Энцефалоастения (цереброастения). Бұл синдром ми сілкінісі түріндегі жеңіл ми жарақатынан кейін байқалады. Оған кешкісін, ойлау жүктемесінен кейін пайда болатын бас ауыруы тән. Сабақ кезінде балалар тез шаршайды, белсенді зейінінің тұрақсыздығы анықталады, жазбаша және ауызша жауаптарындағы қателесу саны артады, есте сақтау процесі әлсірейді. Балаларға ақыл-ес дамуының тежелуін болдырмау үшін емдеу шараларын өткізу және педагогикалық көмек көрсету қажет. Бұзылыстар функционалдық сипатта болады.
Энцефалопатия (церебропатия). Ол бастың айтарлықтай жарақатының нәтижесінде (соғылудың) пайда болады. Оған қимыл-қозғалыс бұзылыстары (парездер, салданулар), вестибулярлық (бас айналуы, көлікте жүрген кездегі лоқсу, координация бұзылыстары), сөйлеу (фазиялар, алалиялар, дизартриялар, кекештену) бұзылыстары, гиперкинетикалық және сенсорлық бұзылыстар тән. Барлық бұзылыстар органикалық сипатта болады. Гипертензиялық синдромды тоқтату үшін және парездік құбылыстарды әлсірету үшін балаларға жүйелі емдеу шараларын өткізіп тұру қажет.
Жүріс-тұрыс синдромы. Бұл синдром жүріс-тұрыс пен өзін-өзі ұстау ерекшеліктері түрінде білінеді. Кейбір балалар селқос, адинамиялық, баяу, белсенді емес, енжар болып, балалар ұжымында кедергі келтірмей және өзіне назар аудармай жүретін болады. Мұндай жағдай апатико-адинамиялық синдром деп аталады. Балалар дамуында жиі тежеледі де, бұл мектепке баруға дайындалу кезеңінде білінеді. Ал басқа балалар гипердинамикалық синдроммен ерекшеленеді. Олардың қимыл-қозғалыстары бейберекет болады, жиі тәртіпсіз, жыбырлақ, шулағыш, ашуланшақ, ұстамсыз екендігі білінеді. Көп жағдайда мұндай балалардың өзін-өзі бағалауы жоғары болып, олар өз әрекетіне сын көзбен қарамайды. Зейіні тұрақсыз, жұмысқа қызығушылығы тез тарқайды. Балаларда ақыл-ой қызметінің аздап төмендегендігі байқалады, олар жаңа мәліметтерді нашар меңгереді, мектептегі оқуында қиындықтар пайда болады. Оларға емдік шаралар және мұғалім мен ата-ананың көмегі қажет.
Тырысу синдромы (эписиндром). Ол жарақаттан кейін бірден пайда болады және әжептеуір соғылу немесе ми затына қан құйылу болғандығын көрсетеді. Жарақаттан соң бірнеше айдан кейін пайда болатын тырысулар жарақат орнында дамыған тыртықтық процестің салдары болып табылады. Тырысулар жиілігі мен пайда болу уақытына қарай әртүрлі болады. Жиі күндіз пайда болатын тырысулар тез арада ақыл-ойының төмендеуіне әкеп соғады. Барлық науқастың мінез-құлқы жарақаттық түрде өзгереді: ашуланшақтық, көңіл-күйінің төмендеуі (дисфория), еңбек әрекетінде жұмыстың басқа түріне қиындықпен ауысуы, есте сақтауының нашарлауы. Сырқатты ерте анықтау және жүйелі емдеу тырысу ұстамаларының жиілігін азайтып, баланың қажет білімді меңгеруіне мүмкіндік береді.