Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет9/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

12. Күшік пен шенеунік
Бала кезімде нан мен қантты көп жеуші ем. Үйден таба нанның жартысын алып шыққанымды көрген Ақтөс алдымнан жүгіріп шығады. Көзін жәутеңдетіп, құйрығын бұлтаңдатып менен өз үлесін дәметеді де баяғы. «Сыбағасын» ә дегеннен асата салмаймын. Бір үзім нанды шымши ұстаған қолымды жан-жаққа алып қашып байғұсты әбден әурелеймін. Хайуанның жәутеңдеген жалынышты жанары қолымның бағытымен бірге зыр жүгіргенін қызық көрем. Кейін Ақтөс қолымда нан болмаса да қимылымды бағып тұратын болды...

Арада отыз жыл өтті. Қызмет бабымен бір шенеуніктің кеңсесіне бас сұқтым. Сәлемдескеннен кейін қолымды қалтама салып едім, жас жігіттің жанары жалт етіп саусақтарым сүңгіген қалтама барып аялдады. Біраз уақыттан кейін қаламсабымды алмаққа төс қалтамды қарманғам. Шенеуніктің жанары жалт етіп тағы да үйреншікті әдетін қайталады.

Сыртқа шыққан соң қасымда бірге болған жолдасым:

— Сүйек-саяқтан дәметіп, жаман үйреніп қапты ғой байғұс бала. Бұралқы иттей жәутеңдеп қолыңа қарағыштай береді екен, — деді, шенеуніктің қылығын жақтырмай.

Осы кезде Ақтөстің қолыма қарағыштай беретіні есіме сап ете түскені. О немені жаман үйреткен мен едім. Ал мына жап-жас шенеунікті жәутендетіп қойған кім болды екен? Қарабай қоғам ба, Сарыбай қоғам ба?!..

13. Көкектің балапаны
Көкектерді осыншама қатыгез болады деп ойламаушы ем...

Америка киногерлерінің камерасы қалың тоғайдағы көкекті «нысанаға» алып тұр. Көкектің екі көзі торғайда. Әккі аңшыдай тапжылар емес. Міне, ұябасар торғай әлдеқайда ұшып кетті. Осы оңтайлы сәтті манадан бері кірпік қақпай аңдып отырған көкек «іске сәт» дегендей, бұқпантайлаған бұтағынан көтерілді. Бос қалған ұяда жалғыз жұмыртқа жатыр екен. Бөтен ұяға бауырын емін-еркін төсеген көкек біраз уақыттан кейін қайта көтерілді. Енді ұяда екінші жұмыртқа пайда болды. Секпіл сияқты шұбар жұмыртқалардың бір-бірінен айырмасы — көкектікі сәл ірілеу. Бірақ, аңқау торғай бұл айырмашылықты аңғарған жоқ. Екеуін де бауырына басып, екеуіне де жылуын бірдей бөлді.

Көкектің балапаны бірінші болып жарыққа шықты. Кәдімгі торғайдың қызылшақасы дерсің. Бірақ, өктем, жұлқар. Жұмыртқаның жұп-жұқа қабығын жарып, жарыққа шыққан бетте торғайдың жұмыртқасын тепкілеп, ұядан құлатуға әрекет жасай бастады. Әлі көзін ашып үлгермеген балапанның бойындағы өшпенділіктің күші өте сұмдық. Торғайдың жұмыртқасын аяғымен ызалана итергені сонша, талдың басынан төмен қарай бұршақтай боп өзі де құлап түсе жаздады. Бірақ, дегеніне жетті. Ұяда жалғыз өзі ғана қалды! Енді оның несібесіне ешкім таласпайды! Қашан қанаты қатайғанша ұяның еркесі де, серкесі де өзі боп өседі. Ал торғайдың жұмыртқасына келсек, ол байғүс құрт-құмырсқа үймелеген шөптің үстіне барып быт-шыт боп жарылды да қалды. Жарылған қабықтың ішіндегі қоймалжың уыздың арасынан қыбыр-қыбыр еткен тіршілік байқалды. Бұл — жарық дүниеге келмей жатып аяусыз қатігездікке тап болған торғайдың қызылшақа балапаны еді. Айналасындағы қаптаған құрт-құмырсқалар байғүсқа одан әрі өмір сүргізе ме, жоқ па, белгісіз...
14. Автономия
Бір көзін шел басқан бетпақ шал өзінен өзі өзеуреп отыр. Осы қызыл көз туралы «қал көшелерінің жартысына жуығының атын алашапқын боп жүріп өзінің ата- бабаларына алып берді» деген жағымсыз әңгіме жиі-жиі айтылады. Кейбіреулер, тіпті, көзіне шұқымаса да «бәленбай батыр, түгенбай болыстың бәрі тек қана осы қызыл көздің ата-бабаларынан шыққан екен да жүдә» деп мысқылдап, сыртынан мырс-мырс күліп жүр. Бірақ туған-туыстарының қолтығына су бүркіп, «үрит, соқтырып» отырған мына қитұрқысының қасында көше-мөше, ауыл-пауылыңның аттары жіп есе алмай қалғандай.

— Біздің атамыздың ұрпағының саны қазірдің өзінде қазақ халқының тең жартысынан асып кетті. Мынау таудың ар жағы мен бер жағы, анау жыңғылды-жүзгенді жалпақ дала түгел біздің жеріміз. Біздің ата-бабамыз....

Бетпақ шалдың жылдан-жылға асқынып бара жатқан рушылдық ауруына арқасы ұстап, шекесі тырысып жүретін көкем оның дәл осы жолғы жарапазанына күйіп кетті-ау деймін:

— Ой, оттаған аузыңды... Онда үкіметке хат жазып, ата-бабаларыңның бықып жүрген ұрпағына автономия сұрамайсың ба? Аз қазақтың баласын алалаған сендейлерге жетпей жүргені енді Елбасынан автономия сұрау еді, — деп, әлгі басы қалт-құлт етіп, көзі алақ-жұлақ еткен бетпақ шалды мәнерлеп тұрып бір боқтады да кете барды. Қызылкөз аузы аңқиып, сілекейі шұбырып, омалып отырды да қалды.


15. Ақылдың аты

Ақылбайдың атында мін жоқ. Кінә қожайынында. Оң қолымен қамшы ұрса, сол қолымен тізгінді тартады. Сосын ат байғүс амал жоқ бір орнында айналшықтай береді, айналшықтай береді. Жануар кейде көзі алайып көткеншектеп те кетеді.

Ақылбайдың аты мен адам тағдырында өте ұқсастық бар.
16. Көлеңке
Көлеңке деген сөзге де көлеңке түсті. «Көлеңкелі» экономика, «көлеңкелі» бизнес, терезесін көлеңкелеген көліктер...

Көліктер демекші, олардың қап-қараңғы әйектерінің ар жағынан қарап тұрған кім? Қарауылға алған жалдамалы жендет пе? Әлде ақ ордаңның астынан ор қазуды ойлаған опасыз ба? Жұмбақ...

Парламенттің аста та төк астауынан дәметкен бір шұнақ құл көзін «көлеңкелеп» елге келді. Қап-қара көзілдірік жалпақ бетінің жартысын жауып жатыр. Көлеңкеленгендерден зәрезап болған жұрт аясын ба, оның аялдамаға жапсырылған табақтай суретінің бетіне «Көзіңді көлеңкелесең де, көкейің белгілі ғой, кәззәп!» деп, шимайлап кетті.
17. Сәметтің жаны сірі екен...
Осыдан біраз жыл бұрын Мұхтар Мағауиннің Сәмет деген кейіпкерімен «танысып», иманым қасым болған. Ол ғылымды не өзі көгертпейтін, не өзгеге жол ашқысы келмейтін қалт-құлт еткен шал еді. Бұндай қасіретті тағдырды бұрын-соңды еш жерден оқымағандықтан ба, әңгіменің әсері өте қатты болды. Шағын ғана шығарманың оқиғасын әлі күнге дейін ұмыта алмай жүргенім сондықтан да шығар.

Том-том материалдардың ортасында құзғындай қарауытып отыратын да қоятын Мұхаңның жетпісінші жылдардағы сол кейіпкерінің «тұқымдасын» жақында бір мұрағаттан өз көзіммен көрдім. Сәмет сияқтылар әлі бар екен. Түр-түсі, мінез-құлқы, тіпті дімкәстігіне дейін құмы Мұқаң суреттеген шалдан аусайшы. Бұл шал да «мефистофель күлкімен мысқылдай жымияды». Столында том-том құжаттар толып тұр. Аялай сипап қояды. Бірақ «жоғарғы жақтағылар ешкімге берме деген» деп, маңайына ешкімді жауытпайды.

— Ау, бұл ортақ игілік емес пе?

— Тапқан мен.

— Онда жарияламайсың ба?

— «Жоғарғы жақ» жариялатпайды.

— Неге?

— Өзіміз кітап қып шығарамыз деген.



— Қашан шығарады?

— Білмеймін.

Ел тарихына тамызық болатын құжаттар Сәметтің сыр-сыр еткен кеудесінде көміліп қала берді.

Мұха, құттықтаймын, кейіпкеріңіздің жаны сірі екен!


ЕКІНШІ БӨЛІМ

(хикаяттар)
ЖАРАЛЫ ЖАПЫРАҚТАР

(хикаят)
Кішкентай балалар да үлкен түс көреді

Марк Твен
І.

Нұртуған нағашым күншуақта отыр. Шалбарының балағын тізесіне дейін түріп алған. Қолы шүберектен босаса болды, кәрі сиырдың қаңқасындай арса-арса сүйектерін «қақтайтын» күнес іздеп жүргені. Дәл қазір оған мына көлік жуатын кәсіпорынның күнгей беті Қаратеңіздің жағажайынан артық.

- Сөйтіп, Құранды басып нанды алуға болады дедің ә, жиен?

Шор-шор боп қатып қалған күнге өптірген нағашым екі көзін бір нүктеге қадап алыпты. Сопайған басы, шоқшиған сақалы Мигель де Сервантестің айдаладағы аңғал-саңғал диірменге атой салатын әпенділеу кейіпкерінің кескін-келбетін елестетеді. Бірақ нағашымның шабуылы Сервантес серісінің соғыс тәсілінен мүлде бөлек. Найзасы – қара сөз болғанда, қалқаны – ой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Нұртуған нағашым осы отырысында испандықтардың ұлттық мақтанышына айналған Дон Кихотынан бір мысқал да кем емес.

- Жұрт қой сөйдеп жүрген.

Жалтаруға тура келді. Әйтпесе «жұрт» деп, жауырды жаба тоқып отырғаным — бастығым. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін». Бұл мекемеде «біріншіге» ешкім қарсы келмеуі керек: ойымызды да, бойымызды да соған қарап түзейміз. «Жұрттың» кім екенін Нұртуған қу да біледі.

— Сонда сенің «жұртың» мәселенің мәнісі Алланың сөзінде емес, ас та төк аста дейді ғой ә, жиен ?

Астапыралла! Бұл ой «қауашағыма» қалай кірмеген? Енді жандалбасалап ақталып көру керек.

— Ілкіден келе жатқан сөз емес пе? «Құранды басып нанды алуға болады, ал нанды басып Құранды алуға болмайды» деп отырушы еді ғой... молдалар.

Тым-тырыс бөлмедегі шыбынның ызыңы сияқты Нұртуған нағашымның ғақлиясы тынышымды бұзып, үдей түсті.

— Далбастапты. Бұл — шариғатты белден басқан дүмше молдалардың өздерін ақтау үшін айтқаны. Нан қандай ақ болса, Құран да сондай хақ. Бірінен бірін төмендетуге әсте болмайды!

Ал керек болса! Көлік жуушы нағашымның пәлсәпасын қараңыз. Мен оны аяқ-қолынан су өтті-ау деп аяп жүрсем.


★ ★★
Өзіме де обал жоқ. Мал базарда жуан балтыр, май желкелердің малын пұлдап, делдал болып жүрген жерінен жаным ашып осында ертіп келгем. Арғы жағын Жортармен өзі келісті. Бірақ сайлау сайын биліктің майшелпегі есіне түсетін партиялардың ұр да жық ұраншылдары сияқты нағашымның да бүйректен сирақ шығарып жүретін «балалық ауруы» бар екен. Жортар екеумізбен ә дегеннен-ақ жұлдызы жараспай қойды.

Бірақ менің жазығым не? Нағашым жақтырмады екен деп өмірбақи қайыршы болып өтуім керек пе? Қазірдің өзінде «бизнес-жоспарым» дайын. Мысалы, қожайынның менімен бірге оқитын Сана деген қызы бар. Өзі де атына заты сай, ақылды, көркем. Мектепті бітірген соң сол сұлумен отау құрудың сәті түссе бітті, қожайынның жар дегенде жалғыз күйеу баласы болам да көлік жуу кәсіпорынымен қоса қаланың қақ ортасындағы мейрамханасына да ие болып шыға келемін...

Тәтті қиялымды тағы да Нұртуғанның гүжілі бөлді.

— Шыныңды айтшы, Құранды басып жеген нан мынау теректей бойыңа шынымен-ақ жұқ бола ма?

Түһ, мынаған дауа жоқ шығар. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қандай бәлеге қалдым?

— Оны Жортардан сұра.

— Атаукересі үшін Алланың сөзін аяқасты етуте болады деген одан не үміт, не қайыр?

Нұртуғанның гүжілінде Әзірет Әлінің алдаспанындай бір алапат сес бар. Сонда бұның жанына не керек? Не жетпейді?

Өзім де тұзы жеңіл байғұспын. Басқа мақал-мәтел құрып қалғандай Құранға соқтығысып нем бар еді? Айдың-күннің аманында тақыр жерден сүрінгенімді қарашы. Бәрі түскі сорпаны сораптап отырған кезде басталды. Жортардың арқасында аузымның аққа жарығанын айтып, бір мақтайыншы дей салған сөз еді, ғазиз басымның мұндай бәлеге қалатынын қайдан білейін.
★★ ★
Нағашымды да аяймын. Бесіктен белі шықпай жатып жүгері суғарыпты. Одан кейін құрылысшыларға қосылып белуардан келетін батпаққа малшынған. Таңғы суықта бетіне мұз байланып жататын батпақ зіңгіттей жігітті допша домалатады дейді рас болса. Сол азаптың бәрі жиналып кеп нағашымды аяқтан алған. Қазір судың сылдырынан қорқады. Менің істеген жақсылығым сол, Нәкеңе «мұздай суға жолама, мәшиненің ішін ғана тазала» деп тапсырма бердім. Бірақ «сыз табанымнан өтіп, тас төбемнен бір-ақ шықты» деп, зар илеуін сонда да қоймайды.

Бүгін жұмыстағы соңғы күнім деп сазарып отыр. «Нағашеке-ау, ақшасы тәуір ғой, неге кетіп барасыз» дегеніме, «кәмунистердің жүгерісінен құтылдым ба дегенде, кәпитәлистердің көлігін жууға әкеп қойдың» деп, әңгімені шорт кесті. Кеше де тулаған. Бұрнағы күні де кіжінген. Бірақ қоржын-қосқолаңын жиып кетіп те қалмайды. Соған қарағанда барар жері, басар тауы жоқ. Қысқасы, «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың» кері.

Бұл өзі қай жерде болып жатқан оқиға деп таңғалып отырған шығарсыздар. «Адамнан жасырғанды, Құдайдан жасыра алмайсың». Айтайын. Жортардың жуан мөріне «Республикалық психоневрологиялық диспансер» деп жазылғанына қарамастан, жұрт бұл жерді... жындыхана дейді. Жә, шошымаңыздар. Жұртыңыз, мысалы, халық қой. Ал халықтан үлкен ешкім жоқ. «Құдайдың екінші аты — халық» деген де халық емес пе? Ендеше, «Халық айтса, қалт айтпайдыға» да қол қоя салыңыз. Міне, сол халықтан Жортар тұрмақ, медицинаның атасы Әбу Сина да әулие емес. Жындыхананың аты жындыхана. Сондықтан «психоневрологиялық» деп қанша жерден сыпайылағаныңызбен ел-жұрттан аса алмайсыз-дүр.

Әлбетте, шүу дегенде тосырқағаным рас. Жүйкесі жұқарып, жаны күйзелген бейшаралардың уәжін құлағына ілмей, шыңғыртып дәрі егіп жатқан медбикелердің қаталдығы да қобалжытқан. Оларға қарағанда «есуас» деген диагнозбен әкеліп тастаған міскіндердің бойынан адамға тән бірдеңелер байқалып қалады. Әңгіменің майын тамызғанда «апырау, ит байласа тұрғысыз мына жерге Демосфендей ділмарларды кім қамап отыр?» деп, жағаңды ұстайсың.


★★ ★

Мәшине жуатын жерге қалт-құлт етіп әуелі Домбыра келді. Жағы сембей дыңғырлай берген соң байғұсты осылай деп кетіпті. Насыбай атады екен, ернінің астына көкбұйра түйіршіктерді тастап кеп жіберіп, «Мен — Дом-бы-ламын» деп ай-шай жоқ, қолын ұсынды. Мен оның қолын қорқа-қорқа ұстап, атымды айттым. «Та-а-сың өл-ге до-ма-ла-ғалы тұл, ба-а-ла. Білақ...» деді ол. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын тісқаққан саясатшы емеспін ғой, мінез-құлқыңды былш еткізіп бетіңе айтқан қиын болады екен. Табан астында не дерімді білмей, тамағым құрғады. Бірақ жындымен жынды болам ба, шыдадым. Менің күмілжіп қалғанымды пайдаланған ол маған дейін де талайдың миын атала қылған сұрағын қойды. Айтпақшы, сұрағын қоймас бұрын ернінің астындағы насыбайды анандай жерге ытқыта түкіріп тастады. Сол сол-ақ екен, тілін «шайнай» сөйлейтін сақаулығы сап тиылды.

— Ежелгі грек аңыздарын білесің бе?

— Ептеп...

Грек аңыздарын жырлаған Гесиод, Гомер бастаған абыздар күндердің-күнінде Қазіреті Мұхаммед Салал-лаһу Галейки Уәсәлам Пайғамбардың дүниеге келіп, жамағатқа Құдай біреу, оған серік қоспаңдар деп ақиқи тәпсір айтатынын білмеген болуы керек, ежелгі Ұрымның аспанын да, жерін де, суын да құдайларға толтырып жіберіпті.

Менің сөз таластырудан қашқақтап тұрғанымды сезген ол енді нағашыма қарады.

— Әй, жүз грамың бар ма, құйшы?

— Лә иллаһа илаллаһ Мұхаммед Расұлаллаһ, мен мұсылмандық жолға түскенмін.

— Бірақ кәпір боп кетпеген шығарсың.

Тілі тотияйындай екен бәленің. «Бірақ бақыр санаған сараң боп кетпеген шығарсың» дегенді нағашыма астарлы сөзбен әдемі жеткізді. Оның тапқырлығына Нұртуған да амал жоқ езу тартты.

— Әй, қатырасың-ау. Әрине, кәпір емеспін.

— Әкел онда...

Нұртуған ұсынған мыж-мыж 100 теңгені қуана ұстаған ол мұрнының астынан рахмет айтып, жөніне кетті.

Мен аң-таңмын. «Тасың өрге домалағалы тұр, бала. Бірақпен...» не айтпақ болды? Ойға тамызық қып кеткен ежелгі грек аңызында Сизиф деген де жазған бар. Сол пақыр дәу тасты домалатып таудың басына шығарып, енді «үһ» дей бергенде, ақтер, көктер болған еңбегі еш болып, тас таудың етегінен бір-ақ шығады. Содан Сизиф байғұс әлгі тасты өле-өлгенше таудың басына қарай домалатумен өткен. Өйткені маңдайына жазылған жазымыштың жазасы осы. Қандай азап десеңші. Соның кебін сен де киесің дегені ме?!. Бірақ бұл күллі адамзат баласы үшін анасының құрсағында жатқанда-ақ кесіліп қойған үкім емес пе?!.

Үһ, ернім аққа енді тиді ма дегенде не деп көкіп кетті мына нақұрыс!?.
★★ ★

Нұртуған нағашымның сопақ басындағы мың қатпарлы мида қу сирақты күнге қыздырмақтан басқа да қым-қуыт ойдың өріп жүргені сөзсіз. Көстеңдеп қалған тіл көп күттірген жоқ.

— Домбыра айтады: Баяғыда әкесінің қанын мойнына жүктеп, елінің тізгініне ие болған Крон деген патша болыпты. Сол патша күндердің күнінде астымдағы алтын тақтан айырылып қаламын-ау деп зәресі қалмайтын дертке шалдығады. Қараптан-қарап үрейленгені сонша Рея деген сұлуынан туған балаларын алдырып, тірідей жұта беріпті. Жалмауыз патшаның құлқынынан соңғы сәбиін қалай да аман алып қалғысы келген ана көз көрмес, құлақ естімес жердегі Крит аралына барып босанады да шарананы үңгірге қалдырып кетеді. Сарайға қайтып келген кезде бұған дейін бес баласын жұтып, құныққан патша: «Жаңа босанған шаранаң қайда?» деп күндей күркірейді. Сол кезде Рея патшаның аранына құндақтаулы тасты тыға салады.

Дүниеге келмей жатып қиындыққа тап болған ұлдың аты Зевс екен. Ол ер жетіп, ашкөз әкесінің асқазанында тұншыққан бауырларын бостандыққа шығарады. Бастары қосылған бауырлар Кронға қарсы соғыс ашады. Ұза-а-ақ жылға созылған соғыста Зевс жеңіске жетеді. Сөйтіп жемқорлық пен парақорлық, тоғышарлық пен алыпсатарлық, бұзақылық пен ұрлық-қарлық, жағымпаздық пен сатқындық үстемдік құрған жүйе талқандалып, еркіндік іздеген ел-жұртқа әділетті билік орнатады...

— Мұны айтып жүрген жаңағы... («жынды ма?» дей жаздап барып тілімді тістеп қалдым) Домбыра ма?

— Домбыра десе дегендей... дыңғырлап бір сайраса, тоқтата алмайсың.

Басым мең-зең. Ау, Домбыра айтып жүрген аңыз қайда, біздің жындыхана... кешіріңіз, психоневрологиялық диспансер қайда?

— Сонда ол мұнымен не айтпақшы?

— Әділдік жоқ дейді. Заңды бастықтың өзі бұзады дейді. Олимп биігіндегі құдайлар мен жердегі қалың бұқараның жилысын шақырып, заң бұзғандарды жа- залайтын Зевс пен Фемиданың заманын армандайды.

Төле би атындағы мектептің 8 сыныбын үздік бітірген меніңдағы біраз білімім бар. «Зевстің салтанатты сарайының алдында екі үлкен ыдыс тұрады екен, — дейтін бізге «шайтан арбамен» келіп дәріс оқитын қаңбақ шал сияқты қағылез мұғаліміміз, — оның біріне ізгілікті, екіншісіне қатыгездікті толтырып қояды екен. Заңды бұзған билік иесінің үстіне әлгі ыдыстың жиегіне дейін меймілдеген қатыгездікті құйып кеп жібереді екен де, ал жақсы басшыға...». Қаңбақ шалдың дәрісі ойыма сап ете түскені бар болсын, өзімнен-өзім селк ете қалдым.

— Сендер немене сонда диспансерде заң бұзылып жатыр деп көкіп жүрсіңдер ме?!.

Көрінген адамнан арақ сұрап жүрген міскіннің шашбауын көтеріп отырған нағашыма ежірейе қарадым. — Бас дәрігер бұл былшылдарыңды естісе жон терілеріңді сыпырады ғой.

Нұртуған нағашым қыңырая қалды. Көзінде «сенің де сырың мәлім болды. Крон сияқты таққұмар бәлелер сендейлерден шығады. Бесіктен белдерің шықпай жатып ақшаның құлына айналасыңдар, содан кейін қожайынның он екіде бір гүлі ашылмаған қызына үйленсем деп армандайсыңдар, ары қарай Олимптің шыңы да алыс емес деп ойлайсыңдар» деп тұр.

★★ ★


Шынымды айтсам, соңғы кезде бес биенің сабасындай боп жайылып бара жатқан рабайсыз денем өзіме де ұнамай жүр. Ішімді үрген мес десе де болғандай. «Ет етке, сорпа бетке» деп, ішіп-жей берген соң бет-жүз де аяр-ұятты ұмытып, қалындай береді екен. Бірі Арқаға, екіншісі Алтайға қараған қитар көз қалың қабақтың астынан сығырайып әрең көрінеді. Танау шірікін де таңқия түсті. Аспандап ұшқан алты қаз болса «Хазар1 теңізі қайдасың?» деп әні-міні ұшқалы тұр.

Кәсібіміз — күндіз-түні мәшине жуу. Диспансердің қасынан ашқан көлік жуу кәсіпорынының екі тізгін, бір шылбырын Жортар маған тапсырып қойды. Бар міндетім — көліктерді жууға жалданған өзім сияқты балалардың аяқ-қолдары жаурап, кешке дейін тапқан ақшасын санап алып, бастыққа тапсыру. Бұрын жиырма теңгеге зәру болып жүретін жалаң аяқ оқушының қалтасы қазір шытырлаған ақша.

Диспансердің іргесінде құмырсқаның илеуіндей қайнаған базар бар. Түске таман сәбилердің көнетоз қол арбасына салып тамақ таситын қыздар келеді. «Кока-Коласы» мен «Йогурттарын» да ұмытпайды. Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, Абай атам айтқандай, адамды қараптан қарап аздырады екен.

Жортардың пәлсәпасына жүгінсек — «Ақша жеткен жерге аяқ та жетеді». Менің бұл ұранымды, әрине, Нұртуған нағашым естімей-ақ қойсын. Естісе «Ол қандай ақша?», «Ол қандай аяқ?», «Ол аяқтар қандай бастарды көтеріп жүр?», «Ол бастарда қандай қиялдар бар?», «Ол аяқ пен бас ел-жұртты қайда апармақшы?» деп сансыз сұрақтың астына алары сөзсіз. Оны да місе тұтпай «анау депутат, әкім болам дегендерді аласұртып жүрген ақша. Ал ақшаға бір құныққан адам оны көбейген үстіне көбейе берсе екен деп ұқтырады. Сондықтан сайлау сайын екі иығын жұлып жеп, аласұрып жүргендердің көкейіндегі халықтың қамы емес, ақшаның қамы. Жақында екінші рет сайлауға түсем деп жүрген Жортардың арманы да көп, өте кө-ө-өп ақша!» деп, екі езуі көпіргенше екіленетіні сөзсіз. Жо-жоқ, менің бұл ойым Нәкеңнің құлағына шалынбай-ақ қойсын.

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады». Ақша демекші, қалтама тиын-тебен түскелі қиялым қиыр-қиырды шарлайтын болды. Шаруаның бәрін орынбасарының иығына артып, өзі сауық-сайранда жүретін бастығыма еліктейтін болдым. Әсіресе, күн сайын тамақ әкеліп сататын әнебір әдемі қызды көрсем сілекейім шұбырып қоя береді.

Махаббат қызғаныштан тұрады дейді ғой білетіндер. Ақ орамал тартып, жалаңаш жерін қымтап, мөлдіреп жүретін сұлу мен Нұртуған нағашымның арасында бірдеңе бар ма деп те қауіптенемін. Тамақ әкелген сайын көлік жуатын кәсіпорынға қарай жалтақтай беретіні де тегін емес.

Өткенде нағашымның жұмыс киімінің қалтасынан түсіп қалған қағазды тауып алдым. Мыж-мыж қағаздың бүктеуін жазып жіберсем, о, тоба, өлеңдер. Бас жағына:

«Нұртуған аға! Сіздің өлеңдеріңізді газеттен оқып жүрмін. Бірақ осы арада істейді деп ойламаппын. Аға, өзіммен өзім жалғыз қалған кезде жазған мына өлеңімді оқып көріңізші. Айқыз.» деп жазыпты. Домбыра ма, Нұртуған ба, біреу-міреуі қылқиып келіп қалмай тұрғанда оқып үлгерейін деп жалма-жан қағазға үңілдім.


Түпкірінде жүректің
Алдамшы бос үмтіке,

Жүрмін бе жіпсіз байланып.

Бакріттан басым айнала,

Ақ жүрегіммен иланып.
Өтер де кетер балғын шақ,

Көзіңді ашып-жұмғанша.

Өкінішпен өртер өзекті,

Мағынасыз өткен күн қанша?

Жалғыздық байлап жанымды,

Билігін қолдан алғызбай.

Егізін тауып жүрегім,

Егелік жасар күн қайда?
Өлең жазған сұлулардың барлығы Фариза, Күләш апаларым сияқты мықты ақындар емес қой. Мына ұйқастарды төрт аяғы тең жорға демесем де, әйел баласына тән бір нәзік сезімді әр жер - әр жерінен теріп алуға болатын сияқты. Әсіресе соңғы екі жолы. «Егізін тауып жүрегім, егелік жасар күн қайда?» деп кімді айтты екен? Жебедей кірпігін кімге қадады екен? Әлде нағашымда ойы бар ма? Мен оның орнында болсам мынандай қолайлы сәтті қапы жібермес едім. Әттең, оқушымын.

Нұртуған нағашым қағаз іздеп әуре болмай, өлеңнің астына былай деп сүйкепті.



Арманым Айқыз - Айкезбе
Айкезбе — Айқыз арманға,

Жүрмін бе жіпсіз байланып.

Сия алмай мынау жалғанға,

Сағымға кеттім айналып.
Жалғыздық жайлап жанымды,

Қиял жүр кезіп Түн, Айда.

Сүмбіле-суық қанымды,

Жылытар ыстық үн қайда?
Сыңарын іздеп жүрегім,

Ботадай босқа боздай ма.

Еркелей еріп жүргенің,

Сезімді сөнген қозғай ма?
Оу, де! Қалай-қалай қайырады-ей, сабазың! Мынауың нағыз ақын ғой өзі. Бірақ мен үшін мәселе өлеңде емес. Мәселе — көлік жуушы Нұртуған нағашым мен тамақ сатушы сұлудың арасындағы нәзік сезімде, тәтті махаббатта. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды». Осы ару келген сайын жасы жер ортасына келіп қалғанына қарамастан Жортар да кеңсесінің терезесінен сұқтана қарап, сілекейін жұтып тұрғаны.

★★ ★


Құдайшылығына көшсек, нағашымның мен пақырды жек көретін жөні жоқ. Ант ұрғандардың ауылынан іргемді өзім де алыстау ұстауға тырысамын. Қиналған кісіге қолымнан келгенше жақсылық жасағым келіп тұратын елгезектігім де бар. Мұны жалған дегендер бетіме айтсын. Бірақ, жақсылық жасаймын деп бүлдіріп алатынымды жасырмаймын.

Нағашым «аяғым» деп зарлай берген соң базардағы ала тақиялы ағайыннан бір түйдек қызыл бұрышты аттай қалап, әкеліп бердім.

— Мұны қайтем? — деп ежірейді Нәкең.

— Бәтіңкеңнің ұлтанына салып алсаң, аяғың қыз- қыз қайнап жүреді.

— Оны қай көкең айтты?

— Кітап деген көкем бар. Сол айтты.

Мұным өтірік. Бірақ жақсылық жасау үшін кейде өтіріктің де пайдасы бар.

Өткенде базарға барсам адыраспан түтіндеткен бір топ әйел бейбіт шеруге шыққандай қаптап келеді екен. Басынан бақайшығына дейін батамен қаруланған бәлелер алақандарына бес-он теңге тастамасаң, жолыңды кес-кестеп жүргізбейді. Өздері аяқтарына гәлөш іліп алған. Таң қалдым. Бұның қандай құпиясы бар? Менің Нұртуған нағашым ұлтаны екі елі етік кисе де аяғым қақсады деп зар илеуін қоймайды, ал мыналар болса резіңке гәлөшпен қақшаңдап жүр. Сауда-саттық жасағандардан сұрасам, «гәлөштерінің табанына келімдәрі салып алған» дейді. Күлкім келді. Қызыл бұрышты «келімдәрі» дейді екен. Ең бастысы, Нәкеңнің «ыстық уколға» бағынбайтын аяғының емі табылғанға көктен сұрағаным, жерден табылғандай қуандым.

Бірақ нағашым «келімдәріні» бір күннен кейін-ақ лақтырып тастады. Таңертең жұмысқа келсем қоқыс тастайтын жәшіктің айналасы толған қып-қызыл жапырақ. Көлік жуушы балалар жымың-жымың етеді. Нұртуған нағашым болса арыстандай айбатты.

— Алдымен өзіңе тәжірибе жасап көрмедің бе, жүгермек?

— Не боп қалды ?

— Өй, саған сеніп жүрген өзіме де обал жоқ.

Сөйтсем, арғы ата-бабасы туралы «Шымырбай құмға түсті, шыдай алмай суға түсті» деген сөз тараған ұшып-қонба әулеттің ұрпағы емес пе, шыт-шыт жарылған аяғын қызыл бұрыш удай ашытып, күйдіре бастағанда «ойбай, жау шаптыға» басқан ғой. Ащы жапырақты ұлтанға емес шұлықтың ішіне салып алса, әрине, удай ашытады. Жапырақты алып тастаймын деп жанталасқан сәтте қолы дуылдайды. Сумаңдаған қол бет-ауызға жеткен тұста дүниені тітіреткен түшкіріктер дауылы басталады. Қысқасы, мен келгенде нағашымның жұмыс орны қызыл бұрыштың жапырағы жауғандай астаң-кестең екен.

Содан бері көкем мен айтқан ем-домға да, әкелген дәрі-дәрмекке де секемдене қарайтын болған.


★★ ★
Ақырет сотының алдына барғанда араша болатын тағы қандай жақсы қасиеттерім бар? Ыстыбай атам, Тінәлі, Азат үшеуі еш жамандыққа қимайтынын білем. Бірақ оларды куәдүрлікке тарту үшін жындыханадан отбасыма оралуым керек. Ал қара шаңырақтағы бірінші тұлға мен үшін, әлбетте, әкем. Киіз үйдің сыртынан Ыстыбай атамның қара айғырының пысқырған үні естілді дегенше әкем иегін қағып, есікті нұсқайды. Ауыздығын шайнап, қора жаққа өтіп бара жатқан атты санаммен сезініп, далаға атып шығамын. Жуан ортасына жеткен кітапты да тарс жабуға тура келеді. Бірақ жазушының айтпақ болған ғибраты жадымда. Анамен де, мынамен де доспыз дей беретін жалпақшешей саясатшыға сабақ болғандай тәлімді дүние болған соң ба, миымда өлең жолдарындай жатталып қалыпты.

«Балам, — дейді, — Есбол қария, — сен осы бізге хат жазған сайын Бедір деген досым бар деп жарияға жар салып жатушы едің ғой. Әлі доссыңдар ма?

— Доспыз...

— Осы кейде тып-тыныш отырған үйге үлектей арқырап келетін сол ма?

— Сол!

— Е, дегендей, дегендей, — деп қария басын изеп, тағы бір кез ойлы кескінге ауысып салбырап шөгіп қалады.



— Баяғы бала кезімде әкем марқұм «атты сыртына, адамды ішіне қарап білем», — деп отырушы еді. Кісі сырын ұғу қиын ғой. Түріне қарап дос таңдау да қиын. О да бейне мінезін білмейтін атқа мінгендей, қай жерде тулап түсіріп кетеді деп қыпылдап, тақымыңды қысып алғандай сенімсіз күйде болатын шығарсың. Тілекпен дос болмайды, тең кісілерге достық өзі келеді. Ондай дос қайда! Оның орны бөлек қой. Өз басым ешкіммен дос боп көргем жоқ, тең адам кездеспегендіктен емес. Оның бір пәлесі — дос кісілердің арасында да бірдейлік бола бермейді. Олардың да өз арасынан артық-кемі шығып, кемі кіші орнында жүреді. Қиыны осында...» деген кемеңгер қарияның сөзі Жортар екеуміздің достығымызды меңзегендей.

Бірақ Әбдіжәмілдейін атақты жазушының кемеңгер кейіпкері қалың кітаптың ішінде қала береді. Ал сыртта осы дананың XXI ғасырдағы «ксерокөшірмесіндей» болып Ыстыбай атам келіп тұр. Қасы қалың, мұрны қоңқақтау, сопақша жүзіне ақ шаңқан сақалы әбден жарасқан еңгезердей шал белі есік пен төрдей айғырынан түсіп, тізгінін ердің басына ілді де, қыл шылбырдың ұшын қарсы алдында намаздыгер-намазшамның көлеңкесіндей ербиіп тұрған маған ұсынды.

— Ассалаумағалейкүм, ата!

Компьютердің клавиштерін басудан басқа ауыр жұмыс істеп көрмеген нәзік саусақтарым атамның күректей алақанына сүңгіп кетті.

— Уағалейкүмәссалам, балам. Таудай бол!

Атамның кепкен балықтың қабығындай қабыршықтанған қолы мен қара айғырды байлайтын қыл шылбырдың арасында айырма шамалы.

— Қалай, — деген сосын атам сәл езу тартып, — алғыстан тау тұрғызып жүрсің бе әлі? Әкең пияз егуді білмесе де, бала тәрбиесін біледі...

Алқаптан көңілді оралған күні әкемнің ширатылған ұбақ-шұбақ дауыспен «бүгін қай-сы-лар-ың көп алғыс жинадыңдар, әй» деп сұрайтын әдеті бар. Шаршап-шалдығып немесе әлдекімдерге шала бүлініп, ұрсып келсе «Байтал түгіл, бас қайғы» дей ме, дастарқандағы ас-суына үн-түнсіз бас қояды. Дегенмен, «сәлем беріп, алғыс жинау» біздің шаңырақтың жас мүшелері үшін — Президенттің тапсырмасындай бұлжытпай орындалуға тиіс мәселе. Басты бәсекелес, әлбетте, шаңырақтың шолжақайы — Тінәлі. Әке-шешеме ілесіп құдайы тамақтан құр қалмайтын болған соң алғысқа да, кәмпит-сәмпитке де сол қарық. Сосын амал жоқ қулыққа басам. Төле би атындағы мектептің үздік оқушысы деген атым бар емес пе? Жалпы, ақылыңа айлаңды тұздықтап отырсаң еш уақытта қор болмайсың. Мысалы, әкейдің алдында жерге қарап қалмау үшін бір шақырымдай тұстан өзімен-өзі өтіп бара жатқан Ыстыбай атамды қуып жетіп, сәлем беру кімнің ойына келеді дейсің! Басқа басқа, бұл қулық біздің Тінәштің үш ұйықтаса да түсіне кірмейді. Екі өкпесін қолына алып, соңынан қуып келген баланың бар шаруасы сәлем беру екенін білген кезде атам, әрине, абдырап қалады. Сосын көзіне күлкі үйіріліп:

— Айналайын, сен өзің ата-бабаларың сияқты сақы кісі болғалы жүр екенсің. Олар да ауылдың сыртымен кетіп бара жатқан көшті тоқтатып, құдайы қонақ қылып аттандыратын елден ерек адамдар болған деуші еді бұрынғылар. Құдай тілеуіңді берсін! Ел ұста! — дейді.

Дейді де «осы балаға алғысым аздық қылды-ау, ә» дегендей, сасқалақтап қалтасын қармана бастайды. Шибарқыт шапанның қалтасынан алдымен мыж-мыж беторамал, бүктеле-бүктеле шеттері қырқылған газет шығып, ақыр аяғында бір бума кілттің бауына ілініп кәмпит көрінеді. Қай күнгі құдайы тамақтан қалған «олжа» болса керек.

— Мә, айналайын, мынаны ала ғой, саған бұйырған екен.

Еңбегіме берілген «сыйақыны» көріп Тінәлі одан бетер ыза болады. Бірақ, бұл әлі аз. Ұпайымды көбейту үшін етігін шешуге ыңғайланған әкеме лып етіп көмектесе қоямын. Елгезектігіме сүйсінген әкем, әлбетте, «рахмет» дейді. Аяғының астында тұрған алғыстан қарадай айырылған інішегім болса «бұл дұрыс емес» деп жер тепкілейді.

Сегізінші сыныпты үздік бітіріп, жазғы демалысқа шыққалы бері Жортардың жырындысына айналғанымды Ыстыбай атам қайдан білсін. Бесінші сыныптағы оқиғаны еске салып, «саяси имиджімді» кәдімгідей түсіріп тастады.
★★ ★
Жортар демекші, біраз болды бастығымның үйінде бір үрпек сары пайда болды. Жортардың өзі «базарда қайыр сұрап жүрген жерінен жаным ашып, алып келдім» дейді. Бірақ жасырып-жапқанмен біздің кентте сөз жата ма, «Жортар үйтіп жауырды жаба тоқымасын, алыс-жақынды адақтап жүрген қарындасының баласы. Қатыны екеуі байғұс баланы екі жақтап жұмсап, әбден зорықтырды» деген әңгіме шыққан.

Бірде көлік жуатын кәсіпорынның кілтін алуға Жортардың үйіне бардым. Жүрегімнің бір түкпірінде, әрине, Сананы сыртынан болса да бір көріп қайту үміті лүпілдеп тұр.

Үрпек сары босағада Жортардың топылыйын шөткілеп отыр екен. Жортар шынтағына дәу жастықты бүктеп, жамбастап жатыр. Төрдегі қымбат жиһаздың үстінен сыныптасымның суреті жымия қарап тұр. Жалпы, Сананы ақылына көркі сай тамаша қыз дедім ғой. Жібектей мінезі ше! Менің суретке ойлана қарап қалғаным әлденені есіне түсірді ме Жортар:

— Сана хабарласты ма, — деді әйеліне.

— Бағана сөйлестім. Ол жақта қазір түн дейді.

Сана шет елге кеткен болды. Ол жақта түн дегеніне қарағанда тым алыс ел болды-ау. Екеуміз сабақтан қайтып келе жатқанда «әкем, биыл шет елге барып оқисың деп жүр» деп мұңаюшы еді.

— Жат жұрттың аты жат жұрт қой, осы бастан ауа райы мен мәдениетіне бойын үйрете берсін, күздіңгүні оқуы басталғанда өзіне оңайлау болады. Мені сұраса әкең осылай деп сәлем айтып жатыр дерсің.

«Қош, Сана! Күн мен ай сияқты екеуміздің тағдырымыз да ешқашан қосылуға жазбаған сияқты».

Қатира жеңгем сұқ саусағындағы алтын сақинасын жарық қоңыздай жалт-жұлт еткізіп, шәй жасады. Жортар екеумізге сүт қатқан күрең шайдан құйып берді де, үрпек сарыдан:

— Саған қандай ғып құйып берейін? — деп сұрады.

Мұндай мүттәйім болар ма? Ет бауыры елжіреп отырғандай ыздиады.

Жәутеңдеген бала:

— Ақ су ғып құйып беріңіз, — деп күмілжіді.

Мен аң-таңмын. Өзім өз, көйлегім бөз болғалы, мұндай мәзірді бірінші рет естігендіктен «ақ су» деген асыл зат не екен деп мұқият қарай бастадым. Қатира самаурындағы қайнаған суды кесеге шорылдата құйды да оған ептеп сүт қосып, үрпек сарыға қарай ысыра салды. Жортардың жиеніне беретін «фирмалық» дәмі осы екен. Әйелінің қара шайдан үнем айырған адам шошырлық қылығын көрсе де көрмеген болып отыр. ЬІстық күлшеге жәутеңдеп қарай берген үрпек сарыға «наннан ал» деп те айтқан жоқ. Жалғыз отырғандай өзі опырып жатыр.

Өлік шығарғандай тұнжырап қалған отбасында бұдан ары дәтім шыдап отыра алмай, кілтті алдым да далаға шықтым. Үрпек сары да артымнан ілесті. Сыртқа шыққан соң үйдің қабырғасына сүйеулі тұрған қапты арқасына салды. Жортардың буылтық-буылтық қарынына ұқсаған қап үрпек сары қозғалаған сайын сықыр-сықыр етеді.

— Атың кім?

— Азат.

— Қаптағы не?



— Бөтелке ғой.

— Оны қайда апарасың?

— Базарға.

— Ауыр емес пе?

— Үйрендік қой.

Азаттың басындағы аянышты жағдайға тап бір өзім кінәлідей кеудем ашып, жалт бұрыла беріп ем, бала иығын жаншыған ауыр қапты сықыр еткізіп бір көтеріп қойды да:

— Аға, - деді.

— О, не қалқам?

— Сіз хат жаза аласыз ба?

— Әрине, оны неге сұрадың?

— Мамама хат жаздырып алайын деп ем.

— Өзің жаза алмайсың ба?

— Мен әлі оқуға барған жоқпын ғой.

— Жасың нешеде?

— Тоғызда...

Жүрегім ине шаншып алғандай шым ете түсті. Жұлым-жұлым дермантиннің астынан жылтырып саусақтары көрініп тұр. Арзанқол аяқ киімнің тысы іріп кетіпті. Арқалығы мен өңірі оңып, шіри бастаған жейдені де жөндемді деуге ауыз бармайды. — Мен жұмыс істейтін жерді білесің бе?

— Тінәлі сізді көлік жуатын жердің бастығы деген.

— Қайдағы бастық, жазғы демалыстағы ермек қой әшейін...

— Сурет те саласыз ба?

— Суретті Нұртуған нағашыма салдырамыз.

— Рахмет аға, менде мамамның суреті бар. Бірақ жыртылып қалған. Соны қайта салдырып алсам деп ем...

Жандүниемде Жортарға деген бір «қызғылтым төңкеріс» бас көтере бастағандай.


★★ ★
Біздің шаңырақтағы екінші тұлға — шешем. Ақша өткізген сайын Жортар: «Шіркін, Жібек жеңешемнің бал татыған қымызы болса, арақ-шарап деген бәлені татып алмас едім» деп, қақсай берген соң бір литр қымызбен үнін өшірейін деп үйге келсем, анам орамалының ұшымен көзін сүртіп отыр. Жанарын жасқа шылаған тезектің түтініне ұқсамайды. «Е, жаратқан ием, балаларымның көз жасын көрсете көрме» деп қояды күбірлеп.

— Не боп қалды, апа?

— Азат кеп кетті әлгінде...

— Ол неғып жүр?

— Бал ашып бересіз бе? — дейді.

Шешемнің көңілі бос. Көзінің жасы мөлт-мөлт етіп, жанарының жиегін шық кіреукелей қалыпты.

— Тамағын жыламай ішпейтін біздің Тінәштің қасында құдды үлкен адам сияқты.

— Балды кімге аштырмақ екен?

— Анама ашып беріңізші. Мені қашан алып кетер екен? — дейді.

— Сіз не дедіңіз?

— Не деуші ем, «балам, сүйінші түсіп тұр, құдай қаласа, шешең жақында келіп қалады. Сені ойлап жүр ме, жүрегінің басы сәл күптілеу. Мынау — саған қарай түскен жол, ал мынау — алған базарлығы» дедім. Басқа не деймін?

Анамның орамалға түйіп, тығып қоятын қырық бір құмалағын анда-санда сандығынан шығарып, ел-жұрттың аман-есендігі үшін бал ашатын ермегі бартын. Бірақ мұсылмандық жолға түскен Нұртуған нағашымның Алла-Тағалаға серік қосуға болмайды, бал ашу, құмар ойнау — қасиетті Құранмен зиянға шығарылған деген тәпсірін айтып келгелі бері бұл ермегін қойып кеткен. Шешесінің осы құпиясын аузы жеңіл Тінәш үрпек сары досына айтып қойған сияқты.

Атам үйге шариғаттың жолымен «ассалаумағалейкүм» деп кірген кезде шешем орнынан ұшып тұрды. Сосын сол қолын оң білегінің үстіне қойып, сәл иілді де, ернін жыбырлатты. Ерні жыбырлаған кездегі «сәлеметсіз бе, қайнаға» деген үнді жапондардың ең сезімтал деген сандық диктофоны да жазып үлгере алмас. Менің ұғымымда мұндай үн зерделі адамның санасына өзінен өзі жазылуға тиіс. Далиған даламыз бен ғажайып тау-тасымызды армансыз аралап жүрген еуропалықтардың тамсанып, бас шұлғи беретіні де халқымыздың осы бір қайталанбас қасиетінде ғой деймін.

— Көп жаса келін, мал-жан аман ба?

— Шүкір.

Төрде жамбастап жатқан әкем белін ұстап, орнынан созалаңдай көтерілді.

— Төрлетіңіз, ақсақал.

Шешем дастарқандағы нан мен қанттан тұрған жұпынылау мәзірді жаңалап, құрт, ірімшік, сары май, қымызбен жайнатып жіберді.

— Ім, шәй ішіп жатырмыз деңдер.

— Шәйдан басқа жүрек жалғайтын не қалды?

Әкем лекіте күлмек болып еді, бірақ сөзі ақиқаттың ауылынан қиястау қонып, өмірден қорлық көрген адамның рөлі онша сәтті шықпады. Қайта қайсар қарттың алдында айыпты баладай қарадай бүгежектеп қалды. — Сен өйдеп күпірлік жасама. Айналаңда ана шелектегі қара суды тыныштықпен ішуге зар боп отырған жұрттар да бар. Құдай не ішіп, не жесек те елдің амандығын берсін. Дүниенің ыпыны жаман боп барады. «Аузы аққа тигенде, мұрны қанады» демекші, өз қолымыз өз аузымызға енді жетті ме дегенде, қайдағы бір алаңғасарлардың көкпарына түсіп кетпесек жарады.

Ыстыбай атамның уәлі сөзіне үнсіз бас изеген әкем Ирактағы гүрс-гүрс еткен бомбалардың үні үйдің іргесінен естілгендей тұнжырап отырып қалды. Атамның «өз қолымыз өз аузымызға енді жетті ме» деп отырғаны — тәуелсіздік. Бірақ «тәуелсіздік» де- ген сөзді партия серкелері екпіндете айтқанда мұндай әсерлі шықпаушы еді. Ал атам айтқанда ол дегеніңіздің мағынасы Тәңіртаудай асқақтап кетеді екен.


★★ ★
Атам «тыныштықпен қара су ішу» турасындағы ғақлиясын доғарып, енді шаруаға ғана түсінікті тақырыпқа ауысты.

— Пиязың не дейді?

— Не деуші еді? «Су керек» дейді. «Селитра керек» дейді. Арам шөбі анау, бүгін отасаң, ертеңіне Нұртуғанның жақ жүніндей үрпиіп тұрған. Адамды қоңыз қылып жіберетін тірлік екен.

— Кәрісің қалай?

— Орлик пе? Оны пияз егуге бола туған ба деп қалдым. Мұндай бейнетқор адамды көрмедім. Балашағасымен бірге азаннан кешке дейін бүкшеңдейді де жүреді. Арық-атыздың қасындағы алақандай жерге қызанақ пен қияр егіп, қарық болып жатыр. Біз болсақ мынау белімізді көтере алмай, ыңқылдап әрең отырмыз.

— Үлгің қасыңда екен. Не деп жұбатам. Менің келген шаруам басқа. Жақында жиналыс болады. Даладағы адамсың ғой, естімей қалдым демесін деп, әдейі келдім. — Депутаттықтан дәмелілер тағы да миымызды ашытады десеңізші. Неғылған бітпейтін жиналыс бұл?

— Жә, Жортардың кәсіпорынынан аққан шайынды арығымызды ластап жатыр. Ұзын сөздің қысқасы, бұл шенеуніктерге емес, өзімізге керек жиналыс.

— һым, һым...

Әкем жөткірініп, үндемей қалды. Ал керек болса. Ыстыбай атам да Жортардың жауы болып шықты. Дүние не болып барады өзі? Екі адам бас қосса, Жортардың атын естисің. Ол не жазды сонша? Әлде бар айыбы пысықтығы ма? Кісіні дүниені жақсы көреді екен деп те кінәлауға бола ма. Өзі айтпақшы, бас дәрігерге де тамақ керек. Ол болса бас дәрігер ғана емес, білдей депутат. Үбірлі-шүбірлі отбасы бар. Солардың ішім-жемі үшін артықтау ақша тапса айып па? Бірақ іші тарлар іскерлігін бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалатын жүліктікке балайды.

Мынау жұмыртқадан жүн қырыққан пайдакүнем заманда Нұртуған сияқты қоңырқай өмір сүрем деу не жатып ішер жалқаудың, не көк ми ақымақтың ісі. Ерінсең есем кетті дей бер. Сен мінетін тұлпарды басқа біреу мінеді, сен ішетін қымызды басқа біреу ішеді. Тағысын тағылар... Нұртуған нағашым сияқтылар Жортар екеумізді қажай бергенше мәселенің осындай экономикалық жағын да ойлап қоймай ма бір мезгіл? Атам айтпақшы, айнала атыс-шабыс, кісі өлімі. Төгілген қан, сөгілген қабырға. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі». Қазір екі мықтының ортасында бейшара болып қалмауды ойлайтын заман. Әні, Саддам Хусейнді ұстап алып, дарға асты да тастады. Сол кезінде бір елді тітіреткен билеуші болған. Жұрт соны қалай дарға асқанын боксшылардың өнерін тамашалағандай тамсанып айтып жүрді. Бұл не сонда? Өркениеттің шырқау шыңына жеткені ме? Әлде тағылық та сән сияқты бет-аузын опалап оқтын-оқтын қайталанып тұра ма? Дүние не боп барады өзі?


★★ ★

Жортардың өмір туралы өз тұжырымы бар. Кешке дейін тапқан-таянған тиын-тебенімді апарып, есеп берген сайын хал-жағдайымды сұрайды. Ізетіне найза бойламайды сабаздың.

— Мынаң қара, — дейді сосын ол үстелінің үстіндегі күнтізбекті парақтап, — мына жерде аспандағы Күннің қай уақытта шығып, қай уақытта бататыны жазылған. Миллиондаған жылдан бері 365 күннің пешенесіне жазылған бұл тәртіп бұзылған емес. Бұл — табиғаттың заңы. Күн осы тәртіп арқылы жер бетіндегі барша тіршілікті керек-жарақпен қамтамасыз етеді...

Жортардың «керек-жарақ» дегеніне күлкім келеді. Бірақ ұйып тыңдаған болып отыра берем.

— Міне, осы тәртіп бұзылған күні дүние қараң болады. Сол сияқты біздің мекемедегі тәртіп те бұзылмауы керек. Әйтпесе онсыз да жаны күйзеліп жүрген бейшаралардың тыныштығын сақтай алмаймыз. Әзірге құдайға шүкір, тыныштық бар. Қарашы ауламыз қандай тап-таза...

Есіме Домбыра түсті. Оның «күйін» аузының суы құрып айтып берген Нұртуғанның сопайған басы мен шоқшиған сақалы да бір шеттен қылаң берді. «Айтсам ба екен?».

— Иә, сандырақтағандарына қарамастан ауланы тап-таза етіп сыпырып қояды әйтеуір, — дедім мен екі ұштылау ғып. — Тәртіп те бар. Сіз алдағы сайлауда тағы депутат болып кетсеңіз хал-жағдайымыз бұдан да жақсы болатын шығар.

— Депутаттар да адамның баласы. Олардың да тамағы бар. Бірақ, айтпады деме, тәріп болмаса дүние тас-талқан болады.

— Ауруларды дауыс беруге апарасыз ба?

— Жартысын ғана. Қалғандары саяси дұрыс баға беруге қабілетсіз. Әсіресе, анау Домбыра, Орынтақ сияқтыларға абай болу керек. Әңгімесі жаратылыстанудан басталып саясатты сүзгілеп барып аяқталған Жортардан не жамандық байқадыңыз? Өз басым түк те сезген жоқпын. Ел үшін етігімен су кешкен Едігелер осындай-ақ болсын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет