілін дамыту үшін өлең, жаңылтпаш т.б.тапсырмаларды ата – ананың көмегімен жаттау қолға алынғаны дұрыс. Сюжетті суреттер бойынша сұрақтар жауап арқылы әңгімелеу, өз отбасы туралы әңгіме құрастыру, осы тақырып бойынша дайын мәтіндерді оқып беріп, суретін көрсету.Баланы өз ойын анық айтып, дұрыс сөйлеуге үйрету. Тереңдетіп оқыту арқылы сөздік қорын байыту үшін, әр оқушының сөйлеу деңгейін, ойлау қабілетін, шығармашылығын зерттеуді қажет етеді. Бұл тұста оқушылардың жазу сауатын да есепке алу керек.Тек диктант түрлері грамматикалық ережелерді әр оқушының қалай меңгергендігін және жазу сауатының қандай дәрежеде екендігін байқатады.Әр сабақтың тақырыбына байланысты диктант түрлері жүргізіледі. Диктанттардың ең күрделісі – шығармашылық диктант. Бұл оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын, білім деңгейі мен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерін арттырады.Оқушылардың ойын жазуға үйрететін тағы бір әдіс – «Өз ұйқасын тап», «Әңгімені ары қарай жалғастыр» деген тапсырмалардың әсері зор.
Бұл тапсырмалар баланың ойлауына, ойлау қабілетінің артуына, сөздік қорының байуына, шығармашылығына жол ашары анық.
Тіл дамытудың басты құралы сөздік қорға жатады.Оқушының сөздік қорының неғұрлым көп болуы және оны тиімді қолдана білуі жүйелі еңбекті қажет етеді.Тіл дамыту жұмыстарында басшылыққа алатын басты мәселелердің бірі-оқушылардың сөздік қорды,ауызекі сөйлеу тілін тиімді ережеге сәйкес құра білуінде жатыр. «Тіл мәдениетінің жоғары деңгейі ол тіл арқылы өз ойын дұрыс,дәл және мәнерлі жеткізе алады».
Тіл дамытудағы тиімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар.Шығармашылықтың түрі әр алуан,мәні біреу – ол жаңа мазмұн жасау.Шығармашылық жұмыстарды орындау арқылы әрбір бала өзінің таланттылығын,қабілеттілігін,бейімділігін көрсете алады.
Қорыта айтқанда,оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты түрлендіре жүргізілетін жұмыс – оқушылардың жүйелі ойлау қабілетін тудырып,шығармашылық ізденіске бейімделушілігін молайтады,тіл байлығын арттырады. Тіл дамыту жұмыстарында дамыта оқыту жүйесі іске асып әр оқушы өз бетінше жұмыс істеуге қалыптасады.Бала жұмысына сын көзбен қарап, бағалауға,ойын еркін,дұрыс, ашық айта білуге үйренеді.Оқушыға берілген тапсырманы біртіндеп күрделендіре түсіп, шәкірт бойындағы шығармашыл ізденісті тереңдете түсу менің және барлық ұстаздар қауымының негізгі мақсаттарының бірі болмақ деп есептеймін.
Оқушыларды тіл мәдениетіне, ауызша және жазбаша тіл шеберлігіне баулу.
«Өнер алды – қызыл тіл», – дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап.
« – Ең әдемі сөз – аз сөз» дейді халық. «Көп сөз көмір, аз сөз – алтын» дегені тағы бар. Мәдениетті, әдемі сөйлеу үшін, көп сөйлеу міндетті емес. Қай жерде болсын, айтарыңды қысқа айтуға тырыс. Сөйлемдерің шұбалыңқы, шашыраңқы болмасын. Мәдениетті сөйлеудің бір жолы – қыстырма сөздерді, жергілікті жерлерде ғана пайдаланатын сөздерді пайдаланбау, «әй, өй» деп, өзіңді, тыңдаушыны да мазалай беру әбестік болады.
Сөйлеу мәдениеті деген – ең алдымен әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау. Осыған абай бол. Екіншіден, айғайлап, дабырланып, екіленіп сөйлеме.
Пікір таластырып тұрсаң да, сабырлы басыңқы сөйлеуге тырыс. Басқаны толық тыңда, сөзін бөле берме. Өзің де айтарыңды жинақы етіп жеткіз.
Тіл дамыту – әдебиетті оқыту әдістемесінің ең бір күрделі де маңызды саласы. Ол жүйелі түрде шығармашылық бағытта жүргізіледі.
Оқу бағдарламасында тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінген, бірақ оны тек сол сағаттарда ғана жүргізу керек деп ұқпау керек. Жоғарыда айтылғандай, тіл дамытуға мұғалім әдебиеттің әр сағаты, сыныптан тыс жұмыстарда үнемі көңіл аударып отырады. Әдебиет сабағындағы тіл дамыту оқытылып жатқан көркем шығарма негізінде, оның көркем тілін жаңғырту негізінде жүзеге асуы керек. Оқушылардың әдебиет сабағында көркем тілін дамыту үшін де басқа пәндермен байланыстырып оқытудың маңызы ерекше.
Тіл мәдениетіне дағдыландыру, көркем, әдеби тілін жетілдіруде қазақ тілі сабағының орны ерекше. Шебер мұғалім тіл дамытуда осы екі сабақты үндестіріп, бір бағытқа жұмсайды. Қазақ тілі сабағында да тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінеді, әрі әдебиетке бөлінген сағаттардан көп. Міне, осы сағаттарды тиімді пайдаланса, мұғалім оқушылардың көркем тілін қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарады.
Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталасы, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны зор.
Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмыстарына қолайлы болып келеді. Мысалы, І. Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық, эстетикалық нәрі, табысы айналасында өтуге болады. Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қана қоймай, тілін дамытуға қазақтың бай тілін меңгертуге, оны бейнелі, образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді.
Тіл дамыту жұмыстарын сондай-ақ тарих, биология, т.б. сабақтармен де байланыстыра жүргізуге болады.
Әдебиет сабағының басым көп уақыты оқушылардың да, мұғалімдердің де ауызекі сөйлеу тіліне кетеді. Оқыған әңгімелерін не басқа көркем туындыларын мәнерлеп оқу, мазмұндау – әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.
Мұғалім 5-7 сыныптар оқушыларының көркем тілін, ауызекі сөйлеу мәдениетін дамытуда жауаптарының жоспарын жасап үйретулері керек. Ол жоспарды тиімді пайдалануға дағдыландыру – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Жоспар, нұсқау немесе тезис құрылысы мынадай бөлімдерден тұрады:
Кіріспе сөз.
Негізгі ойлар. Ой мен кіріспе арасындағы байланыс.
Негізгі ойды баяндау.
Негізгі ойдың шарықтау шегі.
Ойды аяқтау.
Қорытынды пікір.
Тіл тарихы – халық тарихы. Тіл халық тарихымен бірге дамиды, өзгереді, халықтың рухани дүниесінің жетістіктерін бойына сіңіреді. Ұлттық сананың дамуын сөз төркіндерінен іздеп, олардың сөз шежіресін келешекке жеткізіп, жаңа мағына беру, оларды ғылымиландырып, жаңа сапаға көтеру – мәдениетті, өркениетті елдердің ғылымы мен мәдениетін қалыптастырудың сара жолы. Б. Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту», – дейді. Тіл – сан сөздердің жиынтығы. Көркем әдебиеттің негізгі құралы тіл.
Сөйлеу тілі – адамның ой-сезімін басқаларға білдіру үшін көркем сөйлеуге әрекеттенеді. Тіл – қатынас құралы ретінде қызмет етеді.
Тіл дамыту жұмыстарының негіздері: тіл дамыту жұмысы оқушының әдебиеттен, қоршаған ортадан алған әсері негізінде жүргізіледі. Неше түрлі тақырыпта жазылған туынды, шытырман оқиға, кейіпкер әрекеттері шәкіртке әсер етеді. Сол әсер ойлануға әкеліп, ой қозғап, бейнелі сөз тілге оралады. Мұғалім әрбір оқушыға жаңадан танылған бейнелі сөздің мән-мағынасын ашып, толық меңгертуге жол, әдіс іздейді; тіл мәдениеті бір күнде жасалмайды. Оқыту үрдісін де жүйелілікті, дағдыландыруды қажет етеді. Ауызекі сөйлеу тілі, әдеби тіл бар.
Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты жан-жақты әлемдік білім кеңістігінен орын алу болып табылады. Бүгінде қоғамды дамыту факторы ретінде білім беру жүйесін қайта құру, ұлттық мектептерде білім сапасын жақсарту мәселесі қолға алынып отыр.
Біздің алдымызда отырған жас ұрпақ-ертеңгі егемен еліміздің болашағы,халық тағдырын шешетін азаматтар. Өскелең ұрпақтың тілді дұрыс пайдалануы,оның сөздік қорына тікелей байланысты екенін білеміз. Балалар білім негіздерін бастауыштан алады. Сондықтан мектептерде тілді оқыту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Тіл арқылы балаға барлық ғылым негіздері үйретіледі. Тілді оқыту бала алғаш мектепке келген кезден бастап жүргізіледі.
Оқушы қалпына түскен баланың айналадағы дүниетаным өрісінің аумағы артып, тілінің дамуына, осының салдарынан жеке тұлғасының жан-жақты қалыптасуына әсер ететін бастауышта жүретін «Әдебиеттік оқу» пәнінің орны ерекше. Пән – бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді,сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесімен байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді.
Н.Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - дейді. Жалпы, әдебиеттік оқу сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғы шарты қаланады.
Пәннің мақсаты – дұрыс, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгерту, оқушыны шығарма авторының көзқарасын түсінуге жетелеу және мәтінді қабылдаушы оқырман ретінде тәрбиелеу, көркем-шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, сөз өнеріне деген қызығушылығы мен эстетикалық талғамын қалыптастыру, сөйлеу әрекетінің барлық түрін жетілдіру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық пен рухани-адамгершілік тәрбие беру.
Тіл байлығы – сөз байлығы.Лингвист – ғалым М.Балақаевтың: «Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт», - деген пікірімен келіспеске болмайды.
Бастауыш мектепте әдебиеттік оқу сабағында сөздік қорды дамыту жұмыстары түрлі әдіс – тәсілдер арқылы жүзеге асады:
сұрақ-жауап;
әңгімелесу;
әңгімелеу;
түсіндіру;
зерттеу;
түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы.
Тіл байлығын арттырып, оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіруде мәтіндермен жұмыс жүргізу аса маңызды. Көркем мәтінге тақырыптық талдау жасап, негізгі ойын анықтау,кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беру, сол арқылы оқушы танымын кеңейтіп,тәрбиелік жағына көңіл бөлу – бастауыш сынып мұғалімдерінің шеберлігі. Алайда,көркем мәтінді оқыған соң,талдаған тұста сөздік жұмысын жүргізу одан әрі оқушының барынша дұрыс түсініп,барлық талдауларға еркін қатысуын қадағалап отыру керек.
Жаңа сөздің мағынасы синонимі, антонимі түсіндіріледі.
Тек дәптерге жазғызып қою жеткіліксіз. Енді танысқан сөзді санада тұрақтандыру үшін жаңа сөзбен түрлі жұмыстар жүргізіледі:
мүмкіндік болса, заттың өзін көрсету;
суретін көрсету;
синониммен түсіндіру;
антонимдері арқылы түсіндіру;
мұғалімнің жалпы түсініктеме беруі т.б.
Мақал – мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар мен тұрақты тіркестерді үйрету барысында да оқушының тіл байлығы артады. Оқулықта берілген және басқа да мақал-мәтелдерді, жұмбақ, жаңылтпаштарды тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру – біздің күнделікті жұмысымыздың бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмауы үшін оқушылар өздері мақал-мәтел кітапшаларын арнап, соған жазып отырады. Мақал – мәтелдерді, жұмбақ, жаңылпаштарды қаншалықты білетінін анықтау үшін әрі мейлінше көп меңгерулері үшін осы бағытта сайыс сабақтар ұйымдастырып отырамыз. «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Жаңылтпаштан жаңылма», «Жұмбақ, жұмбақ, жұтылдым», «Тазшаның тапқырлығы» тәрізді сайыстар оқушының тіл байлығының артуына ғана емес, ой-өрісінің, танымының артуына ықпал етпек.
Оқушының тілін байыту жұмыстары тіл мәдениетімен тығыз байланысты екені белгілі. Тіл мәдениеті бойынша бастауыш сынып оқушыларына мына талаптар қойылады:
- сөздерді лексикалық,фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;
- орфография,орфоэпия нормаларын сақтай білу;
- ауызша,жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;
- шамасы жеткенше ертегі,әңгіме жаза білу т.б.
Тіл дамытудағы өнімді тәсілдерінің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсырмалар тіл мәдениеті талаптарын жүзеге асыруда аса тиімді.
Оның түрлері:
шығарма, әңгіме жазу;
сурет бойынша әңгіме жазу;
икемі бар балаларға өлең шумақтарын жазғызу;
ертегі жазу;
көркем шығарма оқу;
сайыс, рөлдік ойындарға қатыстыру;
әркімнің қабілетіне қарай деңгейлік жеке тапсырмалар беру;
сөзжұмбақтар құрастыру;
газет – журнал шығарту;
балаларға арналған басылымдардағы сөзжұмбақ, ребустарды шешкізу;
жұмбақтар құрастыру;
хат жаздыру;
Белгілі бір шығармаға қысқаша пікір жаздыру;
Оқушы тілін дамытудың негізгі объектісі – шығарма жаздыру. Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат – оның ойын, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой-өрісін кеңейтуге машықтандыру болып табылады.
Оқылған шығарманы тексеріп,сараптаудың жолдары көп:
түсінгенін әңгімелету;
сұрақтарға жауап бергізу;
кейбір үзінділерді жатқа айтқызу;
оқыған кітабы боынша таныс емес сөздерін есте сақтап дәптеріне жазып отыруға дағдыландыру;
кейіпкерлер іс – әрекетіне баға бергізу;
әңгімелердің ұқсастығын салыстыру;
ең соңында сол шығармаға ұқсатып әңгіме жаздыртып көру т.б.
Мұғалім осындай жұмыстарды атқарту арқылы оқушылардың өздігінен кітап оқуына бағыт береді. Көркем шығармамен жұмыс – оқушының тілін байытудың ең тиімді жолы. Көркем шығарманы көп оқу арқылы оқушының танымы артып қана қоймайды,ойын жүйелі жеткізуді, байланыстырып сөйлеуді, тілдің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын дұрыс меңгеруді үйренеді. Алайда, көркем шығармамен жұмыс істеу барысында есте ұстайтын жайт: шығарманың оқушының жас ерекшелігіне сай болуы, мазмұнының қызықты болуы, тәрбиелік мәнінің зор болуы, оқушыны жалықтыратындай тым көлемді болмауы.
Сонымен бірге әдебиеттік оқу сабағында өтілген материалды бекіту үшін оқушының ауызша сөйлеу мүмкіндігін арттыруға назар аударған дұрыс. Мұның жолы – түрлі рөлдік ойындар. Ондай ойындар оқушының тілін, еске сақтау қабілеттерін арттырады, зейінін шоғырландыруға көмек көрсетеді. Ойын барысында өзіне бекітіліп берілген рөлді ойнау үшін оқушы ізденеді, талаптанады, жинақталады, айтатын сөзін салмақтайды. Белгілі бір жағдаятқа өзі кіріп, өз басынан өткереді. Нәтежисінде сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына осы ойынның жәрдемі тиетінін түсінеді. Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай-ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Мұндай жұмыстар оқушының білімін ғана жетілдіріп қоймайды, жеке дара шығармашылық қабілетінің ашылуына негіз болады.
Сабақ үдерісінде мұғалімнің басшылығымен мұндай жұмыстар жүзеге асырылып, жүйелі орындалып отырса:
-оқушының сөздік қоры мен тілін байытуға ықпал етеді;
-ауызша және жазбаша тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;
-сауатты жазуға үйретеді;
-оқушы өз бетімен шығармашылықпен айналысуға үйренеді.
Осындай жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырса,кез келген мұғалімнің мақсатына жететіні даусыз.
Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту күн тәртібінен ешуақытта түсіп көрген емес.
Сабақта тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру. Жаңашыл әдіс-тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлануына және қиялына негізделіп келеді, баланың теренде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлетуге пікірін айтып оны дәлелдей алуға үйретеді.
Әдебиеттік оқытуда сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, тәжірибелік әдіс, түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс немесе репродуктивтік әдіс, эвристикалық (ішінара іздендіруші) әдіс, зерттеу әдісі,өзіндік жұмыс әдісі, мәнерлеп оқудың орны ерекше.
Біздер ұстаздар оқытудың мақсатын жүзеге асыру үшін ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып пайдалануымыз керек.
Сонымен қатар,іс-тәжірибемізде оқу мен жазуда сын тұрғысынан ойлау технологиясын үнемі пайдаланып отырамыз. Атап айтсақ, ассоциация құру, сәйкестендіру, Блум таксоманиясы, дамыта оқытудың РАФТ, екі жақты күнделік, сиқырлы таяқша, әңгіме кестесі, кейіпкерге хат, автор орындығы стратегияларын пайдаланып келеміз, әдеби ойындар, оқырмандар мәслихаты, әдеби викториналар, мәнерлеп оқу сайыстарын жиі өткізіп отырамыз.
Оқушының көркем әдебиетке деген ынтасын арттыру мақсатында балаларды кітап оқуға баулу, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруға үйретуіміз керек.
Қорыта келгенде тіліміздің мәртебесі – еліміздің мәртебесі, сондықтан сауатты, тілдік қоры бай, шығармашыл тұлға тәрбиелеу – біздің мақсатымыз.
Осы мақсатқа жету жолында сіздерге шығармашылық ізденіс, сәттілік пен табыс тілей отырып, сөзімнің соңын аса көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Адамдар тәрбиені ата-анадан да, мектептен де және әдебиеттен де алады» деген сөзімен аяқтағым келеді.
Сөйлеу әрекетінің жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттелуі тіл білімінде ХХ ғасырдан бастау алады.Тіл білімі үшін сөйлеу әрекетін зерттеу үлкен мәселелердің бірі екендігін швед лингвисі Фердинанд де Соссюр алғаш болып көрсеткен. Қазақстандық ғалымдар: Т.А.Аяпова, Э.Д.Сүлейменова, Ф.Ш.Оразбаева.т.б. Л.Щерба: «Сөйлеу әрекеті дегеніміз-үзіксіз үрдіс және ол сөйлеу үрдісі мен тыңдаудан тұрады», деген, ал Т.Аяпова «Адам баласының сөйлеуі-баланың алғашқы сөйлеуі және тілдік ортада түсінуі, белгілі бір жағдаятқа байланысты, мақсатты, қажетті болып табылатындығын айқындайды», - деді.
Тілдің қарым-қатынас қызметі жеке бірліктер түрінде емес, өзара хабар алысатын саналы әрекет түрінде жүзеге асатыны белгілі.Сондықтан тілдің әртүрлі деңгейіндегі тілдік бірліктердің ерекшеліктері, сөйлеудің коммуникативті түрлері, сөйлесімдер мен мәтіндердің коммуникативтілігіне негіз болып отыр. Қоғам талабына сай қазақ тілін оқытуда берілетін білім мазмұны мен оқыту әдістерін жаңалау қажет ететіндігі айқындалды. Ондағы мақсат оқушыларды қарапайым болса да өз ойларын еркін жеткізіп қана қоймай, өзара тіл табысып, пікір алысуға үйрету, себебі жалпыға білім беретін орта мектеп білімнің негізгі мақсаты оқушының қазақ тілінде сөйлеу қабілетін жетілдіру.Соңғы жылдардағы тілші, әдіскер ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, мектеп оқушыларының көпшілігінің сөздік қоры жұтаң, сөз тіркестерін, сөйлем және мәтін (топик) құрауда дәрменсіздік танытатындығын, ойын жүйелі түрде жеткізе алмайтындығын, ауызша сөйлеу дағдысының төмендігін байқауға болады деген пікірді тілге тиек етіп отыр. Қазіргі кезде оқушылардың ауызша сөйлеу әрекетін қалыптастыру- бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Тіл дамытуда мынадай тілдік материалдарды пайдалануға болады:
а) Тіл дамыту жұмыстарын көркем-әдеби үлгілермен емес, таза «бала тілін» бақылау арқылы жүргізу.
ә) Тіл дамытуда газет-журналдардың, ресми іс-қағаздардың тілін пайдалану.
б) Тіл дамытуда көркем-әдебиет тілінен үлгі алу.
Тіл дамыту жұмыстарын үш салаға бөледі; 1.сөздікпен жұмыс; 2.сөз тіркесі және сөйлеммен жұмыс; 3.байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру жұмыстары.
Тілді оқытудағы ең басты мақсат- оқушыны сөйлеуге, яғни айтар ойын жеткізе білуге үйрету. Сөйлеу тілдік қарым-қатынас барысында адамның өз oйын жарыққа шығару процесі, өз сөзін екінші біреуге түсінікті етіп жеткізуі.Сөйлеуге үйрету дегенде мынадай ұғымға мән беріледі: бұл-адам мен адамның тілдік қарым-қатынаста бір-бірімен тілдесуі, сөйлесуі яғни бір адамның өз ойын екінші адамға ауызша жеткізуі, сөйлеуі, айтуы. Сонымен бірге айтылған ойдың адамға түсінікті болып, оны қабылдау арқылы екінші адамның оған өзіндік жауап қайтаруы. Бұл сөйлеуге үйретудің бір адамға ғана мәселе емес екендігін көрсетеді. Ол тілдік коммуникация арқылы жүзеге асады. Сөйлеу әрекеті-тілді үйрену жолындағы маңызды баспалдақ, қажетті шарт қана емес, ол-адамзаттың қоғамдағы орнын, қызметін көрсететін күрделі әрекет. Өйткені, сөйлеу әрекеті адамдық қасиетті білдіретін басты өлшемдердің бірі. Ауызша сөйлеуге үйрету- тілді жалаң үйрену емес, адамның жалпы ойлау қабілетін кеңейту, жетілдіру деген сөз. Жалпы сөйлеу әрекетін меңгеру үшін мына жағдайларды ескеру қажет: Үйрететін тілде сөйлеуге деген қажеттілік; қоршаған орта, жағдайдың әсері; жеке бастың қабілеті; сөйлеудің негізгі мақсатын айқындау.
Қазақ тілін оқытуда коммуникативтік мақсатқа жетуде ауызша сөйлеудің маңызы зор. Сөйлеуге үйрету үшін оқыту әдісі ситуативті әдіс болуы керек себебі: ситуативтілік сөйлеу әрекетінің табиғи қасиеті болып табылады.
Сөйлеуге үйрету үшін қажетті ситуацияларды мынадай жолдармен беруге болады:
а) «көз алдыңа елестетіп көр», «қиялдап көр» деген сияқты т.б. тапсырмалар арқылы ситуациялар құру;
ә) белгілі бір ситуацияны жасайтын сурет немесе ситуацияны дамытатын, күшейтетін суреттер тізбегіне қарап, соның көмегімен сөйлеу;
б) күнделікті өмірдегі болып жатқан жағдайға ұқсас нәрселерді сипаттау.
Оқытудың ситуативтілігі оқушылар мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасқа негізделген жағдайда ғана сабақ үстінде қатынас ситуациясы пайда болады. Е.Пассов ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде коммуникативтік оқытуда «ситуация» мен «ситуативтілікті» анықтап алу қажет екеніне көз жеткізген. «Ситуация»-дегеніміз, қарым-қатынас жасаушылардың, сөйлесушілердің санасында қалыптасқан өзара қарым-қатынасының жүйесі; ал «ситуативтілік-қарым-қатынастармен байланыс» деп қорытынды жасайды. Ол іс-әрекеттерде өзара қарымқатынастарда мынадай жетекші факторлар болады деп көрсетеді: а) статустық; ә) рольдік; б) іс-әрекеттік; в) ізгілік
Қарым-қатынас процесі оқытудың мақсатына, жағдайына, мүмкіндігіне қарай үнемі өзгерісте болады. Сондықтан, сөйлеуші сол өзгерістерге байланысты қарым-қатынастағы өзгерістерді де ескеріп отыруы керек. Оқушыларды қарым-қатынастың әр түріне дайындау үшін материалдарды да жиі түрлендіріп отыруды қажет етеді. Осы ұстанымға байланысты тілдік дағдылар да өзгертіліп отырылуы керек. Бұл оқушылардың айтқысы келген ойын басқаша жеткізуге, сөйлеу біліктілігін жетілдіруге, тез сөйлеуге көмектеседі. Сонда ғана, оқушылар жаңа материалды іс жүзінде қолдануға тезірек машықтанады. Материал жаңа болуы керек, сонымен бірге қайталау кезінде сол қалпында емес, басқа контекстерде өзгертіліп берілуі керек, сол кезде ғана оқушылардың білік дағдылары бірте-бірте дамиды.
Қазақ тілін оқытуда коммуникативті мақсатқа жетуде ауызекі сөйлеудің рөлі өте зор. Себебі, ауызша сөйлеу арқылы адамдар бір-бірін түсінеді, өз ойларын айтады, дәлелдейді, естіген, айтылған хабарға өз көңіл-күй қатынасын білдіреді. Сөйлеудің екі түрі бар. Олар: монологтық, диалогтық. Диалог - екі немесе бірнеше адамның сұрақ-жауап ретінде сөйлесіп, тіл қатысуы. Диалогтық сөйлеу алдын ала жоспарланбайды, сөйлесу кезінде пайда болады. Оқушылар жалпы, арнаулы сұрақтарды қоя алуы, әр түрлі сұрақтарға жауап бере алуы, өтініш, бір нәрсемен келісетінін немесе келіспейтінін білдіре алуы керек. Оқушылардың сөйлеу қарқынын өсіру керек және әр оқушы сөйлегенде кемдегенде екі реплика айтуы керек. Диалогтық сөйлеуді дамытуда дискуссия-сабақ, экскурсия-сабақ, ойын-сабақ, талқылау сабақтарының рөлі зор. Монологты сөйлеуді дамыту сабақтары-шет тіліне оқытудағы негізгі сабақтардың бірі. Монологтық сөйлеу алдынала әзірленуді талап етеді.
Қазақ тілін оқытуда тілдік тіректер арқылы оқушылардың білім, білік дағдыларын дамыту басты мақсат болып табылады. Егер оқушыларды қазақ тілінде тілдік тіректер арқылы монолог түрінде сөйлеуге үйретсе, онда олардың сөйлеу қабілеттері, танымдық қызығушылықтары, мәтін мен жұмыс жасау кезінде шығармашылық дағдылары қалыптасып қана қоймай,олар қазақ тілінде еркін сөйлеуге машықтанады. Оқушыларды монолог түрінде сөйлеуге үйретуде тілдік тіректердің маңызы зор. Тілдерді оқыту әдістемелерінде «тірек» ұғымы әртүрлі түсіндіріледі. Көптеген ғылыми жұмыстарда ол, стимул, әрекет жасауға түрткі ретінде қарастырылады. Мағлұмат түрткі бола алады, ал мұғалімнің міндеті оқушылардың тыңдаған, оқыған, көрген мәліметтерін дұрыс басқара отырып, оларды монолог түрінде сөйлету. Көп жағдайда тілдік тіректер сөз әрекетін ұйымдастырушы болып,олардың белгілі бір бағытта дамуына,оқушылардың сөйлегенде қате жасамауына дәнекер бола алады. Сөйлеудің монолог түрін қолдану үшін, сөйлеушіге белгілі бір мазмұн керек, ол сол мазмұнның негізінде сөйлемдер құра білуі тиіс, монолог сөздің ұйымдасқан түрі, сондықтан мұнда жекелеген сөйлемдер мен айтылымдар ғана емес, бүкіл хабар жоспарланып, бағдарлануы керек. Тілдік тіректер оқушылардың монолог түрінде сөйлеуіне көмегі зор.
Қазіргі кезде қазақ тілін оқытуда оқушылардың сөйлеу біліктілігін дамытуда тіректерді коллаж ретінде пайдалану тиімді болып отыр, себебі ол обьектіге және оның компоненттеріне жанжақты қарауға, бірден зейін аударуға мүмкіндік береді.
Тілдік тіректерді негізге алып, монолог түрінде оқытуда оқушылардың танымдық қызығушылығының деңгейін анықтау, оқушылардың тыңдаған, оқыған, көрген мәліметтерін дұрыс қабылдауын қадағалай отырып, оларды монолог түрінде сөйлеуге үйрету, танымдық қызығушылықтары мен шығармашылықтарын дамытуда әдістің тиімділігін дәлелдеу .
Ауызекі сөйлеуді қалыптастыру үшін оқушы әр сабақта жаңа білім алып қоюмен ғана шектелмей, өз бетінше ізденіп, талдап, пікір таластыру деңгейіне жетіп, даму біліктілігін жетілдіріп отыруы қажет. Сонда ғана, оқушы ауызекі сөйлеу мақсатына жете алады.
Қазіргі кезеңде бұрынғы дәстүрлі болған қалыпты сабақ беру әдісін жаңа мазмұнда ұйымдастыру және жаңа технологияны пайдалана отырып түрлендіру-уақыт талабы Өйткені бүгінгі қоғамдағы өзгерістермен бірге білім беру жүйесінде де, сабақтың жүргізілу барысына да, жаңа талап, жаңа міндет әкелді. Бұл талап оқушының қазақ тілінде сөйлеу қабілетін жетілдіру болып отыр. Тіл үйрету үдерісіндегі ең белсенді заманауи әдістемелік тәсілдердің бірі-ақпататты, инновациялық коммуникативті оқыту технологиясы. Осы технологияны тиімді қолдана білген ұстаз өз шәкірттеріне білім, тәрбие беруде табысқа жетеді, сол арқылы олардың бойында ойын өзгеге өз бетінше жеткізу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруға, екеуара қарым – қатынас негізіндегі сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ықпал ете алады. Коммуникативті оқыту технологиясы негізінде білім беру-оқушыны ауызша (тыңдау, түсіну, сөйлеу) және коммуникацияға (оқу, жазу) тарту яғни, оқылып жатқан тілде қарым-қатынас қалыптастыру деген сөз. Коммуникативті оқыту технлогиясы қазақ тілін оқытудағы оқу-тәрбие үдерісінің барлық мақсат міндеттерін қамтиды. Коммуникативті оқыту технологиясы оқыту процесінде маңызды рөлге ие. Әртүрлі әдіс тәслдерді оқушыларға тың мәлімет, қызықты тапсырмалар беріп отыру мұғалімнің ұйымдастыру қабілетіне тиесілі. Қазіргі заман талабы қазақ тілін білу болса оқушыларға қалайда жақсы меңгертем деген ұстаз оқытудың түрлі тәсілдерін қолданады. Қандайда бір әдіс болмасын, оның өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері болады. Коммуникативті оқыту технологиясы негізінде ақпаратты инновация технологияларды қолдану барысында көптеген артықшылықтарға көз жеткізілді.
Тіл-өмірдегі жаратылыстардың ішіндегі ең күрделі құбылыс. Оны тек лингвистер ғана емес, барлық ғылымның мамандары айрықша атап көрсетеді.
Қазіргі халықаралық байланысы күшті барлық елдерде тілдік қатынас мәселесіне ерекше назар аударылуда. Әр ұлт тілінің өзінің айтылу, жазылу, сөйлеу ерекшелігі болатыны сияқты, қазақ тілінің де тілдік қатынасының да өзіндік заңдылығы және даму сипаты бар. Ол қазақ тілінің теориялық ережелерімен де, практикалық тәжірибелерімен де тікелей байланысты.
Заман талабына сай қазіргі мектептерде білім мазмұнын оның құрылымдық жүйесін жаңарту білім реформасының басты талабы. Талапқа сәйкес оқушылардың белсенділігі мен танымдық іс-әрекеттері арқылы, олардың сөйлеу дағдысын дамыту, қажетті жағдайларда шешім қабылдайтын жеке тұлғаны қалыптастыру, оқытудың жаңа технологияларын енгізе отырып, білім беру жолдарын қарастыру әр ұстаздың міндеті.
Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттар ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту біздің алдымыздағы басты міндетіміз. Қорыта айтқанда, әр технологияны қолдану арқылы белгілі бір жетістікке жете аламыз. Болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында білім беру жүйесін ізгілендіру, инновациялық үрдісте тиімді қолдану қазіргі заман талабы.
Дидактикалық қатынастар – ерекше табиғаты бар, динамикалық күйде келетін, басқа әлеуметтік жүйелермен тығыз байланыста болатын құбылыс. Оның болмысын бір ғана модульді-интерактивтік технологиямен байланысты шешу мүмкін еместігі белгілі. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың теориялық, практикалық ойлауларын дамыту дидактикалық қатынастардың ерекше түрін іздеуді емес, оның ішкі құрылымдық түрлерін тиімді қолдана отырып, қалыптастыруды қалайды. Сондықтан да сабақ барысындағы екіжақты қызметтің түрлері анықталуы керек. Модульді-интерактивтік технология арқылы қазақ тілін оқыту мынадай ұстанымдарға негізделеді:
1) Жаңа тақырып бойынша анықтамалық материал белгілі бір дидактикалық мақсатқа лайықталып беріледі.
Бұл базалық білім беруге тиімді. Егер игерген білімді ары қарай жетілдіру, кәсіби шеберлігін қалыптастыру қажет болса, онда, жаңа тақырып бойынша анықтамалық материал осы мақсатқа негізделіп құрастырылады. Анықтамалық материалдың мақсатына қарай модульді-интерактивтік технология арқылы оқытудың типі анықталады:
мәтінді танымдық жағынан оқыту;
мәтінге талдау тұрғысында меңгерту.
2) Басты мақсат, нақты мақсат, жеке мақсаттардың бір-бірімен сәйкестігі ұстанымы. Мысалы, мәтінді танымдық тұрғыдан модульді-интерактивтік технологиясына тән басты мақсат – жеке сөздерді, сөз тіркестерін теориялық негіздерін игерту. Соның негізінде дағды мен іскерлікті қалыптастыру. Басты мақсаттан нақты мақсат туындайды. Нақты мақсат сөйлем мүшелерін модульді-интерактивтік технологиясы арқылы меңгертуге негіз болады. Жеке мақсаттарға жету арқылы нақты мақсат орындалады. модульді-интерактивтік оқытудың құрылымдық үлгісі.
Достарыңызбен бөлісу: |