«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет8/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18

Асанбай Әбдірдің қара торы жүзіне тағы да тесіле қарады.

– Иә, сонымен сен біздің сөздерімізден не ұқтың?

– Майданда менің батальон командирім грузин жігіті болды. Бірде ол маған былай деді: «Өзің жақсы болу үшін ең алдымен өзіңнің жағдайыңды ойла, одан кейін қарамағыңдағылардың жағдайын жаса. Осыдан «Отанға» деген ұлы махаббат оянады». Мен оның да, сіздердің де сөздеріңіздің мәйегін ешқашанда ұмытқан емеспін. Елдің тұрмысын көтеру үшін алдымен шаруашылықтың қуатын арттыру керек. Сонда ғана елге жағдай жасауға болады. Мен осылай ойлаймын, – деп досына күлімдей қарады. Асанбайдың дөңгелек жүзі алаулап, екі бетінің ұшына қан ойнап шыға келді. Салалы саусақтарымен қалың шашын кейін қарай тарап тастап, иллюминатордан көк аспанға қарады.

– Осы Сәдуге кейде мен қайран қаламын. «Үй артында кісі бар» деп ойламайды. Сақ еткізіп айтады да, қарап отыра береді. Кейде партияның өзін де ашық сынайды.

Осылай деген Асанбай бір сәт үнсіз қалғанын пайдаланған Әбдір оның сөзін іліп әкетті:

– Сондықтан да оны облыстық партиядан ысырып, алыстағы Шу ауданына шаруашылық партия комитетін басқаруға жібергендеріңіз...

– Азаматтың аман болғаны дұрыс. Мәселе оның қызмет дәрежесінде емес, азамат ойын қайда жүрсе де жүзеге асыра алады. Артық айтып қоймасын дейді ме екен, Шу ауданының бірінші хатшысы үнемі жанынан қалдырмайды дегенді де естідім.

– Дұрыс айтасыз, азаматтың аман болғаны дұрыс. Біздің ауылда Шүкірбек деген азамат бар. Соғыста тұтқынға түсіп одан кейін Түркістан легионында болған. Жазасын өтеп келгеніне қарамастан үнемі әр нәрседен күдіктеніп жүреді. Бірде ол маған, «Мені адам бара бермейтін алысқа жұмысқа жіберші, көзге түсе берсем, шұқитындар көп бола береді. Кім білсін тағы да түрмеге айдап жібере ме. Тарих кімнің ақ, кімнің қара екенін әлі анықтайды» – деді. Сөзінің соңында міндетті түрде: «Мұны ешкімге айтып қойма» дегенді қосып қоятын. Бұдан оны қорқақ деп айтуға болмайды. Ойлары өте терең. Кейде өзіңізді елітіп, ой тереңіне жетектеп әкетеді. Сөзінің орынды екеніне көз жеткізесіз. Сол кісіні сақтап қалу үшін айтқанын істедім. Ал, Сәду болса: «Сәду айтты» деп айта жүр дейтін. Сәду соғыста да, бүгін де батыр екенін дәлелдеді. Бұрын да дәлелдеген. Ол екеуміз интернатта бірге оқығанбыз. Мінезін білеміз ғой, – деп Әбдір күлді.

– Омырауындағы Алтын Жұлдызы оны сақтап жүргенін мен жақсы білемін. Ол—азамат. Дегенмен де айқайламай іс бітірген жөн, деген Асанбай үнсіз қалды. Иллюминатордан жерге қарады. Көктем болса да әлі қар кетпеген жер аз емес екен.—Санаулы күндерден кейін көктемгі дала жұмыстары басталады. Елге барған соң шаруабасты бола бермей келіп, араласып тұр. Фатима да сені үнемі сұрап тұрады. Құндызай мен балаларды ерте келгенді де ұмытпа. Балалардың бізден кейін де араласып тұрғаны жөн. Айтар әңгіме көп. Соңғы кездері жазған өлеңдерімді тыңда. Бірақ, «Асанбай өлең жазады» деп біреуге айтып жүрме. Біздікі әшейін көңіл толқындары ғана ғой...

Әбдір ұшақ ішінде Алматыға табаны тигенше тағы біраз азаматтармен пікір алмасып, жоғары төмен әңгіме қозғады. Тіпті облыс басшысы Бименде Сәдуақасовпен де пікірлесіп, кейбір түйінді мәселелерді шешіп те алды. Ақсары жүзді, тілін сәл ғана төсеп сөйлейтін Бименде:

– Енді сенің әлеуетің арта түсті. Біз шеше алмаған мәселелерді Москва арқылы орнықтыруға әбден болатынын есте сақта. Бір айтатын ұсынысым – партия берген мүмкіндікті пайдалана біл. Сонымен бірге сенің қызметіңнің пайдасын елің көретін болсын, – деп сөзін бір түйді де, көсіле, шешіле сөйледі. – Әлі елге барған соң бұл туралы кеңірек сөйлесеміз, – деп, Әбдірге күлімдей қарады.

... Күн бата алып ұшақ Әулиеата әуежайына келіп қонды. Ұшақтан түсісімен Әбдір облыс орталығында аялдамастан ауылға қарай жол тартты. Әуежайдан жалғыз өзі ғана күтіп алған жүргізушісі Валентин арқа-жарқа.

– Құтты болсын, құттықтаймын! Кемел көке мен Құндызай апа бастаған барша туыстарыңыз Сіздің келуіңізді асыға күтіп, мал сойып, дастарқан жайып отыр. Кемел көке тағы да төсті іздеп кетті. Кеткеніне екі-үш күн болды. Радиодан бар жаңалықты естіп алыпты, балаша қуанып жүр. Сіз келгенше тауып қойсам қандай жақсы болар еді дегенді де айтып қояды.

– Ауа райы қалай? Төл төгіні қандай?

– Бәрі жақсы. Бас зоотехник төл төгіні мол болады дегенді жиі айтып жүр. Аса әлі тасыған жоқ. Маған мынаны айтыңызшы, Фидель Кастромен сөйлестіңіз бе? Қандай кісі екен?

– Съездің Төралқасында бірге отырдық. Өте ашық кісі. Күлкісі кіршіксіз. Талай марқасқалармен бірге болып қолын алдық емес пе? Космонавтармен бірге суретке де түстік.

Қара жолмен зулаған машина сәт сайын ауылға жақындай түсті. Батып бара жатқан күн сәулесіне шағылысқан қар әр жерден ойдым-ойдым болып көзге түседі. Жолдың кедір-бұдыры машинаның көсіліп жүруіне мүмкіндік бермей келе жатқанын байқаған Әбдір:

– Сәтін салса асфальт жол салсақ қандай жақсы болар еді. Аман болсақ бұл мәселені де шешеміз. Жол барлық ферма орталықтарын жалғастыратын болады. Ауылға бара СССР Жоғарғы Советінің депутаты ретінде сауал жолдайтын болдым.

– Мынауыңыз жақсы жаңалық қой.

– Сәтін салсын де. Ол үшін талмай-қажымай күресу керек. Кедергі көп болады. Ол үшін өндіретін өніміміз мол болғаны жөн. Сонда ғана айтар сөзіміз өтімді болады. Жарайды, бұл әзірге сөз ғана. Ертең таңертеңмен кел. Фермаларды аралаймыз.

– Қайдам оныңыз бола қояр ма екен. Бағана парторг Сіз келісімен аудан белсенділерімен кездеседі. Съезден алған әсерлерін айтады деп отырғанын естігенмін.

– Олар бұл тілегін маған айтқанша біз шопандарды аралап, съезден алған әсерлерімді алдымен соларға айтамын. Ол үшін мені ешкім жазғыра қоймас. Алдымен үшінші фермаға – Батыр шопан Ерқара Үдербаевқа барамыз. Азаматты Алтын Жұлдызымен құттықтайық. Одан соң бірінші, төртінші фермаларды аралаймыз. Ерқараның үйінде ферманың жалпы жиналысын да өткізіп жібереміз. Ерте кетіп, кештетіп қайтамыз. Жол жарақтарың дайын болсын, – деген директордың сөзіне Валентин мырс етіп күліп жіберді.

– Оны айтпасаңыз да болады. Сіз жолға шыққанда оның жарақтары әрдайым машинаның кілті сияқты жанымыздан табылады.

Екеуі де үнсіз қалды. Директордың «жол-жарақтары» дегені – айран, дәрі-дәрмек, таза су екенін Валентин жақсы біледі. Сондықтан да Құндызай мен Валентин керек-жарақтарды ұмытпауға тырысады. Үнемі жаңартып, мол етіп, таза орамал, көрпе, жастықпен бірге машинаға салып қояды. Бағана Үшаралдан шығарда да Құндызай бәрін түгендеп, өзіне табыстаған. Шофер жігіт Әбдірге мейірлене қарап:

– Шынымды айтсам мен сізге аса бауыр басып қалыппын. Сізді сағынып қалдым, – деп күлді.

– Шөп қалды ма? – деп Әбдір әңгімені басқа жаққа бұрды.

– Қалды, жеткілікті. Ана күні бір-екі шаруашылықтың басшылары шөп сұрай келген. Сіздің келуіңізді күтіп, бас зоотехник қайтарып жіберді-ау деймін. Ұмытпасам мәлімет бойынша шөпті олар бізден көп дайындаған,-деген Серік мырс етіп күліп жіберді.

Әбдір шофер жігіттің күлгенінінің мәнісін айтпаса да түсінді. Өткен көктем мен жазда ауа райы қолайсыздау болды. Алты ай жазда бір тамшы да жаңбыр жаумады. Соған қарамастан облыста «Жемшөптің бір жарым жылдық қорын жасайық!» деген Үндеу көтеріп, барлық техника шөп дайындауға жұмылдырылды. Бір жарым жылдық шөп қорын тек Үшаралдың айналасындағы қамыстан-ақ дайындауға болады. Алайда сояудай-сояудай қамыстың қандай құнары бар? Сонымен бірге алыстан қамыс дайындау шаруашылыққа өте қымбатқа түседі. Ата-баба тәжірибесін еске алса, қыста да қойды жайып, бағуға болады, тек бір мезгіл жем берсе болғаны. Сондықтан да ол он мың тонна шөп дайындаудың орнына үш мың тонна шөпті қыстаулардың айналасынан емес, жайлаудан, шабындықтан дайындауға күш салды. Сонымен бірге құрама жемшөп цехының жұмысын жандандыруды қолға алды. Алайда аудан басшылары Сағынтаевтың бұл ісімен келіспеді. «Өзім партбилетіммен жауап беремін» деп облыс басшысының алдында жауапкершілік алсаңыз ғана Сіздің ұсыныс өтуі мүмкін деген соң, облыс басшысының алдына өзінің есептерін жайып салған. «Жарайды, бірақ барлығына тек өзің жауап бересің» деп бірінші хатшы амалсыз көнген. Содан Әбдір әрбір шопанмен жеке-жеке сөйлесіп, қыста қай жерде қанша уақыт отыруы керек екенін түсіндіріп, мал қыстатудың сызбасын жасап берді. Оның орындалуын тұрақты түрде қадағалап отыруды бас мал мамандарына қатаң тапсырды. Қыстауларға малды кеш қоныстандыру қажет екенін де түсіндірді. Шопандардың көшіп, қонуын ұйымдастыратын бригадалар жасақтады. Міне, нәтижесі өзі күткендей болды. Жалған ақпар беріп, арам тер болғандар өзінен шөп сұрай келіпті. Ата-баба тәжірибесін ұмытпай, оны байыта білу аса маңызды. Соғыс жылдары адам күші жетпегендіктен мардымды шөп қоры дайындалмайтын. Сол кезде әкесі бас болып, қыста мал жаюдың қыры мен сырын үйретіп, оның орындалуын өзі қадағалағаны әлі есінде. Сол тәжірибе әлі де өміршең...

... Лақ белесіне шыққанда Үшаралдың самаладай жарқыраған шамдары көрінді. Машинадан түсісімен өзіне алдымен анасы Теңгекүл ұмтылды. Баласын құшақтап, қуаныш жасын омырауына тамшылатты.

– Жарығым, қуанышың ұзағынан болсын! Сені бұрынғыдан да үлкен өкімет болды дейді ғой. Омырауыңа тағы бір Ленин орденін тағыпты, құтты болсын!– деп кемсеңдеген Теңгекүл Әбдірді құшақтай үйге беттеді. Басқалары амандасып, қолын алғаны болмаса, Әбдірді құшақтай алмады. Кенжесі Бақытжан ғана жүгіріп келіп, әкесінің мойнына асылды. Баласының бетінен сүйіп, көтеріп алған Әбдір ағайын-туыс дастарқан басына жайғасқаннан кейін жан-жағына бағдарлай қарап:

– Ел-жұрт аман ба? Кемекем қайда? – деп ағасын іздеді.

– Ел-жұрт та, ағаң да аман. Баяғы жыры таусылған ба. Төсін іздеп кетті. Келіп қалар, «күн бата келем» деп кеткен, – деп Болдан жеңгесі жауап берді. Жеңгесінің даусынан шарасыздықты байқаған Әбдір көкесінің әлі де төстің «әлегінен» шыға алмай жүргенін сезді.

Әулеттің киесіне айналған төс туралы аңыз да, әңгіме де көп. Көпшілік өзі біле бермейтін әңгімелерді айтады. Сол төстің жоғалуын да ауылдастары аңызға айналдырып жіберген...

... Ауыл қарбаласта. Таңның атысы, күннің батысына дейін көктеудің айналасын жиыстырып, қыстан арып шыққан малды ертерек жайлауға айдатып, құдайы тамақ беріп, жиналып жатқанына үшінші күн. Құдай қаласа түс қайта көктеумен қоштасып, көк шалғыны көп, суы мол Асаның жағасына, Ақсайға, Үшаралға қарай жылжиды. Жұрт алғаш «неге таңғы салқынмен көшпейміз» дегеніне Қалымбет атасы көнбеді. «Түннің жарығы мен самалы жол жүруге қолайлы. Қанша көктем дегенімен күн көтерілісімен ауа райы жүруді қиындатады. Қариялардың тынысы тарылады. Мұндайда түйенің де, жылқының да жүрісі өнбейді. «Бесінде атқа қонамыз!», – деп сөзін күрт үзген Қалымбетке бауырлары да қарсы келмеді. Оның сөзін Айымбет те қолдады. Аталарының шешімін естіген Әбдір мен Кемел бір жағынан қуанса, екінші жағынан ренжіді. Қуанғаны түнде самаладай жұлдызды санаған қандай жақсы, ренжігені жердің көркін көре алмайды. Оның үстіне әлі көктеуде отырғандар бұларды қонақ етіп, үйлеріне шақырмайды. Мұндай жағдайда ән де айтылмайды, айтыс та болмайды. Соған қарамастан Кемел ағасының жүрегі алып ұшып бір топ бауырларына қоқиланып: «Қыстай жинаған асықтарыңды ұмытып кетпеңдер. Мен асықтарымның бәрін апама боятып алғанмын. Көресіңдер, әлі барлығыңның асықтарыңды Үшаралға барған соң ұтып аламын»,– деп, үлкен үйге қарай шапқылай жөнелген.

Аттың жалына, түйенің қомына дейін сәнге келтірілген көш дайын болды. Тек Қалымбеттен бұйрық күтіп отырғандар шөгерілген түйелердің жанында әңгіме дүкен құрған.

Күн бесінге келгенде абыр-сабыр қайта басталды. Кемпір-шалдар сықырлатып арбаға, қыз-келіншектер мен жастар атқа міне бастады. Бойында қуаты барлар жаяу жүруге дайын.

– Жүрдік, е...Алла жолымызды оңғара гөр,- деген дауыс шықты. Көш орнынан ырғала қозғалып жүре берді. Тап осы сәтте шығыс жақтағы белден асып, шауып келе жатқан кісі көрінді. Ел үрпиісіп, тоқтап, келе жатқан аттыға қарады.

– Жүре беріңдер, жолдан қалуға болмайды, – деп өзі атынан түсіп, Қалымбет жолаушыны қарсы алды.

– Ұста, үлгергенім қандай жақсы болды. Шаруам сізде еді, – деп, атынан аунай түсіп жатқан жолаушы Қалымбетке қос қолын ұсынып, иіле қалды.

– Қалай, Бәзілбай құда, аманшылық па?

– Аманшылық, бәрі жақсы. – Ол үлгермей қалатындай бастырмалатып сөйлей жөнелді. – Ертең қызымды сіргелілерге ұзататын едім. Жасауының бір кемі – сақина еді. Жаңа ғана күміс теңге тауып, сізге келіп тұрмын. Сақина соғып берсеңіз.

Бәзілбай сөзінің аяғын сыбырлап қана айтты. Самайынан аққан ақ терді жеңімен сүртіп тастап, ұстаға бар ынтызарымен қарады. Екі жақ та үнсіз. Атасының атына мінгесуге дайын тұрған Әбдірдің ғана дауысы үнсіздікті бұзды.

– Ата, апамдар кетіп қалды, біз қалып қоятын болдық. Мүмкін көмештен де құр қалармыз. Қалымбет Кемел мен Әбдірдің жүзіне бір көз тастап:

– Өзің көріп тұрсың, көшіп барамыз. Дүкеннің барлық сайманы теңдердің арасында кетті. Кейінірек соғып берсем болмай ма? деген Қалымбеттің сөзін Бәзілбай іліп әкетті:

– Бәрін көріп, біліп тұрмын. Орынсыз жерге пышақ ұрып тұрғанымды да сеземін. Бала бауыр ет қой. Барған жерінде бейшара болмаса екен деген тілек мені сіздің алдыңызға әкелген. Барған жері жасауына да, үсті-басына да, сән-салтанатына да қарайды емес пе. Көшті қуып жетуге болады, ал қыздың жасауын кешіктіруге болмайтынын өзіңіз де түсінерсіз деп келіп тұрмын. Оның үстіне құданың алдына бір келгенде көкірегімнен итермес деген ой ғана бар менде.

Қалымбет жан-жағына қарап біреуді іздегендей кейіп танытты да, дауыс жетер жерде әкесін күтіп тұрған Сағынтайға қарап айқай салды.

– Сағынтай, дүкеннің саймандарын әкел!

Тез арада шәйлә тұрғызылды. Көрік орнатылып, сексеуіл тұтатылды.

– Сағынтай, сен бізге қарайламай көшті бастап жүре бер. Жан-жақтарыңды қарайлап отырыңдар. Ана жылғыдай барымтамашылардың қолына түсіп жүрмеңдер, деген ол мырс етіп күліп жіберді. – Біз, құданың бұйымтайын бітірген соң, үшеуміз қуып жетерміз. Бағытты, жолды білесің. Жолдарың болсын! Алла сәтін салса екі-үш сағатта сақинаны да соғып бітіреміз. Әбдірді өзіңмен бірге ала кеткенің жөн болар. Ол әлі кешкентай ғой. Түн қараңғылығынан қорқып қала ма деймін, - деген ұста Бәзілбайға қарады. – Кәне, күмісіңді әкел.

– Ата, мен де сізбен бірге қаламын, – деп Әбдір бұртиды. Қалымбет үн қатқан жоқ, келіскендей.Бәзілбай ұсынған күміс теңгелерді біраз салмақтап тұрды да:

– Құда, қанша сақина соқтырайын деп едің? – деп Бәзілбайдың жүзіне қарады.

– Ұста, бір ғана...

– Мынадан кем дегенде екі сақина соғылады ғой, – деді де саймандары салынған дорбаларын ашып, қатарластыра қоя бастады.

– Қалғаны сіздікі, – деді жәй ғана. Зергер үн қатпады.

Аспаптарын енді көргендей әрқайсысын аударыстырып, жіті қарап, тері бөстектің үстіне қоя бастады. Кішкентай төсті өзіне жақындау қойып, ұшында әр түрлі оюлары бар полаттан жасалынған қадаубастар мен кішкентай қалыптарды сол жағына, батырманы, өткір біз бен пышақты, қысқаш, көсеу мен қайшыны оң жағына қойды.

– Кемелжан, сексеуілді жаға бер. Мен көрікті орналастырамын. Ал, құдеке, сен көлеңке тауып демала бер. Біздің жанымызда тұрмасаң да болады, – деген ұста басын көтерместен кішкентай безбенді дорбасынан алып жатты.

Атадан қалған мұра – ұстахана аспаптарын көзден таса ұстау бұрыннан келе жатқан дәстүр екенін Бәзілбай жақсы біледі. Сонымен бірге зергерлер өзгенің көз алдында жұмыс істеуді де ұната бермейді. Елден «Қалымбет ұсталық, зергерлік ісіне балаларын емес немерелерін үйретеді, өзгені қаламайды екен» дегенді естіген. Сондықтан да ұстаның сөзіне ренжіген жоқ. Атын жетектеп, өзекшенің жағасына барып жайғасты. Ыңғайы келсе көз шырымын алғанының да артықшылығы жоқ.

Теріден тігілген алжапқышын алдына байлаған ұста аспаптары мен саймандарын жайғастырғаннан кейін бірден іске кірісті. Қолына балға алып шеге, нәл, басқа да қиын емес заттарды жасап үйреніп қалған Кемел сексеуілді де тұтатып, көрікті пісе бастаған. От жалындай бастағанда Қалымбет сақалын тағы да салалап, бастаған ісіне іштей сәттілік тіледі. Алдымен кішкентай қалыпты от өтіне қойып қыздырып алды да кесек күмісті салды. Күміс түсін өзгертіп, қара қошқылданып барып, одан соң аппақ күйге еніп, балқи бастағанда өзіне ғана құрамы белгілі қоспаны қосты. Бұл қоспа балқыманың жылтыр әрі үзілмей созылмалы болуына әсер ететінін өзі ғана біледі. Кішкентай балғасымен төсті жайлап соққылады. Қоңыраудың дауысындай сыңғырлап тұр. Сақинаның қалыбын қолына алып, аударыстырып біраз қарап тұрды да қағып-қағып жіберді. Қақ та жоқ, кір де жоқ. Әлде не нәрсе ойына түскендей шәйладан шығып, көшке көз салды. Көш көз ұшынан кетіп барады екен. « Аман болғай, жолдары болсын. Ана жылғыдай емес Сағынтайы жігіт ағасы болып қалмады ма? Қоқырланып қалдық. Басқа да жігіттер бар. Үрейленетін ешнәрсе жоқ», – деп өзіне өзі басу айтып, шәйлаға қайта кірді. Көрікті басып-басып жіберді. Ойына ана бір жылы көш кезінде болған оқиға оралды.

Осындай көктемнің көкөзек уақыты болатын. Көштің бетін Асаға қарай түзеген соң ауылдың бүкіл атқа мінер азаматтары жылдағы дәстүр бойынша Талас өзенінің бойында өтетін ошақтылардың басқосуына кетті. Мұнда ел-жұрт бір-бірімен көрісіп, наурыз көже ішіп, соңы ән-думан сайысына ұласатын. Ошақтының төрт атасы өзара өнер сайысын өткізумен бірге аударыспақ, көкпарды да тамашалап қайтатын. Мұндай жиынды сол жылы ошақтының бір баласы аталықтар берген.

Өзен бойында думан қызып жатқанда Лепесбай әулетінің сәнді де, салтанатты көші думанды қыздырып, бозбалалар тайларын жарысқа қосып, әжелер болса ән сала беймарал келе жатқан. Ойламаған жерден бір топ салт атты алдарынан шығып, көшті қоршап алды. Олардың Арқаның азаматтары екенін де бірден таныған. Қариялар топтың суыт жүрісінен секем алып, бойларын жинап ала қойды.

– Қай тума боласыңдар?

– Сіргелі, – деді көзін сығырайта әлде не нәрседен қауіптенген Бозтай қария. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген қағиданы берік ұстанған ошақтылар арасынан «қария өтірік айтып тұр» деп түзеткен де ешкім болмады.

– Ошақтының Қоңыры қай жерді мекендейді?

– Қазір оны кім біліпті, күн сайын өзгеріп жатқан дүние емес пе, «күштімін» деген ақ патшаң да қайдағы бір немістен жеңіліп, сасқанынан қазақтан әскер аламын деп жатыр ғой.. Білмейміз... – Жауап аяқталмай жатып-ақ барымташылардың бірі айқай салды:

– Мен танып тұрмын! Мыналар Шегебайдың туыстары! Ана сары аттар Ошақты еліндегі Лепесбайдың ұрпақтарында ғана өседі. Осы әулеттің ғана жылқысы. Барымташылар да, барымталатындар да осылар!

– Не деп оттап тұрсыңдар? Өздерің жөндеріңді айтпайсыңдар ма? Не керек өздеріңе? Жолды ашыңдар, көштің алдын бөгеген біздің досымыз емес қасымыз болар,-деген Бозтай қария атын тебініп, сойылын көтере алға ұмтылғаны да сол еді, барымташылардың бірі көз ілеспес жылдамдықпен оны атынан ұшырып түсіріп, сары жал айғырды өздерінің үйіріне қосып алды. Бозтай болса орнынан әрең тұрып, ақсаңдай басып, көштің ортасында тұрған арбаның жанына келді.

– Шегебай керек. Былтыр күзде бір үйір жылқымызды барымталаған. Соны даулай келдік.

– Сендерге керегі Шегебай болса ол Талас бойында көкпар тартып жатыр. Күшті болсаңдар сонда барыңдар. Кемпір-шалмен, бала-шағамен шабысуға ғана әлдерің келсе бізді талай беріңдер. Байқаймын одан артыққа сендердің шамаларың келмейді,- деген Бозтай қария арбаның үстіне жантая кетті.

Шегебайды іздеген барымташылар біраз күбірлесіп тұрды да, Бозтай қарияның ақ жал, сары атын жетектеріне алып, аттарының басын бұрды. Құм жалдан асқанша көш орнынан қозғалмады. Әлден соң:

– Бұлар өздері кімдер, тапа тал түсте малымызды алып, басымызға әңгір таяқ орнататын. «Бейтаныс кісі бітеу жаңғақ» деуші еді, оны жарып көрмесе болмас,- деп, Қалымбеттің он алты-он жетіге тола қоймаған, аяғына қызыл қайыс етік, үстіне барқыт бешпет, әдемі бөрік киген өжет ұлы Сағынтай атын ойнақтатып алға шықты да: – Мен қазір атамның атын қайтарып әкелем, – деп астындағы сары айғырын қамшылап, барымташылардың артынан шаба жөнелді. «Қой! Тоқта! Бұл Мәлік төренің адамдары, саған жол бермейді!» деген дауыстарға мойнын да бұрмады. Арбада жатқан Бозтай қария да, өзгелер де орындарынан қозғалып, көштің алдына шықты.

– Апырай-ә, бекер болды ғой. Баланы майып етпесе болғаны, – деп абыржи құм жалға қарай жүгірді. Бұлар жалға жеткенше арғы жағынан ақ дамбал, ақ жейдемен Сағынтай жүгіріп шықты. Өзіне қарай келе жатқан аталарын көргенде «Алып кетті, ұрып кетті!», – деп аузы- басынан аққан қанды жеңімен сүрте құмға отыра кетті. Баланың аман қайтқанына қуанған көшшілер, «бастан құлақ садақа, батар күннің атар таңы бар, жігіттерге хабар беріңдер», – деп орындарынан қозғалған.

Бағана Қалымбеттің Сағынтайға «Ана жылғыдай барымташылардың қолына түсіп қалып жүрмеңдер», – деп мырс еткені осы оқиғаны меңзегені еді...

– Ал балам, сексеуілдің шоғын азайта бер. Құдай сәтін салса қазір-ақ соғып тастаймыз, – деген ол әлде не нәрсе ойына түскендей басын әнтек көтеріп, батысқа қарады. Көктем болса да күн алаулап батып барады. Ертең де күн жылы болады, – деп ой түйген Қалымбет балқымаға көз тастады. Жаңағыдай емес балқыманың қара қошқылы кетіп, бәрі ақ түске еніпті. Енді қалыпқа құя бастаса да болады.

– Ата, Үдерген атам күмісті балқытқан да үстіне бір-екі рет су құйып жіберетіні бар. Сіз олай істемедіңіз ғой.

– Балам, онда балқыма бірікпеген болды ғой.

– Бірікпегені қалай, бөлектенген күмісті қалыптан көру мүмкін емес. Қалымбет немересінің сауалына толық жауап беруден жалтарып:

– Көп сөйлемей қалыпты дайында, – деді.

– Қалыпты өзіңіз жаңа ғана дайындап қойғансыз.

– Жарайды, күміс балқытудың әдістерін тағы бірде айтармын – деді де қысқашпен кішке бақырашты қыса көтеріп, балқыманы қалыпқа құя бастады. Бірден лақ еткізбей, бірте-бірте сыздықтата құйды. Балқыма құйылысымен оны суға бірнеше рет сүңгітіп алды. Таспаның жалпақтығындай аппақ ақ күміс шеңбері толысқан айдай ұясына жақындаған күн сәулесіне шағылысып, жарқ-жұрқ етті.

– Ал балам, енді қадаубасты әкел, тап қазір ою салу өте жеңіл.

Ұста қадаубастың ұшын тазалап, тездетіп ою-өрнек сала бастады. Құдай сәтін салғанда оюы анық әрі қанық болып шықты. Жүзікке күмістен сірке қондырып, қарала етіп, біраз қақтады. Енді жұмырласа болғаны, сақина дайын болады. Шынында да сақина көрікті болды. Ұста ісіне риза болып, сақинаны ақ орамалға орап, күмістің қалған бөлігін бақырашқа салды да:

– Ал, Кемелжан, мына қалған күмістен баданадай түйме жасап берейік, болмаса бұл дүние жоғалып, бекерге рәсуа болар. Әлі күн ұясына қона қойған жоқ, көшті түн ортасына жетпей қуып жетеміз, деген ұста іске кірісіп кетті. Сексеуілдің шоғы тез-ақ күмісті балқытты. Кемел екі қолдап көрікті пісті. Қызғылт жалқын алау жалындады.

Алаулаған күн сәулесі азайып, қызыл шапақ батысты көмкеріп алғанда жұртта қалғандар атқа қонды. Бәзілбайдың қуанышында шек жоқ. Алақанында әлі суи қоймаған сақина мен төрт түйме.

– Айналайын, құда, мына жақсылығыңды өлгенше ұмытпаймын. Жақсылығың менен қайтпаса, Алладан қайтсын! Көрісер күніміз қуанышқа толсын. Төсің алтынға айналсын. Келер көктемде желбауыңа әкеп аппақ інген байлаймын. Жолдарыңыз болсын, – деп атының басын бұра далбалақтап шаба жөнелді.

Қалымбет Кемелді тайына, Әбдірді артына мінгестіріп, көш соңына түсті. Қанша тебінгенмен жиреннің жүрісі өнбеді. Қоржынға салынған төс аттың бауырын соққылап жүргізбей қойды. Не де болса төсті осы айналаға тастап кетуді ойластырды. Биік өскен жас сексеуілдің түбіне киіз қалпына кидірілген күйі әдемілеп, бесікте баланы құндақтағандай етіп қойды да, бетін жұқа етіп құммен жапты.

– Балаларым, мына жерді ұмытпаңдар, таяу арада қайта айналып келіп аламыз. Мен келе алмасам, сен келесің, Кемел, Әбдірге қарағанда естиярсың ғой. Бұл саған аманат. Бұл жай төс емес. Бұл құт қонған, бабалардан мұра болып қалған киелі әрі алтын төс. Алтынын ұста болған ұрпақ қана көре алады, – деп орнынан тұрған Қалымбет жас сексеуілдің ортадағы биік шыбығын белінен сындырды да, – Бұл айнымас белгі болады. Жас сексеуілді сындырып алушылар да болмайды. Сондықтан да төсіміз жоғалмайды. Енді желе жортып жүреміз.

Жаз бойы атасының қолы тимеді. Ағайындары қыз ұзатып, келін алды. Көп күттірмей құда шақырыс басталды. Ол аз болғандай Кемел аттан құлап, аяғы сынып, біраз әбігерге салды. Жаз ортасында Аса тасып, көл табанға еккен қауын-қарбыздың біразынан айырылды. Соған қарамастан кіре тартып екі-үш рет Үшаралдың бал татыған қауынымен бірге біраз малды да Әулиеата базарына апарып сатып, кірешілеп қарыштап келді. Бұл да біраз уақытты алды. Әйтеуір төсті алып келуге қол тимеді. Жаз бойы үш-төрт рет қана көрік басты. Шолпы, байтана, білезік, сақина, өзге де зергерлік бұйымдарды соққанда Әулиеатаның базарынан алған өзге төсті пайдаланды. Бірақ көңілді күпті етіп, атадан қалған асыл төс ойдан бір шықпады. Амал нешік бір қонып жететін жерге жаз бойы ақыры жол түспеді. Оның үстіне Арқадан барымташылар да тыныштық бермеді...



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет