Л. Н. Нұрланова Қазақ Әдебиеті



бет53/67
Дата04.05.2023
өлшемі1,59 Mb.
#176067
түріОқулық
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   67
Байланысты:
қә 11 1-1

«Менің планетам» өлеңі
Үзінді

Адам болса сезім мен сенім іздер,
келіңіздер, бері қарай еніңіздер.
Менің байтақ әлемім – планетамды
көріңіздер аралап, келіңіздер!
Бөгет те жоқ, кілт те жоқ осы арада,
(кіру қиын кей жерде шошалаға!)
есік те жоқ, алдыңнан арпылдайтын
есік баққан ит те жоқ босағада.
Қабырға жоқ итерер кеудеңізден,
тас жол да жоқ – кетірер келген ізбен.
Жел кернеген желкенін қайықтар бар,
тасқын құшып, бұрқанған сеңде жүзген.
Тек жүрекпен көрген жөн бұл маңайды:
аспаны бар бірде бұлт, бірде арайлы.
Күні шықса, қызудан миың қайнап,
түнергенде – жалғанды мұң қамайды.
Бұлақ күліп шашады күміс теңге,
көк шалғыны жайлырақ пүліштен де;
жүген-құрық тимеген жылқылары,
жігіттері мәрт мінез, құрыш кеуде.
Халқым менің, қанатты Құлагерім,
жанашырым, жақыным, мұрагерім.
Терең бойлап түйсініп, сезінбесең
ішін бермес жұмбақтай жыр-әлемім!

***
Бұл жерде құмға көміп жел,
күйдірер бірде от қарып.
Жалғыздан жүріп көріңдер,
дабырламаңдар топталып.
Ене алмайсыңдар жанына,
дауылы беттен қарсы ұрмай,
тұншығып толқындарына,
жаңбырларына малшынбай.
Сәулет жоқ мұнда қаптаған
сыртынан тамашалайтын,
оты - өрт, желі – ақ боран,
бояу жоқ күлгін – бәрі айқын.
Шалқыған шаттық аз мүмкін,
тасқа да мұнда мұң сіңген.
Сергітпей сылқым наз күлкің,
от деммен тауы күрсінген.
Кереғарлықтар – бұл әлем,
заңдарың мұнда ғұмырсыз:
жас қайыңды аңсап мына емен,
егіліп іштей тұр үнсіз.
Бұл әлем мұңмен жұртты емдер,
дауа жоқ бірақ сенбесе.
Дырду мен күлкі күткендер
әуре болмасын ендеше!

***
Ауа райы бұл жердің құбылмалы:
күншуаққа көмілсең қырындағы,
тауларында құяды қара жаңбыр,
тұра алмайды дауылға ұрынғаны.
Жарқырайды мәңгі мұз шыңындағы!
Өткінші күй алайда мұның бәрі,
мизамшуақ туады түбінде әлі.
Өкінішті
жете алмай сол күндерге
біреулердің жолшыбай жығылғаны.
Әлде тұру, құлау ма ғұмыр мәні?
Ашық күнді күтумен жол қараймын,
жүрмейді оған күшің мен қолдағы айбын.
Бар болғаны – осынау әлемімді
байлығымдай, баламдай қорғалаймын,
тоғытқым кеп нұрына толған Айдың.
Жатсам-тұрсам тілеймін (күш саламын),
аққуларым көлінен ұшпағанын,
тума бұлақтарымның суалмауын,
қуармауын қаһарлы қыста бағым;
алай-дүлей дауылдар құлатпауын
ошағымның өмірлік үш тағанын.
Осы менің өлеңім, ұқсаң – арым.
Тамыр жаймас жасыл бақ шыбықты екпей,
ойлар жатыр кеудемде тұнып кектей,
көңіл-күйім – көгімдей, ашылмайды-ау,
«Баянауыл басынан бұлт кетпей».

***
Жыр – менің планетам:
бәрі осында жиғаным, тергенім де,
сезінгенім, сүйгенім, сенгенім бе,
мінезім бе, болмыс па, кермек үн бе –
бәрі осында, басқасы қалды құмда.
Міне, менің берерім бал ғұмырда,
жыр жаттаған қыздарға, барлық ұлға.
Менің барым, байлығым – осы, басқа
түгім де жоқ жасырған сандығымда.
Көңілімнің көк майса шалғынында
сақтау үшін жүгірдім, өбектедім.
Жатпаса да мені жұрт елеп керім,
ұранына ергем жоқ желөкпенің.
Қылмысым да осында, тұрмысым да,
тағдырым жоқ жырымнан бөлек менің.
Ақ көңілмен келгеннен аярым жоқ –
аралаңдар, алыңдар керектерін!
Өмір кештім қарыған ызғар, ағын,
көрген емес сайланып жүз жарағым.
Шөл далада шілдеде шөлден қатып,
қалтыратқан қаңтарда мұз жаладым.
…Өздеріңе тапсырдым, сақтаймысың,
таптаймысың шыңғыртып сызда жанын.
Ендігісі – сендердің қолдарыңда
тағдырындай ұзатқан қыз баланың.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет