Соңғы қола мәдениет.
Қазақстанның барлық жерлеріндегі сияқты, Шығыс Қазақстанның соңғы қола кезеңі – бақташы тайпалардың көшпелі мал шаруашылығына көшкен уақыты.
Бұл кезеңнің ескерткіштеріне Трушниково селосындағы қоныс, Мало- Красноярка селосы іргесіндегі қоныс пен қорым, Зевакино қорымы жатады.
Трушниково қонысынан тікбұрышты жартылай жертөле үлгісіндегі екі үй зерттелді. Олардың қабырғалары жерге көмілген тіреулерден тұрды, бұл тіреулердің аралығы шарбақпен немесе ағашпен өріліп бекітілген. Үйлерден қыш ыдыстардың сынықтары, қоладан жасалған жебенің ұштары, жер ошақтың шұңқырлары, мыс рудасының қалдықтары табылды. Сол жерден табылған тас кетпендер, дәнуккіштер, тас тоқпақшалар, келілер, келсаптар бұл араны мекендеушілердің егін салғанын көрсетеді.
Мало-Красноярка қонысынан жапсарласа салынған екі тұрғын үй ашылды. Үй тікбұрышты, жартылай жертөле үлгісінде, аумағы 160 шаршы метрге жуық. Тұрғын үйдің ішінен қоладан жасалған шоттар, пышақтар, орақтар және біздер; тастан жасалған келісаптар, дәнуккіштер, келілер, қайрақ тастар, балшықтан жасалған қыш ыдыстардың сынықтары табылды.
Соңғы қола дәуірінде қонысты мекендеушілердің жерлеу ғұрпын Зевакино қорымын зерттегенде байқалды.
Жерлеу құрлыстары тақта тастармен, бөренелермен жабылған тас жәшіктер, цисталар, тікбұрышты жерден қазылған шұңқырлар түрінде болып келеді.
Көбіне адамдарды жеке жерлеген, сонымен қатар екі-үш өлік көмілген қабірлер де кездеседі. Жерленгендер қол-аяғы бүктетіліп, оң жақ, немесе сол жақ қырына жатқызылған. Қабірлерден өлген адамға қалдырғас ас /жылқының бас сүйегі, жіліктері, қойдың жауырыны, қабырғалары/ қоладан жасалған пышақтар, қанжарлар қыш ыдыстар, тас пен сүйектен істелген әшекейлік бұйымдар мен тұрмыстық заттар кездеседі.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қола дәуірінде
Қазақстанның басқа аудандарымен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуде қола дәуірінің ескерткіштері анағұрлым аз зерттелген.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда Таутары қорымы, әр жерден табылған бірнеше қабыр мен кездейсоқ табылған заттар мәлім. Жетісудан табылған ескерткіштер көбірек, бұлар-Алакөл ойпатындағы Қарақұдың қорымы, Қапом мен Биғаш селолары маңындағы тас жәшіктер мен қоршаулар, сондай-ақ Алматы қаласының тұрған жерінен табылған кездейсоқ еңбек құралдары, қару-жарақтар және тұрмыстық заттар. Мұнда, Орталық Қазақстан сияқты, жүздеген қоршаулары мен обалары бар мазар жоқ, ал қорымдарда көп дегенде он шақты, жирма шақты қабір бар. Жерлеу мүлкі де жұпыны; қоладан істелген бұйымдар аз ұшырасады, қыш ыдыстарға көбіне ою-өрнек салынбаған.
80-жылдары Жетісу аумағын жоспарлы түрде зерттеу Алматы, Жамбыл облыстарында едәуір қорымдар мен қоныстар табуға мүмкіндік берді.
Жамбыл облысының аумағындағы қорымдар Анырақай жотасы, Шу-Іле тауларының арасындағы кең жазықта, Қордай бекетінің маңында, Ойжайлау алқабы мен Масаншы поселкасының маңында орналасқан.
Алматы облысында ескерткіштер Майбұлақ аңғарынан, Фабричный селосы мен Ақсай селосының маңынан, Биғаш селосының маңында, Талапты селосы түбінде, Құйған аңғарында кездеседі.
Оңтүстік Қазақстанда Сырдарияның бойы, оның ішінде Іңқардарияның жағасындағы Үйғарақ, Егіскөк, Қаңсеңгір ескерткіштері Хорезм экспедициясының зерттеу нәтижесінде ашылды.
Достарыңызбен бөлісу: |