«Туған жер» өлеңі
Армысыңдар, туған жер, туғандарым,
Кезіп жердің тау – тасын, нулы орманын
Келіп тұрмын, безгем жоқ өздеріңнен –
Мені алысқа сендерден қуды арманым.
«Халық деген – тылсым бір» өлеңі
Халық деген – тылсым бір:
төзімі де теңіздей,
сезімі де теңіздей,
шалқарлығы даладай,
дархандығы баладай.
Қайраты оның – қыл шылбыр,
қырқылмайтын – бір шынжыр;
Халық жады – шежіре
қара тасқа қашалған.
Сенім сөнсе, қашаннан
жанартаудай кегі де.
Түспей тұрса жерге аспан,
уақыт айтар: тарлан кім,
залымдар кім, заңғар кім.
Ел кектенсе шер басқан,
өктемсіген хандардың
жалтыр маңдай бастары
домаланып қалған мың.
Халық – селдің шыдамы
таусылғанда, бұлқынар,
кек тасқыны ұмтылар,
тас пен тақты күл қылар,
сонда ғана халықпен
ойнағанға күн туар!
«Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» поэмасы
үзінді
«Бірінші кездесу
Ей,
өнер қуған жарқыным,
өлең қуған жарқыным!
Балауса балғын шағың бұл,
айналаң тұнған сағым-нұр,
арманың – асқақ, жаның – гүл.
Қара халықтың қамы үшін
қорғауға елдің намысын
жалын жастығын ұрлатқан
түздерде жортып түн қатқан
бабаларыңның арманын,
ұрпағым болсаң, жалғағын!
Жүргенде халқың қан жылап,
жатқаның мынау
ұйқыға батып албырап,
бабаңның жері бал құрақ
жат табандарға тапталуда әлі
қалжырап.
Зұлымдықтардан қасірет шеккен халқыма
азаттық іздеп шарқ ұра
өмірден өттік Намыс пен
өрлікті ұрпақтарыма
мұра ету еді бар мұрат.
Отты үнің қайда,
өртті үнің қайда бұл шақта
қуат беретін ұрпаққа?
Кеудеңді соғып “ақынмын” дейсің —
сандырақ!
ұйқыңды аш, қане,
сөзіме менің сал құлақ.
Ақ найза жырды
қалғандай бүгін тот басып,
тұратын еді от шашып!
Ақынмын дейсің, аруағым атқыр мылжыңдар,
күйбең тірлікті жүрсіңдер жырлап,
оттасып.
“Сүйдім” деп зарлап жырлайтындарың сондағы –
өмірде тіпті жоқ ғашық.
Әлі де Жердің үстінде
қайғырып жүрген адам бар,
шындықты айта алмай қаймығып жүрген адам бар,
солардың бәрі заманға үкім айтар деп
есіргендерді алмас жырымен жайпар деп
өзіңе қарап алаңдар,
шын ақын болсаң, соны аңғар!
Мына мен бабаң,
сая бола алмай иен далам,
соңыма түсіп боқ қарын би мен бектерім,
нендей азап шекпедім.
Қара басымның рақаты үшін
сонда мен
күресіп өтті деп пе едің,
жанымның қамын жеп пе едім?
Елімнің азат өмірін ойлап дертті едім,
әділетсіз мынау дүниеге
сол үшін ғана кекті едім.
Ей, өлең қуған жарқыным,
өнер қуған жарқыным,
өтпесін сенің дұшпан ұйқымен әр түнің.
Мен үміт еткен ұрпағым болсаң, қалғыма,
өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын,
бұл жұмыр жерде ұлымын дейтін халық көп,
көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын!
Сенің қамыңмен рақаттан безген бабалар
көрінде тыныш жатсын-ау десең,
шалқығын.
Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек,
найзағай сынды жыр керек –
сол болсын сенің халқыңа деген тартуың.
Бұл кім деп өзі қаймыға қарап тұрсың сен,
сескендірді-ау деймін қарқыным.
Кей пенделерге тот басып қалған ақ алмас,
шын ұққандарға — халқымның өшпес даңқымын.
Зұлымдықтарға бас имей кеткен өрлікпен
мен Махамбет деген жалқымын!..
…Осыны айтты да, тарлан ат мінген жолаушы
алыстай берді болаттан сауыт құрсанып,
тұлғасының өзі —жыр-шабыт!
Мен ұшып тұрдым дірдектеп қорыққанымнан,
кетердей мені алмас қылышпен бір шауып.
Екінші кездесу
Думанмен өтіп күндерім,
шарықтап шырқап айтам ән,
көңілімде көктем. Жасыл теректей жайқалам.
Күлімдегенді дос деймін,
сезімімді сатқан жандарды мен де кешпеймін.
Батпаймын терең ой-мұңға,
көгілдір дүние қойнында
ұйқыға кетем, жай табам.
ұмытқам сонау түсімде келген Махамбет атты
ақынды.
Таң алды білем… Тарланмен жетті қайтадан.
…Атаның жолын қуар деп
үмітімді артқан бала едің,
өзіңмен ашық сырласуға мен зар едім.
Асқар тау тұтқан ардағымнан ерте айрылып,
жалғыздығымнан зарығып өткен жан едім.
Ей, қасиетті менің кең далам,
достыққа неткен тар едің!
Жатырсың, балам, көгілдір күндердің думандарына
арбалып,
таңданбастарға таңданып.
Күні түскенде,
айнымас дос боп көлкіген
арамзаларға алданып.
Кейіндеу қалсаң,
басыңды кенет бұлт шалса,
сол “достар” өтер жаныңнан
танимын деуге арланып.
Ілгері кетсең, ту сыртыңнан көздеп тартады
қорамсақтан оқты қолға алып.
0, шіркін досың болса ғой
сонау бір өткен Исатай сынды асылдай,
өзімсінгенге жүретін сырын жасырмай.
Досына деген, еліне деген бір ыстық сезім бойында
лапылдап жанып басылмай.
Жарамсақтарға шашылмай,
мықтысынғанға бас ұрмай…
Арыстаным еді-ау Исатай,
дұшпанын көрсе — көктемедегі жасындай.
Жанына құрбан болсам-ау деген мен бейбақ
артында қалдым маңдайдағы сорым ашылмай,
жанымның шері басылмай.
Қансырап қалған сыңарын көріп шарқ ұрып,
шыр айналып ұшқан лашындай.
Кім еді маған Исатай?
Құрдасым емес бала шақтардан бірге өскен,
туысым емес ана-құрсақта күн кешкен.
Аталас емес, танысым да емес ол менің,
кездестірмесем өтер ем атын білместен.
Басталды бәрі бір кештен…
Көкірегі тұнған шер-қайғы,
Жайықтың бойын жағалап жатқан ел жайлы
сонда мен алғаш Исатайменен тілдескем.
Мейірімге толып жанары
жалт етіп маған сүйсінген жүзбен қарады,
сол күннен біздің өмірге, елге
махаббатымыз үндескен.
Исатай… халықымның асыл ұлы еді,
арманға толып жүрегі,
қазақтың байтақ даласын,
аш, арық бала-шағасын
жеткізсем дейтін бақытты жұмақ күндерге,
өмірін арнап соры арылмаған мұңды елге.
Сол еді мақсат, тілегі.
Осынау қысқа жалғанда
Исатайдай досты көрмесем,
түн қатып жүріп арман мен мұңын бөлмесем,
мен Махамбет болып қалмас ем.
Қараңғы түнде найзағай жырмен
жанбас ем.
Тіл қатпай тұрып ұғысушы едік.
О, сол бір адал достығым,
ақындығымның да, батырлығымның да арнасы ең!..
Жортуылда жүріп армандаушы едік
келешекте атар таңды әсем.
Ей, балам, сатқын жарамсақтарға алданбай,
сол бір достықты жалға сен!
Достық дегенің мөп-мөлдір бұлақ секілді,
шырқатар асқар белеске,
ұлылық та — сол, қалдырар мәңгі ел есте.
Біз жортқан сонау Маңқыстау менен Атырау
тірліктің әлі тылсымында жатыр емес пе?!
Шырқа сен адал достықты жалын жырыңмен,
жасампаз асқақ үніңнен
ақ самал ессін далаңның төсін тербетіп,
жаулықты білмей,
достықтың ұлы мейірімімен ер жетіп,
халқыңның балғын ұрпағы өссін сол үнмен!
Үшінші кездесу
Кешіріп бастан қатал күн,
тентегі елдің атандым.
Тағы да келген сыр айта
Махамбет-сынды атаңмын.
өрім жас албырт ұрпағым,
өмірдің кешіп бұрқағын
запыран құсқан заманда
арман мен үміт – санаңда,
қатыгез, қарау қоғамда,
күткендей даңғыл жол алда
жүгендеп жырдың тұлпарын
талықсып өрге шырқадың.
Мас болып жастық жалынға
ұмытпа, қалқам, жыр қамын.
Нұр ойнап балғын — бал өңде,
қарама мәз боп әлемге.
Адамның бәрін ойлама
бақытты екен деп бар елде.
Назарыңды салсаң жыраққа,
зарлы үндер келер құлаққа.
Суырылмай, жүзін тот басып
қылыштар жатыр қынапта.
Әділет, шындық таба алмай,
өмір бір дозақ аралдай,
теңсіздіктерден түңіліп,
тұншығып демін ала алмай
жүргендерге жырды арнағын,
жігер-күш берсін саңлақ үн!
Шын ақын болсаң, тартынба,
найзағай болып жарқылда.
Жер ошағыңның басында
бақытыңа мәз боп қалмағын!
Күнәсіз бірді даттайды,
біреуден бейуақ бақ тайды –
әлсіздерді әлі бір жерде
күштілер тапап, таптайды-
ақынға жердің бетінде
болмайды ешбір жат қайғы.
Әлемді үйім деп қарасаң –
озбырлық, өсек жан-жағың.
Шындығын айтсаң өмірдің,
биліктіге мүмкін жақпайды —
заманың бірақ жақтайды.
өмірдің күтіп ақ таңын,
шабытпен жырды баптадым.
Әйтеуір қатал тірліктен
әділет іздеп таппадым.
Шындықты айтқаным үшін мен
ақсүйек тапқа жақпадым.
Сонда да тынып, тынбадым,
шырқадым елдің мұңды әнін.
Алапес мынау өмірдің
ащы шындығын жырладым.
Қуылдым, дала шарладым,
сая бола алмай қырларым.
Перзенті ем аңғал даланың,
жыр-семсер жалғыз жарағым,
жымиып келген жылпостар
асырды менен амалын:
жүруге батпай ығымнан,
сұсымнан қорқып тығылған
жансыздар мені жайратып,
“Қаройда” солай жығылғам.
Аңғалдау өскен ер едім
ойламас бас пен жанқамын.
Дос болып келіп,қапыда
басымды шапты бір залым.
Қырықтан асқан шағымда
қара жер болды құндағым.
Жыртылмай кеткеннамысым,
төгілген біздің қан үшін
алаулап атар таң үшін
ақырып теңдік сұрайтын
елім деп менше жылайтын
ұрпағым қайда, ұланым?
өлмесін жерде ғұмырлы ән,
отты жыр өргін мұңымнан.
үмітім сенсің, жас құсым,
түлеп ұшатын тұғырдан.
Тек шындық күтем мен сенің
ақ алмас жүзді жырыңнан!»
«Алтын арай атқанда таң нұрланып,
Жыр-көктеммен құлпырды дала-кілем.
Құшағым – гүл. Келемін бал-бұл жанып
жастықтың алаңымен.
Қыз арманы секілді алғы уақытым,
шырын сезім жүректе, жанарда да.
Әлем сыйлап тұрғандай бар бақытын
жалғыз-ақ маған ғана!
Жастығыма болғандай уақыт ғашық,
жетелейді өмірдің бағына әсем.
Сезім көлі – жанарың бақыт шашып
келесің жанымда сен!
…Талқысы мол тағдырдың бір басында,
ұлылықты үреймен алыстырған —
бас иеміз сонда да бұл ғасырға
екеумізді табыстырған.
Сұлтанәлі Балғабаевтың қиялы шынайылықтың шеңберінен шықпайды. Жазудың сарабдал жолын тауып алған жазушы.
Достарыңызбен бөлісу: |