Көркемдік шындық және тарихи тұлға



бет4/35
Дата05.02.2022
өлшемі0,8 Mb.
#16344
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35
Р. Бердібаев: - Жақсы айттыңыз, Жанұзақ! Осыған қоса айтарым, қазақ тарихында әлі де болса басы ашылмаған, жеткілікті ғылыми талданбаған тақырыптар толып жатыр. Ол тақырыптарды айналып өтуге де, жасырып қоюға да болмайды. Халың санасынан соншалық терең орын алған Кенесары, Наурызбай басқарған халық қозғалысының тарихы да осындай тақырыптар қатарына қосылады. Ол қозғалыстың түп-тамырын, заңдылыңтарын және оның қазақ халқының азаттық күрес тарихындағы орнын тарихшылар ашуға тиіс. Мен бұл арада осы оқиғаның көркем әдебиетте қаншалық көрініс тапқаны туралы ғана бірер пікір айтпақпын. Соның өзінде де
Кенесары қозғалысын суреттеуге арналған үлкенді-кішілі ондаған шығармалардың бір-екеуіне ғана, атап айтқанда, М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасына, I. Есенберлиннің «Қаһар» романына қысқаша кідіргім келеді. М. Әуезовтің «Хан Кене» деп аталатын пьесасы - 1934 жылы сахнада бір-ақ рет қойылып, одан кейін ұзақ жылдар бойында архив шаңына көміліп қалған шығарма. Бұл пьеса М. Әуезовтің 20 томдық шығармалар жинағының 14-томында 1983 жылы қайтадан басылып шықты. Алғаш сахнаға қойылған кезінен қырық жыл кейін жарық көрген бұл туындыны жұртшылық әлі де толық біле бермейді деп ойлаймыз. Өйткені, Қазақ баспасөз комитетінің, баспаның бұрынғы «әсіре сақ» басшыларының кесірінен бастапқы томдары 30000 данамен басылып келген М. Әуезов кітаптары осы 14-томға келгенде, күрт азайып, 10000-ақ тиражбен шықты. Бұл М. Әуезов шығармаларына саналы түрде жасалған қырсықтың ең соңғы көріністерінің бірі еді.
«Хан Кене» пьесасы өзінің көркемдік бітімі, шыншылдық қуаты жағынан ұлы суреткердің ең таңдаулы шығармаларының бірі деп бағалануға лайық. Жанрлық сипаты бойынша аталған туындыда трагедияның нышандары басым. Кенесарының азат қазақ хандығын орнатамын деп әрекет етуі, бірақ сол асқақ мақсатты жүзеге асыруға саяси, әлеуметтік жағдайлардың сәйкес келмеуі, сөз жоқ, трагедиялық халдер тудыратын негіз болып табылады.
Қарапайым халық өкілдері бұл оқиғаға бірде үмітпен, екінші тұста күдікпен қарағанын төмендегі екі диалогтан аңғаруға болғандай. Мәселен, қарапайым адамдардың бірі: «Садаға кетсін өзге төре... Олар елдің де, елдік ойлаған жалғыз-жарым жақсының да жауы емес пе? Солар енді аяғынан алмаса қайтеді?..» десе, екінші бір кісі: «Ел сорлы ерлер-ау! Өйткені бұл ереуіл елдің өз тілегі ғой. Бірақ түбі сол мынаның артынан еремін деп шаң қауып қалмаса...» дейді, /М. Әуезов. 20 томдың шығармалар жинағы. 14-том, 322-бет/. Бұл сөздер Кенесары қозғалысына қатысқан адамдардың да, көлденең жұрттың да ойындағы тұжырымды анық білдіргендей.
Шығарманың орталық каһарманы - хан Кене үлкен ойдың, намыстың, парасаттың адамы болыл көрінеді. Сонымен қатар, оның алға қойған мақсатынан кері шегінбейтін тегеурінділігі де танылады. Ол бірде өзінің мүддесіне қиғаш келіп, қыңыр тартып жүрген қарсыласы Мұсаға қаһар шаша сөйлеген сөзінде көздеген мұратын былайша баяндайды: «Жау ісін істеп отырып, ерекше жауласуға да жарамайсың. Танасың... Арзаннан табылатын бақ іздейсің. Мен ол жолда серік бола алмаймын саған. Мен бақ пен шен іздесем, бүйтер ме едім? Патша ұлығына мен де барып жағынар едім. Сүйтсем және сендерден кем орын алар ма едім?! Жамантай, Қоңырқұлжа, Баймағамбет алған орынды алар едім-ау мен де, бірақ мен оны ойлап жүрмін бе? Қалың қазаң баласының қамалған көшіне септігім тиер ме деп жүрмін ғой, Езіліп бара жатқан елдің жоғын жоқтап... бүлінгені бүтінделер деп, бас қамын ұмытып жүргем жоқ па сол ел үшін. Сондағы сенген сүйенішім сенбісің? Сен өлтіруге де тұрмайсың, Бар, кете бер... Бірақ енді қайтып маған кездеспе». /Көрсетілген кітап. 333-бет/.
Нағыз көркем әдебиет шығармалары алдын ала белгіленген догмаларға, доктриналарға тәуелді болмайды. Көркемдік жинақтаудың сүйенетін түп қазығы - өмір және қаһарман шыңдығы. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «Хан Кене» пьесасынан көптеген жартылай тарихи, жартылай публицистикалық мақалаларда кездеспеген ақиқаттар сездіріледі. Суреткер Кенесарының алдына құрылған тордың әлденеше қабат екенін, ол Жетісуға келместен көп бұрын қолы ұзын патша өкімшілігі оған қарсы жергілікті қазақ-қырғыз байлары мен манаптарын ширықтырып, қарсы бағыттап қойғанын талдап жатпайды. Олай ету көркем шығарма табиғатына келіспес те еді. Сол үшін қаламгер тартыс пен мінез ақиқатын ашуды ғана көздеп отырады. Кенесарының патшаның әскерлерімен және солардың сойылын соққан жергілікті әкімдермен ұзақ жылдарға созылған күресі нәтиже бермей, Арқадан Алатауға көшкенде, патшаның қысымына қарсы ақырғы шайқас салуға ниеттенгені, дос пен қас дегенді тек қана осы мақсат тұрғысынан сынға салғаны ақтық лебізі болып естіледі. «Менің Арқадан кеткендегі тұратыным - Алатау. Ірге көметін жерім - осы. Бұл таудың іші-тысын жайлаған ел не менімен дос болып бауырыма кіреді, не болмаса, қасым болып, қарсыма шығады» /339-бет/ дейді ол. Кенесарының кесек мінезі, ірі тұлғасы бұл сөздерден анық көрінеді.
Кенесарының өжет өктемдігі, қайыспайтын қайсарлығы, бір жағынан, оның сирек қасиеті болса, екінші жағынан міні де болып саналады. Көп жылдық күрестен ашынды болғандығы соншалық, ол ендігі жерде «не жеңіс», не өлім» деген берік шешімге ғана тоқтайды. Бұл арада оның әулеттік менмендігі, қара халықты басыбайлы құлындай ңарап дағдыланғаны істің әділ шешілуіне теріс әсерін тигізеді. Кенесары мінезінің төтелей «үкім» шығаруға келе бермейтін диалектикалық шытырманы да осында. Сонымен қатар, оның қазақ даласында тәуелсіздік туын көтеріп шыққаны, осы жолда өзін қауіп-қатерге, қиыншылыққа байлағаны халық көңілінің терең түкпірінен орын алатын құбылыс. Шындығында, Кенесары патша өкіметіне бағынып, онымен қосылып, туған халқын шабысса, көп лауазымға, мол сый-сияпатқа, жеке басының тыныштығы мен байлыққа бөленер еді. Бірақ ол осындай «оңай сыбағадан» саналы түрде бас тартады. Орындалуы қиын болса да, намыс пен тәуекел жолын таңдайды. Патша отаршылдары өзінің қарсыласы ретінде Кенесарыны қанша жамандағанымен, оның қайсарлығын мойындап та отырған, Орыс зерттеушілерінің бірі өзінің еңбегінде «Кенесары - қазақтың соңғы батыры» деп мадақ еткені де есімізде. Ал біздер, қазаң жұртшылығы, оған қандай баға беруіміз керек? Кенесары атына байланысты қайшылықты қаншама сөздер айтыла тұрса да, біз бір ақиқатты мойындамай тұра алмаймыз. Ол - Кенесары күресінің қазақ жерінде жүргендігі, оның ешқашан орыс елінің шекараларына басып кіріп, қалалары мен кенттеріне шабуыл жасамағандығы, қарапайым объективтік түсінікке жүгінсек, оның бұл тараптағы істерінің қазақтың қалың буқарасының азаттық аңсарымен үндес келетінін мойындаймыз. Шұрайлы жерінен, өзен-көлінен, жақсы жайылымынан ажырап қалған қазақ халқының рухын көтеріп шыға алғандығы Кенесары қозғалысының басты сыпаты болып, түпкілікті мойындалар деп үміттенеміз,
Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыстың мән-жайын қалың жұртшылық арасына мағлұм еткен шығарма — жазушы I. Есенберлиннің «Қаһар» романы еді. 1969 жылы жарыққа шыққан бұл роман тарихи тақырыпқа жазылған туындылардың бірегейі болды. Оны оқушы қауым қазақ әдебиетінің ірі жаңалығы деп бағалады. Сонымен қатар,«Қаһар» талғампаз әдебиетшілер арасында да зор даңққа ие болды. Шындығында, I. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, соның ішінде, әсіресе, «Қаһар романы үлкен азаматтық, суреткерлік туындысы болғаны ақиқат. Бүгінде жамиғаттың сүйіп оқитын қастерлі кітабының біріне айналған бұл романның алпысыншы жылдардың ішінде жарыққа шығуы ғажайыптың ісіндей, тосын жаңалықтай сезілген еді. Мұның мәнісін түсіну үшін сол кездегі және соның алдындағы ондаған жылдар ішіндегі ғылыми, әдеби ахуалды еске түсіруіміз ләзім.
М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы мансұқталған сонау 30-шы жылдардың бас кезінен бері қарай, еткендегі тарихи құбылыстарды объективті түрде бағалауға жол жабылған болатын. Тарихи фактілер жаттанды догмалар тұрғысынан қаралып, түрлі пікірталас еркіндігіне тыйым салынған еді. Қазақстан тарихында орын тепкен оқиғаларды талдауда бір ғана шарт үстем болып қалыптасты. Орыс патшаларының отаршылдық саясатына қарсы жүргізілген күрестің бәрі орыс халқына қарсылық деген қасаң, зорлық қисын бел алды. Осы тұрғыдан ұлт-азаттық көтерілістерінің «тағдыры» алдын ала шешіліп қойды. Кенесары қозғалысы да осындай үкімнің құрбандығына айналды. Совет еліндегі халықтардың тарихындағы барша құбылыстарды тек қана Россия мүддесі тұрғысынан қарап, әрбір елдің азаттық күрестерін бір ғана Россия тарихының қанжығасына байлап жіберу дағдысы Ұлы Отан соғысынан кейін асқындай түсті. Бүкіл совет еліндегі халықтардың тарихындағы тәуелсіздік үшін қозғалыстарды қайта қарау науқаны басталды. Баяғыдан бері тарихшылар бірауыздан прогресшіл деп бағалап келген, Кавказ халықтарының тарихында өшпес із қалдырған Шәміл бастаған қозғалыс ендігі жерде «жаман атқа» ұқшырады, керітартпа, залалды әрекет делінді, тіпті аты жартылай аңызға айналып кеткен Едіге батыр туралы эпос та қараланып шыға келді... Кенесары, Наурызбай қозғалысы туралы мол тарихи деректерге сүйеніп, монография жазған талантты ғалым Е. Бекмаханов өзінің ғылыми концепциясы үшін орынсыз жазаланып, 25 жылға сотталды. Қазақтың атақты ғалымдары Қ. Жұмалиев пен Е. Ысмайылов, сол кезде әдебиет босағасын жаңадан аттаған ақын Б. Ысқақов, тіпті ауылда жүрген төкпе ақын Н. Баймұратов ақылға сыйғысыз айыптау-ларға ұшырап, 25 жылдық үкімді арқалап, айдалып кете барды.
Ол кезде жазушының, ғалымның дүние құбылыстарына өз пікірі, дербес тұжырымы болуға тиісті дейтін әліппе шындық адыра қалған еді. Халқымыздың ұлы перзенттері М. Әуезов пен Қ. Сәтбаев қуғынға ұшырап, Москва ғалымдарының арасына барып, бас сауғалады. Ардақты азамат, ойлы, ірі қайраткер-ғалымдар Т. Тәжібаев пен Б. Кенжебаев та әсіре белсенділер мен жендет мінезді зиялысы-мақтардың зорлығына душар болды, Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Сөйтіп, 30-ыншы жылдардың бастапқы кезінен 50-інші жылдардың орта тұсына дейінгі аралықта ұлттық тарих, әдебиет, мәдениет, тіл тағдыры жоғарыдан бұй-ырылған өктем озбырлықтың қыспағына түсті, мәдениетіміз ойсыраған олқылыққа душар болды. Революцияға дейін және одан кейін өмір кешкен қаншама ойшылдарымыз бен суреткерлеріміздің шығармасын оқу түгіл, атын атауға мүмкіндік берілмеді. Партиямыздың XX съезінен кейін жеке адамға табынушылық тұсында орын тепкен заңсыздықтар әшкереленсе де, бұрынғы жылдарда қасаң тартқан тәртіптердің тоңы жібіген жоқ. Әрбір халықтың өз тарихы, арманы мен үміті, тарихи қалыптасқан ерекшелігі есепке алынбай, барлық тілдер мен мәдениеттерді ортақтастыру саясаты жалғасаберді. Осы кезеңде еліміздегі ұсақ халықтардың біразының тілі жойылып кетті, автономиялық республикаларда жергілікті халықтардың тіліндегі мектептер жабылды, одақтас республикаларда ана тілінде жұмыс жүргізетін мектептердің өзі күрт қысқара бастады. Бұлай болуына елімізді басқарған «көсемдердің» тікелей қалыптастырған саясаты бірден-бір «теориялық» негіз болды. Егер Сталин коммунизмге жақындаған сайын тілдердің бәрі жойылып, түбінде бір-ақ тіл сақталып қалады деп сәуегейлік жасаса, Хрущев совет адамы орыс тілін неғұрлым меңгерсе, соғұрлым мұратына тезірек жетеді деп анық шовинистік бағытқа дем берді.
I. Есенберлиннің «Қаһар» романы жазылған тұста «жетілдік, гүлдендік» деп келетін даңғаза ұрандар мен шақырулардың көп айтылып жүргеніне қарамастан, ұлттық мәдениеттер, соның ішінде, қазақ тілінің беделі мен мәні тоқтаусыз құлдырап бара жатқан еді. Ал тарихшыларымыз болса, ежелгі дүние, орта ғасырлар шындығын зерттеуді жылы жауып қойып, көбінесе советтік дәуірдегі процестерді тексеруге біріңғай дағдыланған еді. Ол кезде Кенесары аты аталса, оған тек қана күйе жағып сөйлеуге кім де болса «ерікті» еді. Ал «Алашорда» туралы сөз қозғау қылмыспен бара-бар саналатын. Бүгінде халқымызға есімі мен еңбегі қайта оралған ұлы ойшылдарымыз бен суреткерлеріміз: Шәкерім, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов жайында сөйлеу түгіл, ойлау да мүмкін еместей көрінетін...


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет