«ландшафттану»



бет11/66
Дата14.04.2022
өлшемі0,95 Mb.
#139365
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   66
Байланысты:
kazakstan respublikas au lsharuash l g ministrligi

Мақсаты: Ландшафттың құрамдас бөліктерің қарастыру.

Жоспар:
1. Ландшафт және оның морфологиялық құрылымы
2.Ландшафт белгілері
3.Ландшафт құрылымдық бөліктерінің жүйеленуі

Мекендердің жіктелуі. Жіктеуде қолданылатын негізгі көрсеткіштер. Қарапайым және күрделі мекендер, қалыптасу ерекшеліктері. Тәуелді, доминантты және субдоминантты мекендер. Зоналық және азоналдық факторлардың тигізер Әсері. Жазық және таулы аймақтардың мекендерін жіктеудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары.


Мекендер жер бедері мезоформасының біртекті субстратына негізделіп, физгеографиялық үрдістердің жалпы бағытымен сипатталатын фациялардың үйлесімді қатары. Олардың жекелену себебі әртүрлі ылғалдануға, инсоляция айырмашылығына, литологиялық және механикалық құрамдағы айырмаға, жер асты суларының деңгейінің алуан түрлілігіне байланысты болады. Мекендердің бір-бірінен жекеленуінде негізгі рөлді геологиялық, геоморфологиялық негіз атқарады. Олар, әсіресе, жер бедері мезоформасының дөңес және ойыс аймақтары басым жерлерінде айқын – төбелер мен ойпаттар, қыраттар мен сайлар, жыра аралық плакорлар мен жыралар. Жергілікті атмосфера циркуляциясы, химиялық элементтер миграциясы, ағын үрдісі жер бедерінің оң және теріс формасында қалыптасқан фацияларды бір жүйелі қатарға жинақтаса да осы қатардың жоғарғы және төменгі бөліктері жоғарыдағы үрдістердің әсері бойынша бір-бірінен айырмашылығы зор.
Өзен аралық жазықтарда қарама-қайшы жер бедері формалары жоқ болғандықтан мекендердің қалыптасуы аналық жыныстардың айырмашылығымен және табиғи дренаж сызығынан алыс жақындығымен айқындалады. Соңғы фактор әсіресе ылғалдануы жоғары территорияларда негізгі рөл атқарады.
Өтпелі территорияларда әртүрлі өсімдік топтары бірдей экологиялық жағдайда болғанда мекендердің жіктелуіндегі негізгі рөлді өсімдік топтары арасындағы бәсеке таластық қарым-қатынас атқарады. Бәсекелес топтар көршілес орналасып территориясын сақтайды, жергілікті климаттың, топырақ пен су режимінің өзгеруіне де көп әсерін тигізеді.
Ландшафттардың әрбір жекелеген морфологиялық бөліктеріне генетикалық бірлік пен сапалық ұқсастық тән. Өйткені олардың құрамына енетін фацияларға ұқсас, біршама жақын ылғалдану, жылумен қамтамасыз етілу және тау жыныстарының литологиялық құрамы ұқсас болу керек. Сондықтан да мекендер ландшафттардың анық, айқын бөлінетін бірлігі болып табылады, яғни үйлесімді орналасқан мекендер тізбегі далалық ізденістер мен аэрофотосуреттерде негізгі жіктеу объектісі. Жіктеуде пайдаланылатын критерийлер:
а) біріншіден, мекендерді айқын ажырата білу мезорельеф формасының тілімденуі анық көрінетін жерлерде көрінеді. Мысалы, төбешіктер мен ойыстар. Мекендердің өзгешелігі, айырмашылығы тек жер бедері формаларының сыртқы пішініне ғана емес, сонымен қатар, олардың шығу тегіне, аналық тау жыныстарының литологиялық құрамына да байланысты. Мысалы, сырттай көзбен қарағанда бір-біріне ұқсас жазықтар мен сайлардың субстратындағы айырмашылық олардың су мен жылу режиміне, топырақ түзілу процестеріне және биоценоздарына әсерін тигізбей қоймайды, сондықтан әртүрлі мекендер қалыптасады.
ә) екіншіден, өзен аралық тегіс жерлерде, жер бедерінде айырмашылығы жоқ мекендердің пайда болуы мен дамуындағы, жіктелуіндегі негізгі фактор субстрат ерекшелігі. Мұнда төселме беттің су өткізгіш ерекшелігі, карбонаттығы сияқты көрсеткіштерімен қатар жер беті жыныстарының физикалық қасиеттері есепке алынады. Мысалы, Қазақстанның шөлді аймақтарында механикалық құрамы саздан және саздақ топырақ жамылғысынан құмға дейін алуан түрлі топырақ жамылғысы кездеседі. Жер бедерінде аналық жыныстардың осындай алуан түрлілігі білінбейді, бірақ әртүрлі мекендердің пайда болуына себеп болады.
б) әртүрлі мекендер жер беті жыныстары, тосқындары бірдей болған жағдайда да қалыптасады. Ол үшін: а) жер беті жыныстарының қалыңдығы бірдей болмау керек; в) олар біршама аздаған тереңдікте орналасқанымен топырақ түзілу үрдісі мен су мен ылғал режиміне әсерін тигізеді;
г) Өзен аралық жазықтарда мекендерді жіктегенде тағы да есепке алынатын фактор – табиғи дренаж жағдайы - өзен аңғарына алыс, жақын орналасқандығы. Өзен аңғарынан алыстаған сайын жер асты суларының деңгейі төмендейді; су ағыны нашарлайды; олар топырақ пен өсімдік жамылғысына әсерін тигізеді; осының салдарынан су айрықтық жазықтардың орталық бөлігіне қарай мекендер біртіндеп ауысады.
д) территорияның климаттық және геоморфологиялық жағдайы бірдей болса да өсімдік жамылғысымен қаншалықты көмкеріліп тұрғанына байланысты да әртүрлі мекендер дамиды. Өтпелі аймақтарда, әсіресе, зона аралық кеңістікте бірдей экологиялық жағдайда бір-бірімен бәсеке таластық жағдайда болатын өсімдік топтарында әртүрлі мекендер қалыптасады. Бәсеке таластағы өсімдік топтары қатар орналасып әрқайсысы өз территориясын сақтап қалуға тырысады, сөйтіп жергілікті жердің климатының, су және ылғал режимінің, топырақ түзілу процестерінің өзгеруіне ықпал етеді.
Фацияларды картаға түсіру ірі масштабты талап етеді де тек “кілтті” участоктарда жүргізіледі. Ал мекендер геосистема иерархиясында ландшафттар мен фациялар арасындағы өтпелі бірлік болып табылады да қолданбалы ландшафттық ізденістерде:
а) ауыл шаруашылық жерлерді бағалаудың, есепке алудың;
ә) оның халық шаруашылығындағы тиімді жолдарын іздестірудің негізгі объектісі болып табылады. Мұндай ізденістер үшін фация қамтып жатқан ауданы бойынша кіші, өйткені ауыл шаруашылығына қажетті жерлер үлкен, ірі массивті аймақтарды талап етеді.
Ішкі құрылым күрделілігіне байланысты мекендер: а) қарапайым; ә) күрделі деп бөлінеді. Н.А.Солнцев бойынша мекендерде мезорельефтің әрбір элементінде бір ғана фация қалыптасады, ал күрделі мекенде бірнеше фация. Мысалы, сайдың түбінде және оның әр беткейлерінде бір-бір ғана фация қалыптасса – ол қарапайым мекен, ал бірнеше фация қатарынан тұрса онда күрделі мекен.
Күрделі мекен мынадай жағдайларда қалыптасады:
а) рельефтің (жер бедерінің) ірі мезоформасына екінші қатардағы мезоформа элементтері кіріккенде. Мысалы, жыралары бар сайлар; көлшігі бар батпақты ойыстар.
ә) мезорельефтің бір формасы немесе элементі, бірақ литологиялық құрамы әртүрлі – күрделі мекен пайда болады;
б) доминантты су айрықтық мекендерде жанамалы немесе осы жерге тән емес фациялар кездескенде (карстар, батпақтар, аңдардың індері т.б.) күрделі мекен қалыптасады;
в) әрқайсысы жеке өзіндік мекен құрайтын мекендер тізбегі кездескенде күрделі мекен пайда болады. Жоғарыда көрсетілгендей мекендер орта және ірі масштабты карталар түсіргенде нақтылы мәліметтерге негізделе түсіріледі. Олар қандай мәліметтер: а) генезисі немесе шығу тегі, пайда болуы; ә) морфографикалық типі мен жергілікті ағын жүйесінде алатын орнына қарай мезорельеф формаларын белгілі бір ретке келтіру. Сонымен – рельеф – ылғалдану мен табиғи дренаж ерекшелігімен тығыз байланыста есепке алынатын көрсеткіш.
Әртүрлі ландшафттық зоналарда, подзоналарда және провинцияларда біртекті жер бедері формаларында, біртекті аналық жыныстан тұрса да климаты, ылғалдануы, топырақ жамылғысы мен биоценозы әртүрлі мекендер пайда болады. Неліктен? Өйткені территорияның орналасуы әр зонада. Сондықтан мекендердің классификациясын жасағанда фация сияқты мекендерде де зоналық және провинциялық ерекшеліктерге сүйену міндетті.
Әрбір нақтылы ландшафт Л.С.Бергтің тұжырымы бойынша уақыт пен кеңістік аралығында қайталанбайды. Бір-біріне ұқсас екі ландшафтты табу мүмкін емес, бірақ бұл түсініктен ландшафттар арасында сапалық ұқсастық жоқ деген ұғым тумау керек. Салыстыру нәтижесінде генезисі мен динамикасы жағынан бір-біріне ұқсас ландшафттарды табуға болады, сондықтан да жүйелеуге мүмкіндік бар.
Ландшафттық жүйеге келтіру жер бетіндегі ландшафттарды танып білуде үлкен ұйымдастырушы рөл атқарады және практикалық та маңызы зор. Қолданбалы мақсатта өткізілетін ландшафттық ізденістерде (мысалы, ауыл шаруа-шылығына тиімді жерді анықтағанда, табиғатты қорғау немесе мелиорация жұмыстары жүргізілгенде) олардың құрылымы күрделі болып, әрбір нақтылы ландшафтқа баға беру, оған талдау жасау қиын және көп уақытты қажет етеді. Сондықтан да көптеген жағдайларда типтік табиғи ерекшеліктерге байланысты типтік нормалар мен шараларды қолдануға тиіс болады. Кез келген табиғи жіктеу объектің инварианттық қасиетіне пайда болуына, құрылымына, өзгермелігіне негізделеді. Бұл көрсеткіштер ландшафттану жұмыстарында маңызды рөл атқаруы тиіс. Бірақ, олардың ұқсастық деңгейі әртүрлі, сондықтан ол өз маңызын жіктеудің сатылығынан табады, яғни таксономиялық бірліктер жүйесін қолданудан. Жоғарғы таксономиялық бірліктерден төменгісіне ауысқан сайын жіктеуде жаңа көрсеткіштер енгізіліп отырады. Осының салдарынан ландшафттар қамтитын шеңбер кішірейген сайын олардың ортақ қасиеттері арта бастайды. Олай болса, ландшафттардың ұқсастығы жіктеудің барлық сатыларында сақталады – тип, класс, түр, бірақ төменгі деңгейде ортақ қасиеттер көп, жоғарғысында керісінше.
Ландшафттардың ұқсастығы мен айырмашылығы көптеген себептерге байланысты, сондықтан таксономиялық қатарда осы себептер қандай тәртіп бойынша есепке алынатынын анықтаған жөн. Ландшафттардың дамуындағы төмендегідей көрсеткіштер: ылғал айналымы, биологиялық зат айналымы, топырақ түзілу, биомассаның өнімділігі олардың жылумен, ылғалмен қалай камтамасыз етілгенімен, яғни күн энергиясының түсуімен анықталады. Ал жылу мен ылғал мөлшері, олардың қарым-қатынасы зоналық ендікке, секторлыққа, және биіктік белдеулерге тәуелді.
Осы ой-пікірлерді есепке ала отырып жіктеудің ең жоғарғы таксономиялық бірлігі ландшафттар типі болып табылады. Ландшафттар типтерін айырудың негізгі көрсеткіші жылу мен ылғалмен қамтамасыз етілу айырмашылықтары, олардың гидротермикалық ерекшеліктері. Нақтылы классификациялық белгі болар көрсеткіштер: радиациялық баланс, белсенді температура жиынтығы Н.И.Ивановтың континентальдық коэффициенті. Сонымен қатар ауа температурасының орташа және экстремальды көрсеткіштерін, жауын-шашын мөлшерін, булану шамасын да есепке алған дұрыс. Бір типке жататын ландшафттардың ортақ қасиеттері су балансынан, қазіргі геоморфологиялық және геохимиялық үрдістерден, органикалық заттардың өмір сүру қабілеттерінен, құрамынан, өнімділігінен, биомасса қорынан, биологиялық зат айналымынан және топырақ түзілу ерекшеліктерінен көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   66




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет