Бауыржан Омарұлы 1962 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында туған. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1998 жылы Мәскеу Халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін, 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.
1986–1994 жж. республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1994– 1996 жж. әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да аға оқытушы,»Ер-Дәулет» ақпарат агенттігінің бас редакторы болып қызмет атқарды. 1996–1997 жж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, 1997– 1998 жж. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары – Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеді. 1998– 2000 жж. әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ докторантурасында ғылыми жұмыспен айналысты. 2000–2003 жж. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, қазақ әдебиетінің тарихы, ежелгі әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып істеді. 2003–2006 жж. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тіл комитетінің төрағасы болды. 2006–2009 жылдары «Литер Меdіа» ЖШС-ның атқарушы директоры, «Астана хабары» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры болып қызмет атқарды.
2009 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, ал осы жылдың мамыр айынан Комитет төрағасы болып қызмет істейді. 1993 жылы – кандидаттық, 2001 жылы докторлық диссертация қорғаған. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. Әдебиеттануға арналған бірқатар ғылыми мақалалары шетелдерде жарық көрген. 6 ғылыми-публицистикалық кітаптың, 70-ке жуық ғылыми мақаланың авторы.
Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. БАҚ саласындағы Президент Грантының иегері.
Шығармалары:
- Мұрат Мөңкеұлы. Әдеби зерттеу. А., «Крамдс-пресс», 1993;
- Бұғауға бағынбаған жырлар. Әдеби зерттеу. А., «Ана тілі», 1998;
- Қазақ-қырғыз қасіретнамасы. Әдеби зерттеу. Қызылорда, «Нұр-Сәулет», 1998;
- Жұмыр жермен жүздесу. Деректі әңгімелер. А., «Ер-Дәулет», 1998;
- Аруана бауыр дүние. Деректі әңгімелер. А., «Шартарап», 1998;
- Зар заман поэзиясы. Монография. А., «Білім», 2000;
- Зар заман әдебиеті. Астана. «Елорда», 2005.