ЖУАЛЫ-МЫҢБҰЛАҚ
(ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ЭССЕЛЕР)
Бұл жерге Жуалының суреті салынуы керек
... Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қыстағы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс Жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды.
... Құс жолы... осы жерде орманның шетінде орын тепкен орнитологтар стансасының қызметкерлері төмендеп ұшып, торға түскен қанаттыларға сақина салады.
...Сақиналы болған ақтамақ қарлығаш бірден көкке көтерілді. Бостандық деген қандай ғажап! Қараңызшы, қараңызшы, қанатын талмай қағады... Әуелеген құсты өзіне табындырған, саясына аялдатқан, алыс сапар алдында қуат берген Жуалы жерінің тартылыс күші ғажап!!!
Тарихи деректер мен жер қыртысын білетін мамандардың айтуынша Жуалы жері табиғатына қарай екіге бөлінеді. Біріншісі—өңірді қақ жарып батыстан шығысқа қарай, яғни, жердің айналысына қарсы ағып жатқан Теріс өзенінің оңтүстігі Мыңбұлақ деп аталса, теріскейі таулы, адырлы, сай-салалы өңір Жуалы делінген. Тәңіртау-Алатаудың етегінде мың-мың бұлақ атқылап жатса, қарт Қаратаудың сілемдерінің баурайында қайнарлар аз. Есесіне мұнда жауын-шашын көп болғандықтан тау мен сай жуасы мол.
Күміс бастау, Тас бұлақ, Ақ бұлақ, Әулие бұлақ, Көл бастау, Көк бастау, Шилі бастау, Қоғалы бастау, Кен бұлақ, Жылы бұлақ, Ыстық бұлақ, Май бұлақ, Қос бастау, Шолақ бұлақ, Ұры бұлақ, Қайыңды бастау, Жалбызды бастау, Қара бастау, Жар бұлақ, Үш бұлақ, Ай бұлақ, Құрақ бұлақ, Ақ бастау... деп кісі, жер аттарымен аталатын бұлақтар мен бастауларды да жалғастыра беруге болады. Менің жерлестерім кейбір сәттерде: «Біз Мыңбұлақтанбыз!» дегенді ұнатады.
Мың бұлақтың бәрі Алатаудан төмен қарай қосарлана, жарыса, ақ көбіктене ағатын асау өзендер--Ақсай мен Көксайдан нәр алады. Тәңіртаудың ұшар басындағы қар көп болып, мұзарттар мызғымай жатса мың бұлақтың суы да, нәрі де асып-тасып жатады. Судың тұнықтығы, салқындығы Жуалы өңірінде өнетін барлық өнімнің сапасын еселеп көтеретіні анық. Сол Ақсай мен Көксайдан нәр алып, егін егіп, мал өсіріп жатқан өзендер арнасындағы және ақабасындағы ауыл тұрғындары көкмайсаға оранып, тоқшылықта өмір сүреді.
Қазақстанда елді мекені көп аудан—Жуалы. Оның да мәнісі бар. Сулы жер – нулы! Су бар жерде ел бар! Ертеде орта ғасырлық қалалар мен бекіністерді Жуалы-Мыңбұлақ жерінде көптеп салынуын да осылай түсіндіруге болады.
Жарты әлемді жаулаған, қазақ жерінің оңтүстігіндегі ортағасырлық қалаларды қиратып, көңілін демдеген Шыңғысхан жаз-жайлауда Істемі қағанның ізін басып, «мойнына қоңырау таққан бұғы, елікке» бауыр басып, осы өңірге ол да қосынын тігіпті.
Оңтүстік Қазақстан облысымен шектесер тұста, Қаратаудың бір сілемі Арқарлы тауының баурайында «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары сол тарихтың жәдігері іспеттес. Кезінде екінші Ордабасы аталған жер атауы бұл күнде «Ордаған» деп аталады. Жолбарысхан жайлау еткен Үшаша, Жолбарысқамал, Батырбек датқа қоныстанған Датқа сазы да осы маңда. Итаяқ батыр салдырған Шегірқамал да осында. Күйік пен Шақпақ асуларын айтпағанда Жуалының аса бір шұрайлы жері Күреңбел туралы шертер әңгіме бір бөлек. Осыдан-ақ Жуалы жерінде талай хандар мен батырлар туын тіккенін аңғаруға болады.
Жуалы – Мыңбұлақ аты орта ғасыр тарихында, саяхатшылар мен жиһангерлердің жазбаларында жиі айтылады. Ұлы Жібек жолының алтын арқауында жатқан Жуалы жері талай тарихшылар мен саяхатшыларды да қызықтырған. Мәселен 846-847 жылдары Жуалыда болған араб саяхатшысы Убейдаллаһ ибн Хордабек күнделігінде өңір туралы былай жазыпты: «Испиджабтан (Сайрам) Будухкетке келдік, одан Тамтаджға (Түлкібас), одан Абарджаджға (Мұнаралы төбе) 4 фарсах жол жүріп Жувикет арқылы Таразға жеттік» десе, 1246 жылы Шыңғысханның шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен жүрген римдік Плано Карпини деген саяхатшы мынандай жазба қалдырған: «Бұл жерде біз қираған, талан-таражға түскен көп қақпалы сарайлары бар сансыз қалалар мен қаңыраған бос көптеген елді мекендерді таптық». Осы деректерден-ақ осы өңірдің мәдениеті мен экономикасының шамшырағы болған бекіністер мен қала-қорғандар көп орын тепкенін, халқын Шыңғысхан аяусыз қырғанын аңғаруға болады. Тек Жуалы жерінде Жуакент, Баркубас, Абарджадж, Ақсарай, Шақпақата, Бақаата, тағы басқа қамалдар мен бекіністер, қалалар мен қорғандар болған. Табиғаты ғажап өңірде қала салмау, хандар жаз жайлау етпеу мүмкін емес.
Алатау мен Қаратаудың Құлан, Ортақтау Боралдай, Бөкей, Ақшоқы, Арқарлы, Қошқарата, Ақсу-Жабағылы, Берікқара сілемдері қоршаған көк майсалы аңғар мен шалқып жатқан Билікөл кімнің болса да көзінің құртына айналған. Жуалы жері шапқыншылық кезінде жаудан қорғанар берік мекен болған. Жеріне қарай оны қорғайтын даңқты ұлдары да шашақты найзаны қолға алып, қорамсаққа қол салып, туған жерін, елін қорғаған. Осы өңірді Қойкелді, Ақша, Құлан, Рысбек, Тілеуке, Қожық, Құттық, Онбай, Бердіқожа, Байдәулет, Есіркеп, Тоғанас, Бармақ, Садыбай, Шоқан, тағы да басқа батырлар мен дуалы ауыз бабалар мекен еткен, табандары тиген.Күні кеше ғана Байзақ, Батырбек датқалар, олардың ұрпақтары – Ақмолда мен Мақұлбек қазақ халқының бірлігі үшін шайқасқан, күрескен. Қолбасшы Бауыржан Момышұлының інілері, генералдар – Тәттібай Дүйсебаев, Есен Демесінов, Тілепалды Ибыраев, Бақытжан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диқанбек Сатылғанов, Владимир Тегубенко, Димитрий Кавешников, Александр Тромбачев сынды азаматтар Жуалыдан ұшқан сұңқарлар. Айта берсе тағлым болар тарих, үлгі болар ел азаматы көп. Бұл туралы жуалылық Толымбек Әлімбек ақын былай жырлайды:
Жуалыда бар осындай бай үлгі,
Бай үлгісі дәстүрі ғой байырғы.
Үш Даңқ орденін қатар таққан хас батыр
Абырой ғой мақтан тұту Тайырды!
Міне осындай тарту етті бақ құдай,
Суыт жүріп, отыратын атқа ұдай.
Генералдар-қолбасшылар өлкенің
Мақтанышы Бақытжан мен Тәттібай!
Жуалыдан неге көп деп батырың,
Жауап іздеп шарқ ұрады ақылым.
Сөйтсек Құлан бауырында ертеде
Шыңғысхан да тіккен екен шатырын!
Алатаудан нұрын төксе күн құлап,
Жуалының сұлулығы сұмдық-ақ!
Айналаны сиқыр күйге бөлейді
Сушырақтай бұлқып атқан Мыңбұлақ!
Тік мінезді мөлдір, таза, кіл тұма,
Табиғаттан айнымайды жұрты да,
Теріс ағып «Теріс» жатыр тепсініп,
Бағына алмай табиғаттың ырқына!
Ресейдің отаршылдық саясаты кезінде Жуалы халқы көп тепершік көргенін де айтпасқа болмайды.Бірақ іргесін бұзбай, келімсектердің қысымына төтеп беріп, туған жерді тастап, құмды далаға көшпей, бас сауғаламай осы өңірде орнығып қалды.
Бүгінгі күні батырлар ұрпағы – қазақтың төлқұжатына айналған аталары--Тұрар Рысқұловтың, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның мәңгілік өсиеттерін ұран етіп,тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы биік желбіреуі үшін еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Күйік пен Шақпақ асуларының арасында, Теріс өзенінің Шақпақ, Ақсай, Көксай, Бақатый, Боралдай саласы мен батысқа қарай ағатын Қошқарата өзендерінің жағасында, таулардың баурайында егін салып, мал өсіруде. Өзін жуалылықпын деп есептейтін Шыңғыс Айтматов 1969 жылы «Правда» газетінде туған жері туралы былай толғады: «Аңызға айналған Ақ бидай өлкесі—Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Өмірдің шартарпқа сүйреген жолы мені Жуалыдан бірте-бірте алыстата берді. Одан алыстаған сайын , Ақ бидай өлкесіне деген сағынышым күшейді. Орақ науқанын сағынған кезде есіме сол өлке түседі. Алыс жерлер мен теңіздерді басып өтіп, бөтен елдерге сапар шеккенде де бүкіл Орта Азияға әйгілі қазақ әні «Ақ бидай» әуені ерекше елітіп, қуантады. Сол ән осы Ақ бидай өлкесі – Жуалыда туған ғой деп ойлаймын...». Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен де, батырларымен де, мың бұлағымен, сұлу табиғатымен де, тарихымен де қазақ еліне ертеден-ақ белгілі болған.
Құрметті оқырман, Жуалының сұлу табиғаты мен ғажаптарын толық жаздым деп айта алмаймын. Ақын Базар Қилыбаев айтқандай:
Асқар кеудем білмейді шылығыңды,
Шылығыңды сықсыған былығыңды,
Тау бұлағы—жүрегім тасып аққан,
Жеткізсем деп далама тұнығымды,-деген мақсатпен тек өзім білетін, көрген, естіген әңгімелер мен оқиғалар, көріністер мен атамекеннің кейбір көркі туралы әдебиет пен журналистиканың жанрларын арқау ете отырып, туған жер және өзім туралы әр жылдары жазған көңіл құсым-үзік сырларымды ұсынып отырмын.
КҮЙІК
Қаратаудың биік асуларының бірі Күйікті әркім біледі. Бірақ оның неге «Күйік» деп аталғаны туралы дөп басып айта алмайды. Дегенмен де аңыздарды сөйлетсек Алпамыс батырдың заманында анасы осы өңірді жаулап алған жаудың күңіне айналған да зарынан қара тасқа дейін күйіп кетіпті,содан бұл асу «Күйік» деп аталыпты. Атақты Күйік ханның атымен де сабақтастыратындар бар.Тағы бір аңызда Жібек жолы сауданың қайнарына айналған тұста бұл өңірдегі ұры-қарылар саудагерлердің күйігіне айналыпты. Содан асу «Күйік» аталыпты дегенді де айтатындар бар. Ақыры Жібек жолындағы саудагерлерді ұры-қарыдан қорғауға және сол үшін алым-салық алатын қаңлылар Күйік асуының екі жағына орналасып, бопсалаушыларды жойып, сауданың еркін жүруіне жол ашқан. Осыдан кейін ғана бұл асу саудагерлердің негізгі жолына айналыпты деген де аңыз бар. Аңыздың түбі шындық екенін еске алсақ, біраз тарихқа қанық боламыз. Сол аты аңызға айналған Күйік асуынан алғаш асқанда болған көріністер мен оқиғалар соңғы жылдары жиі-жиі еске түсетін болды...
Бір күні кешке апам нағашыларымның ауылына баратынымызды айтты. «Мектепке барар алдында қыдырып келгенінің дұрыс болар» дегені есімде. Тау қоршаған өңірді мекен еткенімізбен мен Қаратаудың биігіне шыққан емеспін. Сондықтан да қуанышқа толы жүрек лүпілдеді. Ертеңгі күнді тез жақындату үшін әдеттегіден ерте жастыққа бас қойдым.
Ерте тұрып, екі қой мен үш ешкіні падаға қосқаннан кейін көк есекті апам ерттей бастады. Ағаларым Рахыманбек пен Болатбекке не істеу керек екенін тәптіштеп айтты. Көп кешеуілдемей жолға шықтық. Құттыаяқ біраз жерге дейін шығарып салды да, Терістің жағасына келгенде өзеннен өтпей бір – екі рет «әуп» етті де қара жолда шоқиып отырып қалды.
Бурно-Октябрь ауылын айналып өтіп, «Тәжірбие алаңы» атты қыстақтың ішімен Күйікке беттедік. Көк есек тымпыңдап алдымызда жүріп келеді. Үстіндегі қапшыққа салынған азын-аулақ жүк біресе оң, біресе сол сауырына ауып кете берген соң апам екеуміз оны байлап тастадық. Күн көтерілген сайын жүрісіміз өнбей қойды. Оның үстіне қара жолдың бұрқ-бұрқ еткен топырағынан шаңнан да мезі болдық. Жолдың шетімен жүрейін десем тікені көп. Сояудай-сояудай тікен менің жыртық аяқ киімімді тесіп өтіп, аяғыма кіретіні анық. Шаршадым. Апам да шаршаған сияқты. Сыр бермей келе жатқан тек көк есек қана.
--Алла көрсеткеніңе құдайға шүкір,-деген апамның даусы оқыс шығып кетті. Мен апамның жүзіне қарадым. Өзімен өзі күбірлесіп сөйлесіп келеді екен. Ой тұңғиығына берілген. Мен қазір ойлаймын: неге сол кезде апам «көрсеткеніңе шүкір» деп шүкіршілік жасады екен. Ойлап қарасам сол кезде оңып тұрған тұрмысымыз да жоқ. Тіпті қарнымыз тойып тамақ ішкен сәттеріміз де аз болатын. Оны қойшы, қорамызға өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін екі–үш қой-ешкіден артық мал біткен емес. Оныңыз бір жылға талғажау етуге де жетпей, апам құсханаға барып, ертеден қара кешке дейін сойылған малдың ішек-қарнын тазалап, бір-екі күндік талғажау ететін бірнәселер әкелетін. Киіміз де көк болғаны шамалы. Соған қарамастан «Құдайға шүкір» деген сөзді аузынан тастамайды. Барды қанағат тұтқан қайран біздің аналарымыз-ай. Ұрпақтарын да сол қасиетке тәрбиеледі ғой.
Терлеп-тепшіп, шаршап –шалдығып, жотаға көтерілдік.
-- Анау жатқан ауыл--Айшабибі. Көк көздер оны Галабөшек (Головачевка дегені) деп атайды. Сол ауылда сенің нағашыларың тұрады. Соған барамыз,-деген апам «ықы» деп көк есектің сауырын тағы да қолындағы шыбықпен сипап өтті. Айшабибіні жастайымнан жаттап өскен мен ерекше биік әрі көркем кесенені көретіндей апамның «ылди» деген жағына тесіле қарадым. Ә дегеннен менің көзіме ауыл да, оның әсем кесенесі де көрінбеді. Аппақ ақ теңізді көрдім. Апам күлді «Теңіз дегенің сағым ғой. Ылди бізге қарағанда ыстық болады.Сол ыстық сағымды шалқытады». Мен сол кезде апамның сөзінің мәніне жете түсінбедім. Сонда «сағым дегеніңіз суға ұқсас болғаны ғой» дедім де қойдым.
Көк есекке де, өзімізге де жүруімізге жеңіл болсын дегені ме апам сай-сайдың етегіне қарай қайта-қайта бұрыла берді.
-- Аталарымыз айтып отыратын бұл жерде талай қырғындар болған. Ашаршылық жылдары сіңлім Ұмсынайдың күйеуі Ақсақал екеуміз түн жамылып ылдида ашығып жатқан бауырларымызға бір делше жүгерінің ұнын апарып бермек болғанымызда осы өңірде аштықтан өліп, Қаратаудан аса алмай қиналып келе жатқандарды көргеніміз бар. Олар бізге бар күшімен ұмтылғанымен жете алмады. Байқұстар-ай, талайлары ит-құсқа жем болды ғой. Олардың обалы Гәләшөкинге. Қырды ғой, қырылдық ғой... Апам көзіне жас алды.
Күн тас төбеге көтерілді. Жаздың аптап ыстығы күйдіріп барады. Суға жақындаған сайын алдымыздан жорғалаған кекіліктер қайта-қайта шығады.Терең сайдың табанына түсіп, сылдырап ағып жатқан судың жағасына келіп жайғасысымен апам мәсісін шешіп, аяқ-қолын, бетін жуды. Маған да «жуын» деді. Бір сәт апам маған кішірейіп кеткендей болды. Бұлаққа беттеп бара жатып анамның жүзіне тағы да көз тастадым. Бидай өңі күн сәулесіне күйіп, тотығып кетіпті. Мұрнының жанындағы кішігірім түймедей меңі қызарып, быртиған. Осы мең апамның барлық бауырларында, тіпті олардың ұрпақтарында да бар екенін көріп алғаш таңғалғаным бар.
Мен шомылып алғым келді. Табаны да, тобығы да тесік шоқайымды шешіп, балағымды түріп жіберіп, қолыма таяқ алып, кішкентай болса да бөгет жасауға кірісіп кеттім. Апам маған қарады да күліп жіберді.
--Мақұлтай, алдымен теріңді басып ал. Ауырып қаларсың. Содан соң байқа, «Қаратаудың тасымен қой бауыздауға болады» деген сөз бар, қолыңды тас кесіп кетпесін, -деді
Оны тыңдап жатқан мен жоқ, тез-ақ бөгет жасап алдым. Бөгетті тағы биіктету үшін судың жағасында жатқан тастарды көтеріп әкеліп, қалай бастадым. Кезекті бір тасты көтеріп қалғанымда қолыма таспен бірге бір темір ілінді. Тасты тастай салып әлгі темірді қолыма алдым. Темір дегеніңіз бір қолдың ұзындығындай әбден тот басқан семсер болып шықты.Өзі ауыр-ақ. Жүгіріп келіп апама көрсеттім.
-- Таста бәлені, бұл қылышың талайдың жанын алған болар,- деп апам шошып кетті. Сосын сәл ойланып тұрды да, -- Бұл жерде сұрапыл соғыстар болған деп айттым ғой. Жауды Жуалыға өткізбеу үшін ата-бабаларымыз жан беріп, жан алған.
Апам ойын аяқтай алмады. Пысқырынған жылқының дыбысы шықты. Бірден байқадық, бізге қарай атты кісі келе жатты. Апам; «Сәлем бер» деді. Мен дауыстай «Ассалаумағалейкум» дедім. «Уағалейкумассалам, жігіт бол, балам» деп қырма сақалды қария атынан түсе бастады. Өте денелі үлкен кісі екен. Апам орнынан тұрып, иіліп сәлем жасады. «Өркенің өссін,келін» деген ол біздің жанымызға жайғасып отырды. Алдымен апамнан жөн сұрады. Одан соң маған бұрылды да «Атың кім, айналайын» деді. «Мақұлбек» дедім мен жай ғана. Ол кісі бір сәт үнсіз қалды да; «О... айналайын, екеуміз аттас болдық. Менің де атым – Мақұлбек» деді. Апам жұлып алғандай «Сіз болыс қайнағасыз ба?» деді. «Иә, айналайын, ондай да болғанбыз. Өтті дәурен, кетті күн ғой» деп ауыр күрсінген қарияның көзі менің қолымдағы семсерге түсті.
-- Айналайын, мынаны қайдан алдың?!
Менің орныма апам жауап берді.
-- Болысеке, әзірде ғана осы жерден тауып алды.
Мақұлбек ақсақал семсерді қолына алып, зерделей әбден қарады. Одан кейін орнынан тұрып семсер табылған жерді аудастыра бастады. Біз де орнымыздан көтерілдік. Әлден соң қария үңгіп жатқан жерінен кішкентай темірлерді бірінен соң бірін алып шықты. Үнсіз. Сәл әлгі темірлерге көз тастап тұрды да өзі қазған шұңқырға мұқият қарады.
-- Бұл кісінің бейіті болып шықты. Одан әрі қазбай-ақ қояйық,- деді де жайғасып отырып алып құран оқи жөнелді. Біз де бетімізді сипадық. Тауып алған кішкентай темірлерді тағы да мұқият қарады. Олардың не зат екеніне мен назар аудармадым.
-- Бәйбіше, бұл жерде талай қырғындар өткен. Талай боздақтар өзгеге туған жерді таптатпаймыз деп елі үшін опат болды емес пе? Енді міне, қайдағы жоқ үрпек бастар билігін жүргізіп отыр,-деген қарияның көзі маған түсіп кетті. —Айналайын, сен шомыла бер. Күніңіз күйіп тұр, аспанда күйіктің исі бар. Мүмкін сондықтан да бұл асу «Күйік» деп аталған болар?...
Олар әрнәрсенің басын шалып біраз сөйлескен соң ақсақал;
-- Менің баратын жерім біраз қашықта, жүрейін,-деп етегін қағып орнынан тұра бастады. Апамның ымымен жүгіріп барып мен ақсақалдың атын әкелдім.
-- Болысеке, жол үстінде құдай жолықтырған шығар, мына аттасыңызға батаңызды беріңіз,- деді апам иіліп тұрып.
-- Әп бәрекелді! Онда балам қолыңды жай. Бәйбіше, алдымен саған айтарым – қиыншылығың балаларың арқылы қуаныш болып оралсын, балаңа бақ, ешкімнен кем қылмай ақыл берсін, жаны жайдары, жолы сара болсын! Әрқашанда туған жердің киесі, ата-баба рухы қолдап, қорғап жүрсін!-деген ол менің маңдайымнан сүйді. Одан соң қолына семсерді тағы да алды да;
-- Балам, мына қазынаңды мен қалап отырмын.
-- Алыңыз, бала оны ертең-ақ жоғалтады, алыңыз,-деді апам.
Мақұлбек маған тіктеп қарады.
-- Берсең тегін алмаймын,- деп қалтасынан ақша шығарды,-- Ырымы солай, алсаң да алсасың, алмасаң да аласың. Мектепке барады екенсің, жақсы оқы, бұл ақшаға киім ал,-деп Лениннің суреті бар жалпақ ақшаны қолыма ұстата салды. Одан соң тот басқан семсерді аппақ орамалға орап, қоржынына салды да бізбен қоштасып жүріп кетті.
Ол кезде мен болыс Мақұлбектің кім болғанын білгенім де жоқ, тіпті ол кісіні есіме де алған емеспін. Бірақ апам дүниеден өтерден екі-үш жыл бұрын «Мақұлтайыма болыс Мақұлбектің өзі бата берген» дегені бар. Сол кезде ғана мен Күйік асуында болған оқиғаны есіме түсіргенмін. Уақыт өте ол кісінің елі, жері үшін еңбек еткенін, күрескенін, Омбы кадет училищесінде оқығанын, болыс болғанын, өте білгір атбегі болғанын, кеңес өкіметі тұсында қудалауға түскенін, Шерхан Мұртаза «Қара маржан» романын жазарда Мақұлбекпен біраз күн әңгімелескенін біліп, тіпті азамат туралы очерк жаздым. Бірақ күні бүгінге дейін семсер тауып алған жерді дәл таба алмай келемін.
...Көк есекке жүгімізді артып, біз де жолға шықтық. Сол күні апам екеуіміз нағашымыздың емес алдымен Айшабибі кесенесінесінің шырақшысының үйіне барып қондық. Мен орта ғасырдың інжу-маржаны Айшабибі кесенесін тамашаладым. Апам болса түнімен намаз оқып, зікір салумен болды...
ТЕРІС
Жуалының інжу-маржаны – Теріс өзені. Сылқым өзен қарт Қаратаудың сілемдері Құлан және Бөкей тауларынан бастау алады. Ғасырлардан Теріс өзенінің осылай аталатыны туралы тарихи деректер өте көп. Мәселен Х ғасырда Жуалы жеріне келген араб жиһангері күнделігінде былай жазыпты; «...Мыңбұлақта мыңдаған бұлақтар ағып шығады да, қосылып бір өзен құрайды. Өзен шығысқа қарай ағады, сондықтан оның аты Баркуаб (теріс ағатын өзен) деп аталады». Сонымен бірге сол жиһангер Теріс өзенінің жағасы қалың тоғай екенін айта келіп, мұнда қырғауылдың аса көп екенін жазыпты.
Кішкентай кезімізде апам жарықтық: «Елдің суы күншығыстан күн батысқа қарай ақса, біздің Теріс керісінше ағады. Сарқырап, арқырап та ақпайды, жайлап, асықпай, өзінің аз ғана суын көп етіп көрсеткісі келетіндей сылдырлай, мың бұрала сырғыйды. Бұл қасиет халқымызға да сіңген, даусы көтеріңкі болса да, ісі сабырлы. Биіктіктен қайтпайтын Теріс сияқты алдындағы асуға қаймықпай ұмтылып, оның шыңына шығады. Осы өзеннің нәрі мен нәмі жуалылықтарды ешқашанда аштыққа ұрындырмаған. Тек еңбек ете білу керек. Сендер де жетімміз деп тұқшия бермей алға ұмтылғандарың жөн», - дейтін. Кейде біз бойымыздағы бар жақсылықты осы Терістен алғандай сезінетінміз. Қысына да, жазына да қарамай Терістің жағасын бір жағалап келетінбіз. Оның жөні де бар.
Теріс өзенінің жағасы біздің ауыл ғана үшін емес, Жуалыдағы көп елді мекендердің өмір сүру нәріне айналған. Көктем шығысымен алғаш көк өзеннің жағасына шығады. Сондықтан да қорадағы малымызды Теріске қарай айдаймыз. Жазда да, күзде де ауыл малы Терісті жағалайды. Мал жайылатын басқа жер жоқ. Кейбір жылдары өзеннің жағасына дейін егін немесе қызылша егетін кез де болады. Бірақ өзенді жағалай өсетін сәмбі талдардың арасына тракторыңыз да бара алмайтындықтан, мал жайылымы өзен жағасынан табылады.
Жаз басталысымен, мал үйездеген жерінен тезек тереміз. Бұл жұмыс жылдар бойы жалғаса береді. Қазір ойлаймын, неге ауыл адамдары ағаш екпеген. Биыл еккен ағашыңыздың бұтақтары келесі жылы-ақ отын болатынын білмеген бе? Жерінің нәрлігі сонша қадай салған шыбығыңыз өніп кетеді. Таңғалам. Тағы бір таңғалатыным – Терістің жағасында ит тұмсығы өтпейтін қалың сәмбі талдар мен тораңғыны отыны жоқ болса да, ешкім кеспейтін. Неге? Әлде өкіметтен қорықты ма екен? Қазір ше? Қорқатын, үркетін кісіні көрмедік. Терістің жағасы қазір жалаңаштанып қалған. Тып-типыл. Жабайы өскен ағашты айтпағанда, асфальт жолдардың бойындағы қара ағаштарды да отап тастаған.
Орман-тоғайы қалың Теріс өзенінен балық аулауды біз жасымыз оннан асқанда ғана бастадық қой деймін. Себебі, оған дейін қармақты табудың өзі қиын болатын. Бір амалымыз апамыздың бір инесін ұрлап, оны отқа қыздырып, басын иіп, жасауынан табылса китауызды, таба алмасақ ақ жіпті байлайтынбыз. Қалтқыны іздеп шаршамайтынбыз. Кез келген қоға да, қамыс та қалтқы бола беретін. Ал қармақты суға батыру үшін қажет салмақтың орнына тас байлай салатынбыз.
Балық аулаудың шеберлері ағайынды Ерғали мен Бекқали. Балық аулауға баратын жеріміз ауылымыздың жоғары және төменгі тұсындағы ақ жарлар. Оның біреуінің биіктігі 30 метр болса, екіншісі соның жартысындай. Ақ жарлардың табанындағы су терең. Сонымен бірге бұл жерлерге айтарлықтай өкпек жел тие бермейді. Сондықтан да су беті тыныш қана жыбырлап жатады. Мұндайда қалытқының бүлкілі арқылы балықтың шылаушанды жеуге ұмтылған әрбір әрекетін білуге болады. Мұндайда Ерғалиға тең келетін балықшы жоқ. Оның сыры да түсінікті . Ағасы (олар әкелерін «аға» дейтін) «Суворовтың» орыстарымен күн сайын араласқандықтан солардың бәрі жарақталған қармақ әкеп берген. «Жалт-жұлт еткен китауызымыз, ілгегіміз, әдемі қалытқымыз болса біз де ұстаймыз» деп алакөздене қарайтынбыз.
Бір күні апам екеуміз Терістің жағасынан әк әкелуге бардық. Терістің жағасында кішкене ғана жерде аппақ ақ керіш бар болатын. Сол ақ керішті ауылдағылар үйді әктеуге пайдаланады. Айт мерекесі қарсаңында міндетті түрде апам үйді әктейді. Апам марқұм діндәр. «Айт мейрамын жаңарып қарсы алған жөн. Айт тазару мерекесі», - дейтін. Айт күні біз ебін тауып мектепке де бармай қаламыз. Себебі, ол күні қызық көп. Басты қызық біздің үйде болады. Апамның соғыс жылдары еңбек армиясына кетіп, қайтып оралмаған ері Қайыпбектің құрдасы Сейдалы алыстан біздің үйге өлең айтып, Сары (апамның шын аты Тындықыз) апамызға қалжыңның қапшығын ағыта келетін. Біз соны асыға күтеміз. Ол күнді апам да асыға күтетін болуы керек. Дайындық ерекше. Біздің сабаққа бармай қалғанымызға да ренжімейтін. Ақ керішті алып, үйді әктеу – сол айт мерекесіне дайындықтың басы.
Ақ топырақ алатын жерге келе іске кірістім. Шотпен керішті үңги бастадым. Ақ керіш өте қатты. Біраз әуреленіп бір делше қаптың жартысын әрең толтырдым. Апам болса, өзенге қарап ұзақ отырды. Байқаймын, ойланып отыр. Кім білсін, осы Терістің арғы бетінде көлбей жатқан Қаратаудың Күйік асуының күнгейіндегі туған ауылы Айшабибіні сағынып отыр ма екен? Әлде ері Қайыпбек екеуі осы жерде жүрген күндері есіне түсті ме, әйтеуір үнсіз, ой құшағында. Күннің ыстығы мен қимылдағаным қосылып, қара терге малындырды. «УҺ» деп, демімді қатты ішіме алып отыра кеттім. Осы кезде ғана апам маған қарады. Ой құшағынан арылып, орнынан тұрып ақ керіш салынған қапшықты сілкіп қойып, маған қайта қарады да күліп жіберді.
-Айналайын, түрің не болып кеткен? Әкпен опаланыпсың ғой. Бар ... бар, Өзенге барып шомылып кел, - деді.
Менің де күткенім сол еді, үйден таяқсыз ала шыққан қармағымды ала салып, жүгіре жөнелдім. Келе шешініп тастап суға күмп бердім. Біраз салқындап алғаннан кейін бір сәмбіні сындырып, ақ жіпті қармағыма байладым да, жерден қазып алған шылаушанды инеге түйреп, суға тастадым. Әрі күттім, бері күттім, қалытқы қимылдамайды. Қармақтың таяғын жерге көлбей шаншып, қайта суға түстім. Құрдасым Бекқалиден үйренген жүзу тәсілдеріне салып, суды армансыз шолпылдаттым. Бір қарасам, қармағымның шаншып қойған таяғы судың бетінде жылжып, жағадан алыстап зулап барады. Міне қызық! Мұнысы несі? Алғаш қорқып кеттім. Артынша қармақтың ілгегіне балық түскенін, оның кішкентай емес үлкен екенін бірден сездім. Су айтарлықтай терең емес. Бір жерге аяғым тисе, екінші жерге тимейді. Құлашымды сермеп, жүзе жөнелдім.Таяқты ұстай алып, жағаға қарай жүздім. Байқаймын, қармақтың тартылысы ауыр. Жерге аяғым тиісімен қармақтың таяғын көтердім. Әлден соң суды қақ жарып, жарқ-жарқ еткен балықтың бауыры көрінді. Тартынып келеді. Ішімнен жіп үзіліп кетпесе болды деп тілеймін. Екі қабаттан, шиырып жасағанбыз, үзіле қоймас деп ойлаймын. Сонда да жайлап тартып, біресе балыққа ырық беріп, біресе тездетіп тартамын. Әупірімдеп жағаға жақындаттым. Бірақ бірден көтеріп алуға жіп салмақты көтере алмай үзіліп кетер деп қорықтым. Таяқты сазға тереңдеп қадап, өзім суға түстім. Көйлегімді ала салып, екі жеңін түйіп, «байланып» тұрған балықты сүзе , жағаға жақындадым. Байқаймын, менің көйлегім оған тарлық жасайтындай. Құйрығы көйлегімнен шығып кетті.
Мұндай үлкен балықты ағайынды Ерғали да, Бекқали да ұстамағаны анық. Қуаныштан жүрегім дүрс-дүрс соғады. Ұсталған балықты көйлегіме орап, апама қарай жүгірдім. Менің жүгіріп келе жатқанымды апам көріп, керіш шұңқырынан шығып, маған қарап тұрды. Дауыс жетер жерге келгенде айқай салдым.
-Апа, мен үлкен балық ұстап алдым. Мұндайды Ерғали да ұстаған жоқ.
-Адамды сонша қорқыта ма екен? Мен сені жылан шағып алды ма деп қорқып қалдым. Кәні балығың?
-Балық оралған көйлегімді жерге қойып, аша бастадым. Орамды жазбасам да балықтың үлкен екені көрініп тұр.
-Міне, менің аяғыммен есептегенде, үш табан.
Апам біраз қарап тұрды да:
-Мынауың сазан емес қой. Түрі де жаман. Басы қандай үлкен. Мұның сірә жыланбас болар, - деді жұлып алғандай. -Жыланбас болса, мұны мұсылмандар жемейді. Бұл – жыланмен тұқымдас жәндік.
Үнсіздік орнады. Қуанышқа толы кеудем басылып, мен балықты аударыстыра бердім. Апам болса, менің қуанышты мәселемді қайтарып тастағанына өкінетін сияқты.
-Айналайын, Мақұлтай, әлі аман болсаң талай үлкен балық та ұстарсың. Кім білсін, алтын балық ұстауың да мүмкін... Мұны бізге жеуге болмайды. Түсін. Алла тағаланың жаратқан жәндігі ғой, өлмей тұрғанда Теріске апарып қоя бере сал, - деді. Менің жылағым келді.
-Апа, мұны өлтіру керек. Бұлар сазандарды жеп қояды, – деп, балықты теуіп жібердім. Апам маған біраз қарап тұрды да жаныма келіп, басымнан сипады, кекілімді қайырды. Мен балықтан көз алмаймын. Енді ешкімге мақтана алмайтын болдым. Айтқаныма Бекқали да, Ерғали да сенбейді. Неге мұны мұсылмандар жемейді екен? Еш болмаса осы жерде өлтіріп кетсем, оларды ертіп әкеліп көрсетуге болады ғой. Ал апам болса: «Теріске қоя бере сал», - дейді.
-Ерғали мен Бекқалиға мен сенің үлкен балық ұстағаныңды айтамын. Өлмей
тұрғанда апарып суға босат. – Бұл жолы апамның даусы қатқылдау шықты.
Сол бір оқиғадан кейін талай жылдар өтті. Төменгі тұсындағы Ақжар да, неміс Кайзердің су диірмені де, ақ керіш алатын шұңқыр да, Терістің сол тұсында жағалай өсетін сәмбі талдар да, ақ таспа да, көк майсалы шалғын да жоқ. Оның бәрінің орнын қолдан жасалынған Теріс – Ащыбұлақ су қоймасы басып қалған. Күзде қойманың суы тартылып, азайған кезде ол жерлердің беті қабыршықтанып, ыстықтан жарылып-жарылып кетеді. Теп-тегіс тақырда бір қылтанақ көзге көрінбейді. Соған қарамастан қазір осы көріністің өзі ыстық.
Бұл туралы Дербісалының Серігі былай жырлайды:
Бір кезде бізге биік жарқабағы
Бұл кезде жазық тартып аласарды.
Сонда да Терісімнің қуаты мол
Қақ жарған қалың тоғай, Қаратауды.
Ойдан шығып қыратқа өрістейінтін
Қылығың көп-ау сенің келіспейтін.
Содан ба тоспа қойып, тоған салды
«Ащыбұлақ» деп ат қойды ел ішпейтін.
Тағдырдың тәлкек сыйы солай шығар
Тентекке бұғау салса қалай шыдар
Терісім тоған теуіп, бұлқынады
Бойында бұғып жатқан қуаты бар.
Теріс бізді шынықтырды, шыңдады, буынымызды бекітті. Бірде Пертай көкемнің ұлы Шерхан інім; «Ағаларымыз Терістің тереңіне бізді лақтыратын. Сол кезде жылағанымызбен ағаларымыз бізді өмір сүру үшін шыңдаған, шымырлағанын түсіндік. Сол үшін сіздерге рахмет» дегені бар. Шыны сол. Жүзе білмейтінімізге қарамай Терістің тереңіне ағаларымыз бізді де лақтыратын. Тұншықпау үшін қолымызды сермеп, жағаға ұмтылатынбыз, шығатынбыз, шықтық!
Терістің жағасына келген сайын балалықтың бал дәуренін өткізіп, жүгірген көк шалғындағы сол бір күндердің іздерін іздегендей ұзақ тұрамын. Апамды сағынамын...
Достарыңызбен бөлісу: |