Лекция (2 сағат). Қазіргі жас ерекшелік психологиясының пәні, міндеттері, зерттеу әдістері



бет2/26
Дата04.11.2023
өлшемі315 Kb.
#189398
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Байланысты:
Даму психологиясы дәрістер жиынтығы Office Word.doc Лиясова

Лонгитюдтік (немесе лонгитюдтік) әдісті көбінесе «бойлық зерттеу» деп атайды. Бұл жерде сол бір баланың ұзақ уақыт бойына дамуы қадағаланады. Мұндай зерттеу дамудың дәйектірек үрдістерін, «көлденең» кесінділермен қамтылмайтын аралықтардағы кішігірім өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Кесінділер әдісі және лонгитюдтік әдіс, сондай-ақ кейбір басқа әдістер де жалпы психологиялық зерттеуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді1.
Алдына зерттеу мақсатын қоя отырып және оны шешудің негізгі жолдарын белгілей отырып, психолог өз жұмысын құруда тағы бірқатар қадамдар жасайды. Ол нәтижелерді алудың екі әдісінің бірін – бақылауды немесе тәжірибені таңдайды.
Бақылау – кез келген жастағы балалардың дамуын зерттеу кезінде қолданыла алатын болса да, кішкентай балалармен жұмыс істеу кезінде таптырмайтын әдіс. Психолог бала мінез-құлқының барлық ерекшеліктерін зерттейтін тұтас, бірақ көбінесе олардың тек кейбіреулері ғана алынатын іріктемелі бақылаулар болады. Бақылау – күрделі әдіс, оны қолдану бірқатар талаптарға жауап беруі тиіс. Бұл бақылаулардың анық қойылған мақсаты және жете зерттелген үлгісі (бақылаушы оның дәл нені көре алатындығын және оны қалай белгілеуге болатындығын біледі, бұдан басқа, бақыланып отырған құбылыстарды жылдам сипаттай алады); бақылаудың объективтілігі (психологтың субъективті пайымдауы емес, фактінің өзі – баланың әрекеті, сөз орамы немесе эмоционалдық реакциясы сипатталады); бақылаулардың жүйелілігі (үзінділік бақылауларда балаға тән нәрселерді емес, ал кездейсоқ, оның сол сәттегі жай-күйіне, жағдайға байланысты нәрселерді анықтауға болады); баланың табиғи мінез-құлқын бақылау (бала өзін ересек адамның бақылап отырғанын білмеуі тиіс, әйтпесе оның мінез-құлқы өзгереді). Әдетте бақылау тәжірибемен қатар жүреді.
Балалармен тәжірибе олар үшін үйреншікті жағдайларға мүмкіндігінше ұқсас жағдайда жүргізіледі. Айқындаушы тәжірибеде балалардың оларға осы уақытқа тән даму ерекшеліктері мен деңгейі анықталады. Бұл баланың тұлғалық дамуына және айналасындағы адамдармен қатынастарына, сондай-ақ интеллектуалдық дамуына қатысты. Тәжірибелік зерттеудің әрбір бағытының өзінің нақты әдістер жиынтығы болады. Қандай да бір әдістемені таңдай отырып, психолог өзінің алдында тұрған мақсатқа, балалардың жасына (әр түрлі әдістемелер әр түрлі жасқа арналған) және тәжірибені өткізудің ол қамтамасыз ете алатын жағдайларына қарай әрекет етеді.
Тұлғаның дамуы балалармен әңгімелесу, жазбаша сауалнама және жанама әдістер арқылы зерттеледі. Соңғыларына проективтік әдістер деп аталатын әдістер жатады. Олар проекция қағидатына – өзге адамдарға өздерінің қажеттіліктерін, қатынастарын, қасиеттерін ауыстырып қолдануға негізделген. Көмескі пішіндер бейнеленген суретке қарағанда, бала (тақырыптық апперцептивтік сынаманың балалар нұсқасы), өз тәжірибесіне сүйене отырып, олар туралы оларға өз ойлары мен жан құбылыстарын қатыстыра отырып, әңгімелейді. Мысалы, басты проблемасы үлгерім болып табылатын бастауыш мектеп оқушысы көбінесе бұл жағдайларды оқу жағдайлары ретінде елестетеді; үлгермейтін оқушы жалқау балаға кезекті «екілігі» үшін әкесінің ұрысқаны туралы әңгімені ойдан шығарса, ал ұқыпты үздік оқушы дәл сол кейіпкерге тікелей қарама-қарсы қасиеттерді береді де, оның керемет табыстары туралы әңгімелейді. Балалар ойдан шығаратын әңгімелердің аяқ жағында (әңгімені аяқтау әдістемесі), сөз орамдарын жалғастыруларында (аяқталмаған сөйлемдер әдістемесі) және т.б. дәл осы механизм байқалады.
Балабақша тобында немесе мектеп сыныбында қалыптасқан балалардың арасындағы қатынастарды социометриялық әдіс анықтауға мүмкіндік береді. Айталық, балаға «Сен кіммен бір партада отырғың келеді?» деген сұраққа жауап бере отырып, өзі жақсы көретін үш құрбысын таңдау мүмкіндігі беріледі. Балалардың таңдаулары, екі жақтан болса да, бір жақтан ғана болса да, топтағы қатынастардың құрылымын аша түседі: таңдаулардың көпшілігі «жұлдыздарға» – ең танымал балаларға түседі; басқалардан артық көретін балалар болады; таңдау аз түсетін балалар, олар үшін өзара ұнатушылықтың болуы маңызды; және оқшауланған, шеттетілген балалар – оларды ешкім таңдамайды, олар ең көп дәрежеде көмекке мұқтаж.
Интеллектуалдық даму әр алуан әдістемелердің2, бірақ негізінен стандартталған сынамалардың көмегімен зерттеледі. Балалар психологиясы тарихындағы алғашқы сынама – Бине-Симон сынамасына вербалды (ауызша) түрде берілген және белгілі бір жас кезеңіне арналған бірқатар тапсырмалар кірген. Альфред Биненің тәжірибесімен қамтылған балалардың үлкен санында ақыл-ой дамуының нормалары белгіленген. Баланың ақыл-ой дамуының индивидуалды көрсеткіштері оның жас тобының орташа көрсеткіштерімен салыстырылады; ақыл-парасат тұрғысынан оның өз жасына сәйкес келетін-келмейтіндігі, өз құрбы-құрдастарының негізгі бөлігінен артта қалғандығы немесе озып кеткені анықталады. Қазір 2-ден 16 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істеу кезінде осы сынаманың жетілдірілген нұсқасы – Стэнфорд-Бине сынамасы қолданылады.
4-16 жастағы балаларға арналған Векслер сынамасы ауызша және көрнекті (бейнелі) түрде берілген тапсырмаларды қамтиды. Оны қолдану кезінде екі көрсеткіш – ауызша және ауызша емес көрсеткіш, сондай-ақ жиынтық «жалпы интеллектуалдық көрсеткіш» алынады. Жалпы, әр түрлі сынамалармен жұмыс істей отырып, психолог интеллектуалдық коэффициент – IQ-ді есептеп шығарады:



IQ =

ақыл-ой дәрежесі бойынша жасы

× 100 %.

хронологиялық жасы

Егер бала өз жасына арналған барлық тапсырмаларды шешсе, оның IQ-і 100 ұпайға тең. 120 ұпайдан астам жинаған балалар – дарынды, өз жас нормасынан айтарлықтай артта қалған балалар ақыл-ой дамуында артта қалған балалар болып есептеледі.


Әр түрлі айқындаушы тәжірибелермен қатар, жас ерекшеліктері психологиясында қалыптастырушы тәжірибе қолданылады. Арнайы жағдайларды жасау арқылы онда белгілі бір психикалық қасиеттің даму қарқыны қадағаланады. Л.С. Выготский осылайша балада ұғымдардың қалыптасу үдерісін бақылаған (тәжірибелік-генетикалық әдіс). Қазіргі уақытта күрделі қалыптастырушы тәжірибелер, негізінен – бір немесе бірнеше жыл ішінде мектепке дейінгі жастағы балаларда – қабылдау (дамытушы тапсырмалар мен ойындар жүйесін құру), бастауыш мектеп оқушыларында теориялық ойлау (тәжірибелік оқу бағдарламаларын әзірлеу) дамитын оқытып-үйретуші тәжірибелер құрылады.
Қорыта келе, балалар психологы жұмысының этикалық аспектін атап өткен жөн. Оған ақыл-ой тұрғысынан жеткіліксіз дамыған баланың тағдыры байланысты болуы мүмкін. Егер, интеллектуалдық сынамаларды қолдана отырып және артта қалу себептерін анықтап алмай тұрып, психолог осындай баланы көпшілік мектебінен қосалқы мектепке (ақыл-ой дамуында артта қалған балаларға арналған) ауыстыруға кеңес берсе, ол осы арқылы оны толыққанды болашағынан айырады. Бала интеллектуалдық тұрғыдан сенімді, бірақ педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған – онымен үйінде аз қарым-қатынас жасалған, жеткіліксіз жұмыс жүргізілген, және оның өздігінен сынама тапсырмаларын шешуге шамасы келмейтін болуы мүмкін.
Этикалық проблемалар зерттеудің басқа әдістерін қолдану кезінде де өзекті болуы мүмкін. Баланың дамуы туралы барлық мәліметтерді оның ата-анасына, тәрбиешілері мен мұғалімдеріне, басқа балаларға айта беруге болмайды. Мысалы, социометрия деректерін жария қылуға болмайды – бұл топтағы қақтығыстар топтамасына, балалардың бір бөлігінің қатынастарының бұзылуына, «шеттетілгендердің» жағдайының нашарлауына алып келеді. Балалар психологы өзі жұмыс істейтін балалар үшін моральдық жауапкершілік көтереді. Ол да, медицина қызметкері сияқты, ең алдымен «зиян келтірме» қағидатын басшылыққа алуы тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет