М. Әбсәметов: - Әңгіме Кенесарының жеке басы да туралы қозғалды ғой. Архивтен табылған бір тосын деректі осы арада келтіруді лайық көріп отырмын.
XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ Кенесары есімі жыр-аңыздарға арқау бола бастады. Халық көтерілісі басшысынын, даңқы бүкіл Россияға таралумен қатар, жер аударылған поляк революционерлері мен орыс декабристері арқылы Батыс Европаға да мәшһүр болды. Сол кездегі орыс тарихшылары Кенесарыны «қазақтың Шәмілі» деп атаған. Екі қуатты мемлекет - Англия мен Франция өз бақталасы патшалық Россияның көшпелілерді бағындыруын сырттай бақылап отырды. I Петрдің «қазақ даласы - Орта Азияға кірер қақпа» деуі де сол кездегі мемлекет саясатының отаршылдық ниетінен хабар берді.
Кенесары бастаған көтерілістің даңқы француздың ұлы жазушысы Жюль Верннің назарын аударған. Ол сол кездегі газет хабарламаларына және Адольф Янушкевичтің Парижде 1861 жылы басылған күнделіктеріне сүйене отырып «Михаил Строгов» атты кітап жазады.
Жюль Верн әрдайым өз бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен езгідегі халықтарға іштей тілектестік ниетпен қараған, бұған оның француз отаршылдарына қарсы көтерілгеи Алжир халқын қолдап отыруы дәлел. Осы көтерілістің бастаушысы Әмір Абділқадырды Адольф Янушкевич өз күнделіктерінде Кенесарыға теңестірген еді.
«Михаил Строгов» романында Кенесары қазақтың үш жүзі мен Түркістан аймағының бір бөлігін патша самодержавиесіне қарсы күреске бастаған Феодар-хан атымен көрінеді. Романдағы басты кейіпкерлердің бірі – саяси көзқарасы үшін патша өкіметінің тарапынан қуғынға ұшырап, жер аударылған, кейін қазақтардың отаршылдыққа қарсы күресіне дем берушісі болған орыс офицері Иван Огарев. Романдағы тағы бір кейіпкер – Шәмілді ұстауға қатысқаны үшін Георгиев кресі медалін алған, патша үкіметінін, жансызы – Михаил Строгов. Патша үкіметі өздерінің отаршыл саясатының түп ниеттерін Огарев Кенесарыға айтып қояр деп қатты сескенетін Строговтың бұнда келген мақсаты – Огаревтің көзін құрту.
Кітапта берілген мәліметтерде патша үкімәтіне бағынған қазақтардың саны шамамен екі миллион, ол ұлы, орта, кіші жүз болып бөлінетіні, ішіндегі ең үлкен, әрі бай ел – Ертіс пен Ақсақал көлінің /Арал теңізі?/ арасында көшіп жүрген Орта жүз екені айтылады. Жюль Верн өз романында Кенесарының әскері Балқаштан өтіп, Семей аймағын азат еткенін, Семей мен Омбы аралығындағы қазақ бекінісін қалай тартып алғанын сипаттайды.
Жюль Верннің көркем туындысын оқи отырып, жазушының ойдан шығарылмаған нақты деректерге сүйеніп отырғанын аңғару қиын емес, орыс офицері И. Огаревтің образы туралы да осыны айтуға болар еді. Тұтқында болған барон Услар Кенесарының қарауында хатшы қызметін атқарушы орыс офицерін көргенін жазады, патшаның басқа жансыздарынан түскен мәліметтерде де осындай айғақ бар. Ол, шамасы, патшаға қарсы саяси көтеріліске қатысқаны үшін Кенесары ордасы орналасқан Көкшетау өлкесіне жер аударылған декабрист М. Муравьев-Апостол болса керек,
Қорыта айтқанда, Жюль Верннің «Михаил Строгов» романы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының орнын танып білуде қосымша материал ретінде мәні бар шығарма, кейін роман арнайы зерттеу объектісіне айналар деп ойлаймын.