Куратордың қызметіне әлеуметтанулық көзқарас



Дата22.08.2017
өлшемі108,25 Kb.
#24403
УДК 37.013.42
Куратордың қызметіне әлеуметтанулық көзқарас
Тулентаев М.С., аға оқытушы,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

фармацевтикалық академиясы

Азиев Т., оқытушы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

фармацевтикалық академиясы

Шымкент қаласы
Тәрбие сферасы мемлекеттің білім беру саясатының басым бағдары болып табылады. Жоғары оқу орындарында жастар тұлғасының қалыптасуы академиялық оқу топтарында тәрбие жұмысының тиімді жүйесінсіз жүзеге асуы мүмкін емес. Осыған байланысты кураторлар институтының іс-әрекеті өте маңызды болып табылады, оның басты міндеттері – әрбір студентке жоо өміріне тез, әрі жеңіл бейімделуге жағымды жағдайлар жасау, сабақтар мен емтихандарға дайындықты ұйымдастыру, яғни жеке уақытын неғұрлым тиімді жоспарлау, топта психологиялық тосқауылдарды жеңе білуге үйрету, ұйымдасқан және ынтымақтасқан ұжым қалыптастыруға көмектесу. Куратордың тәрбиелік ықпалы жалпыадамзаттық құндылықтарды бекітуге бақытталуы аса маңызды.

Куратор – кәсіби рөл, яғни жоғары оқу орны оқытушысының кәсіби қызметтерін құрастырушы. Әрине, студент тұлғасы – мектеп оқушысына қарағанда әлдеқайда мықты жүйе, дегенменде, студентті тұлғалық қасиеттердің барлық түрлерін бойына берік меңдеткен жеке адам ретінде қабылдауға болмайды, өйткені оның психологиялық және әлеуметтік дамуы әлі де жалғасуда. Э. Эриксонның теориясы бойынша адам өз өмірінде сегіз жасты басынан өткізеді, ал студенттік кезең осы теорияға сәйкес жасөспірімдік және жастық деп аталатын (11-21) бесінші жасқа келеді. Бұл жастағы әлеуметтік теңдесуді (идентичность) Эриксон – сасқалақтау, рөлдерді шатастыру («адалдық») деп сипаттаған [1]. Ал бүгінде студенттер контингентінің басым көпшілігін 17-21 жас аралығындағы жастар құрайтыны белгілі.

Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында куратор жұмысына скептикалық көзқарас, оған жоғары деңгейде формальді қатынас, тіпті оның қажеттілігін терістеу сияқты құбылыстар кең тарап отыр. Бұның көптеген субъективті және объективті себептері жеткілікті. Бұл себептерді атап өтпес бұрын «Студенттік академиялық топқа куратор қажет пе?» деген сұраққа жауапты 2004 жылы Шымкент қаласының «Отрар» университетінің 550 студенттері арасында жүргізілген анкеталық сауалнама нәтижелерінен байқауға болады. Зерттеудің нәтижесі бойынша сұрақталғандардың 82 пайызы студент топтарына куратордың қажеттігін жариялады.

Кураторлық жұмысқа әртүрлі салқын көзқарастардың себебіне оралатын болсақ, ең алдымен, қазіргі жағдайдағы оқытушылардың көпшілігінің психологиялық жағынан да, кәсіптілігі жағынан да студенттермен тәрбие жұмысын сапалы да тиімді өткізуге дайын еместігінен, апатиялық мінез-құлық, бәсеңдік көрсететуінен, жастардың сана-сезіміне жағымды ықпал ете алу қасиеттерінің болмауын атап өтеміз. Сонымен қатар, төмен жалақы салдарынан оқытушылардың бірнеше орындарда жұмыс жасауы, соның салдарынан олардың жастармен жүйелі тәрбие жұмысын жүргізуге мүмкіндіктерінің болмауы. Жоғарыщда аталып өтілген, әлеуметтанулық зерттеудің деректері бойынша, 41,1 пайыз респонденттер кураторларының сабақтан тыс уақытта олармен мүлде кездеспейтінін айтса, 17,3 пайызы өз кураторларын айына бір-екі рет қана көреді екен. Ал сұраққа тұскендердің 12,8 пайызы ғана өздері үшін маңызды ақпараттарды кураторларынан алады[2]. Осылайша, зерттеудің куратордың маңызы төңірегіндегі сұрақтардың нәтижесі, қазіргі кездегі қалыптасқан кураторлық тәжірибені қызғылықты бейнелемейді. Бұлар, әрине, субъективті құрастырушылар.

Объективті себептердің қатарында, біріншіден, куратор еңбегінің ақыланбауы, оның жоғары мектептің штаттық кестесінде көрсетілмеуі немесе оқытушының жыл бойындағы жеке оқу жоспарында сағат ретінде болмауы, яғни кураторлық жұмыстың негізгі оқытушылық қызметке қоғамдық жүктеме ретінде болуы. Екіншіден, студент тұлғасының үйлесімді, біздің қоғамымызға қажетті азаматтық, тұлғалық, кәсіптік қасиеттерін дамытатын, олардың мәнін тереңдететін іс-шаралар өткізуге қаражаттың тапшылығы, кейбір оқу орындарында оның тіптен болмауы, сондықтан еліміздің жоғары білім беру жүйесінде тәрбие жұмысы әр оқу орнының мүкіндігінше, үстіртін, көп жағдайда ведомстволар мен әкімшіліктер алдында есеп беру үшін фикция ретінде болады.

Жалпы, тәрбие бұл – қоғам тарапынан қойылатын әлеуметтік және педагогикалық талаптарға сай студенттерде жоғары азаматтық, рухани-моральдік, психологиялық және физикалық қасиеттердің, мінез-құлық, жүріс-тұрыс және іс-әрекет әдеттерін қалыптастыру мақсаттына бағытталған процесс болып табылады. Сондықтан жоғары оқу орындарында жүргізілетін тәрбие жұмысының қабылданған концепциясына сай, оның негізгі концептуалдық принциптерін нақтылайтын ортақ тәрбие жұмысының жүйесі арқылы, бағдарламалар жасалынуы қажет, содан кейін ондай бағдарламалар жоғары оқу орнының, институттың, кафедралардың, жатақханалардың және т.б. құрылымдық бөлімдердің тәрбие жұмысының жоспарларында жүзеге асады. Жоғары мектепте тәрбие жұмысының осы атап көрсетілген ортақ жүйесінің болмауын біз үшінші объективті себепке жатқыздық және мақаланы осы өзекті мәселе төңірегінде қарастырамыз[3].

Сонымен, студент тұлғасы педагогтар тарапынан басқаруды қажет етеді, өйткені оның көптеген тұлғалық қасиеттері енді ғана біліне бастайды және үнемі даму үстінде, ал көптеген студенттердің психологиялық жасы физиологиялық жасына қарағанда әлдеқайда қалыс. Бұл бозбаланың өз өміріне жауапкерсіздікпен қарауынан, оны көбінде өз өмірінің тұлғалық мазмұны ойландырмауынан және еліктегіш болып келетіндігінен көрінеді. Бұндай студенттер ерекше бақылауды және оқытушылар тарапынан сырттай басқаруды қажет етеді. Көптеген студенттердің де әлеуметтік және азаматтық тұғырлары, қарым-қатынас жасауы, шығармашылық қабілеттері, оны ерекше ететін өзін-өзі көрсете білу қасиеттері дамытуды қажет етеді.

Осылайша, кураторлық тіпті ересек жасөспірімдерге де қажет педагогикалық қолдауды қарастырады. Бірақта, жоғары оқу орнында оқу барысында бұл қолдау студент өміріне әртүрлі деңгейде болуы мүмкін, өйткені бірінші курста жоо өміріне бейімделуге көмектесу болса, соңғы курстарда кәсіптік және ғылыми жолда өзін анықтауға, табуға көмектесу болып табылады[4].

Кураторлар әрекетінің маңызды бағыттары, бұлар – бірінші курстықтардың жоо жағдайына бейімделуі; студенттерге әлеуметтік-тұрмыстық және бос уақыт мәселелерін шешуге көмектесу; студенттер тобында достастық, ынтымақтастық, ізгіниеттілік, бір-біріне көмектесуге әзірлілік климатын қалыптастыруға көмектесу; ортақ ұйымдық мәдениетпен, көзқарастар, құндылықтар жүйесімен біріккен, жоо оқытушылары мен қызметкерлері қауымдастығына қатыстылығын, өзі де осы қауымға мүше екенін сезінуге көмектесу[5].

Тәрбиелік жұмыс – шығармашылық жұмыс, бірақ та оның креативтілігі жүйе түрінде болуы қажет, өйткені тәрбиелік жүйе – тәрбиелеудің негізгі компоненттерінің (мақсат, субъектілер, олардың әрекеті, қарым-қатынас, байланыс, материалдық база) өзара әрекеттесуі барысында пайда болатын тұтас әлеуметтік организм. Және ол ұжым өмірінің бейнесі, ондағы психологиялық климат сияқты интегративті сипаттарға ие. Істің нәтижесі мен табысы педагогтың кәсіби шеберлігінен тура тәуелді болады.

Куратор студенттер тәлімгері, диагностика құрушы, аға жолдасы рөлін атқарады. Топқа байланысты куратор ұйымдастырушы, әдістемелік басқарушы, тәрбиеші, педагог-психолог болуы тиіс. Осыған байланысты ол әлеуметтік-педагогикалық, ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық-тәрбиешілік, коммуникативті-рефлексиялық және аналитикалық-диагностикалық қызметтер атқарады[6].

Куратордың әлеуметтік-педагогикалық қызметі педагог мамандығына сыйласымды қарым-қатынасты тәрбиелеуді қарастырады, оқуға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады. Куратор студенттердің сабаққа қатысуларын, себепсіз сабақ жібермеулерін бақылайды, ғылыми-зерттеу жұмысының басым бағытын ұйымдастыруға көмектеседі, таңдаған мамандығына қызығушылығын арттырады; студенттердің университет өміріндегі маңызды іс-шараларға – олимпиадалар, әртүрлі конкурстар, ғылыми жобаларға және т.б. қатысуын ұйымдастырады[7].

Куратордың іс-әрекетіндегі ғылыми-әдістемелік қызмет студент өмірінде аса маңызды рөл атқарады, өйткені ол студент тұлғасының қалыптасуындағы іргелі міндеттерді шешеді. Куратор өзінің тиімді іс-әрекетіне көмектесетін қажетті деректер жинап, сол деректерден ақпараттық қор жасай отырып, студентке тұлғалық ерекшеліктерді зерттеуге көмектеседі[8]. Олар студенттің жеке басы туралы деректер: тегі, аты, туған жылы, тұрғылықты жері, отбасының құрамы, ата-анасының қызметі мен жұмыс орны, студенттің жоғары оқу орнына түскенге дейінгі оқыған орта мектебі, әлеуметтік жағдайы, атқаратын қоғамдық жұмыстар тізбесі, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқаны, үйірмелік жұмыстары туралы мәліметтер, бос уақытындағы қызығушылықтары. Куратордың әдістемелік жұмысы топтық іс-шаралар өткізуді қарастырады, тәрбие жұмысын өткізудің әдісімен таныстырады; тәрбие жұмысының жаңа технологияларын ендіреді; студенттерге өзін-өзі тәрибелеу, өздігінен білімін көтеру, бос уақытын дұрыс пайдаланып өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстар береді.

Студенттік топтар кураторының ұйымдастырушылық-тәрбиелік қызметі болашақ маман, азамат, отбасы тұлғасын тәрбиелеудің өзекті мәселелерімен байланысты. Өз әрекетінде куратор тәрбие жұмысының педагогикалық әдістерін, амалдарын, тәсілдерін, құралдарын қолданады[9]. Куратордың бұл саладағы қызметі студенттерді факультет, университет өмірінің мәдени жүйелеріне тартудан, топ үшін маңызды ұжымдық тұлғалық-бағытталған шығармашылық іс-шараларды шешуге көмектесуден, жастарды еңбекке тәрбиелеуден, әрбір студенттің және бүкілдей топтың шығармашылық потенциалын арттырудан, болашақ мамандардың азаматтық жауапкершілігін сезінуге ықпал етуден, рухани-адамгершілік идеалдарды ұстануға бағыттаудан тұрады.

Куратордың коммуникативті-рефлексиялық қызметі алдыңғы үш қызметпен өте тығыз байланысты және куратор іс-әрекетінің көптеген түрлерін қамтиды, олар: студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту; әрбір студентті топтың қоғамдық өміріне тарту; төменгі курс студенттерінің жоғары оқу өміріне бейімделуіне қамқорлық көрсету; студентердің шығармашылық белсенділігін арттыра түсу және студенттің өзін-өзі жүзеге асыруы мүмкіндігін жоғарылату; салауатты өмір сүру салтын сақтауға тәрбиелеу; студенттік бастаңғылықты көтермелеу; студенттерге өздерінің мінез-құлықтарын, жүріс-тұрысын рефлексиялық түрде өз бетінше сараптай, бағалай алу әдістеріне үйрету.

Аналитикалық-диагностикалық қызметтер куратордың өз тобымен жақынырақ етене танысуын қамтамасыз етеді, студент тұлғасын зерттеудегі әдістер, тәсілдер мен амалдар түрлерінен тұрады; өзара әрекеттесудің нәтижелерінің көрсеткіштерін қадағалауға көмектеседі. Әртүрлі әлеуметанулық және педагогикалық анкеталар, сауалнамалар студенттік топтар кураторларының студенттермен жұмысын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, бар мәселелерді шешуге, қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі[10].

Кураторға өзінің жұмысын жоспарлау өте маңызды. Жоспар – бұл жоғары мектепте куратордың тәрбие жұмысының сапасын көтерудің бір түрі. Әсіресе, бұл қазақстандық білім берудің қазіргі заманғы модернизациялау кезеңінде, тәрбиелік парадигмалардың өзгеруі және жоғары мектептің таңдау жағдайында оның мүмкін салдарларынан болжамы бар өз бетінше жауапты шешім қабылдай алатын, бірігіп қызмет жасауға қабілетті, ойлауының, қозғалысының сындарлығымен, жоғары мәдениетімен ерекшеленетін терең білімді, білікті мамандар дайындауға бағыт алғаны жағдайында өте өзекті болып табылады. Жоспарлаудағы ең маңызды сәт – бұл оның мәні жағынан терең, ал мазмұны жағынан қысқа әрі нұсқа болуы. Жоспарлау бойынша жұмыс тәрбие үрдісінің негізгі міндеттерін анықтаудан басталады. Жоспар бір жылға жасалынып, онда жігерлік қасиеттерді, студенттердің өзін-өзі сын бағалай алу қасиеттерін дамытатын, оқуға қызығушылықтарын тәрбиелейтін, өзін-өзі дамытуға, жетілдіруге ынталандыратын, өз елінің салт-дәстүрлеріне позитивті қарым-қатынасты, сыйлауды қалыптастыратын, салауатты өмір салтын уағыздайтын, студенттердің шығармашылық потенциалын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және т.б. үстем іс-шаралар анықталады[11].

Топтағы жұмыс қызықты әрі тиімді болуы үшін топтағы белсенділер құрамын үнемі жаңалап отыру, әр бағыттағы жұмыстардың негізгі міндеттерін анықтап алу қажет. Бірнеше студенттерге өздерінің осы бағыттағы жұмыстардың мини-жоспарларын жасатып, оны топтың талқылауына шығаруға болады. Ал куратор өзінің жоспарын жасайды. Осы жоспарларды біріктіріп, оны ортақ бір жүйеге келтірсе, жыл бойындағы атқарылатын жұмыстардың қанық әрі нақты жүзеге асыруға болатын жоспары жасалынады. Куратордың студенттік топпен қарым-қатынасының мұндай түрі біздің ойымызша өте тиімді, өйткені студенттердің сессия тапсыру барысындағы, ғылыми-зерттеу жұмысы барысындағы және кейбір оқытушылармен «күрделі» қарым-қатынас сияқты және т.б. көптеген мәселелер назардан тыс қалмайды. Куратор үшін оның тобының өз бетінше дайындаған және өткізген қызықты ұжымдық және шығармашылық іс-шаралары үлкен табыс болып табылады.

Куратор мен студенттердің ашық өзара әрекеттесулері өзара сенімді қарым-қатынастардың қалыптасуына, студенттердің шығармашылық қабілеттерінің дамуына, болашақ мамандардың әлеуметтік жауапкершіліктерін арттыруға, топтағы өзін-өзі басқару органдарының өкілетінің кеңейуіне, топтың және әрбір студенттің шығармашылық потенциалының белсенденуіне, әр студенттің жекешелік қасиеттерін ескере отырып қарым-қатынас жасауға, студенттердің ата-аналарымен, басқа оқытушылармен, деканатпен, ректоратпен сенімді әрі ынтымақтасты қарым-қатынас жасауына көмектеседі.

Кураторлық сағаттарда оқытушы бағалаушы эксперт ретінде болады. Мұндай рөл атқару көп жауапкершілікті талап ететін оңай міндет емес. Студенттердің бойындағы қасиеттерді, олардың құндылықтар жүйесін, ой-талғамдарын, алған позицияларын бағалау олардың атқарған істері тұрғысынан рефлексияны қажет етеді (мысалы, студент ісінің позитивтілігі, оның нақты іс-әрекетті жүзеге асыруда ұстаған тұлғалық позициясының жетіктігі, нақты жағдайдағы шәкірттің жеке көзқарасы тұрғысынан), ал, бұл өз кезегінде куратордан өзара қарым-қатынас жасаудағы орасан зор тәжірибесін, өмірдің сан қилы жақтарынан жеткілікті білімін, толеранттығын және т.б. қасиеттерінің болуын талап етеді. Оған қоса, куратордың өзі айқын тұлғалық позицияда болуы қажет және ол әлеуметтік, ғылыми мағынадағы, соның ішінде әлі де бірыңғайлы трактаты жоқ сұрақтарға пісіп-жетілген ой-пікірлер құрастыра алатын жан-жақты қасиеттерге ие ойшыл азамат болуы тиіс[12].

Осылайша, ойымыздың тұжырымдамасы ретінде айтайын дегеніміз, Қазақстан Ресубликасының «Білім беру туралы заңында» белгіленгендей, білім берудің мемлекеттік саясатының негізгі принциптерінің бірі – оқу мен тәрбиенің егіздігін іс жүзіне асыру, жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысының нормалары мен стандарттарының сақталуын, жүзеге асуын қамтамсыз ететін куратор институты қызметіне ортақ ғылыми көзқарасты қалыптастыру және оны еліміздің барлық жоғары білім беру мекемелерінің тәрбие жұмысын атқарудағы нақты тәжірибелерінде қолдана білуі.



Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мудрик А. В. Введение в социальную педагогику. - М., 1997.

  2. Кушербаев К.Е., Ахметов А.К., Абылкасымова А.Е., Рахимбек Х.М. Стратегия развития высшего образования в Республике Казахстан. – Алматы: Бiлiм, 1998. – 232 с.

  3. Эриксон Э. Идентичность: юность и кризис. М.: Изд. группа «Прогресс», 1996. –С. 308 - 333.

  4. Образование в Республике Казахстан // Статистический ежегодник Агентства Республики Казахстан по статистике. – Алматы, 2002.–148с.

  5. Гурова Р. Г. Социологические проблемы воспитания. - М.,1981

  6. Сейтешев А.П. Активизация позновательной деятельности студентов университета. Алматы: Ғылым, 1999, 68 с.

  7. Государственная молодежная политика РК.– Астана, 2002.–С.20.

  8. Лисовский В.Т. Социология молодежи. –М., 1992. –396с.

  9. Нечаев В.Я. Социология образования. –М.: Изд-во МГУ, 1992.

  10. Аженов М.С. О понятии «гуманитаризации образования» // Реформа высшего образования Казахстан: концептуализация, стандартизация, гуманитаризация. –Алматы: Университет «Тұран», 1995.

  11. Волков Ю.Г., Нечипуренко В.Н., Попов А.В., Самыгин С.И. Социология: Курс лекций: учебное пособие. – Ростов-н/Д: Феникс, 2000. – с. 440-468

  12. Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы», 3-бап, 1999

Резюме
В данной научной статье рассматривается работа куратора со студентами с социологической направленности. Социологическое знание куратора во многом определяет дальнейшее его действие во взаимодействий с студентом. Куратор должен исследовать и определить студента в взаимоотношениях его с коллективом, его лидерские и другие качества как индивида.


Resume

In this scientific article work of counsel is examined with students from a sociological orientation. Sociological knowledge of counsel in a great deal determines his further action in co-operating with a student. A counsel must investigate and define a student in the mutual relations of him with a collective, his leader and other qualities as individual.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет