Жамал. Бар. Оны неге айттың?
Рауза. Тегін адам обкомның хатшысы болмайды екен де дегенім ғой.
Жамал. Ол – өткен шақ. Жұрт астынан тақ кеткен адамды басынан бақ кеткен адам санайтын мына заманда біздің сөзіміз кімге дәрі, тәйірі?! Біздің ендігі еншіміз – осы, жоқ-барды, ертегіні теру. Жоқ, сенің, бұрынғы әдетіңе басып, сауда жасамақ ойың бар ма?
Рауза. Жасаса болады. Сіздер бізді алыпсатар деп кемсітуші едіңіздер, қазір коммерсант деп қастерлейтін болды.
Жамал. Қанша қастерлеп, төбесіне көтерсін, әдемі ат қойып, әспеттесін, бәрібір саудамен айналысу – елді алдау. Сенің өзің өзгені былай қойғанда, құдай қосқан көршің бізді де алдайтынсың.
Рауза (қызарақтап). Ой, қойыңызшы. Біз – совет саудасының қызметкерлері болатынбыз, ешкімді алдауға жол жоқ-ты ол кезде, сіз бүгін мәтелді көп айттыңыз, мен де біреуін айтайын: «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – көн шарық». Адам қай кезде де осы принциппен өмір сүріп келеді. Біз де сөйткен шығармыз енді. Бұл мәтелді осы заманға лайықтасақ, «Заманымыз – нарық, халық–арық, әкім – қара – қарық».
Жамал. Дұрыс. «Байлығыңа – байпағым» деген де мәтел бар. Оны айтқан қазақ – мәрт.
Достарыңызбен бөлісу: |