І І І.
Арып-ашып Әулиеатаға да жетті-ау.
Шаһарға жақындаған сайын отарба қара түтінін будақтатып, гудок беруін жиілетті. Елдің айтуынша, осы поезд тура ауылының жанына Күркіреусуға да тоқтайды екен. Өзі сотталған жылы жол отарба жаңадан жүре бастаған.Туған жерден қара үзіп, ауасын жұтып, шалғынына аунамағанына да он бес жылдай уақыт өтіпті. 1931 жылдың қараша айында қамауға алынса, енді міне 1946 жылдың қараша айында елге келіп жетті.
Он бес жыл тозақ отында жүргенімен өмірге деген құштарлық пен бойдағы ересен қуат өлтірмейді. Бәрін жеңіп шықты. Тепкіні де, ұрып-соғуды да, мазақты да, аштық пен жалаңаштықты да көрді. Талай адамдардың тағдырын біліп, өмірге деген көзқарасы қалыптасты. Заман заңын да білгендей болды. Соңғы төрт жылын еңбек армиясында өткізгенде саясаттың да тамызығын тұтататындай жағдайға жетіп қалған. Ендігі жерде жалғыз, жаяу болып “халық” деп арамтер болудың қажеті шамалы екенін де білді. Аман-есен туған жерді аймалап, аялайтын болса, құдай сондай күнді пешенесіне жазса, бір сәтте елден бөлектенбей, солардың ортасында жүруді армандап келеді.
Туған жер, өскен елі мұны ұмытып, өлдіге санап та қойған болар. Құдай қосқан қосағы Алтын, бауырлары мен балалары қандай күйде. Әулиеата түрмесінде төрт ай тергеудің тозағында болғанда, одан кейін Колымада концлагерде жүргенде талай сұмдықты көріп, естіді емес пе. “Халық жауларының отбасы да түрмеге қамалып жатыр” дегенді естігенде әр түрлі ой келген. Шынында да, солай болса ше? Осындай күпті ойдан кейін ауылына бірден бармай Әулиеатадан түсіп қалуға бекінген. Алдымен осы жерден хабар-ошар алып, елге содан кейін баруды дұрыс деп шешкен. Оның үстіне заман қандай, заң қандай. Мүмкін “халық жауын”ауылында да тұрақтандырмас. Өз ойынан өзі шошып кетті.
Ойын күпті еткен тағы бір жағдай ертең алдынан шығатынын ойласа, жүрегі аузына тығылады. “Ал азамат Тілеуқабылов, 1942 жылдан бері қайда жүрсің? Бұл майданнан қашу болмады ма?” деуі де мүмкін ғой. Қолындағы құжаттарға сенбесе не істейді. Магадан қайда, Жуалы қайда.
--Сұлтан, ауылыңа жақындаған сайын жүзіңде қобалжу байқалады ғой. Қандай ой, не мазалайды? Ашығын айтшы маған, - деді досының жүрек толқуын сезген Алексей. “Сенің туған жерің мен еліңді көргім келеді” деген баяғы уәде бойынша еңбек армиясынан босасымен екеуі бірге жолға шыққан. Жан досына айналған ленинградтық Алексей Смирнов сұрағына жауап күтіп бұған тіке қарады. Сұлтанмұрат досына өзін күпті етіп келе жатқан сырының бәрін айтты.
--Иә, әлі алдымыздан талай құқайлардың шығатыны анық. Бірақ бізде Магадан ОГПУ-і мен милициясының анықтамалары бар. Еңбек армиясында белімізді жазбай жұмыс істегенімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Оған қорықпай-ақ қойсақ болады. Біз туралы толық анықтамалар тиісті органдарға келіп те қалған болар.
--Солайы солай ғой. Бірақ...
--Бірақ дейтін ешнәрсе жоқ. Езіле беретін ез емессің. Сен шыңдалған, шыныққан өмірі ұмытылмайтын жолдан өттің. Мына ызғардың соңында шуақ бар екенін ұмытпа?!
Пойыз сырғып келіп Әулиеата бекетіне тоқтады.
Жүрек соғысы жиілеп, көңіл толқыды. Қанша темірі қатты, жігері тас болғанымен буындары дірілдеп, қара жерге алақанын төсеп, тізе бүкті. Отызында тура осы жерден темір тордың ішінде, аяқ-қолы кісендеулі күйінде Сібірдің қиясына айдалған балаң жігіттің бұл күнде самай шашына ақ кірген. Қырық бестегі жігіт ағасының көзінен жас шықпаса да жүрегі, бүкіл денесі, болмысы үлкен тербелісте. Кінәлі ме еді, кімге зорлық, кімге қорлық көрсетіпті? Осыған жауап беретін кісі табыла ма? Ағайын-туыстары, жері, елі, отбасы өзін қалай қабылдайды. Енді ол кім, халық жауы ма, жоқ әлде ұры ма? Қанша өмірі қалды, қалай өмір сүреді, демеу боларлық кімі қалды?! Ертең алдынан кім арсалаңдап шығады.
Жерден көтерілген Сұлтанмұрат:
--Менің туған ауылым анау көлбей жатқан Қаратаудың арғы жағында, Алатаудың бөктерінде. Бүгін тынығып, жуынып, шайынып болған соң ауылға барамыз. Бүгін саған Қарахан, Айша бибі күмбездері мен Атшабарды көрсетемін. Бір кездері бұл Тараз мемлекеттердің астанасы болған. Атшабар қаңлы алаңы деп те атанған. Әулиеата күмістен теңге құйған. Өкінішке орай соның бәрі ұмытылып барады. Ұмыттыратындар көп. Қайран өмір-ай, - деді. Дауысында діріл бар. Шырайы аз қара жүзі алабұртқан. Құс қабақтың астындағы шүңірек көздері от шашпаса да, сондай бір шуақты сездіреді. Ұзын денесін тіктеп алып, “Бисимиллә, рахман-рахим” деп оң аяғымен алға аттады.
Әулиеата қанатын жайып үлкеймепті. Неге екені белгісіз осыдан он бес жыл бұрын үлкен, кең болып көрінетін көшелері тарылып кеткендей. Қаланың орталығы көзге көрініп тұрғанымен біраз жер. Сонда да “маған мін, маған мін” деп тұрған есек, ат арбаларға мойын бұрмастан дорбасын арқалап, Шаңғарақшы көшесіне қарай жүрді.
Күркіреусу разъезінің басы енесіне жабысқан қозыдай у-шу. Құшақтап, аймалап, сүйіп жатқандар. Көрісіп, көкірегі аһ ұрған азаматтар көз жасына ерік берген.
--Армысың, арысым!
--Жазықсыздан жазықты болған азаматым, аман-есен келдің бе?
--Сағындық қой сені!
--Інің Әкпарханнан соғыста айырылып қалдық, ұлың Асқар да дүниеден өтті...
Бәрінен де анасы Бибігүлдің, тағы бір шешесі Анаркүл, ағасы Зәуірбектің Әбділдәсі мен әйелі Алтынның, жеңгелері мен келіндерінің өксіктерін баса алмай термелей айтқан сөздер қарсы алушылардың сай-сүйегін сырқыратты.
Бәрі жаяулап, жалпылап Шатырбұлаққа жетті. Халықтың басылып қалған көңілі ашылып, күздің қара суығын жылытып жібергендей. Қайдан кім әкеліп жатқаны белгісіз қой сойылып, бауырсақ пісіріліп жатты. Төрге жайғасқан ақсақалдар әңгімені әріден бастап, Сұлтанмұратқа көңілдерін айтып, жігерінің құм болмауына тілек білдірді. Ел аяғы басылып, үйде бес-алты ақсақал ғана қалғанда:
--Айналайын, Сұлтанмұрат, халық үшін істеген ісіңмен отқа түскеніңді ешкім ұмытқан жоқ. Өзің таңдап алған жолдың қалтарысы мен қиындығы да болғаны рас. Құлақ естіп, көз көрмеген жерде абақтының ботқасын жеп, елден жырақ жүргенде өзің де ел-жұртың бар екенін бір сәт ұмытпаған шығарсың. Ендігі жерде болған іске болаттай берік бол, - деп барып тоқтаған әкесінің інісі Саттар жүзіне тіке көз тастады.
--Әулиеатаның абақтысында жатқанда артымнан ешкім іздеп бармады деп ойлама. Біздің де көрген құқайымыз аз болған жоқ. Бабаңмен бірге туған Бесбектің ұрпағы қудалаудың құрығынан арыла алмады. Өзің «сорақайлар» деп еркелететін інілерің Амантай мен Қамбар да қашып жүріп, ақыры соғыстың басталуы бастарына тыныштық әкелгендей болды. Мына отырған Қамбар соғыстан аман-есен омырауы орденге толып оралды. Әкпарханың Отан үшін шейіт болды. Амантай денсаулығына байланысты майданға бара алмады. Осы жаңабай елінен жүз елудей азамат Отан қорғауға кетіп, жиырма шақтысы ғана оралды. Әлі лагерде жүргендері де бар.
Бәрінен де қуаныштысы сенің елге аман оралуың. Меніңше, ашаршылық жылдардағы жаныңды жалдап, басыңды оққа тігіп, істеген ісіңді сенен жақсылық көрген отбасылары ұмытқан жоқ. Осыны өміріңе өзек ет, медеу жаса.Ошағыңнан от кеткен жоқ, шаңырағың орнында. Осыны жаныңа жалау ет. Ешкімге кектенбе. Әлі бізге деген ызғар сеңі бұзылмағанын да ұмытпа...
Алексей тербеле, тебірене айтып жатқан сөз ырғақтарынан әңгіменің мәнісін түсінген. Он жыл абақтыда, одан кейін бес жылдай еңбек армиясында ешкімнің алдында бас имеген, күштімін дегендердің талайына табан жалатқан алып күш пен сара ақылдың иесінің мына шүйкедей болған шалдардың алдында басын төмен салып, үнсіз отырғанына таңғалды.
Кезек-кезек бірінен соң бірі сөз қапшығының аузын ашқандардың бір мүдірмей әдемі мақаммен сөйлеген сөздерін ұйып тыңдап отырған Алексей бұл халықтың сөзге шешен екендігін аңғарды. Әрқайсысы қанша сөйле десең, сонша сөйлейтінін білді. Кейде көңілі тербелгенде Сұлтанмұрат та терең мағыналы әңгіме айтатынын есіне алғанда бұл қасиеттің қанмен келгенін жақсы білді.
Бағанағы теміржол бойындағы қарсы алудан Сұлтанының халқына аса қалаулы азамат екенін тағы да түсінді. Қарапайым адамға осыншама құрмет көрсетілгеніне де тамсанған. Мұндай адамнан совет өкіметі бекер қауіптенбеген екен…
--Мына досың кім? – деген дауысты естігенде ғана өз ойынан өзі арылған Алексей жан-жағына қарады. Өзі туралы әңгіме қозғалғанын үй ішінде отырғандардың жанарларының қадалғанынан аңғарды. Оның үстіне кейбір жекелеген сөздерді түсініп, одан сөйлем құрауды да үйреніп қалған ол:
--Мен Сұлтан дос, - деді. Үй іші жым-жырт.
--Оу, мынауыңның төбесі тесік қой, - деді әлден соң отырған ақсақалдың біреуі.
--Бұл Алексей Смирнов деген ленинградтық жігіт. Он бес жыл бірге болдық. Оқымысты. Сәулетші. Үй, көпір, сарайлар салады. Еліңді, жеріңді көрем деген соң ерте келдім. Бала-шағасы, бауырлары, шешесі бар. Өте жақсы жігіт, - деді Сұлтанмұрат Алексейдің қолының сыртынан сипап отырып. – Екеуіміз отқа да, суға да бірге түстік. Қолының епсегі, жүрегінің түгі бар. Бәрінен де адал. Анау Ястрев сияқты қазақты кемітпейді. Ол өзі бар ма?
--Ондайларды оқ та алмайды. Соғыстан мүгедек болып келді дегенді есіттік.
--Әлгі Жантай сорлы ше? Жаны жақтырмайтын кісіні «сорлы» деп, айту көптен бері ауызына жиі орлатындығына таңғалды. Айтарын айтып алып, қысылғандай рай білдірді. Оның үстіне алдымен ауызына Жантайдың оралғаны несі? «Неге сұрады?» деп ойлайтындар да жоқ емес. Шынында да неге сұрадым?
--Талайлардың сорына туған азамат болды. Сонау Талаптыдан бастап, талай азаматтарды халық жауы етті ғой ол. Ол ұстатқан көп адам келмей қалды. Оның ішінде сенің тілеулесің Керімбек деген төле де бар. Байғұс алдындағы қойынан басқа ешнәрсені білмеуші еді. Соны да ұстатып жіберген Жантай әлі аттан түскен жоқ.
Күн түнге ұласты, түн күнге ұласты. Сұрау мен жауап көп болды. Бірақ көңілдің кірі кетпей,қайта қатпарлана түсті.
Біраз күннен кейін Алексейді жанына ертіп, атқа мініп, Алатаудың бөктеріне қарай жүріп кетті. Алғаш ат басын бұрған тұсы Ақмолда жуғысы болды. Көк майсалы ат шаптырым дөңгелек саз күздің соңғы күндері болғанына қарамастан жайқалып тұр.
--Мына жатқан тауды Ешкітау деп атайды. Бұл таудың біздің әулет тарихында алатын орны ерекше. Бұл Ақмолда батырдың мекені болған…
Алексейге Ақмолданың кім болғанын, мына жердің неге “Ақмолда жуғысы” деп аталатындығын, үлкен шешесі Тәттібикенің ел есінде мәңгі қалған бір қылығы туралы әңгімелей жөнелгенін де ол байқамай қалды.
Жер мен көк тұтасып, көбелек қар аспанда қалықтай бастағанын алыстан ақ дулығалы атасы Ақмолда көрінгендей әсер ойын биледі. Қайран Ақмолда! Азаматың сондай болса арман бар ма? Бабасы Байзақты Шымкентте Құдиярханның өкілі Әлімқұл үш зеңбіректің аузына көлденеңінен байлап атқан кезде Ақмолда Верныйден шыққан орыс әскеріне кеткен. Оларға Байзақ датқаның сәлемін жеткізіп, тезірек ертіп әкелмек. Датқа сауатты,батыр, шешен болып өскен бұл баласын өзгелерден ерекше көріпті. Сондықтан да қиын істерді Ақмолдаға тапсыратын. Таңертеңмен жолға шыққан ол жолда жансыздарынан хабар алысымен әкесіне жолыққалы кері қайтып келсе датқа Құдиярханды шабуға қол жинау үшін ел аралап кетіпті. Есесіне апасы Батырбек датқаның қарындасы, әкесінің жақсы көретін әйелі Тәттібике қуана қарсы алды. Ел құрметтейтін бәйбішеге Ақмолда амалсыз болса да келген шаруасын жасырмай айтты.
-- Астыртын хабар алдым. Нәтиімді ( Ақмолда әкесін осылай атайды екен) пұшық Құдиярхан шақырады, бармасын, қастандық жасайды. Жеңіл көшпен құм жақты жағалай тұрсын. Мен шамам келгенше орыс әскерін тез ертіп әкелемін. Әкеммен жолыға алмай кетіп бара жатқаныма өкінемін. Осы хабарды айту үшін түстік жерден қайтып келдім,-деп аттаныпты. Неге екені белгісіз Ақмолданның сәлемін Байзақ датқаға Тәттібике жеткізбепті. Қайта «Хан шақырса қалма» деген. Хан жақсы ниетпен шақырады. Жаманшылық ойласа құрығы осы жерге де жетеді» дей келіп, өзінен туған кіші ұлы «Зәуірбекті хан алдына ерте бар» деп тілек айтқан ғой. Онысы біріншіден, Ақмолданың сөзіне мән бермегені, сенбегені.Тіпті датқаның баласының айтқанымен жүргеніне намыстанған сыңайлы. Одан кейін беделі талай жерге жеткен Байзақ датқаны өлтіреді дегенге сену қиын да болатын. Екіншіден, күндесі Алтынкүлдің Ақмолда бастаған балаларының күннен-күнге дәуірлеп бара жатқанын қызғаныпты. Сондықтан да кіші ұлы Зәуірбек хан алдында болып, сыйлық алып қайтса көзге түсер, ел құрметтер дегені болса керек. Тәттібике апамыздың бір бармағын бүгіп қалуға себеп болғанын Ақмолда естіген және білген. Орыстың қалың әскерінің көшін бастап келген Ақмолда мұның бәрі күндестіктен болғанын біліп, қатты ренжіпті деген сөз бар. Кейін Батырбасы (мұндай атақты орыстар бірде-бір қазаққа бермеген), орыс әскерінінің капитаны атанғанда, атақ-даңқы алысқа кеткенде Тәттібикенің сол қылығын қайта-қайта еске алып, әкесінің әскер жинап ханды шабам деген хабарын астыртын Құдиярға жеткізгендерге қарсы бірнеше рет қылышын қынабынан суырмақ болған да ел тыныштығы, атасы Байзақ датқаның жау іздемей, дос іздеген қасиетін еске алып, ашуын басқан ғой.
Сол ұлы атасы Байзақ мынау алдында көлденең жатқан жотаның арғы жағын жайлаған қырғыздың Пиязбай деген манабының қызын алған үшін датқа қалың малдың есебіне анау жатқан Ешкітауды бергені де елдің тыныштығы үшін жасаған мың әрекетінің бір көрінісі ғана.
-- Алексей, айта берсе қазақ та тарих көп. Біздің тарих елдікті, ынтымақ, бірлікті сақтап қалу тарихы. Жаңағы айтқандай әтеген-ай дейтін кездеріміз де көп болған…
Түске дейін аталарының атымен аталатын бұлақтарды, сай-саланы түгел аралап, Көксайдан бастау алатын Қабылбек каналының бейіт тұсына келгенде ғана аттан түсті. Көбіктеніп, аспанға шапшып, арнасынан асып кетуге сәл - сәл ағыны жетпей жатқан Көксай суы ауылға қарай қиялай тартады. Бейіттің жанынан өткенде ғана ирелеңдей ағып, ағысын бәсеңдетеді. Атынан түсіп, шылбырын Алексейге беріп, бейітке тікелей тартты. Бейіт басында көп отырды. Білген құранын оқып, дұға жасады.
--Ал Алексей, енді мен саған бір керемет көрсетем. Анау белден ассақ арғы жағы Қырғызстан. Онда менің досым Қуандық пен Қасен тұрады. Анау ауылда кеше өзің көрген Өмірәлі құда әрі дос бар. Бізге көлбей тұрған ауылда Жантай өмір сүреді. Енді біз Қазақстан мен Қырғызстанның шекара белгісіне барамыз. Сонау жиырма бесінші жылдары сол шекараны белгі қоярда мен ауылнай хатшысы болатынмын. Яғни, сол белгілерді қоюға тікелей өзім қатыстым. Менің арманым сол белгіні көру емес. Онда менің өмірлік қымбатым бар, - деп, атына мініп, артына бұрылмастан жүріп кетті.
Сайдан өтіп, қиялап жотаға көтерілген сайын аттардың жүрісі бәсеңсіп, ырсылдап қалды. Сұлтанмұрат оны аңғармағандай атын тебінгеннің үстіне тебініп келеді. Жотаның биігіне көтерілгенде ғана басын тартып, атынан түсті. Күннің ызғарлы суығы күздің мамыражай шуағын жеңіп, қыстың келіп қалғанынан хабардар еткендей. Олар жотаның ең биігіне шықты да жан-жағына бағдарлай қарады. Байқайды досы бір нәрсені іздегендей көзімен айналаны аймалады. Әлден соң қалың шөпті жапырып жерге қағылған білеу темірді тауып алды. Оның басындағы қалақтай қаңылтырды сипап біраз отырды.
--Таптым. Осы жерде, - деді жай ғана.
--Нені таптың?
--Шыда, қазір көресің, - деген ол қоржынынан қайла алып, әлгі жерді қаза бастады. Әлден соң жерден көмір шықты. Алексей қайла ұшынан ұшқан көмірді ұстап досына қарады.
--Неге екенін білмеймін. Шекара белгісі болған осындай қадалардың бәрінің түбіне көмір көмілген.
Әңгімесін күрт үзген ол тізерлеп отыра кетті де: “Бар екен” деді.
--Немене алтын көміп пе едің?
--Жоқ, алтыннан да қымбат.
Әлден соң өзі қазған шұңқырдан бір орамды көтеріп алды. Жайлап көк шалғынның үстіне қойды. Орамның сырты бірнеше қабат тері болып шықты.
-- Алексей, бабамнан қалған мұра. Бұл бабам Қабылбек болыстан қалған кемер күміс белдік.
Қуанышты жүзін жасыра алмаған Сұлтанмұрат жалпақ кемер белдікті маңдайына тигізді, одан соң сүйді.
Күміс белдікті аялап отырған Сұлтанмұраттың көңіл-күйі толқулы екенін сезген Алексей де үнсіз. Күн сәулесіне шағылысқан белдік жалт-жұлт етеді.
--Шіркін өмір-ай, осы белдік те кезінде үлкен әңгіме болып, мені шолақ белсенділер осы үшін де жазғырған. Қазақта бас киімнен кейін қасиетті болып саналатыны белдік. Сондықтан да бөрік пен белдікке мән беріп, оның асыл болуын қалаған. Бұл бабаларымнан қалған күміс белдік. Кезінде бабамыз мұны көкпар шабатын қос айғыр беріп соққызған екен.
Сұлтанмұрат белдікті аудастырып, сипалап ұзақ отырды. Әлден соң орнынан тұрып, шекпенін шешіп, беліне тақты. Салыңқы қабағының қыртыстары жазылып, жүзіне қан жүгірді.
Ауылға жақындаған сайын күн суытып, соңы қарға ұласты. Жапалақтап жауған қар тез-ақ даланы ақ мамыққа орады. Алатаумен жер астасып, бәрі аппақ түске айналды.
-- Бір күн кешіккенде бұл жерге келуіміз қиын болатын екен, - деп, Алексейге күле қарады. —Қарашы, тез-ақ дала танымастай өзгерді. Құдай қаласа бұл қарың бір-екі күнсіз тоқтамайды. Жол жабылып ауылдардың бір-бірімен қатынасуы тоқтайды. Тұмауың да жоғалады. Одан кейін бұл далада мамыражай күндер басталады.
Алексей күлді. Досының соғым-басының мәні мен маңызын түсіндіру шеберлігіне таңғалды.
Осы бір есте қаларлық оқиғадан он бес күннен кейін бүкіл ауыл болып Алексейді жолға шығарып салды.
--Ал достым, сау бол! Енді көреміз бе жоқ па, оны айту қиын. Сені жанымдай жақсы көріп кеттім. Мені ұмытпа,- деп, жерге шөкелеп отыра кетіп, сыртқы шекпенін асығыс шеше бастады. Бауырлары мен ауылдастары, алдында тұрған досы оның не істегелі жатқанын түсінбей аңтарылып, тұрып қалды. Шекпенін шешіп тастаған соң бабасынан қалған күміс белдікті белінен шешіп, қос қолымен аспанға көтеріп:
-- Бауырларым, Амантай, Қамбар, Кемелхан, менің сорақайларым! Мына кемер белдік сендердің бабаларыңдікі. Мені кешіріңдер. Бұл белдікпен мен қоштасқалы тұрмын,- деп, батыр күміс белдікті маңдайына апарды, одан соң ерніне тигізді. Орнынан тұрып, айналасына ұзақ үнсіз қарап тұрды. Елдің назары бір өзінде.
--Екеуіміздің достығымыздың белдеуі болсын, мына күміс белдікті саған сыйладым, - деген Сұлтанмұрат Алексейді құшақтап, белдікті беліне таға бастады. Осы кезде досының ниетін енді түсінген Алексейдің даусы оқыс шығып кетті.
--О... не дегенің! Бұл – мұра! Мұрагер сен, сенің ұрпағың! Алексей белдікті беліне байлатпады.
--Жоқ, сен болмағанда бұл белдікті менің беліме қайта байлауым екіталай еді. Талай рет өмірімді сақтап қалдың, көзімді аштың, өмір сүруді үйреттің. Егер үйіңде тұрмаса, өзің тамсана айтатын ермитәжіңе тапсыр. Бүкіл әлем көрсін. “ Қабылбек болыстың белдігі” деп жазып қой, - деді де Сұлтанмұрат күміс белдікті тағы да маңдайына тигізді де жан-жағын бағдарлай тұрып сөйлей жөнелді.
– Бауырларым, Қабылбек болыстың мұрасын қайдағы жоқ орысқа берді деп айыпқа бұйырмаңдар. Мен кейде кешегі күннің осындай белгілері де өмірімізге апалаң-топалаң әкеле ме деп қорқамын. Бұл белдік үшін бабамыз елдің есіне келе бермейтін әрекеттер жасаған. Кешіріңдер мені...
Одан әрі ол сөйлей алмады. Алқымына өксік толды, қос жанардан жас парлады. Күміс белдікті Алексейге қайта ұсынды. Ол бұл жолы қарсылық білдірмей күміс белдікті аса бір ыждаһаттықпен қолына алды. Алексей белдікті біраз аудастырып ұстап тұрды да аса жылдамдықпен оның бір танасын жұлып алып, досының қолына ұстатты.
-- Өткен күндерден саған белгі болып қалсын... Өткеннен белгі де қалғаны жөн. Ал өміріңнің өкінішті сәті болса да оны ұмытуға болмайды. Ұмыттырма,- деген ол ұзын сары кірпіктеріне ілініп қалған жасты көрсеткісі келмей теріс айналып кетті.
Екі дос қимай қоштасты. Сұлтанмұрат Алексейді құшақтап, бауырына ұзақ басып тұрды.
-- Қош бол! Жүрекпен түсінісетін арыстаным...
Екеуі бір-бірін кеуделерін түйістірді. Бір-біріне жүректерін жұлып беретіндей егілді... Оны бекет басына келгендердің бәрі түсінді.
Поезд сырғып жүре берді. Күміс белдікті қолына ұстаған Алексей қолын бұлғап, алыстай берді... Пойыз доңғалағының дүрсілі алыстай түскен сайын Күркіреусу өзенінің жұлқына, күркірей аққан дауысы жақындай берді...
Уақыт алға жылжыған сайын кешегі “халық жауларының” да еңселері көтеріле бастады. Бірақ ол шуақ та ызғарды ысырып тастай алмады. Мұның бәріне Сұлтанмұрат селт етпеді. Бой жазып, көңіл көтеру үшін бұрынғыдай қырғыздың Грозный ауылындағы базар бозагеріне бармайтын болды. Сол жылдары темір жолдың жоғары жағындағы жаңабайлар қырғыздың Грозныйына бармаса тұра алмайтын. Батырлары аяқ тартқан соң олар да бармайтынды шығарды. Енді Сұлтекең қатарластарының басын қосып, Боранды бекетте қымыз-жора күндерін өткізуді дәстүрге айналдырды. Неге ол қырғыз айылына бармайтын болды, оны ешкім білмейді. Сұрауға да бата алмады. Сонымен не керек Борандыдағы бас қосулар кейінірек “Сұлтанмұраттың қымыз-жорасы” деген атқа ие болды. Оған қапталдасып жатқан қырғыздар да, Қошқаратадағы қаңлылар мен нағашы жұрты сиқымдар да, аудан орталығында базар жағалай орналасқан Мамажан бастаған өзбектер де, қалың немістің ортасында жалғыз қоныстанған досы Исақ та, Түлкібастағы құдалары да қатысып, әңгіме дүкен құратын. Мұндайда бір жасап қалатын. Көңілін көтерудің жолын осылай тапқанымен ол да жанына дауа болмады. Сонау Магаданда жүргенде дәмін татқан арақты да кеселеп ішіп көрді. Бірақ бәрі бекершілік екен. Осыны түсінді. Заман қайта айналып келмесін білді. Алексейді сағынады, онымен бірге кеткен күміс белдікті түсінде іздеп аласұратын күй кешті. Әйтеуір көңілі тыныш емес.
Осындай бей-жай кешіп жатқан күндердің бірінде үйге бір топ кісі келді. Алғаш келгендерге мән бермей “малын жоғалтқандардың бірі болар” деген де қойған. Кейде малы ұрланғандар өзіне келіп, жөн сұрайтын. Малына ұры қай жақтан келгенін айтып беруін өтінетін. Себебі ашаршылық жылдары колхоз малын алып, нашарлар мен аштарға апарып беріп жүргенде ұрлықы малдың қозғалысына әбден қаныққан болатын. Үш-төрт рет ұрланған көп малды тауып та берген. Осыдан кейін-ақ өзіне жалбарынып келушілер көбейген. Тіпті кейде кейбіреулер “Сұлтанмұрат ұрыларды басқарады” деген де пікір айтып қалған. Мына келгендер де мал жоғалтқандардың бірі болар деген де қойған. Яғни, жүздеріне назар аудармай-ақ төрге оздырған.
--Сұлтанмұрат, қартая бастаған екенсің, танымадың ғой. Мен Ястрев емеспін бе?
Сұлтанмұрат бір орнында қалт тұра қалды да бұрынғы милиция бастығының жүзіне көз тастады. Екеуінің көзі ұшыраса кетті. Сұлтанмұраттың сұсты жүзі мен өңменіңнен өтетін жанарына тіке қарай алмай Ястрев көзін тайдырып әкетті.
--Мен сенен кешірім сұрай келдім. Жасымыз болса жер ортасынан асып кетті. О дүниеге кеудемдегі ащы өкінішті ала кеткім келмейді, - деп қолын созды. Сұлтанмұрат болса мына сөзге не дерін білмей созылған қолды алды.
--Мұндайда заманды кінәлаймыз ғой. Бірақ бізден де кінә болғанын мойындаймыз. “Халық жауын табыңдар” деп күн сайын жер тепкілеген соң, одан кейін шексіз еркіндік алған адам семіріп, кеудесі не нан піседі екен. Сондай кебінді жалғыз менің ғана кимегенімді білесің. Кешіре алсаң, кешір...
Бұл сөздерді бұрынғы милиция бастығы тікесінен тік тұрып айтты. Сұлтанмұрат болса мұндай сөзді күтпеген еді. Тағы да Ястревтің жүзіне қарады. Өңі солып, көзі селкеуленіп, алды қалталаныпты. Жүзінде сәл ғана абыржу бар сияқты. Шын пейілімен айтып тұрғаны байқалады. Жанындағыларға да көз тастады. Ауылдың екі-үш ақсақалы мен сексенді алқымдап қалған ауылдасы мұжық Зинченко да төрге өте алмай есік алдында тұрып қалыпты.
--Жоғары шығыңдар. Тәліш қазан көтер. Айналайын Райхан, сен де шешеңе көмектесіп жібер. Жашанжан, Амантай,Қамбар, Кемілхан көкелеріңді шақырып кел, - деп, кеше ғана төркіндеп келген қызы мен ұлына тапсырма берді.
Аядай, қара көлеңкелі бөлмеде ұзақ тыныштық орнады. Сұлтанмұрат әдеті бойынша қонақтардан төменірек бұрышқа шөкелеп отырды. Салалы саусақтарын біраз сипалап отырды да бұрынғы милиция басына тіктеп қарады. Осыны күткендей Ястрев басын көтеріп, Сұлтекеңе тіке қарады.
--Менің саған деген өкпем жоқ. Кешір десең, көңіліңде қаяу қалмасын, кешірдім... Бар кінәні заманымызға арта салатын әдетіміз бар. Сол заманның жаман әдетіне, әділетсіздікке қарсы күресу екінің бірінің бақытына жазбаған. Сондықтан да қалың жұртшылықты кінәлауға болмайды.
Ястрев орнынан ұшып тұруға бірнеше рет оқталып барып, ақсақ аяғын бауырына жинап алғаннан кейін ғана әрең тұрды. Көзінде жас. Шойнаңдай келіп, Сұлтанмұратты құшақтай алды.
--Рахмет! Сенің осындай азамат екеніңді бұрыннан білетінмін. Бірақ сенің халық алдындағы өлшеусіз беделің мен колхоздастыруға деген қарсылығың көп басшыларды қорқытты, - деген Ястрев әңгімесін кілт басқа тақырыпқа аударды.
--Ақталуға арыздандың ба? Қазір сен сияқты жазықсыз “халық жауы” болғандар ақталып, қажет болса өкіметтен айып ретінде қаржы да алып жатыр, - деді ағаш аяғын созып жатып.
--Мен өздігімнен “халық жауы”, “ұры” атанғаным жоқ. Қажет деп тапса, бүгін болмаса өкімет ертең өзі ақтап алар. Тарихтың ақ пен қарасы ажыратылайын деп тұрғандай ғой. Болмаса бала-шағаға сана берсін. Ізденсе солар ізденер.
Бұл күнгі әңгіме әр түрлі тақырыпта болды. Көңілдің көп тығындары атылды. Бірақ жүрек түкпіріндегі қыртыс жазылмады. Оны екеуі де іштей түсінді. Көп сөз көбік сөз болып, жасанды сабақталды. Ұзақ сонар сөзден іліп алар ештеңенің болмағанына екеуіде іштей таңданды да қойды. Жүрек шіркін жұлқынбаған соң, иіп, еміренбеген соң бір-біріне нұр болып құйылмады.
Өмірдің соңғы он жылдары Сұлтанмұрат үшін ерекше болды. Сонау бір қиын-қыстау жылдары жүрген жерлерін аралап, достары Өмірәлі мен Қасеннің ауылында болып, өткен-кеткенді әңгімеледі. Сонымен бірге ойламаған жерден осындай көңіл толқытар кездесулер де болды.
Жантайдың сал болып ауырып жатқанына көп болғанын естіген сайын көңілі бір түрлі қобалжып, ойына әрнәрсе түсе берген. Ақыры ол Жантайдың көңілін сұрап баруға бекінген.
Сұлтанмұрат үйге кіргенде Жантай қабырғаға қарап жатыр екен. Үйге кісінің кіргенін аңғарған Жантай ыңырана жайлап оң жамбасына ауысты.
--Амансың ба, Жантай?
Жантай Сұлтанмұраттың нығырлай сөйлеген дауысынан селк ете қалғандай болды. Тіпті орнынан тұрмақ болып ұмтылып қалды. Быртық саусақтары дірілдеп, қуаң тартқан жүзі сұрланып, түкірігіне шашалып қалды.
--Амансың ба, Жантай? – деді тағы да. Бұл жолы дауысында сондай бір жылылық басым.
--Сұлтанмұрат, келдің бе? Жүрегім сезді сенің келетініңді. Бірақ сен маған «сенде жүрек бар ма?» еді деп сұрақ қоюыңда мүмкін. Бірақ мені мүсіркеп, олай демеуің де ғажап емес. Жә, оны қояйық. Атасына нәлет. Екеуіміздің көріспегенімізге қырық жылдан асса да мен сені бір сәт те ұмытқан емеспін. Атыңа қанша күйе жақсақ та сен халықтық болдың. Ал мен ше...
Жантай сөзінің соңын айта алмады.
--Сені ұры атандырғымыз, барымташы, бодауын жинаушы жасағымыз келгенін несін жасырайын... Кемсеңдеп барып сөзін қайта жалғады. – Сор маңдай бейшара, айтақтаған ит болыппыз ғой. Ол тағы кемсеңдеді. – Мен елдің қарғысына ұшырадым.Бүйіткен өмірінің атасына нәлет. Итке сүйек тастағандай күй кештік ғой…
--Ескі қозаны несіне қопсытасың. «Сүттен ақ , судан тазамыз» деп айта алмаймын. Жаза басқан жеріміз болмаса осыншама тауқымет тартпаған болар едім. Енді оның шарпуы ұрпақты шалмасын. Кінәлі заман мен заң,- деп, Жантайға қолын созды.
--Бұл жерде де сен жеңіске жеттің. Сен бүгінгіңді ғана емес, ертеңіңді ойлап, балалар өштеспесін, “Жантай мен Сұлтанмұраттың қастығы болмаған” деген сөз қалдырғың келеді ғой. Рахмет ниетіңе. Елдің қарғысына ұшыраған мен бейбақ міне он жылдан аса сал болып жатырмын. Ал сен қымыз-жора жасап, қырғыз бен қазақтың төл ұлындай сайран салып жүрсің. Баяғы елге таратып берген колхоз малы сенің басыңа бедел әкелді. Облыс, аудан басшылары саған барып сәлем беретін болыпты. Өмірдің алма-кезек болғаны ма? Бірақ менің өмірден ләззат алған кезім көп емес... Атасына нәлет…
Жантай созылған қолды алар алмастан өзінің тармастанып қалған саусақтарын жұлып алды да сол жамбасына аунап түсті. Кімге өкпесі бар, кімді кейіп жатыр , түсініксіз. Әліде Сұлтанмұратпен арпалысайын десе дәрменнің жоқтығына налып жатыр ма? Түсіне алмай үйден асығыс шықты. Табаққа салып әкелген таба нанның шетінен шымшып ғана алып , ауыз тиген қонағына әлде не нәрсені айтқысы келген кемпірдің де ауызын аштыруға мұрша бермеді. Ол болса « тоқта» деп айта алмады.
Осы бір кездесуден кейін Сұлтанмұрат көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, Жантайдың сөзін қайта-қайта есіне алып жүрді. Оның ойындағысын ғана тыңдап, сөз таластырмағанына да қуанды. “Айтақтаған ит болғанын” түсінгеніне де құдайға шүкір. Көп ұзамай Жантай бұл өмірмен де қоштасты.
Уақыт алға жылжыған сайын өмірінің қызығы мен тамашасы азайып бара жатқандай болып көрінді. Көңілі құлазып, кеудені бір сағыныш сазы басып бара жатқандай болады. Ол неткен сағыныш екенін өзіде білмейді. Осындайда дүр сілкініп, атқа мініп, жанына Сиқымбайды ертіп, Көксай мен Ақсайдың арасын аралайды. Өзінің қуғында болған кездері кезген тау мен тасты аралайды. Терістің жағасындағы Бурно-Октябрьдегі Исақ досының немесе үлкендердің әңгімелерін күн демей, түн демей тыңдайтын құйма құлақ болып өсіп келе жатқан Рүстемнің ұлы Нәбиді көргісі келіп Әзірет Қаратауға барады. Екі-үш жатып әңгіме дүкен құрады. Бозадан басталған әңгіме арақпен аяқталады. Енді бір кезде ешжаққа шықпай үйінде жатып алады. Мұндайда арсалаңдап қырғыздағы жолдасы Қуандық келіп, аңшылар мен ұрылардың қызықты әңгімесін айтып, көңілін аулайды. Селдір мұртын сипап қойып, бір жұтынып алып сөйлейтін Қуандық әңгіме айтқанда қутыңдап кетеді. Қазір де сол әдетіне басып отыр. Тағы да сылдырлатып сөйлей жөнелді.
-- Ұрыда тойым таппайтын көз бар. Олардың көзі бір түссе ол малдың егесі бауыры боса да алуға тырысады.
Бір ұры ағасының үйіне шаңқай түсте келсе, кермеде бір көк айғыр сылаң қағып тұр. Сол сәтте ішіне құрт түскен ол үйге сәлемдесе кірсе ағасы мен бейтаныс кісі жантайып әңгіме дүкен құрып, қымызды сіміріп отыр. “Кел, кел жоғары шық” деп ағасы өзінің жанынан орын беріпті. Қымыз ішіп алған соң, бойы балқып, қисайып жата кетеді. Әңгімеден аңғарғаны бейтаныс кісі жолаушылап келе жатқан алыс ауылдың кісісі. “Қайтсем көк айғырды алам” деп жатқанда, ағасы мен қонақ далаға шығып, дәрет сындырып келіп, қайтадан қымызға бас қояды. Ұйықтаған болып біраз жатқан ұры орнынан тұрып, керіліп, созылып, келген шаруасын қонақтың көзінше айтады да қоштасып, үйден шығып кетеді. Шыға көк айғырды жетекке алады. Айнала теп-тегіс алақандағыдай көрінеді. Тек үлкен қара жолдағы зуылдаған автомашиналардан басқа ешнәрсе көзге түспейді. Кішкене өзекшеге түскенде асфальт жолға салынған көпірді көреді. Тез арада айғырдың тілінен тартып тар көпірдің астына кіргізіп, шылбырымен алдыңғы екі аяғын және артқы бір аяғын байлап жүресінен отырғызып кетеді. Өзі тездетіп асфальттан қашқақтап, қырлау жердегі жолмен аяңдайды. Әлден соң тасырлаған дауыс естіледі. Қараса ағасы мен көк айғырдың иесі.
--Айғыр қайда?
--Қайдағы айғыр?
--Сенің алдыңда ғана кермеде тұрған көк айғыр жоқ.
--Не деп тұрсыңдар, мен көз алдарыңда тұрмын ғой. Бұрылмай тіке келе жатырмын. Бұл жерде ой-қыр да жоқ. Мен үйден шыққанда кермеде айғыр жоқ болатын.
Не керек ұры әлгілерге қосылып, көк айғырды бір күн, бір түн іздейді. Ал ертеңіне түн жарымда келіп, көк айғырды көпірдің астынан шығарып алып, діттеген жеріне жеткізіпті.
-- Ой, ит-ай, залым екен.
--Залым емес ақылды деңіз. Ақылы жоқ ақымақ ұры бола алмайды.
--Рас, рас. Жөн сөз.
--Тағы бір әңгіме айтайын.
Әлгі ұры колхоздың сиырын бағады. Өзімен қошына болып отырған шопан көршісінің он шақты қарасы анда-санда мұның табынына қосылып жүріпті. Ондайда ұры алысқа ұзамай-ақ көрші малын бөліп, ауылына қарай айдап тастағанын көршісі талай көріпті. Бір күні қосылған малды табыннан бөлгенімен бір тайыншаны алып қалыпты. Қораға жетпей шопан көршісі қуып келіпті.
--Менің бір тайыншам жоқ. Саған қосылған жоқ па? – дейді.
--Білмедім қаншасы қосылғанын. Қосылған. Жаңа ғана көзіме түскенін бөліп тастап едім ғой, - дейді бұл жайбарақат қана.
Көршісі табынды ары-бері айдап бәрін алдынан өткізеді. Тайыншасы жоқ. Бірақ бір сиырдың жанына қайта-қайта барып, әр жағына бір шығып, қарай береді.
--Мынау сиыр ма әлде тайынша ма, менің малыма өте ұқсас екен. Бірақ мүйізі қарағайдай. Ал менікінің мүйізі кішкентай болатын, - дейді.
Ұры үн қатпайды. Көршісі айналсоқтап табынның арасынан шықпай қояды.
--Көршім, көңілің қалмасын, ұры деген лақап атымыз бар. Қара, қара... Бар болса тауып ал...
Малын таппаған көршісі ұрыдан кешірім сұрап кетіп қалады.
--Ал сонда, шынында да тайынша қайда екен?
--Еш жаққа кеткен жоқ. Көршісі өз малына ұқсатқан мүйізі қарағайдай сиыр соның тайыншасы болатын.
--Мүйізі қалай қарағайдай болған?
--Ол тіпті оңай, ұры іші қуыс үлкен мүйізді тайыншаның кішкентай мүйізіне кептеп кигізе салған ғой.
Үй ішін күлкі кернеп кетті.
--Алда оңбаған-ай, барып тұрған қарақ екен.
--Ұрлық өнер сияқты. Оны қолынан келген, жүрегінің түгі бар азамат қана істей алады.
--Дегенмен де ұрлықтың аты ұрлық. Мен сонау ашаршылық жылдары колхоз малын ұрлағаныма мақтана алмаймын.
--Сіздікі өкіметке деген өшпенділіктен туған. Оны ешкім ұрлық деп айтпайды. Сізді соттағанда колхоздастыруға қарсы деп кінәламады ма?! Қазір де сол әдетіңізден жаңылысқан жоқсыз ,- деген Қуандық мырс-мырс күлді.
-- Неге күлесің? Сұлтанмұрат бойын түзеп, досының жүзіне тіктеп қарады.
-- Ел айтып жүр… Сіздің ауылыңыздың үстінен жыл сайын Алатауға, жайлауға кетіп бара жатқан колхоздың әр отарынан бір-бірден қой алып қалады екенсіз ғой…
-- Оттапсың! Мен олардан қой сұраптым ба? Өздері ауыл үстінен өтіп бара жатқан соң тарту тартып кететіні бар. «Бұларың не?» деп сұрасам; «Кезінде Сіз біздің бауырларымызға көмек көрсеттіңіз. Соның нәтижесінде аман қалғандар қанша ма. Оны ұмытуға бола ма? Бұл соның қайтарымы» дейді. Мен оның барлығын ауылдағы жарлы-жақыбайларға таратып беремін.
-- Қайдам ел Сізді әлі колхозға қарсы, ата-бабасының дүниесі үшін бодауын жинап жүр дейді ғой…
Ішкі ойын ешқашан да ашып айтпаса да халық оның өзі айтуға аузы бармайтын сырын білгеніне таңғалды. Қуандықтың сөзін қоштаған да жоқ, “тәйт” деп бетінен қағып та тастамады. Шыны керек, халыққа қандай үкімет болса да бәрібір. Бірақ ол халық мұңын шағып, ел мүддесін қорғауы керек. Зайырлы, ашық-жарқын, көпшілік үкімет болса болғаны. Бұл туралы Магаданда жүргенінде талай дуалы ауыз айтқан. Қуандықтың жаңағы сөзінен кейін ойына осындай толғамдар келді.
--Тағы бір әңгіме естідім. Сізге тарту жасамаған бір мақтаншақтың жазасын тартқызыпсыз. Мына жігіттерге айтып берейін, қызық болсын,- деген Қуандық досының бетіне тесіле қарады. Сұлтанмұратта үн жоқ. Безере қалыпты. Бұл оның әлде нәрсеге көңлі толмағандағы мінезі. Мұны қырғыз досы жақсы біледі. Баяғы кез болса оның алдында еркін сөйлеп, ойына келгенін айта алмас еді. Қазір заман да, уақыт та басқа. Оның үсіне соңғы жылдары досы шөңіп, бойын үнемі көңілсіздік билеп алған. Тіпті айналасында болып жатқан оқиғаларға да назар аударып, ойын білдірмейтін. Сондықтан да Сұлтанмұраттың қабағының қатулығына қарамастан есіткен әңгімесін бастай жөнелді.
… -- Көрдіңдер ме сендердің Сұлтанмұраттарың сүйртпеге айналған. Оны қазір ешкім сыйламайды. Бұрынғыдай оның көмегіне зар болатындай аш-жалаңаш жоқ. Байқадыңдар ма мен оған биыл ешқандай тарту жасамай-ақ жайлауға келдім. Қайтарда да тап осылай болады,- деп Өтеген жүрген жерінің бәрінде мақтанып, бүкіл ел құрметтеген адамды түке алғысыз етіп, жуындыны оның үстіне төге берді. Басынан сөз асырмайтын батыр танымайтын азаматтың осыншама өзіне өшіккеніне таңғалғанын маған таңдана айтқан-ды. Содан не болғанын білесіңдер ме? Естідіңдер ме? Қуандық жан-жағына маңғаз көз тастады. Білем, білем. Сендер ол істі нақты білмейсіңдер. Сондықтан да айтайын.
Күндердің күніне әлгі Өтеген сонау ылдидан маған қырғыз ауылына шауып келіпті. Түсі қашқан. Қан жоқ. Мен бір нәрсенің болғанын әрі меннен көмек сұрай келгенін білдім де бағамды асыру үшін жылы қабақ танытпадым. Ол жалынышты үнмен сөйлей жөнелді.
-- Қуандық, тамыр едік ғой, маған көмектеспесең сотталамын. Жалынамын, аяғыңа жығылып келіп тұрмын… Мен үн қатпай сазарып отырмын. Ол менің қабағымды көрген сайын жалынышты үнін соза түсті.
-- Мен масқара болдым! Мініп жүрген колхоздың төрт жылқысы мен қорадағы бес сиырымыз қолды болды. Мұның бәрі Сұлтанмұраттың ісі. Тілім тиіп еді. Соның жазасы болар…
Мен мәселенің мәнісін түсіне қойдым да, орнымнан қозғалақтап, оған енді көз тастағандай болдым.
--Екі жалғанда қызығың мол болсын! Маған көмектесе көр,- деді де үнсіз қалды.
--Есің дұрыс па, өзіңнің. Сұлтекеңді «ұрлады» деп қалай айта аласың?!- деп, мен дүңк ете қалып едім оның жаны шығып кетті.
-- Ойбай, «ұрлады» деп отырғаным жоқ. «Сол кісі біледі, мен барып кешірім сұрайын» деп отырмын.
-- «Ұрлатты» деп отырсың ғой,- оның жүзіне қарадым , ол үндемеді. Үнсіздік ұзақ созылды. Әлден соң ол әлсіз ғана дауыспен ; «Мені сотталсын» деп отырсың ғой. «Жазаңды тарт» дейсің ғой. Кінәлімін. Жазалаңдар! Бірақ абақтыға апармаңдар»- деп солқылдап жылап жіберді.
Өр көкіректеніп жүрген Өтегеннің жағдайы белгілі болды. Аяп кеттім. «Жарайды, хабарын күт»-деп қайтардым.
Қуандық шөкелеп отырған Сұлтекеңе көзінің астымен бір қарап қойып, үнсіз қалды. Әңгіме тыңдап отырғандар да «батыр не айтар екен» деп, әліптің артын бағуда. Әлден соң Сұлтанмұраттың даусы шықты.
--Қуандық тамыр, қырғыз ауылының жағдайы қалай? Ұрлық көп пе? Ұрлық көп болса тұрмыстың айтарлықтай жақсы болмағаны.
--Бар, бәрі бар. Ұрлық та, қорлық та бар. Бірақ ел іші тыныш. Барға қанағат, жоққа салауат.
--Кеттік, бүгінгі қымыз ащылау болды,- деп батыр етегін қағып, орнынан тұра бастады.
--Оу, жаңағы әңгіменің соңы немен бітті,- деп отырғандар шу ете қалды.
-- Мен білмеймін. Оны Қуандық біледі. Бір айғырынан басқасын тауып берді деп естігенмін. «Көп асқанның бір тосқаны болады» деген сол да. Тағыда бұлар оны жеңіл жазалаған. Сөз сөйлегенде алды артыңды ойлап сөйлеген дұрыс болады. Сөз қиын… Мен өмір бойы сөздің жазасын тартып келемін…
... Шатырбұлаққа қарай көтерілген сайын соңғы күндері тарылып жүрген тынысы кеңіді. Боз аттың үстінен жан-жағына асықпай көз тастады. Батып бара жатқан күннің қызыл шапағы батысты сәнге бөлеген. Ақ мамық, қаз бауыр бұлттар қызыл түске боянған. Алатаудан соққан самалға бетін тосты. Боз да иесінің мамыражай көңілін білді ме, аяңға көшті, ауыздығын шайнап, шөптің басын шалып келеді.
Шатырбұлаққа жеткенде атынан түсіп, көк шалғынға аунай кетті. Құлағына Шатырбұлақтың сыңғырлай аққан дауысы келді. Әкесі Тілеуқабыл, анасы Бибігүл ат суарып, су алған бұл бұлақтың көзін бабалары ашқан. Бұл бұлақтың басында құдай қосқан қосақтары Алтын мен Тәліш талай сырласқан. Бала-шағалары балдәуренін өткізіп, суын сіміріп өскен. Бауырлары асыр салып ойнаған.
Жайлап орнынан тұрып, күбірлей бұлаққа жақындады. Бұлақты жағалай өскен алабота мен бүлдіргенді ысырып-ысырып тастап, суына қолын созды. Мөп-мөлдір, тастай суық екен. Екі уыс су бүкіл денесін сергітіп, көкірегінің пердесін ашқандай болды, шекесін шыңылдатты.
--Қайран Мыңбұлақ, сенің суыңды жаман да, жақсы да ішеді. Сонда да тарылып, тартылмайсың. Адамға да осы қасиетті бергейсің. Табиғат- Ана, қандай кең едің?! Бұзылма! Ашуланба! Сүйенеріміз бен сенеріміз сен – жаратқан ием. Мейіріміңді төк Жер-Анаға! Алла тағала, жаратқаныңа шүкір. Көрсеткеніңе, бергеніңе тәубе!..
Күбірлей сөйлей көк шалғынға жантайды. Қалтасынан ақ орамалды алып, орамын аша бастады. Бабасынан қалған күміс белдіктің үзігі шықты. Алғаш көргендей аудастырып, тесіле қарады. Әлден соң алабұртқан көңілі басылып, сабасына түсті. Айналасына мейірлене көз тастады. Қолындағы күміс белдіктің жұрнағын сипалап бастау басында ұзақ отырды...
Достарыңызбен бөлісу: |