Журналистің қолына түскен әрбір сан, мәлімет, ақпарат, материал атаулының бәрі дерек бола алмайды. Дерек дегеніміз, біріншіден, шынайы түрде болып өткен дүниені бейнелейтін, тексеруге болатын ақпараттық материал. Сонымен қатар дәйектендірілген ақпаратты (мәліметтің көшірмелері, сұхбаттың расталған мәтіні, кітап немесе мақалалардан алынған ресми сілтемелер т.б.) нақты ақпарат көзінен алынған дерекпен салыстырып, алып қашпа жел сөздерден ажырату маңызды. Егер дәл осылай дәйектендірілмеген жағдайда оны пайдалану керек болса міндетті түрде ресми түсініктеме қоса берілгені дұрыс. Екіншіден, деректің атқаратын рөлі айтарлықтай және оның нысаны маңызы терең оқиғалар, мәлімдемелер, іс әрекеттер. Деректің сипаты туралы мәселені журналистің қоғамдық позициясымен, әдістемелік бағытымен тікелей байланысты түсіндіруге болады. Егер журналистің әдістемелік позициясы дұрыс болмаса ақпарат жинауда да, оған баға беруде де теріс тұжырым жасауға итермелейді. Оның салдарынан қоғамда жалған деректер етек жайып, оның соңы айықпас дау-дамайға, шуға ұласып кетуі мүмкін. Журналистика принциптерін қатаң ұстанып, кез келген дерек пен оқиғада бейтараптылық танытқан абзал. Қандай бір ақпараттағы деректер, дәйектемелер оған жасалған комментарий, тұжырым, ұсыныс-пікірлердің қайсысында болсын сырттай қарағанда қайшылықтың орын алуы-алмауында тұрған ештеңе жоқтай сезілуі мүмкін. Ал, шындығына келгенде, журналистің позициясы осы жерде көрініс табады. Ең негізгі шектеу де осында ұшырасады. Журналиске мынандай сауалдар қойылады: Оқиға, көріністі хабарлағанда, оған баға бергенде, қорытынды жасағанда журналист анықталмаған немесе бір жақты деректі ұсынуға қақысы бар ма? Сондай-ақ, журналист әлденеге субъективтік түсініктеме бере ала ма, біреулерге залалы тиюі мүмкін екендігімен санаспай жатып үндеу тастауға, ақты қарамен немесе керісінше бояуға ерік беріле ме? Осындай көптеген күрделі мәселелер журналист қызметінің принципі жайындағы проблемаларға өте байыпты әрі аса сақтықпен қарауды талап етеді. Журналист өз тұжырымдамасының, позициясының объективтілігіне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізу үшін қоғамдық өмір, оның заңдылықтарын терең білетін, таным деңгейі биік болуға тиіс. Оның сыртында өз идеясының өмірде жүзеге асу жолдарына, нақтылығына сенімді және нәтижесі үшін жауапкершілікті мойнына ала білгені абзал.