Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет8/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

2. ЖЕР ШАРЫН АРҚАЛАҒАН АДАМ
Кешегі можантомпай Мырқымбайдың бүгінгі ұрпақтарының арасынан оқыған-тоқығаны баршылық, елінің ішкі һәм сыртқы саясаты туралы түсінігі қалыптасқан қаһарманды тауып алу онша қиын емес. Біздің кейіпкеріміз де солардың бірі. Аты-жөні кім дейсіз бе? Кім десем екен? Жарайды, Астананы төріне шығарған Арқа жерінің құрметіне Арқабай дей салуға болар.

Сол Арқабайға бастығы «Мәскеуге сапарға баратын болдың» дегенде біртүрлі болмасы бар ма. Дәлірек айтсақ, көмейіне қуану ма, қобалжу ма, қамығу ма, қыстығу ма, құдай-ау не деп кеттім, бір айдаһардай арпалысқан аласапыран сезімдер қатар кептеліп, көңілінің алағай да бұлағай болғаны. Дегенмен алпыс екі тамырындағы лүп-лүп соққан қанында «әй, ақыры дегеніме жеттім-ау» дегенге келіңкірейтін қуаныш толқыны қара қазандағы бүлк-бүлк қайнаған сорпадайын шымырлап, басқа ой мен қиялдан басымдау түсіп жатты.

Бекер-обалы не керек, Арекең Кремльдің суреті салынған қалам ұстап, Қызыл алаңның суреті салынған кітапты оқып өскен ұрпақтың өкілі еді. Сондықтан кешегі Мәскеу мен бүгінгі Мәскеудің арасы жер мен көктей екені көкірегінде сайрап тұр. Әсіресе, халқының еркін жетпіс жылдай жерге тығып келген жуан желке өкіметті тәрк етіп, партбилетін лақтырып тастаған Ельцин сияқты саясатшылардың сөзін тыңдаса жүдә риза болып қалады. Сондықтан біздің кейіпкеріміздің барайын дегені бүгінгі еркін Мәскеу де, ал әңгімесінің әлқиссасындағы болмашы ғана баяны кешегі қытымыр Мәскеу екенін әуелден ажыратып алмақ-дүр. Жә, сонымен...

А.А.Жданов атындағы орта мектептің оныншы сыныбында оқып жүрген кезінде әдебиет пәнінің мүғалімі «Менің Қазақстаным» деген тақырыпта шығарма жаздырсын. Ол кезде кеңестік сандуғаштар «Барлық жол Римге алып барады» деген ықылым замандағы сөзді 190 градусқа бұрып, А.А.Жданов сияқты алыстағы ауылдағы Арқабай сияқты аңқаулардың санасына «Барлық жол Мәскеуге алып барады» деп сіңіріп қойса ләжің қайсы. Қабағын түйіп, қаламын кезеп ақ қағазға шүйліккенде бұл да, негізінен, сол ұстанымды анау айтқандай өзгерткен жоқ. Тіпті шығармасына нені талғажау қыларын білмей аңырайып отырған кластастарына білім мен білік, өре мен өнеге деген сәл-пәл биіктен қараңқырап қойып әй бір сүйкектеткен. Обалы не керек, екі сағаттық жұмысты бір сағатта тап-тұйнақтай етіп, даладағы допқа кірісіп кеткен шәкіртін мұғалімі ертесіне «кругозоры кең» деп, аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап-мадақтап, ал жазған дүниесін үздік шығарма ретінде аудандық оқу бөліміне жіберетінін мәлімдеді. Кейін бұл мектепті бітіріп, әдебиет пәнінің мұғалімімен анда-санда ауыл дүкеніндегі арзанқол «қызылды» ортаға алып, бау-бақшаның жапырақтары қалыңдау тұсында жұрт көзінен тасаланып шер тарқататын болған кезде бал шараптың уыты буын-буынын балқытқан ұстазы терең күрсіне бір «өу-у-һ» деп алып, «несін айтасың, бір ажалдан қалдық қой» дегені. Қызыл шарап мұның да аш қарынын оттай қарып өткен. Әдебиет пәнінің мүғалімі болса көңілі босап отыр. Сөйтсе Арқабай баяғыда бұла шабыттың буына шалқып отырып сақтықты ұмытыпты. Қас қылғандай, оны, ұстазы да «қалғып отырып» қапы жіберіп алған. «Менің елім — Қазақстан. Қазақстанды оңтүстігінде көкпен таласқан таулар, солтүстігінде қыран қанаты талатын кең байтақ дала қоршап жатыр. Алтай мен Атырау да алты алаштың арқасындағы алтын діңгек айбыны сынды» деп әп-әдемі басталып келе жатқан дүние, осы жерде «Алтай демекші, — дейді-дағыны, — шығысы күллі Ібір-Сібір, кіндігі қазіргі Қазақия жері, оңтүстігі Орта Азия болып келетін кең-байтақ — менің ата-бабаларым, иә, иә, ұзын найзалы, жарау атты түркілер түгел жайлаған жер» деп сол жылдары оқып алған Орхон- Енисей ескерткіштеріне сілтеме жасап, Бумын, Естеми, Елтеріс, Білге, Күлтегін, Тоныкөктерге тоқталып, «бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» қағандар мен батырлардың әруақтарын қабірлерінде бір аунатып барып тоқтайды. Айтпақшы, мұнымен де тоқтай қалса жақсы ғой, «Сол күн сәулелі күншығыс елінде, яғни менің елім Қазақстанда алтын күн Мәскеуден тура үш сағат бұрын шығады» деп тағы бір желпініп қалады. Күннің арайлап атқанын ғаламшардың күллі халқынан бәленбай сағат бұрын көретін жапондардың іші мақтаныштан қалай жарылмай жүр десейші!

Бақса ежелгі тауарих пен күннің шығуы, батуы және ұзақтығы деген жағрапиялық өлшемдер патриот ұстазы мен тың дүние болса бір түртіп көрмесе көңілі тыншымайтын Арқабайға кәдімгідей мақтаныш болғанымен, басқаларға басқашалау әсер етеді екен. Құдаң қарасқанда, әйтеуір, мұның оқушы екені ескеріліп, мың да тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы желтоқсан оқиғасына бұл шығарманы жаздырған мұғалімнің де, жазған оқушының да ешқандай қатысы жоқтығы айтылып, жабулы қазан жабулы күйінде қалыпты. Ұстазы басы аман, бауыры бүтін болғанына шүкір деген. Оқу бітіргеніне біраз жыл өткен, аудандық оқу бөлімінің инспекторы тапқан «саяси қатенің» қызығын әлдеқашан мұрағаттағы тышқан көрген, бірақ ұстазының көзінің жасы мөлт-мөлт етіп отырып айтқан сырынан кейін Арқабай сол оқиға дәл қазір бау-бақша ішінде болғандай селк ете қалған.

Міне, сол Арқабай Мәскеуге барасың дегенде енді қалай алабұртпасын. Мәскеуді де әй бір армансыз аралады-ау. Қызыл алаң, Кремль, мавзолей, шыны табыттың ішіндегі қолын кеудесіне қойып шалқасынан жатқан Ильич... бірі де қалмады. Кремльдің қызыл қабырғасы түгел анау маршалдың, мынау генералдың мүрдесі екен. Денесі түршігіп кетті. Бұлда «қызылдар» ойлап тапқан бір рәсім. Кремльдің іргесіндегі тарихи мұражайға да кірген. Ол да еңсесін көтермеді. Сосын кішкентай қызына оны-мұны алайын деп ГУМ-ға бас сұқты.

Арқабайдың ГУМ туралы түсінігі де бір хикая бар. Баяғыда ауылында «Селмаг» деген дүкен болатын. Облыс орталығына барса онда «Универмаг» деген дүкен бар екен. Алматыдайын ару қалаға келгенде ЦУМ-ды көрді. «Ал Мәскеуде ГУМ болады» деді сонда бұдан да білгіштер. «Алматыдан ГУМ салуға болмай ма?» деді бұл. «Болмайды». «Неге?». «Сол, болмайды деген соң болмайды». Арқабай ары ойланып, бері ойланып «болмайды деген соң болмайдыға» жауапты — ұстазының «Аязби әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген мақалы мәнзелдес сөздердің төңірегінен тапты.

Міне, мынау сол ГУМ-ы. Шынында үлкен екен. Аралап келеді. Кенет жанары қағаз-қалам сататын «кәністауар» бөліміндегі жер шарының картасына ауды. Ауды дегені әншейін, әлгі жер шары өзіне тура магнитше тартқаны. Неге екенін, Арқабай жер шарына бала кезден құмар. Үйімде жағрапия класындағы жер шарындай өз жер шарым болса екен деп армандайтын. Бұл жер шарын айналшықтап жүрді де қойды. Бірге барған кәсіпкер «әй, не болды сонша, жүрсей енді, топтан қаласың ғой» десе де аяғы қозғалмайды. Ақыры анау бұған қолын бір сілтеді де алтын сататын бөлімге қарай аяңдады да кетті. Қалтадғы ақша шақтаулы. Қызына алған қызыл күртеден қалған 2500 рубль жер шарының бағасына дәл келіп тұр. Сатып алсам ба екен, алмасам ба екен. Ауылға барған соң ақша деген су бала-шағадан артылмайды. Сондықтан осындай ұрымтал сәтті қапы жібермеу керек. Нартәуекел. Сатушы жер шарын қорабына салып берді. ГУМ-нан терлеп-тепшіп, жер шарын көтеріп шықса сапарластары анандай жерде ошарылып мұны күтіп тұр. «Біздің Арқаш бүкіл ГУМ-ды көтеріп шыққаннан сау ма өзі?» деп қарқ-қарқ күледі. Кәсіпкер болса «әй, бұл басқа ештеңе таппағандай жер шарын сатып алды ғой» деп, жерден жеті қоян тапқандай мәз. Қысқасы бәрі мұны ақымақ санады. Күлсе күле берсін, ВДНХ-ның қонақ үйіндегі бөлмесіне келген соң жер шарын столдың үстіне қойды да, желісін тоққа жалғап еді, сап-сары сәуле (жер шары сары түсті болатын) бөлмеге жайылып, жараса кетті. Бөлменің есігін әдейі сәл-пәл ашыңқырап қойып, ары өткен мен бері өткенге «әп, бәлем, әбден күліп едіңдер, қандай ғажайып дүние екенін енді көріңдер» дегендей төсегіне шалқасынан түсіп жатып алды. Қанша дегенмен жаны дүниеге бір табан жақын емес пе, алдымен кәсіпкер келіп «өй, мынауың нағыз светильник екен ғой, бір оқпен екі қоянды атып алуын қарашы. Мұнысын мен неғып ескермедім екен, ә» деп санын соғып кетті.

Арқабай болса алакөлеңке бөлмеде жер шарына көзі тоймай қарай береді, қарай береді. Бәрінен де қызым қуанатын болды деп ойлап қояды. Өзі бала кезде неге қолы жетпесе ұл-қыздарына бүгінде соны әдейі сатып әперетін бір әдет тапқан. Бірақ ол кездегі заман басқа, қазіргі заман басқа. Ол кезде жер шарында Қазақотан, Астана деген сөздер болмайтын. Болмақ тұрмақ ойлауға да қорқатынсың. Оған, әне, анау басы бәлеге қала жаздаған шығармасы куә. Қарашы, мына картаның бүйіріне «Қазақстан» деп бадырайтып тұрып жазып қойыпты. Қандай жарасып тұр. Не деген құрмет! Не деген бақыт! Арекең қатты толқып кетті.

Елі мен жерін әркім өз түйсігі жеткенше сүйеді. Арқабайдың алты алашта достары көп. Орыс пен оймауыттарда да сырақұмар жора-жолдастары баршылық. Әсіресе, Женя. Ол қызып алғанда «Игорь полкы туралы жырды» тамсанып тұрып мақтаса, бұл баяғы Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі сына жазуларына аңсары ауып, сонау VI ғасырдағы «Күлтегін» мен «Тоныкөк» жырын термелейді.

Кейде әсіре патриоттардың батысты көрмей-білмей тезге салып, илеп алатыны бар. Солар даниялық ғалым, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен дегенді естулері бар ма екен өздері. Сол азамат түркілердің ата-бабаларының ерлік шежіресі қашалған сынтастың, яғни руналық жазудың кілтін тапқан ғой. Сол Томсен болмаса тасқа қашалған Күлтегін жырындағы:

Сөйтіп Тәңірі жарылқады.



Бағым болғандықтан,

Сәті түскендіктен,

Өлімші халықты тірілттім,

Жалаңаш халықты тонды,

Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым,

Тату елге жақсылық қылдым.
★ ★ ★
Биікте Көк Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Буымын қаған, Істемі қаған отырған.

Отырып, түркі халқының ел-жұртын,

Қалыптастырған, иелік еткен.

Әп, бәрекелді! «Тоныкөк» жырындағы:

Жұқаны бүктеу — оңай,

Жіңішкені үзу — оңай.

Жұқа қалыңдаса,

Оны тек алып бүктейді.

Жіңішке жуандаса,

Оны тек алып үзеді.
★ ★ ★
Елтеріс қаған үшін,

Түрк Бөгі қаған үшін,

Түрк Білге қаған үшін,

Түрк халқы үшін,

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді ағыздым,

Күш-қуатымды аямадым.

Еліміз қайта ел болды,

Халқымыз қайта халық болды, —

деп еңку-еңку жер шалатын эпикалық сарынмен намысыңды қамшылап, жігеріңді жанитын сөздерді оқи алар ма еді Арқабай. Жоқ. Осы жырды әкесі Білге қағанға ескерткіш ретінде алып тасқа қашатқан Иоллығ тегін мен Тоныкөктің көрегендігі сол — күндердің күнінде көк түрктердің бір бұтағы өз алдына Қазақстан атты өркениетті ел болып, көне жазудағы өсиетнаманы қайта тірілтерін сезіп-білгендей екен.

Шынында сол Түркі қағанатынан түтіні түзу ұшқан бүгінгі Қазақстанға дейін ата-бабалары қаншама азапты жолдан өтті. Тарихшылар түркі халықтарының бірлесуін, рас болса, Бумын қаған билік еткен 545 жылдан бастайды екен. Бумын саясатқа жүйріктігімен өз заманында Елханы деген құрметті атаққа ие болады. Міне, сол Бумын қағаннан басталатын елдік атты ұлы ұғым бүгінде жаңа мәнге ие болды. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, башқұрт, татар, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, алтай, хақас, чуваш, ойрат, тува сияқты түркі қағанатына топтасқан ру-тайпалар бүгінде әрқайсысы бір-бір ел.

Президент те бүгінде елінің амандығы мен жерінің тыныштығы үшін, кешегі түркі қағанатының бір тамшысы — қазақ халқы үшін түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, елден елге сапар шегіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Елі тәуелсіздік алған сонау жылдан бері аттан түскен жоқ десе де болады. Арқабайдың ауылдағы саясаттан аздап хабары бар көкесі баяғы кеңестік биліктің қысымына ыза болған кезде «мен бұл мәселені жерде қалдырмаймын, керек болса ООН-ға жазамын» деп, айғайлап шығушы еді. Сол аузын айға білеген ООН-ыңызға ел-жұртының аты жер шарына жазылып, әлем танығалы бері Президент екі рет барып, әйгілі мінберінен әлемді аузына қаратып екі рет сөйлеп қайтты. Бұл да кешегі Бумын қағанның ұрпақтары тасқа қашап қалдырған «төрт бұрышты тату ет» деген аманатқа адалдық.

Арекең бүгінде баяғы Мәскеуден ерінбей-жалықпай көтеріп келген жер шарында өзінің төрткүл дүниедегі жолы түскен елдерінің бас қалаларына белгі салып қоюды «хобби» қылып алған. Ал астаналық Арқабайдың жолы жер шарының бетінде тарам-тарам болып жатыр.
ҚЫРАНДАР МЕН ҚҰЗҒЫНДАР
1.Жасасын құзғындар
Бөктердегі бір ағаштың саясына тоқтадық. Бұқтарында Құзғындар қарауытады. «Біздің мазамызды алған бұл кімдер-ей өзі?» дегендей, бір шуласып барып басылды. Еркінсулеріне қарағанда, мынау қатып-семе бастаған ағаштың көлеңкесіне жан жуымайтыны көрініп тұр. Діні мен жапырақтарына саңғырық жұғып, әбден айғызданған. Саясындағы өлекседен жағымсыз иіс шығады.

— Ойпырмай, мынау әп-әдемі ағашқа әбден обал бопты-ау.

— Е, осындағы жапырағы жайқалған талдардың бірі еді... Бар сәнінен жұрдай болды байғүс. Бұлбұлдар да безіп кетті. Қазір көлеңкесіне мал екеш, мал да жоламайды.

— Құзғындардың айы оңынан туған екен онда.

— Айтпа, қызық-думан осыларда.

— Жасасын Құзғындар!

Тымық ауаны жаңғырықтыра айғай салдым. Ащы айғайды жақтырмағандай ағаштың ұшар басында отырған дәу қара Құзғын орнынан қалбалақтай көтеріліп барып, қайта қонақтады. Сірә, мынау өлекселі өңірдегі ешкім мазаларын алмайтын беймарал өмірге «жамбастары» әбден үйреніп қалса керек.

«Мәжнүн» талға араша сұрағандай қияға қарағам. Үмітім ақталмады. Қырандар бөктерден тым-тым биікте қалықтап жүр екен.


★ ★ ★

2. Құзғындар қазы болса
Жарықшақ дауыстарымен жұртты ығыр қылған Қарға, Сауысқан және Жарқанатты бәйге алғандардың арасынан көрген торғайлар:

— Ау, мыналарға бәйге беріп жүрген кімдер?

— Құлақтың құрышын қандыратын Бұлбұл қайда? — деп, таң қалды.

Қарт қыран болса бұтақтары қатып-семген талдың басында тоқ басып отырған Тазқараны көрсетті.

— Құзғындар төрелік айтса, Бұлбұл түгілі Бозторғайдың үніне зар боларсың.

Бұл бір қисық-қыңыр ағаштары мол, қураған бұтақтарының басынан ертелі-кеш Қарғалардың қарқылы үзілмейтін сасықтоғай еді. Сымдай майысқан сәмбі талдар мен оқтаудай түзу ақ қайыңдар «мына бәлелерден аулақ жүрейікші» дегендей тау самалы үзілмейтін биікке таласа өсіпті.

Құлаққа жағымды әуен де сол тараптан естіледі...
2. Сұңқардың сыйы
Сұңқардың сыйы бұл жолы Бұлбүлға бұйырды. Бірақ қанаттылар қауымы тым-тырыс. Сездірмейміз дегенімен іштерін өртеген қызғаныштың табы құбақандай құбылған өңдерінен лап-лап ете қалды. Бозторғай ғана мәз. Жүрек жарды қуанышын бөлісейін деп Күшігенге бұрылған.

— Естідің бе, Бұлбұл бекерге шырылдамапты.

Күшіген қуанудың орнына күңк ете қалды.

— Естідім, Қаршығаның арқасында апты ғой.

Өзінен өнері асқан туысының қуанышына ортақтаса білу бақыты екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді екен. Бозторғайдың қараптан-қарап күшеніп жүретін Күшігеннен көңілі қалды. Осы кезде өзінен-өзі алақ-жұлақ етіп, ойға да, қырға да шапқылай беретін Сауысқан сап ете қалды. Бозторғай құдайға қараған біреуден әлі күдер үзбеген.

— Естідің бе, Бұлбұл... Бірақ Сауысқанның да құйрығы шошаң ете қалды.

— Маған беретін жөндері еді... Шауыпкел деген атым бар.

Сұңқардың сыйынан Сауысқан екеш Сауысқан да дәмелі екен.


4. Жапалақ
Мынау — Бұлбұл, мынау — Жапалақ демей, бәрін бір торға қамаған. Жемсауы бүлкілдеп, көзі бақырайған Жапалақ та осы темір тордың арқасында сандуғаштардың қатарына қосылды. Боққа мәз Қарға, құйрығы шыжбыңдаған Сауысқан, жапан далада жүні жалбыраған Тазқаралар әнші, жыршы, күйші атанып, мырзалар лақтырған өлекседен өз үлестерін таласып-тармасып алып жатты.

Бірақ, темір тордың құлпы сынып, бастарына азаттық таңы атқалы Жапалақ байғұстың жайы мүлде болмай кетті. Қараңғы қуысқа тығылып, баяғы «әнші» атандырған дәуренін көксеп, түнімен күңіренетінді шығарды.

«Темір тордың» қожайындарының арқасында дайын жем-суға дәніккен байғұс тышқан аулауды да ұмытып қылып еді...
5. Тырақы
Көзі бақырайып, қарны қампиып, шидей аяқтарын аспанға көтеріп алған жұдырықтай құсты көріп Тырна таңғалды.

— Оу, батыреке, бұ не жатыс шәниіп?

— Демалып... — деп, ыңыранды ол.

Бәрекелді, ал аяқтарынды көтеріп алғаныңа жол болсын?

— Аспан құлап түссе, басып қалмасын дегенім ғой.

Шамасына қарамай шіреніп жататын бұл құстың аты... Тырақы еді.



6. Құзғындардың көзқарасы
Қарақойын ауылындағы қара талдың басына бір топ Құзғындар жиналып алыпты. Гу-гу етеді. Орталарында боққа семірген дәу қара Құзғын қарқылдап отыр.

— Тәуелсіз ештене жоқ, — дейді қарқ-қарқ етіп, — анамыздың жатырында жатқанда-ақ тәуелді болғанбыз. Бола береміз. Құл болып, қызмет қылмасақ, бізді кім қорасына жолатады? Боқтың арасындағы дәнді қалай емін-еркін шоқып жейміз?

Қарны қампайған қара Құзғынды қоршаған жаман-жәутік Қарғалар шу ете қалды.

— Дұрыс айтасыз басеке, анау Көкбөрі тәуелсіздік деп жүріп не тапты? Ақыр соңында айдалада ұлып қалған жоқ па? Құтжол құсап ең болмағанда қора күзетіп жүргенде құда да, құдағи да тыныш еді. Қазір елдің бәрінің Бөріні атарға оғы жоқ.

Дәу Құзғын масайрады.

— Бәрекелді, анау Арыстанды қара, мынау Жолбарысты ал. Бәрі де бастарына үйірілген шыбыртқымен санасып, масқарапаздардан кем өнер көрсетіп жүрген жоқ. Жады болған кісідей темір тордың ішінде шыр айналып, нанын тауып жеп жүр. Егер тәуелсіздік тәуір болса, қиғылықты ең бірінші солар салмас па еді?

— Байлаулы бұзаулар жасасын!

— Ноқта болса, бас дайын!

Құзғындардың қарқылынан айнала азан-қазан болды.

«Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді». Ауылымыздың ақыл-есі түзу адамдарының еркіндікке еті үйреніп, мұң-мұқтаждарын айылын жимай айтуды меңгере бастағанын көпсінгендей мыналар не деп қарқылдап отыр? Егер екі басты Самұрық алып қанатымен күннің көзін көлегейлеп ұшып келе қалса, онда мына Құзғындардың «тақсырекелеп» құлдық ұрудан тайынатын түрі жоқ қой. Сұңқылдата бермей, үркітіп жіберетін екен өздерін. «Көп қарғаға бір кесек».

Жан-жағыма қарадым. Парақорлығымен «шаңсорғыш» деген атқа ие болған ауыл қожайыны сыпырып-сиырып жиып алған ба, жерде жөні түзу кесек те қалмапты. Кесек дегенің ұстасаң үгітіліп тұрған бірдеңе. Онымен бөтегесі бұлтиған тоқ Құзғындарға не істей аласың?..
7. Тектілік
Қарақойын ауылының иттері өте көп. Шарбақтары алқа-салқа көшесінен қашан өтіп кеткеніңше атыңның құйрығынан тістелеп мазанды алады.

— Ата, осы жердің иттері жер-дүниені дүрліктіріп неге сонша шабаланады? — деймін, таңғалып.

— Е, балам-ай, иттердің міндеті үру емес пе?

Топтан жырылып үш ит шықты. Аттың тұяғына түсіп кете жаздап, өршелене үрген төбетке жолаушының қамшысы тиген бе, көзі айрандай әппақ болып кеткен. Ал анда-санда маңқ еткен дәу төбеттің жамбас жүні жидіп, терісі жалтырап қалыпты. Бір қызығы осы екеуі де орталарындағы семіз қара төбетке жалтақ-жалтақ қарап, жағынғандай абайлады. Атамның қара айғыры шәу-шәу еткен иттерді елең қылар емес. Жалын сілкіп тастап Қарақойын ауылының ортасын қақ жарып келеді. Ақ көз сұмдық ызақор екен. Аяғынан бір тістемей айызы қанбайтындай Қара айғырдың соңынан тісін ақситып қалар емес.

— Шабаландыра бермей мына шіркінді неге бір теппейді, — деймін, ертоқымда жардай боп отырған атамның қақпақтай иығына қарап.

— Есінде болсын, текті мал теппейді. Қара айғырдың тұқымы асыл, — дейді атам.

Ат төбеліндей ауылды у-шу қылған иттер артта қалды. Жауды жапырып қайтқандай тоқмейілсіген ақ көз төбет бір түп бұтаның түбіне барып сарымаққа бұтын көтерген. Топырақ тырмалаған семіз төбет мышқиып отыра қалды. Жамбас жүні жидіп түсіп қалған жадау төбет екеуіне кезек-кезек қарап, маңқиып тұр.

Қарақойынды шулатқан төбеттердің қылығына қараптан-қарап күлкім келді.



8. Қарақойын

— Ол... қарақойын, — деді маған, бәленше туралы. — Әуелі дос адамдай мойныңнан құшақтап жүреді де, бір күні... буындырып өлтіреді.

Рас болса, сұмдық екен!

9. «Амнистия бола ма?..»
Билік басына коммунистер қайтадан келген екен дейді. Дүниені дүрліктірген ұрандары — ұлы көршіге қайтадан қосылу. Елдің бас көтерген шен-шекпенділерін қойша топырлатып шетінен қамап жатыр. Тарихшысымақтың телефоны шыр ете түсті. Сенатор туысқаны екен

— Естідің бе (Үнінде үрей бар)?

— Естідім...

Телефон қыжылдап кетті. Тарихшысымақ жанталасты. Бейшара соңғы он-он бес жылда батырлар мен байлар, хандар мен билер туралы бірталай кітап жазып тастаған. Қызды-қыздымен қырық жыл нанын жеген қызыл партиясын да жерден алып, жерге салған тұстары да жоқ емес. Қосүрей болатұғыны да сол.

— Әлеу, әлеу, естіп тұрсыз ба? Менің «Ұлы жұртқа өз еркімізбен қосылуымыздың 250 жылдығы» деген еңбегім бәйге алып еді ғой. Әлеу, егер жаздым- жаңылдым дегендерге амнистия болса, сол ескерілетін шығар... Әлеу, амнистия... амнистия...

Тарихшысымақ айғайлап жатып оянып кетті. Түсі екен.


10. Көкбөрі
Егер мұның ұлы ата-бабалары болмаса түркі халықтарынан ұрпақ қалмай, тұқым-тұқиянымен құрып кеткендей екен. Ұлы анасы қос аяқты қос жетімекті емшек сүтін беріп аман сақтап қалыпты. Көбейткен де, көсегесін көгерткен де сол дала тағылары. Сондықтан да ежелгі түркілер байрағына бөрінің бейнесін салып, мұның ата-бабаларына табыныпты. «Бөрі азығы мен Ер азығы — жолда» деп, елдіктің ұранын еркіндіктен іздепті. Бірақ өздерін ер түріктің ұрпағымыз деп мақтанып жүрген бүгінгілердің тіршілігі басқа. Бөріні еркіндіктің айғағы деп емес, мал-жанның қас жауы деп қарайды. Байраққа бейнесін салу былай тұрсын, аттарын да айтқысы келмейді. Ит-құс дей салады. Керісінше өздері қасқырдың ең азып-тозған жұрнағы — иттерді жанындай жақсы көреді. Мінездерінде де ұқсастық бар. «Айтаққа» ереді. Бөрі мінез бөріктілер жоққа тән. Тұқымдастарының (бөріктілердің де, бөрібасарлардың да) тұқымын тұздай құртып жүрген де сол құлақ кесті құлдық мінездің салдары. Абылай ханнан ары қарай айтпағанда, кешегі Кенесарының түбіне жеткен, Сыздық сұлтанды сандалтқан, 1916, ...32, ...37 жылдары бірін-бірі қырып салған да сол бөрі тектес халықтың бодандыққа біржола мойынсұнған бектерінің кесірі болатын.

Шалқасынан туған Айдың сәулесі шаңытып тұр. Көкбөрі ауылдың желкесіндегі төбенің үстіне көтерілді. Ұйқы құшағындағы ауылдың есі — маң төбеттер. Маң төбеттердің сыры белгілі. Ата жауының (тұқымдас болса да!) өткір исі май тұмсықтарын қытықтаған заматтан бастап абалап қоя берді. Бірақ бәрінікі дөң айбат. Қожайынының қынжыла құйып жүрген жуындысын (ит тойған жеріне!) ақтау үшін айқайға сүрең қосқаны әшейін. Әйтпесе, қотанның шетіне шығып үруге тәуекелі жетпейді. Қора айналған талайының шаптары жарқырап, ішек-қарындары ақтарылып қалған. Иттерінен түк шықпасын білген соң далаға айғай сап отағасы шығады. Оныкі де қоқан-лоққы. Беталды мылтық атады. Ақыр аяғында өзін ес тұтып шабаланып қоймай қойған төбетін «жат, әкеңнің аузын...» деп, бір тебеді. Анау құйрығын екі бұтының арасына тығып, қыңсылай үріп, босағаны барып сағалайды. «Итте нең бар, әй...» — деп, есіктің алдына қожайынның «қожайыны» — әйелі шығады. Шаң-шұң дауыс енді көпке дейін басылмайды. Мыналарды кешегі Ұлы даланы ұрандатып өткен көк түріктің баһадүр ұлдарының ұрпағы деуге қарның ашқандай...

Достан да, дүшпаннан да көңілі жеріген Көкбөрі төбенің үстіне «Мені көрдіңдер ме?» дегендей шоқиып отырды да, аспандағы шалқасынан туған айға тұмсығын созып ұлып жіберді. Бұйыққан ауылдағы қандастарының қанын жайлап, күннен-күнге жегідей жеп бара жатқан бойкүйездікпен бұдан былай осылай күресуте серт еткендей жан түршіктірерлік үнмен ұли берді, ұли берді...

11. Құдайдың құдіреті
Түркістан. Той. Алласы бір, айласы бөлек жұрттың ішінде Ол да келе жатыр. Өзін төре санай- ды. Төңірегінде — төлеңгіттері. Туған жерінде Ол ту- ралы «ой, сабаз-ай, облысты он жыл басқарса да жұрт алғысын айта жүретін бір жақсылық жасамады ғой» деген реніш бар.

Маңғаз мазардың іргесіне тігілген киіз үйдің қасындағы қараң-қүраң тобыр төремен жалпылдай амандасып, дәмге шақырды. Өзінің орнына басшы болған баланың пысықтыгына іші күйіп кетті. Күннен- күнғе елге сыйы артып келе жатқан пысық немені ор- нынан кетірудің ретін таба алмай жүрген қасындағы ас ішіп, аяқ босатарларына ыза болды.

Өтірік ыржиған ол нөкерлерімен бірге топыр- лап ақ боз үйдің табалдырығынан аттаған. Бірақ төрелер төрге озып үлгерместе он екі қанат ақ боз үйдің астындағы тіреуі берік тұғыр ағаш сықырлап барып, киіз үй бір жағына қарай шоңқайды да қалды. Үй іргесіндегі күй үзіліп, күлкілер сап тыйылды. Опырылған үйдің ортасында тұра беруден ұялған ол «мүриттерін» бастап далаға беттеді.

Қасиетті шаһардағы тойдың дүбірін естіп үйінде жата алмай жаяу-жалпылап келген бір шал осының бәрін көріп отырған. «Астапыралла, — деді, ол жағасын ұстап, — бағанадан бері жүз адам кіріп, жүз адам шығып жатса да құламаған үйдің тура осының келуін күтіп тұрғандай шоңқая салуын көрдің бе?! Жасаған ием мынаның туған жер дәм-тұзынан ауыз тиюіне де қарсы болды-ау, сірә. Біссіміллә, біссіміллә...».

Осыдан кейін аспандағы Алла тағалаға «О, соқыр Құдай» деп тіл тигізіп көр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет