Клара Қабылғазина



Pdf көрінісі
бет84/115
Дата11.05.2022
өлшемі2,41 Mb.
#141932
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   115
Байланысты:
Тіршілік.pdf

Клара Қабылғазина
көкө ністі шелектеп су тартып, шөптеу, түптеу сияқты толып жатқан 
жұмыстар қала берді қожайынның әйелі беретін бұйрықтар, әйтеуір, 
шегі жоқ тырбың-тырбың... Күбідей қарын ернеуінен асқанша ауызы 
дамылдамайтын жалпақ сары әйелдің сары күзендей шаңқылдаған 
даусы бір тынбайды. Айғайға аттан қосып, дүрліктіріп, үркітіп, «ел 
көшті; жау жетті» демей отырса, іші пысатын мұндай әйелді бұл 
құдай ерігіп отырып жасай салған-ау деп мысқылдап қоятыны бар 
іштей. Қолапайсыз қолдан шыққандай, төртбақ жуан, қисық аяқ, 
семіздіктен іркілдеген дене, сығырая жұмылған көз. Мұндай ебедейсіз 
салақ, икемсіз әйелді кім көрген?! Бүгін сыпырып, жинап-терген аула 
ішін кешке қарай өзі-ақ бықсытып шығарды. Ұстағанын-ұстаған, 
қойғанын қойған жерге тастап, әр ыдысын әр жерге шашып, кір-
қожалақ балаларының киімдері әр бұрышта қалып, бықсып жүретін 
жан болатын. Не әйел болып іске икемі жоқ, не тазалық, жинақылыққа 
ебі жоқ мұндай адамды шынымен-ақ Аллаһтың пендесі екеніне таң 
қаласың. Ас ішкен ыдысының ішін жуып, сыртының кірін сол күйінде 
қалдырып, кір-кір майлығына шыбын үймелеп жатқанын қазақ жалшы 
қарап жүреді, іштей күйінеді, күрсінеді. 
Сөздің мәнерін, мәнін түсінген, әдістеп, тақпақтап, қиюластырып, 
айшықтап, әшекейлеп сөйлем құрау, сұлу, сымбатты тіркес қию лас-
тырған халық қазекеңдей болар. Қазақтың пәлсапасындай пәлсапа, 
ой-түйін еш халықта жоқ шығар деп алады да, қимылдай жүріп тізе 
береді. :»Қатын дейтін қатын жоқ, балалардың апасы», «Бұлттан 
шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы», «Жаман үйден қосым 
артық, сынық ошақтан мосым артық» деген-ау деп алады да есіне 
кіндік кескен жері түседі, алыста қалған елі түседі, жүрегін сағыныш 
сазы кернеп, көзіне ыстық жас үйіріледі. Сағымды сар даласы, ошақтан 
көлбей шыққан түтін ирелендеп, созылып барып ғайып болады. 
Өрістен қайтқан малдар мен оны қайырған адамдар дауыстары 
тіпті жақыннан естілгендей елең ете қалды. Алқымнан ала, көкіректі 
кернеген ащы өксік тамаққа тығылып, кептеліп қалғандай күйде 
түрған еді. Шынымен-ақ біреудің мал қайырған даусы естілгенде есін 
бірден жинап, бақшаға қарай тұра жүгірді. Жусай, бисай, әшкөк, пияз 
сияқты толып жатқан көкөністі күтіп-баптау, малмен көзін ашқан қыр 
қазағына оңайға түспеді. Қожайынның үйреткені бар, өзінің үйренгені 
бар әйтеуір әжептәуір өнім беріп, оны иесі базарға шығарып, жүріп 
жатқан болатын. Міне, сол еңбекті еш қылып, қара өгіз таптағанын 
таптап, жегенін жеп, ойрандағанын көрген қожайын жалшыны боқтай, 
даттай жүгіріп, малдарды шығара алмай әуре. Екі жақтан ұмтылған 


173
Тіршілік
адамдардан құтырына қашып, таптап, езіп, езеуреп барады. Әйтеуір 
тапталып, езілген өнімдермен қоса қожайынның жүрегі де езіліп 
кетті-ау! Өлдік-талдық дегенде өгіз де шықты. Жуандығы баланың 
білегіндей таяқпен жалшысын бастан көзден сабаған қожайын бүкіл 
есесі сонымен қайтқандай қорбандап үйіне кіріп кетті. Есін жиған 
жалшы маңдайынан қаны сорғалай жүріп есікке жеткені сол еді, 
алдына керек-жарағы салынған ала қоржын топ ете қалды. Сонымен 
тағы жұмыссыз қалды. Күн ара бала-шағаға апарып тұртын азықтан 
айырылды, ендігі күн не болмақты ойлап, қара өгізді қарғап сілей 
үйіне келді. 
Шешек шығып, әлсіреп жатқан екі баласын көргенде шеккен жәбір-
жапасы қайғымен қосылып, көзден көл боп аққан жаспен шықты. 
Қой туған жерде жүрген болсақ дәл мұндай қорлықты көрмес пе 
едік... Бірен-саран елден қалған ағайындардың басын қайта жиды 
Жабықбай. «Туған топырақта қалайық, не де болса... Өзге ел өзекке 
тебетіні рас екен, есіміз барда елімізді табайық» деген шешімге келді. 
Балалары есін жинап, беті бері қараған соң белін буған Бапария да 
қосылды. Тірі қалған екі қыз Рәш пен Күләшті, ұлы Қабылғазыны ертіп, 
қайтадан қазақ жері, қазақ елі қайдасың деп түнделетіп жолға шықты. 
Таң қараңғысымен жат ел, жат жерді артқа тастап, туған топыраққа 
қарай жеделдетіп жүріп бара жатты. 
Алты ай емес, өзге елде алты жыл болғандай, ұзақ бір ғұмыр 
өткендей... Амандықпен аяқтары ел шетіне ілінген соң еңселерін басып 
тұрған ауырлық иықтан түскендей, ата қоныс топырағына беттерін 
тосып еңкейгендері сол-ақ іштегі запыран жас көздерінен тарам-
тарам боп ағып, лақылдап төгілді-ай дерсің... 
Балалардың сәби жүректері де жиілеп соғып, көздері жасаурап, 
біресе ата-анасына, біресе алқызыл боп атып келе жатқан таңның 
сәулесі түсіп тұрған, көзге таныс бұйра белдерге әлдебір үмітпен қарай 
берді... Бұл Тарбағатайдың таңы еді... 


174
Клара Қабылғазина


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   115




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет