Мылқау бауыр
Әуелі оқу, содан соң қызмет деп жүріп, ұзақ жылғы сапарынан оралған ол туған топырағына табаны тиюі мұң, қандастарының тілін біреу кесіп алып кеткендей, үндемей қалғанын байқады. Байқағанда, бір-бірімен амандасып, жөн сұрасып дегендей, жұмыстарын тап-тұйнақтай істеп жүрген жайлары бар. Бірақ тілі жоқ: мылқау адамша көмейлерінен тырс еткен дені дұрыс үн шықпайды. Бір-екеуімен сөйлеспекке бел байлап, ниеттеніп көріп еді, ол әрекетінен түк шықпады.
Үйіне келсе жол-жөнекей көзіне түскен тілі жоқ сұмдықтар сияқты, ата-анасының да не деп тұрғанын ұғу мүмкін емес. Осы кезде көңіліне қорқыныш ұялай бастаған Боб:
— Әке, сендерге не болған ?!. Неге үндемейсіндер?!. Мына елде маған неге ешкім тіл қатпайды? Бәрі бірдей қалайша мылқау болып қалған? — деп, еңкілдеп жылап жіберді.
Экваторлық қарт әке жүзін төмен салып, үндеген жоқ. Анасы болса баласына таңдана қарады.
— Ата-анаңды, ел-жұртыңды неге мылқау дейсің? Бәрінің де тілі бар. Әне, бауырларыңа қарашы, сен келді деп қуанып, бір-бірімен шүйіркелесіп сөйлесіп, ән салып, әңгіме айтып отыр емес пе.
Үстелдің айналасында тым-тырыс, томсырайып отырған жадау-жүдеу бауырларының жүзіндегі қайғы-мұңның салмағы зілбатпан болып жүрегіне түскен Бобтың жаны ышқынып кетті.
— Жоқ, — деді ол, — ешкімнің де ән салып, әңгіме айтқанын естіп тұрғаным жоқ. Тіпті, мына тұрған сіз де... ана, сіз де... әке мылқау сияқты тілден айырылыпсыздар.
Әке күрсінді. Ана кемсеңдеп, көзінің жасын беторамалымен сүртті. Боб өксігін әлі баса алмай тұр.
— Балам, — деді ана осы кезде, — шындықты білгің келе ме?
Бобтың бойындағы үрей ұлғая түсті. Қорқыныштан жүрегі дүрс-дүрс соғады. Бірақ шындықтан үрейленіп тұрса да тәуекел етіп: — Білгім келеді, — деді.
— Қорықпайсың ба?
— Қорықпаймын.
— Балам, көңіліңе келе ме деп айтпап ек, мылқау біз емес, сенсің. Шетелде жүргенінде айықпас дертке шалдықты деп естігенбіз, міне, соның салдарынан тілден айырылып келдің, әйтпесе елің де, жерің де, тілің де тегіс аман.
— Сонда мылқау мен бе?!.
— Иә, балам, сенсің...
Бобтың анасы кеудесіне әрең сиып тұрған ыза мен күйіктен, шер мен шеменнен арылғысы келгендей қыстығып барып, еңіреп тұрып жылап жіберді.
Сәби кім не дер екен дегендей демін жұтып, пікір күтіп отыр. Бөлме іші тым-тырыс. Алдымен Қанат үн қатты. Байқаймын әңгіме әсерімен ұйқысы ашылып кеткен.
— Сюрреализмнің салқыны бар. Әлде Эдгар Поның жазғандарына келіңкірей ме? Кафканың қолтаңбасына да ұқсайды. Мистикалық бірдеңе бар әйтеуір.
— Әй, Қанат, білгішсінбей тыныш жатшы. «Біткен іске сыншы көп», мықты болсаң жазбайсың ба өстіп?
— Мен мұндай қияли дүниемен бас қатырмаймын, өйткені оны «жариялаңдар» деп қай газетке апарасың ? Компартияның органына ма?
Қанат та бекінген шебін оңайлықпен тастап шықпайтын сарбаздардың сортынан. Ой өрісі жеткенше қарсыласып жатыр.
— Жанрын фантастикалық әңгіме десе, бәлкім жаңалыққа жаны әуес журналдар жөн екен деп қалар.
— Көркемтай-ау, құзғындар олардың да мұржасынан қарауыл қарап отырған жоқ па, жібере қоймас.
— Айтпақшы, Сәбидің «Мылқау бауыр» деп отырғаны кім? Қалалық зиялылардың еркетотайлары ма, әлде анау Сы-Кі мен Лы-Кі-Сім-дегі шенеуніктер ме?
— Ойлан. Шайнап берген ас болмайды.
Азат қысқа қайырды. — Қасқа, менің ұйқым ашылып кетті. Екінші әңгімеңді оқышы.
Сәби тамағын кенеді.
— Бұл әңгіменің аты «Әди-ай, бөпем, әлди-ай!..».
— Қалай-қалай дейсің? Тақырыбы бір түрлі екен. Сәби жөткірінді.
— Сонымен әңгіменің аты...
Әлди-ай, бөпем, әлди-ай!..
Сексенге келген шағында шал Қызыл шаһарга үш-ақ рет барды.
Бірінші рет барғанда... бала еді. Анасы дүкенге кіріп кетті де, бұл сыртта, талдың көлеңкесіндегі орындықта күтіп қалды. Сол кезде өзі құралпы, бәлкім кішірек, қыз келіп:
— Сен — түземдіксің! — деді шәңк етіп...».
— Сенің әңгімелеріңнің бәрі бір сарынды болып келеді екен. Махаббат жоқ па?
— Қанат, әңгімені бөле берме дедім ғой мен саған, оқи бер, Сәби.
«...Бұл: «Жоқ, мен — тувалықпын», — деді, түркі тектес тува халқы мен жабайы адамдардың айырмашылығын білгенінше түсіндірмек болып. Бірақ ішінен қыздың «Тувалықсың ба?» деп сұраудың орнына «сен — түземдіксің!» деп кесіп-пішіп тастағанына таңғалып тұр. Не деген өрлік! Не деген асқақтық! Өрлігі мен асқақтығы кішкентай бойына қалай ғана сиып тұр. Бұл өрлік пен асқақтықтың артында қандай құдырет-күш бар? Ол құдырет-күштің жұтылған жұмбағы неде?
Өткір жанары өңменін тесіп бара жатқан қыз:
— Сен — түземдіксің! — деді тағы да өз ой-пікіріне осымен біржола нүкте қойғандай.
Ауыл баласы ғой, бұл: — Жоқ, мен — тувалықпын! — деген тағы да жуас үнмен, жасқаншақтау мінезбен. Өйткені жауап күтіп, қадала қарап тұрғын сары шашты қызды тәубесіне келтіретін дәлелдерін айтуға тілі шолақ. Бір жағы соған да қорланды.
Автобус тайганың арасындағы жолға түсіп, ауылына бет алған кезде анасы:
— Қалай балам, Қызыл қала ұнады ма? — деп сұрады.
— Жоқ, — деді бұл.
— Неге?
— Бір сары шашты қыз маған ай-шай жоқ «сен түземдіксің» деді. Ендігәрі бұл қалаға қарай аяғымды аттап баспаймын.
Содан кейін:
— Ана, — деген қоңыр үнмен, — менің тегім — Тактал, ал атым Валерий... Неге?
— Мен қайдан білейін, ұлым. Атаң есте жоқ ескі замандарда олай емес еді, қазір ғой дүниенің аяғы аспаннан келіп, өзгеріп кеткені деп күңкілдейді де жүреді ғой.
Осы сапардан кейін қала туралы әңгіме бола қалса мұның көз алдына сол қыз түсетін болған.
★★ ★
Екінші рет жолы түскенде... жігіт ағасы еді. Баяғы қыз да сары қарын әйел болыпты. Баяғы дүкен де сол орнында екен. Кемпірінің тапсырмасы бойынша қант-шай алайын деп көз көрген дүкенге келе жатыр еді, қайдан шыққанын әлгі сары шашты қыз... жо-жоқ, сары қарын әйел, қасында сойып қаптап қойғандай немересі бар жолын кесіп өте шықты. Түркі тектестердің дәстүрі бойынша әйел баласы ер кісі келе жатқан кезде күтіп тұрып, өзінен бұрын өткізіп жіберу жөн саналады емес пе, анау да сөйтіп жол беретін шығар деп ойлаған. Жоқ, олай болмады. Мұны иығымен қағып-соғып алдынан өте шықты. Енді таза түңілді: жөн-жоралғы болар жақсы дәстүрі кемшіндерден де, санасында саңылауы жоқтардан жақсылық дәметіп жүрген өздерінен де. «Қызыл қалаға енді қайтып аяқ баспан» деген баяғы бала сертін жұтқанына да бармағын тістеді.
★★ ★
Үшінші жолы... ақ сақалды қария болған әзіз басы қаладан, тіпті, ауырып қайтты. Бойы бір тұтам тақырбас баласы хатшы болған екен, халықтың алдында сөйлеймін деген соң барсам барайын, көрсем көрейін деген ой келген. Баласы, обалы не керек, беделді болып шықты, бағыныштылары бұны танымаса да жаны қалмай жалпылдап, амандық-саулық сұрасып жатыр. Баласына да «Бәленше Түгеншейіп» деп телмеңдеп қояды. Бұлардың бастық болса бітті «Түгеншейішке» көшетін аурулары бар ғой.
Сөйтіп жиналыс басталған. Бірақ ұлының қалың жұртқа «аман-есенсіздер ме» деген, «бас хатшы», «сиез» деген бір-екі ауыз сөзін ғана түсінді, қалғаны баяғыда өзіне «сен — түземдіксің!» деген қыздың, кейін айпарадай болып, мұның жолын тура аяғының астынан кесіп өткен кемпірдің тілінде кетті. Айналасына қарап еді, бәрі түземдік... жо-жоқ, тувалықтар екен. Не керек, екі сағатқа созылған жиналыста биліктің бишігін ұстаған баласының тілін түсінбеді.
Жиналыстың соңы құттықтауға ұласты. Ұлы баяғы бұған «сен — түземдіксің» деген қызға... жо-жоқ, сары қарын әйелдің өңіріне медаль қадады, қасындағы қошаметшілер гүл сыйлады. Оған шиландай түземдіктер, жо-жоқ, тувалықтар сартылдата қол соқты. Не үшін? Түкке түсінсе бұйырмасын. Анау жуан сары осыншама жасқа келгенше тува жұртының ең болмаса «рахмет» деген бір ауыз сөзін де үйренбепті. Әлде қасақана үйренгісі келмей ме екен.
Түннің бір уағында жылап оянған баласын кемпірінің «әлди-ай, бөпем, әлди-ай» деп жұбатқан бесік жыры ойына оралып, көзінің алды мұнартты. Егіліп іштей жылап отыр екен. Бұдан былай қарай Қызыл қаласына алтын мен бұлғын берсе де аттап басқысы жоқ. Кәрі қойдың жасындай жасы қалды. Оған өмірі де жетпес енді...
Бозаң бөлменің іші тым-тырыс. Белсеніп бірден пікір айта қою қиын болғандықтан, кім бірінші сөйлер екен деп әліптің артын бағып жатқандар да бар сияқты.
— Мынауың шынында күрделі дүние екен.
— Бірақ ар жағынан бір ақиқаттың құлағы қылтиып тұр, ә.
— Бәлкім, әңгіменің атын «Қызыл шаһар» деп қойған дұрыс шығар.
Ұйқысы ашылып кеткен Қанат төсегінің астына үңілді де, сөмкесінен төрт бөтелке «Жигули» сырасын шығарды.
— Брехт шындықты жазғың келсе, ең аз дегенде бес қиындықты меңгеру қажет депті. Бірінші — ерлік, екінші — ақыл, үшінші — білім, төртінші — қабілет, бесінші — қулық. Сондықтан осы бес қиындықтан жол табуға ұмтылған Арман үшін алып қоялық, жігіттер.
Көп ұзамай сырамен шөлін басқан Азат пен Қанат ұйқыға кетті. Көзімді қанша жұмсам да менің ұйқым келмей қойды. Арман да ұйықтамапты. Орнынан жәйлап тұрып, балконға шықты да темекі тұтатты. «Қазақстанның» иісі бөлменің бұрыш-бұрышын шарлап, мұрнымды қытықтай бастады. Төсегімнің темір торын сықырлатпайын деп епппен көтерілдім.
— Ұйқыңыз келмеді ме?
— Жаңағыдай әңгімеден кейін қалай ұйықтайсың.
— Ал аналар түк болмағандай ұйықтап жатыр.
Темекінің түтіні айлы түнгі ауада қосарлана қалықтады. Мен иіс бөлмеге еніп кетпесін деп, есікті өзіме қарай ақырын тартып, жауып қойдым.
— Сіздің журналға шыққан әңгімеңізді оқыдым.
— Әй, бізге сендердей болу қайда, Қанат айтпақшы социалистік реализм ғой.
— Неге, колхоз бастығына сөзі өтпеген шалдың өтірік сайқымазаққа айналып, қатын-қалаш, бала-шағаны адыраң көз басшы туралы мысқылмен мәз қылып дүниеден өткені қайғылы оқиға емес пе?!. Түн кәдімгідей салқындап қалыпты. Мәйкішең тұрғам, денем түршігіп, құс еттене бастады.
— Азат ағаның аудандық комсомол комитетінің жетекшісі деген білдей қызметін студенттік өмірге айырбастап жүргеніне түсінбеймін? Не үшін? Мәскеудегі әдебиет институты болса бір сәрі.
Арман әңгіме бағытын өзгертіп, бөлмеге мойын бұрып қарап қойды.
— Бәрінен де оның талант десе ішкен асын жерге қойып, қамқор боп жүретін қасиетін айтсаңшы! Сенің де басыңнан құс ұшырмайды. Көресің, мына әңгімелеріңе ақсақал ақын, жазушылардан бата алып береді әлі. Қаз-үйрегін қаңқылдатып қараша айы да өте шықты. Желтоқсан орталанып қалған. Жаңалық атаулыны жұрттан бұрын еститін Қанат бір күні қас қарая екі өкпесін қолына алып ентігіп келді.
— Не боп қалды?
— Алаңға студенттер жиналып жатыр. Қырғын енді.
Ойыма Сәби орала кетті. Қанат та осы сәт алақ-жұлақ етіп:
— Классик қайда? — деген.
— Кітапханаға кеткен шығар, оны неғыласың?
— Бірдеңеге душар болып қалмаса дегенім ғой.
Іле ҚазМУ-дің қалашығына түсі суық әскерилер қаптап кетті де, арқа тұтқан Азатымыз әлгілердің алдында пұшайман болды да қалды. Бізбен сөйлесуді кілт доғарып, қасымыздан танымайтын адамдай зу етіп, суыт өте шығады. «Мынау осыдан бірер ай бұрын ғана Булгаковты ұлықтайтын Азат па?» деген сауал шақшадай басты шарадай қылған.
Оқу орнындағы «өзгеше ойлайды» деген бозымдар алаңдағы айғай-шуға түрткі болды деген күдікпен бірінен кейін бірі тұтқындала бастады. «Қара тізімге» біздің бөлмеден Сәби ілікті. Бәленің кімнен келгенін білмей далмын. Түсі қырау басқан әйнектей тікенектеніп шыға келген Азат пен алаңнан аттандап жеткен Қанаттың сұп-сұр жүзі есіме түскенде жылан көргендей отырған орнымнан ұшып тұрам. Сасқанымнан Сәбидің көрпе-жастықтарын қопарыстырып, төсегінің астын қараймын. Қолжазбалары табылып қала ма деп дәмеленгенім ғой. Бірақ сайтан да жоқ. Енді не істеу керек? Табан астында абақтыға айналған мекен-жайымыздың (жатақхананың үнемі ашық тұратын есігіне күзет қойылған) артқы терезесінен секіріп түстім де, пәтер жалдап тұратын жерлестеріне кеткен Қанатқа тарттым. Ескі үйдің табалдырығынан аттасам, тарақандар жорғалаған столдың үстінде бір сеткі қызыл арақ тұр. Екеуі босап, біреуі жартылай ішіліпті. Қанатым мас.
— Келдің бе ?
Сәлемдеспек болып жақындай берген Қанатты кеудесінен итеріп жібердім. Салдыр-гүлдір еткен столмен бірге құлаған Қанат ашуланудың орнына күлген болады. Бірақ көмейінен күлкі емес, қыңсылған ит сияқты біртүрлі дыбыс шығады. Жылап жатыр. Төсектің үстіндегі Сәбидің шабаданына назарым ауды. Кітаптары мен киім-кешектері жетімсірегендей шашылып қалыпты.
— Қайдан алдың?
— Азаттан қайран болмаған соң, маған табыстап кетті.
— Сатқан сол ма?
— Білмеймін...
Қанат күмілжіп, төмен қараған кезде, бұрын мұндайым жоқ еді, тіземнің буыны кілт етіп, құлап қала жаздадым. Одан кейін шаншу қадалғандай кеуде тұсым да шым ете қалған. Жүрек...
— Мүмкін емес.
Сеткідегі қызыл араққа қарай қолым өзінен өзі созылып бара жатты.
— Сәбидің үйіне барып қайтайық.
Қызыл шараптан ес жиған кездегі байлам осы болды. Оның ауылы Ұзынағашқа қарай баратын үлкен жолдың бойынан онша алыс емес еді. Кәртейгенде көрген жалғыз ұлдан жеткен жаманат оңдырсын ба, жәутеңдеген шал мен кемсеңдеген кемпірдің құр сүлдері ғана қалыпты. Есіме Сәбидің әңгімелері түсіп, Қызыл деп аталатын шаһардың қатыбас тұрғындарынан түңілетін момын шал мен «әлиди-ай, бөпем, әлди-ай» деп, ұйқылы-ояу бесік тербеткен әзіз ананы таныдым. Кемпір көп үндемейтін кісі екен, үн-түнсіз жылай береді. Шал да жетісіп жүрген жоқ, тұңғиық ойда. Ана-санда «ө-ө-өуһ» деп ауыр күрсінгенде, зәрең зәр түбіне кетеді.
— Бяғыда мұндай қантөгіске ұзында өші, қысқада кегі барлар ғана барушы еді. Барса да алды-артын ойлап барар еді. Өйткені ауылдың әпербақандарына ата-анасы ғана емес, бүтін ел, бүкіл басшылар жауап береді. Ал «Тозған елге — азған би» дегендей, мына басшылардың қылығын естіп отырсам, жас балаларға адамның жанын түршіктіретін қатыгездік жасапты. Ө-ө-өуһ...
Көпті көрген шалды сөзге тарта білсең сауаты ешкімнен сорлы емес. Сөз саптасы да ширақ.
— «Түйенің жаманы — көрт, шөптің жаманы — керт» деген, адамнан азғын боп туғандар ғана қауқарсыз бала-шағаға қарсы қарулы әскер шығарады. Артын ойламай ма байғұстар. Кейінгілердің бетіне қалай қарайды? Бір ақыл-есті азамат ел-жұртты бастап шықса, не деп ақталады? Әй, бірақ «үркерлі айдың бәрі қыс» дегендей, билік өзгергенмен үркердей болған бишікештер ешқашан өзгермейді. Білем ғой бұлардың сырын. Ө-ө-өуһ...
Орташа ғана шаруасы бар ауру әкесінің дүние-мүлкін кәмпескелеп, төсек тартып жатқанына қарамастан Сібірге жер аударған қызыл әскерлерге деген қыжылын ішіне бүккен шерлі шал бұдан басқа да көп әңгіме айтқан. — Анау Азат деген кәмсәмөл жігітке «ал, балам, не болды жай-жапсарын түсіндіріп айтшы. Армантайымның не кінәсі бар? Не үшін қамады? » десем, «Кі-Гі-Бі-нің тізімінде тұр екен» дейді.
— Әйтеуір біреудің басын жарып, көзін шығарған жоқ па?
— Жоқ.
— Ендеше неге тізімдеріне алады?
— Саясатқа қарсысың депті.
— Қандай саясат, не қарсылық сонда?
— Тіл жойылып барады, тілмен бірге ұлт жойылып барады деген деген сөз ғой баяғы...
— Баламның онысы өтірік пе? Мынау іргеміздегі қаланың ырың-жырың тілін де, ділін де түсінбеген соң үйден шыға алмай отырған жоқпыз ба омалып? Біздің сөзімізді қай генерал түсінеді? Қай хатшы құлақ асады? «Қырсық жалғыздап жүрмейді, егіздеп төлдейді» дейді екен бұрынғылар, індетіп іздейтін азамат болса, елдің басына кесапат боп төнген бұл қырсықтың сыңары көп қой. «Қарындағы баланың хан боларын кім білер» дейді. Қайта, Армантай сияқты бөлек туған балдардың бой көтеріп шықанына қуанбай ма екен? Ө-ө-өуһ...
Міне, қызық, бізден бұрын жеткен Азат шалдың көңілін демдеп, баласының көп ұзамай бостандыққа шығатынын айтып кетіпті. Қаусаған қарияның жастықтан басын көтертіп, әңгіме айтқызып отырған да сол сөздің күші болса керек.
Азат, Азат, Азат... Сәбидің әңгімесіне риза болған Қанат жан сырын ақтарып, сырасын ұсынғанда ол бірдеңе дегісі келгендей күмілжіп, ойланып қалып еді. Сосын қызыл қоңыр бөтелкедегі сары түсті сыраны аузынан лақылдата жұтты да, ернін сүртіп:
— Бір отбасында іңгәлаған бала дүниеге келіп, бақуатты ата-анасының қуаныштарында шек болмайды. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген емес пе, ата-ананың мұндайда жұрттан жылы лебіз күтетіні белгілі. Осыны сезген сұңғыла қонақтардың бірі:
— Көресіңдер әлі, мезгілі жеткенде бұл бала дәулеті асқан бай болады, — дейді. Баланың ата-анасы «аузыңа май, астыңа тай» деп, әлгіге үлкен сый-сияпат жасайды.
— Көресіңдер әлі, мезгілі жеткенде бұл бала үлкен мемлекеттік қызметші болады, — дейді екінші сұңғыла. Сөйтіп оның жағымпаздағы алдыңғы айтқыштан да асып түсіп, зор құрметке бөленеді. Міне, осы кезде тілінен қағынған біреу:
— Көресіңдер әлі, мезгілі жеткенде бұл бала қайтыс болады, — деп салады. — Қуаныш үстіндегілер үшін ашық күндегі жай отындай тосын ба? Тосын. Айтқаны ақиқат екені де рас па? Рас. Бірақ бұл шындықтың оларға сол сәтте керегі бар ма еді? Әрине, жоқ. Тіпті кәрі қойдың жасындай жасы қалған қарияға да санаулы ғана күндерің қалды десең, «көргенсіз» деп ашуланады ғой. Не керек сөйтіп, байлық пен қызмет туралы жарамсақтықпен өтірік айтқандар сый-сияпатқа бөленіп, ал адам баласы қалайда қашып құтыла алмайтын қорқынышты шындықты айтқан сорлы таяқ жеп, қуаныштарын тойлаған шаңырақтың табалдырығынан допша домалап шығады. Сол сияқты, күндердің күнінде кеңестік жүйе құлайды дегендердің бұ дүниеде оңбайтыны анық. Булгаковтың астарлап айтатыны сондықтан. Сәбидің дүниесін дәл сондай демесем де, ащы шындық айғайлап тұрған сияқты екен, — деген.
Он төртінен толған ай қой қораның үстіне іліп қойған майшам сяқты түнгі аспаннан себездеп сәуле шашады.
— Қанат, Сәбиді сатқан кім деп ойлайсың?
— Білмедім.
— Мен өзімнен көрем. («Азаттан көрем» деп айта алмадым).
Қанат төсегінен ұшып тұрды. Өз құлағына өзі сенбей, «рас па, өтірік пе» дегендей, маған қарап ербиіп отыр.
— Қалжыңың ба?
— Шыным. Сәбидің әңгімелерін ұмытқан жоқ шығарсың?
— Қалай ұмытарсың ондай дүниені. — Елгезеріме салып көрсем, Сәбидің әңгімесінен кейін жұрттан сүйінші сұрай беріппін ғой.
— Жұртың кім?
— Баспалар, одақтар... Әйтеуір, әңгіме-дүкен болатын жердің бәрінде.
— Е-е, ондайды мен де айттым ғой. Ең бастысы, арандатушылардың қармағына ілікпесең болғаны да?
— Ай мен күннен басқа жердің бәрін арандатушылар жаулап алған жоқ па.
— Күнді қайдам, олардың аяғы айға да жетті.
Қанаттың жүрегі орнына түсіп, азырақ тыншығандай болды.
— «Қызыл жағалылар» сенен Сәби туралы алдын-ала сұрақ-жауап алған екен деп қорқып қалмайын ба? Адамның сонша зәресін ұшырып.
— Сонда да бар ғой, Сәбидің ұсталғанына үшеуміз кінәліміз.
— Неге?
— Өйткені, ол әңгімесін бізден басқа ешкімге айтқан жоқ. Отыз жетінші жылы мынандай сұмдық болған екен. Алқа-қотан әңгіме-дүкен үстінде «біріншінің» саясатына қарсы пікір айтылса бітті, ішіндегі ең пысығы комитеттегілерге міндетті түрде алғашқы болып жеткізуге тырысады екен. Ал үлгермегендері «халық жауы» ретінде түгел қамауға алынатын болған.
— «Жұт жеті ағайынды дегендей», сатқындықтың да түр-түрі болады екен-ау.
Көз алдыма Иса пайғамбарды қапсыра құшақтап, бетінен сүймекке ұмтыла берген болып жендеттерге астыртын белгі берген Иуданың жексұрын жүзі бей- неленген сурет келіп тұра қалды. Тұра қалатын себебі, осы суреттің көшірмесі қай жылдары, кім әкелгені бір Аллаға ғана аян, біздің бөлменің қабырғасында ілулі тұратын. Комендантымыз шоқынды әйел еді, бәлкім, соның қоймасынан келген дүние шығар. Бірақ біз Иса пайғамбар мен сақабалары бейнеленген ескі репродукцияның басқа жер таппағандай тура біздің бөлменің қабырғасында ілулі тұрғанынан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Бөлмемізге кіріп-шыққан оқымыстылардың суретке қарап тұрып айтатын әңгімелері арқылы пайғамбарлардың азапты өмірі жайлы біліміміз толыса түсті. Толыса түскен білім опасыздық туралы қаншама классик қалам тербе- се де сатқындық атаулының мына жарық дүниеде әліәзір тиылмасына да көзімізді жеткізді. Қайта үдеп келе жатқан сияқты. Тіпті бүгінде, тірі болса Иуданың өзі жағасын ұстайтын «сценарийлер» жасалып, елге тұтқа болатын небір азаматтардың көзі бірінен кейін бірі жойыла бастады емес пе? Аран ғой бұл! Апырау, сонда аранның адамға да келіп қалғаны ма?
Аран... аран... аран... Айтпақшы, бұл сөз ойыма қайдан келе қалды? Ә-ә, балконнан бөлмеге кіріп, төсегіне жатқан Сәби қабырғадағы көмескі тартып тұрған әлгі суретке қарап:
— Иуда кезінде Иса пайғамбардың, сәләллаһу уәссәләм, ең адал сақабаларының бірі болған. Бірақ ол пайғамбар досын небары отыз күміс сөлкебайға сатып жіберген. Түсінесіз бе, бар болғаны отыз күміс сөлкебай, — деп еді-ау.
— Өсімқор ұрпақтары сол сөлкебайдан жиналған пайыздың пайдасымен бүгінде төрткүл дүниені уысында ұстап тұр емес пе?!.
— Үндемей жүріп сіздің де тіліңіздің қыршаңқысы бар, аға. Мейрамда қайда боласыз?
— Ауылға кетем.
— Мен жатақханада қалам. «Аран» деген атпен бір дүние жазып жүр ем, ешкім жоқта соны бітіруім керек.
— Аран дейсің бе?
— Иә, жұрт ашқарақ адамды көргенде: "Мынаның араны ашылған ба?» деп үрейленіп жатады ғой. Аранның түрі көп. Ашыққан қойлардың бір-бірінің жүнін жалмап, киіз тышып, қынадай қырылатын ауруын қырғыз ағайындар «аран» деп атайды.
— Ой, сұмдық-ай! Ем-домы бар ма ол пәлекеттің?
— Әкем айтатын, аранға ұшыраған кезде қойларды қорға қамамай, ашық аспан астына шығарып, шөбі мен шүйгіні мол далаға қарай тоқтатпай қуа беру керек деп. Біздің қоғам да қазір үлкен рухани аштыққа душар болып, аран ауруы сияқты неше түрлі сұмдықтар белгі бере бастады емес пе. Билік басындағылардың бірін-бірі сатып, бірін-бірі ұстап беріп жатқандары басқа емес, аранның дәл өзі. Тіпті одан да жаман. Осы рухани дерт болашаққа үлгі болмаса екен деймін да...
— Өзіңнен өзің не деп күбірлеп жатсың?
— Сәбидің тағы бір әңгімесі есіме түсіп кеткені...
ШАНШУДЫҢ БАЛКОНЫ
Шаншу шіркін шіреніп балконнан тост айтып тұр екен деймін. «О заман да, бұ заман, дені-қарны сау адам да балконға шығып бақылдап тост айта ма? Байғұстың шынымен-ақ шатаса бастағаны ма?». Құдайдың құдыреті, түсімде санамды сансыратқан сан-сапалақ оқиғаларға өзімнен-өзім таңғалып жата- тын бір қызық әдетім бар.
— Рахмет, — дейді Шаншу, — Шуылдақ атама ескерткіш қойыпсыңдар. Бірақ шалды есекке мінгізудің не қажеті бар еді? Ұзынқұлақтан Айбардың шығарып жүргені деп естідім. Оныкі таза өзінің атын шығару ғой. Естібай мен Кенжебек те шыбындаған жылқыдай бас шұлғи беріпті...
Шаншуды баяғы Хрущевтің пәрменімен соғылған ескі үйдің балконында тұр екен деймін. Зілдей денесін көтере алмай салмағын бір аяғынан екінші аяғына аударған кезде ескі балкон сықыр ете қалды. «Ау, Естібай атам біздің Шаншу жаңа үй алды деп Кенжебекке ылғи мақтанып отырмаушы ма еді?». Жарымжан балкон бір жамбастап, әні-міні құлайын деп тұр. Шаншу сорлы оны сезіп тұрған жоқ. «Ой-пырай, мынандай апатты жағдайға қарамастан беймарал өмір сүре беретін адамзаттың баласы не деген көнбіс еді?!.»
— Айналайын, Көркемтай, сен ауылдан қол үзбе. Мен басқаларға қарап бой түзеймін деп мына қураған қу балконға байланып қалдым...
«Мә, Шаншу көкем Демосфен болып кеткен бе? Ішіп алғанда «Шумел камыш...» деп, миды ашытқаны болмаса, аузын буған өгіздей үндемеуші еді ғой». — Әй, сендер мені балконнан былшылдатып қой-е-еп, өздерің аузынан сыңғытып жатқан жоқсыңдар ма?
Балкондағы Шаншудың дорбадай аузына қарап тұрамыз деп Асқар екеуіміздің мойнымыз талып қалыпты. Қолымыздағы әлі ашылмаған бөтелкені көрсеттік. «Жоқ, ішкен жоқпыз» деген белгіміз.
— Ал, онда «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» Шуылдақ атамның ескерткіші үшін алып қоялық.
Шаншу қолындағы бір кесе сүтті (Сүті несі? Бұл кісі арақты қойған ба? Түу, мұны естісе елден бұрын Естібай атам қуанатын болды ғой. Апама айтып «жеті нан» құдайы бергізбесе неғылсын?) аузына апара бергенде, жер сілкінгендей болды да, кенет қолындағы кесесі ұшып кетті. Ағарған шашырап келіп үстімізді аймандай қылды. Жоқ, жер сілкінбепті. Опырылып құлап бара жатқан Шаншу тұрған «хрущевканың» балконы екен.
— Шаншу аға...
Айғайлайын десем даусым шықпайды. Шаншу да, балкон да, үй де жым-жылас. Қираған қалдықтардан шаң-тозаң көтеріліп, түтін бықсиды...
★ ★★
Жастық бір жақта, басым бір жақта жатыр екен. Желісіне әрең ілініп тұрған торлама қауындай төсектен салбырап қалған сопақ басты көтеріп тұру оңай ма, мойным ұйып, қозғалтпай қалыпты. «Пыссымылда, пыссымылда...».
Үйдің сыртқа есігі ашық тұр. Бөлмеге су себілген саялы ауладан салқын леп келеді. Қыт-қыттаған тауықтардың табалдырыққа дейін тақымдай түскенін сеземін. Байғұстар үйдің ішіне аңсары ауып, мойындарын созып, қайта-қайта қарағыштағанымен «жә, бір малын кәйтсем екеу қылам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Естібайдың бір бәлесіне қалармыз» дегендей, өрістерін қайтадан аулаққа салады. Дүниені дүрліктіріп жатқан «қүс тұмауынан» бейхабар қызыл әтеш қана нәпсісін жеңе алмады. Табалдырыққа секіріп шығып, қызылды-жасылды мамығы мың құбылған мойнын қылт-қылт еткізген кербез неменің жаны дәліздегі аяқ-табақты салдыр-гүлдір еткізіп бір-ақ тыншыған.
— Кіш, әй. Адамды түтіп жейтін шығар мыналар.
Жаздым-жаңылдым дегендей қоқ-қоқтап қаша жөнелген кербез әтешті атамның жыңғыл таяғы сақпандай ысылдап шығарып салды.
Тұру керек шығар. Басқа жер құрып қалғандай ала мысық көрпемнің үстіне шығып пырылдап жатыр. Сілкіп тастадым. Тәтті ұйқысын бұзғанымды жақтырмағандай даусын соза мияулаған мысық қағынып-сілкініп, керіліп алды да атамның мыж-мыж мәсісіне барып оралды. Осы кезде даладан Кенжебектің даусы естілген.
— Ай, Естібай, үйдемісің.
— Е, үйде болмай Мекке-Мәдинеге кетті деп еп ең?
Кенжебек үйге өзімен бірге даланың бір құшақ бәйшешегіндей көктемнің хош иісін ала кірді.
— Оу, мына сабаз әлі тұрмаған ба?
— Шарбақтыдан шығатын алғашқы пірімір-міністір болам дей ма, көзінің майын тауысып жұлдыз ауғанша кітап оқиды. Түске шейін тырайып жатпағанда кәйтеді сосын.
— Біздің қара шұнақ ертелі-кеш кәмпитүрге қадалады да отырады. Онысы ыңғи атыс-шабыс бірдеңе...
Апам далада самаурынмен алысып жүр екен, үйге «бу машинасын» тура деректі фильмнің өзінен алып келгендей болды. Дастарқан басынан құлаққа жағымды әдемі әуен естіліп, табалдырық пен төрдің арасын сексеуіл шоғының жағымды иісі жайлаған. Жарнамадан түспейтін «Шах» шәйінің жаңа демделген сәтіндегі жұпар иісі тәмпіш мұрнымды қытықтады. Кенжебек атам жөткірінді. Сосын менің бас жағымдағы кітапты алып, Бейімбет Майлиннің қамалмай тұрған кездегі кекіл шашы бұйраланып түскен әдемі суретін аялай сипап отырды да:
— Анауың құлап қапты, — деді. — Өсетін бала сондай-ақ болар деуші ем.
Таң қалдым. Оқуға құжат тапсырған талапкерлердің тест деген бәледен құлайтын кезі былтыр өтіп кеткен. «Құлап» қайтқан көзі тірі куәнің біреуі өзім. Биылғы «құлайтын» уақыттың ауылы әлі алыс. Сонда наурызда тыраң ете қап жүрген кім болды екен? Ойымдағы ойпырайлаған сауалдың орайын Кенжебек атам оңайлатты.
— Кімді айтасың?
— Кім боушы еді, Шаншуды айтам.
— Оның қай құлағанын естімей жүр ек?
Бәсе, әңгіме талапкерлер туралы емес екен. Кенжебек атамның құлқын сәріден құпиялап жүргені қалада тұратын Шаншу қақындағы гәп болды. «Түсімді айтып берсем бе екен?..»
— Жоқ, бұ жолғысы бөлек құлас дейді.
— Қанадай құлас дейсің?
— Бөлек құлас деймін.
— Жүрек пе?
— Қайдағы жүрек.
— Қаны таситын бәлесі бар ма еді?
— Қан да емес...
— Енді не? Айтатыныңды айтсай адамды діңкәләтпай.
— Әкімнің үстіне құлапты.
— Не дейт?!
Атам шошып кетті. Шалдардың әңгімесін құлағының сыртымен тыңдап, шәй құйып отырған апам да шыдамаса керек.
— Қай әкімнің үстіне құлапты теректей боған байғұс?
— Айбар деген әкім бар емес пе еді әлгі.
— Ие...
— Бот, түп-тура соның үстіне құлапты.
— Алда сорлы-ай, сорлап қалған екен-ау онда. Ұрмап па әйтеуір?
— Әзірге ондай інпәрмасиә жоқ.
— Бұл әңгімені сонау ит өлген жерден кім айтып кеп жүр саған?
— Ай, анау Шауыпкелдің айтысқа қатысатын баласы бар емес пе?
— Иә, осы өткенде ғана айтысқа барам деп далаңдап жүргенін көргем.
— Со неме сахнада айтысып отқанда бопты уақиға.
Апам бетін шымшылады.
— Апырай, жұмысынан шығарып жібермесе неғылсын.
Атам ақиды.
— Енді жалтыраған басынан сипайт деп пе ең?!
Шешем сірәдағы шегінбес.
— Е, маған десе таз басын үйітіп жесін. О несі-ай. Шуылдақ жәкемнен қалған жалғыз тұяқ қой деп жаным ашып отса, маған айғайлағаның қай сасқаның.
Мағұлым болды, баяғы Шаншудың арағының жыры. Апам айтпақшы, бұдан да әлгі Айбар деген әкімнің аяғын құшып құлаған күйі қата қалғаны жақсы еді. Профессор жеңешеміз қалай қапы қалды екен? Үйіне тас қып қамап кетпеуші ме еді?
— Шақыртып, өз аузынан естіп білейік те, былай.
— Кі — ім — ді?
Атам ә дегенде Кенжебек қаладағы Шаншуды шақыртайық деп отыр екен деп қалды-ау деймін, даусы созаланданып, қабағы қырыстана қалды.
— Ақын баланы.
— Ой, құдай-ай, сенің де ақын, ақын деп таңдайың тақылдай қапты ғой. Шауыпкелдің баласы десейші онан да. Осы күні ақын деген ат та арзандап кеткен ба, немене өзі?
Атам үшін ақиық ақындар арғы ғасырларда Шортанбай, Дулаттармен бірге өтіп кеткен. Бергі дәуірлерден Абай мен Жамбылды ғана мойындар. Ал ауылдағы ақын-жазушымыз деп көкіп жүргендердің аты-жөнін естісе, ер-тоқымын бауырына алып тулап шыға келеді. Кенжебекке шешем көмекке келді.
— Кенжебек байғұста нең бар? Өкпең боса «ақын бала» деп алақандарына салып жүрген әкімдерге айтпайсың ба?
— Әй, Көркемтай тұр да, ана Шауыпкелдің баласын ертіп кеші.
— Асқарды ма?
— Біліп тұрып сұрайтындарың-ай осы, иә, со лоқиды ертіп ке...
Атам Шауыпкелдің баласын адам құрлы көрмегенімен, маған айтыс ақынының үйіне кіру кедейдің кеденінен өткеннен де мұң болды. Жеңгеміз жартылай ашылған есігінен дода-дода басын шығарар-шығармастан:
— Оскардың қолы бос емес, состязаниеге дайындалып жатыр, — деді де, ініне зып берді. Қолын қусырынған молдадай жолдың бойында шоқиып тұратын сарышұнақтан да жылдам. «Жейше-ау, атам Оскар Уайльдты шақырып жатқан жоқ, сіздің үйдегі Асқар Суайтты шақырып жатыр», деп те үлгере алмадым.
Үйдің ішінен «еу-еу» деп бақсыдай буынған Асқардың ащы даусы талып естіледі. Қалжырай бастаған ба, қалай? Жеті қат жердің астынан жет-кендей домбырасының үні де құмығыңқы. Амал жоқ, жеңешемнің аузымен құс тістеген Оскары арқасын құрыстырған жын-шайтанымен әбден арбасып болғанша жалықпай күтуте тура келді. «Қанша мықты ақын болсаң да, түзге отыруға бір шығарсың», — деймін қасарысып.
Мен де ақын болып көргем. Бірақ атамнан аса алмаған соң қойдым. Қазір атамның Шаншу туралы «Арақта кеткен есесі, басынан үлкен кесесі» деп Шортанбай, Дулат жырауларша термелетіп басталатын өлеңі бүкіл Шарбақтының аузында жүр. Үлкен-кіші жатқа айтады. Ал менің «Самал желмен шайқалып, жас қайың тұр жайқалып» дегенімді аудандық газет екеш аудандық газет те баспай қойды. Сосын өлең шіркіңді өкпелете бермейін деп поэзия пырағымен ат құйрығын кесіскем.
Далаға сорайып шыға келген Асқар ақын мені көріп состиып тұрып қалды.
— Өй, үйге нәғып кірмей тұрсың?
— Айтысқа дайындалып жатыр дегесін...
— Той деп, беташар деп ел әбден ығыр қылды, елки, — Асқар тізесіне шейін түсетін ұзын қолын екі жағына созып, масаттана керіліп алды. — Кеше Кәкімжанның баласы келін түсіріп, қоярда-қоймай ертіп кетті. Ақша дегенің соларда екен ғой. Банкирлерің сәлемге жүз доллардан тастады...
Құлақты сарсытқан мақтан.
— Атам шақырып жатыр.
— Жәй ма?
— Білмейім.
Асқар ақын шарбағының аяқ жағындағы қамыстан далдалап қойған әжетханасына кіріп кетті. Арзанқол қытай белдігінің ілгектерін сылдырлатып ағыта бастағанына қарағанда, біраз бөгеліңкірейтін түріміз бар.
— Бірдеңе жазып жүрсің бе?
Асқар ақынның үні әжетхана деген аты ғана бар қамыс далданың ішінен күшене шықты.
— Бәрібір атамнан аса алмаймын.
— Оның да жөн.
— Не оқып жатсың?
— Гюнтер Грассты.
Қайдан шықса, одан шықсын, өтірікті соғып жібердім. Шарбақтыдағы тап-тұйнақтай үйінің астынан су шыққандай «атажұртым Алмания қайдасың!» деп көшіп кеткен Гауфлердің қиқар отандасы Гюнтер Грассыңның Нобель сыйлығын алған сұңғыла екенін жақында ғана газеттен оқығанмын.
— Астарлап отырып үкіметінің аузын ұратын ит екен.
Қамыс далданың ішіндегі Асқардың үні шықпай қалды. Осы өңірдің жар дегендегі жалғыз ақыны «ә, анау ма, оқып ем ғой» демеді. «Ау, оның кім еді?» деп сұрауға да намыстанатынын сезем. Ауданның бетіне қараған жалғыз суырып салма ақыны әлі күнге шейін оқуға түсе алмай, тест деген сынақтан торғайдай топ ете қап жүрген боқмұрынға осалдығын білдірмеуі керек. «Бәлем, қатының әбден қанымды ішіп еді, сол керек өзіңе» деймін ішімнен.
— Аптаның аяғында Арқаға жүрем. Есбол батырдың әруағына ас беріп, айтыс өткізбек. Бас жүлдеге «иномарка» тігіпті...
Бір жағына қарай қисайған қамыс далдадан ышқырын көтеріп, ауын түймелей шыққан Асқардың мұнысын «Гюнтер Грассыңның әке ғанасының аузын... Пәлсәпаңды езіп, басыңа жақ. Қазағымның айтысына қуат берсін» деген дөң айбатты ұғып, ақынды үйге қарай бастадым. Екеуіміздің әдебиет һәм шығармашылық қам-қаракет турасындағы толғанысымыз осымен тәмәмдалған...
★★ ★
— Балам, жөндеп, рет-ретімен айтшы өзін былай. Ана әңкиген сорлы не бүлдірді?
«Атаң жауап алу үшін шақыртқан екен ғой» дегендей, маған алакөзімен ата қараған Асқар:
— Айтысып боған соң залға кеп отқам... — деді сүлесоқ.
— Қош.
— Шаншу балаңыз («балаңыз» дегенді кекесіндеу кейіппен, екпін түсіре айтты) удай мас боп қазылардың қасында тұр екен.
— Алда сорлы-ай, атауын ішіп алған екен, арт жағында-ақ отыра бермеді ме? Аузынан жыны ағып жүріп қазыларда несі бар ей, а?
— Жә, кемпір, сөзін бөлме.
— Бір кезде Айбар ағайдың қасына келіп, бұрыла берді де...
— Өйтіп әдемілемей-ақ қойсайшы, сыры белгілі ғой.
— Әйтеуір бастықтардың қасындағы қатындары баж ете қалды. Соған қарағанда әкімді ұрайын деп жатыр деп қалды-ау дейім.
— Бәсе, қосылған қойы жаман екен деген елдің сөзінен шошушы ем. Содан...
— Содан бойын билей алмай Айбардың үстіне кескен теректей құлап түсті.
— Астапыралла!
— Әкім байғұстың зәресі қалмаған шығар?
— Көкпаршы адам ғой. Дер кезінде қамшылар жағына қарай жалт беріп үлгерді.
— Қаматып қойған жоқ па?
— Білмейім, әйтеуір әлекедей жалаңдаған тақырбас көмекшілері жетелеп ап кеткен...
Атам ернін тістелеп отырып қалды. Сосын «Таз ашуын тырнаудан алар» дегендей, Кенжебекке ежірейді.
— Сен бағана айтысып отырып көріпті демеп пе ең, әй?
Кенжебек те сақалы шошаңдап дес берер емес.
— Айтысып отырып көрді не, шәй ішіп отырып көрді не? Мәселе, мас боп әкімнің үстіне құлаған Шаншу деген албастыға кеп тіреліп тұрған жоқ па? О заманда, бұ заман, ел естімеген масқараның бәрі біздің Шарбақтыға үйір болатыны несі екен осы?
Атамнан маза кетті.
— Әй, жетесіз сүмелек-ай, — дейді тістеніп. — Әулетіміздің сүйегіне таңба салды-ау. Шуылдақ марқұмның бұл сұмдықты көрмей өліп кеткені абырой болған екен да.
Шуылдақ атамыз қазақтың аңқау шалдарының бірі болса керек. «Істәліннің ескерткішін ауылға әкелем деп жүріп жазықсыз қамалып кетті ғой байғұс» деп атам аузынан тастамайды. Сосын «о кезде кәзіргідей көлік қайда» деп әңгімесін бастап кететін.
Аупарткомдағылар Сталиннің ескерткішін аулыңа алып бар деп қоймаған соң Шуылдақ атам қайткен. Кеуде мен бастан ғана тұратын домаланған тасты есекпен алып жүру оңай шаруа емес. Өзі зілдей ауыр бәле тағы. Ақыры атам ары ойланып, бері ойланып, қақшиған бас пен талыстай кеудеден тұратын тасты құм салған қанар қаппен теңдеп байлайды да, қауын артқандай есегінің үстіне көлденең тастай салып «Шарбақты қайдасың?» деп тартып кетеді. Айтпақшы, қырсық шалғанда, ауылға бірден тартып кете бармайды екен. Үйдегі апамызға қант-шәй ала салайын деп ауданның орталығындағы дүкенге барса, мойнына бұғау салынған Сталиннің басы да салақтап дүкенге барады, ауылдан ала шыққан ала тоқтының терісін өткізе салайын деп базарға соқса, бас та ала-құла жұрты жыртылып-айырылған базарға соғады. Шәйханаға аялдап, аяқ суытса да есектің сауырындағы қу бас салақтап соңынан қалмайды. Шәйханада не көп, көк шәй ішіп кеу-кеулескен қылжақбастар көп.
— Шуеке, есегіңізге не артып алғансыз? — дейді шәйханашы ұйғыр қутыңдап.
Атамыз саспайды.
— Не боушы еді, Істәліннің басы, — дейді шып-шып тер шыққан маңдайын дәу беторамалымен сүртіп.
— Қапта не бар?
— Сарыкемердің құмы.
— Құм дейсің ә, — деп сыздаусиды төрде төбедей боп жатқан шегір көз, таңқы танау, бақа тамақ қазақ.
— Құмға теңдеп артпағанда, сенің қарныңдағы боққа теңдейін ба енді?
— Құп қатырдың, әка, — дейді көк шәй ішіп көсіліп жатқан ала шапанды өзбек қарқ-қарқ күліп.
Шуылдақ атамыз осы арада шегір көз, таңқы танау, бақа тамақтың НКВД-дағы лақап аты «Қаламұш» боларын аңдамас. Сөйтіп ойында ештеңе жоқ атам Стекеңнің басы екеуі Шарбақтыға жеткенше әбден қыдырар. Бірақ қыдырғаны бар болсын, атамның есегімен құйрық тістесе жеткен әпербақандар шалдың қолын артына қайырып, ауданға қайтадан алып кетеді. Атам сол кеткеннен мол кетіпті. Тепсінген тергеушілер қазақтың жүкті көлікке теңдеп артатынын құлақтарына да ілмепті. Арада пәленбай жыл өткеннен кейін ҮҚК мұрағатынан табылған айыптау қорытындысының қысқаша мазмұны мұны былай деп шежірілейді:
«Шуылдақ Шопанбайұлы жапондармен астыртын байланысып, жапон әскерлері Сы-Сы-Сырға басып кіре қалған жағдайда Шарбақтыда Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс жасауды жоспарлаған. Йосиф Виссарионұлы Сталин жолдастың басын шиландай жұрттың көзінше есекке артып, БК(б)П саясатына қарсы ашық түрде қасақана акция ұйымдастырған... »
Шаншу — сол аңқау Шуылдақ Шопанбайұлынан қалған жалғыз тұяқ.
— Тұяғың қиылғыр тұқымына тартпай шәрәмік боп кетті десейші.
Асқар ақын маған көзінің қиығымен қарап қояды. Қылмиған көзінің жылмиған қиығында «Шаншудың ана тірлігін естісе, ататайың мына түрімен қылғынып өлетін шығар» деген табалау тұр.
★★ ★
«Талапкер — 2000-ның» тестінен топалаң тиген тоқтылардай топырлаған бір топ бозөкпелермен бірге мен де «құлап» қайтқам демеп пе ем. Атам мені сонда Асқар ақынға қосып, «құжаттарыңды реттеген соң анау Шаншу ағаңның үйіне барып сәлем бер» деп тапсырған. Асқар кәдімгідей қала көріп, ысылып қалған ғой. «Алдымен Шаншу ағаның үйіне телефон шалып, Естібай атамыздың аманатын айтайық» деп маңызсыды. Бірақ телефонның трубкасын құлағына тақап, желінің ар жағындағы Шаншумен тілдесе бастауы мұң екен, түрі бұзылып сала берді. Айтысқан кезде тілі мен жағына тоқтау болмайтын Асқар ақын «мақұл» деген сөздің түбіріне түп етектен байланып қалғандай басын шұлғи берді. Таксофонның трубкасын орнына тарс еткізіп қонжитқан соң:
— Кеттік, — деді бұртиып.
— Қаяқа?
— Комокқа.
Шарбақтының шарап зауытынан шығатын қызыл арақтардың түр-түрі «комокта» самсап тұр екен.
— Қаншау аламыз ? — деді Асқар ақын.
— Екеуі жететін шығар.
Екі бөтелке шарапты марқұм Шуылдақ атамшалап кәстөмімнің екі жағындағы қалтасына «теңдеп» алдым.
Соңғы кезде намаз оқып, арақ-шарабыңызды татып алмайтын айтыс ақындарының «партиясында» Асқар да бар. Сайрамдағы сансыз бапқа барғыштап, Түркістандағы түмен бапқа түнегіштеп, Арқадағы Алаша, Жошы, Домбауылдардың мазарларына зияратшылап жүрген Асқар ақын да арақ-шарап қойылған жерден бойын аулақ салып жүреді. Сондықтан сәлем бермей жатып шарапқа жұмсаған Шаншуды да, кемпірінің шәйін ішіп, құдай деп жатудың орнына «Шаншуға барып сәлем беріңдер» деп арқамызға аманат арқалатып жіберген Естібай атамды да, екі бүйірімді мұп-мұздай боп қарып түскен Шарбақтының екі бөтелке шарабына мәу демей келе жатқан мені де сыбап келеді.
Шаншу ағайдың құжырасы қаланың қиыр шетіндегі бетон үйдің бесінші қабатында екен.
— Шаншу, Шаншу дегенге коттеджде тұрады екен десем, қазақтардың маңдайына жазылған пәтерде тұрады екен ғой, — дедім.
Көңіл-күйінің барометрі шайқалақтап қалған Асқар ақынды күлдірейін дегем. Бірақ ол аузын буған өгіздей қасарысып үндемеді.
Қаланың сыртына қараған балконынан сыраханадағы араның ұясындай құжынаған думан-ды топқа сілекейі шұбырып, жарға қонған жауыр қарғадай қарауытып тұрған Шаншу болып шықты. Асқарды таниды екен. «Келдіңдер ме?» деді да, балконнан шелегін асығыс түсіре бастады. Шелекке жіптің орнына ақ жаймаларды байлапты. Көзім бақырайып кетті. Асқар ақын үндеме дегендей бүйірімнен түртіп қалды. Шелек үйдің іргесіндегі көк майсаның үстіне НЛО сияқты қалықтап кеп қонақтады да, екі бөтелке қызылды «бортына» тиеп алған соң, жоғары қарай қайтадан қалықтай көтеріліп кете барды. Біз ғарышқа тұңғыш «ғарышкер» Лайканы шығарып салған коммунистер сияқты басымызды шалқайтып, қаттық та қалдық. Шаншудың шелегі кедергісіз ғарыш кеңістігіне шықты-ау деген кезде «уһ» деп бір-ақ демалдық. Шаншу екі бөтелке шарапты шаң-шаң бүйірінен шөп-шөп сүйді де, бізге «кәзір» деп, қорбаңдап үйіне кірді де кетті. Біз де, шелек те жаңағы ғарыштық қиял-ғажайып дүниеден жерге оралғандай, қоңылтақсып қалдық. Кенжебек атам асар жасап, ауылдың қолы бос балаларына анда-санда қорасының төбесін сылатып алатын. Сонда жіптің ұшына жалғаған темір ілгекке балшық толы шелекті іліп, жоғарыдағы сылақшыларға жіберіп тұрушы ек. Мынаның содан айырмасы шамалы.
— Мынау тура Кенжебек атамның асары болды ғой.
— Шаншу таздың «бас жазары» десейші одан да.
Ойыным осылып бара жатқан мені Асқар ақын қабақ шытып, әлі жақтырмай тұр. Жақтырмаған сайын құтырамын.
Мен кәйтейін аласын ұшқан қаздың,
Асарлатып Шаншудың басын жаздым, еу, еу...
Көмейімнен өзінің мақамын естіген Асқар одан бетер ыза болады. Дегенмен, тырсия бергеннен түк шықпасын түсінді-ау деймін табан астында:
Шелегін шарапқа сап шөлін басқан,
Қорлығын қарасаңшы-ай мына таздың, еу, еу...
— деп, тапқырлығымен ішек-сілмеді қатырды.
Күн шақшиып, тас төбемізден өтіп барады. Шаншу қорбаңдап үйіне кіріп кеткеннен әлі жоқ. Екі бауырының емешегі езіліп келіп тұрғанын мүлде ұмытып кеткен. Бір уақыттар болғанда ағамыздың жалтыраған дәу басы көрінді-ау. Бағанағыдай емес, қабағы ашылып, жүзі жадырап қалыпты.
— «Жедел жәрдемнің» өзі бүйтіп тез жетпейді, жігіттер. Шыбын жанымды бір ажалдан алып қалдыңдар. Рахмет, бауырларым!
— Оқасы жоқ, Шаншархан аға, ұлықсат болса, біз енді қайта берсек.
— Оу, қайда асығасыңдар? Ауылдың әңгімесін айтпайсыңдар ма? Анау қара пұшығың кім?
— Естібай атамның баласы емес пе?
— Ауылдың балдары тері-терсек жинап жүр деп естіп ем. Базардамысың?
— Аға, бұл ініңіз сіз сияқты бастық болам дейді. Ертең университетте тест тапсырады...
— А-а... Кәзір...
Шаншу қолындағы бос бөтелкені балкондағы өз қызметін адал атқарған шелекке атып ұрды да, мен туралы әңгіменің аяғын тыңдамай ішке қайта кіріп кетті. Тағы күтіп тұрмыз.
— Екінші бөтелкені жайғауға кетті, — деді Асқар ақын.
— Бұл кісі бізді неге үйіне шақырмайды? — дедім мен жыным ұстап. «Ауылдың балдары тері-терсек жинап жүр деп естіп ем. Базардамысың?» дегеніне кәдімгідей намыстанып қалғанмын.
— Әйелінің істеп жүрген бәлесі. Арақ іздеп, қаңғып кетпесін деп сыртынан әдейі құлыптап кетеді.
— Мәссаған, ұят емес пе? Дап-дардай кісі ғой.
— Жеңгең орысша оқыған, балтай-шалтайыңа қарамайды.
— Атамның «арақта кеткен есесі, басынан үлкен кесесінің» мәнісін енді түсіндім.
Шаншу балконга шықты. Масайып қалыпты. Осы кезде үйдің бұрышынан бізден басқа тағы екі адамның сұлбасы көрінді. Біреуі ұзын, екіншісі тапал. Бұлар да біз сияқты «жедел жәрдемдер» екен. Сөздеріне қарағанда Шаншу ағайдың қызметтестері сияқты. Шаншуды көре салысымен Ұзын қутыңдап:
— Майна! — деп, айқайлады.
Ағамыз қорбаңдап қауғасын төмен түсіре бастады. Шелекке Шарбақтының шараптарын әп-сәтте «тиеп» біткен екеудің Тапалы жоғары қарап:
— Вира! — деп, айқайлайды.
Ұзын мен Тапалдың бізге қарағанда тәжірибелі екендері мен-мұндалап тұр. Құрылысшылардың терминдерін де ұтқыр қолданады екен көксоққандар.
Шаншу «түсіндім» дегендей шелегінің «жібін» саумалап тарта бастады. «Дәрі-дәрмектерін» бесінші қабатқа аман-есен аттандырған екеу бір бөтелкені өзара жәукемдеуге көшті. Шаншу балконда, ана екеуі жерде, қызу әңгіме-дүкен басталды да кетті. Кенжебек атамның асары түске қарай о жақ, бұ жақтың адамдары кеп, жұмысшылардың қарасы көбейе бастаған кезде қызушы еді. Сол қызық енді басталғандай. Шаншу бағаналы бері илеуіне дән тасыған құмырсқадай бөтелкені қайта-қайта үйіне алып кіріп кетуші еді, енді балконда тұрып-ақ сілтеп жатыр.
— Ал, жігіттер, Шаншархан ағаларыңның денсаулығы үшін ап қоялық.
— Біздің ауылда о кісіні Шаншу дейді.
Ұзыны Асқарға үңіле қарады.
— Тіліңнің тікенегі бар екен, осы сен... ақын емессің бе? Бәсе, қай жерден көрдім деймін.
«Ақынмын» деп мақтана ма, Асқар үнсіз.
— Мэлсті айтасың ба, Булгаковты айтасың ба? — деп қасын керді Тапал. Айтыс төңірегіндегі кәлләсына жинақталып қалған біраз-міраз тәкбірлерін тәмсілдемек түрі бар. Бірақ Асқар:
— Булгаков емес, Айтақын Бұлғақов деңіз, — деп Тапалды тиып тастады.
— Ой, олардай боу қайда? — деді Ұзын.
Асқардың қабағы түйіліп кетті. Көзіңді бақырайтып қойып кемсіткенді кім жақсы көрсін. Әшейінде Асқарды іліп-шалып жүретін менің де жүрегім шым ете қалды. Бірақ Ұзын өзеуреп қояр емес.
— Сенің осы «еу-еу» деп сыңар езулеп отырып алатының қалай?
— Сөзге тоқтамайтының деп, тоқ етерін айтсай, — деп балконға қарап, керги берген Тапалдың қалың көзәйнегінің ар жағынан аларып көрінетін ақ түскен көзі шеңберінен шығып кете жаздады. Біздің баста- рымыз да жоғары қарай кегжең-кегжең ете қалысты.
Шаншу балконда басы тап-тақыр бір бәлемен алысып жатыр.
— Атаңанәлет, бермеймін деген соң, бермеймін, — деп кіжінеді кеп. Анау бірдеңе деп орысшалайды да, ағамыздың қолындағы бөтелкеге жармасады.
— Баласы ғой, — деді Ұзын.
— Түрмеден шығып кеп пе еді бұ пәлесі? — деді Тапал таңданып.
— Баяғыда шыққан. Қаны бөлек қатынымен ажырасып тынды.
Қызметтестер командасынан түзілген «жедел жәрдем» мүшелері негізгі жұмыстары «бас жазу» екенін тарс ұмытып, Шаншу ағамызды көзімізді бақырайтып қойып жамандай бастады. Балкондағы төбелес тақыр бас бәленің жеңісімен аяқталды. Ұлының шиландай жұрттың көзінше шарабын тартып алғанына қорланған Шаншу ағамыз кемсеңдеп жылап жіберді. Шелектің түбінен басқасын алып, тығынын тістеп ашты да қызылкүрең сұйықты көмейіне лақылдатып құя бастады. Сосын салпиған ерінін қолының сыртымен сүртіп, кавказшалау қоңқақ мұрнын қорс еткізіп бір тартып, үйіне кіріп кеткен ұлының соңынан екілене айғайлады.
— Атаңа нәлет, нашақор! Жиырма жыл түрмеде отырып, қанымды сүліктей сорғаныңмен қоймай, үйде де тыныштық бермейін дедің бе? Атаңа нәлет, кет үйден, жоғал! Сұм, құзғын, жүлік...
Тақыр бас бәле балконның есігінен басын шығарды да әкесіне:
— Таблетка керек маған, таблетка, — деп, ақырып ішке қайта кіріп кетті.
— Топылиыма шейін тәблеткіңе айырбастап құрттың ғой атаңа нәлет, енді не қыл дейсің маған?!.
Шаншу аузынан ақ көбігі шашырап «атаңа нәлет» деп бақырған сайын есегіне Сталиннің басын теңдеп алып, ойында ештеңе жоқ тепеңдеп келе жатқан Шуылдақ атам есіме оралды. Шаншудың дорбадай аузынан шыққан нәлеттер Шуылдақ атама НКВД-ның әпербақандарының күрзісіндей дүңк-дүңк тиіп жатқан сияқты. Жазықсыз сотталып кеткен ақкөңіл атамды аядым. Көңілім босап кетті. Шаншуға қосылып жылағым келді. Асқардың жүзі де қарауытып кетіпті. Ұзын мен Тапалдың ғана әттегенайлары жоқ. Ыржыңдап қойып, қалған-құтқан шараптарының түбін төбеттерше жалап-жұқтап жатыр.
— Ішпейтіндерің дұрыс екен, — деп паңданды Тапал.
Асқар ақынның соңынан Ұзын әлі қалар емес.
— Шаншудың, тойыс Шаншарханның атасы шығарған мына өлеңді білесің бе? Қалай еді? Ә-ә, былай екен ғой...
Қыңқапты мен кәйтейін кимеген соң,
Сұлуды мен кәйтейін сүймеген соң.
Шаншудың деректірлігінен не пайда бар,
Насыбайдай пайдасы тимеген соң...
Атамның өлеңі сонау Шарбақтыдан ұлы жіңгір шаһарға да жетіпті. Бірақ оған мақтанып, Ұзынмен мылжыңдасып тұратын уақыт қайда.
— Көр-кем-тай...
Кенет еңіреп жіберген Шаншу балконнан құлап кете жаздады. Торға түскен торғайдай азаттықты аңсай ма, жұлқынып-жұлқынып қояды.
— Мен қор болдым ғой. Қорлады ғой мыналар. Ауылға ап кетіңдерші. Естібай атам қайда? Апарыңдаршы...
Бағанағы танымай тұрғаны көлгірлік екен. Көркемтайлап ботадай боздаған кезде сай-сүйегім сырқырады. Бұдан ары шыдап тұра алмадым.
— Кетейікші, Асқар.
Шаншу мен баласының әуеніне төңкеріліп, бесінші қабаттағы «бас жазарға» қарап тұрам деп мойыны талған Асқар желкесін уқалап:
— Кеттік, — деді.
— Көркемтай, Асқар, кетпеңдер. Кәзір мен бір тост айтайын, сосын кетесіңдер...
Шаншу ағамыз трибунада тұрғандай әңкілдеді. Бесінші қабатта тұрып тост айтатын дәстүрінен көршілері де зәрезап болса керек. Лезде дүрлігіп шыға келді. Екінші қабаттағы көзі бақырайған, бұйра шашты басының қарақұсына тақияға ұқсас бірдеңе жапсырған семіз көршісі балконына шығып:
— Шаншархан Шуылдақович, егер атан түйеше бақыра бергеніңізді қоймасаңыз, кәзір полиция шақырамын, — деп сызылды.
— Бішкектің базарынан жаңа ғана кеп мызғып ем, адамға маза бересіңдер ма, жоқ па? Сұмдық-ай, бұл жерде осыдан соң қалай өмір сүресің, — деп, үшінші қабаттағы жирен шашты қатын бажылдады.
Бірінші қабаттағы терезесін айқара ашып тастаған қазақ:
— Шаншу тағы да балконда тұрып бөсуге кіріскен бе? — деп мырс етті де, бұлтиған бөксесін буаз кесірткедей бұраңдатып көзден ғайып болды.
— Шаншудың халі мүшкіл екен, — деді Ұзын.
Асқар ақынның талағы тарс айырылды.
— Мүшкіл деп мұрындарыңызды шүйіргенше, қой демейсіздер ме?
— Ау, қанша айттық, құлағына ілмейді. Оның үстіне білдей бастығымыз емес пе ?!.
— Тоқсандық есептің қызған кезіндегі түрі мынау...
— Енді осы ішкеннен бар ма, тұп-тура үш апта жатып ішеді, сосын үш апта жатып емделеді. Сендер білмейсіңдер ғой, нағыз рахат осыныкі...
Байқауымда Шаншудың еркелігінен Ұзын мен Тапал да қажыған.
— Әй, екі ит, былшылды доғарыңдар.
Балконда тұрған Шаншу Кенжебек атамның байлаулы төбеті құсап арс ете қалды. Қызыл шарап көбейген сайын әңгіменің де мәнісі кете бастаған. Шаншу енді ауылға ауыз салды.
— Ауылдан келдік дедіңдер ма маған. Бәрің де итсіңдер. Естібай да, Кенжебек те, бәрің. Жақсы атты көрінгілерің келеді, ә. Аттарын шығару үшін ескерткіш дегенді шығарып апты түге. Түкірдім мен ондай... ондай...
— ...халтураларыңа, — деді, шарабы таусылып балконға шыға келген тақыр бас бәлесі.
— Ақылдым менің, бетті әкеш-ш...
Шаншу жаңа ғана жер-жебіріне жеткен ұлын емірене құшақтады. Әке де, ұл да қып-қызыл мас еді.
— Мұндай шошқаға сәлем береміз деп әуре боп жүрген біз де ақымақ, «сәлем бер» деп жұмсап жүрген атаң да...
— Атамда шаруаң болмасын. Шаншудың адам сиқынын шығып кеткенін шал қайдан білсін.
Асқар ақын екеуміз ұлы жіңгір шаһардың бір қиырында тұрып төбелесіп қала жаздадық...
★★ ★
Асқар ақынның маған қараған кездегі қылмиған көзінің жылмиған қиығындағы табалау осы еді.
— Адам болмайтын жақа шықты десеңші...
Кенжебек күрсінді.
— Әкесінің ескерткішіне келмегенінен-ақ ішімді жиып ем.
Естібай атам қалтасынан дәу беторамалын алып көзін сүртті. Жылап отыр. Шалдарға керек болмай қалғанын сезген Асқар ақын ыңыршағы айналған көтерем сиырша шұбалаңданып орнынан тұрды. Әкімдер мен кәсіпкерлер әлпештеп жүрген алтын басын аса сыйлай қоймайтын шалдарға деген қыжыл бар жүзінде. Әжетхана деген аты ғана бар қамыс далдасына шейін шығарып салдым.
— Айтыстан қашан келесің?
— Бір аптадай болатын шығармыз...
Қайтарда Қазанбас болыс атындағы мектептің алдындағы ескерткішке соқтым. Қара есегіне Сталиннің басы мен бір қап құмды теңдеп алған Шуылдақ атам тепеңдеп барады. Былтыр көктемде Алматыдағы сәулетшілерге тапсырыс беріп Айбар әкім арнайы соққызған ескерткіш. «Елде жоқ ескерткіш» деп сарысы бар, бозы бар, күллі газеттер жабыла мақтады. Құдайдың құдыреті, бұрын жер бетінде бар-жоғы білінбейтін әкіміміздің аты осыдан кейін аспандап шыға келді. Себебі Айбар ескерткішті Сталиннің басы туралы аңызды негізге алып соғыңдар депті. «Үкімет басшысынан ыңғайсыз болады ғой» дегендерге «Шаншу сияқты балконына байланып қалған боркемік деп пе еңдер оны, өнерді түсінеді» депті. Шуылдақ атамның ескерткішіне қойылған Қордайдың қызыл тасына Сталиндік жазалауға ұшыраған шарбақтылық 77 адамның аты-жөндері жазылған. Ескерткіш ашылғанда бәрінің ұрпақтары келді. Абыр-сабыр жұрттың ортасынан тек Шаншудың ғана жалтыраған дәу басы көрінбеген. Елдің сәлемін жеткізе барған атамды «сендер ескерткіш деп елден ақша жинағанды ғана білесіңдер» деп, үйіндеп қасқыр итше қауып алыпты. Келіні шәй ішіңізге жарамапты. Атам жағасын ұстап келді. Ендігісі мынау айдың күннің аманында әкімнің үстіне құлап, масқара болып жатқаны...
★★ ★
Бір аптадан кейін Асқар келді. «Арқаның ақындары соңғы кезде сұмдық өсіпті» дейді күпілдеп. Өзі үшінші орынға әрең дегенде ілініпті.
— Әзірге «иномарканың» ауылы алыстау болып тұр.
Жеңіліп қалғанына ыңғайсызданып, өтірік ыржиған болады.
— Құдай беташар мен тойдан берсін де «Елде болса ерінге тиеді», — дедім мен.
— Е, сөйдесейші ағаңды қажай бергенше. Астанаға кету керек. О жақтағы министрлердің тойына асаба болсаң мың жарым долларды шытырлатып тұрып санап береді екен.
Асекеңнің соңғы жылдары жабысқан дерті ұстай қалды. «Дүние, доллар...». Өнер, білім туралы әңгіме бастасың бітті, түйінін айналдырып әкеліп айтыс пен ақшаға тірейді. Анадан оқыдым, мынадан үйрендім деген бір ауыз сөз айтсайшы сабазың. Оның, тісі опырайып ылғи үшінші орыннан аса алмайтынын мен осы түк оқымайтынынан көрем.
— Шаншу туралы ештеңе естімедің бе?
— Қызметінен алып тастапты. Соны Айбардан көріп, газетке жазыпты дейді.
— Не деп?!.
— Жас болған, мас болған деп...
— «Жығылып жатып, сүрінгенге күлетін» сорлы екен ғой.
— Департаментіндегілер де сөйдеп жүр...
— Атам «Үлкенмен жағаласпа, көрінбей қаласың, баламен жағаласпа, көмілмей қаласың» деуші еді. Кәртейген шағында жастармен жауласып, жексұрын атаныпты ғой.
— ІІІіріген жұмыртқаға жүйкеңді жұқартып қайтесің. Нашақор баласымен алысам деп өзі де өлетін бопты.
— Түсім осыған көрінген екен гой.
— Түс көріп пе ең?
— Атамдар сені шақыртқан күні түс көргем. Жамандыққа жорып жүрер деп ешкімге айтпам ем.
Құрбан айттың алдында базарға барған Кенжебек атам Шаншудың тері жинап жүрген делдал балалардан арақ сұрап, ілмиіп тұрғанын көріп шошып келді. «Әй, енді адам болуы қиын-ау» дейді түңіліп. Естібай атам «Ойда сиыр мөңіресе, тауда арқардың мүйізі сырқырайдының» кері ғой біздікі, деп қояды Кенжебекке. Бірақ мен «ойда сиыр мөңіреді екен деп, тауда мүйізі сырқыраған арқарды» көрмедім. Шаншу да, шелек те, балкон да таз қалпында.
Асқар ақын екеуіміз Астанаға кететін боп қол алыстық. Банкир келінінің бетін ашқанына риза болған бір беделді сенатор Асқарды министрлікке қызметке тұрғызатын болыпты. Сол кісі арқылы маған да түріктердің құрылыс компаниясына жұмысқа жалдануға қол ұшын беретін болды. Жазда Гумилев атындағы университеттің ең мықты факультетіне тест тапсырамын. Атам айтпақшы, Шарбақтыдан шыққан алғашқы «пірімір-міністір» өзім болмасам, балконға байланған Шаншудан ауылға қайран жоқ...
Достарыңызбен бөлісу: |