Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. Сөйлем ең алдымен тұрлаулы мүшелердің грамматикалық және мағыналық қатынасы, яғни предикаттық байланыс арқылы құрылады да,айтылар ойға байланысты күрделеніп отырады. Сөйлем екі бас мүшеден ғана құрылып қоймай, басқа да мүшелермен толығып, құрамы кеңейіп, жайылмаға айналады. Мұндай мүшелер мағыналық жағынан да, грамматикалық жағынан да екі тұрлаулы мүшенің айналасына толығып,соларға қатысты болады.
Тұрлаулы мүшелер сөйлемдегі негізгі хабарланатын ойды білдірсе, тұрлаусыз мүшелердің бір тобы баяндауыштың мағынасын анықтаушы есебінде жұмсалып, сөйлем құрамында екінші дәрежелі қызмет атқарады.
Тұрлаулы мүшелердің айналасына топталып, соларға қатысты болатын, сөйтіп олардың сындық, сапалық, заттық қасиетін немесе қимылдың болған мезгілін, мекенін, бағытталған объектісін білдіретін сөздерді сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері деп атайды. Тұрлаусыз мүшелер бас мүшелердің жетегінде айтылады, өз алдына дербес айтылып, ешбір жүйелі мән бере алмайды.
Мыс: Мазасызданған Абай бұл түні ұйқысыз өткізді.
Абай өткізді
ұйқысыз өткізді
түнді өткізді
бұл түнді
мазасызданған Абай
Тұрлаусыз мүше бас мүшеге тікелей қатысты немесе кейде сатылы қатысты болуы мүмкін. Тіл білімінде тұрлаусыз мүшелерді үш негізгі топқа – анықтауыш, толықтауыш және пысықтауышқа бөледі.
Бастауышпен немесе есімнен болған басқа мүшелермен атрибуттық қатынаста жұмсалатын сөздер анықтауыш болады.
Баяндауышпен объектілік қатынаста тіркесетін, заттық ұғымы бар сөздер толықтауыштық қызмет атқарады.
Баяндауышқа қатысты болып, мезгіл, мекен, амал, мақсат т.б. мағыналарда жұмсалатын сөздер пысықтауыш қызметін атқарады.
Тұрлаусыз мүшелер құрамы жағынан дара, күрделі және үйірлі болып бөлінеді.
Толықтауыш Толықтауыш – жай сөйлемді жайылмаға айналдырып, оның іргесін кеңейтуге негіз болатын тұрлаусыз мүше. Ол өзі бағынған сөзбен грамматикалық байланыста тұрып, табыс, шығыс, барыс, жатыс, көмектес жалғаулардың бірінде жұмсалады. Сөйлем құрамында толықтауыштар көбіне сөйлемнің баяндауышына қатысты болады да, сол баяндауыш білдіретін іс – қимылдың таралатын объектісін немесе іс – қимылдың әсеріне, ықпалына ұшырайтын не оған жанама қатысты болатын затты, кісіні, құбылысты білдіреді. Сонымен, толықтауыш – қимыл процесінің объектісі болатын мүше.
Толықтауыштың сұрақтары: Кімге? Неге? Кімді? Нені? Кімде? Неде? Кімнен? Неден? Кіммен? Немен? Не туралы? Кім туралы? Толықтауыш мағынасына, синтаксистік қызметіне және тұлғасына қарай екі топқа бөлінеді.
Тура толықтауыш;
Жанама толықтауыш.
Табыс септігінде тұрып, сабақты етістіктен болған іс – қимылға, әрекетке тікелей қатысты болып, сонымен тығыз тіркесте ғана ұғынылатын толықтауыштарды тура толықтауыш дейміз. Ол өзі жетегінде айтылатын сөзге мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да, тұлғалық жағынан да бүтіндей тәуелді болып, сабақтасып жатады.
Етістіктен болған баяндауышпен не басқа мүшемен барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері арқылы байланысып, іс – әрекетті қосымша, жанама толықтайтын сөйлем мүшесі жанама толықтауыш деп аталады. Жанама толықтауыш меңгеретін мүшемен біршама еркін байланысқа түседі, тура толықтауыш сияқты өзі бағынышты, тәуелді бола бермейді. Сонымен қатар, оның мәндері де сан – салалы, көп қырлы болып келеді.
Тура толықтауыштың грамматикалық тұлғасы – табыс септігі. Одан басқа септіктерде айтылған сөз тура толықтауыш бола алмайды. Сондай –ақ туралы, жөнінде, жайында деген септеулік шылаулар тіркескен есімдер тура толықтауыш болады.
Мыс: Ол жұмыс барысы туралы баяндады.
Ол жұмыс барысын баяндады.
Айжан өз құрбысы жайлы айтып отыр.
Айжан өз құрбысын айтып отыр.
Өзінің көргені жөнінде баяндап береді.
Өзінің көргенін баяндап берді.
Қазақ тілінде тура толықтауыш екі түрлі тұлғада жұмсалады: кейде жалғаулы, кейде жалғаусыз.
Тура толықтауыштың жалғаулы болып жұмсалуы
Тура толықтауыш өзі қатысты сөзден қашықтап тұрып, екеуінің арасында басқа сөйлем мүшесі тұрса: Кітапты кітапханадан алдым. Малды тау бөктеріне жайдық.
Құрама баяндауыш (есім+ет.) тура толықтауыштарды ортақтаса меңгергенде: Баланы жақсы көремін. Осы ақылды мақұл көрдік.
Сөйлемде тура толықтауыш болған сөзге не онымен байланысқан сабақтас етістікке логикалық екпін түскенде: Адам боламын десең өнерді үйрен. Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Бір сөз бір сөйлемде екі рет айтылып, бірі – бастауыш, бірі тура толықтауыш болғанда: Адам адамды сыйлайды. Балықшы балықшыны алыстан таниды.
Кісі аттары мен олардың орнына жүретін есімдер мен етістіктер тура толықтауыш болғанда әрқашан табыс жалғауында айтылады. Мұның себебі – олардың сөйлемдегі негізгі қызметі бастауыш болуы керек. Ал сөйлемде тура толықтауыш болғанда синтаксистік қызметі айқын болуы үшін, яғни бастауыш деп ұғынылмауы үшін міндетті түрде табыс жалғауын қабылдайды.
Мыс: Сабақтан шыққан студенттер көрді.
Сабақтан шыққан студенттерді көрді.
Демек, сөйлемде объектілік мағынасы айқын, арнаулы толықтауыш сөздер тура толықтауыш қызметінде жалғаусыз қолданыла алады. Ал толықтауыш қызметі көмескі, синтаксистік қызметі өзгеше сөздер тобында жалғаулы болып келеді. Мысалы, арнаулы бастауыш болатын сөздер жалғаусыз айтылса, бастауыш болып ұғынылатындықтан, тура толықтауыш қызметінде жалғаулы болып жұмсалады.