Сөйлем мүшесі туралы түсінік. Сөйлемде белгілі бір грамматикалық мағыналарға ие болып синтаксистік қызмет атқарып тұратын сөздерді сөйлем мүшелері деп атаймыз.
Бір сөздің сөйлем мүшесі болуына тіркесетін басқа бір сөз себепкер болады. Мәселен, бастауыштың баяндауышпен байланысына қарап, анықтауышты анықталатын сөзге қатысына қарап сөйлем мүшесі деп танимыз. Сөйтіп, сөйлемдерді бөлшектегенде, олардың ішіндегі сөздердің лексикалық мағыналарына қарай, тіркесу нәтижесінде пайда болған грамматикалық мағыналарына қараймыз. Ол мағыналар бастауыш – баяндауыштық, толықтауыштық, анықтауыштық, пысықтауыштық болуы мүмкін.
М.Серғалиев: «Сөйлем ішінде басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсіп, бір сұрауға жауап беріп, бір ұғымды білдіретін сөзді немесе сөз тіркесін сөйлем мүшесі» десе, Р.Әміров: «Сөйлем мүшелері сөйлем құрауда қалыптасатын қатынастардың компоненті. Сөйлем мүшелері ретінде толық мағыналы сөздер қолданылады» дейді.
Сонымен, сөйлем мүшесі деп сөйлемде бір сөздің немесе сөздер тобының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу арқылы арнайы сұраққа жауап беріп, грамматикалық мағынаны білдіретін түрін айтамыз.