Жамал. Кімнен, неден қорқады?
Рауза. Облыс әкімінен пара алатын (сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқап) түсінесіз ғой енді...
Жамал. Адам ашуланғанда құдайдан да қорықпайды. Амалбек те сөйткен. Әлбетте, Амалбектің шын сөзі талайдың шымбайына батты, ешқайсысы бірақ қыңқ дей алмады.
Рауза. Апырай, десеңші. Билік басындағылардың немесе әкімдердің, ең болмаса, біреуі мынау қып-қызыл өтірік, деуі керек еді ғой.
Жамал.Рауза Оразғалиевна, сен қазіргі шенеуніктердің қулығын білмейсің-ау деймін? Білсең айтшы, өздерін өлтіре сынып жатқанда олар неге үнсіз қалады?
Рауза. Жамал Ахметовна, мен оны білсем, сіздің қасыңызда отырамын ба өстіп аузыңызды бағып?
Жамал.Онда біліп қой, олар қазақтың бір әдемі мәтелін басшылыққа алған. Ол – «Ит үреді, керуен көшеді». Дұрыс сынағанға да, қиянат қылғанға да әкім атаулының айтатыны – осы. Енді түсіндің бе?
Рауза. Түсіндім. «Тегін адам таз бала ма?» деген де бір әдемі мәтел бар емес пе еді?