Т. Жұртбаев: – Егер соңғы жүз елу жылдың ішінде Кенесары көтерілісі туралы айтылған қарама-қайшы пікірлердің барлығын тізетін болсақ, соның өзінен пікір таласына құрылған көлемді жинақ кұрастырып шығуға болар еді, Жаңағы Манаш аға айтқан тарихшылардың екі тобының арасындағы таласты былай қойғанда, тек совет ғалымдарының өзінің пікірлерінің бір арнада түйісе бермейтінін байқаймыз. Тіпті, мемлекет қайраткерлерінің өзі де біресе мақтап, біресе даттап, екі-ұшты пікір қалыптастырды. Мысалы: Ұлы Отан соғысы кезінде газеттердегі ерлікке шақырған ұранның орнына Кенесарының атын жазды. Сол кездегі республика басшыларының бірі: «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысының революциялық та, прогрестік те болмағанын көрсетеді. Бұл қазақ халқын кері тартқан, патриархальдық негіздерді нығайтуға, орта ғасырлың хандықты орнатуға, Қазақстанды Россиядан және ұлы орыс халқынан бөлектеуге тырысқан реакциялық қозғалыс болды» – деп сынай келіп, «соғыс жылдарында мен майдандағы жауынгерлерге: «Ер жүрек ата-бабаларың Кенесарының аруағы қолдасын!» – деп ұран тастап едім. Оным қате екен» деп жұрттан кешірім сұрағаны бар, Кенесарыны «буржуазиялық ағылшын мемлекетінің шпионы» етіп көрсеткен мақалалар тіпті көп. Сонда қайсысына сенеміз? Тарихшылар бүгінгі күні қандай жаңа көзқарасты ұстанып отыр? Кенесары көтерілісінің шығу себептерін қалай түсіндіресіздер?
Мен сіздердің пікірлеріңізге арқау болу үшін, бұл туралы жазған Кенесарының өз хатынан үзінді келтіре кетейін. Ол Орынбор шекаралық комиссиясының председателі генерал-майор Генске жолданған.
«1825 жылы Есіл-Нұраны жайлап жүрген уақытта еш нәрсені ойлағамыз жоқ еді. Ол кезде ұлы ер туған марқұм атамыз Абылай ханның шапағатымен тыныш һәм атамыздың ұлы Русия патшасына берген антына адал боп, көшіп жүріп жатқанымызда, Қарқаралының сұлтаны Жамантай Бөкейұғлы бір ауыл болып еш кінәсіз отырған бізге үстімізден дұшпандық көрсетіп, дуанбасы Иван Семенович Карбышев оязды үш жүз орыс, бір жүз қазақ әскерімен ертіп келді. Иван Семенович бас болып, қаракесек руының қазағы Яапалак бастап келіп, сұлтан Саржан Қасымұғлының өз ауылын және Алтай, Тоқа, Темеш ауылын шапты. Қан қылып, алпыс төрт кісіні өлтірді. Қанша мал алып кетті сабап. Мен әзер басымды сауғалап қашып құтылдым. 1827 жылы Көкшетаудан екі жүз орысты /әскерді деген мағынада — Т. Ж./ бастаған майор /аты-жөні толық ажыратылмады — Т, Ж./ Әлике, Шұбыртпалы елін шапты. Терісаққанда елу сегіз кісіні өлтіріп кетті. Алған малында қисап жоқ. 1830 жылы жүз орысты бастап бір сотник пен Қоңырқұлжа сұлтан Құдаймендіұғлы Шыңғыс төрені жіберіп алдап шақырып алып, Қарағаш /аудармасында Қараөткел — Т. Ж./ деген жерде жүз жиырма кісіні өлтірді. Біз әзер қашып құтылдық-дүр. 1831 жылы Көкшетаудан бес жүз орыс, бастығы подполковник Алексей Максимов /боп/ Саржан сұлтанның ауылын, Алтай-Тоқаны, Қаракесек пен Жағалбайлыны шапты. Төрт жүз елу кісіні өлтіріп, Саржан сұлтанның бір баласын алып кетті. Алған малдары Табын-Сарысу бойыныкі еді. 1832 жылы Көкшетаудан екі жүз елу орыспен келген Кулаков Петр Николаевич деген сұлтандар Есенкелді, Күшік Қасым оғландарын тонап, үйсіндерді, тере Жанайдарды шапты. Торғайдың құмы ішінде алпыс кісіні өлтіріп кетті.
Ақырысында, шыдамай өз басымызды қорғадық. Ешбір патша ағзам мезретлеріне кінә қылған ісіміз жоқ еді. Бізді мұндай сорлы қылғанда бір адам еш көмек қылмады деп Қаратауға көштік. Біраз жыл тұрып Қаратаудан қайтып келгенімізде көргеніміз:
1836 жылы Ақтаудан төрт жүз орыс /әскер/ аттанып, тентек майор бастап келіп шапты. Алшын, Жағалбайлы, Тоқа және Найман елінің қысты күні Білеуте, Сарысуда екі жүз елу адамын өлтіріп кетті. 1837 жылы Көкшетау дуанынан Иван Семенович Карбышев төрт жүз әскер әкелді. Алшын, Алтай, Қалңаман мен Төрткөл елін шапты. 350 адамды өлтірді, ішінде Жаманқара би бар...»
Бұл хат 1841 жылы жазылған. Ал енді Кенесарының патшаға қарсы көтеріліске шығуының басты себептері өзі айтқан жоғарыдағы жайлармен ғана шектеле ме? Әлде бұдан басқа, тамыры тереңде жатқан алғы шарттары бар ма? «Қаһар» романында оның барлығы толық ашылмайды. Оқиға кейіпкердің психологиялық шегіністеріне құрылғандықтан, нақты деректер көлтірілмейді. Ол көркем шығарманың міндеті де емес. Ал тарихшылар мұны қалай түсіндіреді? 1822 жылғы «Жаңа низам» уставы – қазақ даласын отарлаудың жойқын жоспары емес пе?