Микоплазмалық аурулардан қорғау шаралары
Инфекцияның жинақталатын орны (резерватор) болып табылатын арам шөптерді жою және тасымалдаушы насекомдармен (негізінен цикадкалармен) күресу.
Сау (таза) отырғызу материалдарын пайдалану.
Тетрациклин тобына жататын антибиотиктерді пайдалану.
бактериялар
Бактериялар – прокариоттар қатарына жататын бір клеткалы организмдер. Өсімдіктерде төрт жүзге тарта гетеротрофты организмдер паразиттік тіршілік етеді, олардың тек бірнеше ондаған түрлері ғана аул шаруашылық дақылдарын залалдайды. Фитопатогенді бактериялардың ішінде облигатты паразиттер жоқ.
Ауыл шаруашылық дақылдарының ауруын қоздыратын бактериялардың барлығының дерлік пішіні таяқша тәрізді болады. Көбіне полярлы орналасқан бойындағы талшықтарының арқасында олардың көбі қозғалғыш. Дегенмен де қозғалмайтын да түрлері кездеседі. Клетканың ұзындығы 1-3 мкм, ені – 0,3-0,6 мкм. Бактерия клеткасы – сыртынан көп қабатты қатты қабықшамен жабылған цитоплазмадан тұрады. Бір қатар бактериялардың қабықшасының сыртында жұқа шырышты қабаты болады. Бұл қабат ісініп, сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан қорғайтын желе тәрізді капсула түзеді. Басқа прокариоттар сияқты бактериялардың оқшауланған ядросы болмайды, тек ДНК-дан тұратын ядролық заты (нуклеотид) болады.
Бактериялар ферменттердің әсерінен сіңірілетін күйге еніп, клетка қабықшасы арқылы сіңірілген өсімдіктердің органикалық заттарымен қоректенеді.
Бактериялардың дені аналық клеткалардың қарапайым екіге бөлінуі арқылы көбейеді, кейбіреулері – бүршіктеніп те көбейеді. Бактериялар тіршілігіне қажетті ең төменгі температура (minimum) – 5-10о, оңтайлы (optimum) – 25-30o, ал 33-40о деңгейінде көбеюді тоқтатады. Бактериялардың қалыпты жетілуі үшін орта реакциясы бейтарап немесе әлсіз сілтілі болуы қажет. Фитопатогенді бактериялардың көбі – аэробты, барлығы дерлік грамтеріс (Грам бойынша бояғанда бояуды тұтпайды).
Бактериялар өсімдік бойына табиғи саңылаулар: устьице, су саңылаулары – гидатодалар, қабық жасымықшалары, гүлдері арқылы, немесе ткань жарақаттары арқылы енеді. Бұл үшін тиімді жағдай – ауаның жоғары ылғалдылығы, өсімдік бетінде сұйық тамшы күйінде ылғал және 20-30о деңгейінде ыссылық болуы.
Көлемінің кіші болуының арқасында бактериялар өсімдіктердің түтікті жүйесі арқылы тез тарап, тұқымына да енуі мүмкін. Ауа-райы ылғалды болғанда некроздардан құрамында бактериялардың мол клеткалары бар экссудат бөлінеді. Бір өсімдіктен екіншісіне олар сумен (жаңбыр жауғанда), насекомдар көмегімен, адамдармен және жақын жердегі өсімдіктерге ауамен де тарайды.
Фитопатогенді бактериялар негізінен өсімдік қалдықтарымен бірге топырақ бойында немесе бетінде сақталады. Топырақта тек спора түзгіш бактериялардың біразы ғана патогендік қасиетін жоғалтпайды: Bacillus туысына жататын бактериялар, жеміс ағаштарының рак ауруының қоздырғышы Agrobacterium tumefaciens. Сонымен қатар тұқымдар (бактериялар олардың бетінде болады) және бойында бактериялар латентті күйде сақталатын тұқымдық материалдар да инфекция көзі болуы мүмкін. Кейбір бактериялар насекомдардың бойында сақталады.
Бактериоздың 2 типі болады: диффузиялық және локалды (оқшауланған). Диффузды ауру жағдайында ауру қоздырғыштар түтікті жүйенің бойында көбейіп, түтікті бітейді де токсиндермен өсімдіктерді улайды. Локалды немесе жергілікті бактериоздар жағдайында бактериялар паренхималық ұлпаларды жарақаттап, клетка аралық заттарды және клеткаларды ыдыратады.
Бактериалдық ауруларға тән жиі кездесетін белгілер (ауру симптомалары): солу, некроздар, дымқыл шіріктер, ісіктер,, хлороздар. Солу - өсімдік немесе оның жеке мүшелерітургорлық қасиетін жоғалтып, кейін тұтас немесе жеке мүшелері өледі. Оның себебі су мен қоректік заттар тасымалданатын түтікшелердің бітелуі. Бұл кеселдің ең көрнекті мысалдарының бірі – картоптың сақиналы шірігі. Некроз кезінде жапырақ бетінде алғашында суланған тәрізді дақтар пайда болады. Кейін бұл дақтар қоңырайып немесе қарайып, ткандері өледі. Егер ауа ылғалдығы төмен болса некроздық дақтар кеуіп, уатылып жапырақтардың бойында тесіктер пайда болады. Ал ылғалдылық жоғары болса некроздық ұлпалардан экссудат бөлініп шығады. Өсімдіктің жер бетіндегі басқа мүшелеріің бетінде хлоропластары ыдырау себінен хлороздық дақтар пайда болады. Бактериялар шырынды, көмірсуларға бай паренхималық ұлпалардың бойында (түйнектерде, тамыржемістерінде, шырынды жемістерде және өсімдік сабақтарында) паразиттік тіршілік етуі олардың бойында дымқыл шіріктердің пайда болуына соқтырады. Бактериялардың бойынан бөлініп шыққан ферменттер клетка аралық заттарды ыдыратып, ұлпаны иісті ботқа тәрізді массаға айналдырады.
Достарыңызбен бөлісу: |