Көрнекті журналист, қаламгерлердің шығармашылық жолға келуіндегі алғы шарттар
Қазақ халқының тарихында әр ғасырдың басы аласапыран оқиғаларға толы болды. Бұл өз кезегінде тарих сахнасына ірі-ірі тұлғалар мен қайраткерлерді шығарып, түбірлі өзгерістерге алып келіп отырды. Әсіресе ХХ ғасырдың басы айрықша күрделілігімен, сансыз оқиғалардың сапырылысымен, ұлттық сананың оянуымен ерекшеленеді. Осы тұста қазақ сахарасында да Алаш ұранын көтеріп, қазақ баласын азаттыққа бастаған бір шоғыр қазақ қайраткерлерінің ой-пікірі мен іс-әрекеті жарқырап көрінді. Бұл кез қазақ халқы тарихындағы ең бір талмау тұстардың бірі болатын. Алаш ардагерлерінің айтуынша, қазақтың бар болу немесе жоқ болу мәселесі таразыға тартылған кез еді. Олай болатыны, бұл шақта қазақ халқы толықтай патшалық Ресейдің басыбайлы боданына айналған еді. Қазақ даласындағы хандық билік ыдыраған, билер институтының қадірі кетіп, орыс сотына қараған, дәстүрлі тіршілік қалпы мен өмір салты елеулі өзгеріске ұшыраған, ұлттық рух бәсеңдеген шақтағы кетеуі кеткен бір кер заман-ды. Қазақ жеріне орыс мұжықтарын тобымен орналастыруға байланысты еркін көшіп-қонып жүру үрдісінің де тынысы тарыла бастады. Дәстүрлі ырғағынан айрылған тіршілік салтының кесірінен барша қазақ баласының бір-бірімен хат-хабар алмасуы мен өзара қарым-қатынасы да іркіліске душар болды. Қысқасы, осынау жағдайлардың барлығы қазақтың санасында саңылауы бар бас көтерер адамдарын ойландырмай қоймайтын мәселелер еді. Алашорда қозғалысы мен Алаш идеясының пайда болуына тікелей осы аталған тарихи жағдайлар себеп болды. Қазақтың алғашқы оқығандары қазақтың жеке өз алдына ел болып, дамыған елдермен терезе теңестіре алатындай жағдайға қол жеткізуін көкседі. Жалаң сөз, жадағай ұранға баспай, бұл ойларын нақты іспен негіздеді. Ең алдымен қазақ баласының бір-бірімен пікір алмасуын қамтамасыз ету үшін мерзімді баспасөз құралдарын шығарды. Қазақтың тұңғыш журналы Айқап пен Қазақ газеті ұлттың көзі, құлағы һәм үніне айналды. Бұлардың ұлттық сананы оятудағы маңызы орасан зор болды. Кішкентай жылғадан басталған бұл әрекет ұлғайып, арналанып зор халықтық қозғалысқа ұласты. Алаш қайраткерлері қазақ халқын азат ел ету бағытындағы мақсатты ойларын бес тұғырға негіздеді. Солардың ішіндегі ең бір маңызды тұғырының бірі – қазақ тілінің мәселесі болатын. Бұлай болатыны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Ұлттың ұлы ұстазы Ахаң бұл бағытта бос үгіт насихатқа салынбай нақты іске кірісіп, қазақ жоғының орнын толтыруға білек сыбанып кірісті. Қазақ әдебиеті тарихында ұлы Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсынұлының орны сондай. Оның өмірбаяны, бар тірлік-тынысы, ой-арманы туған халқына деген қалтқысыз қызметтен тұрады. Оның өмірін сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп қарауға болмайды. Ол – халықпен біртұтас, қалың елмен тамырлас, ел жүгін қайыспай көтерер нағыз халық перзенті. А.Байтұрсынұлы сол бір кездегі халқының мүшкіл халін көріп күйзеліп, оны өзге жұрттармен салыстырып, қараңғылықтан, надандықтан шығудың бірден-бір жолы – оқу, білім деп табады да, өзінің бар күш-жігерін осы жолға жұмсайды. Мектептерде оқу ана тілінде жүргізілуі үшін бұрын болмаған тың жол салынуы керек екенін Ахаң өте жақсы түсінеді. Осы мақсатпен ол қазақ балаларының өз тілінде сауат ашуына арнап, тұңғыш әліппені жазады. Оны Оқу құралы деген атпен 1912 жылы Орынбор қаласында бастырып шығады. Бұған дейін қолданылып келген Букварь, Самоучитель дегендер қазақ балаларының сауатын орысша ашатын құрал болатын Сонымен А.Байтұрсынұлының 1925 жылға дейін 7 рет басылған бұл Оқу құралы – қазақ халқын төте оқу жолымен жаппай сауаттандыруға арналған тұңғыш әліппе болып табылады. Байқап отырсақ, бұл тұңғыш қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі мақсат, айқын бағдарлама қойып, сол бойынша өз бетінше жұмыс істеген тәрізді. Мәселен, оның бірінші мақсаты – қазақ баласының сауатын ашу болса, осыдан барып Оқу құралы пайда болды, содан кейін қазақ тілінің грамматикалық құрамын ана тілінде талдап беруді мақсат етеді де, Тіл-құралды жазады. Тілді дұрыс жұмсай білу тәртібіне байланысты ойға қалады да, Тіл жұмсарды ұсынады, оқытудың методикасын жасау мақсатында Баяншыны береді. Кезінде әлденеше басылуының өзі бұл еңбектердің зәрулігі мен бағасының қаншалықты дәрежеде болғанын аңғартса керек. Ахаңның бұдан кейінгі маңызды ісінің бірі – қазақ жазуын жолға қоюы. Айқап журналының 1912 жылғы 9-12 сандарында жариялаған Шаһзаман мырзаға, Қазақ газетінің 1913 жылғы №34 және содан әрі қарайғы сандарында басылған Жазу мәселесі деген мақалаларында ол қазақ жазуын бір жүйеге түсіруге түбегейлі кіріскенін байқатады. Ахаң қазақ жазуы дегенде әу бастан-ақ араб графикасына бейіл береді. Қазақ жазуын қалыптастырудың алғышарты ретінде: 1) қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ араб таңбаларын алфавиттен алып тастауды; 2) сөздің жіңішкелігін білдіретін дәйекше деген белгіні енгізуі; 3) қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү дыбыстарының әрқайсысына жеке таңба белгілеуді, к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелігін білдіру үшін сөздің аяғынан дәйекше таңба қоюды ұсынады. Міне осының арқасында қазақ тілінің алфавиті өз табиғатына қарай түзіліп, тіліміздегі сингармонизм заңына лайықталып жасалуының нәтижесінде қазақтың төл жазуы қалыптасты. Біздіңше, бұл жазудың ең басты екі маңызын айта кеткен жөн сияқты: біріншіден, бүкіл қазақтың басын ұйыстырып, ұлттық жазу жүйесі бойынша жаппай сауат ашу шарасы жүргізілді. Осы арқылы ұлттық сана мен ұлттық мәдениетіміз арналы даму жолына түсті деп айта аламыз. Екіншіден, дендеп еніп бара жатқан орыстану саясатына кедергі қойылды. Осыдан былай қарай орыс тілінде, орыс әрпімен оқытылып келген мектептердің бәрінде өзіміздің ұлттық төл жазуымыз бел ала бастайды. Алайда Кеңес үкіметінің орнауы, Алаш ардагерлерінің шетінен қуғын-сүргінге ұшырап, атылып, айдалуы – Алаш идеясының толық іске асуына мүмкіндік бермеді. Дегенмен, Ахаң негізін қалап, қалыптастырған қазақ жазуы, қазақ тілінің ғылыми жүйесі сол арнамен өсіп, өрістеді. Қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бастау алған, азаттық аңсаған ой-пікірі Алаш идеясының қайта жаңғыруына бірден бір түрткі болды. Азаттық рухынан қуат алған бұл екпін толастамай, Алаш ардагерлерінің ақталып, шығармаларының халқымен қайта қауышуына алып келді. Бұл өз кезегінде 1989 жылы республикалық Қазақ тілі қоғамының құрылуына тікелей негіз болды. Осы ретте сол тұстағы кезеңнің тынысынан хабар беру үшін Қазақ тілі қоғамын құруға тікелей бастамашы әрі тұңғыш президенті болған Әбдуали Қайдаровтың 1-құрылтайда жасаған баяндамасынан қысқаша үзінді келтіре кетуді жөн көріп отырмын. Әділеттілік өріс алып келе жатқан бүгінгі таңда жұртшылық біршама игілікті істердің куәгері болып отыр. Қалың қауым өлгені тіріліп, өшкені жанып жеке басқа табыну кезінде жазықсыз жазаланған Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып сынды перзенттерімен араға жарты ғасыр салып қауышып отыр. Олардың ғылыми, әдеби, тарихи, тілдік бай мұрасы халқына қайтарылды. Асыл мен нәсіл жалғасы болып Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан апай мен Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайлар осы Құрылтайда құрметті қонақ болып отыр. Құрылатын Қоғам аталған ардагерлердің әдеби, мәдени, ғылыми мұрасын игеруді, уағыздаушы, рухани азық етуді мақсат етеді. Халықаралық Қазақ тілі қоғамы осы мақсатынан ешқашан тайған емес. Қоғамның басты мәселе етіп қолға алғаны – елдің тілге, ана тілімізге деген сенімін қайта тірілтіп, ұлттық сананы ояту болды. Әрине мұның баспасөз құралынсыз шешілуі мүмкін емес. Алаш қайраткерлерінің жолымен Қоғам да өз ісін баспасөз құралын ашудан бастады. Қоғамның құрылтайшылығымен жарық көрген республикалық Ана тілі басылымы алғашқы санынан бастап тілге, дінге, ұлттық салт-дәстүрге қатысты материалдарды үзбей беріп келеді, соның арқасында елдің ұлттық санасы оянды, марғаулықтан арылды. Салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырды. Халқымыз ата мұрасымен қайта қауышты. Қоғам тиісті мекемелермен, ондағы ұлттық сана-сезімі жоғары жандармен бірлесе қимылдаудың арқасында жер-жерде көптеген мектептер мен балабақшалар ашылып, барлық аймақта іс қағаздары ене бастады. Қоғамның содан кейінгі қолға алған маңызды шаруасының бірі еліміздегі жер-су атауларының тарихи атауын қайта қалпына келтіруге ықпал ету болды. Қоғамның жер-жердегі белсенді мүшелерінің арқасында қаншама тарихи атаулар қайта қалпына келтірілді. Десек те, бұл бағытта әлі де атқарылар шаруалар шаш етектен. Сондықтан бұл мәселе Қоғамның назарынан еш уақыт тыс қалмақ емес. Әлбетте, қоғамдық ұйымның қызмет ету ауқымы шектеулі. Тіл заңын іске асыру мен мемлекеттік бағдарламаның қанат жаюын қадағалауға көп ретте Қоғамның қауқары жете бермейді. Қоғамның қызметі барысында тұралаудың әбден шегіне жеткен тілімізді бұдан былай ресми қамқорлыққа алмай қатарға қосудың қиындығына көз жетті. Сондықтан да Қоғам тиісті орындарға арнайы Тіл комитетін құрудың қажеттігін дәлелдеп, бұл ұсынысы нәтижелі болды. Оның қандай жеміс беріп отырғанына көпшілік куә. Міне, мұның барлығы да қазақ қоғамындағы Алаш идеясының көріністері. Алайда Алаш арманы толықтай іске аса қойды деуге әлі ерте. Бұл бағытта тынбай әрекет ете беру қажет. Алаш идеясы әрбір қазақтың темірқазығы болуы тиіс. Сонда ғана біз шын мәніндегі азат ел, дәулетті де сәулетті қазақ мемлекетіне қол жеткізе аламыз. Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. Ахмет Байтұрсынұлы Амантай Кәкен журналист, Жалын журналының публицистика және әдеби сын номинациясы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты