Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет5/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ЭЛЕКТОРАТ
Сайлаубек саясатпен айналысайын деген пенде емес. Бақай есеп, арзан беделмен о бастан дүрдараз. Аспанға түкіріп, жайбарақат жатқан адамның миын меңдуана жегендей мең-зең қылатын саясат түскірдің өзі. Төріндегі түрлі-түсті телебезерінің «тілі мен жағы» аман тұрғанда сайтанның сапалағындай пәледен қашып құтыла алмайды екен жүдә.

Арзанқол сағат кешкі жиырманы нұқығанда, телебезердің маңдайына біткен жалғыздай тәлпіштеніп сөйлейтін диктор таңдайын тақылдатып шыға келеді. «Ауыз ашарын» жаңалықтармен бастайтын ат төбеліндей аздың бірі болған соң Сайлаубек тәлпіштің бұл «қорлығына» амал жоқ шыдайды. О баста осыған бет-аузыңды қисаңдатқаныңды қойсайшы, атаңдай адамдардың алдында отырсың ғой дейтін адам бар ма, жоқ па? деп, әлгі тәлпіш телебезерден «кеткенше» әйелі екеуі жүйкелерін жүндей түтіп бітетін. Кәзір шыбын шаққан ғұрлы көрмейтін болды. Өйткені жұрт жақтырмайды екен деп мынау дарақы дүниенің беті қып-қызыл болғанын әлі-әзір көрген жоқ.

Соңғы кезде жаңалықтардың басы тәтті болғанмен, аяғы қатты боп барады. Бала Буш тағына отырар-отырмастан «біссімілдәсін» Ауғанстанды бомбылаудан бастады. Қатын-қалаш, бала-шағаға обал деп айылын жиған жоқ. Аспан асты, жер үсті ысқырған оқ. Сайлаубек болса ойы мен қыры ойран-ботқа боп жатқан елді көрсеткен сайын «ойпырайлайды» да отырады. Бен Ладен деген бәле де табыла қоймады. Бұрынғының телебезері өлген адамның мәйітін көрсетпек түгіл, айтуға қорқушы еді. Кәзір, телебезерді ашып қалсаң шыбынша қырылған адамдар, бет-ауызы бұзылған мәйіттер. Бірде үйіндінің астында қалған анасының мәйітін құшақтап жылап отырған кішкентай қызды көріп қалып, қапелімде көзінен жас шығып кеткені. «Е-е, жаратқан ием, қазағымды осындай бәлеңнен сақтай гөр». Өзінен өзі үрейленіп, үйінің шаңын шығарып жүрген Әйгерімін шақырып, тәмпіш мүрнынан сүйіп-сүйіп алады. «Айно-лай-ын...». Әкесінің аяқ астынан ет бауыры елжірей қалғанын құрттай қыз да кішігірім «спектакльге» айналдырып, «әке-оу, балмұздақ әперші» деп мойнына орала кетеді. Айтты ғой, бұл саясат дейтін сайтанның жүрмейтін жері жоқ деп. Қарашы, бала екеш балаға шейін бас пайдасын біліп алғанын.

Екі көзінен жас парлаған ауған қызының жүзіндегі қасірет қандай қорқынышты еді. Бейне бір араны ашылған ажал бет-аузы көгеріп әлемді аралап жүрген сияқты. Қан болса жылымдай ағып бір елден екінші елге өтіп келеді. Үлкен боп — үлкен, кіші боп — кіші бұл лаңды қояйық демейді. Бөдене төбелестіргендей үшінші ел отыр. Олардың саясаты түгел, сайтандары дін аман.

Ауғанның әңгімесі бітті дегенде Израйл мен Палестинаның «кәріжындары» қозды. Мұнда да күнде жарылыс, күнде өлім. Сайлаубектің әкесі қара болса да қожа-молданың қасына көп ілескен діндар адам еді. Сол кісі «Ерусалимде сегіз бұрышты ғажайып мешіт болған. Мұхаммед пайғамбар ғалейкім уассәлам осы қасиетті жердегі мұғаллақ деген тасқа аяғын салып пырағына мініпті» деп тамсанып қойып, тәспісін тартып отырушы еді. Ендігі оның да жермен-жексені шыққан шығар...
★★ ★
Қазақ жұрты, құдайға шүкір, тыныш. Дегенмен ырың-жырың бар. Анау құрақ көрпешенің үстіндегі қобырап жатқан гәзиттердің беті алабажақ саясат. Жағадан алған — жау, етектен тартқан — бөрі. Қаптап жүр.

Кешелі бері тәлпіш қыз «әлигәрхия» дегенді тәптіштеп кетті. Бірақ «әлигәрхияның» мәнісін бір білсе Жайлаубек білер. Мектепті жетпіс алтының жаңбырсыз жазында бітіргендерден ауылда бұл, Жайлаубек және Мүсірәлі қалған. «Р»-ды «ығ» деп, француз мақамына салатыны болмаса, Жайлаубек тәп-тәуір мұғалім. Сайлаубектің сегізіншіде оқитын Сейсенәлі деген жүгермегі бар. Бірде соның дәптерінен «үшті» көріп, түрі бұзылып кетті. Сөйтсе, құрдасының қарындашы ылғи «труба» деген сөздердің жон арқасына сүліктей қадала беріпті...

— Әй, мынау не пәле?

— Ағайдың өзі ғой.



  • Немене өзі?

— «Тұғыба» деген.

— Анықтап сұрадың ба?

— Иә.

— Не деді?



— Бәрібір «тұғыба» дейді.

— Сосын?


— Сосын «трубаны» қазақшалаған екен ғой деп «тұрба» деп жаздым.

Сейсенәлі мұрнын қорс еткізіп бір тартып қойды.

— Сен немене, терминком бе ең, ей? Қасыңдағыларға көзіңнің қиығын салмайсың ба? Қап, иттің ғана күшігі-ай!

— Сомадай боп көшірем бе?

Сол Жайлаубектің нан сұрап жерлік орысшасы бар. «Қой, мен бұл «әлигәрхияның» мәнісін сол Жайлаубектен сұрап білейін».

Дәлізге шыққан Сайлаубек состиып тұрып қалды. Табалдырықтың алдындағы бағдаршамға аялдаған мәшинелердей иін тірескен ат көпір аяқ киімдердің арасында мұның кәлөші жоқ. «Қайсысы қағып кетті екен?». Бала-шаға, құдайға шүкір, жетеді. Қырық жылқы қыз-қырқынды санамағанда, еркек кіндіктің өзі Аманәлі, Мәденәлі, Дүйсенәлі, Сейсенәлі, Әшірәлі, Иманәлі сияқты арыстай-арыстай алтауға жетті. «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары, сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін!». Қайран, Ақтамберді жырау! Бірақ әзірге «жүрегінің бастары алтын менен бу болған» алтау жоқ. Қыл аяғы кәлөшіне шейін бір жаққа сүйретіп кеткенін қараш. Қаны басына шапты. Ашуы алқымына тығылғанда өстетін жаман әдеті. Жұқарған жүйкеге «сап-сап» деген. «Мына тұрған жер ғой, басқасын-ақ іле салайын». Бірақ, тұмсығы тасқа соғылмай тоқтамайтын кете балықтай табалдырықтың алдына келіп шүпірлеп қалған аяқ киімдердің ішінен аяққа ілуге жарайтынын тапсайшы. Өкшесі қисайып, сірісі мыжылған кіл бірдеңе. Қытайдың мүкәммалы ғой. Әйтеуір арзан. Дәтке қуаты да сол. «Болмады. Айқайламасқа жанды қоюшы ма еді бұлар?».

— Кә-лөш!

Есіктің тұтқасына жармасып, дәліздегі сыз еденді басуға жиіркеніп тұрған Сайлаубектің жандауысы шықты.

Кәлөш жоқ. Кәлөшті киіп кеткеннен де дыбыс жоқ. Сайлаубек күйіп кетті. «Міні, бірдеңе істей ғояйын десең ыңғи осы...».

— Әй, қайыс-сың барсың?

Сырттан Сайлаубектің кәлөшін тырп-тырп сүйретіп, жүгіре басқан дыбыс шықты. Кәлөшті қағып кеткен Қырмызы екен. Қайықтай қайқиған дәу кәлөшті әкесінің аяғының астына тастай салды да, зып беріп үйге кіріп кетті. «Баланың өскені де бәле екен-ай. Мектепте сөйлескендері аздай, үйге келгесін тағы бір сыбырласпаса тұра алмайды түге. Дәу де болса үйдің сыртына бақатамақ Мүсірәлі пұшықтың телефонға тыным бермейтін бәлекейі кеп кеткен ғой».

★★ ★
Жайлаубек жалғыз емес екен. Қасында Мүсірәлі отыр. Екеуінің ыпыны пәре алып, түрмеге қамалған «теркомның» қоян жымын шиырлап, түк таппаған адамға ұқсайды. — Әй, бұны да босатып жібереді-ау.

Прокурормен пікірлесіп келгендей Жайлаубек паң.

— Бәлкім, қашырып жіберуі...

Мүсірәлі мүләйім үнмен жапа шеккен адамның кебін кие қалды. Сайлаубек төтесіне көшті.

— Әй, екі ит, гәзиттер «әлигәрхия» деп неменеге шуласып кетті өзі? Түкке түсінсем бұйырмасын. Бұл өзі қазақшасы бар сөз бе?

— Олигархтар десейші. Тіліңе теріскен шыққан ба?

Мүсірәлінің ұлықсынғанына Сайлаубек күйіп кетті.

— Менің ана тіліме келгенде төрешінің қаптай қалатындары қалай осы?

«Ығы»-лап сөйлейтін Жайлаубек үстелінің суырмасынан орысша-қазақша сөздікті шығарды. Қолға алмағалы қай заман. Сыртын қалың шаң тұтып қалыпты. Сүрте қояйын деп еді, қапелімде жөндемді шүберек табыла қоймады. Айғайлап әйелін шақырайын десе есіктің алдында шемішке сатып отырған көкдауылдан сөз естіп, екі қызылкөздің мазағына қалары кәдік. Амал жоқ көйлегінің жеңімен қалың кітапты ысқылап, дорбадай аузымен үрлеп кеп жіберді...


★★ ★
«О»-дан басталатын орысша мұндай көп болар ма? Түбің түскір «әлигәрхия» бірінші томнан ұстатпады. Екінші томды ашты. Тырнағымен сөздіктің сарғыш тартқан парағын тесіп жіберердей шүйіліккен Жайлаубек күбір-күбір етеді.

— Олива — зәйтүн ағашы, оливковое масло — зәйтүн ағашының майы, тәк... Міні, табылды. Пәлені түсіну де қиын екен ғой. «Ат төбеліндей ақсүйектердің яки капиталистердің финанс магнаттарының саяси және экономикалық үстемдігі» депті.

— Ақсүйек деп қожаларды айтпаушы ма ек?

Мүсірәлі өтірік мүләйімсіді.

— Бүгінгінің қожасыда, қожайыны да — байлағ-ғ...

ғой.


— Базарком — депутат, кәсіпкер — сенатор, рэкет — кәсіпкер болды. Қош делік. Сонда бұлардың арманы енді ел басқару болғаны ма?

Сайлаубек сауалын сексеуіл құлатқандай солқ еткізді. Екі қолын жеңінің ішіне тығып, жүгіне қалған Мүсірәлі:

— «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейдінің» кері десейші. Сонда біз кімбіз? — деп ыздиды.

— Біз — электоғатпыз! — деп күңк еткен, Жайлаубек сөздігін қайта парақтады. Әліпбидің аяғында жүретін «э» қазақтар сияқты қараң-құраң ғана екен. Бірақ «электорат» деген сөз зым-зия жоқ. Жайлаубек шаң басқан сөздігіне үңіліп біраз отырды да:

— «Электғ-ғ...»-дің қасында болуы кеғек еді, — деп күмілжіді.

— Сенің мынауың қай жылы шыққан кітап өзі?

Кітаптың мұқабасында «Қазақ Совет энңиклопедиясының бас редакциясы. Алматы, 1978 жыл» деп бадырайып тұр еді. Бодандық пен тәуелсіздіктің ара жігін бес саусағындай біліп қалған баяғы шопан, бүгінгі «тәксис» Мүсірәлі:

— Түу, менің тұңғышым құралпы екен ғой. Бәсе, кәмунистердің ғалымдары электоратты не қылсын?

Жайлаубек қызарақтап қалды. Үйіне тоқсаныншы жылдан бері кітап кірмепті. Көбіне Шымкенттен шығатын жекеменшік газеттердің өсек-аяңдарын оқитын Жайлаубек «ғылым мен білімге деген көзқағасты өзгеғтетін уақыт болған сияқты, Жақа» деп қойды ішінен. «Мына жаман шопығдың өзі кеше мен бүгіннің айырмасын біғ кісідей біліп отығ...».
★★ ★
Мүсірәлі былтыр бір жылқыға құдасының ескі «Мәскеуішін» сатып алған. Біраз болды сонымен жолаушы тасып жүр. Әйелі мектеп директорының орынбасары болып жоғарылады. Жақында тұңғыш қызы мұғәлім болды. Мына екі көксоққан сол күні-ақ «қызыңның алғашқы табысын жу» деп, бір табақ ет пен екі бөтелке «Парламентті» жайғап кеткен. «Сарығаштың» суын есептемегенде. Бұл «іс-шарадан» тоқсаныншы жылдардың алағай-бұлағайында «апырайлап» ауылда қалған үш құрдастың әжептеуір оңалып қалғанын байқауға болар еді.

— Қанша қалталы болса да «әлиғәғхияның» қазақсыз таңы атып, тауығы шақығмайды.

Жайлаубек арзанқол темекісін тұтатты. Түтіні оппозиция серкелерінің тіліндей удай екен.

— Баяғы бір жыл әкім болған базарком да әлигәрхия ма еді? — деп, Сайлаубек шақшасын іздеді.

— Ол әлигәрхиядан өткен жынды еді ғой, — деп Мүсірәлі лекіте күлді. — «Мой адрес — ни дом и не улица, мой адрес — Советский Союз» деп әндететін мекенжайсыз сұм емес пе ол?

Сайлаубек ел арасында «базарком-әкім» атанып кеткен басшыны бекерге еске алған жоқ. О кезде мұражайда қарауыл боп жүрген. Бір күні әлгі базарком-әкім мұражайға нөкерлерімен сау ете қалсын.

— Мынау не? — деді, сәлем-сауқат жоқ, мұражайдың ауласының қақ ортасына талтайып тұра қалған ол.

Мұражайдың директоры Мәшһүр деген аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен зиялы кісі болатын.

— ХТЗ-ы ғой.

— Бүл мұнда неғып тұр?

— Көненің көзі емес пе? Жем-су сұрап жатқан жоқ.

— Бүгіннен қалдырмай көзін құртыңдар. Ал мыналарың не?

— Мынау ма?!.

Жойқын шабуылдан жасып қалған директордың жанарынан «мұны білмеуіңіз барып тұрған...» деген сөз «жүгіртпе жолдай» зыр етіп өте шықты. Бірақ әпербақан әкім діңкілдеуін үдетпесе, тоқтатқан жоқ.

— Соны айтам.

— Балбал тас қой. Мынаны Тайтөбенің бауырынан, мынаусын Ақыртастың басынан алып келдім. Бетіндегі таңбаларын көрдіңіз бе? Мынаусы Талас жазулары... Мынау Андронов дәуіріндегі...

— Құртыңдар көзін!

— Мемлекеттің қарауындағы жәдігерлер ғой бәрі. Тауарих қой...

— Құрт деген соң, құрт. «Халам-баламдарды» бұл жерден ендігәрі көрмейтін болайын. Біз бұл арадан мынауский казино жасаймыз. Ескі-құсқының исі мүңкіген мұражайдан пайда жоқ. Солай ма, Барон ?

Базарком-әкімнің қасындағы бадырақ көздің қалайша Барон атанып жүргеніне Сайлаубек таң қалды. Анау жайнаң-жайнаң етеді.

— Мәтіби Мәтібиевич, мықындары былқылдаған қыз-келіншектерді билетіп қойсақ, қаладағы кәрі-жастың бәрі осы араға құзғынша құжынайды.

Дұрыс айтасың, анау «Қыз Жібектің» бишілері осы жерде билейтін болсын.

Мұражайдың директорының жанын алуға келгендей қабақтары қату нөкерлердің арасында шашын қап-қара ғып бояп, көзіне қап-қара көзілдірік киіп, мәймиіп жүретін мәдениет басқармасының маңқа бастығы болатын. Сол байғүс «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегендей қолын көтерді.

— Мәтіби Мәтібиевич...

— Не?

— «Қыз Жібектің» бишілері ақысыз билемейміз деп жүр.



— Ақша керек болса, мына Баронға тиіп алсын! Әйтпесе анау буаз кесірткедей былқ-былқ еткен бөксеңді бұраңдатып өзіңді билетемін!

Шекесі шып-шып терлеген маңқа бастық нөкерлердің тасасына тығыла берді. «Барон» қарқ-қарқ күлді. Құдай жарылқап табан астында бір топ мекиенге ие боп шыға келген қораздай жан-жағына қоқиланып, тәкәппар қарайды.

— Мұражайды қайтеміз?

Мәшһүр өлім жазасына кесіліп, ақтық сөзін айтқан айыпкердей үздікті.

— Алдымен ақшаны ойлаңдар...
★★ ★
Сөз пұшық дендей нөкерлерін ертіп жөнеле берген Мәтіби Мәтібиевич кенет осқырынып тұра қалды. Екі қолы қалтасында. Тілшілер шаңқиған күннің астына иіріліп тұр.

— Айтпақшы, «қазақ тілі қүрып барады» деп қақсай беретін қай журналист еді, сол мықты менің ана тілімді неге сүрамайды?

Аптап ыстықтың астында түрған тілшілер «МьЛіаган күн өткен бе, не деп сандырақтап түр өзі? Қазақтың ана тілі қазақ тілі болмағанда, шошқаның басы бола ма?» дегендей жым-жырт.

— Кеше біраз басқармаларды аралап шықтым, - деп ыңыранды базарком-әкім. — Қаптаған қазақ. Кадр саясаты мно-го-национальный болуы керек. Неге? Себебі, біз мно-го-национальный ортамен ешқашан ұшпаққа шыға алмаймыз. Мысалы, менің ана тілім... жоқ.

Мәтіби Мәтібиевич «ә, бәлем, қатырдым ба!» дегендей, бұрыла беріп шырт түкірді. Түкірік балбал тасқа қашалып жазылған Ұмай ананың тура аузына барып былш ете түсті. Жұрт тым-тырыс. Әпербақан әкімнің балбал-ананың бетімен сырғи аққан түкірігін көрсе де көрмеген боп тұр. Тыныштықты мұражайдың директоры Мәшһүр бұзды.

— Сонда ұлтыңыз кім?

Мәтіби Мәтібиевич басқаны күтсе де, дәл мұндай сойқан сауалды күтпесе керек. Беті лап ете қалды. Оның ойынша тілшілер: «Мәтіби Мәтібиевич, «Ана тілім жоқ» деп мәлімдеуіңіздің сыры неде?» деп таң қалуы керек екен да, бұл өзінің түрлі ұлт өкілдерінің ортасында өскенін майын тамыза тәптіштеуі керек екен. Бірақ мұражайдың мұңға батып, мең-зең боп тұрған директоры алдын-ала дайындалған сценарийдің быт-шытын шығарды. Табан астында не дерін білмеген базарком-әкім түкірігіне шашалып қалды. Сосын Мәшһүрге ызғар шашып:

— Ертең нөл-нөл тоғызда облыстық әкімшілікке кел! Жауабын сонда айтам! — деп барқ етті де, Баронға «кеттік» деп жөнеле берді. Нөкерлері топырлап соңынан ерді.

Сайлаубек мұражайдың директорына бір қатердің төнгенін сезді.

— Әй, осы сұрақты бекер-ақ қойдыңыз-ау.

— Өлеміз бе енді...

Ертеңіне мұражайға қырық жыл еңбегі сіңген Мәшһүр мырза қызметімен қош айтысты да, оның орнына әпербақан әкімнің аузынан түскендей қитар көз інісі келді...


★★ ★


  • Әй, қатын, менің байым сенің үйіңде отыр ма?

Терезенің тұсынан естілген дауысқа саясат соғып отырған үшеу елең ете түсіп, бір-біріне қарады. Мүсірәлі мен Жайлаубек «сенің әйеліңнің дауысы ғой» дегендей Сайлаубекке ежірейді. — Байыңды мен тығып қойғандай айғайлайтының не, әй?

Бұл — есіктің алдында өткен-кеткендерге шемішке сатып отырған Жайлаубектің көкдауылының үні.

Сайлаубектің сұлуы көк базарға барып көкөніс сатады. Жайлаубек болса Жібегіне есігінің алдынан дүңгіршек жасап берген. Дүңгіршектің ең өтімді тауары — шемішке. Олардың осы еңбектері күйеулерінің алдында өктем-өктем сөйлетеді.

Орнынан алдымен Мүсірәлі түрегелді. Өзінің қызметін қал-қадірінше атқарған сөздікті Жайлаубек құтты орнына қойды.

— Бұлардың бастары қосылса бастықтарды жамандайтын әдеттері емес пе? Сайлаубектің әйелі үш құрдасты бір шымшып өтті. — Әлигархтардай екі қабатты үйде тұрып, астарына ақ «Мерседес» мініп жүрсе, көрер ем жамандағандарын, — деп Жайлаубектің әйелі қабаттасты.

— Сендер не білесіңдер...

Сайлаубек күңк етті. Мұның әлигәрхтарда алты аласы, бес бересісі жоқ. Оның ит-жынын қоздыратыны әлгі «әлигәрх» деп ат қойып, айдар тағып жүргендердің бойынан атажұрттың иісінің аңқымайтыны. Қарға тамырлы қазақ қанына тартпаушы ма еді? Ау, анасының бетіне түкіріп отырып қазақты басқарам деп өршеленетіні несі бұлардың? Бәрібір дейтін Кеңес өкіметінің заманы емес қой қазір.

Сонау сексен алтыда Сайлаубек те секеңдеген жастардың бірі еді. Ереуілге шыққандарға ерем деп басы да жарылған. Елдің қамын жеген ерлерді топырлатып соттағанын да көрді. Сонда әлгі базаркомдар мен «барондар» облыстық тұтынушылар одағының шотын теріс қағып, халықтың несібесін жеп жатты емес пе?

— Әй, үйге қайтасың ба, жоқ па? Әлде Жайлаубектің көкдауылының қасында қалғың кеп тұр ма?

— Қалса несі бар, нарық заманда екі шал көптік қыла қоймас.

— Әй, қысқағтыңдағ-ғ, жетеғ-ғ енді.

Жайлаубек әйеліне жорта қабақ шытқан болды. Бірақ «қой» дегенге қоя салатын Жайлаубектің көкдауылы ма? Бәледен машайық қашыпты дегендей үйіне қарай зытып бара жатқан Мүсәрілінің соңынан айқай салды.

— Мүсеке, бастық қатыныңа ет астыра бер. Кешке қызыңның айлық алғанын құттықтап барамыз.

Жайлаубек ыңғайсызданып қалды.

— Өй, өткенде жуып қойған.

— Немене, біз адам емеспіз бе?

Сайлаубек көкдауылдың қабынан бір уыс шемішкені іліп алды да үйіне қарай аяңдады.

— Немене, өліп баратқандай жетіп кепсің?

— Әдірам қал, не қылам сені. Бағана базардан ілмиген Мәшһүр мырзаңды көргем. Сені сұрап, кеп кетсінші деді.

— Менің малға шығып кеткенімді айттың ба?

— Айттым.

Мәшһүрді екі дүниеде де ұмытпас Сайлаубек. Жұмыссыз қалған кезінде қарауылдыққа алған сол еді. Танысып-білісуі де қызық. Осы шаңырақтың тұмар белгісіндей сандығының түбінде жататын қара қылыш бар болатын. Әкесі жаз сайын қой сойып, құдайы тамақ таратады. Сол кезде сандық та ашылады. «Батыр бабамыздың қылышын көреміз» деген жұрт тұс-тұстан ағылады. Жұрттың құмары басылды-ау деген кезде қылышты жаңа матаға орап, сандықтың түбіне қайта салып қояды. Ескі шүберекті әйелдер «батыр атамыздан тәбәрік болсын» деп қылдай бөлісіп алады. Әке кеткелі қалыптасқан сол дәстүр бұзылды. Сөйтіп жүргенде Кекіліксеңгірдің бабал тасын әкетуге келген Мәшһүр қылыш туралы естіп ал, кеп жабыссын. Айтуынша облыстағы тарихи өлкетану мұражайында тұрса бұл қылыштың көсегесі көгереді екен. Құжатқа кімнен алғанын қатырып тұрып жазып қояды екен.

— Сен менің атымды жазып неғыласың, — деген Сайлаубек, — одан да «Кенесары ханның сарбазы Ыстыбай батырдың қылышы. 1843 жыл.» деп жазып қой.

— Неге жазбасқа?

— Қайдам, баяғыда шашы жылтыраған бір хатшыға қылышты көрсетіп, тарихын айтқанымда «Қанішер Кенесарыны не деп насихаттайсың?» деп ыршып түскен.

— Қорықпа, ол қазір қазақтың батырлары мен бақсыларын зерттеуге көшкен. Бірақ менің қылышыңа төлейтін көк тиыным жоқ. Білесің ғой, облфин айлықтың өзіне әрең ақша бөліп отыр. Қарауылдық жұмысқа қалай қарайсың?

Екі қолы алдына сыймай, қаракетсіз жүрген Сайлаубек қарауыл болуға қуана келісті. Міні, бар болған-біткені осы. Базарком-әкім «мұражайдың ішіндегі «халам-баламның» бәрін құртыңдар» деген күні шынының астында жатқан қылышты алып Сайлаубек те мұражайдан біржола қарасын батырған.

— Қылыштың әңгімесі шығар...

— Қайдам...

Ертесіне Сайлаубек інісі бағып жатқан жылқыға кетті. Қырғыздардан сатып әкелген жылқы Кекіліксеңгірді жатсынған жоқ. Бір айырмасы, бұл енді баяғы кеңестік жүйенің үйір-үйір жылқысы емес. Өздерінікі. Жекеменшік.


★★★
Киізбен қаптаған ыдыстағы салқын қымызды сылқылдата жұтқан Сайлаубектің жансарайы ашылып сала берді. Мұртына жұққан ақты тоқшылықтың белгісіне ырымдап, біразға шейін сүртпей отырды. Кешегі гәп есінен әлі кетпеген.

Кекіліксеңгірдің биігінен дүрбі салды. Шәһарға шығатын қасқа жолда Мүсірәлінің ескі «Мәскеуіші» зырлап барады. Мәшиненің бөксе жағы бал араның құйрығындай сүйретіліп қалғанына қарағанда, кәбіңкесін жолаушыға лық толтырып алған шамасы. Жайлаубектің көкдауылының дүңгіршегі қараяды. Жайлаубек «ығ-ғылап» қойып Сейсенәліге дәріс оқып жатқан шығар. Жібегі базардан не деп келер екен?

Жұдырықтай радионың түймесін басты. «Орыс радиосы», әдеттегідей, қақсап жатыр. «Әл-Жазира» Бен Ладенді көрсетіпті» дейді... «Әмериканы топан су басты» дейді... «Палестинада тағы да жарылыс боп, жүз қаралы адам қырылып қалды» дейді...

— Ау, бұ жұртқа не жетпейді осы? Жаратқан ием, бізді осындай пәле-жалаңнан сақтай гөр!

Сайлаубек «Қазақ радиосын» қосты. Олар да «Әлигәрх» деп, «Сайлау» деп қақсап жатыр екен. — Ел-жұртқа ет жақын біреуді сайлап алмаса, әсілі сауда-саттыққа ауған әлигархтар халықты ұшпаққа шығара қоймас, — деп күбірлеген Сайлаубек Кекіліксеңгірдің биігіне шығып, төрткүл дүниенің тыныштығына бас-көз болуға серт берген адам сияқты малдас құрып отырды...
ШОПАНБАЙДЫҢ ШАРБАҒЫ
Шалдың мойнына ораған көлдей ақ орамалдағы қыраудай әппақ шаш екі тізесінен сәл жоғарырақ, бір жерде шашусыз жинаулы жатыр. Иіс сабынның көбігіне жабысқан шашын ұстараның жүзінен түскенін түскенше еті қашқан тарамыс саусақтарымен іліп алып, аса бір ұқыптылықпен жинап отырған да шалдың өзі.

— Еркебұлан-әй, мына шашты ал да анау дәу талдың түбіне көміп тасташы.

Немересі кеше ғана әкесі екеуі қораның көңін ойған кетпенге қарай томпаңдай жөнелді. Ауланың төріндегі көлеңкесі үлкен қара талдың қасындағы ошаққа асылған тайқазандағы қайнап жатқан суды дәліздегі үлкен ақ шылаушынға шелектеп тасып жүрген кемпір:

— Еркеш, терең қазып көм, аяқ асты болмасын, — деп дауыстады.

Кейуана ырымшыл. Бұл мәселе жөнінде ол кісіні «академик» десе де болады. «Үйге қарай жүгірме», «күлді шашпа», «от шығарма», «суға түкірме»... Қариясының қыраудай аппақ шашының қотыр ешкінің қылшығындай жыңғыл қораның қабырғасына ілініп тұрғанын көргісі келмеген шығар.

Шал көзінің қиығымен баласын бағып отыр. Шалдың асылдың сынығындай ардақтап жүретін ұстарасы болатын. Баласы жас кезінде оның қызғылт түсті мүйіз сабына қатты қызығушы еді. Бірақ қытымыр шал оны өзінен басқа тірі жанға ұстатпайтын. Шашын алдырып болғаннан кейін мұқият тазалап, жуады. Сосын оны құрғақ шүберекпен баппен, асықпай сүртеді. Осыдан кейін ғана ұстарасын барқытпен бипаздап орап, сопақша келген қоңыр қорабына салып, тығып тастайды. Шалдың буырыл шашы тікірейіп қайта шыққанша оған енді бұл үйде ешкім жоламайды. Шал сол өзі бағалап ұстаған дүниенің қадірін баласы білер ме екен, білмес пе екен дегендей, сынай қарайтын сыңайлы. Шалдың әрбір көзқарасын жас кезінен ұғып өскен баласы бұл «емтиханнан» сүрінбей өткен сияқты. Шал, әсіресе, баласы ұстараның алмастай өткір жүзін жасырып тұрар ұңғысындағы су там- шыларын үрлеп кетіріп, бір тал сіріңкемен шаштың қиқымдарынан тазартқанда масаттана қозғалақтап қойды.



  • Суды томыртқалап қойдым. Таза іш киімің де дәлізде тұр.

Кемпірдің көңілі хош. Соңғы кездері қыңқыл-сыңқылы көбейіп кеткен шалы бүгін алабөтен қунақ. Күншуаққа шығып баласына шашын алдырып отырып бұған: «Бүлбике-әй, су қайнатшы. Әшірәлім барда бір рахаттанып шомылып алайын» — деді.

Бала кезінде кешке дейін аттың үстінде жүріп үйіне шаршап қайтатын әкесі кемпіріне етігін шешкізіп жатып: «Суыңды томыртқалап әкелші», — дейтін. Сонда кемпірі ошақтың үстіндегі буы бұрқырап тұрған құдықтың мұздай суынан араластырып, қанжылым ғып әкелетін. Баласы бұл сөзді естімегелі қашан.

Шалдың шашын алып, сақал-мұртын бастырғанда бұлай қиналмап еді. Дүниеде еті қашқан кісінің терісіне сабын сүйкеуден өткен қиямет-қайым жоқ екен. Жон арқасынан шып-шып тер шықты. Бір кездегі нар кісінің сүйектері қушиған пұшайман халін көру қандай азап. Қолындағы сабынды сүйкеген сайын шалдың қабырғасы ырсиған арқасын қажап жатқандай қысылды. Тізеде шодырайған сүйек қана қалған. Бір қырым ет жоқ. Әйтеуір, өзі отырып, өзі тұрып, жүретіні дәтке қуат. Кемпір дәліздің есігінің сыртынан: «Әй, болдыңдар ма түге», — деп үшінші рет келгенде, шал мен баласы есіктің ілегін ағытып, сыртқа да шықты-ау... Шал ақ матадан тігілген кең көйлек-дамбалын киіп, иығына жеңіл шибарқыт шапанын желбегей жамылған соң сұсты қалықпа түсті. Құйқасы аршыған жұмыртқадай әппақ болып тұрған басына үлкен дәу дәсорамалын жауып, үстінен қара тақиясын баса киіп алды. Қара талдың көлеңкесіне төселген тақтайдың үстіне дастархан жайып, ас қамдап жүрген кемпір:

— Көптен бері өзін құр аттай жеңіл сезінгені осы шығар, — деп өзінен-өзі күбірлеп қояды.

Десе де, бағлан қозының былбырап піскен етінен шал аузына көп салмады. Алдындағы майлы етті баласының тұсына қарай ысыра берді. Жілікті немересіне ұсынды. Бір керемет шөл қысып отырғандай оқтын-оқтын жұтынып, тілімен таңдайын жібітіп, тамсана берді. Шалының көңілі нені қалайтынын қас-қабағынан сезе қоятын кемпір шалына арнап дереу бөлек шай жасады. Жиегіне жез түсті сызық жүргізген ақ кесеге ерні тиіп, сүт қатқан ыстық шайдан шым-шым ұрттаған сайын шалдың реңі кіре бастады. Маңдайы жіпсіп, тұла бойы бусанды. Көңілі әбден жадыраған мезгілде немересіне:

— Қарагер мен торыны ертте, — деп әмір етті.

Баласы:

— Әке-ау, аттарды ерттетіп неғыласыз? — деп қалған.



— Жә, мына Еркебұланға атамекенін көрсетіп қайтайық.

— Кеше жол-жөнекей машинамен келе жатып бәрін көрді ғой.

— Ой, сөзіңе болайын сенің. Туған жер төсін атасымен аралағаны бір төбе емес пе. Сосын... саржелдіріп атпен жүргенге не жетсің! Солай ма, Еркебұлан?

Ырымшыл кемпір құдайға сыйынып, дұғасын оқи бастады. Шалдың қылығынан көңіліне секем алып, шошына бастаған сықылды. Тәрізі «осы жарықтық бой жасағалы жүрмесе неғылсын» дейтінге келеді.

Аттылы кісілер ауыл сыртындағы құмның жиегіне жетіп қалды. Шал немересін атына мінгестіріп алыпты. Баласы шөбіне шалғы тимеген даланың кәусәр ауасын ашқарақтана жұтып, жаны жадырап сала берген. Оның айналасына ынтыға қарап, құм гүлінің жұпар иісімен кеуде кере тыныстап келе жатқанын байқаған шал ақырын жөткірініп алып:

— Даланың келбеті өзгеріп пе, балам? — деген.

— Тайтөбе бала кезімде биік сияқты еді, қазір шөгіп, аласарып кеткен бе?

— «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен» деген осы. Бір орында тұрмақ дүние жоқ.

— Еркебұланды әдейі ертіп шықтым. Көрсін. Түйсін көкейіне. Өзің туған жеріңнің төбелерін ұмытып қалған жоқсың ба?

— Жоға.


— Өткенде қырғыздағы Құрманқұл құдамыз келіп кеткен, — деді шал қарагердің басын қалың құмның биіктеу бір бұйратына қарай бұра беріп. — Сол әңгіме ғып, күліп отырды қызталақ. Қылжақпас неме ғой өзі. Біздің ауылда біраз қазақтар тұрады дейді. Солар бірде желпініп отырып: «Біздің шыққан тегіміз мықты. Ақсүйектердің тұқымынанбыз», — деп, мақтанса керек. Сонда қырғыз ауылының тіліне теріскен шыққыр қулары: «Мына Манас жақта Ақсүйек деген сай бар. Ашаршылық жылдары ауып келген қазақтар «ақ-сүйек» болып, қырылып қалған сайды солай атап кетсе керек. Сіздер, сірә, сол жақтан болдыңыздар ғой», — деп, ауыздарына құм құйыпты. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Менің ата-бабаларымның сүйегі де жат жұрттың бір аңғарында әппақ болып қурап қалмаса неғылсын.

Алтынбек деген ағайынның қырғыз құдасын баласы білетін. Ұмытпаса, аты — Құрманқұл. Өзі қушыкеш, әңгімешіл кісі.

— Әшірәлі, — деген бұған бір келгенінде кездесіп қалып, — біздің қырғыздарға қарағанда қазақтардың діні қатты, тілі тәтті. Менің Қатира деген көршім болды. Қазақтың қызы ғой жаманшылық жылы біздің елге келіп, тұрмыс құрып, тұрақтап қалған. Сол апаң өле-өлгенше қазақша сөйлеп кетті. Бүкіл ауыл осы күнге дейін таңғалып отырады. Ал, мына Алтынбек құдам менің қызым Канымчаны айналасы бір-екі жылдың ішінде қазақ қып жіберіпті...

Шал, баласы және немересі бұйрат-бұйрат құмның биік жалына ілікті. Бұл арадан етектегі ауыл да, құмның ортасындағы қорымдар да алақандағыдай анық көрінеді.

— Анау, — деді шал қабырғасы мүжілген шеткері моланы көрсетіп, — Айдарбек атаңның қорымы. Оның жанындағы Әлібек атаңдікі. Атам мен әкемнен тірідей айырылып, шешем екеуміз әр үйге бір түнеп, көрінгенге көзтүрткі болып жүргенде басымызға баспана тұрғызып берген Айдарбек атаң болатын. Ұста еді ғой жарықтық. Жүр, жақынырақ барайық.

Шал қарагерін тебінді. Әкесінің ерсілеу көрінген бүгінгі мінезінен баласы да шошып, қобалжи бастады.

Шал қорымның жанына келіп аттан түсті. Тізгінін құранды ердің қасына іле салып, шылбырдың ұшын белбеуіне қыстырды. Сосын тізе бүгуге лайықты шөбі қалыңдау жерді таңдап жүріп тауып алды да, жүрелей жайғасты. Қырағыттай оқыған құранын аяқтап, алақанымен бетін сипады. Әләзір асығар ишарасы байқалмайды. Шөп басқан ескі қорымның кетеуі кеткен кесегіне айнала қарап жүр.

— Тозып кетіпті-ау.

— Жөндетсе болмас па екен?

— Моланы жаңартпас болар. Мейірімің түссе одан да жұма сайын құран оқытып тұр. Сол сауап болады.

Шал ескі қорымды әлі айналшықтап қарап жүр.

Ұлы қипақтады.

— Әке, біз шыққалы да біраз уақыт болып қалды...

— Жә, асықпа.

— ?

— Тындап алыңдар. Мынау екі шалдың моласының жанындағы анау кішкентай алаңқайды көріп тұрмысың. Мен көз жұма қалсам сол жерге қойыңдар.



— Ой, сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Құдайға шүкір, әлі тыңсыз ғой.

— Қайдағыны айтып тұрған жоқпын. Мен қатыбас өкіметтерді көп көріп, аузым күйген адаммын. Ата-бабамның малы мен жерін тартып алып, өздерін қаңғыртып жібергендері де болды. Мынау саған көрсеткен жерге ертең ауылдың әкімі үйіндегі төрінен көрі жуық шешесін жерлеймін десе қайтесің?

— ?

— Ә-ә, әкімнің дегені болады. Анау ылғи бидайық өскен шұрайлы саздың қалай аталатынын ұмытқан жоқпысың?



— Шопанбайдың шарбағы деуші едіңіздер ғой.

— Сол Шопанбай мына біздің бабамыз болады. Осы жер үшін ол қарашекпендермен де қырбай болған. Бірақ, қызыләскердің қиғылығы одан да асып түсті. Төтеп бере алмады. Байтал түгіл бас қайғымен жан сауғалап, шүршіт асып кетті.

Баласының шалмен тәжікелесуге дәрмені жоқ еді. Қай жылдары еді құдай-ау. Шал сол кездегі кеңшардың директорына барып: «Мынау менің ата-бабамның жері. Елдің аузында Шопанбайдың шарбағы деп бекерге айтылып жүрген жоқ. Лұқсат етсең, сол жердің шөбін ауылдың шалғышы жігіттерін жалдап өзім орып алайын» дейді ғой. Кеңшар директоры Ерман деген есті кісі екен. «Ағасы-ау, мен ол жерді мынау Мейірқұлдың ата-бабасының жері. Шөбін өзі орып алсын» деп бұйрық берсем, күні ертең аупарткомның бюросы менің екі аяғымды бір етікке тықпай ма? Баяғы бай-құлақтардың жырын жырлап жүрсін деп мені де, анау әні-міні коммунистке өтемін деп далаңдап жүрген прораб балаңды да құртады ғой. Одан да сізге тура Шопанбайдың шарбағының өзі болмаса да, соның іргесіндегі Сасықкөлдің бидайығы мен жантағын орғызып берейін» деп қалың қасы қар жауғандай түнеріп отырған шалды үйіне әрең қайтарыпты деп еститін.

— Осы түгін тартсаң майы шығып жатқан жерді бір сенатор бәленбай жылға жалға алыпты дейді.

— Жерді де, малды да түгел бөліп берген жоқ па еді?

— Атасының басы. Жүні жылтыраған мал да, шөбі белуардан келетін шұрайлы жер де бастықтардың қанжығасында кетті. Бұрынғыны ақ патша дедік, кешегіні кеңес өкіметі дедік. Мақұл. Ал бүгінгілерге не жорық. Министрлер, сенаторлар, әкімдер... «Аспаннан туырлық жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайды» дегеннің кері осы.

Ұлы қылпылдай бастады. Шалдың тілі ащы. Бұдан гөрі Құрманқұл қырғыздың қылжағы имантаразы. Әйтеуір абырой болғанда қастарында ауыл басшылары жоқ.

Шал кейіп тұрған сенатордың кім екенін ұлының іші сезеді. Обалы не керек, облысты басқарып тұрған кезінде өзіне деген ықыласы түзу болды. Тиісті орындарға телефон шалып, бұның қызмет көлігін жекешелендіріп алуына ықпал етті. Үмітсіз шайтан. Бір Лайлы жіліктің басы көрінетін сияқты. Ол қызметке қолы жетсе... Бұйыртса Астанаға барып, арнайы сәлемдесіп шықсам ба деп жүрген. Шалдың сөзінің жаны бар. Сенатор балаларына мыңдаған гектар жерді жалға әперіпті деп бұл да естіген. Бірақ бү мәселе мұның әкесінің тура жанды жарасының аузын тырнап кететінін білген жоқ-ты. Ол кісінің жерден бөлек жекешелендіріп алған зауыттары қаншама. Шіркін....

— Әке-ау, ол енді қаржысы бар кісілер...

— Жә, неменеге шыр-пыр боп тұрсың. Маған енді анау өзіңе көрсеткен бұзау терісі-шөншіктей ғана жердегі қара бұйра топырақ бұйырса болды.

Шал ашуланамын деп шаршап қалды. Кеудесі сыр-сыр етіп, ентіге демалады. Ерні кеберсіп қалған. Ұлы атының тізгінін әперіп, шалдың шапанының етегіне жабысқан шөп-шаламдарды қаққыштады. Шал қарагерге немересінің сүймелдеуімен әрең мінді. Еркебұлан шалды аяп кетті. Бір жағынан қартайса да емендей илікпейтін қайсар мінезіне таңғалады. Шал, әкесі және өзі. Үшеуі үш бөлек жан. Әкесінің өз пәлсапасы бар. Шал шындығын бүгін ашты. Апасының айтқаны рас болса...

Мейірқұл Кеңес өкіметінің қара жұмысына илікпеді. Үнемі ат үстінде жүрді. Өзі о бастан ыстық, суығына көндіккен жылқы малын бақты. Астында мойнын доғаша иген сұлу қара айғыр. Кейде оны әкесінен қалған ескі көз — күміс ертұрманмен ерттеп мініп шығады. «Байшікеш!» Бұл — басқарманың сөзі. Мейірқұлдың жүнін жығып, аяғына құлдық ұрғыза алмаған соң айтқаны. Тісін қайраумен талай түнді ұйқысыз өткізді. Ақыры тапты. Мейірқұлдың сағын сындыру үшін оны қалайда жансерігіне айналған қара айғырынан айыру керек. Бұл үшін Мейірқұлдың соңына аудандық милицияның әпербақан бастығын салып қойса болды. Айтқаны келді. Милицияның бастығы Мейірқұлға «не атты таңда, не түрмені танда» деп шарт қойды. Ойлануға үш күн пұрсат. Мейірқұл қатты қиналды. Үшінші күн дегенде сылаңдаған қара айғырды қорадан алып шықты. Қорадан алып шықты да құдықтың мөлдір суына әбден шомылдырды. Құйрық-жалын сүзіп, үстіне әппақ ақ жабуын жапты. Күміс ертұрманның айыл-әбзелдерін күнге жарқыратып ерттеді. Қара айғырды тойға баратындай сылап-сипады. Кемпірі көзіне келіп қалған жасты шалына байқатпай орамалының ұшымен сүртіп алды...

Мейірқұл бұл кезде ауданға қарай баратын жолға түсіп еді. Майлы топырақты борпылдата кешіп, соңынан «әке» деп жүгірген баласына да бұрылмады...

Кемпірі сол күні түнімен кірпік ілмей шықты. Мейірқүл таң аққаймақтанып атып келе жатқанда бір-ақ оралған. Қара жаяу. Түрі өрт сөндіргендей. Әлемтапырық. Қолынын саусақтарына, етігінің басына қан дақтары жұғыпты. Екі мұңлық бір-бірінің көңілін айтпай түсінді. Мейірқұл кемпіріне «су әкел» деп ым қақты. Мейірқұл алдымен қалтасынан ұстарасын алып жуды. Оның жүзі де қан екен...

Сәске түсте ауданнан ат терлетіп милициялар жетті. Мейірқұлдың қолын қайырып байлап, бір мәстекке мінгізді. Мейірқұлдың қара айғыры мен күміс ертұрманның тарихы ел аузында жыр боп жүрді. Біреулер Мейірқұл қара айғырын сойып алыпты десті. Енді біреулер қара айғырын құмының ішіне өз қолымен бауыздап, күміс ерімен бірге көміп кетіпті деп жүрді. Түрмеден соң трудармияға алынып, елге соғыс біткен соң бір-ақ оралған Мейірқұл да бұл туралы тіс жарған емес. Еркебұлан қалтасына қолын салды. Имек сапты ұстара қолына тиді. Алақанына салып, сабын қысып-қысып қойды.

— Апа, — дейтін Еркебұлан кішкентай кезінде еркелеп, — атам ұстарасын неге тығып қояды?

— Е, қарағым-ай, ол ұстараның жүзінде қан бар ғой... Соны көрсе қай-қайдағы есіне түсетін шығар. Шашын алдырарда амал жоқ шығарады...

Еркебұлан атасының артына міңгесті. Белінен ұстап еді қолы еті жоқ қабырғаға тиді. Қампитып тұрған құр шапан екен. «Қайран атам...»

Қарагер мен торы ауылдың жолына түсті. Үш ұрпақтың өкілі үш түрлі ойдың құшағында. Еркебұланның қолы ұстарада... Текті тұқымның қаны өз жүлгесін тапқандай лып-лып етіп түбіт мұрт жасөспірімнің алпыс екі тамырын қуалай ақты.
★★★
Ырымшыл кемпір босқа күдіктенбепті. Келесі күні таңсәріде Шолпан жұлдыз туа шал дүниеден озды. «Арманы жоқ екен. Ақ өліммен өлді деген осы. Баласын шақыртып, бақұлдасып қалды. Қызметте ғой. Немерелері де жеті жұрттың тілін біледі екен. Бақыттымын деген адам Мейірқұлдай-ақ болсын» десті жұрт. Қайтсін. Бақыт деген сөздің мәнін өздерінше ойлап, өздерінше топшылағаны ғой.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет