Бір уыс топырақ
Әкемнің сүйегін үйден алып шығарда анам шыңғырып, беті кілеммен жабылған мәйітті құшақтап қатты жылады. «Мейірқұл-ау, жалғыз шыбынынды кімге тастап кетіп барасың...» деп дауыс салғанда қабырғасы қайыспаған кемпір-шал қалмаған шығар.
Әкемнің қазасына көңіл айтуға адамдар көп жиналды. Үйдің жанына, бұл кезде орталыққа көшіп келгенбіз, неше түрлі машиналар толып кетті. Бәрінің аузында әкемнің істеген жақсылығы: «адал еді» дейді, «ақкөңіл еді» дейді, «мәрт еді...» дейді.
Бір аяғын тізеден төмен соғысқа беріп келген Берден молда: «Құдай тағала да адал пендесін жақсы көреді. Жақсы адам о дүниеге де керек» дейді де, әкемді жоқтап, қоймай қойған анамның өксігін басып, тоқтату үшін қырағыттап құран оқиды: «Ағзу-бил-л- лаһи...»
...Әкемнің сүйегі салынған машинаның қорабына «баласынан да бір уыс топырақ бұйырсын» деп мені де мінгізіп алды. Анам аңырап есіктің аузында қала берді. Орамалы желкесіне түсіп, қалың қара шашы жайылып кеткен. Екі қолтығынан ұстап, сүйемелдеп тұрған кемпірлер болмаса құлап түседі-ау...
Әкемді ауылдың шетіндегі төбенің басына құран оқып, арулап қойды. Мен әкемнің ақ кебінге оралған мәйітін көрге түсіріп жатқан кісі: «Баласы қайда, шақырсаңдаршы, бір уыс топырақ әперсін», — деген кезде жақындап көрдім, төрт бұрышты етіп қазған көрдің құбыла жағынан тағы да ойып, тереңдетіп қазады екен. Мұны «үй» немесе «лақат» дейтін көрінеді.
Қолымдағы дымқыл топырақты көрдің ішіндегі адам уыстап алар-алмастан мені бір қарулы қол артқа қарай қаңбақша жұлып, көтеріп әкетті де, бір топ адамдар әкемді жатқызған әлгі аузы кішкентай қуыс боп қалған лақатты кірпішпен бекітіп, топырақпен тез-тез көме бастады. Көрді көміп жатқан күректерін бір-біріне ұсынбайды, жерге топырақтың үстіне тастай салады. Оны кезек күтіп түрған екіншісі алады. Ырым ғой...
Көп ұзамай ауыл шетіндегі төбедегі Әміре атамның төру құлақты сағанасының жанында топырағы әлі кеуіп үлгермеген менің әкемнің қабірі қарауытып жатты.
7.Зырлап келе жатыр едім...
Велосипедіммен төбеден төмен қарай зырлап келе жатыр едім... бір шетімнен машина шыға келді. Ол тоқтап үлгермеді, мен машинаның астынан бірақ шықтым. Одан арғысы есімде жоқ. Көзімді ашсам ауруханада жатыр екем, басымды, аяғымды таңып тас- тапты...
Әкем қайтыс болғаннан кейін тұрмыстың бар тауқыметі анамның мойнына түсті де мен ұзақты күнге үйде жалғыз қалатын болдым. Сосын ермек етіп, ойнап жүрсін деді ме, анам маған үш дөңгелекті велосипед сатып әпереді. Велосипед болғанда, керемет енді! Артқы дөңгелектерін қозғайтын шынжыры, ортасында аяқ қоятын басқышы бар мұндай велосипед бұл ауылда некен-саяқ еді.
Балалардың бәрі менің соңымда. Қызығады. Айдағысы келеді. Көңілім түскенде ішіндегі өзім тәуір көретін Нұрқанат, Ербол сияқты балаларға кішкене беріп, тепкізіп алатынмын. Нұрқанаттың шешесі Нұрғаным мұнымды жақтырмайды. — «Өзі де жұмыс істемейді, өзге балаларға да, жұмыс істеткізбейді», — деп Жарқынай апайға пыш-пыштап жатқаны.
«Әлден баласының айтқанын істейді. Ертең мәшине әпер десе қайтер екен» деп оған Жарқынай апа қосылады.
Міне, сол велосипедті көзге күйік қыла бермей көрші ауылдан келген бір мас жүргізуші машинасымен мыжып өте шықты, ал мен алыстағы ауруханадан бір-ақ шықтым.
8.Көзімді ашсам көретінім көк аспан...
Көзімді ашсам терезеден көретінім-көк аспан, ақша бұлт, одан кейін... өрмекші. Ол мен жатқан палатаның төбесіндегі бұрышқа, лүп еткен самал болса үзіліп кетердей боп дір-дір етіп тұрған өзінің торын мекен етеді. Мен оның аяқтары арбиған кішкентай тұрқына күнұзақ қараймын да жатамын. Салбырап, төмен түссе екен деймін. «Егер төбеден өрмекші түссе үйге қонақ келеді» дейтін анам Мырзабек баздағы жападан-жалғыз үйде тұрған кезімізде.
Бір жолы, шынында да үйге өрмекші түскен күні, қолында тор дорбаға салып алған алмасы бар бір ағай екі кештің арасында жылмаң етіп кіріп келеді. Мен төргі бөлмеде әкемнің тізесіне шығып, еркелеп ойнап отырғанмын.
— О, үйге қонақ келді, — деп қуанғанымнан алдынан жүгіріп шықтым.
Сөйтсем әлгі ағай әкемнің Шымкенттегі нағашысының баласы екен. Айтуына қарағанда мәшине алған, оның үстіне үй соғып жатыр... Соған көмек керек. Әрине, менің мұндай шаруамен ісім жоқ, алдымдағы алқызыл алмамен әуремін.
Ертесіне әкем нағашысының баласына бір жылқысын сатып ақша ғып берді де, жолға аттандырып салды. Мұның бәрін мен кейін анамнан естідім ғой, әйтпесе қайдан білемін. — Сөйткен нағашылары кейін әкеңнің қазасына келіп, бізге көңіл айтуға да жарамады, — деп күрсініп отырар еді анам.
Бауырына ораған жібін аяғандай өрмекші түспей қойды. Кейде бір жаққа жолға шығуға бел буғандай төмен қарай жылдам-жылдам салбырап түсе бастайтыны бар. Бірақ әлденеге ойланғандай кенет салбыраған күйі тоқтап қалады да, ұясында бірдеңесі ұмыт қалғандай жоғары қарай қайтадан өрмелейді. Мен қараймын да жатамын. Әттең қол созым жерге жетсе ғой. «Егер өрмекшінің төмен салбырап түсіп келе жатқанын көрсең жібін үзіп жібер, сонда сағынып күтіп жүрген адамың келеді» дейтін анам. Ал менің сағынып, сарғайып күткен адамым сол шешейнің өзі...
Анам алғашқы кезде, онда мен дене жарақаттарын алып түскендерді емдейтін ауруханада едім, араға ай аралатып келіп түратын. Тәтті тоқаш, май, қүрт, кәмпит әкелетін. Екеуміз, ол менің төсегімнің аяқ жағына отырып алады, күңкілдесіп ұзақ әңгі- мелесетінбіз. «Әкеннің басына құлпытас орнатып, құран оқыттым...» дейді. «Нұрқанат, Ербол достарың шапқылап ойнап жүр...» дейді. «Ауылдақазір жан бағу қиын боп кетті»...дейді. Не айтса дамен үшін маңызды, мен үшін қызық. Қолынан ұстап жатамын, айта берсе екен деймін. Бір кезде менің жағдайыма ауысады. «Ұзақ жатқызды ғой...» дейді. «Аяғың жүруге жарады ма?...» дейді. «Қабырғаң қозғалғанда ауырмай ма?.. дейді» дейді. Сосын мені машинасымен қағып кеткен мас шопырды қарғайды: «Жүрімің қысқарғыр, жүр әлі көшені шаңдатып... Ондайларды құдай да, жау да алмайды...» деп.
Кейін анам, сырын соңыра білдім ғой, келмей кетті.
Мен мұны өзімді басқа ауруханаға ауыстырып жібергенінен көріп жүргенмін, «үлкен қалада адасып, таппай жүрген шығар» деп. Сөйтсем... анам ылғи келеді екен, бірақ дәрігерлер кіргізбей, бетін қайтарып жібереді екен ғой... Ал мен жүруге жараған аяғымды көрсетіп, секіріп ойнап бір мәз қылайын деп жүрсем.
9.Бір күні мұңайып отырсам...
Дәрігер келіп: «Мейірқұлов, жүр бері» деді. Осының алдында ғана «тексеру болады, палаталарды тазалаймыз» деп әлекедей жалаңдаған тазалыққа қарайтын апайлар өңкей ауруларды далаға қуып шыққан. Менің жүрегім әлденеге қобалжығандай болды. Өрмекшіме қарағам, ол болса қапелімде торына «тұтқынға» түсіп қалған шыбынмен әуре боп жатыр екен. Апайлар «палатаны тазалаймыз» деген сайын осы өрмекшінің ұясын бұзып тастар ма екен? деп зәрем қалмайтын. Ішім бірдеңені сезіпті... Даладан қайтып келсем бұрыш тап-таза-менің өрмекшім де, ұясы да жоқ...
Жылап жібердім. «Енді анам мүлде келмейтін болды» деп жорығам. Осы кезде ғой дәрігердің «Мейірқұлов, жүр бері» деп зекігені. Соңынан ілестім. Бас дәрігердің бөлмесіне кірсем... міне ғажап, анам отыр! Жылап көрістік. Анам ауыз-басымнан түк қоймай шөпілдетіп сүйіп жатыр, сүйіп жатыр... Менің ішіме симай жүрген сағынышым көзімнен жас боп төгіліп жатыр, төгіліп жатыр...
Мені ауруханадан шығаратын болды. Бірақ оган қуанып жүрген анам жоқ. Әлсін-әлсін басымды кеудесіне басып, көзінің жасын орамалымен сүрте береді. «О, құдайым-ай, не жаздық саған!» дейді. «Сап- сау балама қан құямыз деп ауру ғып берді ғой» деп дәрігерлерді қарғайды. Ауылдағы дәрігерге берілген жолдама қағазға қарайды да тағы жылайды.
Анам ауылға келгеннен кейін мені үйден көп шығармайтын болды. Анда-санда орталықтағы дәрігерге апарады. Маған дәрігер қыз мені көрген сайын «селк» ете қалатын сияқты болып көрінеді. Бір түрлі құтылғанша асыға ма, қалай... Мені бөлмеден шығарып жіберіп, анамды оңаша алып қалады да ақыл айтып құлағын сарсытады. Бір жолы: «Өзіне жеке ыдыс-аяқ беріңіз. Ауылдың балаларына қоспаңыз» деп жатқанын естіп қалдым. «Ол... тек қан арқылы жұғады ғой» дейді анам жыламсырап. «Бізге енді жетпегені қан арқылы жұгу еді» дейді қыз зіркілдеп. Не керек, анам мені дәрігерге әкелген ғұрлы оның қабылдауынан екі көзі қып-қызыл боп, жылап шығады. Бұл құпия әңгіменің астарында не бүгулі жатқаны менің санама да біртіңдеп ұялай бастаған соңғы кезде.
10.Достарымды танымай қалдым
Шынымды айтсам, мен емес, олар танымады мені, танығысы да келген жоқ...
Аузы жеңіл ауылдық дәрігер арқылы маған жабысқан ауру хақында елдің бәрі құлақтанған болып шықты. Бәрі... үлкені де, кішісі де менен сырт айналатын болды. Күн сайын танауын таңқайтып анамнан «Бақытжан үйде ме?» деп сұрап, келіп тұратын Нұрқанат пен Ербол зым-зия жоғалған. Тіпті қарасы да көрінбейді. Ал егер зәуімен біздің үйдің жанымен жүре қалса тезірек өтіп кеткенше асығады. Менің «Нұрқанат!» деп шақырғаныма мойын да бұрмайды. Естімеген болады. Кейін шақыруды мен де қойдым. Түңілдім бәрінен. Мектепке, сабаққа да бармайтын болдым. Ол жақтан «келе ғой» деген де ешкім болған жоқ. Көзге шыққан сүйелдеймін. Алғашында анам:
— Бақытжан, бүгін сабағына бармаушы ма едің?- деп сұрайтын. Менің мектепке барғым келмейтінін, барғым келгеннің өзінде де бара алмайтынымды біліп тұрса да өзін — өзі алдарқатып осылай дейтін.
— Жоқ, бармаймын, — деймін мен.
— Неге?
Мен: «Анашым-ау, неге екенін білесің ғой. Оның несін сұрайсың?» дегендей жүзіне тесіле қараймын. Менен басқа жауап естігісі келіп, солай болады да деп сеніп тұрған анам осыдан кейін көрер көзге бейшара боп, ұнжырғасы түсіп кетеді. Өшін көзінің жасынан алады әйтеуір.
Бірде анам екеуміз өстіп бір-бірімізге мұңымызды шағып отырғанымызда тереземіздің әйнегі саңғыр етіп қирап түсті. Одан... екінші әйнектің күл-талқаны шықты. Еденге шышылып түскен шынылардың арасында дәу-дәу тастар жатыр...
Түсіне қойдық. Анам сыртқа, мен терезеге ұмтылдым. Қарасам, бір топ балалар сайға қарай қашып бара жатыр екен. Алдарында Нүрқанат пен Ербол қайқаңдап құйынперен ұрып барады... Балалар мен мектепке бармаған соң «көзімді жоймаққа» үйге келіпті.
Анам «бұларды үлкендер әдейі жұмсап отыр» деп, ал кеп көзінің жасына ерік берсін...
11.Өзіме өзім жаза кестім де...
Қораның ішіне кіріп асылып олмек болдым. Ол үшін бәрі дайын: бұғаулап байлаған арқан да, аяғымның астына қоятын орындық та...
Арқанның бүғауланып байланған ұшын алдым да жайлап мойныма ілдім. Жуан ғып орген арқанның қап-қатты болатынын сонда білдім, менің ырғайдай мойныма батып кетті. Буын-буыным дірілдеп, тынысым әлден-ақ тарыла бастағандай. Көзімді болар-болмас қып жұмдым. Кіреуке сәуленің арасынан алдымен анам кәрінді: текемет басуға шидің үстіне жайып қойған аппақ ақ мамық жүннің үстінде жүгіріп ойнап жүрген маған ұрсудың орнына, еркелетіп күле қарайды, әкем де жүр, ол қарагерімен көкжиектегі шабындыққа қарай сар желіп кетіп бара жатыр. Мен әкемді қуып жетіп алғым келеді. Енді кешіксем сағымға сіңіп, біржола көзден ғайып болмақшы. Әке...
Аяғымның астындағы орындықты құлата бергенімде біреу, оның анам екенін бірден білдім, артымнан келіп қапсыра құшақтай алды.
Құшақтаған күйі күйікке булығып жылап жіберді.
—Құлыным-ау, бүлнең? — дейді өксіп. — Ең болмаса мені аясаң қайтеді...
Мен де жыладым. Жылап түрып көкейіме кептелген сөзді айтып жатырмын.
—Ендінеістеймін, бізді бәрі жек көреді. Кетейікші бұл жерден. Кетейікші тез...
—Мақұл, құлыным, кетеміз. Тек сен жылама, ауырып қаласың, — дейді анам.
Біреулер сиырымыздың ішіне айыр тығып өлтіріп кеткен күні таңертен біз, анам екеуміз ешкімге айтпастан, айтқанымыз кімге керек боп жатыр, киім-кешегімізді алдық та, үй-жайымызды, бау-бақшамызды бір құдайға аманаттап ауылдан қарамызды біржола батырдық. Келіп паналаған жеріміз міне, осы ара.
Сурет сыйлай алмайтын бала немесе кейіпкеріммен қоштасу
Бақытжанның әңгімесін тындап отырып кештің батқанын байқамай қалыппын. Оның әңгімеге қызыға берілген кездегі сезіміне селкеу түсіріп алмайын деп әдемі жапырақты айналдырып қараған боп, ойланып отырған едім: бақтың іші, манағыдай емес, алакөбең тарта бастапты.
Зерек-ақ бала, амал қанша... Ойымды сезіп қойды ма дегендей Бақытжанға жалт қарасам ол анадай жердегі орындыққа тізе бүгіп, бірдеңе жазып отыр екен...
Осындағы дәрігер айтып еді: бұл ауру адам санасындағы психологиялық жарақатты жылдам қабылдайды. Сондықтан осы аурумен ауырған адамдардың айналасындағылар сақтанған күннің өзінде өзін- өзі адамгершілік тұрғыдан ұстай білуі керек. Ал, Ба- қытжанға көп қорлық көрсетіпті: бұл ол адамдардың тарапынан — мейлі дәрігерлер, мейлі ауылдастары, мейлі достары, мейлі ол мұғалімдері болсын — тағылық болып табылады. Өйткені, Бақытжанның құдайдың алдында да, адамдардың алдында да ешқандай жазығы жоқ... Бейкүнә... Өкінішке орай, біздің қоғамымыз мұны түсінетін өркениетке әлі жеткен жоқ...
— Аға!
Ойға батып кеткен екем, құлағымның түбінен шыққан дауысқа жалт қарадым. Бақытжан.
— Аға, Сіздің балаларыңыз бар ма?
— Бар, оны неге сұрадың? — Көз алдыма үшінші сыныпта оқитын қызым — Индира, бірінші сыныпқа биыл барған бір-біріне тете балаларым Досхан мен Олжас келіп тұра қалды.
- Мына суретте Алтайдың әсем табиғаты бейнеленген. Өзім салдым. Балаларыңызға алып барып беріңізші. Менен ескерткіш болсын.
Алдым. Суреттің сыртына «Бақытжан Мейірқұлов. Алтай, 199...жыл. Қыркүйек» деп жазыпты. Толқып, тебіреніп кеттім.
-Рахмет, Бақытжан! Міндетті түрде апарып беремін.
Ымырт үйіріліп, қараңғылық бояуы қоюлана бастаған.
Бақытжан мен анасы жататын емдеу орталығының шамдары да жанды.
-Ал, Бақытжан, сау боп тұр. Мен енді қайтайын. Анаң да іздеп жатқан шығар сені.
-Шығарып салайық па? Пойызыңыз қаншада?
-Жо-жоқ, керегі жоқ. Өзім-ақ... бірдеңе ғып қайтам ғой... Ал, жақсы...
Екеуміз қол алыстық. Тек қана қол алыстық... Кіп- кішкентай нәзік саусақтары менің күректей қолыма сүңгіп кетті. Алақаны жып-жылы.... Білегіндегі тамыры бүлк-бүлк етеді. Соғып тұр...
-Ал, анаңа сәлем айт!
Жалт бұрылып кетіп бара жатыр едім Бақытжан «аға» деп айқайлады. Кілт тоқтадым.
-Ау, не боп қалды?
Жүгіріп келе жатыр.
-Жаңағы суретті бере тұрыңызшы.
- Неге?
Десем де төс қалтамдағы суретті алып Бақытжанның өзіне қайтып ұсына бердім. Бақытжан анандай жердегі талдың түбіне барды да сіріңкесін жарқ еткізіп суретті жағып жіберді.
-Бақытжан-ау, мұның не? Не боп қалды?
-Ағай, кешіріңіз, керегі жоқ екен...
Анасының «Осы күні балам нені пайдаланса да жағып жіберетін болды «Неге бүйтесің?» десем, «Басқалар мен сияқты ауырып қалмасын» дейді деген сөзі ойыма сарт ете қалды....
-Ренжімеңіз... Айтпақшы қай газетте істеймін дедіңіз....Ә-ә...есіме түсті... Сіздің атыңызға хат жазып жіберемін. Күтіңіз, мақұлма...
-Мақұл, мақұл...
Мен басқа не дерімді білмей терезелерінен жарықтары жапырлаған үйдің тым-тырыс құлазыған ауласынан ұзай бердім.
★★ ★
...Бақытжан екеуміз қоштасқалы бері де арада бір жыл өтті. Менің қайтып ол жаққа жолым түспеді. «Хат жазам аға! Күтіңіз...» деп жәудіреп қалған одан әлі хабар жоқ. Хат келмеген сайын қорқам. Себебі... белгілі ғой.
Үшінші бөлім
(ертегілер)
Тәтті ертегі
«Расында Алла шіркейді, одан да зорғыны мысал келтіруден ұялмайды».
Құран Кәрім. Бақара сүресі.
(ертегі-хикаят)
«Бәрінен де өлеңді бастау қиын». Бұрынғы ақындар осылай деген. Осы хикаятты жазарда мен де қатты қиналдым. Қайда барсам да санамнан Сәруәр атай, Супер-Компьютер, Діннұр, Аусар-Алмас және Аяла кетпейді. Сәруәр атайдың Бәйтерегіне оралып, жапырақтарын жастай солдырған Шырмауық туралы қорқынышты оқиға да мазамды ала берді.
«Неге?» дейсіздер ме? Басынан бастап айтайыншы.
Былай ғой. Қүрбан айт мейрамының қарсаңы болатын. Құрбан айт мейрамының қарсаңы болған соң Лә Иллаһа Илаллаһ Мұхәммәд Расулаллаһ деген жамағаттың күндегіден таза жүруге, күндегіден жақсы киінуге, күндегіден әдемі көрінуге, күндегіден әдепті сөйлеуге, күндегіден де кешірімді болып, күндегіден де көбірек жақсылық жасауға ұмтылатыны хақ. Бұл тіркесті әлемдегі ең жақсы сөздермен кім қанша ұзартам десе де еркі. Ең бастысы, жүректеріне имандылық атты ақ ләйлек ұя салған балалар үшін бұл мейрамның шат-шадыман қуаныш екенін естен шығармасаңдар болғаны. Менің таңғалғаным, бәлкім риза болғаным шығар, Сәруәр атасы немересіне арнаған ғажайып сыйлығын, міне, Алла тағаланың осы сүйікті күндеріне орайластырып жасапты. Хикаят оқиғасы да Діннұр атты кейіпкеріміздің әлгі ғажайып сыйлықты қолына ұстаған сәтінен басталған.
Арапа күнгі алақай
-Бүгін -Арапа. Ертең мұсылмандардың ең ұлық мерекесі - Құрбан айт. Сондықтан мамаң мен әжең бауырсақ пісіріп, дастарқанды жеміс-жидек пен тәтті- пәттіге толтырып, жайнатып қойғанша екеуміз Аяланы ертіп дүкенге барып келейік, — деген Сәруәр атасы.
Әп, бәрекелді! Арапаның не екенін білетін боларсыңдар, балалар. Арапа-Алла тағала қадірлеген күн. Сондықтан мүмкін-мұсылмандар үшін ол да кішігірім мейрам. Өйткені кез-келген ұлы іс дайындықтан басталмай ма?
- Қай дүкенге?
Ата ұсынысы Діннұрға қисынсыздау көрінді. Өйткені Құрбан айт дастарқанына қажетті азық-түліктің бәрін мамасы базардан бағана әкеліп қойған.
— Қай дүкен болушы еді? Өзің айта беретін компьютерлер дүкені бар емес пе кәдімгі?
Компьютерлер дүкені мектепке баратын жолда болатын. Діннұр сабаққа бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда сол дүкенге бір соғып кетпесе әлденесін жоғалтқан адамдай көңілі алаңдай беретінді шығарған. Алаңдай беретіні, дүкен сөрелеріндегі сан алуан компьютерлерге қызығады. Олар да бір пәлекет, түр-түрге бөлініп, көздің жауын алады. Кереметтерін қарапайым тілмен айтып жеткізу мүлде мүмкін емес. Үлкені дейсіз бе, кішісі дейсіз бе, үйде тұратыны дейсіз бе, сөмкеге салып алып жүретіні дейсіз бе, әйтеуір, өте көп. Жақында, тіпті, сатушылар... сөйлейтініне дейін әкеліпті деп естіген. Ондай ғажаптарға Діннұр қалай қарамай, қалай тамсанбай, қалай сүйсінбей өтсін енді?!
-Ата, компьютерді сіз де жақсы көресіз бе?
-Жақсыны кім жек көрсін. Заманға керек дүние, адамға да керек, балам. Сол адамдардың бірі сенің атаң емес пе?
-Бірақ сіз оның тілін білмейсіз ғой?
-Білмесем, үйретпеймісің.
Немересінің дүкен сөрелеріндеғі компьютерлерге қызығып қарағыштай беретінін, бірақ онысын сыпайылықпен білдірмеуге тырысатынын Сәруәр атаның жүрегі сезетін. Бірақ «сыпайы екен» деп баланың төзімін қашанға дейін тауыса бермек.
-Сонда үйге компьютер сатып аламыз ба?
Діннұр бүл сөзді де тәрбиелі балаларға тән тағылыммен әуездете айтты. Әйтпесе «Маған компьютер сатып әпересіз бе?» деп тақ ете қалар еді ғой. «Мен» меи «маған» — тек қана өзімшіл балаларға ғана тән қылық екенін атасының тәрибесі санасына құйып қойған. Сондықтан көпше түрде айтқаны дұрыс болды. Үйіне сатып алса да өзінікі болмай ма.
-Саған сатып әперем, Діннұр, саған.
-Ататайым менің!
Діннұр қуанғаны сонша атасын құшақтай алды.
-Алақай!
Бұл -Діннұрдың кішкентай ғана қарындасы Аяланың үні болатын. Атасының арапа күнгі сыйлығына ол да мәз.
Супер-компьютер
-Айналайын, сатушы қызым, мына немерелеріме ең жақсы деген компьютеріңді көрсетші.
-Біздегінің бәрі жақсы компьютер, ата.
-Жоқ, бәрінің бірдей жақсы болуы мүмкін емес. Мысалы, менің құрдастарымның бәрі де өздерін жақсымыз дейді. Бірақ сөйлеп кетсе шешен емес, ойлап кетсе көсем емес, жиын-тойда жөн- жосықсыз айқайлайтындары әнші де емес. Жаза бастаса сауатының да шамалы екендері білініп қалады. Сондықтан бұлардың ішінде де ерекше құбылысқа ие данышпаны болуы әбден мүмкін емес пе?
-Сонда сізге қандай компьютер керек, ата? Шешені ме, көсемі ме, сүлейі ме, сауаттысы ма?
-Бізге ме? Қалай десем екен, бізге өзі шешен, өзі көсем, өзі дана, өзі бала дегендей барлық жақсы қасиеттерді бір бойына жинаған ғажайып компьютер керек.
-Олай болса, мына ноутбукты алыңыздар? Бұл нағыз Супер-Компьютер!
-Супер-Компьютер дейсің бе?
-Иә, бұл тіпті сөйлей де, ойлай да біледі.
-О, шебер құдай! Олай болса бүл ғажайып дүниені ешкімнің көзіне түспей тұрғанда біз сатып алайық. Қане, қорапшасына тез салып бере ғой.
«Балдәурен» кафесінде
Дүкеннен қайтар жолда Сәруәр атай мәшинесін «Балдәурен» кафесінің қасына тоқтатты.
-Жүріңдер, шол басып алайық.
-Балмұздақ жейміз бе?
-Супер-Компьютерлеріңнің құрметіне балмұздақ та жейміз, шырын да ішеміз, қажет деп тапсаңдар торттан да дәм татамыз.
-Алақай, мен пирог жеймін. Сен ше, Діннұр?
Шынын айтса Діннұрдың қазіргі ойы ноутбукті тез тоққа жалғап, қызығына бату болатын.
-Маған бір құты шырын болса жетеді. Ата, айтпақшы, кафеге ноутбугымды, ой, кешіріңіз, ноутбугымызды ала кірейікші.
— Е-е, алып кіре ғой, айналайын. Оның қызығын сен көрмегенде кім көреді енді. Ол бүгіннен бастап сенің жан досың болады.
Діннұр ноутбукты столдың үстіне қойып электр желісіне қосқаны сол еді, шынында ғажап дүние екен, бірден сөйлей жөнелді. — Сәруәр ата, сәлеметсіз бе? Мен сіздің мәшинеңіздің неге ұқсайтынын білемін?
Ә дегенде сыңғырлаган дауыстың иесі Аяла деп ойлап қалған Сәруәр атай оның жаңа ғана немерелеріне сатып әперген ноутбуктен шығып жатқанын білгенде қайран қалды.
-Сәлемет бол, айналайын. Оу, сен өзің таныспай жатып менің атымды да біліп алғанбысың?
-Бізді о баста солай үйреткен, ата.
-Қарай гөр өзін, сонда неге ұқсайды деп ойлайсың атаңның кішкентай ғана мәшинесін?
-Қоңызға.
-Қоңызға, ха-ха-ха, қалай дәл таптың бұл мәшиненің дақап аты шынында «Қоңыз» деп аталады. Немістердің үлгісі ғой баяғы. Мен бұл «тұлпармен» сонау Мекке-Мединеге де барып келгем әуелі.
-Қажылығыңыз қабыл болсын, ата! Сіз ақынсыз ғой, мәшинеңіз туралы тақпақ шығара аласыз ба?
-Астапыралла! Өлеңге әуес екенімді қайдан біліп қойдың?
-Бағана сатушыға айтқан сөзіңіз тек қана ақындардың жүрегінен шығып, тілінен туады.
-Ойпырай, ә. О жағы ойыма да келмепті. Сонда мәшине туралы тақпақ не үшін керек?
-Қызықсыз, тақпақты «Не үшін керек?» деп сұрай ма екен?
-Рас-ау.
Супер-Компьютер өз дегенін мақұлдата білгеніне қуанып кетті.
-Олай болса, Сәруәр ата, екеуміз бірігіп бір тақпақ шығарып көрейік. Алғашқы екі жолын мен айтайын.
-Айтып жіберші, қане.
-Айтсам, былай:
Дабылы бар «Гук» дейтін,
Мәшине бар «Жук» дейтін.
Сәруәр атай енді жүрегін ұстап, шынымен таңғалды. Сосын Супер-Компьютердің тапқырлығына мәз болып, көзінен жасы аққанша күліп алды.
- Бәлі, сен Супер-Компьютер десе Супер-Компьютер екенсің-ау өзі. Қуақылығың да бар сияқты. Тақпағыңды қалай жалғасам екен. Қап, әттегене-ай, қапелімде ойыма ештеңенің оралмауын қарашы. Ә-ә, бәрекелді, бірдеңе ұйқасқан сияқты. Таптым:
Қорсылдайтын Доңыз ғой,
«Жук» дегенің Қоңыз ғой.
Аяла болса Сәруәр атасы мен Супер-Компьютерге кезек-кезек қарап:
-Қай Қоңыз? - деген.
Супер-Компьютер мүдірмеді.
Қиялдағы Күймедей,
Қоңыз ше, әлгі Түймедей.
Гүлден үстап алатын,
Сәбилер әнге салатын.
Кезек Сәруәр атайға тағы келіп қалған. Ата сәл абдырап қалды да, іле-шала:
Қызыл моншак, тәрізді,
Өрнегі бар әрі ізгі,
Қоңыз ғой ол кәдімгі, — деп салды.
Шынында әп-сәтте бір тақпақ аяқталып, соңына нүкте қойылған сияқты. Діннұрдың есіне жазда ауылға барғаны түсті. Сонда нағашысы аң аулауға ауыл сыртына алып шыққан. Нағашысының баласы Аусар-Алмас та аңшы әкесі сияқты пысық. Алға ұзап кеткен Алғыр атты тазының қимылын өткір жанары қалт жібермейді. Бір кезде Аусар-Алмас гүлдің жапырағынан қара ноқаттары бар Қызыл Қоңызды ұстап алды да алақанына салып:
«Ел қайда? Су қайда?» — деп, әндете бастады. Қаттылау келген қызыл қабығында қара ноқаттары бар Қоңыз да қайсар екен, Аусар-Алмастың алақанының ортасындағы шұңқырдан өрмелеп жоғары көтерілді де қызғылт түсті нәзік қанатын қағып, ұша жөнелді. Бірден аспанға көтеріліп, содан кейін шығысты бетке алған.
— Көрдің бе, — деген, — Аусар-Алмас сонда білгіштігіне риза болғандай маңғазсынып, — шығыс жаққа қарай бет алды. Ол жақта не бар екенін білесің бе?
— Жоқ.
— Ол жақта Есіл өзені бар. Ал Есіл өзенінің жағасында елордамыз Астана... деген ғажайып қала бар.
«Астана» деген кезде күмілжіп қалған Аусар- Алмастың үнінен өкініш табы сияқты бірдеңе байқалды. Оны Діннұрдың сезімтал жүрегі қалт жібермеді.
— Неге күмілжіп қалдың? Астана сенің де қалаң емес пе?!.
— Менің де қалам, бірақ... астаналық балаларға бір табан жақын емес пе.
— Астаналық болу әркімнің өз қолында. Ол сенің де қолыңнан келеді.
— Үлкен жігіт болғанда ма?
— Әрине. Айтпақшы, сен Қызыл Қоңызды қолыңа алғанда: «Ел қайда? Су қайда? » деп не үшін әндеттің?
— Елорданың қайда екенін біле ме, білмей ме дегенім ғой.
— Ал атын не дейді?
— Атын ба? Оның атын біздің ауылдың балалары «Ел қайда? Су қайда?» деп атайды.
Діннұр күліп жіберді.
— Ал қаланың балалары бұл Қоңызды сендер құсап гүлден ұстап алса:
Божья коровка, улети на небко:
Там твои детки кушают конфетки —
Всем по одной,
А тебе ни одной, —деп әндетеді. Сол кезде «Құдайдың сиыры» атанған әлгі Қызыл Қоңыз аспанға қарай ұша жөнеледі. Балалар болса: «Әне, көрдіңдер ме, ол бәрін түсінеді» деп мәз болады.
— Дәл келмегенімен, біздің ауылдың балаларының өлеңіне ұқсас екен.
— Дұрыс айтасың, өйткені ол барлық балалардың досы.
— Олай болса бұл тегін Қоңыз болмады.
Міне, Супер-Компьютер бастап, Сәруәр атасы қостап табан астында туған өлеңнен соң Діннұрдың көз алдына осы оқиға келіп тұра қалган. Супер- Компьютер де әңгімесін Қызыл Қоңыздан бастады. Кездейсоқтық деуте келмейтін сияқты. Бұл Қоңызды бекерден бекер «Құдайдың сиыры» демесе керек. Аңыз не дер екен? Бәлкім, Сәруәр атасы бірдеңе білетін шығар. Әлде Супер-Компьютерден сұраса ма? Иә, ол бәрін білуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |