КӨКСЕКІ
Тәңіртаудың етегіне жақындаған сайын салқын самалдың ызғары күшейе түсті. Алатау биіктеп, асқақтай төбемізден төне түскен. Мен қайта-қайта қар жапқан таудың ұшар басына қарай берем. Көп ұзамай Ақсайға кірдік. Күркірей, жоқ, арқырай, көпіршіктеніп, аспанға шапшып аққан өзен суының дабысы айналаны жаңғыртып тұр. Құрманкүл екеуміздің алдымызда келе жатқан Рахыманбек көкем анда-санда бізге қарап, қойып; « Қалай, қорқып келе жатқан жоқсыңдар ма?» деп қояды. Менің Көксекіге көтеріліп келе жатқаным бірінші. Тіпті Тәңіртаудан төмен құлайтын қос өрімдей қосақтаса, жарыса ағатын Ақсай мен Көксай өңіріне аяқ басып тұрғаным осы. Жеріміз таулы болғанымен мына биік таулардың маған әсері өзгеше.
Ақсай өзенінің жарқабақ жағасандағы бір аяқ жол биікке көтерілген сайын жіңішкеріп, жүруді қиындатты. Төмен қарасаң құз. Құздың табанында балқыған қорғасындай ирелеңдеген жолақ жатыр. Бұл ағып жатқан Ақсай өзені. Шынын айту керек ағып жатқанын жүрекпен сезесің. Себебі биікке көтерілген сайын Ақсайдың арқыраған да, күркіреген де дабысы естілмейді. Кейде ат тұяғынан төмен құлаған тас домалаған сайын мың тасқа бөлініп, өзенге түсіп жатады.
Бір тасты соғып, жапырып,
Бір тасқа тиіп, атылып,
Маржаны көкке шашылып,
Қымызын жатыр сапырып,-деген осы болса керек.
Жарқабақтағы жалғыз аяқ жол шектеліп, қалың қарға келіп тірелдік. Көкем екеуміз аттарымыздан түстік. Жиренін менің жетегіме беріп, өзі Құрманкүл мен Мәлік мінген жорғаның тізгінінен ұстады. Құрманкүл түсе алмайды. Себебі оның алдында бір жарым жасар Мәлік бар. Ол көкемдердің тұңғышы. Апам жолдың қиын болатынын айтып, Құрманкүлді де қалдыруға көндіре алмаған соң Мәлікті тастап кетулерін айтқан. Бірақ Рахыманбек оған да көнбеген. Оның үстіне жеңгем Құрманкүл де қалуға ыңғай бермеді. Өмірі аяғы баспаған Алатаудың асуындағы Көксекіге барғысы келгенін апам аңғарып, айтарлықтай бұйрық рай танытпады.
Міне қызық! Қар құрттап кетіпті. Тұманда тұтылған айдай кәдімгі аппақ қарыңыз селкеуленіп, қабыршақтаныпты. Қара басты кішкентай – кішкентай ақ құрттар қар мен қара жердің шендесер жерінде қаптап жүр. Табиғат қызық. Төбеңде күн жарқырап тұр. Алайда аяғыңның астында қар. Онысымен қоймай шілденің қары құрттап жатыр. Кейін мұның себебін апамнан сұрағанда; « Жер-Ана астынан қызбай қардың еруіне, гүлдің бүршік атуына ұзақ уақыт қажет. Ал Тәңіртаудың бар бітімі тас екенін еске алатын болсақ оның жер астынан жылуы ұзақтау. Сондықтан да шақырайған күннің қызуына қарамастан таудың басында қарыңыз жата береді» деп түсіндірген. Оның қаншалықты табиғи заңды құбылыс екенін мен осы күнге дейін ойлап көрген емеспін. Мен үшін апамның сөзі айдай анық!
Ақ қар мен қара жер шендескен жерді жағалап жоғары көтеріліп келеміз. Көтерілген сайын тау көлеңкелері ұзарып, бойға қорқыныш ұялата бастады. «Қорықпаңдар, мына асудан ассақ болды. Біздің отар да көрінеді»,-дейді көкем. Оның колхозда қой баға бастағанына екінші жыл. Содан бері біздің де тұрмысымыз жөнделе бастаған. Сондықтан да үйде де мен атқаратын жұмыстың көптігіне қарамастан Рахыманбек ренжіп қалмасын деген ниетпен апам оның өтінішін қабылдап, тауға жіберген. Оған мен қуанбасам ренжіген жоқпын. Себебі көрмеген, аяғың баспаған жерге бару мен үшін қуаныш емес пе? Әлі таудан көргенімді айтып талайлардың аузын аңқайтатынымды да сол кезде ойлап койғанмын.
Алатаудың Көксекі жайлауына қиналмай–ақ жеттік. Оң жағымызда Көксала асуының бар екенін көкем айтты. Ол жерді «Кременевка» совхозының шопандары жайлапты. Асудан асысымен Жуалы көрінбей қалды. Енді көз алдымызда тек Алатаудың биік – биік жоталары ғана. Ал енді қайта төмендеген сайын қар азайып, көк майса шөпке шомыла бастадық. Шыны солай! Шөбіңіздің мұндағы биіктігі сондай атыңыздың жонарқасы ғана әрең көрінеді. Мұндай биік әрі қалың өскен шөпті көрген емеспін. Шөп болғанда да қандай?! Мың түрлі, көкпенбек шөпке неше түрлі гүл араласқан. Ғажап!
Кейінірек марқұм ағам Базарқұл Қилыбаев осы Көксекі мен Көксаланың сұлу көрінісі туралы былай жырлап еді:
...Тасемен, атаманта, жасыл шырша,
Бүлк етпес нөсер құйып, жасын ұрса.
Аққалтақ пен сарғалдақ, қызғалдағы,
Жер бетін көмкеріп тұр жауған нұрша.
Шайқұрай,мыңжылдық пен тау долана,
Дертке ем пайдаланса жасыл қылша,
Морина –қызыл шоқтай сабын тамыр,
Кімде-кім құлпырады шашын жуса.
Қарақат, қызылқат пен қандым, сәмбі,
Тобылғы, шырша,емен,бөке талды.
Әлдилеп құшағына ап Алатау тұр,
Тәкәппар кеуде керіп, түзеп сәнді.
Қымыздық,рауғаш пен шетен, бадам,
Тамызып таңдайыңа балдай дәмді...
... Арқырап арыстандай аунайды кеп,
Қуат ап Көксекінің жапсарынан.
Ақсудың айбатынан арқыраған,
Үрейлі үн естіледі сарқыраған...
Басын ақ қар шалған таудың ұшар басында қалықтаған бүркіттің әлде не нәрседен шошынғандай шаңқ-шаңқ еткен дауыстарын естігенде амалсыз көк аспанға көз тастайсыз.Қалықтаған алып құс бір сәт бізге төніп келгендей де әсерде болдым.
-- Бұл Алатаудың ақиығы -- бүркіт. Әлі Көксекгіге жеткенде одан да көбін көресіңдер. Адамға шаппайды,-деген көкем тағы да өрлей жөнелді.
--Әні, біздің отар. Әбіш ағаларың да далбалақтап бізге қарай шауып келеді. Рахыманбек те астындағы атын тебінді. Қалың шөпке аяғы оралған жиреннің екпіні баяу. Мен таңғалып келемін. Мұндай қалың әрі биік шөпті көрген емеспін. Қандай ғажап!
-- О...о, сен өзің батыр екенсің, мыналардың бәрін қорықпай қалай ертіп келгенсің? Әбіш ағаның амандаспай жатып алғашқы айтқан сөзі осы болды.
-- Жалғыз адамның күні құрысын. Адам елегізиді екен?!
--Оның дұрыс. Мен де мына он күнді әрең өткіздім. Аң-құсын айтпағанда таудың өзі үрей тудырады... Дұрыс еткенсің. Ертіп келгенің орынды болған. Бірақ кешегі күннен бері бір алып аю отарды жағалап жүр. Әзірге тиіскен жоқ.
Әбіш көкемнен тез арада қойды санап алуды өтінді. Қараңғы түспей асудан аспаса қиын болатындығын айтып, мылтығын оқтарымен көкеме тапсырып жатты.
--Мына жер жанның рахаты. Қой бір орнынан қозғалмайды. Жайылатын жері де, күйіс қайтаратын жері де, су ішетін жері де осы жер. Тек аң-құс келіп қала ма деп, қырға шығып, малдың үстінен қарап отырасаң болды. Құрттаған, ауырған қой жоқ.Он күнде біраз қоң жинап қалды. Болмысында момын Әбіш аға шопан Рахыманбек бүгін жібермей қоя ма дегендей айтатынын тез-тез айтып, әріптесінің айтар сөзін аңдып тұрғандай жақындай түседі. Айқайлап, қойды қайтарып, санай бастағанда ғана жаны жай тапқандай көңілдене түсті.
-Атаңның аузы... түнде аю келіп қала ма деп көз ілмедім. Шынымды айтсам қойды қырып кетеді деп қорыққан жоқпын, масқара болғанда малға шапқан аюды атып алып әлгі қорықшылардың алдында жауап берем бе деп қорықтым,-деген атамның күлгеннен көзі сығырайып, жұмылып кетті, ақсиған тістері ғана көрінеді.
Әбіш көкені аттандырған соң, қатар тігілген шағын екі шатырдың ішін тазартып, көрпелерді сыртқа шығарып, қағып, болған соң шай қайнатуға кірістік. Көксекі жайлауынан бастау алып, қырғыз жеріне қарай асыға ағатын өзеннен су әкелдім. Шай қайнағанша жүгіріп қарсы беттегі қырға шықтым. Таулардан басқа ешнәрсе көрінбейді. Көз алдымда таулар теңізі. Бірінен бірі биік. Бір қызығы маған мұнда ұшатын құс та аз сияқты болып көрінді. Биік-биік шыршаның неше түріне қонақтаған құсты көрмедім. Ағаштары қандай сұлу. Түп-түзу! Жарқабақтарға жарыса шыққан. Шыңдардың ауыр, қап-қара көлеңкелері барған сайын ұзарып, айналаны қараңғылық баса бастағанда шатырға келсем, қой қораланыпты. Шатырға шам жағылыпты. Ағам шырағданның жарығына жақындай түсіп, кітап оқып отыр. Жеңгем болса кесені айналдыра шайқап рахаттанып шай ішуде.
Мектепті орыс тілінде жақсы бітірген көкем былтыр Луговой мал дәрігерлік техникумына оқуға түскен. Осыдан ылдиға түсісімен сессиясына баратындығын да білем. Өзі математикаға өте жүйрік. Есептерін шығара алмаған мұғалімдеріңіздің өзі көкемнен көмек сұрай келгенін талай көргенмін. Мен шайымды ішіп, қарпып-қарпып нан жеп , төсекке жаттым.
Түнде Рахыманбектің оқыс айқайынан оянып кеттім. Көзімді уқалай сыртқа шықтым. Көкем қолына мылтығын ұстап, үдірейе қалған отарды айналып жүгіріп шықты.
-- Аю жүр,-деді ентіге.
-- Қәні, қәні,- деп мен тастай қараңғыға көз тіктім. Енді байқадым. Балпаң басып, үлкен аю бізге қарай келе жатыр. Тұп-тұтас, күдіс денесі қарауытады. Біз жайлап, шатырға қарай беттедік.
--Атуға болмайды. Біздің бытырамен оны өлтіре алмаймыз. Ашуландырсақ өзіміз мерт болармыз. Алса бір ғана қойды алар, - деген көкем менің қолымнан қыса ұстап, шатырдың ығына келдік. Байқаймын көкемнің де, менің де жүректеріміз дүрс-дүрс соғады. Рахыманбек «отыр» дегендей қолымнан төмен қарай тартты.
Екеумізде жерге отырып, шатырдың қалқасынан сығалап аюға қараймыз. Аю қорбаңдап отарға жақындап келіп қалды. Әлден соң ол артқы екі аяғымен тұрды. Неге екені білгісіз қойлар да бағанағыдай емес, үрікпейді. Отардың арасына кірісімен ол ерекше бір үн шығарды да қайтадан екі аяғына тұрды. Байқаймын қолтығында бір қой. Енді ол келген ізімен қайта кетті.
Ертеңіне біз шынында да бір қойдың жоқ болғанын білдік. Көкем екеуміз біраз жерді араладық. Дауыс жететін жерден қойдың өлексесін таптық. Аю оны жартылай жерге көміп тастапты.
-- Аю оны сасытып барып жейді. Енді бір-екі күнге дейін ол отарға қайта шаппайды. Ал бүрсүгіні бұл жерден көшуіміз керек.
Шынында да біз екі күннен кейін келесі аңғарға қоныс аудардық. Жаңа қонысқа қонған күннің ертеңіне қой күйіс қайырып жатқанда екі кісі келді. Бірі сары шашты орыс сияқты да, екіншісі қоңқақ мұрын шешенге ұқсас екен. Қолдарында мен бұрын көрмеген мылтық. Аттарын жетекке алыпты. Қанжығаларына байлаған үлкен қаптары тоқ әрі қан шығып тұр. Өздері көңілді. Бар дауыстарымен сөйлеп, қарқылдай күледі. Құрманкүл екеуміз тосыннан, қолдарына мылтық ұстап келгендерден қорқып, үрпиісіп қалдық.Осыны байқаған біреуі; «Қорықпаңдар, біз аңшымыз, берсеңдер бір шәйнек шай ішіп қайтамыз. Бірақ бүгін кештеу болып қалды. Қонуымыз да мүмкін» -деді таза қазақ тілінде қоңқақ мұрындысы. Одан соң олар қанжығаларындағы березен қапшықтарын алып , жерге көмді де үстіне су құйып тастады. «Мұнысы не?» дегендей мен көкеме қарадым. «Ет қой... сасымасын дегендері» деді.
Артынша дастархан жайылды. Олар сөмкелерінен мен бұрын көрмеген неше түрлі қалбырланған тамақ шығарды. Арақ та қойылды. Олар өздерінше орыс тілінде сөйлесіп отырды. Рахыманбек те олармен сөйлесіп жатты. Олар қонатын болды. Мен қой қайыруға кеттім. Күн бата келсем әлі дастархан жиналмапты. Орыс та, шешен де, көкем де қазақша сөйлесуге көшіпті. Анда-санда Құрманкүл де араласып қояды. Жеңгемнің алдында бірнеше пәшке үнді шайы, қалбырлар, бойынан қорқыныш кетіп, жайдары мінезін танытып жатыр.
-- Аюды бұрын атқан емеспін. Ойламаған жерден қойдың өлексесін жеп жатқан жерінен үстіне түстік. Екеулеп төрт атып әрең құлаттық. Бір байитын болдық. Мұның терісі де, еті де, ең бастысы өті дәрі. Алатындар бар. Бізге заказ беріп жүргендеріне көп болды,-деді сары орыс. Енді білдім олар біздің қойды алып кеткен аюды атып алыпты. Үш-төрт күннен бері түнде аю тағы келе ме деп қорқып жүр едім, көңілім орнына түскендей болды. Бірақ аюға да жаным ашыды.
Ертеңіне олар таңға жақын кетіп қалғанын азанғы шайдың үстінде көкемнің сөзінен білдім. Көкем; «Олар жаман адамдар. Аюды атуға болмайды»-деді. Мен түсінбедім. Неге атуға болмайды? Ол біздің қойды жеп қойды. Тағы да жеуі мүмкін еді... Десем де, аюды тағы іштей аядым.
--Аю қасқыр емес, жесін жемесін қойды қырып тастамайды. Сұғанақтығы жоқ. Киелі аң. Алатаудың қасиеті оның табиғатында болса керек. Яғни аңдары, шүйгін шөбі, көкте самғаған ақиық бүркіті... Егер біздер сол аңдардың бәрін қырып тастасақ, шөбін өртесек, құсын ұстасақ тау жалғыздықтан елегізіп, шайқалуы мүмкін,- деген көкемнің сөзіне сол кезде түкте түсінген жоқпын...
БАҚАТЕРЕК
Күйік асуынан асып Қызылтаң ауылының тұсына келгенде сол жағыңызда жол бойында егілген қара ағаштардың ортасында биік өскен жалғыз терек көзіңізге түсетіні анық. Бұл теректің тұқымы да ерекше. Оны біздің ауылдың кісілері «Бақатерек» дейді. Неге олай айтатынын жете білмеймін. Бірақ апам бұл терек түрінің біздің өңірде ғана жапырақ жаятынын үнемі еске алып отыратын. Бір мезетте бұтақтары бақаның аяқ-қолы сияқты тарбиып-тарбиып тарамданып тұратындығынан да осылай аталған болар деген де ой келеді. Өзегі қатты, бұтақтары көп теректі құрылысшылар қуана пайдаланады.
Үлкен күре жолдың бойында аспанмен тілдесіп тұрған теректің тұсынан өткен сайын бұл бәйтеркті апам екеуміз еккеніміз есіме оралады. Алпысыншы жылдардың басы болатын біз Рақыманбектің отарынан жүні әдемілеп қырқылған оншақты меринос ісекті бөліп алып, ылдиға қарай айдадық. (Ол кезде Рақыманбек көкем колхоздың қойын бағатын). Оның себебін түсінгенім – бес қойдан артық қойың болса өкіметтің алып қоятыны. Таяу күндері қой қырқыны болады. Сол кезде міндетті түрде колхоз белсенділері қойды санайды. Жекеменшігің қанша, колхоздыкі қанша, бәрі бір-ақ сәтте анық болады. Меншігіңде тиесіліңнен малың көп болса сол жерде тізімге тіркеліп, ет, жүн салығы салынады. Одан қашып құтыла алмайсың. Сондықтан да «енді ғана аузымыз аққа тиіп, көйлегіміз бүтінделе бастағанда бір пәлеге қалармыз» деп, апам уақытша болса да мөлшерден артық қойды Айшабибі маңында механизаторлар мектебінің қосалқы шаруашылығында тұратын нағашымызға апарып тасалай тұру керектігін айта берген соң бүгін Күйіктің аузында отырған Рақыманбектің отарынан он қойды бөліп алып, жаяу айдадық. Мен бірінші сыныпқа барған елу алтыншы жылы салынған мәшинелер жүре бастаған асфальт жолмен қойды айдауға бата алмай, апамды асфальт жолға салып, өзім төтесінен тартуға бел байладым.
-- Қорықпайсың ба?- деді апам жай ғана.
--Жоқ. Қорықпаймын. Ал сіз сумен жүрсеңіз ауырып қаларсыз. Жолмен жүріңіз. Жолай көлік кездесіп қалса міне беріңіз. Учхоздың тұсынан күтерсіз,-дедім.
-- Ой, ақылдым, айналайын, машинаға мінбеймін, сенің төбеңді көріп, қатарласа жүріп отырамын,-деді де апам жолға қарай бұрылды.
Балықсаз былқ-былқ етеді. Көктем болған соң ба, суы әлі тартылмаған. Басқан сайын толарсағыңа дейін сазға аяғың кіріп кетеді..
Аяқ киімімді шешіп алып, бауларын байластырып, мойныма астым, балағымды түрдім. Жалаң аяқ сазбен алдымдағы қойды айдай жөнелдім. Аумағы ат шаптырым саздан тез-ақ өтіп, тас жолға жақындай түстім. Анандайдан жол бойынан бір топ адамдар көзіме түсті. Олардың жанында кимешегін көлбеңдетіп апам тұр. Жақындағанда байқадым жол бойына ағаш егіп жатыр екен.
-А...Мақұлтай келіп қалдың ба? Сәлемдес ағаларыңмен,-деді. Мен сәлемдестім. Апам маған жақындай келіп;
-Мына кісілер жақсы істі бастапты. Ағаш егіп жатыр. Біз де егейік,-деді.
- Апа, біздің көшетіміз жоқ қой,-дедім.
-Көшет оларда бар. Кішкене ғана көмектесеміз де жүріп кетеміз. Ағаш еккен сауап болады. Кейін алай-бұлай өтіп жүргенде бүгінгі күнді еске аласың. Сондықтан да қазақ: «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын!» деген.
-Апа, малдың да қалғаны жақсы ғой. Мал үшін емес пе сонау Күйіктен Айшабибіге қой айдап бара жатқанымыз,-деп мен апама қарап күлдім.
-Біздің мұнымыз пендешілік. Ел есінде сен артыңды еккен талыңмен, халыққа жасаған жақсы ісіңмен қаласың,-деген апам ауыр күрсінді де, үзілген әңгімені қайта жалғады. –Көп сөзді қой. Ағаларыңа көмектесіп жібер.Апам жайлап келіп, менің қолымдағы шыбықты алып, ары-бері аударыстырып қарап; -Одан соң сен екеуміздің қолымыздағы бақатеректің шыбығын егеміз. Байқайсың ба, әлі солмаған, бойында нәрі бар. Өніп кетеді. Осылай деген апам кимешегінің етегін беліне орап жіберіп, қолына күректі алып, көшет отырғызар жерді қаза бастады. Оншақты қара ағашты тез-ақ егіп тастадық. Одан соң шелектегі суға салып қойған біз қой қайыру үшін ауылдан ала шыққан екі теректің шыбығын қолына алып, оларды шаншитын ыңғайлы жер іздестіре бастады.
-Мына жер сазға жақын екен мүмкін өніп кетер. Ек, балам!
Алдымен менің қолымдағы шыбықты жерге шаншыдық. Апамның қолындағы шыбықтың қабығы біраз жерге дейін аршылып қалған екен, оны екпедік.
-Барынша жерге терең кіргіз. Сонда жақсы өнеді,- деген апам жерге шаншылған шыбықтың айналасын аяғымен ұзақ таптады.
-Бұл бір Алланың нұры жауған күн болар. Жақсы іс істедік!
Апамның жүзі нұрланған, қуанышты. Жолшылармен қоштасып, Айшабибіге қарай жүріп кеттік.
Содан бері қырық жылдан аса уақыт өтті. Есейдік, ер жеттік. Сол жерден өткен сайын қалың қара ағаштың арасынан бойлай өскен бақа терекке қарап өтемін. Осы күнге дейін сол теректі апам екеуміз еккенімізді ешкімге айтқан емеспін. Апамның дүниеден өткеніне де біраз жыл болды. Ал артында қалған осы бір белгі қанша жыл өмір сүретінін мен білмеймін. Қазір оның жуандығына құшақ жетпейді. Байқап қарасам тура сол жерге суды ұнататын теректің өскеніне таңмын. Себебі ол жер тастақтау. Тіпті жер таңдамайтын қара ағаштың өзі бойламай тырбиып-тырбиып әзер өскен. Кім білсін, апамның аялы алақаны мен қадаған шыбыққа нәр берген болар! Адамдарға жан шуағымен мейірін төккен апама солқылдап тұрған жас шыбықты өндіру сөз болып па?!
Бүгін жол бойында өскен биік теректің жанына тоқтадым. Айнала құлпырған гүл-шешек. Көктемнің көкөзек уақыты берекелі кезеңге ауысқандай. Балаларыма; «Мына ағашты бұтап, бұтағын егіңдер» дедім. «Папа, бекерге әуре болармыз, өнбейтін шығар» деді. Мен күлдім. «Мына терек өскен жерге оның бұтағы өспеуі мүмкін емес, өседі» дедім. Балаларым мен немерелерім қолдарына пышақ алып, теректі бұтап, бұтақтарды еге бастады. Мен іштей қатты қуандым. Апам еккен теректің жанында құлпырып, жас шыбықтар ертең-ақ желкілдеп өсетініне қуандым. Ал балаларым мен немерелерім қалың қара ағаштың арасында сұңғыладай болып тұрған жалғыз теректі қызықтап, ұзақ тұрды.
... Қанша мықты болғанымен бәйтерек те уақыттың тезіне төтеп бере алмайды.Осыдан елу жыл бұрын апам екеуміз үлкен жолды салу кезінде еккен терегімізді жолшылар биыл ізгі ниетпен, даңғылды кеңейту үшін кесіп тастады. Көңілім бұзылды, көзіме жас келді, бір сәт өткен өмір жолым көз алдыма елестеді...
Көз алдыма көп жыл бұрын өткен көрініс елестеді...
Терек өнді. Мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Жолай автобустың терезесінен терегіме қарап өтемін. Ауылға каникулға келем тағы қарап өтем, терегім жайқалып жапырақ жайды. Партияның жолдамасымен Жезқазған облысына бір басым екеу болып, Дәмкенім—Дәметкенім екеуміз еңбек жолын бастауға аттандық. Жолай теректі көрсеттім, апам екеуміз еккенімізді айттым. Апам дүниеден өткенде көлігімді тоқтатып, теректің жанында іштей егіліп ұзақ тұрдым. Теректі егуге ақыл берген апам да дүниеден өтті, кешегі шыбық бәйтерек болды! Туған жерге оралған соң Тараз бен Жуалының ортасын жол еттік. Алай өтсек те, былай өтсек те теректің жанына тоқтап, «сәлем» беріп кететін болдық. Балаларым мен немерелерім маған сол бір кезеңді әңгімелеуді өтініп, сөзге тартады.
2010 жылдан бастап Жамбыл жерін қиып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны салынуда. Бұрынғы жол Қытай мен Еуропаны тоқтаусыз жалғастыруға шамасы жетпеді әрі тозды. Ендігі жол даңғыл, кең. Осылай болуы үшін жолшылар жолдың жағалауындағы ағаштарды кесіп, жолды кеңейтті. Соның салдарынан мен еккен терек те кесілді. Алайда оның тамырынан өскен көп-көп бұтақ талай жерге жайылып, жапырағы сая бола бастаған. Солардың көпшілігі қалды. Биыл ерте көктемде бәйтеректен өніп шыққан жас теректердің біразын отбасымызбен барып көшеттеп, үйіміздің маңына ектік. Өнетіні анық, жапырақ жайып тұр.
Бәйтерек кесілгенімен оның тамыры тереңге, жан-жаққа кеткендіктен жаңа жас шыбықтар өніп, ертең олар да бәйтеректерге айналатыны сөзсіз. Сол сияқты біз де артымызда қалатын үрім бұтағымызбен мәңгілікпіз...
БИЛІКӨЛ
Апам екеуміз қой қайтарамыз деп жүріп Қаратаудың биік- биік жоталарын, терең-терең шатқалдарын артқа тастап, ылди анық көрінетін биікке көтерілгенімізді де байқамай қалыппыз. Арқамызды батысқа беріп, ылдиға қарап, үнсіз иығымыздан демалып отырмыз. Көк шалғынға мамырлаған қой да ырс-ырс етеді. Сабақтары төмен салбыраған сасыр да, жапырақтары кішігірім сыпырадай жерді жауып жатқан рауғаш та, жаңадан көгеріп келе жатқан раң да самал желмен ырғалады. Апам басына таққан қос орамалдың біреуін алдына жайып жіберіп, бесін намазын оқи бастады. Әдемі әуезбен ұзақ оқыды. Намаздың арабшасы бітіп, бата жасар тұсына келгенде мен де қолымды жайдым.
- Е... Алла Тағала, жаратқаныңа шүкір. Жетімектерімді аман етіп, ырзық бере гөр,-деп намазының соңын қысқа қайырды. Жайласып отырып, алысқа көз тастады.-Е... жарықтық Билікөлім, Айнакөлім амансың ба? «Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші ел басына қиын-қыстау күн туғанда қарын тойғызып, пана болған Қаратауымның сылқым сұлуы осы Билікөл - Әулиекөл ғой. Осылай деген апам ойланып, үнсіз қалған еді. Мен апамның толғай сөйлегеніне таңғалдым.
Содан бері талай жылдар өтсе де мен Билікөлге келгенде апамның сол бір әңгімесін еске ала беремін. Көлдің суымен беті-қолымды шайып, айдын көлден сыр тартқандай ұзақ үнсіз тұратыным бар. Күйік асуынан сонау Шолақтауға дейінгі аралықта Қаратаудың шығыс жағында Билікөл бастаған кішігірім бірнеше көл бар. Екі Ақкөліңізге жалғасқан Жартас, Күйген, Ащыкөл, Таскөліңіз бен Қызылкөліңіз осы Билікөлден бастау алып жатқандай көрінеді. Себебі үлкені де, суының тұщысы да осы көл.
Алатау мен Қаратаудың мың бұлағынан нәр алып жатқан Билікөл суының емдік қасиеті туралы ертеден-ақ айтатындар көп болған. Теңіз деңгейінен 500 метрдей биіктегі көлдің айналасы суы шипалы бастауларға толы. Буырыл мен Берікқара баурайларынан атқылап жатқан бұлақ суы шынында да ерекше екенін сараптама жасаушылар жиі айтады. Билікөлдің айналасындағы бастаулардан шипалы су өндіргендер де аз болған жоқ. Әулиебастау деп аталатын ортағасырлық қала орнының жанындағы қайнар суы республикаға белгілі. Ал көлдің жағасындағы Қарабастау ауылының нәрі болып отырған бастау суын көпшілік біледі. Мұнда қысы-жазы суын ішіп, шомылатындар бір үзілмейді. Бір ауылға нәр беріп отырған судың шипалық емі туралы сараптау орталықтарынан қорытынды алған кәсіпкер жігіттер шипалы су өндірмек болғанын да ауыл тұрғындары жақсы біледі. Тастай суық, таңдай тамсандыратын шипалы су бір ауылдың нәріне айналған. Осы ауылда сары ауруға ұшыруашылар ілуде біреу болатындығы олар тұтынатын Қарабастау суының тазалығында болса керек.Кезінде ақ сазандары мен бақадай шулаған көп балығы береке басы болғанын да ел ұмыта қойған жоқ.
Ертеректе Әулиекөл деп аталатын Билікөлдің айналасында тарихи орындармен бірге мемлекеттік қорғалымға ие болған сұлу, қайталанбас табиғаты бар. Мәселен Берікқарада ғана өсетін терек, алма, пісте, қызғалдақтың өзгеше түрлері, рауғаш еліміздің Қызыл кітабіне енген. Билікөлдің солтүстігінен келіп құйылатын Асаның тоғыз тарауы, ертеректе бояу өндірген Жосалы, құпиясын бүгіп жатқан сақ қорғандары, сұлулығы мен берекесі мол Шыбықбел мен Ақой, жер асты жолы сияқты тарихи орындардың сыры әлі толық ашылған жоқ. Сыры ашылмаған, Билікөл атауының қайдан шыққаны туралы да тап басып айтуға болмайды. Көлді айналай қонған Ақша, Қойгелді, Қожық, Құттық ұрпақтарының тағдыры көлмен етене.
Аңыз бойынша ертеректе тап осы Билікөлдің жағасында өңірдің билері бас қосып, түйінді мәселелерді шешеді екен. Бұл жерде шешілмей кейінге қалатын іс болмапты дегенді айтады. Тіпті билердің бас қосуында бір-біріне қарсы тұрған елдердің мәселелері де талқыланып, шешімін тауып жатады екен. Билердің дұрыс шешім қабылдауына Берікқарадан соққан самал жел мен көлдің шипалы суы әсер етіпті деген аңыз да бар. Аңыз шындыққа негізделетіндігін еске алатын болсақ көл киесі құдіретті екені анық. Сондықтан да көлдің атауы «Биліккөл» немесе «Билеркөлі» деген сөздің өзгеруінен пайда болса керек. Билікөл Елбасы- Нұрсұлтан Назарбаевты да қызықтырғаны анық. Президент Жамбыл жеріне кезекті бір сапарында Билікөлге келіп, серуендеп, суына шомылған.Премьер-Министрден бастап, талай министрлер қармақтарын салып, балық аулағанын қалай ұмытамыз. Көлдің қасиеті мен қадірін оның адамдарынан да танисыз.
Мен Билікөлді Қарабастаудың нәрлі суын ішіп өскен Бекберді мен Нәзипа Кашкеевтерсіз, Саясудың тұнығын лайламай, қорсында балық өсірген Жылқыбай мен Бегайдың отбасынсыз елестете алмаймын. Олардың кез келген демалушыларды әрқашанда ақ дастарханымен, ақ пейілімен қарсы алатынын талайлар біледі. Олардың ақ дастарханынан дәм татқандарда есеп жоқ. Сондай сәтті күндердің бірінде Марат досым екеуміз Бекбердінің дастарханынан дәм татып, көл жағаладық. Қармағымызды суға салдық.
«Аспан айналып жерге түскендей» деп осындай ыстықты айтса керек. «Үп» деген жел де жоқ. Асыл жібек жамылған сұлу келіншектей айдын көл күн сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт етеді. Арнауынан асайын деп тұрғандай мөлт-мөлт етеді. Әшейінде су бетінде секіріп ойнайтын аққайраң да тереңге кеткен. Көлді батыстан қалқалап тұрған Қаратау қара тақтаға шаң қонғандай селкеуленіп тұр. Билікөлдің айна жүзі жыбыр етпейді. Қармақ салып, қамыстың тасасында отырғанымызға сағаттан асты, бір де бір рет қалтқы бүлк еткен жоқ. Маған қарағанда шыдамсыздау Мараттың қалайша шыдамы жетіп, тыныш, үнсіз отырғанына таңмын.Бекен (ауылдастары Бекбердіні Бекен деп атайды) мырза көл бетінде аяқ-қолын керіп тастап, бүгінгі қалытқыдай тырп етпей жатқанына да біраз болды. Бекеннің осы бір «трюгіне» таңмын. Денесі ауыр болғанына қарамастан суға батпай осылайша жата беретіні бар. Төртбақ, шомбал болғанымен бәрімізден жылдам. Денесінен оның күші тасыған азамат екенін жазбай танисыз. Жасы елуден асса да, екі қолымен жүргенде ондаған метріңізді артқа тастайды. Соған қарамастан жаны нәзік, жүрегі жұмсақ,қоңыр дауысымен домбыра тартып, жырдан маржан терген. Жазған өлеңдері жүрек тербейді.
-Қой, бүгін қалтқы қимылдамайды, балықтар тереңге кеткен болды. Масаға жем болғанша желпініп, көлдің ортасына дейін жүзейік,-деген Марат маған қарады.
-Мына қайықпен қайда бармақсың. Оның үстіне түбі жарық сияқты.
- Е... қорқақтарға қос көріне береді,-деп, ескекті қолға алып, бар күшіммен есе жөнелдім. Айнадай жарқырап жатқан көлдің бетін толқындата жүзіп келеміз. Көрініс тамаша. Көңіл көтеріңкі. Үшеуміз де көл бетінде қалықтап келе жатқандаймыз. Ақ шағалалар бізді айнала ұшып, шаңқ-шаңқ етеді.Бірте-бірте ескегіміз есілгенімен қайығымыздың жылжуы қиындай түсті. Көлдің ортасына жақындаған сайын судың қысымы күшейіп, қайықтың кішкене ғана жарығы ыржия бастады. Қайнар бұлақтан су жоғарыға қарай атқылағандай қайық суға тола бастады.
- Мақа, тез қайтуымыз керек,-деп суға секіріп түскен Бекен қайықтың тұмсығын кейін бұра бастады. Алайда суға толған қайықтың белі қайқайып, қатты иілген қамысқа ұқсап орнынан жылжуы қиындай түсті. –Байқайсыз ба, Берікқараның ұшар басын қара бұлт торлап келеді. Көп ұзамай жел көтеріледі. Тез қимылдауымыз керек. Билікөл еркелікті көтермейді.
Бекеннің мына сөзінен кейін саса бастадық. Марат екеуміз бір-бірімізге қараймыз. Ол да мен де ұзаққа жүзе алмаймыз. Қайық болса суға толып барады. Берікқараның басындағы бұлт қоюланған сайын көл беті жыбырлап, майда толқындар пайда бола бастады. Бағанағы Қаратаудың жүзіндегі селкеу шаңдаққа айналғандай. Айналаға қарап, көмек сұрар адам іздейміз. Сасқанымызды білдірмей Марат екеуміз суды қос алақанымызбен төккен боламыз, ескекті де есе түстік. Теркөйлегімізді шешіп, қайықтың жыртығына тығын еткендей болдық. Жауыр аттың ерінде отырғандаймыз. Қимылдауға қорқамыз.
- Ал енді суға түсеміз де, қайықты аударып, соның шетінен ұстап жағаға шығамыз. Басқа амал жоқ,- деп айтқаным да сол еді; «Ағалар, менің қайығыма мініңіздер» деген дауыс селк еткізді. Жалт қарасақ жанымызда судай жарқыраған қайықпен бір жігіт тұр.
-О... айналайын, қайдан келдің?...
Жүзімізді қуаныш биледі. Қорқыныш қуанышқа қарсы тұра алмады. Жаңа ғана бір-бірімізге білдірмей сең соққан балықтай сандалып қалған көңіліміз толысты. Кекіреңдеп кеңірдек созып; «Бағанағы берлі ағаларыңды азапқа салып, қарап тұрғаның не?» деп зекімесек те зекігендей кердие қалғанымызды жасырып неғыламыз. Бұл қорыққанымызды білдірмеудің әдісі сияқты көрінді. Ішкен-жегеніміз ірің болғанын да білдіргіміз келмейді.
Табанымыз жерге тигенде судан шыққан балықтай екі иығымыздан демалып, Марат екеуіміз қара жерге етпеттеп жата кеттік. Мұрнымыздың ұшына келген жанымызды шақырып ұзақ жаттық. Әлден соң жағаны соққылаған толқынның күшейе түскенін білгенде тәубемізге келіп, «ағалап» келген жігітті шақырып, қалтамыздағы барымызды беріп, рахметімізді жаудырдық. Ал Бекенге деген ризашылығымыз шексіз.
Иә, Қаратаудың шығыс беткейіндегі көлдердің анасы Билікөл еркелікті көтермейді. «Жердің киесі де, иесі де болады» дегенді ата-бабаларымыз талай айтқан. Ертеден Билікөл мен Майтөбені қазақтар мекендегені анық. Жердің шұрайлысы, шалқар әулие көлі, қарт таудан соғатын самалы әрқашанда жанға да, малға да жайлы. Бабаларымыз жазы аптап ыстық болған да Қошқаратаға көтеріліп, Аралтөбені жайлау еткен. Құтты мекенді жау табанына таптатпау үшін осы өңірдің ұландары алапат күшпен де шайқасып, хас батырларымен жекпе-жекке шығып, жеңіс тойын тойлаған. Ұлы жүзге билігі жүріп тұрғанда Қойгелді батыр Билікөл мен Майтөбені өз ұрпақтарына мекен етіп қалдырған. Киелі жерді жаманнан қорғайтын Берікқарадай дауылды ұлын әрқашанда аялаған, мақтаныш еткен. Сондықтан да болса керек бұл су айдынын «Биіккөл», «Билеркөлі» деп атайтыны. Биіктің басына бұлт үйір болатынын еске алатын болсақ мұнда жадыраған жазда да, қаһарлы қыста да қатты жел тез көтеріледі. Жуалының Қошқаратасынан бастау алатын Берікқараның асау желінің ашуын басатын да осы қасиетті көл—Билікөл.
Достарыңызбен бөлісу: |