1. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу. Кеңестік кезеңнен кейінгі республикалардың экономикалық және әлеуметтік жағдайының тұралауына КСРО-ның ыдырауы өзіндік әсер етті. Алып империяның құлауына байланысты қоғамның әлеуметтік құрылымы, адамдардың социалистік ұжым құндылықтарымен өмір сүру дағдысы өзгерістерге ұшырады. Бәрін бұрынғыша басқару мен қабылдау, сол қалыпта жүре беру мүмкін емес еді. Қоғам даму мен оның талаптарынан бұл көрініс айқын аңғарылды. Экономика деңгейі 55 пайызға төмендеді. 1991 жылы өнеркәсіп өндірісінің құлдырауы – 8%-ға жетті.
1991 жылдың бюджет тапшылығы 20%-ға артты. 1992 жылдың қаңтар айында Ресей ТМД елдерімен алдын-ала кеңеспей, бағаны ырқына жіберді. Екі ел арасында ежелден сауда қарым-қатынасы қалыптасқандықтан, Ресейдің бұл қадамы Қазақстанға едәуір экономикалық шығын алып келді. Елімізде кейбір тауар түрлерінің бағасы шарықтап кетті. 1992 жылдың жазында елдегі экономикалық дағдарыс өрши түсті. Дағдарыс бұрынғы КСРО аумағында тауар өндірушілер тағайындаған монополиялық жоғары бағадан, халықтың табысының өсу қарқыны бағаның өсу қарқынынан кейін қалғандығынан болды. Халық табысын негізінен тамақ өнімдерін сатып алуға жұмсады. Соның салдарынан баға мен жалақы арасында қарама-қайшылық күшейе түсті. Табысты индексациялаудың тиянақты жүйесі жасалмады. Индексация уақытынан кеш, әрі ретсіз жасалды. Оның инфляцияға қарсы әсері жеткіліксіз болды. Бірыңғай ақша жүйесі күйреу жағдайына жетті. Республикада бюджеттік шығынды өз бетінше ұлғайту әрекеттері ақшаның одан сайын құнсыздануына әкелді. Инфляция деңгейі 1992 жылы 3061%-ды, ал 1993 жылы 2265%-ды құрады.
Қазақстанда 1990-1994 жылдары өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі тең жартысына кеміді. Ауыл шаруашылығы саласы 3/1, көлік тасымалы 3/2-ге дейін құлдырады. Өнеркәсіп алыптары тоқтап, жұмыссыздық өршіді. Мемлекеттің кәсіпорындарды басқаруға мүмкіндігі болмады. Көптеген кәсіпорындарда өнім және тауар айналымынан түскен қаражат шет елдерге асып кетті немесе талан-таражға салынды. Халықтың кіріс деңгейі күрт төмендеді. Жұрт бірнеше ай бойы жалақыларын алмады. Зейнетақы мезгілінде берілмеді. Халықтың жинаған қоры шектен тыс инфляция салдарынан да кеміді. Банк жүйесінің жетілмеуі экономиканы тежеді. Дүкендерде азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар тапшылығы байқалды. Осының бәрі қылмыстың өсуіне, жауапсыздыққа, немқұрайлылыққа әкеп соқтырды.
Күнделікті қажеттілікті қанағаттандыру, отбасын асырау мақсатында жоғары білімді мамандар қызметтерін тастап, күнкөріс қамына кірісті. Еңбексіз табысқа бет бұрды. Сауда жасауға ауысты. Жоғары білімді, тәжірибелі мамандардың кәсіби мамандығынан кетуі білім беру, денсаулық сақтау салаларының сапасына айтарлықтай әсер етті. Алайда, жұмыссыздық пен нарық жағдайына бейімделген маман жұмысшы күшінің жеткіліксіздігі әлеуметтік маңызды мәселе күйінде қала берді. Жұмыссыздық көлемі: 1991 жылы – 0,05%, 1992 жылы - 0,95%, 1993 жылы – 1,2%-ға жетті.
1993 жылдан жұмыссыздар санының біртіндеп ұлғаюы байқалды. Қазақстанда тұратын адамдардың өмір сүру, адам даму потенциалы көрсеткіші 1992 жылғы мәлімет бойынша – 0,798. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз 174 елдің арасында 64 орынды иеленіп, адам даму потенциалы орташа деңгейдегі елдер тобын бастап тұрды. 1993 жылы 0,740 немесе 72-орында. 1990-1995 жылдары Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы – 4,7 жылға кеміді. Бұл – 1991-1995 жылдары адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендегенін көрсетеді.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайының нашарлауына мемлекеттің әлеуметтік инфрақұрылымда жасаған реформаларының да әсері болды. Тегін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету қысқара бастады. Сонымен қатар бұл салаларда мемлекеттік емес қызмет көрсету түрлері қалыптасып үлгермеді. Егер еңбекақы, зейнетақы және басқа да төлемдер көлемі жыл сайын ұлғайып отырған жағдайда, бұрын тегін қызмет көрсеткен салаларды біртіндеп ақылы түрге көшіруге болар еді. Алайда, елдегі әлеуметтік-экономикалық қиын ахуал, халыққа қызмет көрсету салаларын жекешелендіріп, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік бермеді. 1993 жылдың қараша айынан, яғни ұлттық валюта енгізілген кезден бастап 1996 жылға дейін баға 35 рет өсті.
1992 ж. наурыз айында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы республика үшін орасан зор маңызы бар оқиға болды. Осыдан кейін елімізге халықаралық басқа да ұйымдарға мүше болып кіруге жол ашылды. Атап айтқанда, Қазақстан негізгі валюта - қаржы ұйымдарына - Халықаралық Валюта қорына, Дүниежүзілік қайта құру және даму банкіне, Еуропа және Азия даму банкіне мүше болып енді. 1997 ж. басында Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Мұның өзі Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатында игі нәтижелерін беруде. Нәтижесінде соңғы бес-алты жылда Қазақстанның шет елдермен экономикалық байланыстары арта түсті, оған берілетін инвестициялық қаржылардың көлемі артты. Мәселен, 1992-1995 жж. халықаралық қаржы институттарының Қазақстанға бөлген қаржысының мөлшері 2 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Тәуелсіздік алғалы бері 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім - шарттарға қол қойылды. Осы жылдары бірқатар елдер - Германия, Түркия, Австрия, Ұлыбритания т. б. - Қазақстанға экономикалық көмек ретінде несие берді. Сондай-ақ, Жапония, АҚШ секілді және басқада донор елдердің үкіметтері Қазақстанмен қаржылық ынтымақтастықты жылдан-жылға дамытып келеді. Мұның өзі Қазақстандағы нарықтық экономика бойынша жүргізіліп жатқан реформаларға көмектесу мүмкіндігін және республика экономикасына шет ел инвестицияларын көптеп тартуда зор ықпалын тигізуде. Оған шетел бірлескен кәсіпорындары да өз үлесін қосып отыр. Олардың жалпы саны 1996 ж. 746 болса, 2002 ж. 1,5 мыңнан асты.
Қазақстанға тікелей инвестиция берушілердің тізімінің басында АҚШ орналасқан, одаң кейің Ұлыбритания, Италия, Канада, Нидерланды, Германия, ал Азия аймағынан Қытай, Жапония, Индонезия және Оңтүстік Корея мемлекеттері бар.
Қазақстан өзінің экономикалық мәселелерін шешуде Америка Құрама Штаттарымен қарым - қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Бұл бағыттағы алғашқы байсалды қадам американдық "Шеврон" компаниясы мен Теңіз мұнай көздерін игеру жөніндегі ірі шартқа қол қойылуы еді. Бұл келісім Америка капиталының Қазақстан экономикасына ірі көлемде тартылуының бастамасы болды. "Теңізшевройл" жобасы бойынша 2010 ж. тәулігіне 700 мың барелден /100 млн тоннадай/ асатын мұнай өндіруге қол жеткізу көзделген. Бірлескен кәсіпорын жұмысына қатыса отырып, "Шеврон" сонымен бірге Қазақстанның аймақтық инфрақұрылымын жетілдіруге, мәселен, аурухана, мектеп, жол құрылыстарын салуға көмектесіп, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға да қатысатын болады. Осы бағытта соңғы жылдары республикада бірнеше ондаған американ компаниялары мен банктерінің өкілдері және бірлескен кәсіпорындар құрылып, жұмыс істеуде.
1997 ж. қыркүйектің 12-ші жұлдызында Президент Н. Назарбаев АҚШ-тың Халыкаралық қатынастар жөніндегі кенесінің төрағасы Питер Питерсон мен осы ұйымның құрметті төрағасы, белгілі қаржыгер Дэвид Рокфеллер бастаған осы кеңестің делегациясын қабылдады. Н. Назарбаев АҚШ делегациясын біздің экономикамыздың ерекшеліктерімен, оны тұрақтандырудағы белгілі бір табыстарымен, Қазақстан рыногын одан әрі ырықтандыру және шетел ипвестицияларын тарту жөніндегі шаралармен таныстырды. Кездесу барысында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарының жекелеген қағидалары, Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің келешегі, еліміздің Иран аумағы арқылы Парсы шығанағына шығып әлемдік рынокқа қосылу мүмкіндігі талқыланды. Бізде қолданылып отырған экономикалық зандардың Еуропалық стандарттарға бейімделе түсу қажеттілігі АҚШ делегациясы тарапынан түсіністік тапты.
Қазіргі кезде АҚШ Қазақстанның ең маңызды экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Біздің елімізде 350-ден астам Қазақстан-Американ бірлескен косіпорыны жұмыс істейді, сондай-ақ 100 - ден астам американ компанияларының өкілдіктері тіркелген. Олардың Қазақстан Республикасының экономикасына салған инвестициясының көлемі елімізге тартылған шетелдік инвестициялар көлемінің үштен бірін құрайды және Орталық Азия аймағындағы аса ірі көлем болып табылады.
Қазақстан экономикасына инвестицияларды көптеп тартуда 1997 жылғы қыркүйекте Ұлыбритания астанасы Лондонда өткен "Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктер" атты халықаралық конференцияның маңызы зор болды. Онда сол кездегі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары — Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Ахметжан Есімов, Премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Александр Павлов, Қазақстан ұлттық банкісінің бастығы Ораз Жандосов т. б. баяндама жасады. Конференция жұмысына өз өкіметі атынан Ұлыбританияның сауда мииистрі Лорд Стэнли Клиитон-Дэвис қатынасып құттықтады. Ол өз сөзінде Қазақстанның нарықтық экономика жолындағы алғашқы қадамдарына жоғары баға бере келіп, біздің елімізде шетелдік инвесторлардың еркін жұмыс істеуіне қажетті құқықтық және іскерлік жағдай жасалғандығына ерекше назар аударды.
Инвестициялардың артуы қазіргі уақытта ең алдымен шетелдік инвестицияларды тікелей тартумен байланысты екенін ашып айту керек. Егер өтпелі кезеңнің алғашқы жылдары Үкімет кепілдемесі арқылы алынған шетелдік банкілердің несиелері басым болса, бүгінгі таңда тікелей инвестициялар көлемі өсіп келеді. 1996 ж. біздің елге тікелей инвестициялар көлемі 1,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Халықаралық салыстыру /рейтинг/ агентстволарының бағалауы бойынша Қазақстан қазір Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдерінің арасында тікелей инвестициялардың мемлекеттегі әр адам басына шаққандағы көлемі жағынан Мадьярлар елінен кейінгі екінші орынға көтерілген. Осымен байланысты 1997 ж. 28 ақпанында Қазақстан Республикасының "Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы" Заңы қабылданды. Заң талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылып, ол бұл бағыттағы алға қойылған жұмыстарды іске асыруға кірісті. Осының нәтижесінде Қазақстанға тартылған инвестициялық қаржы көлемі бүгінде 24 млрд. АҚШ долларына жетті.
Қазақстан экономикасының дамуында сыртқы сауданың маңызы ерекше зор. Егемендік алған жылдардан бері Қазақстан дүние жүзінің 180-нен астам елімен сауда қатынасын орнатты. Осының нәтижесінде Қазақстанның сыртқа шығаратын және сырттан бізге алып келетін тауарлардың /қаржы түріндегі/ көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Бір қуанарлық нәрсе, республиканың экспортқа шығаратын тауары импорттан асып отырғандығында болып отыр. Мысалы, 1995 ж. экспорт импорттан 1 млрд. 250 млн. доллар көлемінде асып түскен, немесе 64 пайызға өскен. Сол жылы оның алдындағы 1994 жылмен салыстырғанда агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын 2,5 есе арттырды. Сөйтіп, ол импорттан алғаш рет 1,7 есе асып түсті. Ал 2001 ж. Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 14 млрд. АҚШ долларынан асты.
Қазақстанның сауда айналымының шамамен 62 пайызы ТМД елдерінің үлесіне, 23-24% Еуропа елдерінің (35ел), 13 % Азия аймағы елдерінің үлесіне тиеді. Ескере кететін бір нәрсе-сауда көлемі Батыс Еуропа елдерінде арта түсіп, Шығыс Еуропа (бұрынғы социалистік мемлекеттер) елдерінде едәуір кеміп бара жатқаны байқалады. Батыс Еуропаның қалтасы қалын инвесторлары үшін Қазақстан кәсіпорындарының есігі барған сайын айқара ашылып келеді. Алдағы кезде Еуропа Сыртқы сауда бірлестігіне мүшелікке өтетін болады. Міне, сол кезде Еуропа Одағына кіретін елдермен екі арадағы сауданың бұдан да кең өріс алуына қолайлы жағдайлар туатыны сөзсіз.
Қазақстанның сыртқа шығаратын тауарларыныц басты түрі металл (34 %), мұнай, газ, көмір, минералдық тыңайтқыш (35 %), азық-түлік тағамдары (12 %) қалғандары химия тауарлары (9 %), транспорт құралдары, приборлар және аппараттар (5 %). Оның басым көпшілігін бұрынгы одақтас республикалар сатып алады.
Қазақстан басқа елдерден отын-энергетика ресурстарын (27 %), машиналар, құрал-жабдықтар, байланыс құралдары, приборлар және аппарат құралдары (26 %), химиялық тауарлар (10 %), азық-түлік (11%) алады. Сырттан алынатын тауарлардың 75 %. ТМД елдерінен келеді. Бізбен негізінен сауда істейтін елдер Ресей (57 %), Түрікменстан (7 %), Белоруссия, Германия, Қытай, Түркия (3 %), Украииа, Моңғолия, Финляндия (әрқайсысы 2%-дан). Бұл көрсеткіштердің, әрине, жыл сайын өзгеріп отыратынын айтқан жөн.
Тағы бір көңіл аударатын мәселе - Қазақстанның жағрафиялық жағынан әлемнің негізгі экономикалық аудандары аралығында орналасқандығы. Сондықтан мұның өзі де Азия-Тынық мұхит аралығындағы елдер мен сыртқы экономикалық байланыстар орнатуға тиімді болып, кең мүмкіндіктер ашып отыр. Бұған ерте кездегі Ұлы Жібек жолы жүрген жерлерде енді темір жол қатынасының дамуы үлкен әсерін тигізуде. Бұл жолдың ұзындығы болашақта 13,5 мың шақырымға жеткізілуі тиіс. Қазақстан жерінен өтетін темір жолдың ұзындығы - 1,8 мың шақырым, соның ішінде -Достық-Алашанькоу темір жолы 1991 ж. салынды, ал 1996 ж. май айында Иран мемлекетінің күшімен Теджен-Серахс-Мешхед (ұзындығы 290 шақырым) темір жол торабы іске қосылды. Болашақта жол Ақтоғайдан – Алматы - Шеңгелді, одан әрі Ташкент-Теджент-Серахс-Мешхед-Тегеран-Анкара-Стамбул арқылы өтеді. Бұл жолдың тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ халықаралық маңызы өте зор. Атап айтқанда, бұл темір жол магистралі арқылы егер 1997 жылдың аяғы 1998 жылдың басында Қытайға Батыс Қазақстаннан 100 мың тонна мұнай әкелінген болса, 1999 жылы бұл көрсеткіш бес есеге жуық өсіп, 500 мың тоннаға жеткен. Тек Достық-Алашанькоу стансасы жыл сайын 5 млн. тоннадан астам жүк өткізеді. Ал болашақта оны 12 млн. тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, екі ел арасындағы автомобиль жолы арқылы жүргізілетін жүк тасымалының үлесі де артып келеді.
Қорытып айтқанда, 1999 жылдан бері тәуелсіздік тұғырына қонған Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен терезесі тең деңгейде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынас орнатты. Осы уақыт ішінде елдің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды, ол дүниежүзілік аренадан беделді өз орнын алды. Сондай-ақ, Қазақстан шекарасының өн бойында берік халықаралық - құқықтық негізге сүйенетін қауіпсіздік, тату көршілік және достық белдеуі жасалды.