Археологияғылымыжәнеоныңқалыптасуы. Археология – тарих ғылымдарының бірі. Негізінен алғанда заттық деректемелер арқылы адамзаттың арғы дәуірлерін таниды. Бастапқыда «археолог» деп көне дәуірлермен шұғылданған зерттеушіні атаған. Алғашқы қазба жұмыстары (көне замандардағы
және орта ғасырлардағы көнеліктерді жерден қазып алуды көздеген патша және билеушілер әрекеттерін есептемегенде) ХVІІІ ғасырдың басында жүргізілді /1711 ж./. Ол кезде Италиядағы антик заманның Помпей қаласын аршып алу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар бастапқыда шұңқырлап қазу сияқты ғылыми әдістер әлі қалыптаспаған заманда басталса да, заман өте зерттеудің жетілген үлгілері қолданысқа енеді. Бұл орайда XIX ғасырдағы итальян археологы Фиорелли үлкен еңбек атқарды. Жерорта теңізінің жағалаулары мен аралдарында, континентті Еуропада және Азияның, Африканың жекелеген аймақтарында жүргізілген қазба жұмыстары археологияны ғылым ретінде қалыптастырды. Жазу мәдениеті шыққанға дейінгі алыс замандар осы жолмен зерттеле бастады, археологияның зерттеу әдістері шығып, ұғымдары анықталды.
Теориялық археологияны дамытуда, қола ғасырын тануда скандинавиялық зерттеушілер Томсен, Ворсо, Монтелиус, ал ерте таст дәуірін зерттеуге француз Мортилье ерекше үлес қосты. Өзге бір археологтар сенсациялық жаңалықтар ашты. Мысалы, ағылшын зерттеушісі Эванс Жерорта теңізіндегі қола ғасырының Крит мәдениетін ашты. Неміс археологы Шлиман аңызды Троя қаласының орнын Түркия жеріндегі Ғиссарлық төбесінен тапты. Қазу жұмыстарының ғылым қалыптастырып келе жатқан әдістерін қаражат иесі Шлиман ескермей, ескерткішке көп нұқсан келтірсе де, ол археологияға деген өз қызығушылығын өзгелерге де, әлем жұртшылығына да дарыта білді. ХIХ ғасыр соңында көне Троя қаласын археолог Дерпфельд дұрыс зерттеп, Шлиманның қателерін түзеді. Сөйтіп, жер бетіндегі өткен замандардың таңғажайып өркениеттері көпшілікке әйгілі болды, тас ғасыры, оның кезеңдері, қола дәуірі, ертетемір туралы түсініктер әдебиетке енді.
Ресейдегі алғашқы археологиялық зерттеулер барлау сипатында ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде жүргізіле бастады. І Петр патша заманында және одан кейін көнеліктер іздестірілді және соған байланысты көптеген ескерткіштерге нұқсан келтірілді. Көнеліктерді төбешелер (бугровшиктер) тоналды. Жағдай ІІ Екатерина заманында ғана оңала бастады. Орыс жеріндегі қорғандар да әуелі дұрыс зерттелмей, шұңқырлап қазып, заттар ғана іздестірілді. Патшалық Ресейде ғылыми әдістерді археологтар Городцов, Фармаковский, Спицын сияқты зерттеушілер орнықтырды.
Қазақстан жерінде алғашқы қазба жұмыстарын әйгілі ғалым В.Радлов жүргізді. 1865 жылы ол Шығыс Қазақстанда, Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы Үлкен Берел қорғанын қазды.
Кеңестік замандағы Қазақстан археологиясының негізін салушы зерттеушілер қатарында Әлкей Марғұлан, Сергей Черников, Кемал Ақышев, Әбдіманап Оразбаев, Мир Қадырбаев бар.