Күні: 24 .10.2020 ж. Тақырыбы: Оқиға ықтималдығы және оның қасиеттері. Ықтималдықтарды қосу және көбейту ережелері.
Жоспары: Оқиға ықтималдығы және оның қасиеттері
Ықтималдық теориясы – кездейсоқ бір оқиғаның ықтималдығы бойынша онымен қандай да бір байланыста болатын басқа бір кездейсоқ оқиғаның ықтималдығын анықтауға мүмкіндік беретін математика білімі. Ықтималдылық теориясында кездейсоқ құбылыстардың заңдылығы зерттеледі. Кездейсоқ құбылыстарға анықталмағандық, күрделілік, көп себептілік қасиеттері тән. Сондықтан мұндай құбылыстарды зерттеу үшін арнайы әдістер құрылады. Ол әдістер мен тәсілдер «Ықтималдылық теориясында» жасалынады. Яғни «ықтималдық теориясы» дегеніміз - кездейсоқ оқиғалардың орындалуының заңдылығын зерттейтін математиканың бөлімі.
Ықтималдықтар теориясының негізінде «математикалық статистика» ғылымы пайда болды. Математикалық статистиканы бақылау нәтижелерін қорытындылайтын әдістерді зерттейтін ғылым деп есептеуге болады. Ол қызметтің барлық салаларында маңызды роль атқарады.
Ықтималдықтар теориясында, ең бастапқы ұғымдар – оқиға мен ықтималдық. Оқиға деп жасалған тəжiрибеде, бақылауда шығатын нəтиженi айтады. Оқиғалар үш түрге бөлiнедi: ақиқат, мүмкiн емес жəне кездейсоқ болады. Егер оқиға сөзсiз пайда болатын болса, онда ақиқат деп атайды. Егер оқиға мүлде пайда болмайтын болса, онда оны мүмкiн емес деп атайды. Егер оқиғаның пайда болатындығын, не пайда болмайтындығын алдын ала айтуға болмайтын болса, онда оны кездейсоқ деп атайды. Кездейсоқ оқиғалар латынның А, В, С... бас əрiптерiмен белгiленедi.
Күнделікті өмірде орындалатын да, орындалмайтын да оқиғалар жиі кездеседі. Таңертең тұрып терезеден далаға қарасақ, далада күн ашық болуы да, бұлтты болуы да, жаңбыр жаууы да, қар жаууы да мүмкін. Бұлардың бәрінің орындалу мүмкіндіктері тең. Мұнда бірі орындалса, басқалары орындалмайтын жағдай бар. Және олар кездейсоқ оқиға болып табылады. Асықты лақтырғанда оның бүк, шік, тәйкі немесе алшы жағы жоғары қарап түсуі де – кездейсоқ оқиға. Сонымен, кездейсоқ оқиға деп белгілі бір тұрақты жағдайда орындалуы мүмкін немесе орындалмауы мүмкін оқиғаны айтады.
Кездейсоқ оқиға болып мына оқиғалар саналады:
1. жалған — ешқашан орындалуы мүмкін емес оқиға,
2. ақиқат — әрбір тәжірибе барысында орындалатын оқиға.