Прокурор. Сізді күтіп жүрміз.
Әкім. Неменеге?
Прокурор. Сізбен бірге Ерік Көбеновичті қарсы алайық деп.
Әкім. Сендер оны бағана қарсы алғанды айтасың, кабинеттеріңде жөндеп қабылдамай, шалқаймап па едіңдер?
Генерал.Сөйткеміз. Онда жағдай басқаша болатын.
Прокурор. Ол Мұсылманқұлов пен мына Мұсылманқұловтың арасы жер мен көктей.
Әкім (жібі босап). Жарайды. Жерде жүрсін, көкте жүрсін, өзіміздің Ерік Көбенович – ол кісі.
Прокурор(қуанып кетіп!). Дұрыс айтасыз. Орыс жазушылары: «Біз Гогольдің шинелінен шықтық», – деген екен. Ал, біз Ерік Көбеновичтің костюмінен шыққанбыз.
Генерал. Бәріміз – Ерік Көбеновичтің баласымыз.
Әкім (күліп). Ал, балалар, не істейміз онда?
Прокурор (төс қалтасынан бағанағы конвертті шығарып, генералға). Нұрқат Асылович, біз алдымен өз әкімімізді разы қылайық.
Генерал(жан қалтасынан конверт алып). Сөйтейік, Әбиірбек Рахымович.
Әкім (зілді).Жігіттер, сендерге мен: «Қойыңдар!» – демеп пе едім.