179
Тіршілік
жарқын әңгіме құрып, көп жағдайда пікірлес болдық. Жол айырылар-
да, қоштасарда бір-бірімізді қимай, көп уақыттан бері таныс, аралас
адамдардай қиналып, біраз тұрдық. Сол сурет әлі күнге
көз алды-
ма келеді. Қол жетпеген нәрсенің сөйтетіні бар ғой... Аты Қайыркен
еді. «Бара салысымен хат жіберемін, сен де кешіктірмей жауап жаз»
деді. Сонымен ғашықтықтың белгілерін басымнан өткергендеймін...
Шынымен-ақ, оны аңсап, сағынатын дәрежеге жеттім.
Анамның қасында біраз күн болдым. Аурудың азабы бидай өңін
аппақ қып сорып жіберіпті. Әдемі өңі, толқынды қара шаштарының
қобырап тұрғанының өзі сұлу көрінеді. Ауылдағы тігін цехын басқарды,
сауда саласында қызмет атқарды. Қолынан
шыққан нәрсенің бәрі
жарқырап, жайнап тұратын ісмер, шебер, берекелі әйел еді. Ауыл
адамдарының бірдеңесін тігіп бер, жөндеп бер дегендерінің бетін
қайтармайтын. Тіккен бұйымдарын кейін өзі о дүниелік болып кеткен-
нен соң да туысқандардың үстінен көріп жүрдім. Анам басымнан ая-
лай сипалап, көзіне жас алды. Мені сағынған болар деп ойладым. Үйге
қайттым. Көңілімде ешбір жаман ой болмады.
Мәссаған! Дәрігер жігітті шынымен-ақ жақсы көріп қалыппын.
Ұзақ жол үстінде бір минут та есімнен шықпады. Үйге келсем хаты
менен бұрын жетіпті. Ол да маған деген сезімін жеткізіпті. «Күнім!»,
-деп басталыпты хаты. Сағынғанын,
жолыққысы келетінін, мені қатты
ұнатып қалғанын айтыпты. «Кеудемде бір өкініш пайда болды. Осыдан
біраз бұрын, сәл ертерек неге жолықпадың екен, жаным?!» депті. Неге
олай дегенін түсінбеген едім... 7-8 хаттан соң мүлде тиылып қалды.
Жатақханаға жазған хаттарым өзіме қайта оралды. Ешқандай дерек
жоқ. Кейін есейген уақытта оның өкінішін түсінгендей болдым. Азғана
сапарлас болған жігітке ғашық болып, күлкіден, ұйқыдан айырылдым.
Күнде үміттеніп, хат күтетін болдым. Уақыт жазбайтын жара жоқ, 5-6
айдан кейін өз қалпыма қайтып келдім. Сөйтіп,
тез жанған жалыным
тез сөніп қалды. Сонымен, тұңғыш махаббат деген осы болса, оның да
нүктесі де қойылды-ау деймін.
Қош, алғашқы махаббат!
* Қазан айының сұрғылт күнінде, 30-жұлдызында анам өмірден
озды. Бар-жоғы 37 жаста еді. 3 ұл, 2 қызды дүниеге әкеліп, солардың
еш қызығын көрмей өмірден кете барды. Ағам армияда, мен 17-де,
Мұрат 15-те, Төкен 10-да, Гүлмира бірге толмаған болатын. Соны-
мен, «шешесіз жетім шын жетім» дегендей, жетімшіліктің тауқыметі
басталды.