Көкшетау 2006 ббк 88,3я 73 /5к/ к 76


Қабылдаудың негізгі қасиеттері



бет7/15
Дата31.01.2018
өлшемі2,82 Mb.
#36321
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15

6.6. Қабылдаудың негізгі қасиеттері.

Қабылдаудың заттық тектілігі. Қабылдаудың бұл қасиеті оның объектив болмыстық көрінісімен түсіндіріледі, яғни сыртқы дүниеден алынатын ақпарат көзі осы объектив дүниенің өзінде болуы. Заттай қабылдау адамның тума қасиеті емес, ол өмір бойы қалыптасып, іс-әрекеттің барша саласында бағыттау-реттеу қызметін атқарады. Қоршаған дүниені заттай тану сол затпен жанасу барысындағы қозғалыс процестерінің негізінде орнығады (И. М. Сеченов). Қозғалыс болмаған жерде біздің қабылдауымыз заттық қасиетінен айрылып, сыртқы ортамен байланысқа келе алмаған болар еді.

Қабылдаудың заттық негізді болуы әрекет-қылықты реттеуде үлкен маңызға ие. Әдетте, біз нақты нысанды басқалардан түрі мен сипатына қарай бөлмейміз, біз үшін бұл жағдайда ең қажеттісі онын тұрмыстық қажеттілікке жарайтын негізгі қасиеттері. Мысалы, пышақ кесуге жараса - пышақ, болмаса әншейін металл. Қабылдаудағы басты міндет - осы қасиеттерді тану.



Қабылдаудың тұтастығы.Түйсік, жоғарыда айтқанымыздай, заттардың жеке қасиеттерінен ақпарат жинауға қажет, ал қабылдау да сол заттардың қарапайым бөлшектері жөніндегі біліктерді біріктіру арқылы тұтастай бейне жаратамыз.

Түйсік құрайтын бөліктер өзара өте тығыз әрі күшті байланысқан, мұны біз сезім мүшелерімізге кейбір заттардың бір қасиеті немесе бөлігі ғана әсер етуден-ақ біздің санамызда сол заттың күрделі бейнесі туындайды (мақпал, мәрмәр тас). Мұндай танымның негізінде біздің бұрынғы тәжірбиемізде көру мен сипай сезу арасындағы шартты рефлексті қалыптасқан байланыстар жатыр.

Тұтастық - қабылдаудың құрылымды болуымен байланысты. Қабылдау көп жағдайда біздің мезеттік түйсінулерімізге тура келе бермейді, әрі сол түйсіктердің қарапайым косындысынан жасалмайды. Адам, әдетте, нақты түйсінуден дербестеніп, дерексізденген қорытынды құрылымды қабылдайды, ал бұл қорытындыға келу біршама уақыт өтуін талап кылады. Егер сіз қандай да бір әуенді тыңдай қалсаңыз, алғашқы естіген нотаңыз келесі нота берілгенше құлағаңыздан кетпей қояды. Әдетте, тыңдаушы үшін ән-күй бірінен соң бірі келетін ноталарымен емес, біртұтас әуенімен мәнді.

Қабылдаудың тұтастығы мен құрылымдығы бейнеленуші қоршаған дүние нысандарының шындыққа сай өзіндік ерекшеліктерінен туындайды.



Қабылдау тұрақтылығы (константтығы). Қабылдау тұрақтылығы деп өзгерген жағдайларға қарамастан заттың кейбір қасиеттерінің бір текті сақталуын айтамыз. Өзгерістер орынын толықтыру қабілетіне ие қабылдаушы талдағыш-тардан құрылатын тұрақтылыққа орай біз қоршаған дүние заттарын бір қалыпты күйінде танып, білеміз. Көбіне заттардың түрі, көлемі мен формасы мызғымас қалпында бейнеленеді.

Қабылдаудын мағыналылығы. Қабылданған нысан тұтас, оның мәні сөзбен беріледі, мазмұны тұжырымдалады. Қабылдау мағынасының қарапайым түрі - тану. Тану жалпылап_тану немесе талғаусыз тану және даралап тану болып бөлінеді. Жалпылап тануда нәрселсрдің жай-жапсары терең біліне бермейді, ал даралап тануда заттар мен құбылыстарды айыру анық әрі толық түрде өтеді.

Апперцепция. Қабылдау процесі тек тітіркенуден ғана пайда болмай, субъектінің өзіне де байланысты көрініс береді. Қабылдайтын көз, құлақ емес, әрекетшең адам, сондықтан қабылданған бейне мазмұны қабылдаушы тұлға ерекшеліктерімен де сипатталады. Қабылдау нәтижесінің жеке адам психикалық өміріне, оның тұлғалық ерекшеліктеріне тәуелділігі апперцепция деп аталады. Қабылдау барысында адамның өткен өмір тәжірибесі үлкен рөл ойнайды. Сондықтан да бір заттың өзін әрқилы адамдар (біліміне, тәжірибесіне, тәрбиеленген ортасына, жасына, ұлтына, қызметтік дәрежесіне, т.т. орай) әртүрлі қабылдайды.

Қабылдау мазмұны адамның алдына қойған мақсат, мүддесіне де орайлас келеді. Ниет, көңіл шарпуларының ықпалымен қабылдау мазмұны уақытша өзгеріске де түсуі мүмкін. Мұндай уақытша апперцепция адамның әртүрлі алдануы - иллюзия салдарынан жаңсақ пікірлер туғызатын жағдайларда болады.

Жүйке жүйесінің ауруға шалдығуына байланысты жалған, теріс, бұрмаланған бейнелер туындайды. Мұндайдағы қабылдау галлюцинация деп аталады.

Тақырып: 7 . Ес .

7.1. Ес жөнінде түсінік.

Ес – дегеніміз адам тәжірибесін есте тұту, сақтау және қайта жаңғырту жолымен бейнелендіру. Демек, біздің әрбір толғанысымыз, әсерленуіміз бен әрекет-қылығымыз санамызда біршама уақыт (ұзақ, қысқа) сақталып, қажетті жағдайларда қайта жаңғыртуға келетін іздер салатыны баршаға мәлім. Осыдан, өткен тәжірибемізден қалған іздерді жадымызда қалдырып, сақтап, кейін бұрын білгендерімізді жойып алмастан, оларды қайта танып, жаңғыртумен ақпарат топтауымыз ес деп аталады.

Сонымен ес  бір-бірімен ұштасқан дара бөлектерден құралған күрделі психикалық процесс. Ес адамға өте қажет жан құбылысы. Оның арқасында субъект жеке басының өмірлік тәжірибесін жинақтап, сақтап, соңғы пайдасына жаратады. Ес жас ұлғайған сайын өзгереді және оны жаттықтырып отыру керек.



Мнемотехника – бір нәрсені ұмытып қалмас үшін, жадында сақтау үшін қолданылатын

әдістердің жиынтығы.



Амнезия – еске сақтаудың, солғындауы, ұмытшақ бола бастау.

Естің физиологиялық негіздері ми үлкен жарты шарлары қыртысының күрделі

әрекетімен байланысты. И.П.Павлов өз қызметшілерімен бірге естің мидың рефлекстік

қызметінің нәтижесі екенін тәжірибе жұзінде көрсетіп берді. “...Уақытша нервтік

байланыс, - деп жазды И.П.Павлов, - жануарлар дүниесі мен біздің өзіміздегі өте универсалды физиологиялық құбылыс. Сонымен бірге ол психикалық та, мейлі ол түрлі әрекеттердің, әсерлердің немесе әріптердің байланысынан тұратын құрылым болсын, психологиялық сөз және ойлар тізбегі ассоциация деп айтатындары.

Естің негізінде ассоциациялар немесе байланыстар жатады.Физиологиялық жағынан алғанда ассоциация уақытша нервтік байланыс болып саналады. Ассоциациялар қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. / Қараңыз. Әдебиет. Жалпы психология. Аудар. Қ.Жарықбаев. А. Мектеп. 1980 ж. 204 – 206./



7.2. Естің түрлері, функциялары.

Жантану ғылымы, осыдан, өз алдына келесі мәселелерді шешу міндетін белгілейді: санадағы өткен тәжірибе іздері қаншама уақыт сақталуы мүмкін?; есте қалдырудың ұзақ не қысқа мерзімді болуы неліктен?; ес іздері қандай өзгерістерге түсуі мүмкін?; естің адам танымына ықпалы қандай?



Қозғалысты ес  әрқилы қимыл-қозғалыстар мен олардың бірлікті жүйесін есте қалдырып, сақтап және қайта жаңғырту. Кейбір адамдарда осы ес түрі басқаларынан гөрі басымдау келеді. Ондайлар, мысалы, музыкалы шығарманы дауыспен қайталай алмаса да, бимен көрсетуге шебер. Ал екінші біреулердің қозғалысты есі тіпті шабан. Бұл ес түрінің әрқандай еңбектің дағдыларын қалыптастыруда, балалардың жүру, жазу әрекеттерінің қалыпқа түсуінде және т. б. маңызы өте үлкен. Қозғалысты ес болмағанда, біз қажетті әрекет пен қимылдарымызды әрдайым жаңадан үйреніп баруымызға тура келер еді. Жақсы дамыған қозғалысты ес адамның әрекет ептілігінен, еңбектегі ұқыптылығы мен "бармағынан өнер тамғанынан" көрінеді.

Сезімдік ес. Әдетте, қажеттеріміз бен қызығуларымыздың, қоршаған ортамен қатынасымыздың қаншалықты тиімді не зиянды, ұнамды не жағымсыз орындалып жатқанын көңіл-күйімізбен танытамыз. Осыдан, көңіл-күй (эмоция) есі адам өмірі мен іс-әорекетінде өте үлкен маңызға ие. Басымыздан өтіп, есімізде сақталған сезімдер әрқашан бізді әрекетке ынталандырады немесе өткендегі жағымсыз әсерлерге тап келтірген оқиғалардан сақтандырады. Сізбен қатынасқан адамның көңілін аулау, оқыған кітабыңыздың кейіпкерімен қосылып, толғанысқа түсуіңіз осы сезімдік еске негізделген.

Бейнелі ес  елестерге, табиғат көріністеріне, сонымен бірге дыбыстар, дәмге негізделген жад іздері. Ол көру, есту, сипай сезу, иістік және дәмдік болып бөлінеді. Егер көру, есту естері әрбір жете дамыған адамның өмірлік бағыт-бағдарында қалыптасатын болса, онда сезімдік, иістік пен дәмдік естер адамның кәсіптік қасиеттеріне жатады. Сәйкес түйсіктер сияқты мұндай ес түрлері іс-әрекет шарттарына орай қарқынды дамып, кейде кемістігі болған ес түрлерінің орнын толықтыруда керемет деңгейлерге көтерілуі мүмкін, мысалы, соқырдың денесімен сезінуі, естігіштігі, ал кереңнің көргіштігі, иіскей, жанаса сезгіштігі және т. б.

Қысқа мерзімді есте жоғарыда баяндалған жүйедегіге қарағанда материал басқаша тұрақтайды. Бұл жағдайда есте қалған бейне сезімдік деңгейдегі толық көріністей болмай, оқиғаның қандай да бір шағын баламасына сәйкес келеді. Мысалы, сізге қаратылған ақпарат оны құрайтын дыбыстар жүйесінде қабылданбай, біртұтас сөздер қалпында еске алынады. Әдетте, ұсынылған материалдың ең мәнді деген 3-4 бірлігі немесе кейінгі элементтері ғана қабылданады. Саналы, ерік күшін қосумен сол қабылданған сөздік материалды бірнеше рет қайталай отырып, оны біршама ұзақ мерзім сақтауға болады. Ал сезімдік естегі бейне қайталанбайды, ол секундке жетпей, жойылады да, ұзарта сақтауға келмейді.

Ұзақ мерзімді ес. Баршаға белгілідей, осы мезетте болған оқиға мен атам заманда жүз берген тарихи жағдайларды есте сақтаудың арасында айтарлықтай өзгешелік бар. Осыдан, ұзақ мерзімді ес  жадта сақтау жүйесінің маңызды да әрі күрделі түрі. Жоғарыда келтірілген 2 ес жүйесінің қамту аймағы өте шектелген: біріншісі  шағын уақытқа жұмыс істесе, екіншісі  материалдың кіші бір бөлігін ғана ұстап қалуға қабілетті. Ал ұзақ мерзімді естің уақыты да, қамту көлемі де шексіз. Бірнеше минуттан артық сақталғанның бәрі ұзақ мерзімді еске кіреді.

Ұзақ мерзімді еске байланысты қиыншылық  бұл санадағы ақпаратты іздестіріп, таңдап, қажеттісін таба білу. Ал есіміздегі мәліметтің көптігі соншалықты, оны санмен айғақтау мүмкін емес. Солай болса да, сана қорымыздан қажетті дерек дер кезінде шыға келетініне таңдан-басқа болмайды.

Бірақ ұзақ мерзімді естің де аймақ көлемінің шегі барын мойындамасқа болмайды, себебі ол өлшем мимен байланысты. Ғылымда дәлелденгендей, ми 10 млрд. нейроннан тұрады, ал әрбір нейрон аса көп санды ақпарат сақтауға қабілетті. Бірақ әрбір жеке адам миының есте қалдырып, сақтау мүмкіндігі оның биологиялық, әлеуметтік дамуына тәуелді.

Сөздік-логикалы (мағыналы) ес мазмұнына біздің ой-өрісіміз кіреді. Ой тілсіз өрнектелмейді, сондықтан ой тек мағыналық ғана болмай, сөзді-логикалы болатыны осыдан. Біздің ойымыз әртүрлі тіл формаларымен берілетіндіктен, оны қайта жаңғырту материалдың тек негізгі мазмұнын жеткізумен не сөзбе-сөз қалтқысыз қайталануымен жүзеге асуы мүмкін. Егер кейінгі жағдайда жадқа алатынымыз мағыналық өңдеуге түспейтін болса, онда оның өзгеріссіз жадталуы логикалы емес, механикалық жаттауға айналады.

Сөзді-логикалық, мағыналы есте басты мән екінші сигналдық жүйеде. Сондықтан да, қарапайым формадағы қозғалыс, бейнелі және эмоционалды естер жануарларда да байқалатын болса, мағыналыес түрі адамға ғана тән қасиет. Сөзді-логикалы ес басқа ес түрлерінің дамуына арқа сүйей отырып, оларға жетекшілік етеді және өз дамуымен олардың жоғары деңгейге көтерілуіне ықпалын тигізеді. Оқу процесіндегі шәкірттің білім игеруі мен топтауы, негізінен, осы мағыналық еске байланысты.

Іс-әрекет мақсатына байланысты ес  ырықты, ырықсыз болып бөлінеді. Арнайы есте қалдыру не еске түсіру мақсаты болмаған психикалық процесс  ырықсыз көрініс беріп, ал егер бұл процесс мақсатты бағдарланған болса, ырықты сипатқа ие. Кейінгі жағдайда есте қалдыру мен қайта жаңғырту арнайы мнемикалық (жаттау, еске түсіру) әрекеттерге орай жүзеге келеді.



Ырықсыз не ырықты болудан ес дамуының бірізді, кезекпен келетін 2 деңгейі құралады. Адам өмір тәжірибесінің көбі ырықсыз ес жәрдемімен жинақталып, соның арқасында арнайы дайындықсыз-ақ қажетті болған тұрмыстық біліктеріміздің қоры қалыптасады. Бірақ іс-әрекет барысында адамның өз іс-әрекеттерін басшылыққа алу қажеттігі де туындап қалады. Бұл жағдайда іске ырықты ес қосылады да осыдан бізге керекті болған материалды алға ниет қып белгілеумен жаттаймыз немесе еске түсіреміз.

Кейінгі жылдары зерттеушілер назары есте қалдырудың бастапқы кезеңіне, сыртқы әсерлер іздері бекінгенге дейін өтетін процестерге аударылуда. Қандай да материал есте қалдырылуы үшін, ол субъект тарапынан тиісті дәрежеде өңделіп, игерілуі тиіс. Ал бұл үшін белгілі уақыт аралығы қажет, яғни сырттан түскен әсерлердің басы бірігетін (консолидация следов) уақыт. Бұл процесс  жаңа ғана болып өткен оқиғаның біздің субъекттік санамызда бірден ұмытылмай, онда толғаныс пайда етуі: болып өткен оқиға енді жоқ болса да, біз оның көріністерін елестетеміз, құлағымыздан шуы кете қоймайды. Мұндай процестер тұрақты болмайды, жойылып та кетеді, бірақ тәжірибе топтастыру механизмдерінің қызметінде үлкен роль ойнағандықтан, ол есте қалдыру, бекіту және қайта жаңғырту үшін қажетті естің ерекше формасы ретінде  қысқа мрзімді ес деп танылған. Бұл ес түрі, жоғарыда көрсеткеніміздей, материалды аз уақыт аралығында ғана сақтау мүмкіншілігіне ие.



Нақты қызметтік ес (оперативная память) адамның нақты іс-әрекет мезеті мен қажетіне орай қозғалыстар және қимылдарды орындауына байланысты іске қосылады. Қандай да бір күрделі әрекетті орындау үшін оны бөлшектеп алуымыз керек, кейін әрекеттің әр бөлігі бойынша нәтижеге келіп, екіншісіне өтеміз. Осы екі арадағы нәтиже сол мезеттегі қажеттігімен есімізде тұрады, ал ақырғы көзделген мақсатқа жақындаған сайын есіміздегі алдыңғы бөлік нәтижелері әрқайсысы өз кезегімен ұмытылып, естен шығып, келесі әрекет бөлігінің ақпаратына орын босатқандай болады. Орындалатын әрекет бөліктерінің көлемі мен аумағы әртүрлі, мысалы, балақай жеке әріпті қинала танудан бастаса, ересек адам, тіпті маман болса, кітап беті мазмұнын тұтастай қабылдауы мүмкін. Қызметтік естің жоғары деңгейде, нәтижелі болуы адамның ниетті жаттығуларына байланысты.

7. 3. Естің негізгі процестері.

Есте қалдыру. Есте қалдырудың бастапқы формасы  ырықсыз, ниеттелмеген мнемикалық әрекет, яғни мақсаты болмаған, арнайы тәсілднрді қолданбай-ақ жадта қалдыру. Бұл  болған әсерден ми қабығындағы кейбір қозу іздерінің санада бекіп қалуы. Ми қабығындағы әрқандай процесс соңында бекімі әр деңгейде болған із қалдырады.

Өмірде кездестіргендердің көбі адам есінде ырықсыз орнығады: төңіректегі заттар, құбылыстар мен тұрмыстық оқиғалар, адамдардың қылықтары, әншейін оқыла салған кітап мазмұны және т. б., ал енді олардың әрқайсысының жадталуы бірдей емес. Әдетте, адам үшін өмірлік маңызды нәрселер, қызығулары мен қажеттіліктеріне орай және іс-әрекет мақсаты, міндетіне байланысты заттар мен оқиғалар жеңіл есте қалады. Тіпті ырықсыз есте қалдырудың өзі де таңдамалы сипатты, адамның төңірекке қатынасының берік не әлсіз болуынан.



Ырықсыз есте қалдырудан адамның алдына мақсат қоюынан болатын ырықты, ниеттелген есті ажырата білу керек. Мұндай есте ақпарат санада бекіп қалуы үшін адам арнайы тәсілдер қолданады, күрделі ақыл-ой әрекетін пайдаланады. Оқу барысында ниетті есте қалдыру көп жағдайда жаттап алу формасында орындалады, яғни оқу материалы толық әрі мүлтіксіз жатталғанша, көп мәрте қайталанады. Жаттап алуды мақсат етіп қою маңызды роль ойнап, ол есте қалдыру үшін болған барша іс-әрекеттің мәнін айқындайды. Осыдан, ырықты есте қалдыру ырықсыз, ниеттелмеген есте қалдыруға қарағанда анағұрлым өнімді келеді.

Өмір барысында біз қабылдайтын заттың көбі алдымызға қойған арнайы мақсаттарға негізделмесе, есте тұрмайды. Сонымен бірге, егер алға осы міндет қойылып, оны іске асыру үшін қажет болған шаралар орындалып барса, есте қалдыру тиімді нәтижеге жетіп, санада берік орнығады. Бұл жағдайда жалпы міндеттер белгіленумен бірге (тұтастай жаттап алу), жеке, арнайы міндеттердің де болғаны жөн. Мысалы, бір жағдайда негізгі, басты ой-пікірді есте қалдыру мақсаты тұрса, екіншіде  сөзбе-сөз жаттап алу, ал үшінші бірде  деректерді тізбектей жаттау ниеті тұрады.

Түсінікті болатын да, есте қалатын да ең алдымен біздің іс-әрекетімізбен тікелей байланыстағы заттар, құбылыстар. Бірақ біздің мақсатты әрекетіміздің мазмұнынан тыс, ырықсыз есте қалдыруға негіз болған әрекетке енбеген нәрселер көбіне ырықты есте қалдырудың болмағанынан ойда қала бермейді. Қалай болғанда да ескерілетін жәйт: біздің жүйелі білімдеріміздің көбі арнайы әрекет-шаралардың нәтижесінде пайда болады, жинақталады. Мұндай ниетті әрекеттің басты мақсаты  қажетті материалды есте сақтап қалу. Есте қалдыру және тұрақтанған материалды қайта жаңғыртуға бағытталған мұндай әрекет мнемикалық (мнема  ес) әрекет деп аталады. Мнемикалық әрекетте адам өзіне ұсынылған материалдан қажетті бөлігін таңдап, оны есте қалдыру міндетін қояды. Барша жағдайда адам өзіне есте қалдыруға ұсынылған нысанды басқалардан айыра біліп, қосымша әсерлерге берілмей, қайта жаңғырту кезінде сол материал шеңберінен ауытқымауы қажет. Мнемикалық әрекеттің таңдамалылығы осында. Материалды жаттап алу, оны есте сақтау және жатталғанды еске түсіру мақсатында өткендегілерді саналы сараптау  саналы іс-әрекеттің айырықша формасы болып саналады.

Механикалық және мағыналық есте қалдыру. Есте қалдырудың табысты болуы адамның жадында сақтауға қажетті болған материалының мағынасын толық түсіне білуіне тәуелді. Механикалық жаттауда сөздер, заттар, оқиғалар мен әрекеттер қабылдау негізіндегі ретімен, қандай да бір өзгеріссіз, сол қалпында есте орнығады. Мұндай есте қалдыру барысында адам жатталуға тиіс нәрселердің кеңістік пен уақыт ішіндегі өзара жақындығына сүйенеді. Ал мағыналы есте қалдыруға келетін болсақ, ол материал бөлшектері арасындағы көзден таса, ішкі логикалық байланыстарына негізделеді, яғни мұндай естің астарында екінші сигналды жүйенің жалпыланған байланыстары жатады. Осыдан, мағыналы есте қалдыру оның механикалық түрінен әлдеқайда тиімді келеді. Механикалық жаттау тиімділігі шамалы, көп еңбектеніп, сан мәрте қайталауды керек етеді; мұндай жолмен жатталғандар қажетті кезінде еске түсе бермейтіні де бар. Ал мағыналы жаттау адамды шектен тыс еңбектерден азат етіп, үлкен де нық нәтижелерге кенелуіне жол ашады.

Түсінімді және берік есте қалдырудың шарттары. Материалды түсініп, ұғу үшін әртүрлі әдістерді қолдануға болады. Игерілген материалдың өзекті ой топтары бөліп алынып, жоспар түрінде өрнектеледі. Жоспардың әрбір атамасы  мәтінінің белгілі бөлігінің жалпыланған тақырыбына айналады. Бір бөлшектен екіншісіне өте отырып, материалдың негізгі мағыналарының логикалық бірізді тізбегі құрылады. Мәтінді қайта жаңғырту кезінде қажетті материал жоспар тақырыбы төңірегінде шоғырланып, оны еске түсіру жеңілдейді. Жоспар түзуге машықтану адамды оқуға, қызықтырған мәселелердің ішкі байланысы мен тәртібін байқап баруға үйретеді. Жоспар түзіп жаттауға дағдыланған оқушылардың білімі жоспарсыз есте қалдыруға тырысқан шәкірттердің білімінен анағұрлым артық та берік болатыны сөзсіз.

Материалды ұғудың пайдалы әдісі  салыстыру, яғни заттар, құбылыстар мен оқиғалар арасындағы бір-біріне ұқсастық пен ерекшелікті тани білу. Мұғалім көп жағдайда балаларға жаңа танымды түсіндіруде оны өткендегілермен салыстырып отырады, осылайша ол жаңа материалды оқушыларда қалыптасқан білім жүйесіне ендіріп барады.

Материалдың түсінімді болуы оның нақтылығында. Бұл үшін жалпы ережелер мен анықтамаларды нақты, күнделікті өмірде кездесетін есептер мен мәселелерді шешу, байқаулар мен дәрісханалық жұмыстар арқылы түсіндіріп бару қажет.

Есте берік қалдырудың жолы  қайталап тұру. Бұл білім, ептілік, дағдыларды игерудің өте маңызды шарты. Бірақ мұндай іс-әрекет өнімді болуы үшін қайталау жұмыстары белгілі талаптарға сай орындалуы тиіс: қайталау белсенді және әртүрлі болуы лазым (мысалдар келтіру, сұрақтарға жауап беру, схема сызу, таблица түзу, көрнекі құрал жасау т. б.). Белсенді қайталау барысында екінші сигналдық жүйе жанданып, материалды ұғына түсінуге нәр береді.

Қайталаудың әртүрлі формада іске асуы, игерілетін материалдың өмірмен, күнделікті тұрмыстық практикамен ұштасып баруы есте қалдырудың толыққандылығын қамтамасыз етеді. Енжар (пассив) қайталаудан пайда шамалы. Қайталау уақытын реттестіріп барған жөн. Уақытқа байланысты қайталау екі әдіспен орындалады: жинақты және бөлшектенген. Бірінші әдісте материал бір отырыста жатталады да, оның қайталануы үздіксіз, бірнеше рет орындалады. Мысалы, оқушының өлеңді жаттап алуы үшін 12 қайталау қажет болса, ол сол мәтінді 12 рет оқып, толық есте қалдырмағанша, жұмысын үзбейді. Ал бөлшектенген қайталауда мәтіннің әр оқылу арасы бірқанша уақытпен ажыратылады. Бөлшектенген қайталау жинақты қайталаудан тиімділеу. Уақыт пен қуат үнемделеді, білім игерілуі мен жадта қалуы берік болады. Сондықтан да тәжірибелі мұғалімдер оқу материалын бүкіл жыл бойы қайталап баруға тырысады, бірақ жиі қайталаулардан балалар жалықпасы үшін олардың түрін, формасын, әдістерін алмастырып отырады, өткен материалды жаңа байланыстарға қосып барады.

Психологияда жаттау әдістерінің 3 түрі аталған: тұтастай, шамалап, аралас. Бірінші әдіс: материал мәтіні бастан аяқ, тұтастай бірнеше рет, толық игерілгенше қайталанады. Екіншіде  материал бірнеше бөлікке ажыратылады да, әрқайсысы өз алдына бірнеше қайталанып, жатталады. Аралас жаттауда тұтастай игеру және шамалап есте қалдырумен материал элементтері біріктіріледі. Бүтін материал алдымен толық, көлеміне орай бір не бірнеше рет оқылады, кейін қиын тараулары бөлініп алынып, өз алдына жатталады, ақырында бүтін мәтін қайтадан толық жаттауға түседі.

Есте қалдырудың нәтижелі болуы материал сипатына да тәуелді. Көрнекі-бейнелі нысан жалаң сөзден гөрі тәуір есте бекиді; мағыналы ұштасқан мәтін жеке, байланыссыз сөйлемдерге қарағанда оңай жаңғыртылады. Түсіндірме (объяснительный) мәтіндермен салыстырғанда суреттеме (описательный) мәтіндер оқушылар есінде тез орнығып, ұзақ сақталады.

Табысты есте қалдырудың және бір тиімді жолы қажет материалды жүйелестіре білу, яғни есте қалдыруға керек болған заттарды қандай да белгілері бойынша топқа жіктеп, біріктіру, мысалы, түріне, көлеміне, формасына, оқиғалардың өту уақытына т. с. с.



Есте сақтау. Адам есінде қалдырғанды біршама уақыт аралығында жадта сақтап тұру қабілетіне ие. Есте сақтау ес процесінің құрылымдық бөлігі ретінде өз заңдылықтарына бағынады. Есте сақтау динамикалық (қозғалмалы) және статикалық (тұрақты) түрде көрінуі мүмкін. Динамикалық есте сақтау мезетті қызметтік (оперативная) есте орын иелеп, ал статикалық  ұзақ мерзімді есте әрекетке келеді. Динамикалық есте сақтауда жатталған материал өзгеріске түсе бермейді, ал тұрақты есте, керісінше, қайта құрылып, өңделеді.

Ұзақ мерзімді есте сақталатын материал сырттан үздіксіз келіп жатқан жаңа ақпараттардың әсерінен ұдайы қайта жасалып жатады. Мұндай процесте естің жаңалануы әртүрлі формада өтуі мүмкін: есте сақталған материалдың кейбір бөліктері жойылады, бірінің орнына екнішісі келеді, материалдың орналасу кезегі өзгеріске түсіп, қажет бір жалпылыққа келтіріледі. Бұның барлығы қайта жаңғырту кезінде байқалады. Ақпараттың сақталғаны және оның өзгеріске түскенін естің келесі екі процесінде анықтау мүмкін, бұлар  тану мен қайта жаңғырту.



Тану және қайта жаңғырту. Қандай да нысанды тану сол объектті қабылдау кезінде көрінеді, яғни объекттің қабылдануы адамда бұрыннан қалыптасқан ес немесе қиял елестері негізінде іске асырылады.

Затты не құбылысты тани отырып, біз оны белгілі бір категориялар тобына жатқызамыз. Тану өзінің дәлдігі және толықтығына орай әртүрлі дәрежеде болуы мүмкін. Танудың ең төменгі дәрежесі адамның алдындағы затты дәл біле алмай, тек шырамытуынан білінеді. Ал аса жоғары тану дәрежесі адамда қабылданатын зат бойынша ешқандай күмәні болмаған жағдайда байқалады; толық тануда субъект қабылданып жатқан нәрсені қалтқысыз белгілі топқа жатқызып, онымен қандай жағдайда кез болғанын айтып бере алады немесе оны танитыны жөнінде қосымша айғақтар келтіреді.



Қайта жаңғыртудың танудан өзгешелігі: ол танудан соң іске асады немесе тіпті тікелей танусыз-ақ, одан тыс жүзеге келуі мүмкін. Сондықтан да бұрынғыны қайта жаңғырту процесі танудан гөрі күрделірек келеді. Мысалы, оқушы мәтінді қайта оқи отырып оңай таниды, ал кітап жабық болып, мәтінді тікелей көрмесе, ол, әлбетте, біраз қиналады.

Қайта жаңғырту материал бөліктерін өз кезегімен еске түсіру арқылы жүргізіледі, бұл жағдайда іске белсенді еріктік әрекет қосылады.

Материалды еске түсіруде жоспарлы берілген сұрақтардың көмегі үлкен. Сұрақтар баланы негізгі мақсатқа жетелеп, материал мәтіндері арасындағы уақытша байланыстарды (ассоциация) қоздырып отырады. Кейде сұрақтар орынсыз қойылып, екіұшты болса, баланың материалды еске түсіруіне кедергілік етеді. Бұл мұғалімнің есінде әрдайым сақталғаны жөн. Қайта жаңғырту ырықты және ырықсыз орындалуы мүмкін. Еске түсіру  бұл әрқашан ырықты, ниеттелген әрекет: адам алдына күні бұрын еске түсіруді мақсат етіп қояды, ол үшін ой толғанысына батып, ерік күшін қосады. Ал ырықсыз жаңғырту өздігінен жүріп жататын процесс, оның негізінде дүние заттарының уақыт пен кеңістікте болған ұқсастық, сыбайластық немесе қарама-қарсылық байланыстары жатады.

Қайта жаңғырту тікелей немесе жанама болып бөлінеді. Тікелей қайта жаңғыртуда аралық байланыстарды еске түсірудің қажеті болмайды (мысалы, көбейту кестесін жатқа айтып беру). Жанама қайта жаңғыртуда адам байланыстырушы аралық тетіктерді пайдаланады, олардың ішіне жаңғыртылуы тиіс материалға (нысанға) қатысы бар тірек сөздер, бейнелер, сезімдер мен әрекеттер кіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет