«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет11/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18
ІІ.
...Үйге жақындаған сайын жүрегінің соғысы жиілеп, дүрсілі өзіне естіліп келе жатқандай әсерде болды. Құндызай ерінің үйге таңертеңмен қайта келгеніне таңданып қалды. Жүзі өрт сөндіргендей. Шошып кетті. «Жүрегі ұстап қалмаса болғаны, е... Алла, сақтай көр» деп ауыр күрсініп, іштей Жаратушыға жалбарынды. Мән-жайды сұрауға бата алмады. Бірақ, кеше естіген өсегінің расқа айналғанын іші сезді. «Дүние жалған» деген осы да, басқаға айтпаса да Әбдірге мән-жайды түсіндіріп, содан кейін-ақ қызметінен алынатынын айтса қайтетін еді» деген ой келді. «Шай жасайын ба?» деген сөзіне жауап берместен Әбдір төргі бөлмеге озды. Диванға бар салмағымен отыра кетті. Жүрек дүрсілі жиілеп барады. Ауырлаған басын көтеріп есік жаққа қарап еді Құндызай бір қолында су құйылған стакан, бір қолында дәрі салынған құтыны ұстап, есіктің босағасына сүйеніп тұрғанын көрді. Әбдір қолын созды. Дәріні жұтып, су ішкеннен кейін әйеліне тіктеп қарап:

– Ал енді мен сенімен күндіз-түні бірге боламын. Қызметтен кеттік, аттан түстік. Жаяу қалдық. Ең бастысы бағымыз барда жағалайтын, бағымыз тайғанда табалайтындардан құдай сақтасын, – деді. Іштей тынатын. Жүрек сөзін сыртқа шығара бермейтін ерінің тіл қатқанына Құндызай қуанып кетті.

– О... тәйірі... Осындай күннің болатынын өзіңде біліп жүр едің ғой. Оған неге шамданасың. «Қызмет қолдың кірі» деген осы да. Ең бастысы, денің сау болсын. Бала-шағаңның амандығын тіле. Саған халықтың өкпесі жоқ. Аянбай қызмет еттің. «Арнасы өзгермейтін өзен болмайды» демекші, сен өмірде бір арнамен арқырап та, күркіреп те, мың бұрала да ақтың. Ендігі арнаң басқа. Ол-ақырын басып, аңдап сөйлейтін, өзгенің жағасын жыртпай, өзіңе сөз келтірмей, қариялық өмір арнасы, деген Құндызайдың сөзіне таңдана, ойлана тұрып, Әбдір қоңыр дауысымен жайлап сөйлей жөнелді.

– Мәселе менің қызметтен кеткенімде емес. Мәселе қалай кетіргенінде. Мен осыған қапаланып отырмын. Директорлықтан алынатынымды обкомның, райкомның бірінші хатшыларының аузынан емес, анау қиырда жатқан ферма меңгерушінің аузынан естігенімде. Елді жинап: «Еңбегіңе рахмет!» десе болмайтын ба еді,- деген Әбдір орнынан тұрып, костюмін шешті. – Ешкім мәңгілік емес. «Атан түйе де жолдан таяды» десе де, тайған да, тайсақтаған да жерім болған емес. Мен қызметке келген күні немесе атақ-даңқым дүрілдеп, бетіме басшылардың өзі тіктеп қарай алмай тұрғанда-ақ қызметтен кететін күнім де болатынын білгенмін. Биік мансапты екінің бірі көтере алмайтынын да білдім. Мен сол үдеден шығуға тырыстым. Сондықтан да біреуге жамандық жасамауға, ішіп-жеп қойғанды, құнтсыздығынан малынан айырылып қалғанды да сотқа беріп, жазалаған жан емеспін. Бәрін осы жерде ағайынгершілікпен шешуге тырыстым. Халықтың арасынан биін белгілеп, билікті өздеріне бердім. Мынандай заманда біздің өңірде ғана «би» деген билік қанат жайды. Әкем айтқан өсиетті орындауға ұмтылдым. Халықтан біркез де биік болған емеспін. Москва, Алматыда марқасқалармен бірге алтын табақтан ас жесем де келісімен шопанмен бірге жүріп, бірге тұрдым, сабанды төсеніп, ақ қар, көк мұзды жастанып, киізді жамылған күнім аз болған емес. Қазақстанда мен көтерілген биікке бір қолдың саусағындай ғана азаматтар шыққан...

Құндызай Әбдірдің ағынан жарылып сөйлегеніне тағы да қуанды. Мінезі тұйық адамның іштей күйінгені денсаулығына дерт болатынын жақсы білетін ол ерін әңгімеге жетектей бергісі келіп жақындай түсті. Анда-санда басын изеп, «дұрыс қой» деп мақұлдап, өзі де бір-екі сөзді қыстырып қоймақты ойлаған. Бірақ, ол ойы жүзеге аспады. Әбдірдің әңгімесі ойламаған жерден қалай басталса солай тоқтады. Алдына қойған шайға да қол созбастан диванға жата кетті. Әңгіменің осымен аяқталғанын сезген Құндызай Әбдірдің үстіне жеңіл көрпешені жауып, бөлмеден шығып кетті.

«Қуаныштан күйініштің салмағы ауыр болатыны рас екен. Талай адамның басы айналар қуаныш болғанда көңіл шіркін тап қазіргідей толқыған емес. Ал, бүгін Әбдірдің қызметтен кетуі бүкіл ағайын-туғанға әбігер әкелетіні сөзсіз. Сонда қалай болғаны, адам күйінішті жеңе алмайтын болғаны ма?! Әбдірдің бұл қажығаны несі?! Пайғамбар жасынан асып кеткеніне де бір жыл болды. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, бір қуаныштың соңында бір күйініштің болатыны да, әрнәрсенің қайыры болатыны белгілі емес пе?! Осыны Әбдірге түсіндіре білсе қандай жақсы. Бірақ ол жаңа ғана қызметтен кеткеніне емес, қалай кетіргеніне реніш білдіретінін айтып қалмады ма» – деп ойын түйген Құндызай дастарқанын жайып, барын шығара бастады. Қазір-ақ бүкіл туған-туыс басу айтып, көңілдерін жая келетіні анық. Олардың алдында қайғылы емес қалыпты көріну аса маңызды. Әбдірдің отбасы қамықса бүкіл Лепесбай балалары қамығып қалары анық. Құдайға шүкір, ертең-ақ Әбдірдің билік атына мінетін жеткіншек жарып шықпасына кім кепіл. Кемел қайнағаның осы әулеттің киесіне айналған төсті таппағаны өкінішті-ақ. Қайнағасы бір сөзінде «Қалымбет атам тастаған төсті тапсам Әбдірдің бір тал шашы басынан түспесі анық, оған қысастық жасайтындар болмайтыны сөзсіз, тіпті әулеттің алдында үнемі жарқыраған шам жанып тұратын секілді болады да тұрады» дегені есінде. Өмірінің соңғы күніне дейін құм жалдарды кезген қайнағасының Әбдірге деген жан жылуы ерекше еді. Осыдан төрт жыл бұрын Әбдірдің жүрегі ауырғанда: «Сен барда әулеттің асығы түгел, менің көңілім жай. Алла Тағаладан жалбарынып сұрайтыным саған келген кеселін маған жіберсін» деп қамыққанын өз құлағымен естігенде Құндызайдың жүрегі езіліп кеткендей болатын. Әбдірдің бүгінгі қамыққанын ол кісі көтере алмаған болар еді. Ағасы қайтыс болғанда Әбдір: «Асқар тауым құлады десеңші! Мені енді кім қорғап жүреді» деп жылағанын өзі естіген. Кемел өмірден өтер сәтінде: «Мен атамның аманатын орындай алмағаныма, төсті таба алмай дүниеден өтіп бара жатқаныма өкінбеймін. Іздеп маңдай терімді төккенімнің өзіне атам ризашылығын берді. Сол ризашылық төске салса қайыспайтын Әбдірімді қолдап жүрді» деген сөзін де естіген. Ойды ой қуалап, әр уақыттың оқиғаларын есіне түсіріп жатқанына таңғалған Құндызай әлде не нәрсе есіне түскендей ері жатқан бөлмеге жылдам келді. Әбдірдің қимылдамағанын байқаған ол жанына келіп, тынысын тыңдады. Құдайға шүкір, жүрек қағысы бір қалыпты сияқты.

– Ардақтым-ау, жүрегіңе салмақ түсірмеші. Несі бар, құдайға шүкір ұл-қыздарыңды, сан жылдар бойы бара алмай жүрген құда-жекжаттарымызды армансыз бірге аралаймыз. Өзің бірде Жаз-Атамен жолыққанда: «Айналайын, Әбдір, жұмыстан кетіп едім, сәлемдесетін адам азайып қалды. Аман болсаң сенің басыңада сол келеді. Соған қазірден дайын бол. Ал қазір желіп жүріп жер таны, ел-жұртыңа шаршап қызмет істе!» – деді деп айтып едің ғой. Міне бүгін Шопан-Атаның айтқан күні келді. Ел-жұртқа әркім сендей-ақ қызмет істесін! Елің риза. Ал бастықтардың пендешілігін кешір, – деген жарының сөзін бар ықыласымен тыңдаған Әбдір үн қатқан жоқ. Тек зайбының қолын қысып, сипады. Жүрегі жылыды, лүпіл күшейді.

Әбдірдің көзі жұмулы болғанмен көңілі ояу. Өзінен өзі жылы жымиды. Жүрегі жылып, көзін ашып алды. Жайлап орнынан тұрып, кітап сөрелеріне барып, Жаз-Атаның кітабын тауып алды. Қызыл қаламмен қалың етіп асты сызылған «Жайылымда семірмеген қой етінің құнары жоқ», – деген сөзді тез тауып алды да тағы да жымиды. Бірде Жаз-Ата жас досын құшағына алып тұрып: «Жер құнары бойына дарымаған мал емес адамда әлжуаз. Сені көрген сайын тегің емес екенініңді сезінем. Сондықтан да сенің еңбегің жемісті, алдың кең. Осы қасиеттен арылма!» деген шопан Әбдірдің қолын қыса берген. Неге осылай деп ой толғауының себебін түсіне алмаған тағы бір кездесуді есіне алды. Ұмытпаса 1966 жылы обкомның ғимаратында Жаз-Атамен бетпе-бет келіп қалды. Жаз-Ата құшағын ашып, біраз бауырына басып тұрып, жүзіне тіктеп қарап тұрып:

– Түфа-түфа, тілім тасқа! Жүзіңде қуаныш ойнап тұр екен. Сірә, Москваның съезіне баратыныңды естіп келе жатқандайсың ғой. Қуанышың ұзағынан болсын! – деген ақсақал Әбдірдің қолтығынан алып сыртқа жетектеді. – Өзіңмен көптен бері сөйлесейін деп жүр едім, бүгін соның сәтін салып тұр. Жүр сыртқа шығайық, – деп өзі жас досының жауабын да күтпестен қомпаңдап алға озды. Әбдір Жаз-Атаның сөздеріне таңғалды. Жаңа ғана облыс басшысы: «Сен партияның съезіне делегат болып сайланатын болдың. Қазір мұны Сізбен үш-ақ адам біледі. Ешкімге айтпаңыз. Әлі анық емес қой», – деген болатын. Ал мына кісі қолымен қойғандай айтып тұрғаны қалай?!

– Таңғалмай-ақ қой, маған ешкім айтқан жоқ. Жүрегім сезді. Рас болғай. Алдымен сен маған мынаны айтшы, келіннің денсаулығы қалай? Ана жылы төріңде отырғанда келіннің ізеттілігін көріп көңілім толып еді. Сенің құт-берекең келін сияқты болып көрінді,-деген Жазылбек Әбдірге бар денесімен бұрылды.

– Жақсы. «Бір күн ауру, бір күн сау» дегендей. Жүріп жатыр... Съездге баратынымды ешкімге айтпа дегені жаңа ғана еді...

Шопан-Ата күлді.

– Бұл хабар Үшаралға барғаныңда алдыңнан шықпаса маған кел! «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жетеді» деген сөзді білмейтін бе едің. Мен Сталинді жамандаған кейінгі съезге барғанмын. Бір-бірімізбен сыбырласып сөйлесіп, тіпті жаман болған. Қазір бәрі орнына келгендей ғой. Менің айтпағым бұл емес. Бізге қазір не керек? Шопанды айтым тұрмын... Қой көбейді. Қарынбайдың малы да мұндай көп болмаған шығар. Сонымен не керек деп ойлайсың?-деген Шопан-Ата субұрқақтың айналасындағы орындыққа отырып жатып Әбдірге бажарлай қарады.

– Жайылым.

– Әлбетте, жайылым керек. Мал өріске симай кетті. Жайылым жоқ емес, бар. Жайылым сәні су екені бесенеден белгілі. Ал біздің бетпақдалада су жоқ. Не істеу керек? Әрине құдық қазу қажет. Оған сенің, менің әлім жетер өзгелер қайтеді. Біз бен сен халықтың адамымыз. Сондықтан да анау үлкендердің алдына осыны мәселе етіп қою керек. Жол да салынсын. Осыны ұмытпашы, жадыңда сақта,-деген Жазылбек ақсақал бір сәт айналасына көз тастап, сөзін үзді.

– Менен гөрі Сіздің сөз өтімді емес пе?

– Басшылар «жастар мектебін аш» деп қоймаған соң шопан таяғын қайта алдым. Болмаса өткен жылы қойшылықтан кеткем ғой. Бір жыл демалып қайта келдім. Құдай қаласа бір жылдан кейін қайта кетемін. Менсіз де мықтылар Мойынқұмда жетеді!

Мен айтқан мәселені көп болып көтерген дұрыс болады. Мұны Мәскеу шешеді, соларға айту керек. Құдай сәтін салса Мәскеуге де барасың. Сол кезде айт! Ет керек болса істейді. Сен Қазан вокзалына жақындағанда темір жол бойындағы қыруар қоймаларды көрдің бе? Сол қоймалардың бәрін біздер толтыратынымызды да ұмытпа. Сондықтан емес пе, қазақтың бәрін қой баққызып жібергені, оларға ет керек, ал бізге жағдай қажет. Осына пайдаланып, жерімізді жайнатып алуымыз керек. Мен солай ойлаймын... Жаз-Ата біраз ақыл-кеңесін айтып, көңілі орнына түскендей болды. –Мен мұны Димашқа да айтқанмын. Ол кісі сендерге айт деген. Мәселе төменнен көтерілсе құлақ асады дегенді айтқан. Айтпақшы сен тары егіп жатыр дейді ғой. Қалай, өнімін айтамын.

– Сіз айтқандай су болса бәрі болады ғой.

– Әп, бәлем, өзің де біледі екенсің ғой, – деп Шопан-Ата бар денесімен селк-селк күлді. Қоштасарда; «Сен менен келінге сәлем айт. Атаң сені жақсы көреді екен де» – дегені де есінде.

Осы бір пікір алмасуларды ой елегінен өткізген Әбдір шопандар атасы өзінің тілеулесі болғанын сезінген. Сонымен бірге жайылым туралы ой салуы сонау 1960 жылдары болған бір оқиғаны еске түсірді. Жамбыл қаласының айналасында химия өндіріс орындарының бой көтеруі суға деген сұранысты еселеді. Сондықтан да Совет Үкіметі Жамбыл облысы мен қырғыз жерінің түйісер тұсындағы тау өзенін бөгеп, су қоймасын салуды жоспарлап, жүзеге асыра бастады. Бұл Талас, Аса өзендерінің төменгі жағында орналасқан Талас, Сарысу, Созақ аудандары үшін өте қолайсыздық туратындығы анық еді. Сондықтан да 1962 жылы СССР Жоғарғы Советінің депутаты болған Әбдір Сағынтаев мән-жайды түсіндіріп, Москваға хат жолдады. Сол хатта айтылған мәселерді анықтау үшін Үшаралға Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Ш. Шоқин келіп, жағдайды зерделей келе қырғыз жерінде салынып жатқан Киров су қоймасы химия өндірісін дамыту үшін аса қажет екендігін айтты. Бүгінгі таңда орталық химия өндірісін дамыту үшін ешнәрседен тайынбайтындығын да тұспалдап жеткізген. Мұны Жаз-Атаға айтпады.

... Құлағына алыстан қобыздың үні келгендей. Көңіл толқынын ән мен күйден артық ешнәрсе білдіре алмайды. Сондықтан да шаршағанда өнер адамының тамашасын көруге асығатын. Алматыдан аттай қалап талай өнер марқасқаларын ауылға шақырып, өнерін тамашалап, атын мінгізіп, шапанын кигізіп жіберу өзінің дәстүріне айналған. Ойына өткен жылдары Кеңестегі Жұмаділ қобызшының үйіне барғаны түсті. Жарықтық қобызын сарнатқанда жандүниең балқып, алпыс екі мың тамырың шымырлап, жүрек тербелетін еді.

... Кеңес ауылына жақындағаннан қобыздың күйі анық естіле бастады. Жұмаділдің үйінің сыртында жерге көрпешелерін жайып, жайғасқан кемпір-шал көп екен. Шеткерек келіп Әбдір де жайғасты. Қобыз үні асқақтап барады.

Жұмаділдің орнынан қозғалмай қобызын сарнатқанына бие сауым уақыт болды. Көршілері оның бүгін үшінші күн қобызын дембіл-дембіл сарнатып отырғанын айтқанда Әбдір таңғалмады. Сазгерлердің бойында мұндай қылықтар бола беретінін талай естіген. Ана жылы Қамқалыда бір аста ауыл ақсақалы Жанұзақ деген кісі Ықыластың анда-санда күнді түнге ұластырып қобыз тартатындығын айтқан. Жұмаділдің де талай рет ұзақ уақыт қара қобызын аңырататынын біліп жүр. Бірақ бүгін оның сарыны бұрынғыдан өзгеше. Қос ішектің бірін ғана ысқышпен ұзақ сонар ысып тұрып алуы бір ащы зардың бар екенін аңғартқан. Сол өзегін қажап тұрғандай. Бәйге құнанның жалынан жасалынған қос ішек жандүниеңді тітіркендіріп, сарынына беріліп, тісіңді шықырлатқаныңды өзің байқамай қаласың. Бабымен дайындалса да ішек үзіліп кете ме деп қорқақтайсың. Оның үстіне күйші сол қыл үзілсе екен дегендей ішекті жалпағынан емес қиялап, қырынан қажап тұрып алады. Ысқышты ұстауы да өзгеше. Бұрын-соңды үш күн қатарынан қобызын сарнатқанын ешкім байқаған емес. Көршілер оның бұл қылығы Қуаралға барып келгеннен кейін басталғанын да айтты.

Әбдір оның Ықыластың басына барғанын іштей сезді. Ұлы қобызшы рухы мен нар қамыс сыбдыры, безек қаққан желдің ызыңы оның жүрегін тербегенін түсінді. Жұмаділдің ой толғанысы, жүрек қағысы содан кейін өзгергенін байқады. Әбдірдің көз алдына Ықылас мәңгілік тыныс тапқан Ұланбел мен Созақ жолының бойындағы алқап келді. Анау бір жылы Алматыдан бір топ ғалымдар мен жазушы-ақындар келгенде солардың өтініші бойынша сол жаққа бастап барған. Бетпақдаламен шектесер тұста орын тепкен Қуарал биік жоталары арқылы Қамқалы өңірін Бетпақтың мәңгілік желінен бөліп тұрғандай көрінді. Нар қамыс та, балауса құрақ та осында. Анық малдың жайылымы боларлық алқапты көргенде Әбдір ерекше қуанған-ды. Егер үкімет қой санын бұдан да көбейтуді міндеттесе осы өңір жаз жайлау болмаса да қыстауға аса қолайлы екенін көңіліне түйді. Оның үстіне соғыс жылдары АЛЖИР тұтқындары Арқадан асып, осы жерде КАРЛАГ-тың малын қыстатқанын естігенде көңілге түйгені беки түсті. Қамқалының солтүстігіндегі бұл алқапты Ықыластың тұрақ етуі де бекерден-бекер емес екенін де білді. Шу өзені құрдымға кететін алқап аса көрікті көрінді. Жаздың ыстық күндері болғанына қарамастан шыбын-шіркейдің аздығына таңғалды. Арқадан соққан желдің аса самал болып, бойыңды сергітетінін сезінді. Қобызшының әруағына бағыштап құран оқыған алматылықтар ұлы тұлғаның басында кесене де, белгі де қойылмағанына өкініш те білдіргені есінде. Бұл мәселені назарда ұстап, ел азаматтарының есіне салатындығына да сендірген.

Тағы да қобыз үніне құлақ салды. Кішкентай ғана шанақтан шыққан дыбыстың осыншама қуатты, осыншама күшті, осыншама әсерлі болуына таңғалған Әбдір қобызшының көзіне түсуден қашқақтады. Тартып отырғаны дауысы зор нарқобыз да, месқобыз да болмаса да Жұмаділдің қолындағы шағын ғана қылқобыздың дыбыс әуені алысқа жетіп жатқандай. Ауылды айналып өтіп бара жатқанда құлағына осы сарын жеткендей болған. Анық естімесе де түйсігінде қобыз дауысы дабыл қаққан. Содан соң Валентинге машинаның рөлін Көшек ауылына қарай бұруды бұйырған.

Қобыз сарыны айналаны кернеген сайын онда шертпе күйдің дыбыс ырғағы бар екенін Әбдір қазір аңғарды. Оны таныған ауыл тұрғындары жол беріп, кейін шегінгенімен ол үй сыртында отыра берді. Көз алдына Жұмаділдің қара саз аспабын елестетті. Өзгеге ұстата бермейтін қобызды әрқашанда қасиетті санайтын сазгердің жандүниесін түсінуге тырысты. Әрқашанда адамдарға жақсылық жасауға дайын Жұмаділ өзге шаруашылықты басқаратындығына, басқа ауылда тұратындығына қарамастан Әбдірден жесірлер мен жетімдерге көмек көрсетуді өтініп келетін кезі аз болмайтын. Тазалықты өмірінің өзегіне айналдырған қобызшы кейде өмірдегі әділетсіздік туралы ащына айтатын. Соны жоюға үлес қосуын сұрауды да ұмытпайды. Мейірімділік туралы ой тербегенде жүрегіңіз елжіреп, бойыңызды жылылық билейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы Шерхан Мұртазаның бір шығармасынан «Тірлікті тірілтіп тұрған – мейірімділік!» дегенді оқығаны бар. Сол қанатты сөзді оқығанда өзгеше бір күй кешкен. Жүректің нәзік қылын дәл басқан осы бір нақыл сөздің астарында қаншама ой жатқанын сол кезде түсінген. Қатыгездікті қақырататын мейірімділік әрқашанда биік. Кісіліктің бір белгісі мейірімділікке деген зәрулік әрқашанда, қандай қоғамда болса да болған. Мейірімділік пен қайырымдылық жарымжандарға, жетімдерге, кемтарларға аса қажет. Шынында да тарығып тұрғанды мейірімді, қайырымды жандардың адамгершілік асыл қасиеттері арқылы демеуі қамыққанның өмірге деген құштарлығын оятатыны сөзсіз. Бір кісінің мың кісіге олжа салуы кісіліктің тағы бір шыңы болса керек. Халқымыз «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп ризашылығын білдіріп, адамның күні адаммен екенін еске салады.

– Мейірім шуағы барша адамзатқа, әсіресе кемтарларға, өмірдің тауқыметімен еңбек етуге жарамсыз болып қалған азаматтарға бағытталуы керек. Алайда аяқ-қолы балғадай азаматтардың көмек сұрағанын көргенде қаны қайнап кетеді. Кейбір сәттерде жағдайы бар азаматтар көмек сұрайтыны бар. Ондайлардың жан-дүниесін Әбдір түсінбейді. Олардың өтініштерін орындаудан бас тартады. Бұл таршылық емес екенін де біледі.

Көңілдің тарлығы – мейірімділіктің жауы. Көңіл болса мейірімділік нұры әрқашанда шуақты. Жұмаділ қобызшы осындай ойларды жиі айтады. Өзге үшін көмек сұрай келгенде мейірімділік пен қайырымдылық асыл қасиет екенін еске салып қоятыны бар. Бүгінгі күні оның неден тарығып отырғанын анық білмесе де бір жаманнан жүрегі тітіркенгенін жақсы түсінді. Мейірімді жандардың жаны жиі ауыратынын да жақсы білетін директор қобызшыны іштей аяп кетті. Жанына барып, басу айтып, көңілін аулағысы келді. Бірақ күйшінің көңіл шуағы қазір ешнәрсеге бағынбайтынын да сезді.

Қобыз үні шалқи түсті. Төменгі жағы жұқа ғана қайыспен қапталған шанақтан шыққан дыбыс жаңа ғана қасқырдай ұлыса, енді асау теңіз арнасына айналды. Толқыған ақбура толқын жағаны сабалап жатыр. Ышқына, ысқыра, дуылдата келіп жағаға соққанда енді беті қайтқан шығар, басылған шығар деп ойлайсың. Қобыз үнінің толқыны басылар емес, басылмайтын да сияқты. Енді бір сәтте «Қоңыр» күйі сыңсыды. Ел не десе, о десін осы күй ошақтының бір баласы үлкен бабасы Қоңырға арналғандай. Қоңыр аталарының мырзалығы мен адамгершілік ұлы қасиеттері туралы аңыз да, әңгіме де көп. Ол ұлы қобызшыға әсер етпеуі мүмкін емес. Әбдір орнынан тұрды. Қобызшының жандүниесінде ұлы өзгерістің болғанын түсінді. Іштей ол өзгерістің қандай екенін де білетін сияқты. Бірақ айта алмайды, айтуға аузы бармады. Жүрек толқыды. Көңіл сазды.

Тағы күйге құлақ салды. Шоқалақтап келе жатқан, жүрісі мардымсыз, адымы қысқа аттың желісі көз алдына келді. Мамыражай. Ешнәрсемен ісі жоқ, жан-жағына да қарамайды. Жүрістің бір ырғағына түсіп, шыға алмай келе жатқандай. Әлден соң бұл жүрістен Қоңырдың өзі де жалыққандай мінез таныта бастады. Бір сарынды жүрістен арылып, көкке қарғып, желдей жүйткісі келетіндей ышқынды. Қанша ышқынғанмен аяғындағы тұсау адымын ашырмады. Бір сәтте шоқалақтап келе жатқан ат құлағандай болды. Қобыз үні ызыңдап бір сарында тұрды да алды. Қобызшы ысқышты тербей қозғады. Әлден соң жануар тағы көк аспанға қарғыды, тұсау шырт-шырт үзілгендей болды. Әбдір сарынды осылай түйсінді. Әбдір шыдай алмады. Есікті көлегейлеп тұрғандарды ысырып, қобызшыға қарады. Жұмаділдің мойынында ырық жоқ сияқты. Басы самал желмен тербелетін сәмбідей біресе артқа, біресе алға, енді бірде жан-жағына ырғалады. Сары жүзі қызылға боялғандай. Қызыл шырай мойнына дейін түсіпті. Көзі жұмулы болғанымен көңілі ояу екенін сезді. Енді аңғарды қобыз үні шалқи түсіпті. Әлгі шоқалақтап келе жатқандай атыңыздың денесі қызып, желіске көшкен. Арыны қатты, еркін.

Әбдір күйшінің жантолғанысын бұзбауға тырысып, есіктен алыстай түсті. Әкесі Сағынтай, бабасы Қалымбет дүкенін ашып, көрікті басқанда өзгенің көз тігуін қаламайтындығын естіген. Ұсталақ қандай өнер болса, қобыз тарту да сондай өнер екенін жақсы біледі. Сондықтан да Жұмаділдің көзіне түспеуге тырысты.

Қобыз үні шалқып, айналаны күңірентіп барады. «Қоңыр» күйі шарықтау шегіне жеткендей. Төмен сарынмен басталған күй күңіреніп барып, жайма шуақ сәтке көшті. Одан соң шарықтап барып, қайта төмендеді, қоңыр күйге көшті. Ол мырс етіп күліп жіберді. Күй ырғағынан өзінің мінезін танығандай болды. Қобыз сарынын да, қобызшыны да қия алмай есік алдында ұзақ отырды. Күйші енді жүректің нәзік қылын үзіп жіберерліктей сарынды құйқылжытты. Күй тамырындағы өксүк, қамығу енді мамыражай жаздың шуақты күніндегі дала көріністерін суреттегендей.

Әбдір қобыз үніне қанша елтігенмен қобызшының жандүниесіндегі толқудың қуатты күші бар екенін білді. Орнынан тұрып, машинасына барып мінді.

– Қандай тебіреністі еді. Бүгін Жұмекеңнің көңіл-күйі ерекше толқулы екен, – деген Валентин бастығының жүзіне бағдарлай қарады. Әбдір үн қатпады. Қобыз үнінің әсерінен айыға алмай отырғанын аңғарған шофер сөзді көбейтпеді.

Құлағында сарнаған қобыз үні. Боташа боздаған, азынаған дауыс, аққудың қаңқылына, бозторғайдың шырылына ұласты. Енді бір кезекте естілген сыңсыған қамыс дыбысынан кейін тағы да дала суреті көз алдына келді. Дала... Құм жалдары... Керемет, ғажап!

Өкінішке орай Жұмаділдің қобызының сарынын тыңдап, өзіне сәлем бермей кетіп қалған жылы жаңбыр аз болып, шаң қаптады. Жусанды айтпағанда сексеуіл де шаңға бөкті. Шөптің шүйгіні азайды. «Шелді мал төлді» деген ұстанымды еске алатын болса, мұндай жағдайда малдың күйлі болатыны екіталай. Мұның өзі күйек науқанының жемісі төмен болуына ықпал жасайтыны сөзсіз. Сондықтан да жаңа ғана жанын толқытқан қобыз сарынынан арылғысы келіп шаруашылық жағдайын ойлап еді, одан ешнәрсе өнбеді, қайтадан қобыз күйіне елітті. Директор жүрегінің осыншама тербелгеніне таңғалды. Қоңыр күз билеген даланы кезіп, жаяу жүргісі келді. Үшінші ферма орталығы Аралды артқа тастағаннан кейін Әбдір Валентинге әкесі мекен еткен Сағынтай қыстауына қарай жүруді бұйырды. Бір сәт тарыққанда, ой құшағына енгенде жиі баратын Лақ пен Аққошқар биіктерінің біріне көтерілгісі келіп еді, ол ойынан тез қайтты. Себебі жол бойындағы жотаға көтерілетіндер көп. Қобыз сарыны оны елден, көзден таса жерге жетелегендей. Көптен бері ойында жүрген бабалардан мирас болып қалған төстің жоғалған жері Іргежал мен Суықжалға барудан да бас тартты. Ойына Кемел көкесі оралды. Жарықтық бір өзінің ғана амандығын тілеп, өмір бойы жолын тазалап өтті. Бабадан мирас болып қалған темір төсті іздеп, шарқ ұрғанын қалай ұмытуға болады. «Әулеттің киесіне айналған төсті іздеуге көмектеспедің» деп өзіне ренжігені есіне түсіп жылы жымиды. Сөзі қандай майда, ісі қандай жемісті еді?! Құлағына тық-тық еткен балғаның дыбысы мен күрпілдеген көріктің үні келгендей...

Қобыз үні сарнады. Жұмаділ қобызшы тағы да «Қоңыр» күйін құйғылжытты. Неге бір күйді қатарынан екі рет тартты, оны түсінбеді. Әлде көпшілік осы өңірдің киесі мен иесіндей көретін Қоңырдың ұрпағы Әбдірдің күйді тыңдап тұрғанын байқап, «бұл күйімді саған арнаймын» дегені ме немесе мына жалғанда жүрек жырын түсінетіндердің азайып бара жатқаны үшін мұңын шаққаны ма екен?!

Әбдірдің көңілі құлазыды, жүрегі сазды, аузына қара су келді.Әкесінің қыстауына жеткенше асықты.Неге асығады, көңілі нені қалайды. Оны өзі де түсінбейді.Дала...Шөбі қатайып, сарғыш тартқандықтан дала сарғыш бояуға оранған. Шіркін су болар ма еді?! Мыны даланы ен тоғайға айналдырып, Ұланбел, Түгіскен, Үшарал, Ақкөл арасындағы майда көлдерді суға толтырса қандай ғажап болар еді. Астау көлі ернеуінен асып жатса, Мирон көл тасып жатса,Ошағанда толқын ойнап жатса, Қайқы көлде қайық жүзсе, табаны ғана қалып, ындыны кеуіп жатқан тағы да басқа көлдер суға толса бұл даланың бақ далаға айналатыны анық. Сәтін салса сол көлдерге балықтың шабағын жіберсе ғажап болар еді. Қазір Ошағанкөлден балық аулап, шаруашылықтың асханасын балықпен қамтамасыз етіп жүрген Иван Пинской; «Бұл жер балық өсіруге өте пайдалы. Бүкіл облысты балықпен қамтамасыз етуге болады. Осыны қолға алыңызшы» деп мазасын алып жүргеніне де біраз болды. Енді сол көлдерді суға толтыру арман болды. Көл суға толса мал тойынар еді. Шелді мал төлді болады. Ал одан соң балығыңды қосымша шаруашылық етіп өсіре бер. Су тапшылығын жою соңғы жылдардағы арманына айналғанын жақсы біледі. Суды алыстан емес, жер астынан атқылату пайдалы екенін де талай айтқан. Сусыз малды көбейту мүмкін емес.

Шопандарға барған кезде Әбдір алдымен құдық пен моншаны тексереді. Моторды ұстап көріп, қойды суғарған суғармағанын дәл білетін. Әсіресе қозыға ағын су емес, құдық суын беруді қатты қадағалап, мал мамандарының да осыны бақылап, қадағалап отыруды сұрайтын. Әсіресе жаз, күз айларында қозы ағынды судың ортасына бара алмай, жағасынан іше салуы қозыны ауруға шалдығатынын талай дәлелдеген. Жағадағы тоқтау суда микроб көп болады. Мұны ішкен жас қозы көп ұзамай-ақ өкпе ауруына ұшырайды. Таза су ішкен қозы мен моншаға түскен шопанға ауру жоламайтынын директор айтудан жалыққан емес. Өкінішке орай Киров су қоймасын салу құдық суын суалтты, жайылымды құм баса, мал жайылымы тарыла бастады. Аса мен Талас өзендерінің төменгі жағында малдың аяғы күн сайын тимеген жер қалмады. Жайылымның шаңы бұрқырап жатты. Соған қарамастан Мойынқұмның арғы жағындағы Ұланбелдің солтүсігінде жатқан Бетпақдаланың Қулы, Мұңлы, Қаражал, Шалқия деп аталатын жерлердің айналасы малсыз, жансыз бос жатты. Сол өлкені «Ақдала» деп атайтындар: «Ақдаланы бақ далаға айналдырамыз!» деген ұранды жиі-жиі айта бастады. Ақдаланы көргенімен, жерінің шұрайы мен құнарын, тарихы мен тағдырына аса мән беріп зерделемеген Әбдір ерте көктемде Жезқазған облысы партия комитетінің екінші хатшысы, досы Нұртаза Ыбыраевқа телефон шалды. Жағдайды айтып, Жезқазған облысына қарасты Ақдаладан малға уақытша болсада жайылым сұрады.

– Жайылым саған да, маған да қажет екені анық. «Қазақстанда қойды елу миллионға жеткіземіз!» деп ұрандай бергенше соған жету үшін алғы шарттар жасау туралы айтпайсыңдар ма?! Бір ғана сен басқаратын шаруашылықта жетпіс мыңнан аса қой бар екенін естіп жүрміз. Бұл шындап келгенде ойланатын іс! Сен сұрап отырған Ақдала әскери полигон екенін ұмыттың ба?! Бізде билік жоқ. Менің сөзімнің астарын түсінген боларсың. Сондықтан да біздің сөзімізге қарағанда шаруашылық басшылары сендердің сөздерің өтімді емес пе?! Осы мәселенің қанын шығарып, жетесіне жеткізіп айту керек! – Сәл үнсіздіктен кейін: – Дегенмен де шілде айының басында Жамбыл кенішінің жанындағы Кәрім Мыңбаев атындағы ауылшаруашылығы ғылыми-тәжирбе стансасының бесінші фермасында жолығайық. Сонда бұл мәселе туралы жан-жақты сөйлесерміз,-деп сөзін қысқа қайырған.

... Келіскен уақытта екі жақтың өкілдері бесінші ферманың маңындағы Ағыбай батырдың кесенесінің жанындағы шылдырлай ғана ағатын «Шажыағай» деп аталатын кішкентай өзеннің бойында тігілген ақ үйде олар екі күн жүрек жара әңгімелескен. Үшінші күні таңертең:

– Әбдір, Шажыағай деген кісі сенің аулыңнан қысым көріп қашып келген ошақты екенін білесің бе? Әрине білмейсің, ол кісіні бұл ел адамгершілігіне қарай «Шажы» деген атына еркелетіп, «ағай» деген сөзді қосып, «Шажыағай» деп атаған ғой. Досының сөзіне сенер сенбесін білмей:

– Осы өңірде «Айғыр ұшқан» деген жер бар ма?

– Бар.


– Шажыағайды білмеймін, сол жерде біздің Шегебай деген ағамыздың рухы мәңгі қалғанын жақсы білемін.

– Мен Шажағайды неге еске алып отырмын... Қанша сыйлы болсада қазақ қонақтың немесе өзге жақтан келген адамның сол жерде мәңгі қалмасын, тіпті, сіңбесін білген. Сондықтан да Евней Арыстанұлына айтқандай сөзді осы үйдің иесі айтпай тұрғанда көтерілер кез келді. Қоштассақта болады. Біраз әңгіменің басын қайырдық.

– Евней ағамызға кім не айтыпты? – деген Әбдірдің сөзіне Нұртаза күліп жіберді.

– Ертеректе осы өңірдің бір шопаны Евней Букетов ағамызға; «Айналайын, Евней, келіп бір қуанттың, енді кетіп те қуантатын кезің келді» депті. Айдалада шопанның үйінде екі-үш күн жатып алған Евней ағамыз бастаған топ ұзақ қонақ болғандарын, шопанның жалғыз әйелі шаршағанын сонда ғана түсініпті.

– Қалай-қалай дейсің, әңгімені түсінікті етіп айтсайшы, – деген Әбдір Нұртазаға ентелей түсіпті.

– Қарқаралының бір атақты шопаны баласын жоғары оқуға түсіре алмай шаршаса керек. Содан бір күні Қарағанды Мемлекеттік университетінің ректоры Евней Букетовтің өзіне бірден барған ғой, – деген Нұртаза керегесі түрулі киіз үйден алысқа көз тастай әңгімесін жалғастырды. – Евней, қарағым, мен шопанмын, менің әкем де, бабам да шопан болған. Енді балам да шопан болса не болғаны? Біздің маңдайымызға шопан болу ғана жазылған ба? Сіздерге; «Ауылдың балалары арасынан оқуға тек үздігін ғана алыңдар, қалғандары «Қазақстанда қойды елу миллионға жеткіземіз!» деген ұранмен өмір сүрсін. Шопандардың комсомол-жастар бригадаларына барсын» деген тапсырма беріпті дегенді естідім. Оның өтірік, шыны маған қажет емес, маған қажеті баламның жоғары білімді маман болуы. Осыны өзіңе айтқалы Қарқаралыдан келіп тұрмын. Сөзімді ұғар, бетімді қайтармас деп өтініш айтып отырмын, – депті. Евекеңнің жауабының тоқ етері «Айтқаныңыз болады» болыпты. Содан шопан келесі жылы тағы бір баласын тапсырыпты. Ол да оқуға түсіпті. Үшінші жылы тағы бір баласын ертіп әкелгенде, ақсақал екінші баласын оқуға әкелгендегі сөзін қайталапты; «Евней, қарағым, мына шопан ұятсыз екен деп жүр ме?!» Ауылға кел, қонақ бол, – депті. Артынша бұл шақыруын аудан басшылары арқылы ректорға бірнеше рет жеткізіпті. Содан не керек, жаздың мамыражай күнінің бірінде атақты ғалым бастаған облыстың, ауданның бір топ дөкейлері жайлаудағы шопанның үйіне келеді. Ағыл-тегіл дастарқан, ақпейіл, қуаныш, таза көңіл дастарқан болып жайылады. Ұйқы аз, ойын-сауығы көп үш күнді өтеді. Төртінші күннің таңертеңінде шопан сыртта таңғы ауамен демалып жүрген Евнейге жаңағы сөзді айтқан ғой.

– Ой, ақсақал шынында да біздіңкі ұят болған екен, қазір қайтамыз, –деп желбегей жамылып тұрған костюмін кие бастапты.

– Жоқ, айналайын, сендердің әңгімелеріңнен ешкім шаршамайды. Әйел жалғыз болған соң, қонақтардың жайын табу қиын екен, – деп күліп алып: – Таңға жуық тағы бір құлын сойып қойдым, соны жеп кетесіңдер, – деген екен. – Ферма бастығы осыны айтпай тұрғанда өзіміз кетейік дегенім ғой, бізді де іздеп жатқан болар. – Нұртаза Әбдірге бағдарлай қарап: –Сен өзің Кәрім Мыңбаевтың кім екенін білесің бе? – дегені.

– Білгенде қандай, ол кісі ауыл шаруашылығы ғылыми-тәжірибе стансасын алдымен біздің Ұланбелде ашқан. Сол жерлерді игерген соң осылай қарай көшкен.

– Дұрыс айтасың. Мәскеудегі ВАСХНЛ-дің директоры, досы Лысенконың қолдауымен осы өңірді малға толтырам деген. Бірақ қазақ зиялылары ғалымның райынан қайтарған. Солардың бірі Кәрімнің досы Баукең болыпты деген сөз бар. «Қазақ үшін ет те, май да, сүт те, жүн де жетеді. Кім үшін арша етіміз арша, борша етіміз борша болады дегенді айтса керек. Сондықтан алдымен өзіміз қоныстанған жерімізді жайнатып, суландырып, зәулім-зәулім ғимараттар салғанымыз дұрыс болады! Тың және тыңайған жерімізді игергеннен не пайда таптық?! Тағы да қойшылыққа да түрмеден мыңдаған адамды әкелсе не болады?!

Мұндай пікірді бұрын да іс басындағы азаматтардан естіген. Әбдір ойланып қалды. Шынында да зауыттағы жетпіс мың қойдың қызығы мен шыжығы ауылдастарына аз ба?!

Екі күннен бері әңгіменің тұжырымы осылай болатынын ол сезген, білген. Сондықтан да өзеуреп, сөз жарыстырмады. Айтылған сөз дұрыс! Оны өзі де біледі. Бірақ, облыс, аудан басшылары; «Нұртаза сенің досың, мәселені шешіп кел. Қазір иеленіп отырған жерімізден басқа да шұрайлы жерін уақытша пайдалануға берсін» деп отыр емес пе?! «Басшыларыңа біздің жауабымызды өзің тауып айтарсың. Сенің жауабың менің сөзімнен де сенімді шығатынын білемін» деген Нұртазаның сөзіне аса мән берген жоқ. Тап сол жерде, сол кезде бүкіл ойы ауылды гүлдендіру жолдарын табуға ауып кеткенін өзі де байқамай қалып еді...

Жаңағы қобыздың әуезі жан дүниесін қозғап жібергенін жақсы түсінді...

Сол бір ұмытылмас сәттерді есіне алып, тәтті сезімнен айырылып қалғысы келмегендей көзін жұмды. Көңілі толқыды. Бойды жыр кернеді. Өмірімнің күзі келгені ме?! Күрсінді.

Қоңыр күз,

Қоңыр жыр ма едің,

Қоңыр күй тербеп бойымды,

Қоңыраулы керуен күндерім

Қоңырқай тірлік кешірді.
Қозы көш жерден көрінген

Қоңыр қаздардың тізбегін

Қоғасы біткен көлімнен

Қобыздай сарнап іздедім.

Қоңырым озып пырақтан,

Қом сулы қоныс гүлдеген.

Қоңыр жел есіп қыраттан,

Қоламталарымды үрлеген.


Қоңырқай тартты өмір де,

Қонатын басқа бақ қайда?

Қоңыр қозылар көгенде –

Қотарып ішер ақ қайда?.. деген өлең жолдары ойына оралды. Кімнің жыры еді? Есіне түсіре алмады. Өзінің бойын жарып шыққан жырдай көрді. Қайдан түсті аузына? Бір-екі жерін шатастырып айтқандай болды. Бірақ осы өлең өзіне ұнайды...

Бірте бірте қобыз үні алыстап, ас үйдегі сыбыр жақындай түсті. Әбдір мырс етіп күліп жіберді. Енді шаруашылықтың жағдайын ойлаудың қажеті жоқ екенін ұмытқаны ма?! Ойлап қараса жиырма сегіз жыл директор болып жүргенде сәскеде төсекте жатпапты. Шопан болғанда да, ферма меңгерушілігін атқарғанда да бұл уақытта демалып көрмепті. Соғыста болған үш жылда мұндай күн болған емес. Оны айтасыз балалықтың, жігіттіктің бал күндерінде де мұндай сәттің болғаны есінде жоқ. Есінде қалғаны шыбықты ат қылып мініп шапқылап жүргенде әкесі Сағынтай бар малын өкіметке өткізіп жіберді. Қорада қалған жиырма шақты қой мен бес-алты жылқыны бағу Кемел көкесі мен өзінің міндетіне айналып еді. Ойлап қараса ел басында жамандық та, жақсылық та аз болмаған. Өз басы аштықты, соғысты басынан өткізді. Одан кейін мамыражай күндер басталды. Ел де, жер де көгерді. Ат жалын тартып мінер азаматтар даңқы өсті. Бұған қалай қуанбасқа. Бір жылдары әсіреге жол беруге болмайтындығы, өтірік өсім туралы ақпар бермейтіндігі туралы биік мінбеден айтқаны үшін облыс басшысына жақпай, қудалауға, тіпті, жүрген-тұрғанын аңдуға дейін барған кезде Елбасшысы Димекеңнің алдына барғанда айтқан сөзі оралды.

– Кісі еңбегін көре білмегеннен әділдікті күтуге де болмайды. Сенің асқаныңды, тасыды деп бағалаған болар. Оған күйінбе. Бәрі орнын табады, – деп шығарып салғаны есінде. Бір қызығы Жамбылға келсе әлгі бірінші хатшы басқа қызметке ауысып жатыр екен. Димекеңнің ұлылығына сонда қатты таңғалғаны бар. Кейінірек біреулер әлгінің қызметтен кетуіне Әбдір ықпал жасапты деген сөзді де шығарды. Оның бекер екенін өзі жақсы біледі. Димекеңе барғанда бірінші хатшыны жамандамай, өзінің артынан жалған сөз таратылуына жел беріп отырғанын сипап қана айтқан.

Ауыз бөлмеден абыр-сабыр дауыс қатты-қатты естіле бастады. Үйге кісі келгенде төсекте жатқаны дұрыс болмас. Қызметтен кеткен өзі ғана ма екен?! Қызметтен кетсе де ағайыннан кетпес. Сірә олар кіруге бата алмай тұрған болар. Орнынан тұрып, киімін түзеді. Орта бойын тіктеп, шашын тарады. Жүзіндегі аз ғана селкеуді білдірмеу үшін күлімдей есікті ашып:

– Ассалаумағалейкум! Дендеріңіз сау ма? Таңертеңмен қайдан жүрсіздер. Жұмыс қайда? Мен болсам зейнеттегі адаммын, ал Сүлеймен?. Сенің жұмысың қайда? – деп бауырларының қолын алып: –Жоғарылатыңыздар, төрге өтіңіздер, – деп ілтипат көрсетті. Әбдірдің жүзіндегі бағанағы салқындықтың жойылғанына алдымен Құндызай қуанды. Дастарқан жая жүріп сөйледі.

– Кісілер кірмей жатып тергеуге алдың ғой. Бұл кісілерден сұрайтын басшылары енді басқа. Зейнеттегі адам тыныш жатса сол өзіне де, өзгеге де пайдалы.

– Жеңеше, одан қам жемеңіз, біздің Әбекеңдер артық қимыл жасамайтын, бос сөз сөйлемейтіндердің қатарына жатады, – деп сөзге араласқан №4 ферманың меңгерушісі Сәрсенбек Жамансариев бір сәт үнсіз қалды да: – Әбеке, біз сіздің зейнетке шыққаныңызға құтты болсын айта келдік. Бүгін көңілімізді жая келдік. Алда сізді құрметтеп зейнетке шығару салтанатында ілтипат бізден болады. Сіз өкінер іс жоқ. Сіз көтерілген биікке екінің бірі көтерілген емес. Сізге елдің өкпесі жоқ. Құм далада жеті мыңдай халқы бар қалашық орнаттыңыз. Азаматтарымыз өсіп, көрші шаруашылықтарды басқарды. Бір сөзбен айтқанда, елдің еңсесін көтердіңіз. Бір адамды жамандыққа қимадыңыз. Бұл менің ғана емес барша үшаралдықтардың пікірі деп қабылдағайсыз. Сәл де болса көңіліңізде қаяу болса оны сылып алып тастаңыз.

– Сәрсенбек, сөз төркінін түсінетін азаматсың. Менің ешкімге өкпем жоқ. Менікі жай ғана пендешілік ғой. Біреуін салтанатпен аттан түсірсе, екіншісін салтанатпен атқа мінгізсе болмас па еді. Біз көптің бірі емеспіз ғой. Соны ұмытқанына, соны білмей қалғанына менің таңым бар. Жаңа кеңседен күліп емес, күйініп шыққаным сол. Батыра алмай жүрген тісін тап осы сәтте батырғанын мен білмеді дейсің бе? – деп Әбдір орнынан тұрып, неге екені белгісіз төрден есікке қарай адымдады да бір сәт үнсіз тұрып қалды. Қара торы жүзі сұрланып кеткендей. Орта бойын тіктеп ұстап, қайта сөйлеуге ұмсына бергені сол еді, Құндызай ортадан килігіп, әңгіме өзегін жарып жіберді.

– Бұл ағаларыңның өкпесі деп ойлап қалмаңдар, назы ғой. Назы бардың бізі болатыны анық. Дастарқанға жақындаңдар, – деп алақандай-алақандай үлкен бауырсақтарды дастарқанға шаша бастады. Әбдір болса жарына бұрыла қарап, біраз қатулы қабағын жазбай тұрды да, артынша білінер – білінбес жәй ғана жымиды, көзіне жылылықтың нұры келді. Құндызайды жүрегімен түсінді. Өкпе айтқанын жақтырмағаны ғой. Дастарқан басындағылар көңілдене бір-бірімен сөйлесе бастады.

Әбдір қашан, кімге өкпе айтыпты. Ана жылы Кемел көкесі екі кештің ортасында үйге келіп: «Төс маған ғана қажет пе? Айбас екеуің «құммен күрескен батыр» деп күлесіңдер. Сенің қолың ұзын, кісілеріңді жауып жіберсең, құм жалдарын төңкеріп тастамай ма?!» деп орынсыз ренішін айтқанда: «Жеке іске мемлекеттің ісін араластырмаңыз. Төс сізге қажет. Іздейсіз бе, іздемейсіз бе, ол сіздің ісіңіз. Әкеміз төсті табуды маған емес, сізге аманат еткен», – деп бұрылып кете бергенде көкесінің көкірегі қарс айырылып: «А-а-а... Аманатты орындамаған мені қарғыс атады демекшісің бе?» дегені!!! Бұл сөз Әбдірді тас төбесінен біреу сойылмен ұрғандай есеңгіретіп тастады. «Кемеке, бұл не дегеніңіз?!» деп ағасын айқайлай құшақтай алған. Жүрегі жарылардай солқылдай соқты. Сүйретіліп барып, диванға отыра кетті. Ағасы болса бір орнында қалшиып тұрды да қалды. Көңіл түкпірінде жатқан ащы запыранның шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Енді не дейді? Қалай ақталады. Айтар сөз жоқтай екі көзге ерік беріп, іштен тынып жылай берді. Әбдірдің де көзінен ыстық жас тамшылары сорғалап жатты. Екеуі бір-бірін құшақтап, аһылап, үһілеп ұзақ отырып қалған. Кейінірек те ойында жоқ сөзді айтқаны үшін ағасына өкпелей алмап еді. Әбүйір болғанда бұл оқиғаны Құндызай көрмеп еді...

Әбдір ауыр күрсініп, барып диванға отырды. Дастарқан басындағылар бір-біріне көздерінің астымен қарады да, әңгімелерін доғарып, үнсіз қалды. Мұны Әбдір де аңғарды. Қайдағы жоқтың ойына қалай түсіп кеткенін де аңғармаған Әбдір күрсінгенін білмей қалғанын кеш түсінді.

Дастарқан басындағы үнсіздікті Құндызай бұзды.

– Үлкен салтанат әлі алда. Одан да соған дайындалайық. Ел азаматтарына, партияға рахмет. Таудай талабымызды шақпай, биіктерге көтерді... Күнде келе бермейтін қайындарым келіп қалыпты... әлгілеріңнен құйып жіберсем қалай болады?!

– Қойыңыз, жеңеше, қайдағыны айтып, таңертеңмен кім онымен шүйіркелеседі. Кешке қарай десеңіз бір басқа..., – деп күле сөйлеген Сүлеймен сөзінің аяғын жансыздандырып жіберді.

– Е-е-е, айтқандарың болсын, кешке ағайындардың бәрін шақырыңдар! Ағаларың күнде зейнетке шығып жатқан жоқ. Солай ма, Әбдір... Бірің қалып, қой соя беріңдер,- деген Құндызай жарқылдай сөйлеп, еріне тіктеп қарады. Әбдірдің жүзінен оның қандай күйде екенін айыру қиын. Бірақ зайыбы оның жүзінен келіскенін білді. – Естісе ағайындар мен балалар да келіп қалар...

Әбдір диванға керіле түсіп өзіне кейінгі кезде облыс басшысының неге ренжулі екенін есіне алды. Бәленің бәрі ауданға жаңа хатшының сайлануымен тікелей байланысты. Ол кезде Талас ауданының атақ-даңқы дүркіреп тұрған. Шаруашылықтарды «сен тұр, мен атайын» дейтін өңкей марқасқалар, яғни, мүйізі қарағайдай-қарағайдай азаматтар басқаратын. Әнуарбек Тәжімбетов, Сейілбек Әбдиев, Ерман Үдербаев, Петр Пак, Сәтбай Әбдіқұлов сияқты шаруашылықты жүргізудің шеберлеріне жаңа хатшының «тісі» бата бермейтін. Сондықтан да оны облыс басшысы соларға қарсы қайрап жіберді. Қайралып келген ол алғашқы сөзінде-ақ оларға доқ көрсете сөйледі.

– Ауданға, облысқа соқпай самолетпен ұшып кетулеріңді тоқтатыңдар! Ондайлармен жолымыз бірге болмайды. Партия ондайлардың мүйіздерінен қорықпайды, қажет деп тапса кез келген кезде қағып алады, – деді.

Бұл оның жүрек сөзі емес екенін, біреудің сойылын соғып тұрғанын аңғарған Әбдір хатшының сөзіне мырс етіп күліп жіберді. Онысы дүйім жұртқа естілді. Мұны байқаған аудан басшысы одан әрі қаһарлана сөйлеген. Көп ұзамай-ақ хатшы облыс басшысына арқа сүйеп, мүйізі қарағайдай» бастықтардың артына шам алып түсті. Шынында да олардың қатары бірте-бірте сирей бастады. Әбдір іштей өзіне де дауылдың жақындап қалғанын сезді. Тіпті, телефоны тыңдалатын болды. Оның үстіне тағы бір оқиға өзінің қызметтен елеусіз кетуін жақындата түсті.

1984 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов Талас ауданының белсенділерімен жиналыс өткізіп, әр саулыққа күзде қозы ерту туралы тапсырма берді. Оны Әбдір Сағынтаевтың қоштауын қалап, қайта-қайта директорды сөзге тартты. Алайда «Талас» асыл тұқымды мал зауытының директоры үн қатпады. Тіпті біріншінің сөзін есітпегендей кейіп танытты. Жақыпов ауданнан «сені құртпасам, көрде тұр» деп, ішіне қан қатырып, аудан басшысына нақты тапсырма беріп кетті.

Көп ұзамай шараушылыққа облыстық партия комитетінен, әрбір фермаға ауданнан өкіл жіберіп, олардың жұмысын үйлестіру аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, өзінің бауыры Садық Сәрсенбековке жүктеді.

Өкілдер күндіз-түні отарларда жүрді. Оларға Әбдір әр саулыққа күзде қозы ерту мүмкін емес екенін ашық айтты. Бұл шаруашылықты да, елді де қажытатынын дәлелдеді. Өзі болса шопандарға барып, «бастаманы қолдаңдар» демеді. Жалпы төл алу науқанында шопандарға «қозыларыңды қосыңдар» деп, сөз салу оның басшылық тәжірибесінде жоқ екенін бүкіл ауданға белгілі еді. Әр шопанның мүмкіншілігі мен көзқарасын ол жақсы білетін. Қанша қарсылық көрсеткенімен партияның шаруашылықтағы, аудандағы, облыстағы буындарының тікелей араласуымен әр саулықтың соңына жетім қозыларды ертті. Кейін Садық Сәрсенбеков өзіне жолыққанда сол көзбояушылық науқанның залалы өте ауыр болғанын айтқаны да есінде. Көптеген шопандар мен шараушылықтар көп жылдар бойы жинаған байлығынан айырылып, таяқ ұстап қалды.

... Иван Павлович Мальцев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мен зауыт директоры Әбдірді көңілсіз қарсы алды. Ақсары жүзі тотығып, күреңдене түсіпті. Көңілінде қаяу бар екенін бірден түсінген директор асықпай, мал емдейтін пункті аралады. Дайындалып жатқан СЖК-ні көрді. Бас мал дәрігері директордың жанындағы бірінші хатшыға көзінің де қиығын салмастан Әбдірге қарап сөйлей жөнелді.

– Әбдір Сағынтаевич, адамға қысастық жүрсе де, малға жүрмейтінін білмей ме? Оның киесі бар емес пе? Сіз оны неге түсіндіріп айтпайсыз? «Көп қозы керек», «Көп елтірі керек» деп малды қинап, шаранасына симайтын қозыны салып жатқанымыз дұрыс па? О заманда, бұ заман, бір саулықтың бес қозы туғанын естіп-көріп пе едіңіз?! Міне, көріңіз,-деп, іші теңкиіп, өліп жатқан қойды нұсқады. -Бізде осылай болып жатыр. Малға жасалынған қысастықтың зардабын енді тартып отырмыз. Қанша жемшөп берсеңіз де шаранасын көтере алмаған саулық күйіс қайыра алмай, зорығып өліп жатыр. Мен бұны қандай ауру деп тіркеймін? «Адамның қысастығы» деймін бе?!

Әбдір үнсіз қалды. Оның жанындағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жағдайды түсінгісі келгендей көтерем болып қиналып жатқан саулықтарға көз тастады.

– «Партия айтты», «Партияның шешімі осындай» деген сөздеріңіз қойға жүрмейді, - деген Иван Павлович бірінші хатшыға жақындай түсті. «Көп елтірі» алуда бір саулықтың екі-үш қозы туғаны да жеткілікті емес пе? Қой қоян емес, ол пейіштен шыққан. Сіз бен біз мұсылманбыз. Құранның хадистерін де білеміз. Сонда солай жазылған. Бірінші хатшы шошып кетті. Әбдірге жалт қарады.

– Мына шуваштың баласы – мал дәрігеріңе мен келгенде «осылай айт» деп үйретіп қойып па едің? Құран мен партияның қатысы не бұл жерде?

Бұған бас мал дәрігері құлақ асқан да жоқ. Иван Павлович бірінші хатшыға жақындап келіп, төндіре сөйледі.

– Мен бұл сөзімді қай жерде болса да айтамын. Малды қинауға болмайды. Жемі де, азығы да тоқ. Ішінде бос орын жоқ. Күйіс қайыра алмай шаранадағы қозысын көтере алмай, зорығып өліп жатыр. Мен мұны шопанға қалай түсіндіремін? СЖК-ні мөлшерлеп қана беруіміз керек. Қажет десеңіз, оны пайдалануды тоқтатқан жөн. Партия қозыны көп алу үшін СЖК-ні нормадан тыс көп бер деп айтпаған болар. Түсініңіздер... Малды аяңыздар... Киесі ұрып жүрмесін! – Иван бұрылып кете берді.

Бірінші хатшы үнсіз келіп машинаға жайғасты. Әшейінде аузы жабылмайтын Серікте үндемей қалған. Ферма орталығы Аралға жақындағанда бірінші хатшы машинаны тоқтатуды өтінді. Жерге түсіп, құм жалдың біреуін бетке алып, жаяу кетті. Артынан Әбдір жүрді.

– Әбеке, ашулан-ашуланба, жаңағы сөздің жаны бар. Қойды «пейіштен шыққан деді ме?». Керемет!

-Иә, сондай қағидат бар. Қазақ малының алдын қой санаған. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп бекер айтпаған ғой. Ертеде аталарымыз «Қойлы бай – қорлы бай» деп те айтқан. «Қойдың саны мыңға жетсе, керегенің басынан бас кетпейдіді», «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», «Малды бақсаң, қойды бақ, май кетпейді шарадан» деген де нақылдар аталарымыздан қалған. Оның үстіне қой өте шыдамды, төзімді мал. Ол алты күн ашытыққа шыдайды.

-Сен немене, қойға қатысты мақал-мәтелдің бәрін жаттап алғансың ба? Орынды. Ата-бабаларымыз біліп айтқан. Шынында да жұмыс-жұмыс деп жүріп өзіміздің кім екенімізді, керек десеңіз кімнің үмбеті екенімізді ұмытып қалатын жайымыз бар. Жаңағы шуваштың баласы дұрыс айтады. Алла тағала бермеген, қолдамаған істі біз қолдан жасағымыз келеді. Әрине, ол дұрыс емес. Осы мәселе жөнінде бір ойласып көруге болады. Мал байғұсты қинап, «көп қозы аламыз» және «жылына екі рет қоздатуды жолға қоямыз» дегеніміз бекершілік. Бәленің бәрі өзімізде. Жоғарыдан шынында «осылай жаса» деген нұсқау жоқ қой. Жағынғымыз келіп, жақсы болып көріну, өзіміздің абыройымызды асыру үшін осындай жолды таңдаймыз. Бұл дұрыс емес! Жүз саулықтан 150-170 қаракөл қозысын алу табиғатқа жат емес. Ал 100 саулықтан екі жүзден асыра қозы алу табиғатқа қиянат. «Жоғрыдан айтылды. Тапсырма берілді» деп, жөндіге де, жөнсізге де басшының алдында бас шұлғу басталды. Өзімізде осы бір жаман әдеттің жетегінде кетіп бара жатқанымызды байқамай қалдық.

Бұл зияны көп бастаманы облыс басшысы келесі жылы да жалғастыратынын шопандар слетінде масаттана айтқаннан кейін Әбдір Сағынтаев оның қабылдауында болып, бұл істің жемісі ащы болатындығын айтып, облыс басшысымен сөзге келіп қалғаны да есінде.

– Жаратылыстан күшті ешнәрсе жоқ. Қаракөл қойы тері өнімін өндіру үшін өсіріледі. Онда меринос немесе қазақы тұқымды қойға тән қасиеттер жоқ. Қозыны бөлгенде әр саулыққа қозы ерту мүмкін емес. Бұл жалған болады. Біз кімді алдаймыз?! Партияны ма?! Өтірік елді өрге бастырмайды. Осыны түсінетін кез келді ғой, – деген Әбдірге Жақыпов шекесінен қарап;

– Бұл сенің пікірің. Партияның пікірі олай емес. Бара бер, екеуміздің сөзіміз осымен бітті,-деп шығарып салды.

Міне, сол әңгіменің ақыры 1985 жылдың қаңтар айының 30 жұлдызында өзінің қызметтен кетуіне негіз болды. Тағы да қызметтен кеткеніне емес, бүкіл өмірлік еңбегін еш етіп, елеусіз ғана кетіргеніне налыды. Ақыры сол жылы «бір қозының» арты дауға айналды. Ұмытпаса «Социалистік Қазақстан» газетінің Нури Мұфтах деген тілшісі Жезқазған облысының Ақтоғай ауданынан «Бір қозы берші» деген мақала жазып, көзбояушылықты, өтірікті қалың халыққа жеткізді. Бұл мәселе орталық партия комитетінде сөз болғаны да белгілі болды. Алайда одан не пайда?! Жандайшаптардың, жағымпаздардың, көзбояушылардың әрекеті есеңгіреп қалған малды ауылдың қорасын малға қайта толтырған жоқ! Партияның атына кір жағылды. Соған қарамастан олар жазаланбады. Осы бір оқиғадан-ақ Әбдір партияның күші кетіп, беделі түсе бастағанын сезді.

Бірақ өмір тоқтап қалмайтынын ол жақсы білді. Қызметтен кеткен алғашқы күндердегі сәл ғана күйзеліс пен толғаныстың арты қуанышқа ұласты. Бүкіл аудан жұртшылығы өзіне құрмет көрсетіп, салтанатты жиында рахметін айтып, зейнетке шығарып салды. Әдемі сөздер айтылды. Оған басшылардың емес қарапайым адамдардың жүрек тербер сөздері қатты әсер етті. Басынан өткізген талай оқиғалар еске алынып, шаруашылықтың шыққан шыңы жайлы көптеген мәліметтер айтылды.

... – Құндызай, зейнетке шыққаныма біраз ай болды. Алматыға Димекеңе барсам деймін. Шамалы уақыттан кейін Қаржаубай Жоғарғы партия мектебін, Бақытжан иниститутты бітіреді. Солардың оқуын білейін. Басты мақсатым – Үлкен Кісіге сәлем беру. Жағдайымды сұраса оны айтармын. Кейбір мәселелер бойынша ойымды ортаға салармын, – деген Әбдір жарына бағдарлай қарады.

– Үйде жата бергенше, бір сейілдеп келгенің дұрыс болар, – деген Құндызай ауыр күрсініп шай қамына кірісті. Көңілі қобалжулы. Әбдір оның сөзінің бәрін айтпағанын түсінді де соңын күтті.

Ал Құндызайды Әбдірдің жаңа ғана айтқан аз сөзі көп ойға жетеледі. Көңілінде қаяу бар екеніне тағы да анық көз жеткізді. Облыстың да, ауданның да бірінші басшыларына ренішті екенін сезді. Өздері қалқада қалып, жүрек ауырарлық өсек таратқандарына ренжитінін білді. Шаруашылықтың қол жеткен жетістіктерін жоққа шығаруға ұмтылғанын түсіне алмаған Әбдір түнде дөңбекшіп, ұйықтай алмағанын өзі көріп, біліп те жүр. Ана бір күні сырттан күле үйге кіргені көз алдына келді.

– Бізде биыл қозы жоқ. «Сырбаз жасаймын» деп ойламай-ақ қой, – деп өзіне күле қараған ерінің жүзінде ащы мысқыл бар екенін байқады.

– Не болып қалыпты?

–Біздің ғана емес барлық ауыл тұрғындарының қозысын аудан басшыларының бұйрығымен шаруашылыққа алып қойыпты. Төл алу жоспары орындалмай аудан бойынша «бір қозы берші» деген науқан тағы да басталыпты. Біз де сол науқанның құрбаны болып отырмыз.

Ерінің бұл жаңалығына Құндызай ауыз ашпай, үнсіз сөзінің соңын күтті.

– Не болып барады?! Өтірікпен өрге шығамыз деу қоғамның тамырына балта шабу ғой. Неге мұны басшылар түсінбейді?!

Осы бір оқиғадан кейін Әбдір ой тұңғиығына батқан. Көп сөйлемей, тек балаларынан жақсы хабар күтумен болды. Енді міне бүгін Димекеңе бармақ. Ол жақсы ма, жаман ба, оны білу қиын. Себебі ері ауылдан сыртқа шықса оның жолын аңду, қайда, кіммен сөйлескенін білуге ұмтылатындар көбейетін. Ондайлардың басты қорқынышы – бүгін ауданда, облыста болып жатқан келеңсіз істерді Димекеңе жеткізіп қоя ма деп ойлайды. Ерінің өсек емес өрелі істі, тек шындықты айтатындығын әлі білмейтіндігіне таңғалады.

Құндыз әлгіде бастаған сөзінің түйінін айтты.

– Не айту керек, нені айтпау керек екенін өзің білесің. Бұл жағынан мен ақылшы емеспін. Бір ғана өтініш жаныңа Таймасты алғаның дұрыс болар. Жүрегіңді сақта. Ашулана берме?...

...Орталық партия комитетінің зәулім ғимаратының алдында Таймас пен Қаржаубайды жанына алған Әбдір бір сәт аяғын алға баспай тұрып қалды. Бұрындары бұл ғимаратқа жүрегі лүпілдесе де тоқтаусыз кірсе, бүгін қобалжығаннан көңілі күпті. Халық ұлына не айтуы керек?! Тіпті жолығудың қажеті бар ма? Жанындағы балаларына қарады. Олар да қобалжулы сияқты. Не деп ойласа да көңілді бір демеп алу керек. Ол үшін Ұлыдан бата алып, сол сілтеген жолмен жүру қажет. Қобалжитын ешнәрсе жоқ, сіңген еңбегін бұлдаса да айып емес. Нені айту керек екені Үлкен кісінің пейілінен кейін туындайтынын іштей білді. Алыптармен жоспарлы сөз сөйлеу мүмкін емес.

– Сендер осында тұра тұрыңдар, Дүйсетай Бекежановқа телефон шалып, өтінішімді айтсам, сәтін салса Үлкен кісінің алдына кірерміз, – деген Әбдір балаларына жымия қарап, алып ғимаратқа кіріп кетті.

... – Сенің қызметтен кетуің бекер болған. «Бас мүлгісе, аяқ сүрінедінің» күні келмегені анық. Сен мүлгуді білмейтін азаматсың. Мен оны жақсы білем. Саған берілген партияның мінездемесі осылай дейді. Мәселе жаста емес, еңбек ету қабілетіне байланысты екенін кейде ұмытып кетеміз. Бірақ бәріміз мәңгілік емеспіз. Жастарға, егер бізден ақылдылар табылып жатса орын беру ләзім. –Үлкен кісі күліп алып сөзін жалғастырды. –Ең бастысы халық құрметіне ие болу. Бұл менің де арманым.

Бұдан кейін Дінмұхамед Қонаев елдің жағдайын, Талас ауданындағы «Ойық» кеңшарының директоры Әнуарбек Тәжімбетовтың амандығын сұрады.

– Аянбай еңбек еттің, халық оны жақсы білді. Отан, партия еңбегіңді жоғары бағалағанын өзің де, ел де біледі. Енді еңбегіңнің зейнетін көр. Жақсылап демал. Сонымен бірге жастарға тәжірибеңді үйретуді де ұмытпа! «Еңбек етте, міндет ет!» деген сөз бар. Қандай тілегің бар? Оны да айтқаның жөн болар, – деген Димекең Әбдірге тіке қарады. Жүзінде мейірім.

– Күнде қызу еңбекте жүрген адамның отбасында қалғаны қиын екен. Сізге сәлем бере отырып, бір сейілсем деп едім. Сізбен әңгімелесу мен үшін бір ғанибет. Шынымды айтсам соны сағынып келіп отырмын, деген Әбдірдің сөзіне риясыз жымиған Димекең әңгіме арнасын күрт өзгертті.

– Сен шыныңды айтшы, Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізуге бола ма?

– Бұл ұзақ процесс қой. Оның үстіне елу миллионға қойды жеткізуміз үшін қазақтың бәрі қой бағуы керек. Ең бастысы жемшөп қоры жеткіліксіз.

– Сіз шыныңызды айтпай отырсыз. Бірақ бүгін ол басты мақсат емес. Мәселе қойды көбейте отырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Басшы бола білудің қандай болуы керек екенін сен бүкіл саналы өміріңде дәлелдеп келесің. Шындықты айтайын, партияның ХХІІІ съезіне делегат, КПСС-тің Оталық Тексеру комиссиясына мүше боларыңда сенің бүкіл болмысың жүріс, тұрысың, шарашылықты басқару әдісің сараланды. Сонда сенің шаруашылықты жүргізе білумен бірге, көпшілікті де басқара алатының, бір мақсатқа жұмылдыра білетіндігің ерекше айтылды. Басшы шаруашылықты да, адамды да бақара білгенде ғана оның ісі алға жылжитындығын сен дәлелдегенсің. Мен «қойды көбейтеміз» дегенді алға тартып, орталықтан көп қаржы алу, оған жол салу, су көздерін ашу, мәдени-әлеуметтік ғимараттарды тұрғызу, тағы да басқа шараларды жүзеге асыруды ойладым. Қойды көбейту екінші қатарға ысырылған еді. Соның нәтижесінде көп іс тындырылды. Осыны ойлаған, түсінген жөн. Менің сөзімнің астарын түсіндің бе?! – Үлкен кісі ойлы жүзбен Әбдірге жақындай түсті. – Сен бұдан былай Ауыл шаруашылығы министрлігінің озат тәжірбиелерді тарату жөніндегі нұсқаушысы міндетін атқарасың. Елге мен айтқан ойды жайлап түсіндір. Осы Сіздің жеке меншік көлігіңіз бар ма?

– Жоқ.

– Онда «Жигули» мін.



– Оған сыймаймын ғой, – деп күлген Әбдір әңгіменің осылай бет алғанына қуанды. Шынын айтса үлкен кісіден көлік сұрау ой түкпірінде жатқан еді. Сол әңгіменің орайы өздігінен келе кеткеніне қуанды.

– Жарайды «Волга» бергізейін, – деген Димекең Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Гребенюкке телефон соқты. – Әбдір Сағынтаев елге белгілі, беделді, ауыл шаруашылығының көрнекті қайраткері. Сол кісіге Совминнің қорынан «Волга» көлігін бергеніміз дұрыс болар. Зейнетке шыққан азамат. Қазір барады. Бүгін беріңдер. – Телефон трубкасын құндағына қойғаннан кейін Әбдірге бұрылып, орнынан тұрды. – Жақсы сау бол, келінге, елге сәлем айт. Орайы келіп жатса жүздесерміз. Алла жақсылықпен кездестірсін...

Әбдір Сағынтаев сол күні министрліктің нұсқаушысы деген куәлікті де, көлікті де алды.

Алатаудың бөктеріндегі ару қаладан елге келе жатып, Димекеңмен болған әңгімені ұлдары Таймас пен Қаржаубайға айтып та берді. Көңілі толды. Бір сәт Димекеңнің алдына барып ой бөлісу құрметіне ие болғанына қуанды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет